XIX ғасырдың II жартысындағы көрнекті ақынның бірі – Ақтан Керейұлы (1850 - 1912). Жылойлық шежіреші Қайшыбай да, Сағыз станциясында тұрған ақынның ағайындары Әмірше Мұттахиев, Қаби Молдажановтардың қай-қайсысы да Ақтан ауылының негізгі қонысы Маңғыстау, Үстірт, Жем, Ойыл өңірі екендігін айтады. «Қоныстас болдық. / Бір көшіп, бір жүрдік», – деген Қаби қарт. Демек, сол кездегі көшпелі Адай елінің қыстайтын өңірі – Маңғыстау, жазғы жайлауы – Үстірт үсті, Жем, Ойыл бойлары. Адайлардың, оның ішінде Жеменейлердің бағзы қонысы Маңғыстаудың Бозашы аймағы екені рас.
Бірақ Ақтанның дәл қай жерде туғандығы туралы дерек жоқ. Біз «Ақын, жыраулар» атты кітабымызда Ақтан Сағыз өзені бойында туған деп жазыппыз. Ол ақынның көп жылдар орнықты өмір сүрген жері сол өңір деген ұғымнан туса керек. Ақтан шыққан Жеменей руының қысқы қонысы Маңғыстаудың ойы екенін ескерсек, ақынды Маңғыстауда туған деудің де оғаштығы жоқ.
Нөсерлете, төкпектете келетін ағынды өлең жолдары мен көтеріңкі пафосынан ғана емес, Ақтан жырларының мазмұн, идеясынан да атамекенінің тәуелсіздігін қорғап, ел мерейін көтерген ерлік өр рух, «Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» дегендей, адамдық абзал қасиеттерді ардақтау лебі еседі. Оның жырлары әрдайым туған даласының аспанындай ашық та жарқын.
Ауыз әдебиеті мен жыраулар мұрасындағы бұқара қамы, ерлікті дәріптеу әуені Ақтаннан кейін Қубала, Аралбай, Өмір, Нұрпейіс, Ығылман, Сәттігұл, Түмен жырларында дами түсті.
Қабиболла СЫДИЫҚОВ,
Филология ғылымының кандидаты
АЙТ ДЕСЕҢІЗ, ЖАРАНДАР
Айт десеңіз, жарандар,
Азырақ жауап бастайын.
Айт дегенде іркіліп,
Бойымды балап тартпайын.
Парасатсыз жамандай
Жүрексініп саспайын.
Алысқа шапқан жүйріктей
Аяқты жайлап тастайын.
Қалағаның біз болса,
Сұрағаның сөз болса,
Қатты жауған жаңбырдай
Алдарыңды қаптайын.
Мәжіліске келген соң,
Тәңірім жел сөз берген соң,
Атасы арзан жел сөзді
Сіздерге бұлдап сатпайын.
Атасы арзан дегенмен,
Өздеріңдей жақсы болмаса,
Бостан-босқа айқайлап,
Кұр далаға шашпайын.
Айт деп бізге үлкендер,
Қаумалап қызық кұралды-ай.
Іркілейін несіне,
Болған соң басым базарлы-ай.
Мәжіліс құрған алқаны
Жүрмесем де таба алмай,
Осы отырған әлеумет,
Басымды салып базарға-ай,
"Айт" дегенде бұлдансам,
Болам ба мұнан ажарлы-ай?!
Таупиық берген Жасаған,
Асығыс келмей ажалға-ай.
Жан барында жайнайын,
Тіл барында сайрайын.
Әзірейіл кұрық салған күн,
Қаумалаған ағайын
Қаларсың бір күн таба алмай.
МАМЫҒЫН ТӨГІП ҚАЗ БЕН ҚУ
Мамығын төгіп қаз бен қу,
Көлге мекен ете алмас,
Ақсұңқар құстың зарпынан.
Азамат ердің баласы,
Пәмді басын ете алмас,
Шетке кетсе халқынан.
Ер жігіт шауып шеп бұзбас,
Айқайлап ұран шаппаса,
Аламаны шулап артынан.
Шешендер сөйлер топ жарып
Сары бір қолдың самсынан.
Жақсылық алар әркімдер
Жауаптың келген парқынан.
Келтірер ұят бетіне,
Сөйлесе күмән балшыдан*.
Адал жүріп, шын сөйле,
Асығың түсер алшыдан.
Мақтанғанмен аса алмас,
Кем болса қатар, шарқынан.
Сұрағанмен алмассың,
Көп қазғанмен қанбассың
Қайырсыз сараң таңқыдан.
Мәжіліске келген соң,
Тәңірім жел сөз берген сон,
Тартпайым басым шаршыдан.
БЕЛГІСІ
Бұл мәжіліс белгісі –
Жиналып басың құралмақ.
Батырлықтың белгісі –
Жауға шапқан ұрандап.
Палуандықтың белгісі –
Алқаға түсіп сыбанбақ.
Шешендіктіңбелгісі –
Халық жиналған алқада
Дұрыстап жауап шығармақ.
Жүйріктіктің белгісі –
Бәйгеге қосқан тұмарлап.
Жігіттіктің белігісі –
Бедеу мініп астына,
Жиынға түскен бұлаңдап.
Сұлулықтың белгісі –
Жұрт жиналған алқада
Көрініске шыққан қылаңдап.
Құр мал баққанмен қумаңдап.
Сөз баққанмен сумаңдап,
Сөйлемейік суаңдап,
Әзірейіл кұрық салған күн
Қалармыз бір күн тыраңдап.
Ақ кіреуке бөз орап,
Әркімдер жуар құманды ап.
Бұл дүнненің мысалы
Бір айдын көл шалқыған,
Ақыры бір күн суалмақ.
МЕНІҢ СӨЗІМ ҚОШАМЕТ
Кәріліктің белгісі –
Көңілдің қошы келмеген.
Жарлылықтың белгісі –
Жанын қинап өлмеген.
Жалғыздыктың белгісі –
Өзіне өзі сенбеген.
Палуандықтың белгісі –
Өнермен өрге өрлеген.
Сақилықтың белгісі –
Халықтың қамын көздеген.
Әкімдіктің белгісі –
Тентекті тыйып жөндеген.
Қаттылыктың белгісі –
Халықтың көңілін көрмеген.
Жамандықтың белгісі –
Қаумаға басы енбеген.
Төреліктің белгісі –
Аяғын басып жүрмеген.
Сұлулықтың белгісі –
Көргендер аңсап шөлдеген.
Жігіттіктің белгісі –
Мезгілсіз жүрген көлденең.
Екіталай болғанда,
Айқын жүйрік терлеген.
Кейбір жаман жыршылар.
Әншейінде ақтарып,
Сатып жүр жырын теңгеден.
Менің сөзім аяусыз
Аға менен жеңгеден.
Құлақ қойып тыңдасаң,
Зейін қойып тындасаң,
Менің сөзім қошамет,
Көңіліңді делбеген.
Билік пенен жыр басқа,
Өнердің түрі әр баска,
Ортаға сөзді салайын,
Сағыңыз бізден сынбасқа.
Жігіттің қайтар базары,
Өнерін білген бұлданып,
Шығарып тұрса қымбатқа.
Арзан сөзден ала бер,
Дүния шіркін жолдас па?!
Мысал етіп толғайын,
Жаманға айтсаң бір сөзді,
Келмейді сөзің татымға.
Жаксылығың жамандық,
Үлкейіп шығад басымға.
Жақсы сөзбен жай айтып,
Мейманды үйден қашырма.
Сөйлес десе қонаққа,
Үйде отырып айқайлап,
«Не сұрайсың?» айтынба.
Барым деп берсең, ол қонақ
Риза болар шай-суға.
Түсінгенге сөздерім
Құлағына хат болар.
Түсінбейтін жаманға,
Мал қимайтын сараңға
Айтқаның мен айтпаған
Бәрі бірдей сап болар.
Кейбір, кейбір жамандар,
Мал қимайтын сараңдар
Жыршыменен қас болар.
Зәресі шығып жыршыдан,
Үндеместен тас болар.
Ақ, қараны айырған
Қағазға жазған хат болар.
Шешендерді сынаған
Тізелескен дау болар.
Ер жігітті сынаған
Қарсы шапқан жау болар.
Кейбір, кейбір жамандар
Такылдатар таңдайын.
Қыламын деп мал жайын.
Қайдан білсін о қонақ
Ол кісінің қандайын.
Ержігігті білгесін,
Көп дәметер сауыр деп.
Қонақ іздеп қонады
Аты шыққан ауыл деп.
Көп аралап жүргесін,
Сол мінезді білгесін,
Сүйкенбейін әркімге,
«Қарап жүрген тәуір» деп.
НЕ ЖАМАН
Біріншіден не жаман?
Білімсіз болған ұл жаман.
Екіншіден не жаман?
Ананың тілін алмаған,
Қасарысқан қыз жаман.
