Қазақстандағы кәсіби мерекелердің бірі – Кітапханашылар күні болатын.
Кітапхана – қайда да болмасын, рухани жылылықтың мекені. «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана», - деп заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев айтқанындай, адам баласы күшін кітаптың, кітапхананың орны ерекше. Біздің халқымыз – ежелден оқуға бейім халық. Сонау ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, қазақ даласында алғашқы кітапханалар құрыла бастаған екен. Ресей империясының құрамында 1854 жылы Семей облысы құрылғанда, осы жылы облыстық кітапхана басқармасы құрылыпты. 1869 жылы алғашқы қоғамдық кітапхана құрылса, 1877 жылдан губернаторлық штаб жанындағы облыстық кітапхана тұрақты жұмыс істей бастаған. Архив құжаттары материалдары бойынша 1883 жылы 3 қазанда оқырмандарға арналған кітапхана ресми ашылған екен. Бұл – кезінде қазақтың ұлы ойшылы Абайдың өзі оқырманы болып қызметіне жүгінген бұрынғы Гоголь, қазіргі Абай кітапханасы болатын.

Осы тұста қазақ даласында ана тіліндегі кітаптар көптеп жарық көріп, кеңінен тарады. Ағайынды Кәрімовтер баспасынан 1880-1917 жылдары негізінен жалпы таралымы 500-600 мың данадай 115 кітап шыққан. Осы кезеңде кітапханалардың саны да арта түскен.
«Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы.» Осы білім бұлақтарының тоғысар үлкен айдын көлі, шалқар теңізі – ол кітапхана. Кітапты қабылдау, жүйелеп сақтау, күтіп ұстау, оқырманға ұсыну, насихаттап- таныстыру т.б. жұмыстарды атқаратын отандық кітапханашылар қауымының қалыптасқанына да біршама замандар болды.
Тәуелсіз Қазақстандағы бүгіндері 12 мыңға жуық кітапханада 20 мыңнан астам кітапханашы халыққа мәдени даяшылық жасап келеді және олардың төл мерекесі өткен жылға дейін 24 қазанда атап өтіліп келген болатын.
Бұдан былай Кітапханашылар күні мен Ұлттық кітап күні 23 сәуірде бірге атап өтілетін болады. Бұл күн Атыраудағы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітілген Ұлттық кітап күнімен сәйкес келеді. Ұлттық кітап күні ЮНЕСКО бекіткен Халықаралық кітап және авторлық құқық күнімен де сәйкес келетінін ескерсек, бұл күннің мән-маңызы тіпті арта түспек.
IX халықаралық Astana Eurasian Book Fair кітап көрме-жәрмеңкесі – осы айтулы мерекеге орай өткізіліп отыр. Кітап көрме-жәрмеңкесіне Астана мен Алматы қалаларынан, республиканың өзге өңірлерінен, алыс-жақын шетелдерден баспагер мамандар, кітапханашылар, қаламгерлер келіп, кітап саласына қатысты мәселелерді талқылап, тұсаукесер рәсімдерін өткізіп, кітап саудасының да көргін қызыруда.
Осы кітап-жәрмеңкеге Семей қаласынан келген Абай атындағы облыстық кітапханасының директоры, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, ақын Мерей Қарттың пікірін тыңдаған едік.

- Мұндай кітап көрмесін өткізіп тұру – оқырмандар үшін өте маңызды. Мұның оқырмандар үшін тиімділігі – кең көлемді кітап көрмесі болғаннан кейін, жан жақтан, әсіресе шетелдерден баспагерлер келеді. Олардың кітаптарын бір-бірімен салыстырасыз: отандық, шетелдік баспагерлер қандай кітаптар шығып жатыр, олардың ішкі-сыртқы сапасы қандай? Міне, соның бәрін салыстыра қарау жағынан – көрме-жәрмеңкенің мүмкіндігі жоғары.
Екіншіден бұл арада оқырманның қолына тие бермейтін кітаптарды тауып алуға болады. Сол жағынан оқырманға өте тиімді. Өйткені баспадан сатып алсаңыз қымбат болады, ал көрме-жәрмеңке болғаннан кейін кітап делдалсыз, екі есе төмен бағада сатылып жатыр. Сөмкелерін толтырып кітап алып қайтып жатқан адамдарды көріп қуанып жатырмыз.

Қазір гаджеттің дәуірі аяқталып, кітап оқитын дәуір қайтадан қалыптасып келе жатыр ғой. Сондықтан да мұнда келген жұрттың қарасы мол. Дегенмен бір айтарым – жан-жақтан мектеп, колледждерден оқушыларды көбірек тартқан дұрыс шығар, бірақ көбінің кітапқа құлықсыздығы аңғарылып тұрған нөпір-топыр жастардан гөрі, таза ктапқұмар оқырмандар жүрген кезде, бұл араның көркі одан да жақсы болушы еді. Аяққа оралып, кітапты оқитыны бар, оқымайтыны барлардың жүргені қынжылтып тұр. Нағыз оқырмандар осы арада түске дейін келіп, кітаптарын алып кетіп жатқанын көзімізбен көрдік.

Біз, Абай кітапханасы – көрмеге кітап сатып емес, кітапты көрсетіп, таныстырып, сирек қорды, сирек кітаптарды алып келдік. Қазақстан ғана емес, жалпы Орта Азиядағы бір жарым ғасырдан астам жылдық тарихы бар, сирек қолжазбалар қоры бай, көне де үлкен кітапхана болғаннан кейін, біздің кітаптарымыз бұл көрменің төрінде тұрғаны заңдылық деп ойлаймын.
Ұлттық кітап күні, кітапханашылар күні дегеннің болғаны – өте дұрыс деп есептеймін. Кітапханашылар күні мен Кітап күні дегеннің екеуін екі мереке ғып, бас басына би қылмай, бір жерге біріктіріп жатқаны ұтымды қадам болды. Өйткені кітапхана десек, кітапханашы елестейді, кітап десек, кітапханашы елестейді. Сондықтан бұл – ортақ ұғым. Біріктіріп көктемнің алғашқы уақытына қойып жатқаны дұрыс. Қыстан қысылып шыққан ағайын арқасын кеңге салып, кітап оқып күншуақтап отыратын мезгіл. Сондықтан мен Ұлттық кітап күні қара суықта емес, көктемнің күншуағына орайластырылғаны дұрыс деп санаймын.
Бірақ оқитын адамға көктем бе, қыс па, жаз ба, күз бе, қарамайды ғой. Ондай адам үшін төрт мезгіл тең. Сондықтан мұның маңыздылығы – ең бастысы, мереке болып қалыптасуы. Кітап оқу деген халықтың санасына біртіндеп сіңеді. Ұлттық кітап күні – үлкен руханият мерекесі екендігі сөзсіз
