Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Кейіпкер және ұлттық болмыс...

24.10.2023 1828

Кейіпкер және ұлттық болмыс 16+

Кейіпкер және ұлттық болмыс - adebiportal.kz

Қазақ әдебиетінде, 60-80 жылдар прозасында сөз болатын негізгі кейіпкерлердің кәсіби географиясы шексіз емес. Не басшы, не әдеби ортаның адамы, не өнер адамы, не ғалымдар болып келеді. Қазақ әдебиетінде жазушы бейнесін сомдап, шығармашылық адамының ішкі әлеміне бойлаған романдар қатарында «Бұлақты» атауға болады. 60-80 жылдар прозасының шығармашылық әлеуеті мықты, өзіндік қолтаңбасымен көрінген өкілдерінің арасында С.Сматаевтың орны ерекше. Жазушы шығармаларының ішінде тарихи тақырыпты қозғаған «Елім-айы» болмаса, өзге туындыларының, әсіресе, біз талдап отырған «Бұлақ» романының тақырыбы, стилі, образдар құрылымы, композициясы, жалпы, жазушылық шеберлігі, көркемдік ерекшелігі жүйелі түрде зерттеу өзегіне айнала қойған жоқ. Аталған кезең әдебиетіне баға бере келе әдебиеттанушы-ғалым Ж.Жарылғапов: «Әдебиетке социалистік реализм арқылы қойылған талаптардың тозығы жетіп, өңін жоғалта бастаған 60 жылдардан бастап ұлттың рухани кеңістігінде жаңаша эстетикалық ахуал қалыптаса бастады. Ендігі уақытта соцреализмге, маркстік-лениндік қағидаларға негізделген эстетика әдебиетке өзгеше рух дарытуды көздеген жазушылардың амбициясына жауап бере алған жоқ», - деп жазады [1, 21 б.]. 

С.Сматаевтың «Бұлақ» романы – жаңаша леппен жазылып, оқиғаны ерекше қиюластырған, композициясы өзгеше роман. Жазушы негізгі оқиғаны әкелі-балалы Маратбек пен Сайлаубек қос тағаны арқылы өрбітеді. Кейіпкерлердің өмір жолы жеке-жеке сөз болатын секілді көрінгенмен, сюжеттік желіде тұтастық бар. Кешегі мен бүгінгі қосамжар желі болып тартылып, кейіпкердің басынан кешкен оқиғалар жұптаса жүлгеленеді. Бір кейіпкерді бейнелеуден екіншісін бейнелеуге оңай ауысып, олардың басын бір арнаға шеберлікпен тоғыстырады. Қаламгердің жазушылық шеберлігі замана мәселелерін көркемдік тұрғыдан бере білуімен, кейіпкердің ішкі жан әлемін кеңінен ашатын формалық ізденістерге барғандығымен, уақыт пен кеңістік ұғымдарын көркемдікпен игергендігімен зерделенеді. 

Орталық қаһарман – Сайлаубек атты жазушы жігіт. Оның бейнесінде жазушы кейбір зиялы қауым өкілдері мен құрбы-құрдастарының бойында кездесетін жат қылықтарға, туған ауылының құлдыраған келбеті, жалпы, тұтастай алғанда, жарасымдылықтың бұзылуына жаны ауыратын, шындық үшін күресетін зиялы жігіттің характерін берген. Қаһарманы арқылы автордың өз заманының, өз дәуірінің шындығын көрсететінін ескерсек, авторлық көзқараспен қабысқан типологиялық ұқсас кейіпкерлердің (Сайлаубек, Жәнібек, Едіге, Жасын, Омар) іздейтіні – қоғамдық-қарым қатынастар мен адамдар арасындағы қарым-қатынастың үйлесімділігі. Қаһармандар қоғамда болып жатқан тоқырауды сезініп қана қоймай, содан шығар жолды, өзінің ішкі тепе-теңдігін сақтаудың жолын іздейді. 

