Өткен жұма күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ақын Абылайхан Мақсұтовтың «Мен өлең оқимын» атты поэзия кеші өтті. Бұл поэзия сағатын ұйымдастырған «Әдебиет порталы» еді, порталдың қолға алған жаңа жобасының мақсаты – шалғайдағы қаламгерлердің шығармашылығын насихаттау екенін де айта кетейік.
О бастан «осындай ақын бар еді» деп Абылайхан жайында айтып жүрген ақын Асантемір Қаршығаұлы: «Ауылда туып, оқырман қауымның жүрегіне өлеңін қонақтатқан ұлдар көп шығар, Абылайхан Қадырқұл деген құрқылтайдың ұясындай жиырма шақты ғана түтін бар жерде, сол қара шаңырағынан ұзамай жүрген ақын. Осы жолы анасына Астананы көрсетейін, осындағы аға-апаларыма жырдан шашу шашып көрейін деп келген қадамына сәттілік тілейміз», – деп кешті өзі бастап жүргізді.
Абылай өлеңдерін оқыды.
Ауыл, аспан, бұлттар, махаббат, Айсұлу...

Ақынның жүретін жолы хақ, жететін межесі неғайбіл
Сұраған Рахметұлы, ақын:
– Жалпы әлемде ауылдан шыққан ақындардың жеткен жетістігі, биігі қалада отырып жыр жазған ақындардан әлдеқайда кең, әлдеқайда толық, әлдеқайда биік. Жаңағы өлеңдерге қарап отырған кезде таза лирика, анау бұлт дегеннің өзі көрпе болып жатыр, киім болып жатыр, онда бұлттарды ойнату, жалпы бір ерекше шеберлік бар. Арасында, әрине, айқай бар, эмоция бар, анау жастыққа тән бір ерекше ішкі желік бар, тырнақшаның ішінде. Солардың бәрін поэзия деп айтуға келетіндей бауырымызбен жолығып отырмыз. Қашанда ақынның өзінің жүретін жолы хақ, жететін межесі неғайбіл, бірақ, ауылда тамыры бар ақынның қай уақытта да жеміс беретініне сенемін.
Бірақ, әлемде бір айтылмай жүрген дүние бар, әлемдік деңгейге жету үшін ауылдың тамыры сені үнемі артқа тартып тұруы мүмкін, былай айтқанда анау көңге, алаботаға, жантақтың арасына, басқаларға. Түйенің табанындағы бір ерекшеліктерге қарай, ауылдың өзінің ғажайыптарына, сен айтқан жапырақтардың арасына тартып тұруы мүмкін, бірақ үлкен өркениетте ауылдан ғажап дүние жоқ. Қазір мынау жасанды интеллекті дәуірінде бізден де гөрі басқа өркениет, мысалы, жапониялықтар ауылды ғана сағынып жүреді, ауылды аңсап жүреді және сол ауылды қызықтап жүр. Анасының алдында өлең оқып тұру деген сөз әлемдік биікке жеткен деген сөз. Ақын өлеңді тапсырыспен жазатын кезге келіп жатырмыз, қазір мына мүшәйраның барлығы тапсырыс, тапсырыспен өлең жазу деген қисынға, теорияға келе бермейді. Ғажайып ақындардың өзі кішкентай ақшаға қаржыға, анау-мынауға бас иіп, сол бірдеңе жазып жатыр. Бұл поэзияның өміршеңдігін көрсетпейтіндігі.Ссондықтан құдай сені содан сақтасын. Бірақ та мынандай төгіліп тұрған өлең жазып, мүшәйраларда жоғары деңгейде бас бәйге алуыңа тілектеспін, қай уақытта да бұл қазір қажет, бірақ, ол. баға емес. Қазір бізде жетпей жатқан бір мәселе –исенің өлеңіңді талдайтын сенің тағдырластарың яғни сенің дәуіріңде өлең сыншылары бар ма? Егер сыншы бар болса, онда саған қанат бітіріп жіберер еді. Міне, бір шоғыр ағаларыңа жақсы өлеңдеріңді оқып жатырсың, барлығы жүрегімен тыңдап отыр, осы инерцияң саған мәңгілік өлеңнің деңгейінде қалуына мен өз ішімнен үміт етемін.

