Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
/
Әдебиеттегі құрбандық феномені...

24.06.2025 1201

Әдебиеттегі құрбандық феномені 14+

Әдебиеттегі құрбандық феномені - adebiportal.kz

Біз бұл шағын жазбамызды әдебиет пен философиядағы құрбандық ұғымына арнап отырмыз. Тақырыбымыз түсінікті болу үшін, құрбандық ұғымының аңызы мен әпсанасына аз-кем тоқтала кетсек дейміз. Құрбандық жайлы әпсананың көнелігі сондай, ол тіпті  христиандық миләди, мұсылмандық хижра  күнтізбесінің де еш есебіне  кірмейді. Әрине, әңгіме төркіні адамзаттың  алғашқы перзенті Адам Ата мен Хауа ананың балалары  Әбіл мен Қабыл хақында өрістегелі отыр. Енді сөзімізді  көп созбай хикаяның бірден өзіне оралайық. 

Бірде құдіреті күшті Құдай Адам атаның қос перзенті Әбіл мен Қабылға өзіне құрбандық беру жайында пәрмен түсіреді. Үлкені Қабыл егіншілікпен айналысса, кіші ұлы Әбіл мал баққан екен. Тағала жарлығына қарсы келетін пенде болушы ма еді. Осылайша Әбілдің Құдайға құрбандық есебінде ақ ниетімен шалған қошқары қабыл болса, ал Қабылдың енжар көңілден  берген бидайы еш қабыл болмай, бұл іштарлықтың  соңы  ақырында туған бауырын мерт  етумен  аяқталады.  

Адамзат тарихында жазықсыз жанның  алғашқы қызыл қаны қызғаныштан болып осылай төгілген еді дейді. Енді көне жылдар жылғасынан аққан осы бір оқиға желісінен тағы  бір әпсана  жекелей шығып, басқаша таған тартады. Қызығы, бұл жерде де  қошқар ұғымы қайыра ұшырасады. Біздің байырғы батырлар жырында кездесетін «Жиделі байсын жерінде, Қоңырат деген елінде, Байбөрі деген бай бопты, бір перзентке зар бопты» деп келетін мойнына бұршақ іліп, бала тілеу мәселесі де дәл осы меңзелдес. Мұны арнайы айтып отырғанымыз, ертеде ықылым заманда Ибраһим деген пайғамбар болыпты. Жасы баршын тартып, қайраты кеміген шағында көрген Ысмайыл деген ұлы оның жан дегенде жалғыз перзенті екен. Бірде көз шырымын алмақ болып жантая кеткен Ибраһим мынадай түс көреді. Жаратқан оған жан дегенде жалғыз ұлы Ысмайылды құрбандыққа шалуды бұйырады. Ояна салысымен қатты қапаланған  қария, амал жоқ, Алла бұйрығын орындауға тәуекел етеді. Сонда көз жасы көкірегін бояп, хақ бұйрығына бойұсынған пендесінің шын пейіліне риза болған Жаратқан Ысмайылдың алқымына тақап есіп жібермек болған әкесінің өткір кездігін еш өткізбей тастапты дейді. 

Қайыра екінші мәрте қол қатып көрген екен тағы да  еш өтпепті дейді…

Сол мезетте ғарыштан «Шын мәнінде біз игілік істеушілерді осылай сынаймыз... Бұл бір ашық сынақ еді. Енді ол басқа құрбандықпен алмастырылды» деген  үн  естіліп, Ысмайылдың орнына көктен көк қошқар түсірілген екен дейді көне хикая....  

Міне, бәрімізге мәлім бұл әпсананы не үшін айтып отыр дейсіз ғой.  Қалай десек те, біздің метафизикалық тағанымыз әпсана мен аңыздар, ертегілер мен хикаялар қабатынан тұрады. Кез келген ұлт аталған осы құндылықтарынан тамыр үзіп, ондағы  жасырылған сыр мен символдарға түсініктеме бере алмаған сәттен бастап, адасу кебін басынан кешіреді. Төл танымының тартылыс күшінен байланысын үзген халық ғарышта барар бағыты белгісіз, бейне бір  маңып жүретін алып тастарға ұқсайды. Ол өз мәдениетінің құпия сырлары мен ішкі жұмбағын шешпек тұрмақ, қарапайым ғана сөздің мағынасын түсіндіріп беруге қауқарсыз болады. 