Үшіншіден не жаман?
Үш жерінен буғызып,
Көрге салған – сол жаман.
Төртіншіден не жаман?
Төресін ғаділ бермеген,
Парақор болған би жаман.
Бесіншіден не жаман?
Бес уақыт намазың
Қаза болған – сол жаман.
Алтыншыдан не жаман?
Алғашкы алған әйелің
Көп ішіңде кеңкілдеп,
Тіл алмаған – сол жаман.
Жетіншіден не жаман?
Жеткіншіктен оқ тиіп,
Жетпей калсаң – сол жаман.
Сегізіншіден не жаман?
Серке санды ат мініп,
Сергелдең болған – сол жаман.
Тоғызыншыдан не жаман?
Торғайдай болған бір басың
Топка түскен – сол жаман.
Оныншыдан не жаман?
Оймақ ауыз қиғаш қас,
Жазық маңдай, жалқын шаш,
Бір перзенттің жоғынан,
Мұңлық болған – сол жаман.
ЖАЙЫҚ ДЕГЕН ЖАНДЫ СУ
Жайық деген жанды су,
Көзі қара қаңды су.
Біздің жүрген жеріміз
Күнде базар, күңде ду.
Мен сүргіннің сойымын
Алқалы жерде шапқандай.
Ойтаң жерде сортақ бар,
Жабыдан туған қорқақ бар.
Сөйле десең, жыршыңыз
Алдарыңда жортақтар.
Туған айға ат берген,
Ақ кағазға хат берген.
Екі ерін, тіл, таңдай,
Сөйлесін деп жақ берген.
Шықпай отыр домбырам,
Сырылдап мұның қақпағы.
Айтқан сөзге түсінбес
Адамның мисыз ақымағы.
Домбырам отыр қағылып,
Он екі перне, екі ішек
Бауырына тағылып,
Қоянға қосқан тазыдай
Бүктетіліп жазылып.
Тыңдасаңыз сөзімді
Осы араға келгенің,
Әдептен құр қалмассың
Үлкенге сәлем бергенің.
Түрлі-түрлі өлең бар,
Айта берсек, өнер бар.
Түсінетін адамға
Ретін айттым терменің.
Ұядағы балапан
Ұшатын күні болғанда,
Қанаты әбден толғанда,
Істейді о да көргенін.
Жолдас болсаң жаксымен,
Дұшпаныңды жеңгенің.
Адамдықтың белгісі –
Біріне бірің сенгенің.
Құлағыңды сал, жігіттер,
Жарлымын деп мұңайма,
Жеті мүшең сау болса,
Құдайдың сол бергені.
ӘЛЕУМЕТ, КЕЛДІҢ ҚАУМАЛАП
Әлеумет, келдің кұралып,
Сөз базарын құралық.
Айтулы жүйрік мен едім
Алысқа шапқан шұбалып.
Әлеумет, келдің қаумалап,
Сөйлейін сөзді саумалап.
Пұл жіберіп, базардан
Алғаным жоқ саудалап.
Жылқы ішінде шұбармын,
Шұбарға таққан тұмармын.
Өзім шұбар болған соң,
Әрі-бері сөйлеп қызған соң,
Топтан ойнап шығармын.
ТОЙБАСТАР
Тұсыңа келдім, жарандар,
Тұрмаймын кейін бойбалап.
Халық әдеті болған соң,
Сөйлеймін әуез созбалап.
Тұяғым тайпақ сүргінмін
Түгескен топты жорғалап.
Дидар болып сөзіме,
Әлеумет тұрсын омбалап.
Сөз әділін табармын,
Жалқаулық етпсй қорғалап.
Сұрағаның сөз болса,
Қалағаның біз болса,
Төгейін жырды қауғалап.
Екпіндесем, кетермін
Акбөкендей ормалап.
Құдай жолы – айт пен той
Мерекеңе кез келдік,
Мен – байрақты жүйрік саңлағың.
Сайқылықпен көп кездім
Әлімұлы, Байұлы,
Тама, Табын – Жетіру
Кіші жүздің аймағын.
Сол кезгеннен бері қарай
Мәжіліс-базар құрылса,
Мереке-сауық ауладым.
Үлгі көрген тегің бар,
Инабатқа жөнің бар,
Ойласам байқап аржағын.
Той базарын құруға,
Әлеумет, бізге бұйырдың,
Сіздерден рұқсат болған соң,
Мен – ежелгі бәйгігер,
Байрақты жерде жүгірдім.