Алматыға бармай-ақ, Астанаға келмей-ақ...
Елена Әбдіхалықова, ақын, композитор:
– Ішінде қазақтың сөзі бар өлең оқып жатқанда менің көзіме Батыс Қазақстанның Ақжайық өңірінің біраз жақсы азаматтары, жақсы тарихы, қиын тарихы, тарғыл тарихы дейікші, солар елестеді. Мынау менің көзім көрмеген Жұбан ағамыз елестеді, көзіміз көріп, батасын алған Қадыр ағамыз елестеді. «Мына Ақжайықтың жері не деген кең еді!» деп ішімнен ойлап отырмын. Қазір біз қазақтың рухы өлді, тілі өлді деген сөздерді айтамыз ғой, бірақ, қазақ тілінің рухы өлген жоқ, өлмейтіні – рухы сол қазақ өлеңінің төңірегінде жазылып жатыр. Алматыға бармай-ақ, Астанаға келмей-ақ осындай деңгейде өлең жазып, осындай деңгейде қазақ поэзиясын көрсету – сол еңбектің нәтижесі деп ойлаймын. Сондай бір рухты дүниелерді тыңдадым. Ішінде ән жазатын өлең бар ма екен деп бүйтіп құлағымды тігіп отырдым, әсіресе, лирикалық өлеңдер «сүйдім, күйдім, сен болмасаң өлдім» дейтін қазір әбден “тізесі шыққан” сөздерді пайдаланатын өлеңдер емес, кәдімгі құйылып түскен сақа алтындай екен. Міне, Фариза апайдың залында отырмыз, апай ауылда жүріп өлең жазған, ауылда жүріп әдебиетке деген, өлеңге деген адалдығын танытқан, өнерді жанындай сүйген Абылайхан сияқты балаларды жақсы көретін. Апай тірі болса, маңдайыңнан сүйер еді, айналайын, жолың болсын!

Сондай-ақ, жазушы Айгүл Кемелбаева, елден келген ағалары Талғат Қайрекеев сияқты азаматтар кеш иесіне жақсы сөздерін арнап, ағалық, әпкелік ықылас-ниеттерін білдірісті. Кеш соңында «Әдебиет порталының» тілшісі, ақындарға ақжолтай ниеті бар осы жобаны жүргізуші Олжас Сәндібек Абылайханға Қазақстан Жазушылар одағының Астана филиалы басшысы Бауыржан Бабажанұлының сәлемдемесін жеткізіп, Тәуелсіздіктің отыз жылдығына орай Астана әкімдігінің демеушілігімен шығарылған отыз кітапты тарту етті. Сонымен бірге, «Әдебиет порталының» Абылайханға деп арнайы жасатқан сыйлығын табыстады.




Өлең жайлы үзік ой
Өткенде Абылайханды Астанаға келіп өлең оқиды екен деген хабары жеткенде, «Әдебиет порталына» бір топ өлеңі жарияланды. Оқыдық. Өлең жайлы әлбетте ақындар жақсырақ ашыңқырап айтатын шығар, біз қарапайым оқырманнның көзімен қарадық. Сол бір топ өлеңнің ішінде:
Мен алыста жүргенде сағым қуып,
Сен жырақта жүрмісің сағындырып?
Жұлдыздарға көз салып жатырмысың,
Аспанның мақпал бұлтын жамылғы ғып? – деп басталатын өлеңі бірінші тұр екен. Лирика көп оқырманға жақын ғой, бізге де солай, осы өлеңде ақын жігіттің ішкі әлемі аспан образы арқылы ашылады. Осындағы жұлдыз, мақпал бұлт, ай, аспан деген бейнелер бір-бірінен бөлек ұғым емес, өлең ішінде біртұтас эмоционалдық кеңістік құрап тұр. Жас ақынның ойлау ауқымы кең екен деп тамсанбай-ақ қояйық, бірақ, жердің бетінде деп жүрген сағыныштың өлшемін көк жүзінен де көруге болады екен.