Ендеше аңыз бен әпсана тек өткен шақ туралы өмірбаян емес, ол – адамзат нәсілінің бүгінгі бағдары мен болмысы туралы. Олай болса, Жак Дерриданың деконструкция тәсілінің негізінде аңыз астарындағы шөгінді шындықтарды тағы бір қозғап, замана қабатындағы сөз сынықтарынан бүтін бір мозайка құрастырып шығарар болсақ, аңыз астарындағы «ақиқаттың» мүлде басқаша екендігін көреміз.

Сонымен, бұл оқиғаның астары адам баласы  аса бір қымбат,  ең  аяулы дүниесін тәрк ету арқылы ғана Алламен байланыс орната алатынын меңзейді. Мінекей, әпсананың ең негізгі шындығы  осыны аңдатады. Әрине, бұл ұғымның сыры мен жұмбағына бойлау қиын.  Осы жерде көрерменге мына бір дүниені де наз қылып айта кетсек пе дейміз. 

Біздің көбіміздің көзқарасымызда мынадай бір қателік бар. Ол енді не десеңіз,  аталған құрбандық ұғымын «құрбан айт» түсінігімен алмастырып алғанымызда болып отыр.  Қой және оның кеңірдегінен аққан қызыл  қанға адамның   құрбандық танымын  байланыстыру, бұл енді барып тұрған білместіктің өзі дейміз.  Қан шығарып, ет тарату ережесімен  ешкім де күнәсынан құтылып,  парасат биігіне жете алмасы анық.  Мұндай уәзін өлшемі  Құдайдың да, қала берді  кісіліктің де жолына жат.   Құрбандық  қан  мәселесі ғана емес, ол, ең әуелі,  ұлы тәуекел мен  рух мәселесі. Құрбандық – бар дәулетің мен денсаулығыңды, керек десеңіз,  шыбын жаныңды жанкештілік  жолында  пидагер ететін  парасат пен таным мәселесі. 

Дәл осы дүниеге келгенде «құрбан айт» жайында жазылған  мына бір мысалды арнайы келтіре кетсем деймін.

Сөз авторы — 20-ғасырдың басында ғұмыр кешкен Алаш ардақтысының бірі, көрнекті ақын, философ  Ғұмар Қараш. 

Ол өзінің 1914 жылғы  «Қазақ» газетінің № 50 санында  «Құрбан шалу жаңа заманда міндетті емес» деген  мақаласында былай дейді: 

«Енді құрбандық мәселесіне келелік... Аллаға шалынған малдың еті, қаны жетпейді. Бәлкім, ақ ниет, адал жүрегің жетеді... Жасыңыздан құрбан деген қан ағызу деп басыңызға сіңіп қалғандықтан, сізге үйреткен молдалар шариғаттың рух пәлсапасын үйретудің орнына, әлгі қалың кітаптардағы мың жыл бұрынғы халге, заманға қарай айтылып қалған сөздерді үйретіп, осыдан айырылма, тап осыны өзгертпе дегендіктерінен. Өзіңіз ойлап қараңызшы: жыл сайын құрбан күні жүз мыңнан артық қой мен түйе бір күн ішінде шалынып, жерге көміледі. Бұл ұят емес пе?! Мұндай ысырапты ақ шариғат қосар ма? Міне, осылардың бәрі шариғаттың рухын тастап, адасуымыздан келіп тұр. Пайғамбарымыз  заманасында  кітап-құрал деген заттар болмаған, жазу-сызу да мұнда аз болған. Сол себепті, ол күндері де құрбандықты шалып, фақырға етін таратудың басқа орыны табылмаған. Осы күндері пайғамбарымыз тіріліп, қайтадан арамызға келіп халқымызды көрсе, ең әуелі, өз құрбандығын сатып, біздің ғылымды-өнерлі болуымыз, басқа елдерге қатарласуымыз жолына жұмсар еді»,  — дейді.

Сонымен тағы да қаперлеріңізге салайын. 

Құрбандық – қан  мәселесі ғана емес, ол, ең әуелі,  ұлы тәуекел мен  ұждан немесе қандай да бір ізгілік жолында  жаныңды   пидагер ететін  парасат пен таным мәселесі.  

Енді осы бір таным биігіне кімдер көтеріле алды? Мұндай өре мен өлшемге өткен жандар біздің тарихымызда болды ма? 

Әрине, біз бұл мысалға жиырмасыншы ғасырдың басында ғұмыр кешкен,  ат төбеліндей алаш арыстарын айтқан болар едік. 

Егер де елін сүйген азаматтың екі есімі болады десек,  оның бірі жанкештілік болса, екіншісі осы құрбандық феномені дер едік. 

Басқаны сөз етпегенде кешегі Алаш гимнінде айтылған: «Ежелден ер түрік, Оқ тескен етіміз! Қаймығып еш жаудан, Қайтпаған бетіміз. Жаусын оқ, ақсын қан, Шықсын жан, қорқу жоқ. Алаштың жолында, Жан қимақ – ниетіміз».

Міне,  бұл — нағыз  рухтың гимні. Міне,  бұл — алаш арыстарының  шын жүрегімен серттескен құбандық танымы. Ендеше алаш идеясының алтын өзегі де осы жанкештілік пен құрбандық  танымында жатыр. 

Біз бұл танымнан сонда нені бағамдай алдық?

Біз бұл танымнан жақсы мен жаманның,  құлдық пен қорқақтықтың,  еркіндік пен жауапкершіліктің, ең бастысы, мемлекетшілдік мазмұнның мәнін түсіндік.  Айталық, алаш идеясының арқасында  бүгінде біздер  артынан адам салып жүгіріп жүріп қол жеткізген  «Парасат» пен «Құрмет», «Отан» секілді ордендердің темірден жасалған жай бір сөлкебай екендігін, оны киіміңнің сыртына емес, кеудеңнің ішінде  мәңгілікке  мәпелеп сақтау керек екендігін түсіндік. Әділет үшін қарсы тұрған кез келген әрекетің, ізгілік жолында қатты шыққан дауысың —  бәрі-бәрі құрбандық танымы екендігін,  құрбандықтың тек қана  қан мен қаза мәселесі емес, әділет жолында ақ қағазға тамған көк сияның өзі құрбандық қанымен пар екендігін түсіндік. 

Әрине, айта берсек мұнымен  әңгіме бітпейді. 

Сонымен, ілкідегі қос хикая астарында жатқан  құрбандық танымының  мәні мен мағынасын таратқанда түсінгеніміз  мынау болды. 

Әпсана арқылы Жаратқан иенің жасырған ұлы жұмбағы жетілген пейіл мен жоғары тәуекел десек, ал қошқар ұғымы — батылдық пен ерлік ишарасы. Ол — бізге баяғыдан-ақ орныққан ұғым. Желтоқсан қаһарманы әйгілі Қайрат Рысқұлбековтың соңғы сөз есебінде айтқан: «Қайрат деген атым бар, Қазақ деген затым бар. Еркек тоқты — құрбандық, Атам десең, атыңдар» деп қасқайып тұрып бақұлдасуы  осы сөзіміздің бұлтартпас айғағы дейміз. Әрине, бұл жердегі «еркек тоқты» — ерлік ишарасы. 

Ендеше құрбандық – ет пен қан  мәселесі емес, ерекше рухани тазалық мәселесі.

Данышпан Сократтың  «Егер Құдай біздің жанымыздағы тазалық пен әділдіктен гөрі өздеріне шалған құрбандық пен құлшылықты артық көрсе, бұл енді бас шайқатар өкініш емес пе» деуі, міне, осыны меңзейді. 

Әрине, құрбандық жайында көп сөз шығындауға болады...

Бірақ біздің ұлт ретінде ұжданымызды қорғап, ұрпақ пен уақыт, тарих пен мәдениет алдында қарабет болудан сақтап қалған бірден-бір феномен болса,  ол — осы алаш арыстары. 

Алаш аталған ұждан мен  ұлы тәуекел жолында қызыл қанымен садақа төлеп, бір ғұмырын әділет жолында құрбандыққа шалды. Еркіндік пен азаматтық қоғам жолындағы жанкешті күресі,  ал ағартудағы ақ қағазға тамған әр сиясы олардың құрбандыққа шалған «көк қошқары» еді. Осылайша олар құрбандықтың рух пен бостандық танымы  екендігін  біздің  санамызға мәңгілікке бәдіздеп кетті…


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар