Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ
/
Мо Янь. Салпы омырау, сал бөксе (романнан үзінді)...

Мо Янь. Салпы омырау, сал бөксе (романнан үзінді)

04.04.2026

48

Мо Янь. Салпы омырау, сал бөксе (романнан үзінді) - adebiportal.kz

Қытай тіліндегі әдеби шығармаларда кейде кейіпкердің фамилиясы, кейде аты, кейде жанама аты айтылып, осы тіліндегі шығармаларды оқуға әдеттенбеген оқырманға қытай кейіпкерлердің атын еске сақтау недәуір қиындық әкеледі. Оқырмандарымызға түсінікті болу үшін, кейіпкерлердің мен жер-су аттарын қытайша мағынасына жуықтатып қазақша алдым. Оның үстіне «Шаңгуэн», «Сыма» сынды екі әріптен тұратын фамилияға адамның өз аты қосылғанда тіпті қиындай түседі. Мысалы, шығармадағы «Шаңгуэн» фамилиялы отбасында сегіз қыз, бір ұл бар, әке-шешелері басы бақырдай ұл сүйсек-ау деп әрбіріне ырымдап ат қойған. 

Осы романда берілген бас кейіпкерлердің тізімі мынадай: 

Ана: Шаңгуэн Лушэ, Өмірұзақтың кемпірі, ғасырға таяу жас жасайды. 

Тұңғыш қыз: Шаңгуэн Лэйди Ұлкелсін

Екінші қыз: Шаңгуэн Жауди Ұлшақыр

Үшінші қыз: Шаңгуэн Лиңди  Ұлерсін

Төртінші қыз: Шаңгуэн Шияңди Ұлсағын

Бесінші қыз: Шаңгуэн Пэнди Ұлберсін

Алтыншы қыз: Шаңгуэн Ниянди Ұлбосын

Жетінші қыз: Шаңгуэн Чюди Ұлтілеу

Кенже қыз: Шаңгуэн Үйнүй Гауһар, Алтынұлдың егізі.

Мен: Шаңгуэн Жинтұң Алтынұл: Ардасына дейін омырау емген, омырау құмарлық әдеті күшті. 

Шаңгуэн Шоуши Өмірұзақ: Ананың күйеуі

Шаңгуэн Фулу Өмірбақ: Темірші, Өмірұзақтың әкесі.

Шаңгуэн Лишы Өмірсара: Өмірбақтың әйелі.

Сыма Тиң Сымабай: Далань ауылының байы.

Сыма Ку Сымағұл:Сымабайдың інісі, Ұлшақырдың күйеуі.

Сыма Лияң –  Сыматұр: Сымағұлдың ұлы. 

Ша Юэлияң Айбек: Ұлкелсіннің күйеуі. 

Ша Зэухуа Жидегүл: Айбектің қызы. 

Нияу Эрхан Құсбілгі: Ұлерсін құлай ғашық болған, құстардың тілін білетін жігіт.

Иіңу Хэн Тотыіңкәр: Кұсбілгі мен Ұлкелсіннің ұлы.

Малояа Марожа: Швециялық дін таратушы

Лу Лирын Тұрғынжан: Гаудұң ауданының әкімі болған. 

Лу Шыңли Жеңісгүл: Тұрғынжан мен Ұлберсіннің қызы.

Сұн Буяэн Үндемес: тумысынан сақау жігіт. Үйлері Ұлкелсінге құдаласып, кейін Ұлерсінмен үйленеді. 

Жи Чиуңжы Асылгүл: Асылұлдың тілашар мұғалімі. 

Және бір жәйіт, жас шамасына қарай тек фамилиясының алдына «лау», «шияу» дегенді қосып атайды. Мысалы Ли Дэн деген адамды, кәрі болса «Лау Ли», жас болса «Шияу Ли» дейді, мұны біз «Ли ағай», недәуір кәрі болса «Ли атай» деп, жас болса «Ли інішек» деп аламыз.

Жер-су аттарына келсек:

Далань қалашығы  Шарбақты қалашығы (Қытайдағы ауданнан төмен ауылдан жоғары әкімшілік өңір)

Жияулұңхы ауылы  Айдаһарлыөзен ауылы

Шалияңзэ  Жиделі.

 

Қырық алтыншы тарау

 

1980 жылдардың алғашқы көктемі. Қарадай қорғалап, көңілі әптер-тәптер болған Алтынұл автовогзалдың ішіндегі адам көзі түсе бермейтін елеусіз бір бұрышта, Гауми шығыс-терістік ауылы Шарбақты қалашығына баратын автобусты күтіп, бүрісіп отыр. 

Таң әлі толық ағара қоймаған. Жолаушылар залының төбесіндегі он неше аспашамның тек екеуі ғана сығырая әлсіз сарғыш сәулесін детке қуат шашып тұр. Залдағы он неше қара түсті ұзын орындықтың кейбірінде мода қуған бір-екі алкеуде жігіт шалжиып жатыр. Біреуі ұйқысырап түсініксіз бірдемелерді міңгірлесе, әне біреуі тіпті аяғын айқастыра көтеріп алыпты. Сібірткі балақ шалбарының балағы қаңылтырдан пішкендей сіресе, делдиіп тұр. Таң сәулесі бозарып тұрған терезеден ентелей кіріп, зал іші біртіндеп жарықтана бастады. Көз алдында айқасып жатқан адамдардың киім-кешегінен Алтынұл шыт жаңа бір дәуірдің лебін сезді. Залдың еденіне төселген жоғары сортты мраморға қақырық-түкірік жабысып, лас қағаздар толып, майда беті тіпті әуелі сасық иісі қолқаны қабатын несеппен айғыздалған. Там қабырғаларына жапсырылған әшекей бедері әдемі пластик тамқаздың бетінде әбден тойынған ала көз қара шыбындар жарыса жорғалап барады. Еңбекпен тәрбиелеу лагеріндегі сары балшықты баспанадан жаңа шыққан Алтынұлға «көрмегенге көсеу таң» дегендей, осының бәрі жаңалық болып сезіліп, көңілі тіпті аласұрып, шақшадай басы шарадай болды. 

Күн сәулесі сасық иісі адамды тұншықтыратын залды толық жарықтандырғанда, адамдар қыбырлай бастады. Беті толған безеу, дудар бас бір жігіт жатқан орындығынан керіле тұрып, жіліншігін «тырт-тырт» қасып, көзін ашпаған күйі жамбасына басылып мыжылып қалған жасаулы темекісін сыйпалай алып, пластик газ шақпақпен тұтатты. Құшырлана сорып, бір буда түтінді бұрқ еткізіп, еденге күшене қақырды да, сап-сары қақырығын әдетінше табанымен жаймалады. Қатарында қырынан жатқан бір әйелді бөксесінен түртіп қалып еді, денесін ырғап, жай ыңыранды. 

–Автобус жүретін болды, – деді жігіт дауыстап. Әйел апыл-ғұпыл атып тұрып, қызарып тұрған қолының сыртымен көзін уқалап, ауызын арандай ашып, есінеді. Жігіттің өзін алдағанын біліп, оны бірнеше рет түйгіштеп қойды да, қайта жантайды. Әйелдің майы тепшіп тұрған шелпектей беті мен бауырсақ мұрынына және күлгін жейдесінің түймелігінің саңылауынан мұндалап жатқан аппақ қарынына көзі түсіп отырған Асылұл, жаңағы жігіттің электронды сағат таққан сол қолын оның кеудесіне тығып, екі омырауын сипалай бастағанын көрді. Уақыт селі тоз-тозын шығарған бір қасірет жібек құртының тұт ағашының жапырағын қажағанындай, оның құйттай жүрегін мүжіп сала берді. «Алла сақтасын, мен тұп-тура қырық екіге келдім» деп ойлады тұңғыш рет. Өзін есейіп үлгермей жатып орта жасқа жетіп келгендей сезінді. Жастардың бұл қылығынан қарадай ұялып, ду ете қалған бетін бұрып әкетті. Еркіңе жібермей сырғыған уақыт оның күлдібадам жан әлемін қасіретпен қаптап, күйсіздікпен күптеп үлгерген. Ойы он саққа кетті: «буалдыр осы өмірде қырық екі жас жасаппын, осы қырық екі жылда не істедім? Өткен күндерге көз жіберсем, басқан жолым соқыр тұман астындағы бипаян сахараға тартқан жалғыз аяқ соқпақ секілді, шылбыр тастам жеріне ғана көзім жетеді, әрі қарай және сол қою тұман. Өмірімнің көбі кетіп азы қалды. Қырсық иектеп, ұшық жайлаған өмірімнен өзім де жиренемін. Қалған өмірімде, түрмеден босаған сол күннен бастап алда мені не күтіп тұр екен деші?»

Ендігіде көзі тамдағы кіреукеленген фарфор суретке түскен. Бұлшық еті бұлтиып, абройын бірнеше тал жапырақпен жапқан еркек шашы шапқан аттың құйрығындай желбіреген, белінен жоғары жалаңаш бір әйелді қолтықтап, шекті фарфор жазықтығы аумағында, қиялдағы шексіз кеңістікке ұмсынып тұр. Жартылай адам, жартылай перизат бейнесіндегі бұл ер мен әйелдің иектерін сәл көтеріп тұрған әлпеттерінен мұндалаған құштарлық пен талпынысқа толы бейнелері оның жан әлемін қарадай құлазытып жіберді. Дәл осындай қасіретке толы құлазыған күйді ол Сарытеңіздің құяр сағасындағы сары үстіртте шетсіз-шексіз көгілдір аспанға зер салып жатып, талай рет сезінген. Қоралы қой сайын сахарада алаңсыз жайылып, қой шетінде жүрген Асылұл аспанға тесіліп жатыр. Шалғайдан қызыл жалаушалар желбірейді. Ол, еңбекпен тәрбиелеу шаруашылық алаңындағы кадрлардың жаза өтеген қылмыскерлерге қойған шекара белгісі. Мылтық асынған бірнеше сақшы сол белгінің әрі жағындағы тоспа маңында атпен шауып жүр. Қосыннан қайтқан әскери төбет пен жерлік қанденнің ылығуынан туған шата иттер шарлаушы сақшылардың артынан тілін салақтатып желіп бара жатып, тоспа сыртындағы ақ сұры толқындарға «арс-арс» етіп қояды. 

Жаза өтеп жүрген он төртінші көктемде жылқышы азамат Таңдаумен танысқан. Әйеліне у беріп өлтірген, күміс жиекті көзілдірік киген, байсалды да сыпайы бұл азамат бұрын саяси-заң институтының лекторы екен. Әйеліне у беріп өлтіру барысын жасырып-жаппай айтып берген. Қастандық жасау жоспары қанша мүлтіксіз болғанымен, әйелі әйтеу ебін тауып көп рет құтылып кетіпті. Алтынұл да өзінің қылмыстық барысын баяндап бергенде, ол тұрып: 

–Ағайын, өте тамаша. Мынауың тұнып тұрған поэзия, өкінішке орай, бұл лирика заң жағынан қағажу көрген. Алайда, сол кезде мен болсам......Болды қойшы, бәрі бос сөз. Сенің жазаң өте ауыр болыпты. Бірақ, он бес жылдың он төртін жолға салыпсың, арызданудың да қажеті шамалы, – деген. 

Жуырда, еңбекпен тәрбиелеу лагерінің бастығы оның мерзімінің толғанын жариялап, үйіне қайтуына болатынын айтқанда, тастанды болғандай күй кешіп, көзі жасқа тола тұрып: 

–Үкімет-ау, осы арада мәңгі қала берейінші! – деді. 

Онымен сырласуға міндет алған кадр бұған таңғала қарап, басын шайқады: 

–Не үшін сонда?