Желсіз түн, жалқы мұңым жанымды үгіп,
Отырмын тақуадай сабыр қылып.
Бұндай күй әркімнің-ақ басында кемінде бір рет болса да болған шығар, автор сыртқы тыныштық пен ішкі күйзелісті осылай өте дәл қабыстырыпты. Желсіз түн дегеніңіз тыныштық та, ал «жанымды үгіп» деген іштегі нәрсе. Яғни контраст айқын. «Тақуадай сабыр қылып, Тәңір де тəк демеді» деген жолдардың дін жолына қатысы жоқ, бірақ, бұл тағдырға мойынсұну мен ішкі қарсылықтың қатар тұрғаны. Әрі-беріден соң автордың мән іздейтін лирикаға ұмтылысы екені анық.
Сондай-ақ соңғы шумақтағы: «Сағынышым құзар шың, жарда құшқан», дегенде сағыныш қалай биік болса, тап солай қауіпті де, бірақ, бәрібір, асқақ, әдемі қалпында.
Бұл күнде..
Ұшырап тағы кетер ме екенбіз үркінге?!
Бейсеубет бір жан келер ме екен деп мені іздеп,
Талаурап тұрам,
Алпыс екі тамырым бүлкілдеп.
Ұғар кім?
Жабырқап жүрген мұңлығыңа да сыңармын.
«Қазақстан – жұмақ» дейді түйсігім,
Күнəдан ада шығармын...
Екі рет оқып көріп, бұл өлеңді ішкі күйзеліс пен сергек сананың қақтығысы ретінде қабылдадым. Бұндағы лирикалық кейіпкер өзін өліара шақта тұрғандай сезінеді, яғни мігірсіз, өзгермей мезі қылған тіршілік пен рухани шаршаудың арасында қалып қойған. Және осы күйін ашық мойындауы оны ішкі жарылысқа жетелейтіндей ме...
Ойды көкмойнақ атқа теңеу ойдың жүгенсіз, асау екенін аңғартады.
«Бұл күнде. Ұшырап тағы кетер ме екенбіз үркінге» деген сұрақта тарихи жад пен бүгінгі үрей қабаттасады. Үркін ұғымы ұжымдық жараны қозғайды десек, ал жеке адам сол жараны өз бойынан өткізіп тұр. Ақын сезінетін жарақат бұл.
Айтпақшы, осы өлеңдегі соңғы жолдар өлеңді басқа деңгейге көтеретінін байқаған шығарсыз, өйткені, «Ұғар кім» деген күмәннен кейін «Қазақстан жұмақ» дейді түйсігім», – деуі сыртқы күйзеліс пен ішкі сенімнің қарама-қайшылығы емес пе?
Мынау қоңыр мұңым ба,
Мынау қоңыр жолым ба?
Қоңыр мұңға ілесіп,
Бара жатыр сорым да...
Бұл өлеңі өте қоңыр, өте баяу.
Біз-оқырман да өзгеріп бара жатырмыз, соңғы кездері сезім әдеміленіп-әрленбеген, жонылып-қырналмаған, сол күйі берілген пафоссыз дүние іздейтін болдық. Ал өлеңде тағдыр мен табиғатты қатар сөйлету бар. Өлеңдегі қара ағаш образы тек сыртқы деталь емес, лирикалық кейіпкердің ішкі күйі екенін сіз де түсініп отырсыз. Өйткені «ол да өкпелі тағдырға» деп отыр.
«Жылайтын жас қалды ма» деген сұрақ туралы айтсақ, бұл жол тек шаршауды емес, ұзаққа созылған рухани қажу сияқты ма, әйтеуір, көз жасы да тазарта алмайтын хәлге жеткендей әсер қалдырады. Абылайхан отызға енді келген жігіт. Неге бұлай дейді? Біз, әрине, жап-жас болып күңіренбе деп ақыл айта алмаймыз, біраө, өлең кейде тағдыр да. Дегенмен, Тәңір бейнесінің өлеңде жазалаушы емес, соңғы үміт ретінде көрінгені ұнады.
Оқырман ретінде Абылайханға айғайсыз, қарапайым өлең жаза бер деген тілек қана бар.