Романда автордың өзі тасада қалып, тізгінді кейіпкеріне береді, басты желіні осы кейіпкер баяндаушы ретінде таратады. Уақыт жағынан алғанда, әкесі екеуінің  басынан кешірген оқиғалары жыл мезгілдерінің алмасуы арқылы ұсынылады. Қыс Маратбекке, жаз Сайлаубекке тиесілі. Қыс пен жаздағы оқиға төрт мәрте көрініс береді де, соңғы бөлімін «Бұлақ. Маратбек және Сайлаубек» деп екі кейіпкердің басын бір арнаға тоғыстырып,  біртұтас етіп жібереді. Аталған шығармада екі кеңістіктік-уақыттық өлшем алынған. Аңдап қарасақ, жазушының оқиғаны осылайша қатаң уақытқа бағындырып өрбітуінің философиялық астары бар тәрізді. Алдымен, негізгі кейіпкерлер өзге емес, әке мен бала. Өмірдің қызығы мен шыжығын қатар көріп, күш-қуаты кеміп жар жағасында тұрған, өмірдің базарынан қайтқан әке және тепсе темір үзетін жастағы, шығармашылықтың қызығынан гөрі қиындығы үлесіне молырақ тигенмен, ізденуден тынбайтын, өзіндік ұстанымы бар Сайлаубек. Романда қаламгер уақыт көшін бірде кейінге жылжытып, бірде бүгінге әкеліп  тіреп, оқиғаның арқауын уысында ұстап отырады. Уақыт деген – әке мен баланың жастық шағы мен қазіргісі. Маратбек үшін ол тоқтап қалған сияқты, бақытты шақтары кешегінің үлесінде қалған. Қазіргісінен гөрі шегіністер арқылы жастық шағы көбірек еске алынып, оқиғалар кейіпкердің ойы арқылы көрініс береді. О.Бөкейдің «Өз отыңды өшірме» романы мен С.Сматаевтың «Бұлақ» романында уақыт пен кеңістік мәселесін игеруге келгенде  өзара үндестігі байқалады. Оралхан уақыт пішінін бүгін мен баяғы арқылы берсе, Софыда қыс пен жаз арқылы өріс табады. Жазушы образ сомдауда көзге іліккен детальдарды тізбелей бермейді, адам жан дүниесінің ең терең қабаттарындағы өзгерістерді, көңіл-күй ауанын жіті бақылап, нәзік иірімін дәл жеткізуге тырысады. 

«Бұлақ» романындағы негізгі мәселе адамгершілікке келіп тіреледі, өйткені «Алпысыншы, сексенінші жылдар әдебиеті адамның рухани бейнесінің қалыптасу жолына айрықша көңіл бөлді. Бұл кезеңдегі әдебиетте адамгершілік-этикалық, философиялық сипаттағы шығармалар саны көбейді» [2, 125 б.]. Шығармаға нәзік лиризм мен философиялық тереңдік тән. Алдымен, романның атауына үңілейік. Біз талдап отырған кезең әдебиетінде авторлар тарапынан шығарманың тұтастай көркемдік жүйесінде оның атауына аса мән берілетіні аңғарылады.  Айта кету керек, бұл үрдіс – кеңестік кезең әдебиетінің, негізінен, орыс әдебиетінің 60-80 жылдарғы «деревня прозасы» өкілдеріне тән көркемдік әдіс. Мысалы, В.Распутиннің «Прощание с Матерой», «Живи и помни», В.Беловтың «Кануны», Б.Можаевтың «Мужики и бабы», Н.Скромныйдың «Перелом», И.Акуловтың «Касьян Остудный» шығармалары сөзімізге дәлел. Шығарма атауын метафорамен немесе символмен берудің астарында авторлық әрі кейіпкерге тән дүниетанымдық көзқарас жатады. «Бұлаққа» тоқталар болсақ, бір жағынан, су – тіршіліктің көзі, мәңгіліктің бастауы болса, екіншіден, өмірдің тоқтаусыздығының бейнесі. Романның эпилогында: «Бұлақ деймісің? Дүниеде бұлақ-бастаудан нәр алмайтын не бар, Сайлау? Қозғалыстағы нәрсенің бәрінің өз бұлағы болмақ. Керек десең, өмірдің өз көзі, өз бұлағы бар. Көзі бітелді дегенше, тірлік те, тіршілік те, қозғалыс та семіп сала береді...», - деген қорытынды беріліпті [3, 291 б.]. 

Сайлаубектің бұлақты кие тұтуының енді бір ұштығы кейіпкердің рухани толысуы, рухани түлеуі мәселесіне келіп тіреледі. Роман атауына қатысты автордың философиялық толғанысы осындай. Әрине, өмір – мәңгілік емес, бірақ сол өмірдің мәні – адамгершілік, ізгілік дейтін гуманистік идеялармен ұштасады. Бұлақ деген – адамдардың ғұмыры, алмасып жатқан ұрпақ жалғастығы. Олай болғанда, шығарманың шығарма болуының өзі адам тағдырына, кейіпкерлерге байланысты. Романнан басты ерекшелігі: адамның ішкі әлеміндегі буырқаныс, күйзеліс пен толғаныстарының сырына үңіле отырып, психологиялық талдау жасап, рухани болмысын айқын аңғарту екені анық. 

Шығармадағы кейіпкер характерінің ашылуы олардың портретінен, атап айтқанда, сөйлеген сөздері арқылы, іс-әрекеттері, ым-ишарат, бет құбылысы, көзқарас, дене қозғалысы арқылы жүзеге асып жатады. Жан-жақты, болмаса қысқа қайырған сипаттамалар кейіпкердің характерінен, әлеуметтік жағдайынан, психологиялық ерекшелігінен хабар береді. Жазушы кейіпкер іс-әрекетін талдамайды, бәрін оқырман талқысына салады. Оның кейіпкерлері бастан кешіретін іс-әрекет, оқиғалардың сан түрлілігі, ешкімге ұқсамайтындығы оқырманын тарта түседі. Романның оқиғасы төсек тартып ауырып жатқан Маратбекті таныстырудан басталады. Негізінен, маңындағы адамдарға осы кейіпкердің пайымдауы арқылы баға беріліп, портреті анықталады. Мәселен, өмірлік серігі Әйкіжан – Маратбек үшін ерекше жан. Әу баста ұнатып қосылып, одан бір кезде жігіттік жасап, сыртқа қарай аңсары ауған кездерде бәріне үнсіз төзіп, не ойласа да ішінде сақтап шыдамдылық көрсеткен,  нағыз қазақ әйеліне тән жақсы қасиеттерді бойына жинақтаған Әйкіжанның адами болмысы тым биік. «Бірігіп түтін түтеткелі қырық жылдан асыпты. Ол кезде екеуі де қылшылдаған жас еді. Әйкіжан он алтыдағы тал шыбықтай бұралған бойжеткен, Маратбек жиырма бестерге шыққан солқылдаған жігіт болатын. Кездесіп қалғанда қабақ астынан бір-біріне ұрлана көз тастап, әлденеге қымсынып, жасқана бұрылып кетіп жүргендері болмаса, ашық сырласуға бара алмайтын» [3, 15 б.]. Адам бойындағы адамгершілік қасиет пен рухани байлығын анықтаудың бір өлшемі – махаббат мәселесіне келіп тіреледі. Өйткені, махаббат сезімі – адам өміріндегі аса маңызды қозғаушы күш. Ол адам тағдырындағы сәулелі сәттерді анықтап, олардың жан-дүниесіне әсер етеді.  Махаббат адамды бақытқа бөлейді. Осынау мөлдір де кіршіксіз сезімді біздің кейіпкерлеріміз – әкелі-балалы екеуі де бастан кешірген. Махаббат тақырыбы романның басынан аяғына дейін негізгі сюжеттік желіні құрап, өткен мен бүгінді байланыстыратын тұтастыққа ие. Роман оқиғасының бәрі Сайлаубектің қойын дәптері арқылы жүлгеленеді. Қойын дәптер – автордың айтпақ ойын жеткізуде көркем тәсіл ретінде сәтті ойлап тапқан құралы. Жазушы ретінде С.Сматаев кейіпкерлерін көп сөйлетуден аулақ. Көбіне, көркем бейне табиғатын ішкі монолог арқылы ашуға және диалогтардың көмегімен анықтауға тырысады. Романның соңына таман тағы бір эпизодта екі кейіпкердің арасындағы психологиялық портретті қамтыған диалог беріледі. Қатты науқастанып жатқан бір кездегі сүйгенінің көңілін сұрай келген Айымша сыртқа шығарып айтпаған, жүрек түкпіріндігі  сағынышты мейірімге толы көз жанарымен жеткізсе, Маратбек жалғыз ауыз «Айымша» деген сөзге барлық ризалығын, алғысын, сол есімге барлық аңсарын сыйғызғандай. Екеуінің арасындағы қарым-қатынас парықсыз жастықтың желігі емес еді. Романда Маратбектің ой елегінен өткізіп, еске алуы арқылы сипатталатыны болмаса, Айымшаға берілетін портрет көп емес. «Өзі де әйел жынысының әдемісі еді... Көздері ғажайып еді! Ұзын кірпіктерін серпіп қалғанда, аржағынан найзағай отындай уытты жанар шоқ шашып, қандай жанды болсын дір еткізетін» [3, 16 б.]. Бұл – Айымшаның темір жол құрылысына алғаш жұмысшы болып келгендегі сипаты. Ол – нәзіктікпен қоса қажыр-қайраты мол бойжеткен жастығына, әдемілігіне қарамай, барлық өмірін бір Маратбектің жолында құрбан еткен жан, риясыз сезімі сондай шынайы, бойында қазақ әйелінің шектен шықпас салқын сабыры бар. Жүрегі қан жылап, сағыныштан сарғайып жүрсе де сүйгенінің отбасылық өміріне кедергі жасағысы келмей, ұзақ жылдар жырақта өмір сүреді. 

Автор оқиғаның өзара байланысуы мен қиюласуын басты назарда ұстайды. Шығармада мынандай кішкене эпизод бар. Бала кезінде Сайлаубек бірде әкесімен бірге вокзалда келе жатып, Айымшаны кездейсоқ көріп қалады. «Сайлаубекке бейтаныс әйел сәл-пәлде қырық өзгерді. Біресе күліп, біресе кемсеңдеп аузындағы жалғыз сөзді сағыздай созады. 

- Маратбек! Маратбек-ау!.» [3, 42 б.]. 

Баланың есінде сүйгеніне ынтыққан әйелдің осы бейнесі, сол сәттегі сан құбылған психологиялық  көңіл-күйі мәңгілік қалып қояды. Арада көп жылдар өткеннен кейін сол оқиғаны есіне алып, әкесімен кездескен әйелдің халін түсінбегеніне, балалықпен қызғаныш білдіргеніне қынжылады. Баланың қабылдауындағы Айымшаның психологиялық портреті, іштегі алай-дүлей арпалыстың буырқанған сыртқы көрінісі соншалықты дәлдікпен берілген. Әке мен Айымшаның арасындағы үзілмеген нәзік сезімді түсіністікпен қабылдауының басты себебі –  сырлы сезімді өз басынан өткізуінде жатыр. Өзі де Әйімгүл атты келіншекпен танысып ұнатып қалады. Әдемі келіншектің төмендегідей келбеті, әрине, көз тоқтатарлық: «Қаз мойын. Аппақ. Бір де бір көлденең түскен сызық, сызаты білінбейді. Толықша дененің омырауы ашық қара атлас көйлегінен қос иығы дөңгелене шалқайып, құс төсті қомақтандыра көтеріп, тік кеткен ойықты тереңдете көзге ұрып тұр. Сайлаубек Әйімгүлді енді ғана таныды» [3, 24 б.]. Өзі де сүйкімді, сол сүйкімділік мінезінен, жан дүниесінен көрінетін кейіпкерін жазушы көзден таса қылмайды, портретін көбіне Сайлаубектің қабылдауы арқылы жеткізеді. Ондай портреттерде, негізінен, кейіпкердің сырт келбеті, киген киімі сөз болады. Роман бастан-аяқ сағыныш сарынына құрылған. Жүрегіңді шымшылайтын, кейде сыздататын, өне бойды баурап алған сағынышты автор  тақырыптық-идеялық деңгейге көтереді. 

«Бұлақ» романының сюжеттік желісіне жазушы негізгі идеялық-тақырыптық жүктің салмағын қос өрімдерге салады. Ішкі әлеміндегі буырқанған сезімдері, ой-санасындағы қақтығыс – драматизм мейлінше айқын танылған Маратбек-Әйкіжан, Маратбек-Айымша, Сайлаубек-Әйімгүл, Маратбек-Сайлаубек жұптарына қатысты сюжеттік желіден адамдық, адалдық, махаббат, бала мен жар алдындағы, отбасы алдындағы жауапкершілікті сезіну, ұрпақтар сабақтастығы, рухани дүниенің байлығы тәрізді құндылықтарды қозғай отырып, соның сағасында көркем-эстетикалық мақсат-міндеттерді шешуге, көркемдік шешім қабылдауға ықылас танытады. Қос ұрпақтың өкілі әкелі-балалы Маратбек пен Сайлаубек кім? Маратбек – тәжірибелі теміржолшы, бар өмірін осы салаға арнаған адам. Шығармада оған түстеп портрет берілмеген, тек бүгінгі уақыттағы қатты сырқаттанған күйі көбірек сөз болады. Лирикалық шегіністер арқылы жастық шағына оралып, өзінің кім екенін кейіпкердің өзі танытады. Портрет берілмесе де, шағын ғана деталь – көзқарасынан жан дүниесін тануға болады. Адал, еңбекқор, отбасы мен қоғам мүддесіне жауапкершілікпен қарайтын және сүйе білетін, сүйгенін аялай білетін адам тұлғасы бой көрсетеді. Маратбектің жарына деген сыйластығы, сүйгеніне деген сағынышы, балаларына деген үнсіз махаббаты оқиға желісінде әдемі көрініс тапқан, автор ұрпақтар сабақтастығы, ұлттық мінез,  ұлттық құндылық дейтін мәселелердің шешімін табуын осы бағыттан суыртпақтайды. 