–Шыққаннан кейін қалай өмір сүрерімді білмеймін, тоғышар біреумін. 

Еңбекпен тәрбиелеу лагерінің кадрі оған бір тал темекі ұсынып, тамызып беріп, иығынан қағып қойды:

–Жарқыным-ау, кетіп қал, сырт дүние бұл арадан әлде қайда қызықты. 

Ол темекі шеге білмейтін. Ішіне сорып қалып еді, қақалып-шашалып, көзінен жас, мұрынынан маңқа ақсын-ай келіп. 

Көк түсті жұмыс киім, жалпақ маңдайлы шәпке киген ұйқылы-ояу бейнедегі бір әйел сол қолына темір қалақша, оң қолына сыпырғы алып, жердегі темекі қалдықтары мен жеміс қабықтарын немкетті сыпырып жүрген. Ол әбден мезі болған сыңаймен жатқандарды сыпырғымен ұрып, аяғымен теуіп: 

–Тұрыңдар! – деп айғайлап, сыпырғымен жердегі несепті оларға шашты. Оның қайта-қайта қузап, ұрғылауымен адамдардың кейбірі түрегеліп отырса, кейбірі тікелерінен тік тұрды. Тік тұрғандар керіліп-созылып жатыр. Еденде отырғандар қалақша мен сыпырғының соққысына шыдамай атып-атып тұрысты. Астыларына төсеген газеттерін әйел дереу сыпырып алды. Алтынұл елден ауаша тамның бұршында отырғанымен, әйелдің соққысынан қағыс қалмады. 

–Тұр былай, көз барма сенде?

Еңбекпен тәрбиелеу шаруашылық алаңында он бес жылда қанынан өтіп, сүйегіне сіңген әдеті бойынша, лып етіп бір шетке шыға қалғаны сол, әйел оның шекпен сөмкесіне шаншыла қарады: 

–Кімдікі, әкет әрмен!

Ол бар байлығы болған сөмкесін алып, әйел бұрышты сыпырып болғаннан кейін, сөмкесімен бірге орнына қайта жайғасты. 

Қасындағы бұрышқа қоқыс үйіліпті. Сыпырған қоқыстарын сонда апарып тастап, әйел жайына кетті. Қоқыс үстінде бағзор демалып отырған бір бума шыбын бастары ауған жаққа «ызыңдай» ұшып, әйел кетісімен жайлы да майлы орындарына қайта оралды. Көліктұрақ жақтағы тамда он неше есік барын, сол есіктерде автобустардың жүру реті мен баратын жері жазулы тұрғанын байқады. Есік сыртына сом темірден қоршау жасалып, бірнеше адам қоршау ішінде белеттерін (Әсілі билет. Сөйлеу дағдымызға сай осылай алынды) тексертуді күтіп тұрыпты. Залдың ең шетінен Шарбақты қалашығы Айдаһарлыөзен ауылына баратын 830 реткі автобустың белетін тексеретін есікті тапты-ау әйтеу. Он неше адам ентелеп келіп алып, біреулері темекі шегіп, бәз біреулері қысыр кеңеске түсіп, кейбірі буыншақ-түйіншектерінің үстінде безеріп отыр. Ол белетіне қарады. Белетке сағат жеті жарым деп жазылса да, тамдағы сағат тілі сегізден он өткенін айтып тұр. «Мен мінетін автобус кетіп қалған жоқпа» деген сасқалақ ой пайда болды. Ол шекпен сөмкесін асып, былғары сөмке көтеріп тұрған өңі салқын еркектің артына барып тұрды. Қатарда тұрғандарға жағалай көз жіберген. Көбі таныс секілді, бірақ аттарын анық білмейді. Басқалар да өзіне таңғалықты кескін, сұраулы көзбен сәп сала қарап тұрған сыңайлы. Таныс бір ауылдасын жолықтырғысы келсе де, басқалардың өзін танып қоюынан алаңдаған қайшылықты ой оны қарадай абдыратып тұр. 

–Жолдас, бұл автобус Шарбақтыға барама? – деп тұтыға сұрады алдында тұрған әлгіден. 

Ол адам құдды еңбекпен тәрбиелеу лагеріндегі кадрлардың бейнесімен өн бойын тінте қарағанда, ыстық қазанға түсіп кеткен құмырсқадай жанын қоярға жер таппай дал болды. Басқаларды қойып, тіпті өзінің назарында Алтынұл атты осы бейбақтың қойға келген қотыр ешкідей сүйкімсіз екенін шындап-ақ сезді. Кеше кеште, лас дәретханадағы бетін кір айғыздаған айнадан өзінің шарадай басын көрген. Шашы не қызыл, не сары емес, қауғадай болып үрпиіп тұр, екі самайы тазғырланған. Бақаның терісіндей бүдірленген бөртпе бетін айғыз-айғыз әжім торлап үлгерген. Біреу аямай-ақ созғандай, жуан танауы қып-қызыл болып сәңірейіп, күрең мұрты дүрдиген ерінінен аса, селеудей селтиіп тұр. Жаңағы адамның ішіп-жеп қарағанынан жайсызданғанда алақан шұңқырынан шып ете қалған тер, тұтас алақанына жайылды. Ол адам жауап ретінде, белет тексеру есігінің үстіңгі жағында тұрған қызыл жазуды иегімен нұсқады. 

Ақ қалетінің алды қап-қара болып маймен баттасқан бір семіз әйел төрт дөңгелекті арбаны итере, сыбызғы дауыспен озандап келеді: 

–Манты, манты жеңіздер. Жаңа ғана қасқаннан шыққан шошқа етіне асжуа араластырған дәмді манты. Жеген де, жемеген де арманда! Әйелдің беті алаурап, майы сыртқа тепшіп тұр. Неше бұрым етіп бұйралатқан шашы Европа будан қойының құйрығындай ширатылған. Қолының сырты тандырдан жаңа алған болканың қабығындай, саусақтары электр пеште пісіп шыққан жіңішке колбаса спетті. 

–Жарым килосы қанша? – деп сұрады бүрме етек шапан киген жігіт. 

–Килоламаймын, дана бойынша. 

–Бір талы қанша?

–Жиырма бес тиын. 

–Он дана беріңіз. 

Әйел қазанның түп күйесіндей қарайған қасқан қақпағын ашып, арбасының құлағына ілген көнетоз қалтадан бүктеп, дорбашалап қойған газетке он мантыны қысқышпен сала қойды. Жігіт бір буда ақшаның арасынан майда-шүйде теңге іздей бастады. Барлық көз оның қолына қадалулы. 

–Ауылдастар, осы бір-екі жылда тәуір ауқаттанды, – деді қолтығына былғары сөмке қысқан еркек. Жігіт мантысын қарбытып асай отырып, оған тіл қатты:

–Хуаң ағай-ау, қызығып та, қызғанып та тұрсыз білем. Қызықсаңыз қайта барғанда, түлкі құрсақ күйде ғана жүргізетін үкіметтің әлгі темір тостағанын лақтырып тастап, менімен бірге балық сатыңыз. 

–Ақша деген ол арыстан ғой, арандалып қалудан алаңдаймын.

–Қойыңыз батыреке, қабаған ит, ашыққан мысық, қорыққан қоян адамды тістейтінін білемін, ақша адам тістеді дегенді естімеген екенмін, – деп қыжыртты жігіт. 

–Басыңның дымы кеппеген баласың. Айтсам да түсінбейсің. 

–Хуаң ағай-ау, Хуаң ағай, «сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық» деген, құрғақ қасық ауыз жыртады, «үрлеген қарын шірімейді», егіншілердің сауда-сатық пен айналысып ауқаттануын қолдаймыз деген сөзді сіздердің әлгі әкімдеріңіз шырыштай топтың алдында айтпап па еді. 

–Жігітім, сен өйтіп ескеуілдеме. Компартия өзінің өтмішін ұмытпақ емес, аяғыңды аңдып басқаның жөн!

–Бұл қай айтқаның?

–Екінші реткі жер реформасы жүріледі. 

–Реформа жасаңдар, тапқанымды ішіп-жеп, сауық-сайран салып, дәл сендерді бір тал түгіме де тигізбеймін. Мені атам секілді ақымақ деп тұрсың ба? Атам марқұм өліп-талып ақша жинап, өз жегенін өзінен, ты....қан боғын иттен аяп жүріп, он му жер (бір му жер 666 шаршы метр) алғанда, жер реформасы жүріліп, «помешик» деген қалпақ кигізіп, көпірдің үстіне апарып атып, көзін құрттыңдар. Атама ұқсамаймын, соқыр тиын ақша жинамай шайқап ішіп, шалқып басып, сендер екінші реткі жер реформасын жүргізгенде, тақыр кедей болып қарап отырамын. 

–Әй, Алтынбай, атаңның помешик қалпағы алынғалы неше күн болмай жатып, салғыласайын деген екенсің ә?

–Әй, сары сапалақ, «бақылдаған бақаның арбаны жүргізбеймін» дегеніндей болмай жайыңа кетіп, шыдамасаң үйіңе барып буынып өле қал! Мемлекеттің саясатына кесе-көлденең боламын дейсің бе? Тоса алмайсың!

Осы кезде, қырық-шоқпыт мақталы шапан киіп, ышқырын қызыл ток сыммен байлап, он неше металл тиын салынған кетік шыны көтерген бір қайыршы былғары сөмке ұстаған әлгі еркектің алдына барды: 

–Ағатай, аздап тиын-тебен берші, манты алып жейін.

–Аулақ әрмен, оразамды да ашқамын жоқ!

Мүсеуреген қайыршы Алтынұлға жаратпай бір қарап, басқалардың алдына қарай кетті. 

Алтынұл қатты қорланды: «мені қайыршы да менсінбегені ме?»

–Ағатай, аздап тиын-тебен берші, манты алып жейін, –қайыршы енді бүрме етек шапандының алдына барған. 

–Отбасы тегің қалай?

–Кедей, сегіз атамыздан бері тақыр кедейміз, – деді қайыршы сәл ойланып барып.

–Аға шөнең кедейлерді құтқаруға жаралған, – жігіт асқан екі мантысын майы шығып тұрған газетпен қоса қайыршының шынысына тастай салды. Қайыршы қомағайлана асай бастағанда, майлы газет иегіне жабысты. 

Зал іші абыр-сабыр бола бастады. Көк түсті жұмыс киім, жалпақ маңдайлы шәпке киген белет тексеруші он неше адам қолдарына құжат қысқыш тақталарын алып, демалыс үйінен жапырлай шықты. Өңдері суық, бейнелері сұсты, жолаушыларда қандай да бір ұзында өш, қысқада кегі бар секілді. Жолаушылар оларға ілесе, белет тексеру есігіне қарай өңмеңдеді. Қолына дыбыс кернайын ұстаған біреу дәлізде тұрып:

–Қатарға тұрыңдар, қатарға тұрмасаңдар белет тексерілмейді. Белет тексерушілер, жолаушылар қатарға тұрмаса белет тексермеңдер, – деп озандады. Бірақ, жолаушылар есік көзіне нығалды. Қысылып қалған бір бала жылап жіберді. Арқасына қызын көтеріп, құшағына ұлын қысып, бір қолына екі қораз көтеріп алған, өңі қаралтқым әйел өзін итермелеген еркекті тілдеп еді, оның балағатын бақайына ілмеген еркек электр шам салған жәшікті басынан асыра көтеріп, алға өту үшін қатар арасына сыналана түсті. Әйел оны бөкседен бірді тепті. Еркек шіркей шаққан ғұрлы да көрген жоқ. 

Алтынұл сығылысқан топтан сыпырылып шығып қалды. «Құнанында қамшы тиген, дөненінде топқа кірмейді» деген рас екен, әу баста артында он неше адам бар еді, қазір міне, қатардың ең соңында сол тұр. Сөмкесін көтере дәтке қуат алға жылжығаны сол, алдында тұрған адам шынтағымен кеудесіне «сақ» еткізді. Тынысы тоқтап қалғандай болған ол шыдай алмай жерге отыра кетті. 

–Қатарға тұрыңдар, қатарға тұрмасаңдар белет тексерілмейді, – деген дауыс ауық-ауық саңқылдап тұр. Шарбақты қалашығына баратындардың белетін тексеруге жауапты адам тістері ретсіз жиналған тас секілді, орсақ тіс әйел екен. Ол қысқыш тақта және белетке белгі салатын тістеуігімен жол ашып, белет тексеретін есікке қарай сыналанып кіріп келе жатты. Шәкпесін біреулер қағып кетіп, ішіне нығап алған шашы қобырап сала берді.

–Және кимелей түсіңдер, бір-екеуің бастырылып өлсеңдер жақсы болар еді, – деді жер тепкілеп. 

Ашуланған белет тексеруші демалыс үйіне кіріп кетті. Сағат тілі тоғызды көрсетіп тұр. 

Адамдардың сиырша ентелей түсуі ол кеткен соң саябырлай қалды. Ең артта тұрған Алтынұл табалай жымиып, қарадай қыбы қанды. Талағы тарс айырылған белет тексерушіге іштей тілеулес, өзін сол қыз қорғап қалған секілді. 

Басқа белет тексеру орындарының көліктұрақ жақтағы есігі ашыла сала, жолаушылар бөгеуден атылған тасқындай, темір қоршаудың жүрге арналған сыбызғыдай дәлізін бойлап есікке қарай лап қойды. 

Орта бойлы, тығыршықтай, ретті киінген бір жігіт келді. Қолында құс шарбағы, шарбақ ішінде бір жұп сирек жолығатын ақ тоты. Жігіттің қарақаттай қос жанары Алтынұлдың назарын аударып, қолындағы тотысы осыдан он неше жыл бұрын Айдаһарлыөзен егістік алаңынан үйге қайтқанда, тотылардың Ұлкелсін мен Құсбілгінің ұлын айнала ұшқан сәтін есіне салды. «Рас сол ма?» – әлгі жігітке қайта-қайта ұрлана қарады. Ақыры оның келбетінен Ұлкелсіннің өжеттігі мен сабырлылығын, Құсбілгінің риясыздығы мен бірбеткейлігін тапқандай болды. Алтынұл аңтарыла ойланып, ауыр күрсініп жіберді. Бесіктен белі шықпаған сол сәбидің өзі міне атпалдай азамат болған. Қайран заман! Ол өзінің жасын ойлағанда, төрінен көрі жуық күндері елестеп, көңіл түкпірінен қайта-қайта жылтыңдай беретін сол бір жабырқаулы жалғыздық түйсігі құлашын кең жая түсті. Өзін құлан жортпас қу медиян далада селтиіп тұрған жалғыз тал селеудей сезінді. Жым-жырт өсті, үн-түнсіз көктеді, енді ың-дыңсыз өлмек....

Тоты көтерген жігіт белет тексеру есігіне таяғанда, тұрғандар оған жамырай амандасып жатты. Жігіт тәкаппарлана бас изеп, білегін жоғар көтеріп, қолындағы өзгеше пішінді сағатына қарады. 

–Тотыіңкәр-ау, бізге қарағанда сөзің өтімді, ақ жолтай азаматсың, ана қатынды шақырып келші, – деді тұрғандардың арасынан кадр бейнесіндегі біреу. 

–Мен келмей белет тексермейді, әрине.

–Ойдойт деген, бөсуін қара! Жігіт болсаң шақырып келші, қане!

–Атаңа нәлеттер, енді кім де кім кимелесе аяғын шағамын. Қатарға тізіліңдер. Не жетті? Бұйдасын үзген өгіздей кимелеп қайда барасың? Тегін бірдеме таратып жатырма екен? Тізіліңдер, түге! – деп жігіт кіжіне жүріп қатардан шығып тұрғандарды сүйреп әкеліп, қатарды ретке салды, – енді кім ентелеп қатарды бұзатын болса көкесін көзіне көрсетемін! – деп жұдырығын білеп қойды, – ерте ме кеш пе әйтеу бір мінесіңдер-ғой, сыймағандарың автобустың төбесіне отырасыңдар. Атырапқа көз салып, таза ауаны құшырлана жұту қандай рахат! Өзім әйтеу төбеге шығамын. Ал енді тыныш тұрыңдар, мен әлгіні шақырып келе қояйын. 

Жігіт расында оны ертіп шықты. Әйелдің ашуы тарамаған сыңайлы, өңі сазара сыздап тұр. Тотыіңкәр оның құлағына сыбырлады: 

–Нағашы апай-ау, садағаң кетейін! Өзіңізді олармен қатар қойғаныңыз қай сасқаныңыз? Олар деген қоғамның сыпырындысы, сайда саны, құмда ізі жоқ, мойыны ырғайдай, биті торғайдай, арқа еті арша, борбай еті борша болып жүрген сорлылар. Онай адамдармен салғыласып не қыласыз, салауатыңызға сай емес ғой, күнім-ау! Ашудан жарылып жазым болсаңыз, әлгі нағашы жездемді тірідей өлтірмейсіз бе.

–Тіл мен жағыңа сүйенбей жапшы ауызыңды, қу ауыз! – деп әйел қолындағы тақтамен оны иықтан нұқып қойды, – сені ешкім сақау деп сатқалы жатқан жоқ. Тотыіңкәр бетін тыржитты:

–Нағашы апай, мен сізге әдемі бір жұп торғай даярлап қойдым, қашан әкеліп берейін?

–Сен қу сөзден қуырдақ қуырғанды ғана біліп, зыр-зыр етесің, – деді әйел, – әдемі торғай дегеніңе де бір жыл болды, торғайды қойып бір тал қауырсынын да көрмедік. 

–Осы жолы шын айтамын, сөзсіз әкеліп беремін. 

–«Жігіт сөзінен, жолбарыс ізінен» деген, айтқаның рас болса, ол құсыңды қойып мына екі тотыңды тастап кет. 

–Апатай-ау, буынсыз жерден пышақ қоймасаңызшы! Бұл екеуі Австралиядан келген асыл нәсіл, сіз ұнаттыңыз бітті, келер жылы мен сізге бір жұп ақ тоты сыйлаймын, көр де тұр. Айтқанымды орындамасам, сіздің пұшпағыңыздан жаралған-ақ болайын!

Белет тексеру дәлізінің тар есігі ашылып, жолаушылар және кимелей жөнелді. Тотыіңкәр шарбағын алып, белет тексерушінің жанында тұрған: 

–Нағашы апай, қараңызшы мына қылықтарына. Қытайлықтардың сапасы төмен деген осындайдан шығады-ғой. Бүйтіп қысылыса берсе, тіпті ақырындай түсетінін білеме осы сорлылар? 

–Гауми шығыс-терістік ауылдарыңа ұры-қары, қай-қайдағы жабайылар жиылған, – деді белет тексеруші. 

–Нағашы апай, өйтіп бәрін бір шыбықпен айдамаңыз. Жақсы адамдар баршылық, айтар болсақ....., – дей берген Тотыіңкәр сөзін жұтып алды. Қатардың соңында тұрған Алтынұлдың өзіне қарай қысыла басып келе жатқанын көрген. 

–Жаңылмасам, – деді Тотыіңкәр, – сіз менің кіші нағашы ағамсыз-ау деймін. 

–Ме.....Мен де сені та....таныдым. 

Тотыіңкәр ықыласты түрде оның қолын ұстай алды:

–Ақыры келдіңіз-ау! Нағашы апам сізді ойлап жылай-жылай, көзі суалып, қос жанарынан да айырылайын деді. 

Автобус ішінде ине шаншар орын жоқ. Кейбіреулер белден жоғарғы денесін терезеден сыртқа шығарып алған. Тотыіңкәр автобус артындағы темір сатыға жармасып, көлік төбесіндегі жүк сөресіне шыққан. Жүк байлайтын арқанмен тоты салған шарбағын мықтап байлаған соң, Алтынұлдың сөмкесін алды. Ол да жан-дәрмен төбеге шықты. Тотыіңкәр оны торға мықтап орады: 

–Нағашы аға, темір қоршаудан мықтап ұстап отырсаңыз болды. Өйтпесеңіз де ештеңе етпейді, бұл шағылғырдың жүрісі мегежіннен де баяу. 

Езуіне темекісін қыстырып, шай стаканын ұстаған шопер маңғаз басып келіп, төбеге айғайлады: 

–Әй Тотыіңкәр, тегің құс екені рас-ау! Саған айтып қояйын, құлап өлсең жауапкер болмаймын тегінде! 

Тотыіңкәр оған бір қап темекі лақтырып қалды. Қағып алған шопер маркасына бір қарап, қалтасына басты: 

–Әй сендей жанға Алланың да амалы жоқ шығар!

–Ағатай, жүріңіз енді. Әйтеу жолда абайлап жүрсеңіз болды. 

Шопер кабинеге кіріп, есігін күшеп жауып, терезеден басын шығарды: 

–Бұл шарқыш әбден жұбына жетті. Менің мендігімнен келе жатыр, басқа біреу болса қарға адым жерге жүргізе алмасы анық. 

Осы кезде, автобустың аттанғанын құттықтаған музыка үні көтерілді. Әбден көнерген дыбыс жазу лентасы «ғыр», «ғыр» еткен дыбыс шығарып, музыка қарадай тұттығады. Он неше пышақ бір бөренені жарыса қырып жатқандай-ақ дауыс. Әлгі белет тексеруші әйел самалдықта сазырайып тұр. Сыры алапестеніп, арсы-гүрсі болған шарқыш автобусқа өшіге қарайды. Тотыіңкәр оған қолын бұлғады. 

–Нағашы апай, келер жолы сізге бір жұп әдемі торғай әкеліп беремін, – деп айғайлап, күбір ете түсті, – саған бір жұп торғай тұрмақ сымбылдың сідігі де жоқ!

Автобус ауданнан Гауми шығыс-терістік ауылына созылған шағылды жолға түсті. Алдарынан жолыққан машиналар мен тракторлар абайлай жанасалап өтіп жатыр. Автобус доңғалағынан көтерілген қою шаңнан Алтынұл көзін аша алмай қалды. 

–Нағашы аға, басқалардың айтуынша сіз жазықсыз екенсіз, – деді Тотыіңкәр оның көзіне тігіліп. 

–Жазықсыз десе жазықсыз, жазықты десе жазықтымын. 

Тотыіңкәр бір тал темекі ұсынды. Ол басын шайқады. Тотыіңкәр темекіні қорабына салып, оның жарылған қолына мүсіркей үңіліп, одан соң бетіне қарады:

–Қатты қиналған шығарсыз ә?

–Басында тәуір қиналдым. «Тозаққа да үш күнде үйренесің» деген. 

–Сіз кеткен осы он бес жылда өзгеріс көп. Халық коммунасы тарады. Жерді жекешелендірді. Қазір ел ішер ас, киер киімнен тарықпайды. Көне үйлер шағылып, бір тұтас пландалды. Нағашы апам әлгі көкайыл қатыныммен шығыса алмай, бөлек түтін түтетіп, үш бөлмелі үйге шығып алған. Келгеніңіз жақсы болды, ол кісіге серік боласыз. 

–Ол кісінің жағдайы қалай?

–Денсаулығында пәлендей мәселе жоқ, – деді Тотыіңкәр, – көзі нашарлап кетті, бірақ өзіне өзі қарай алады. Нағашы аға, сізден жасырып қайтемін, қатынымнан қарадай іш тарта беремін, ол салдақы опалылық дегеннен жүген ұстаған неме, ақ босаға аттасымен-ақ нағашы апама қырын қарап, доңыз айбат көрсетті. Бәлкім оны таныйтын да шығарсыз? Әлгі су шаян тосабын жасайтын Ниетнұр ағайдың айыр тілді қатынының қызы, аумай шешесіне тартқан көкбет, адам емес, улы жылан! Нағашы аға, жарғақ құлағым жастыққа тимей көбірек ақша тауып алайын, елу мың юань тапқанда, ол сұмпайыны жолына саламын, құтырғаннан құтылған! 

Автобус Айдаһарлыөзен көпіріне тоқтап, жолаушылар топырлап түсе бастады. Тотыіңкәрдің көмегімен Алтынұл да жерге табан тигізді. Өзеннің түстік жағалауына қатар-қатар үйлер салынып, Айдаһарлыөзеннің бір шетіне және бір бетон көпір жалғасқан. Көпірдің басындағы тоқымдай жерге жеміс-жидек, темекі, тәтті-тәбіз сататын жаймалар орналасыпты. Тотыіңкәр тоспаның солтүстік жағын нұсқады: 

–Қалашық үкімет пен мектеп те көшті, анау әлгі Сыма әулетінің ауласы, Алтынтіс деген әлгі Дуатоқырдың ұлы жалға алған. Адамдықтан азған ол неме дұрыс кәсіппен шұғылданбай, жүктіліктен сақтану дорбашасын өндіру заводын ашып, жалған арақ, жалған тышқан дәрісін жасады. Иіскеңізші, – деп ол бір қолын көтерді, – ауада қандай иіс бар екен? 

Алтынұл ол нұсқаған жаққа көз тастады.  Сыма әулетінің ауласынан бой созған биік темір моржадан будақтаған көкшіл түтін шар тарапқа шалқып тұр. Адамның жүрегін айнытатын иіс осы түтіннен келгені белгілі. 

–Нағашы апамның көшіп кеткені де жөн болды, – деді Тотыіңкәр, – әйтпегенде осы түтіннен уланып ажалдан үш күн бұрын өлер еді. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын» деп, таптық тек жоғалып, күрес аяқтап еді елдің көзі қызарып, ақша деген бәлеге жіпсіз байланды да қалды. Жиделі жақтан жирма му жер көтермеге алдым. Нағашы аға, мен әліме қарамай, сол арадан бағалы құстар өсіретін фирма ашсам деген ойдамын. Он жыл ішінде тұтас әлемдегі бағалы құстардың бәрін өзіміздің осы ата мекен Гауми шығыс-терістік ауылына жинаймын. Қалталы болсам, сөзім өтімді, десім басым болады. Екеуіне де қол жеткізген соң, істейтін тұңғыш шаруам: Жиделіге әке-шешемнің алып мүсінін орнатамын.....Осыларды айтқанда өзінің ұлы планына тебіренген оның көзі ұшқын атып, кеудесін жеңістік алып, жемге тойған кептердің бөтегесінше керіп қойды. Алтынұл осы кезде, көпір басында жайма жайып тұрғандардың назары өзі мен қол-аяғын ербеңдетіп тұрған Тотыіңкәрға ауғанын байқады. Ол қарадай арланып, еңбекпен тәрбиелеу шаруашылық алаңынан аттанарда әлгі жеңіл жүрісті әйел Наздының дүкеніне барып, сақал-мұртын бастырып, шашын қырғызып алмағанына өкінді. 

Тотыіңкәр біраз ақшаны Алтынұлдың қолына ұстатты: 

–Нағашы аға, азырқанбаңыз. Кәсіп көзін енді ғана ашып отырмын, «жоқшылық жомарт ердің қолын байлайды». Оның үстіне ақша әлгі салдақының қолында. Нағашы апама қарайласуға амалым да жоқ, батылым да бармайды. Ол кісі жанын шүперекке түйіп, мені ауызына тістеп бағып-қақты. Оңай емес. Мен Тотыіңкәр қартайып қара тұяғымнан хал кетсе де, ұлы жоспарым жүзеге асатын болса, апамның жақсылығын қайтармай қоймаймын. 

–Тотыіңкәр, бұл ақшаңды алмаймын.

–Нағашы аға, азырқанып тұрсыз ба?

–Жо, жоқ. 

Тотыіңкәр ақшаны Алтынұлдың тершіп тұрған алақанына қайта салды: 

–Мендей бір босбелбеу, өлез жиеніңізді алымсынбай тұрсыз-ау?

–Сені қалай алымсынбайын, жаным-ау, кереметсің-ғой. Мендей тоғышар, тобан аяқ нағашыңа қарағанда сен деген арқырап тұрған арғымақ емессің бе!

–Нағашы аға, – деді Тотыіңкәр, – сізді басқалар түсінбегенімен мына мен түсінемін. Әулетіміздің ұрпақтары түгелдей зерделі, дарынды, арыстандай азулы. Аяныштысы, бәріміз бір кер заманға кез болдық. Нағашы аға, өз бейнеңізге сәп салып көрдіңіз бе? Аумаған Шыңғысхан секілдісіз, барған сайын ұқсайтыныңыз даусыз. Сіз әуелі бірнеше күн Нағашы апамның қасына болып, мауқыңызды басыңыз. Сосын менің «Шығыс өңір құстар әлеміме» келерсіз. «Туысы бірдің уысы бір», «Ағайын жауға керек» деген аталы сөз бар. Алтынтістің әуселесін көреміз, арамзаның құйрығы бір тұтам. Дуатоқыр деген жерлік зорекер аяғын аңдып басатын болғанда, оның да бұл күні қаран қалар. 

Тотыіңкәр жеміс-жидек жаймасынан бір түп банан, он неше мандарин алып, қызыл тор дорбаға салып, «Нағашы апама беріңіз» деп Алтынұлға ұстатты. Екеуі бетон көпірде қоштасты. Мөп-мөлдір өзен суына қарап тұрған Алтынұлдың кеңсірігі ашып сала берді. Ел көзіне түспейтін қалтарысқа барып, өзен суына беті-қолын жуды. «Жә, – деп ойлады ол, – келерім келген екенмін, әулетім, шешем және өзім үшін еңсемді түсірмей, кеудемді керіп жүруім әрі тиянақты бірер шаруа істеуім керек.»

Ол ойында қалған жүлгені бойлап, не қилы оқиғалар туылған әулеттерінің ескі жұртына келді. Оны қырпулы жүріп жатқан құрылыс жұмыстары қарсы алды. Бір трактор көне үйлерінің қалдық тамын құлатып жатыр. Тотыіңкәр бағана мыналарды айтқан: «Іргелес отырған Гауми, Пинду және Жияужоу осы үш аудан бірлесіп жер шығарып, жаңа қала құрылмақ. Қаланың орталығы Шарбақтыда болады. Сонымен бұл ара көп өтпей думанды қалаға айналады. Көне үйлерінің жұртына жеті қабат ғимарат салынып, Шарбақты қалалық үкімет осы ғимаратқа орналаспақ.» 

Ауылдың жолы кеңітіліп, лай-батпақ болып жататын жолға шағыл тас төгіліп, жол шетінен неше метр терең арық қазылған. Арық шетінде бір топ жұмысшы жуан бір цемент тұрубаны домалатып апара жатыр. Шағылған шіркеудің орнында бірнеше көне жүк машинасы тұр. Сыма әулетінің есігіне «Хуэчаң дәрі-дәрмек шектеулі серіктестігі» деген тақта ілінген. Сыма отбасындағы жел диірменнің он неше дәу табақшасы жол шетіндегі лайда жатыр. Диірменнің орнынан бір цилиндр пішінді құрылыс бой созып келе жатыпты. Бетон илейтін станоктің құлақ тұндырар дауысы мен асфальт қайнап тұрған дәу қазаннан көтерілген қолқаны қабатын қышқыл түтінмен араласып жүрген бір топ инженер және сыра құмырасын көтеріп, мас болып сенделген жұмысшылардың қасынан өтіп, құрылыс орынына айналған қыстақтан айырылғанда барып, Қараөзен көпіріне баратын топырақ жолға түсті. 

Ол Қараөзен көпірінен өтіп, Қараөзеннің оңтүстік бөгеуінен асып, жеті қабат кірпіш мұнара көрінген кезде көз байланайын деді. Кірпіш мұнара батар күннің нұрына малынып көз шағылыстыра сәуле шашып, мұнара жапсарларындағы қураған шөптер жалындай жарқырайды. Бір топ ақ кептер мұнараны айлана ұшып жүр. Мұнара алдындағы шөп күркеден құлазыған аппақ түтін тік көтерілді. Тұтас атырып құлаққа ұрған танадай, тек арт жақтағы құрылыс машиналарының дауысы ғана анық естіледі. Ойы әптер-тәптер болған Алтынұлдың көзінен сорғалаған ыстық жас ауызына құйылды. 

Ол жүрегінің шаншып ауырғанына шыдап, жеті қабат қастерлі мұнараға қарай аяңдады. Анадайдан, көне жаңбырлықтың сабынан өзгертіп жасаған асаға сүйеніп, осы жаққа көз жіберіп тұрған шашы аппақ қудай бір адамды көзі шалды. Алтынұлдың қол-аяғында жан қалмай, көз жасы ерік бермей сорғалады-ай келіп. Аяулы анасының аппақ шашы көне мұнарадағы қураған шөптей бірдемде лаулаған жалынға өзгеріп сала берді. Ол ышқына айғай салып, еңіреген беті атылып келіп анасының аяғын құшып, бетін оның сүйегі шодырайған тізесіне басты. Құдды бір түпсіз суға шөккендей, барлық дыбыс, барша түс, күллі заттың пішіні мүлде шым батып жоғалып, өткен елесінің шүңетінен бұрық ете қалған ана сүтінің сол бір иісі ғана оның тұтас ой-сезімін иелеп алды.....

 

           ***

 

Мо Янь — Қытайдың қазіргі заманғы әлемге әйгілі жазушыларының бірі. Шын есімі – Гуань Мойе. Ол 1955 жылдың 17 ақпанында Шаньдун өлкесінің Гауми ауданындағы Далань (Шарбақты) ауылында қарапайым егінші отбасында дүниеге келген. Мо Янь деген қалам аты «үндеме» деген мағына береді. 2012 жылы Нобель әдебиет сыйылығын алды. Шығармалары әлемнің 50 ден астам тіліне аударылған.  «Қызыл гәулен», «Қызыл гәулен әулеті», «Бақа», «Шарап елі», «Салпы омырау, сал бөксе», «Шөп хоректі әулет», «Қызыл тоғай», «41 зеңбірек», «Сандал ағаш жазасы», «Өлім-өмір арпалысы», «Он үш қадам», «Бейіс сарымсақ сабағының жыры» сынды романдары; «Шаттық», «Гүл құшақты әйел», «Саптастардың қауышуы», «Қалжыңбас ұстаз» сынды повестер жинағы; «Махаббат хикаясы», «Ұлы ұстазбен жолығу», «Әнші дуал», «Жасанды тәрбие» сынды әңгімелер жинағы, «Әңгімешіл адам», «Бәріміз ұрлап алмастырылған балалармыз», «Кедейлік-бардамдық және нәпсі» сынды лекциялар жинағы жарық көрген. 

 

Қытай тілінен тәржімалаған Қаусылхан Қасымханұлы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan