«Әдебиет порталы» ҚР Мәдениет және ақпарат мнистірлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлескен «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасына қатысушы Жақсылық Мұратбектің «Аспаны жақын ауылдың...» романы жайлы автордың өз пікірін ұсынып отыр.
Әркім өз басына татар тауқыметін таңдап алмайды. Барлығы да бір жаратушының бұйрығыменен, адам баласының ішкі пиғылы арқылы жүзеге асып жатады. Біреу мейлінше жақсылыққа ниеттенсе, енді біреу жамандыққа бой ұрады. Таңдау еркі берілген берекелі ғұмыр болғаннан кейін, өмірдің өзі өнер, өнердің өзі өмір болып жалғасын тауып жатады. «Аспаны жақын ауылдың...» деп аталатын кітапта барынша өзіміз көрген, жан жүрегімізбен сезінген, бізді селт еткізе алған санаулы ғана оқиғалар төңірегінде ой қозғай білдік. Өзіміз арнайы барған өңірдегі (Шымкенттегі, Оңтүстік өңірдегі) бүгінгі оқиғаларменен, кешегі келелі әңгімелердің арасына жік салмай отырып, тиянақты да жинақы шығармаларымызды ұсындық. Әсіресе «Аспаны жақын ауылдың...» деп аталатын романымызда, қарапайым ғана ауыл баласының азаматтық болмысын айқындай келіп, өткен ғасырдағы қазақ баласының басына түскен ауыр нәубетті жылдарды аз-кем тілге тиек еттік. Қазақ халқының ғасырлар бойығы жалғасып келе жатқан ата дәстүрін айшықтай отырып, нәзік иірімге, терең сезімге құрылыған ұлт құндылығының кіршіксіз келбетін кеңейтуге бар күш жігерімізді сарқа жұмсадық. «Мұрат» дейтін кейіпкеріміздің айналасына топтастырылған алуан түрлі ауқымды сюжеттер тізбегімен ғұмыр баяндық роман жазып шықтық. Негізінен романда өткен ғасырдағы өмір суреттері өзекті етіп алынса да, бірақ мәңгілік шарпысып жататын, айқасы аяқсыз өрбитін сан алуан мәселелерге тоқталдық. Жалпы қоғам, күнделікті тұрмыс, риясыз махаббат бекеттеріндегі беймаза тіршіліктерді түрлі тәсілдермен, ұстазымыз марқұм Әкім Таразидың «Шапалақ теориясы» арқылы оқырманымызды ой биігіне жетелуге тырыстық. Кейіпкеріміз «Мұрат» терең ойлы, асқан зерделі үлкен кісінің тәрбиесін көріп өскен көркем бала бейнесінде болғандықтан, жасынан жаттағаны жыр, ұққаны өрелілік болды. Туған бауырындай ыстық боп кеткен Асқардай кейіпкеріміздің жан досына айналды. Бүгінгі қоғамдағы құр алдарқатумен достық дейтін мәртебені мәнсіз етіп жүрген араларымыздағы ағайын үшін, мына екі кейіпкеріміздің сана биігіндегі шынайы туысқандық, бауырластыққа ұласқан айырқша қарым-қатынасы өзгеше, мәміле биігіне жетелейді десек артық айтқандығымыз емес. Дәмеш қыздың іңкәр жүрегімен ұштасып жататын ұлы сезім де, осы жаңа айтып өткен екі кейіпкеріміздің өмірімен тығыз байланысты. Жалпы еліміз ішіндегі ең үлкен айтулы өлкелерде өтетін оқиға барысы, өрелі Оңтүстіктен бастау алып, Алматы, мұнайлы өлке Маңғыстатау шаһары Ақтауға барып тіреледі. Президентіміз Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен биылғы жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланғандығы себепті, мен жазып отырған осы романымда еңбек адамның тұтас бет бейнесі көрсетілдеді.
«Көктем гүлсіз басталған...» деп аталатын тағы бір іргелі шығармамыз, ол көшпелі қазақ өмірінің үлкен арнасынан бастау алып, ұлтымыз тәуелсіздік тұғырына қонған күннен бастап «Нені тапты, неден айырылды?» деген сұраққа егжей-тегжейлі жауап іздеуге тырысады. Қазіргі жаһанданған қоғамдағы жағымсыз әрекеттердің барлығы дерлік, жұғымталдығыменен адам баласын азғырып жатқандығы себепті, бірін-бірі сағынбайтын, дін қарындас іздеспейтін ең күрделі кезеңге тап келіп отыр. Сондықтан жазу жазатын, жазушылықпен шұғылданатын кез-келген талант иесінің ең маңызды шаруасы, қоғамның үлпілдек күйге түскен ең нашар, ең зәрлі механизіміне шамасының жетісінше акцент қоя білгені абзалырақ. Осы төңіректен келгенде «Ақжол» атты кейіпкеріміздің айналасына жинақтаған алауан түрлі әңгімелер, жетім жүректің ішкі сырымен терең астасып, зәбір-жапа көрген жігерлі баланың жіп тағызғысыз өмірге құштарлығы, сүйспеншілікке адалдығы, жанашыр жанға опалылығы өзекті өмір шеңберінен суреттеп алынып, жаңа деңгейге, биік белеске қарай құлаш тастайды. Балалар өмірінің өтпелі кезеңінен кестеленіп жазылыған бұл туынды, автор өмірінің беймәлім кезеңдерін, ащынышты тұстарын тілге тиек еткен болса да, бүгінгі күннің бүкпесіз, жарияға шығып жатқан жасандылықтарынан, жағымсыз іс-әрекеттерінен өз оқырманын безінуге баулиды.
Дүние тірлішігінің барлығы да адам көңіліндегідей асқақтай берсе, жақсы менен жаманның, жасық пенен шабанның ара - жігі айқындалмайды. Әр кезігетін келеңсіздіктен кеңшілік күтетін, артынан қайыр болар деп үміт ететін кездер болады. Бірақ бәрі де адам ниетінің кіршіксіздігіменен, адалдағына байланысты. Біз жоғарыда сөз етіп кеткен әңгімелердің барлығы тегіс, осы ойлармен бүкпесіз астасып жатыр. Кітабымыздың атын «Аспаны жақын ауылдың...» деп атауымыздың да себебі содан. Өйткені күллі тіршілігіміздің күре тамыры ауылда жатыр. Ауылдағы аты беймәлім абыздардың ықыласында жатыр. Ұлы даланың ұлан ғайыр ерекшелігін танып білу үшін де, туған топыраққа тәу етпей болмайды. Сол жерден нәр алып, сол жерден жаралғаннан кейін жалпы болмысымызды сол жерді жете тануға, киелі топырақтың адал да ақ жүректі перзенті болуға, бүкіл болымысымызбен борыштар екенімізді сезінуге шақырады.