Алқа кұрып, әлеумет,
Тамашаға жиылдың.
Бүгін емес, қашаннан
Халықтан қалған қағида,
Ерсілігіболар ма
Қанша айтсам да мұнымның?!
Мен несіне бойым тартайын,
Шын жүйрігі болған соң
Таңбалы тайпа, рудың.
Жүз биасыл тай болмас
Бір сөзіне бұлдының.
Сөйлеген сайын табармын
Пормылы сөздін кұрғырын.
Жауаптың парқын түгендеп,
Түгеспесек те сөздің ұрғынын.
Құдай жолы – айт пен той
Үйреткен Хақтың бұйрығын.
Әуелі тудың анаңнан,
Бәлиға болып бой жасап,
Несібе жидың адалдан.
Өз перзенті болған соң,
Атаң менен анаңның
Көңілі өсіп ағарған.
Жарамсыз хабар естімей
Туысқан, іні-ағаңнан,
Қатарыңның тұсында
Тәрбиең озды адамнан.
Шарапат, шүкір, көрерсің
Басыңда тұрған заманнан.
Бұл күндері болғанда,
Қызығыңды көруге
Аямай дәулет шашылған,
Салтанатты асырған.
Мырзалықтың белгісі –
Алқаға жолдық шығарған.
Дәулетті берді бір Алла
Шашуыңа жеткендей
Жалғаншыда жұбанған.
Көзіңді салдың қияға –
Бойыңды түзеп сыланған.
Көргенділік белгісі –
Қолайсыз жерден ұялған.
Қадірмендік белгісі –
Еңбек етпей сый алған.
Атаң менен анаңның
Қолынан кетіп барасың
Перзентім деп куанған.
Көргенде сіздей асылды
Лайықтап сөз айтып,
Ақтарып өнер шығарған
Мен – жүйрігі алаштың
Қашқанды тұтқан қияннан.
Тойыңды тұрмын бастарға-ай,
Бақадар халше сөйлейін,
Бойымды балап жасқанбай.
Зайыйқатты баласың,
Толықтырып мақтарға-ай
Қыз-келіншек, кей құда,
Жігіт, бала, қарттарға-ай.
Көрініп топқа естірге,
Қазақшылық дәстүрге
Кез келген шайыр айтпайды-ай.
Шуламай,тегіс естіңіз,
Болған соң сауық кәсібіміз,
Тыңдап алың, жасқанбай.
Сынауға тұрған сұрғыл көп
Келіп тұрған қапталда-ай.
Запызым шырын татқандай.
Жадағай емес, астарлы-ай.
Несі жүйрік жүйріктің.
Кезіне келсе бас салмай.
Майысады сөздерім
Қайранға біткен жас талдай.
Тамашаңа жиналды
Миллион байтақ ұлы жұрт,
Шамалы жерде халық қалмай.
Енбек етпей оза ма,
Желікпей арқа қоза ма
Алқаны көріп шаттанбай?!
Әуелі сөзді жаратқан,
Миуалы дарақтан
Нәсіпті бақпен шашқандай.
Кеудеде жанның барында,
Кетпей тұрып жазымға
Қимылдалық шақ барда-ай.
Келгеннен соң бұл жерге,
Оңтайландым түзерге
Баланың парқын мақтарға-ай.
Қолаң шашты, қой көзді,
Тұмар жүзді ақ маңдай.
"Кетемін" деп, жарқыным,
Уайым етіп өкінбе,
Озалдан бұйрық болған соң,
Әркімдер сендей аттанды-ай.
МЕН – АДАЙДЫҢ АҚТАНЫ
Мен – Адайдың Ақтаны,
Шежіре-шешен тақтағы.
Алқалы топта аршыңды
Тұлпары едім баптағы.
Мен – Адайдың Ақтаны,
Сөйлесем, сөзім тақталы.
Бөгесе, бөгет бермейтін
Қаратаудың акпары.
ЗАМАНҒА ҚАРАЙ САЗ КЕРЕК
"Ақшұнақ қоян" аталатын жұт жылы Ақтан үй-іші де азын-аулақ күнкөріс малынан айрылады. Ол Ойыл қаласына кәсіп іздеп барып, ноғай саудагеріне тері илеуге жалданады. Ақынды көрген біреу:
– Адайдың Ақтан деген ақыны осы ма? Бү да ештеңе емес екен ғой, тері илеп жүрген, – деп күлсе керек. Сонда Ақтан айтыпты:
Айдынға үйрек, қаз керек,
Сұлуға құшақ, наз керек.
Жырға әуез бен саз керек,
Теріге пұшпақ баз керек.
Тері жаймай Ақаң не қылсын,
Заманға қайрай саз керек.
ҚАРАЖАН ҚЫЗҒА
Отырған қарсы алдымда әдемі қыз,
Мөрлеген ақ қағаздай мәнеріңіз.
Қиғаш қас, оймақ ауыз, нәркес көзді –
Жалғанда жайнап тұрған әдемі жүз.
Сөз болса, қалқам, сізге бізден бұйым,
Бұйымың біздей жанға болмас қиын.
Өзіндей пұл білерлік болмаса ару,
Жаманның керегі жоқ жалғыз тиын.
Көңілге медеу тұттық елде көріп,
Зауық еттік ойын-күлкі пелде көріп.
Жүргенде қыдырысып ойнап-күліп,
Жылқыдай кеттің, досым, желдеп өріп.
Сұңқылдап бір жар едің ұшқан қаздай,
Сол күнде лап көтерген айттық назды-ай.
Бел байлап ашықтыққа жүрген едік
Айдында көл шайқаған дауылпаздай.
Барасың күнім қапы көл шайқаған,
Баянсыз жалған, сені кім байқаған?!
Дүние сіз кеткенде болар сағым
Көп жүріс ақбөкендей жер сойқаған.
Жамандық жақсы болмас көнгенменен,
Жақсыға мұрадың ғасыл ергенменен.
Қаражан, көңілдесім, құрметтесім,
Бейшара болдың бірдей өлгенменен.
Үдеріп елім көшті Барқын құмға.
Қаражан, қайда кеттің, халкың мұнда?
Сен кеттің бір жат елге бауыр басып,
Мен қалдым баулы құстай талпындым да.
Кетіпті бөліп жігін күзгі Табын,
Өксіген айрыларда құлан қағын.
Барасың қолдан кетіп, кұрметтесім,
Қош, аман, енді сау тұр, боз каңбағым!
АЯҒЫНА ҚАН ТҮССЕ
Аяғына қан түссе,
Айрылар жүйрік ағыннан.
Тұрасынан мертілсе,
Тұлпар қалар қарғыннан.
Көтермешің болмаса,
Топта туың жығылған.
Көмекшіңіз болмаса,
Бәйгіден атың қалынған.
Айдын көлден сән кетер.
Айырылса қу мен қазынан.
Аспанның нұры тамбаса,
Көл қалады шабыннан.
Қонысына бақпаса,
Аруана қалар сауыннан.
Денеден артық жүк артса,
Нар да қашар ауырдан.
Бағым болып, қолға өссе,
Нәндік қалар аюдан.
Парақор болып құнықса,
Әділдік қалар ханыңнан.
Уағыда байлап сенбеңіз,
Торығар көңілің залымнан.
Жасы жетіп меңдесе,
Ер айрылар қарудан.
Сәні болмас бұлбұлдың
Саясыз жерге саз ұрған.
Қырындаса дәулеті,
Сахауат кетер байыңнан.
Баяны кетсе қызметтің,
Еркіне кетер бағынған.
Пайдасы елге тимесе,
Жақсы жаман жарымнан.
Өсиеті өтпесе,
Надан жақсы ғалымнан.
Ажал, саған не шара,
Хақтан әмір болған күн
Кен дүнияң тарылған.
РЕТІ
Бөкен тонын жамылса,
Көкірегі қабынса,
Теріс қабаққа бағынса,
Ажалы жеткен майталман,
Көп ұзамай табылса,
Бұл – сұр мергеннің реті.
Сұрқыл болса заманға,
Зирек болса қаламға,
Қаламы түссе базарға,
Қаламымен қас болған
Қалынса үлкен зарарға,
Бұл – заңғойдың реті.
Ер жігіт елін меңгерсе,
Жетімдерге жем берсе,
Жесірлерге жер берсе,
Алдында тентек жөнделсе,
Әділдігін ел көрсе,
Бұл – азаматтың реті.
Алқада жауап сөйлесе,
Түюлі сөзден аспаса,
Десте-десте сөз жөнін
Ретімен сәндесе,
Кемелдігін парықтаса,
Билігін алаш мақтаса,
Төмен жауап айтпаса,
Уәдесін сатпаса,
Қалдырып әділ сөздерін,
Көңілінде танбаса,
Сабырсыз сөзден қатпаса,
Орнына қойып баршасын,
Бір-біріне шатпаса,
Пікірге кәміл жұрт озған
Бүл – шешеннің реті.
ҚАУМАЛАП ХАЛҚЫМ КЕЛГЕНСІН
Қаумалап халқым келгенсін,
Селдетпей топан жел сөзді,
Көрінбейін бекер жек.
Мүбәрак ақын дегесін,
Сөйледік әуез бес өңдеп.
Әуеліден-ақ тіледік
Білгенді жұртқа десем деп.
Айтады Хақтың кәламы
Жұмақты сегіз, дозақты
Есітеміз жетеу деп.
Сол дозақта қалмалық.
Аса алмай жолда мешеулеп.
Таңдайына татымас
Абыл менен Нұрымнан
Дәніккен жұрт секер жеп.
ҚОЛЫҢНАН КЕТСЕ СЕНГЕНІҢ
Біразырақ сөйлейін,
Көтеріп көңіл қошын-ай.
Ренжиді көңілім,
Өтесің, дүние, босына-ай.
Аз күн бір жүрміз айналып
Көктеген жердің отына-ай.
Көңілді паһам аулайын,
Аударып зауал осылай.
Азғын тартар қаз бен қу,
Суалса айдын көлдері.
Өзеннің бойы құлазыр.
Жайлаған кетсе елдері.
Тиянақ кетер дариядан,
Бұзылса шалқып сеңдері.
Дарияға кеме жүзе алмас,
Құрсаулы кетсе шеңбері.
Бай мұрадан айрылар
Атадан қалған қылыш бау
Алынса сандык, теңдегі.
Айдынды туған ер жігіт
Кемшілік табар майданда,
Семсері кетсе белдегі.
Заманнан заман оралса.
Балыққа шортан жем болар
Қарағай басып өрдегі.
Алартқан көзін алашқа
Әйләдір менен қалмаққа
Алынбай кеткен шемдері.
Асылдар кетті қолымнан,
Нұрқасым, Қорек заманда
Азбай бір тұрған белгі еді.
Ниеті таза, көңілі хат,
Жаралған абзал пенде еді.
Айран болады екен ақылың,
Уақыты жетпей қапыда
Қолыңнан кетсе сенгенің.
КӨРІНЕР
Аққулар көркем көрінер
Айдын шалқар көлдегі.
Құралайдың балдары –
Бұл да көркем көрінер
Орғып қашқан шөлдегі.
Қатарланған қалың көш –
Бұл да көркем көрінер
Сағым шалған белдегі.
Қыз, жігіт көркем көрінер
Қалың дара елдегі.
Аруанадан туған кез өркеш –
Бұл да көркем көрінер
Айт-айт деген жердегі.
Қыз бала көркем көрінер
Беттегі нұрлы қанменен...
Бәйбіше көркем көрінер
Тұсында болған байменен.
Бие мал көркем көрінер
Соңынан ерген тайменен.
Ел биі көркем көрінер
Төресі әділ ханменен.
Еділ көркем көрінер
Жағалай біткен талменен.
Арғымақ көркем көрінер
Өкпе, бауыр, жалменен.
Жиналып келген, көпшілік,
Аз айтты деп сөкпеңдер,
Еркінше даусым шықпады,
Осылай айттым жайменен.
КӨҢІЛ АЙТУЫ
Ағузыбіллә тартуға,
Тіріге қайыр айтуға,
Орнына келдік жақсының,
Бәсі қымбат даңқтының.
Қыранынан айрылып,
Пұшайман болып қайғырып,
Отырған осы халық бүгін.
Рухың сүйіп ұшыпты
Бейіштегі тәттіні.
Алды өзіңе, арты біздерге
Қайырлы болсын, бақыттылым.
ҚОЙДЫ ҚОЙШЫ БАҚҚАНДАЙ
Өлім жүр ғой сыртында
Қойды қойшы баққандай.
Қабырғаңа қара жер
Тиер бір күн мақпалдай...
ОРЫНБОР, ҮЙШІК – КҮЗ БАЗАР
Орынбор, үйшік – күз базар
Төрт жүздей кісі бірігіп,
Мәжіліс отыр құрылып.
Мен – жүлделі жүйрікпін
Бөгелмейтін кідіріп.
Қайнарлы бұлақ, өзенмін,
Емеспін таңқы құрылық.
Тұяғым желді тұлпармын
Топтан озған ұрынып.
Қызғалдақтың күніндей
Баянсыз екен тірілік.
Артық-кемді сөйледік,
Жырменен көңіл делбедік,
Бір күн келер Алладан
Мәлекелі мауыт бұйырық.
Көп назары – бір назар,
Көп ажарын сындырып,
Кейбіреулер бұлданар,
Өнерін бұлдап тұлданар.
Айта қалса аңырып,
Сөз таба алмай қиналар.
Жорға тілім жылмиып,
Айтқан сайын сырланар.
Дүния, сенің жүзіңнен,
Мезгіл бітсе, кім қалар?!
Адамзаттың баласы
Өлшеулі өмір шамасы,
Міне, сөздің тазасы.
Малдың сыртта аласы,
Адамның іште қарасы.
Алла болса панасы,
Ешкімнің болмас шамасы.
Ей, жігіттер, жігіттер,
Асылыңды айтайын:
Атаның белде суысың,
Ананың белде шуысың.
Ғұмила болып біткен соң,
Тоғыз ай, он күн туысың.
Жадыңа тұт, жамағат,
Жалған деме, мұным шын.
Емшек сүтін ас біліп,
Басқа адамды жат біліп,
Жыл – он екі ай болғанда,
Есейіп жейсің тамақты.
Күннен күнге ұлғайып,
Суретің болар мазатлы.
Атаң менен анаңа
Оны – мүны сөйлейсің,
Сөйтіп көңіл делбейсің.
Тоғыз, онға келген сон,
Түрдің бәрін ойлайсың,
Иманыңды қорғайсың.
Нәпсің теріс бастаса,
Бұйқыт жатқан шайтанды
Жолдас бол деп қозғайсың.
Күнәлі құлдар дүнияның
Мән-пақатын көздейді.
ІІайда менен залалды
Тіршілікте сезбейді.
Не салса да бір Алла,
Көтерерміз төзіммен.
Қара сақалды әкеңді,
Қара шашты шешеңді
Көрерсің әлі көзіңмен.
Киялыңа келгенді
Айта алмайсың қорғалап,
Именіп өз сөзіңнен.
Қашар жерің болмайды
Кәрілік деген көрімнен.
Алпыс-жетпіс асқан соң,
Ілгері қадам басқан соң,
Желмаядай астыңа
Жүрдек көлік таппайсың.
Келінің мен балаңды
Күнің үшін мақтайсың...
ЕРЛІК ЖЫРЫ
Дүния пәни болғалы
Өтпеді кімдер заманнан,
Хауа менен Адамнан?!
Неше бір ерлер өтулі
Егескен жерден ар алған.
Қазақ – Алшын – Байұлы,
Сегіз арыс Адайдан.
Рет-рет ер өтті
Қарғытқан атын қамалдан.
Жүйрік кемел би өтті
Сөзінен жұрты пәм алған.
Қытаң заман тап болып,
Уақытта мынау азайған
Найза ұстаған Адайда
Ер өткен жоқ Шабайдан.
Бір азырақ айтайын,
Айта алсам, парқын байқайын,
Бердәулет пен Жоламан –
Ер жүрияты шабаздан.
Солардан ерлік көргелі,
Хал-ауқат етіп біз жүрміз,
Өлмессің бұрын қазаңнан.
Тұсында болған белгілі
Тарғыннан асқан ерлігі
Қалмақты қуған Шағаннан,
Ноғайлының елінде
Ер Мұсаның баласы
Орақ пенен Мамайдан.
Хан базарлы шәһәрінде
Қауіп ойламай ажалдан,
Тұсынан озып баға алған.
Мың кісіге балаған,
Әлкен ханды өлтіріп,
Орнына ісін келтіріп,
Ерлікпенен ар алған.
Ертедегі ерлер болмаса,
Базарлы жерде бас кесіп,
Хан өлтірген батыр жок,
Заманда осы азайған.
Ер Шабайдың тұқымы
Берен батыр сазарған.
Он екі болыс үстінен
Хәкім болып қараған,
Еріткен нөкер аламан,
Әлке сынды хандарды
Табармыз деп даладан,
Болмаса шәһәр-қаладан.
Өлтіріп ханын шіренген,
Артын кұнсыз жіберген.
Осал деп ісін кім айтар
Бүл екі батыр баланы-ай,
Сүйінді жақын талайы-ай.
Әлімұлы, Байұлы.
Мынау бір Алшын –
Адайда Ер Шабайдың орнының
Нағыз екен тұқымы,
Жоқ екен қоспақ қаяуы-ай.
Жүйрік екен баршасы,
Жок екен қырсау шабаны-ай.
Жырламасқа жол бар ма,
Іс еткен соң бұлардай.
Біраз ата орнының
Белгісіз жатыр талайы-ай.
Өрден шыққан батырлар
Атақозы, Бердібек,
Ерлік қылған белгілеп.
Есен, Сүгір, Шабайды,
Шотан, Қармыс, Қонайды,
Тұсында ешкім бұларды
Айтпаған екен кем-ді деп.
Қайсы бірін айтайын,
Ертеде өткен атақты
Асыл ердің орны көп...
Бұлардан бұрын өнерлі
Беріштен шықты қос батыр –
Исатай мен Махамбет
Анау бір жатқан Нарыннан.
Арыстан ханды өлтірген Ерназар.
Бекет бұл шықты
Жоғарғы Шекті калыңнан.
Ерлік етті Ер Мыңбай,
Сұлтангелді, Көктаубай
Есентемір қарымнан,
Жау көрмесе, сағынған.
Асау, Тұрлан бұл шықты
Шеркеш деген сауырдан.
Қатарынан қайтқан жері жоқ
Қарсыласқан жауынан.
Патшамен Өтен қас болып,
Қазаға жалғыз тап болып,
Қаратаз бен Адайдың
Кешегі бір күндерде
Жанына батып ауырған.
Қала өртеп, ояз өлтірген
Иса, Досан бұл шықты
Адай деген ауылдан.
Құтылды Иса жазадан,
Досан өлді қазадан.
Сөйтіп қайрат, қаһары
Бізден талай табылған.
Қафур менен Исаның
Билік беріп қолына,
Астана халқы бағынған.
Асыл туған билерім
Ақыл тапты нағыздан.
Кешегі өткен күндерде
Арын іздеп елінің,
Аманияз сабылған.
Жауларын талай өлтіріп,
Орнына ісін келтіріп,
Жүрегін басты қабынған.
Қайсы бірін айтайын,
Біздің Адай ерлері
Ерегескен дұшпаннан
Талай арын айырған.
Амантұрлы, Қожалак,
Мыңбай, Төкеш, Құлбек –
Айтулы ерлер өтіпті
Аюдайын ақырып
Жалыны шыққан аузынан.
Сол ерлердің ішінде,
Бердәулет пен Жоламан,
Оғы қардай бораған.
Құрбысынан озаған.
Қапияда ханды өлтірген,
Сөйтіп отын сөндірген.
Ерегессе ертілген,
Дұшпаннан қайтқан жері жоқ
Шабайдан бергі мезгілден.
Таңғалып халық шошыды.
Базарлы жерде тал түсте
Тайсалмай қылған белгіңнен.
Айтқанда аузым толады.
Басыма дәурен қонады,
Болмаса жазым ернімнен.
Біздің елдің ерлері
Қорлыққа, сірә, көнбеген,
Соғысқан жауын дендеген.
Тоқтамыс ханды өлтірген
Ертеде өткен Едіге
Абайласам деңгелің.
Қала өртеп, ояз өлтірген
Иса, Досан болмаса,
Ерлігі шақ келмейді өңгенің.
Базарлы жерде, тал түсте
Тайсалмай әкім өлтірмек
Бұ заманда, жігіттер,
Қолынан келмес пенденің.
Әбүйірлі жұрт едік,
Шабаным жүйрік,
Шалғайым берікке теңелген.
Біздің Адай ішінен
Кереметті пір шықты
Ұранда атын иеленген.
Жәрдем көріп сасқанда,
Сиынған пенде кенелген.
Айбынды ерлер көп өтті
Кіреуке киген,беренмен.
Акылдылар өтіпті
Кеңесіп айтқан тереңнен.
Айтқыш тақ-тақ жыршы өтті
Сөз лазымын кезенген,
Қаумалаған халыктың
Тарқатқан шерін өлеңмен.
Бармағынан бал тамған
Не шеберлер өтіпті
Үлгі берген өнермен.
Қыдыр көрген бай өтті
Дәулеті толып кемелге,
Ортаймаған кемерден.
Балуан өтті балтырлы,
Алысқан алыпты шөгерген.
Көріпкел тәуіп – бұ да өтті
Ажалы жоқ пендеге
Себеп қылған демеумен.
Біздің Адай ерлері
Жүре қойса сапарға,
Қазанат мінді бедеумен.
Бұлардан белгі қалмады
Заманда мынау көнерген.
Білгенімді мен айттым,
Риза болсаң, әлеумет,
Қай шаршыда кысылмай,
Шығарған жауап көмейден.
Тұрғанда жел сөз басымда,
Ерлерімді жырламай,
Не көремін өнерден?!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.