Әке мен баланың рухани жақындығы бәрінен де биік деңгейде. Сырт көзге байқалмауы да мүмкін, бірақ бір-біріне деген әкелік және балалық махаббат сезімдерінің ұшқыны романның өн бойынан сезіледі. Хал үстіндегі әкесінің «Ақтасты» бұлағындағы шымның астында жататын мұзға аңсары ауғанда машинамен ағызып барып, арнасы кеуіп қалған бұлақтың көзін ашып, машинадағы камераға мұздай су құйып әкелетін Сайлаубек әрекеті қандай нанымды. Көңілге жылылық ұялатады. Шынайы әрі жүрегіңді қытықтайтын көрініс. Жігіттің әке жағдайын ойлап, әбден қалжыраған, шаршаған психологиялық портретінен оның тура келген ажалға көндіккенмен, әкеге деген қимастығы, шарасыздығы танылады. Машинаның айнасына үңілгенде өз бейнесін көреді: «Еріндері дірілдеген ұртта ұсақ әжімдер тізіле қалып, өңін қашыра құбылтып жіберіпті. Есіріктенген жанардан баяу сырғанап шыққан тамшылар әлгі сұрғылт жүзді бұлдыратып... алыстатып әкетті»   [3, 290 б.]. 

60-80 жылдар әдебиетінің бір шоғыр өкілін адам тағдыры толғандырады, көркемдік-эстетикалық мәселелерді адам концепциясы тұрғысынан шешуге тырысады десек, романда автордың бүгінгі замандас бойынан ұлттық құндылықтарды іздеуі, ұлттық характер жасауға ден қоюы романда Сайлаубек бейнесі арқылы шешімін тапқан. Жалғыз ол ғана емес, рухани-материалдық жағынан жұтап бара жатқан қазақ ауылының жаныңды ауыртар жағдайы, сол кеңістікте өмір сүріп жатқан адамдар бойында кездесіп қалатын кейбір оғаш мінездерді автор баттитып көрсетпей, сонша бір шеберлікпен кейіпкердің ойы қылып, құлаққағыс ретінде қыстырып жібереді. Кейіпкерді «ішкен мәз, жеген тоқтың» күйін кешіп, рухани құлдырап бара жатқан  ауылдағы құрдастарының тағдыры қинайды. Маңдай терін төгіп, соның өтемін ала алмайтын, барын өкіметке беріп жайлылық іздемесе де, өкімет тарапынан жасалуға болатын, орындалуы қиын емес қарапайым қолайлылықтарға қолы жетпей жүрген ауылдастар тағдыры алаңдатады. Жалғыз ол ғана емес, кеңестік кезеңдегі Қазақстанды «халықтар үйі» ретінде таныған әпербақан саясатқа жүрегі сыздайды. Мәскеуде шетелдіктермен болған пресс-конференцияда америкалық жазушы мен Сайлаубек арасында болған әңгіме арқылы да тоқырау заманының, әсіресе, әдебиетке қатысты кейбір түйткілді мәселелерінің басы қайырылады. Жазушылар Одағында шығармасы талданғанда да кейбір шығармашылықтан ауылы алыс жазушысымақтарға қарны ашады, әдебиеттің мәнін түсінбейтіндерге жаны ашиды. Алтыншы сыныптан бастап жазушы болуды армандаған жігітті қинайтын мәселелер көп. Жаны нәзік, арманшыл жігіттің өзін-өзі іздеуі, рухани толысуы, қалыптасуы жолындағы қадамдары оқырманын сендіреді әрі ойға жетелейді. 

Ойымызды тиянақтайтын болсақ, қаламгер өмірлік шындықтың тақырыптық-идеялық жағынан айқындалып, көркемдік шындыққа айналып шешімін табуы жолында романның композициялық-сюжеттік құрылымында басты кейіпкерге үлкен міндет жүктеген. 

Жұпар Жақан,

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі

 басқармасы жанындағы Ресурстық тіл

 орталығының бөлім меңгерушісі, п.ғ.м.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Жарылғапов Ж. Қазақ прозасындағы әдеби ағымдар және көркемдік әдіс. Автореферат. Диссертация ф.ғ.д. – Астана: 2009. – 25 б.   

2. Хамзин М. Қазіргі қазақ романы: Оқулық. Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2001. – 205 б.

3. Сматаев С. Бұлақ. –  Алматы: Жазушы, 1983. – 296 б.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар