Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
«Күн түспейтін терезе»...

«Күн түспейтін терезе»

24.04.2026

53

«Күн түспейтін терезе» - adebiportal.kz

Биыл тоғызыншы рет ұйымдастырылып отырған «Astana Eurasian Book Fair - 2026» IX Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінде оқырман үшін жаңалық жетерлік. Соның бірі - Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының (1998), халықаралық ПЕН-клуб сыйлығының лауреаты (2018) Қуаныш Жиенбайдың «Күн түспейтін терезе» романы. Оқырмандарының пікірінше, бұл - адам жан дүниесінің күрделі иірімдерін, қоғам мен жеке тағдыр арасындағы қайшылықтарды терең психологиялық сипатта бейнелейтіндігімен есте қалады екен.

Кітаптың таныстырылымында болдық, автор тікелей жүздесуде оқырмандардың сұрақтарына жауап бере отырып, шығарманың жазылу тарихы мен идеялық өзегі жайлы айтты.

 

Біз осы жерде диктофонға жазып алған жазушы сөзінен үзінді келтірсек:

 

«Иә, бұл шығарма экологияға байланысты. Айта кетейін, осы мерекеге байланысты мен үшін тағы бір қуанышты хабар - экологиялық саммитте мына Орта Азия мемлекеттерінің басшыларымен және әлемдік экологияның жанашырларымен Арал проблемасы айтылып жатыр. Аралдың проблемасы үлкен халықаралық, әлемдік деңгейдегі проблема болып отыр. Мен сол Аралдың жағасында өскен адаммын, сондықтан Аралдың проблемасының халықаралық дәрежеге көтерілгені мен үшін қуаныш. Сіздер теңіз деген нәрсені көрдіңіздер ме? Теңіз деген бір адамға үлкен ғажап әлем сыйлайтын ғажайып дүние ғой. Ал қазір Арал теңізінің жағдайын білесіздер, теңіз екіге бөлінген, қазір Солтүстік Арал қалды, Оңтүстік Арал деген жоғалды, Оңтүстік Арал анау Өзбекстанға қарайтын бөлік болатын. Енді Аралдың жағалауынан қандай адамдар дүниеге келді дейсіз ғой, мысалы, Әбдіжәміл Нұрпейісов — атақты «Қан мен тер» романының авторы, Зейнолла Қабдолов деген кісі, Молдахмет Қаназов, Жарасхан Әбдірашев, Шөмішбай Сариев деген адамдардың барлығы сол теңіздің ұрпақтары. Сол теңіз жағалауында туған адамдардың бірі - орыс халқының атақты жазушысы Константин Паустовский, өзі де экологиялық тақырыптарға шығарма жазады, сол кісі айтады: «теңіз жағалауында туған адамдардың ақын болмауға қақысы жоқ», -  дейді. Демек, теңіз адамды тебіреніске бөлейтін, адамды жаңағы шығарма жазуға итермелейтін сондай бір ғажайып құбылыс. Сондықтан мен сол теңіз жағалауында туған адамдарды қадірлеймін және өзімді теңіз жағалауында туғаным үшін осы бақытты адамдардың бірі деп есептеймін. Мысалы, сіздер қазір Арал теңізін құмның ортасында қалған бір көлшік деп бағалауларыңыз мүмкін, бірақ менің балалық шағым сол теңіздің жағалауында өтті, сол теңіздің жағалауында Бөген деген ауыл — тарихта үлкен орын алатын балықшылар ауылы. Баяғыда, 1921 жылы Ленин Арал балықшыларына: «Поволжьяның халқы қырылғалы жатыр, Сібір халқы қырылғалы жатыр, сіздер, Арал балықшылары, қолдарыңыздан келген көмектеріңізді аямаңыздар», - деп хат жазған кезде Бөген балықшылары 24 сағатта 14 вагон балықты Сібірге аттандырған. Ғабит Мүсіреповтің «Жиырма төрт сағатта» деген көркем әңгімесі бар».

 

 

«Өзімді өнімді жазушылардың қатарына қоспаймын»

 

Біз авторға аз-кем сұрақ қойған едік.

«Күн түспейтін терезе» деген кітабыңыздың аты ерекше екен. Бұл «Фолиант» баспасынан шығып отыр ма?

 

— Иә, «Фолиант» баспасынан өткен жылы жарық көрген. Бұл бұрын жарық көрген көркем әңгімелер жинағы. Екінші рет басылымы. Бастамашы  аталмыш баспаның өзі.

 

Үнемі шығармашылық қозғалыстасыз. Жақында «Үздік роман» байқауына да қатыстыңыз. Сонда жылына неше туынды жазасыз, қалай үлгересіз?

 

— Өзімді өнімді жазушылардың қатарына қоспаймын. Бірақ тосыннан келген тың идеяны «өлтіріп тастамау» - мен үшін басты мүдденің бірі. Күнде отырып сүйкей беруден әсте аулақпын. Піскен сюжетті тез қағазға түсіруге тырысамын. Менің ұғымымда қазақ қаламгері көп өмір сүріп, артына мол мұра қалдыруды мұрат тұтса, одан ұтылмайды. Кешегі «Қазіргі заманғы қазақ романы» сериясымен жарық көрген «Аралқұмдағы ақырғы аялдама» романы конкурс жарияланғанда шамамен тоқсан пайызы жазылып қалған туынды болатын. Оны алты-жеті айда роман жазып шықтым деп, төске сабалаудан аулақпын.

 

«Күн түспейтін терезе» романының оқырман үшін жаңалығы не болуы мүмкін? Жалпы, қалай ойлайсыз, бүгінгі жазылып жатқан көркем дүниенің жаңалығы идеясында ма, көтерген тақырыбында ма, әлде жазу формасында ма? Сіз өзіңіз автор ретінде қайсысына басымдық беремін деп ойлайсыз?

 

— Осы күндері жазылып, жарық көріп жатқан шығармалардың көптігінен көз сүрінеді. Оқырман қайсыбірін оқуды да білмей, кейде сансырап та қалатын болар. Жаңа форма, жаңа стиль тапқанға не жетсін. Құрымағыр, ол бірден қолға түсе қоя ма?! Ауызды қу шөппен сүртуге болмас, өзім кейінгі жастардан, іні-қарындастарымнан «таңдайға түскенде еріп жүре беретін» тамаша туындыларды күтетін туған әдебиетке жанашыр жандардың бірімін. Сол күндердің куәгері болуға жазғай!

 

Бүгінгідей көрме автор ретінде сізге не береді?

 

— Ал кітап көрмелерінің қаламгер қауымға пайдасы болмаса, инедей зияны жоқ. Шама-шарқынша кітабың насихатталады, қаламдастарыңмен қауқылдасып, бір жасап қаласың. Менің шығармаларыма жанашырлық танытып жүретін еліміздегі бірегей кітап баспасы -  «Фолиантқа» үнемі сәттілік тілеймін. Осы шыққан абырой биігінен бір саты төмендемеңіздер! Бір-бірімізден сүйінші сұрайтын сәттер көп болғай!

 

— Әңгімеңізге рахмет.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan