Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Корей тілін тікелей қазақша оқып-үйренуге мүмкінді...

Корей тілін тікелей қазақша оқып-үйренуге мүмкіндік

24.04.2026

56

Корей тілін тікелей қазақша оқып-үйренуге мүмкіндік - adebiportal.kz

«Astana Eurasian Book Fair» – 2026 халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі аясында шығыстанушы-ғалым Дастан Ақаштың «Корей тілі» атты оқу құралының тұсаукесері өтті.

Корей тілін үйренушілерге арналған, қазақ тіліндегі тұңғыш оқу құралының тұсаукесер рәсіміне Корея Республикасының Елшісінің міндетін атқарушы Син Кюхо мырза және зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер, көрме-жәрмеңке қонақтары қатысты. Тұсаукесер рәсімінің тізгінін ұстаған белгілі танымал тележүргізуші Саят Жөкенұлы бүгінгі іс-шараның мән-маңызына тоқтала отырып, бұл оқу құралы корей-қазақ қарым-қатынасының жаңа белесі екенін атап өтті. 

Корей халқының қазақ жеріне алғаш табан тіреген уақыты 1897 жылдардан басталатынын, осы тұстан қазақ жерінде егіншілікпен айналысқан алғашқы корей отбасылары болғанын, 1937 жылғы сталиндік зұлмат кезінде еріксіз қоныс аударып келген корей халқының бүгінгі ұрпақтары тәуелсіз еліміздің қай салада болмасын, табысты да белсенді азаматтары екенін айта келе, тілдік, мәдениеттік ұқсастық, түбірлестікке ие екі елдің мәдени-рухани байланыстарын дамытуға шығыстанушы-ғалым, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Сеул университетінің түлегі, халықаралық қатынастар магистрі, «Корей-қазақ, қазақ-корей сөздігі» және «Корей халық ертегілері» сынды еңбектердің авторы Дастан Ақаш мырзаның елеулі еңбек сіңіріп келе жатқанын атап өтті. 

Қазақ тілінде корей тілі кітабының жарық көруі туралы Оңтүстік Кореяның ақпарат құралдары да жарыса жазып жатқанын, атап айтқанда ай сайын 40 миллионнан астам аудиторияны қамтитын, бірнеше тілде хабар тарататын халықаралық Yonhap News агенттігі де арнайы материал жариялапты. 
Кореяның Қазақстандағы Елшісінің міндетін атқарушы Син Кюхо мырза өз сөзінде Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы байланыстар жыл өткен сайын нығайып келе жатқанын, бүгінгі жарық көріп отырған еңбек осы жылы қарым-қатынастың нәтижесі және бұл үрдіс ары қарай лайықты жалғаса беретіндігіне сенім білдіре отырып, кітап авторы мен тұсаукесер рәсіміне келген барша қонақтарғаа шын жүректен алғыс айтты.

Корей тілін жүйелі түрде үйретуге арналған, қазақ тілінде әзірленген бұл авторлық оқу құралы – шетелдік басылымдардың аудармасы емес, автордың көпжылдық ғылыми зерттеуі мен тәжірибесіне негізделгендігімен құнды екендігін сөз сөйлеушілер орынды тілге тиек етті.

Тұсауы кесіліп отырған бұл оқу құралының басты ерекшелігі — корей тілін орыс немесе ағылшын тілдерін қолданбай, тікелей қазақ тілінде меңгеруге мүмкіндік беруі болып отыр. Еңбек қазақ аудиториясының тілдік және мәдени ерекшеліктерін ескере отырып жазылған және тілді кезең-кезеңімен үйренуге бағытталған. 

Автордың айтуынша, корей мен қазақ халықтарының, Корея Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасында мәдени-экономикалық қарым-қатынастар жыл өткен сайын арта түскендіктен, екі тілде тікелей түсінісуге мүмкіндік беретін мұндай оқу құралының қажеттілігі де арта түскен. 

Кітап «Фолиант» баспасынан жарық көрген екен. Аталған кітаптың тұсаукесерінде сөз сөйлеген Н.Гумилев атындағы ЕҰУ докторанты, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Заңғар Кәрімхан ешқандай жарнамасыз, жарқылдақсыз да іс тындыратын адамдар боса, солардың бірі – осы Дастан Ақаш екенін, ол тек қана оқу-әдістемелік құрал әзірлеуші ғана емес, қазақ халқының мәдениетін, әдебиетін, тарихи тұлғаларын Кореяға танытуда үлкен үлес қосып жүргендігін, соның ішінде Алаш қайраткерлері, қазақ ақын-жазушылары туралы үш жүзге жуық мақалалар әзірлеп жариялатып, ол материалдар біздегі Уикипедия тәрізді энциклопедиялық ресурстарға енгенін атап өтті. 

Сөз соңында Заңғар Кәрімхан мұндай жанкешті еңбек етіп жүрген ғалым, зиялы тұлғаның уақытында бағалануы дұрыс деген ұсынысын айтып өтті. Тұсаукесерде сөз сөйлеген барлық спикерлер ғалым Дастан Ақаштың шығармашыл тұлғасын жан жақты қырынан аша отырып, алдағы еңбегіне сәттілік тіледі.
Фотосуреттерді ұсынған:  ASTANA EURASIAN BOOK FAIR 2026. Фотограф Куаныш Жарлыкасzharlykas001.wfolio.pro

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan