Махмұд Қашқари атындағы халықаралық байқау жеңімпаздары

Түркі әлемінің 12 елінен авторлар қатысқан шығармашылық бәйгеде Қазақстан атынан бақ сынаған Бақытжол Кәкешұлының да туындысы үздіктер қатарынан көрінді.

Махмұд Қашқари атындағы халықаралық байқау жеңімпаздары - adebiportal.kz

Әдебиет – шекараға бағынбайтын рухани кеңістік. Тілі бөлек болғанымен, тамыры бір түркі халықтарын сөз өнері де жақындастыра түседі. Осы ортақ мұратты ту еткен 8-ші Халықаралық Махмұд Қашқари атындағы әңгімелер байқауының аймақтық жеңімпаздары анықталды. 

Түркі әлемінің 12 елінен авторлар қатысқан шығармашылық бәйгеде Қазақстан атынан бақ сынаған Бақытжол Кәкешұлының да туындысы үздіктер қатарынан көрінді.

Жазушы Бақытжол Кәкешұлының айтуынша, бұл – Қазақстан көлеміндегі алғашқы іріктеу кезеңі. Байқауға жалпы саны 400-ге жуық әңгіме қатысқан. Сол шығармалардың арасынан оның «Естілмейтін күй» атты әңгімесі бірінші орынға ие болған.

Енді желтоқсан айының басында 12 елден қатысқан шығармалардың арасынан үздік үштік анықталады. «Енді бағымызды халықаралық байқауда сынап көреміз», – дейді жазушы.

Түркі халықтарының әдеби мұрасын ұлықтап, әр аймақтағы қаламгерлердің шығармашылық байланысын нығайтуды мақсат еткен байқауға түрік тілінде және түркі тілдерінің түрлі нұсқаларында жазылған әңгімелер қабылданған.

Ұсынылған шығармалар алдымен 12 аймақта жасақталған қазылар алқасының сарабынан өткен. 

Жеңімпаздарды анықтауға арналған қорытынды отырысқа Еуразия Жазушылар одағының президенті Уфук Тузман төрағалық етіп, бүркеншек атпен қатысқан авторлардың аты-жөні жазылған конверттер ашылып, үздік шығармалардың иелері жария етілді.

Байқаудың аймақтық бірінші орын иегерлері мен олардың шығармалары төмендегідей:

1. Әзербайжан – Джошгун Халилоғлы «Соңғы жұмыс күні» («Sonuncu İş Günü») әңгімесімен жеңімпаз атанды. Бүркеншік аты – Зафар.

2. Солтүстік Македония – Гүлай Алче «Искендер бей» («İskender Bey») әңгімесімен бірінші орын алды. Бүркеншік аты – Румелия.

3. Қарашай – Айбазланы Солтан «Абай аққа» («Abay akka») әңгімесімен жеңімпаз атанды. Бүркеншік аты – Солтан.

4. Балқар – Мусуколани Сакинат «Художник» («Hudojnik») әңгімесімен аймақтық бірінші орынға ие болды. Бүркеншік аты – Тамада егеч.

5. Қазақстан – Бақытжол Кәкешұлы «Естілмейтін күй» әңгімесімен жеңімпаз атанды. Бүркеншік аты – Жалғыз саяхатшы.

6. Қырғызстан – Зинакан Пасанова «Көшөгөсіз колукту» («Köşögösüz koluktu») әңгімесімен бірінші орын алды. Бүркеншік аты – Тым қыз.

7. Өзбекстан – Махмадалиев Эркинжон «Кондон бичилган кафан» («Kondan Biçilgan Kafan») әңгімесімен аймақтық жеңімпаз атанды. Бүркеншік аты – Еркин Норсафар.

8. Саха елі (Якутия) – Аграфена Кузьмина «Бір қадам, бір тыныс» («Bir adım, bir nefes») әңгімесімен бірінші орынға ие болды. Бүркеншік аты – Аяана.

9. Татарстан – Лилия Гибадуллина «Әлия» («Aliya») әңгімесімен аймақтық бірінші орын алды. Бүркеншік аты – Yazım Yazuvçu.

10. Түркия – Режеп Субашы «Кір етік, таза шұлық» («Pis Çizmeler, Temiz Çoraplar») әңгімесімен жеңімпаз атанды. Бүркеншік аты – Таңқаларлық.

11. Түрікменстан – Режебов Акмырат «Ат-Мұрад» («At-Murad») әңгімесімен бірінші орын алды. Бүркеншік аты – Сахрайы.

12. Ұйғыр (Германия) – Хабибулла Әблимит «Күршад» («Kürşad») әңгімесімен аймақтық жеңімпаз атанды. Бүркеншік аты – Айбибулла.

Қазақстандық қаламгер Бақытжол Кәкешұлының «Естілмейтін күй» атты әңгімесі бірінші орынға лайық деп танылды. 

Түркі халықтарының рухани дүниесінде сөз өнерінің орны айрықша. Ғасырлар қойнауынан жеткен жыр мен аңыз, әңгіме мен хикаят – халықтардың тарихи жадын жалғап, ұрпақтан ұрпаққа аманат болып келе жатқан асыл мұра. Осындай ортақ құндылықтарды бүгінгі әдеби үдеріспен сабақтастыруда халықаралық байқаулардың маңызы зор.

Махмұд Қашқари атындағы әңгімелер байқауы да әртүрлі аймақта өмір сүріп, түрлі тілде қалам тербейтін авторлардың шығармаларын бір арнаға тоғыстырып отыр. Бірі – туған жердің тарихын, енді бірі – адам тағдырын, үшіншісі – уақыт тынысын арқау еткен шығармалар арқылы түркі әлемінің көркемдік көкжиегін кеңейтуге үлес қосады. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Қос қасиет

22.10.2026

2044

Taza Qazaqstan