Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ
/
Амангелді Кеңшілікұлы. «ХХ ғасыр. Әлем әдебиеті»...

Амангелді Кеңшілікұлы. «ХХ ғасыр. Әлем әдебиеті»

21.04.2026

146

Амангелді Кеңшілікұлы. «ХХ ғасыр. Әлем әдебиеті» - adebiportal.kz

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалы «Қаламгер ұстаханасы» жобасы бойынша дәрістер ұйымдастырып келеді. Бұл жолы «ХХ ғасыр. Әлем әдебиеті» атты дәрісті әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы оқыды. 

Дәріс басталар алдында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын Мұхтар Шахановтың дүниеден өтуіне байланысты бір минут үнсіздік жариялап, оның рухына тағзым етті.

«Қаламгер ұстаханасы» жобасы аясында маған «ХХ ғасыр. Әлем әдебиеті» деген тақырыпта дәріс оқу құрметі көрсетіліп отыр екен. Ұзақ жылдан бері зерттеп жүрген тақырыбым болғандықтан мен бұл ұсынысты қуана-қуана қабыл алдым. Өздеріңіз жақсы білесіздер. Осыдан бес жыл бұрын «Ашық әдеби лекция» жобасын бастап, содан бергі уақытта алпысқа жуық дәріс оқылды. Танысуға болады, бәрі де  Ұлттық академиялық кітапхананың сайтында тұр. Әдебиет - күрделі әлем. Адам жанындай нәзік, көп қабатты, тылсымы терең - жұмбақ құбылыс.  Мың жерден оқымысты болып, бүкіл ғұмырыңды арнасаң да ол жұмбақты толық танып шығу мүмкін емес. Әр  ұлттың  даралығы, өмір сүру салты, діні мен ділі, дәстүрі, тарихи санасы, қастерлейтін құндылықтары, қайталанбайтын тағдыры  болады. Міне осы факторларға арқандалып,  әр елдің дүниетанымына тән әдебиеті қалыптасады. Түрлі кезеңдерді басынан өткеріп, дамиды, шарықтау шыңына жетеді, сосын, тоқырап, ағысы баяулап, біраз уақыттан кейін қайта түлейді. Жаңа түрлер, жаңа стильдер,  шындықты жеткізудің жаңа тәсілдері пайда болады. Құндылықтар алмасып, жаңа заманның жаңа теориясы, жаңа эстетикасы өмірге келеді. Міне осылардың бәрін түсіндіріп беруді мақсат еткен мен қандай ауыр міндетті өз мойныма алғанымды жақсы түсінемін. Бірақ жұмысымның ауырлығына қиналып қалатын кездерім болғанымен, еш өкінбеймін. Қайта керісінше осындай абыройлы істі атқару міндетінің пешенеме жазылғанына қуанамын. Өйткені, әлем әдебиетін зерттеген сайын танымым тереңдей түседі, – деп бастаған Амангелді Кеңшілікұлы бүгінге дейін бұл тақырыпта біршама лекциялар оқығанын айтты.

Күні кешеге дейін, Батыс әдебиетіне жалпы шолу жасалған екі дәріс, Абсурд театрының аса көрнекті өкілдері Беккет пен Ионеско туралы екі дәріс, модернист жазушылар Франц Кафка туралы бір дәріс,  Уильям Фолкнер туралы 3 дәріс, Томас Манн туралы 2 дәріс, Джеймс Джойс жөнінде төрт дәріс, Джон Фаулз жөнінде 3 дәріс, Габриэль Гариса Маркес туралы екі дәріс, «Ницше және әдебиет» деген тақырыпқа 4 дәріс, Гюстав Флобер туралы төрт дәріс оқыған екенмін. Сонымен бірге «Ашық әдеби лекция» бағдарламасы аясында «Нобель таңдауы» атты жаңа жоба дүниеге келіп, әлемге әйгілі марапатты еншілеген қаламгерлердің шығармашылығы жөнінде 20 дан астам дәріс оқылды. Қазақ әдебиетінің аса көрнекті тұлғалары да назардан тыс қалмай Абай шығармашылығына үш дәріс, Жұмекен шығармашылығына 4 дәріс, Төлен Әбдікұлына 4 дәріс арналды. 

Зады, қандай да бір үлкен таланттың шығармашылығына классификация жасаудың өзіндік қиындығы бар.  Ірі ақын, ірі суреткер, ірі драматургтардың бәрі де шеңберге сыймайтын сан қырлы тұлға болғандықтан, оларды зерттегенде,  міндетті түрде біз дербес шығармашылық тәсіл деп аталатын, қаламгердің өз туындысын жазарда қолданатын шеберлігіне мойын бұрмай тұра алмаймыз. Мысалы, Джон Фаулздың формасы да, баяндау мәнері де, композициясы да бір-біріне ұқсамайтын бес романы бес түрлі стильмен жазылған. Төл әдебиетімізден мысал келтірсек, жазушы  Төлен Әбдікұлының «Әке», «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт», «Өліарасын» реалистік, «Оң қол», «Ақиқат», «Тозақ оттары жымыңдайды» шығармаларын модернистік, ал, «Парасат майданы» повесін постомодернистік  туындылардың қатарына жатқызып жүрміз. Бір дәуірдің ішінде түрлі бағытқа жатқызуға болатын ақындар мен суреткерлердің өмір сүре беруі – өнердің жазылмаған заңдылығы. 

Әйткенмен, классификация жасау – әдебиетті танудың кілті. Сондықтан да әдебиеттану ғылымының қаламгерлерді жіктеп, романтиктер, реалистер, натуралистер, модернистер, постмодернистер деп бөлуінің мүлде пайдасы жоқ деп айта алмаймыз. Бұлай бөлу дидактикалық тәсіл ретінде жұмыс істеп, көп нәрсені түсінуімізге мүмкіндік туғызады. 

Әр ғасыр әдебиетінің өз ерекшелігі бар

Өздеріңіз жақсы білесіздер,  ХVІІІ ғасыр - Еуропаның ағарту дәуірі болды. ХVІІ ғасырдың аяғында Англияда өмірге келген қозғалыс сенім мен дәстүрдің орнына сананың салтанатын  бірінші орынға қойды. Декарттың рационалды философиясына арқа сүйеп, ағартушылар сананы ақиқаттың жалғыз өлшемі санады. Адамзатты тиранияның шеңгелінен азат еткісі келіп,  әр адамның өмір сүруге, бостандыққа, жеке меншікке құқығы барын айтты. Прогресс пен ғылымның адамзатты бақытты етеріне кәміл сенді. Әлемді түбегейлі өзгертіп жіберген игіліктердің негізі Ағарту ғасырында қаланды. 

Бұл дәуірде философия мен әдебиет әлемді біріншіден танылатын, екіншіден, оны зерттеп жөндеуге болатын дүние ретінде қарастырды. ХVІІІ ғасырда ағылшын философы Джон Локтың арқасында адамның жаңа концепциясы пайда болды. Локтың айтуынша, адам баласы өмірге таза парақтай болып,  еш ерекшеліксіз туады. Яғни,  адам жақсы болып та, жаман болып та өмірге келмейді. Адамды жақсы немесе жаман ететін – қоғам. Егер де біз қоғамды жақсартсақ, онда адамды кемелдендіріп, әлемді өзгертеміз. Міне осы философия ағарту дәуірінің негізі болып, Вольтер, Дидро, Монтескье, Дефо сияқты философтар мен жазушылар әлемді зерттеуге және түзетуге болады деп ойлады. 

Ағарту дәуірінде көптеген ұлы істер жасалды. Бірақ әлем олар ойлағаннан әлдеқайда күрделі болып шықты. Сондықтан да Ағарту дәуірі халықты қанға бөктірген Ұлы француз төңкерісімен аяқталды. Ағарту дәуірінің бесігінде бөленіп, идеясымен тәрбиеленген Робеспьер, Дантон сияқты тұлғалар тағдырдың жазуымен қанішерге айналды.     

Негізінде олар әлеуметтік мәселесі шешілген, адамға құрметпен қарайтын бақытты қоғамды орнатуды көксеген еді.  Өкінішке қарай, іс насырға шауып,  бәрі басқаша болып,  елді қанға бөктірді. Аяусыз жазаланып, гильотиналар тоқтаусыз жұмыс істеп, мыңдаған адамдардың басы шабылды. Халықтың санасын үрей биледі. Келешекке деген сенім жойылып, үміттің арқаны үзілді. 

Міне осы мезгілде  Ағарту дәуіріне қарсы әрекет ретінде романтизм өмірге келді. Егер де ағартушылар әлемді бөлшектеп, жинап алуға болатын механизм ретінде қараса, романтик философтар мен жазушылар әлемді механизм емес, бөлшектеуге келмейтін организм ретінде тану керек екенін айтты. Яғни, әлем дегеніміз біз ойлағаннан әлдеқайда күрделі құбылыс.  

Осыған орай, ағылшын қаламгері Мэри Шеллидің 1818 жылы жазған «Франкенштейн немесе бүгінгі заманның Прометейі» деген романы жөнінде бір-екі ауыз сөз айта кетуді парызым санаймын.  Бұл готикалық романды  әлем әдебиетіндегі -алғашқы ғылыми фантастикалық мәтін санауымызға болады. 

Мазмұнын қысқаша қайырсақ, романда адамның өмірге келуінің  жұмбағын таныған Виктор Франкенштейн есімді ғалым өлі материяны тірілтудің құпиясын ашады. Міне, осылайша ол өлген адамдар мүрдесінің бөлшектерінен жасанды адамды құрастырып шығарады. Жасанды адамы нағыз құбыжыққа айналып, ақыр соңында Франкенштейннің өзіне қауіп төндіре бастайды. Романды Ағарту дәуіріне жазылған пародия ретінде де қабылдауға болады. 

Прогресс пен ғылымға сеніп, әлемді сананың құдіретіне бағындыру мүмкін емес екен. Рационалдық идеялардың ақыры қантөгіске алып келді. 

Бүкіл романтизм әдебиеті осындай идеяларды алға тартып, әлемнің өте күрделі, бір-бірімен тығыз байланыста болатын құбылыс екенін жазды. 

Әлемнің күрделі болуы оны мүлде тану мүмкін емес деген ұғымды білдірмейді. Алайда сананың да аттап кете алмайтын өз шекарасы бар. Сананың да мүмкіндігі шексіз емес. Әлем сана арқылы емес, шығармашылық түйсік, жан арқылы танылады. 

Романтикалық әдебиетті оқу барысында біз мұны айдан-анық көреміз. Атап айтсақ, Гофман, Байрон, Эдгар По, Гюголардың шығармаларынан. Кейін неоромантиктер олардың шығармашылығындағы әлемді бөлшектеуге келмейтін құбылыс санаған концепциясын негізге алатын болады.

Романтиктер әлем дегеніміздің күрделі элементтердің жүйесі екенін көрсетуге тырысты. Айталық, Гофманды оқыған кезіңізде сіз осы екі жақты әлемнің (двоемирие) күрделі табиғатын тани түсесіз. Біріншісі, прагматикалық – тұрмыстық әлем. Ол әлемде бәрі де есеп пен ақылға құрылған.  Бірақ, одан басқа, екінші парасатты, асқақ  әлем де бар. Ол әлем философиямен, әдебиетпен, өнермен  өмір сүреді. Гофманның ертегілерімен танысқан кезіңізде сіз осы әлемге тап болғандай күйге түсесіз. 

Романтиктерді жалған тіршіліктің адамды зеріктіретін, іш пыстыратын шындығы қанағаттандырмады. Платонның философиясына арқа сүйеген олар мына біз білетіннен басқа нағыз, шын әлем бар деп есептеді. Сол әлемді танып, мәтіндері арқылы оны көрсетуге тырысты. Идеалды олар тұрмыстық материалдықтан тыс жатқан әлемнен іздеді. 

Енді зерттеп жүрген негізгі тақырыбымыз ХХ ғасырға да келейік. Бұл  әдебиеттің ең күрделі дәуірі. Бастапқыда мен әдебиет тақырыбына арналған дәрістерімді сонау көне дәуірден бастауды ұйғарып, кейін ол ойымнан бас тарттым. Өйткені, ХХ ғасыр әдебиетін зерттеп, жан-жақты түсінбейінше, көп нәрселерді бізге тану  қиын болады. Егер де ХХ ғасырға дейін әдебиетте екі-үш ақ изм болса, ХХ ғасырда ол измдер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті.    

ХVІІІ бен ХІХ ғасыр адамның өз-өзіне көңілі толып, өзінің ақылына, зияткерлігіне разы болған дәуірі болды. Мейманасы тасыған адам сананың құдіретіне қатты сенді.  Джордж Берклидің бәрін де адам санасымен байланыстырған субьективті идеализмін есіңізге түсіріп көріңіз. Беркилге дейін де  Декарттың рационализм философиясының өмірге келіп, қоғамдық ойдың қозғаушы күшіне айналғаны мәлім. ХІХ ғасырда ұлт, мемлекет, халық деген ұғымдар бірінші орынға шығып, Гегель мен Маркстар прогресс пен ғылымның қоғамдағы орнын негіздеп берді. Еуропаның зияткерлері прогресс пен ғылымның адамды бақытты етеріне кәміл сенді. Өкінішке қарай, ХХ ғасыр адам үмітінің күл-талқанын шығарды. Совет заманы  ХХ ғасырда болған адамзаттық дағдарыстың негізгі себебін бізден жасырып келді. Бұл дағдарыс тұрмыс-тіршіліктің нашарлағанынан немесе жақсарғанынан пайда болған жоқ. Ең басты дағдарыс – адамның өзі болды. Адам ХХ ғасырда өзінің нағыз жыртқыштық болмысын таныды. Кенеттен, өте ақылды, білімді адамзат екі дүниежүзілік соғыстың болуына жол беріп, еш жазығы жоқ миллиондаған адамдарды жер бетінен жойып жіберді. Мұның себебі неде? Ескі құндылықтар жұмыс істемегендіктен, ХХ ғасыр адамының табиғатын түсіндіріп беретін жаңа әдебиеттің, жаңа философияның қажеттілігі туды.

Егер де мен алдағы бес жылда ХХ ғасыр әдебиетіндегі  парадигмалардың негізін салып, проза, поэзия, драматургияға жаңа форма, тосын стиль әңгімелеу шеберлігінің тың үлгілерін әкелген қаламгерлердің туындыларын талдап, түсіндіріп бере алсам  аз олжа емес. Мойныма алған жұмыстың жауапкершілігі көп болғандықтан, кейде, шығармашылығын зерттеген тұлғаның жазған дүниелерінің бәрін оқуға тура келеді. Мысалы, Фолкнердей күрделі суреткер  туындыларының табиғатын түсіну үшін бір-бірімен байланысты барлық романдарына ой қыдыртып, сана сүзгісінен өткізу керек. Ал, шығармалары әлі күнге дейін пікірталас туғызып келе жатқан, туындыларын талдауға әдебиет зерттеушілерінің де ой-өресі  жетпей жүрген Джойстың «Улисс» романын зерттеу де көп еңбектенуді, көп ізденуді талап етеді. Сондықтан да мен Джойсқа арналған төрт дәрісімде, суреткердің өмірі мен «Дублиндіктер» әңгімелер жинағының ерекшелігіне ғана тоқталдым. Батыс әдебиетіндегі прозаның бағыт-бағдарын түбегейлі өзгертіп жіберген «Улисс» романын талқылауды алдағы жылдардың еншісіне қалдырдым. Модернистік прозаның тағы да бір корифейі Марсель Пруст туралы да бірнеше дәріс оқу жоспарымда бар. Оқып жатқан дәрістерімді келешекте кітап қылып, оқулық ретінде жоғары оқу орындарына ұсынуды көздеп отырмын.   Дәрістер үш түрлі бағыт бойынша оқылып жатыр. Бірінші бағыт 20 ғасыр әдебиетінің парадигмасын қалыптастырған қаламгерлердің шығармашылығы туралы. Осыған орай, алдымен өздеріңізді келешекте оқитын дәрістерімнің тақырыбымен таныстырайын. 

Бірінші кезекте әрине декаданс бағыты туралы бірнеше дәріс оқуды көздеп отырмын. Декаданс дәуірінде эстетизм бағыты дүниеге келді. Аса көрнекті өкілдері- Жорис Карл Гьюисманс, Оскар Уайльд.  Совет заманындағы сыншылар, жаңашылдық атаулыны мойындамай, оған тіпті үрке қарағандықтан,  Гьюисманстың 1884 жылы жазған «Наоборот» романы назардан тыс қалды. Шын мәнісінде бұл роман Батыс әдебиетінде үлкен құбылыс болды. Мұндай ерекше стилмен жазылған туындының дүниеге келуі үлкен жаңалық болып, француз әдебиетінің тұтас дәуірін туғызды. 

Эстетизм бағытының тағы бір көрнекті өкілі Оскар Уайльд. Зады, кез келген ұлы суреткердің шығармашылық құпиясының кілтін табу үшін оның кімдерден тағылым алғанын білу – маңызды. Мен өз дәрістерімде бұған ерекше мән беріп, оны жан-жақты зерттеуге тырысамын. Осыған орай, Оскар Уайльдтың   көзқарасының қалыптасуына әсер еткен екі ұстазы  болғанын атап өткім келеді.  

Біріншісі – Джон Рескин, атақты өнертанушы, өнер теоретигі, тарихтың мінезін, өнердің генезисін жақсы білетін, өнердің болашағына болжам жасай алатын білікті маман. Ғалымның өнердің дамуы мен құлдырауына байланысты айтқан теориялық ойлары әді күнге дейін маңыздылығын жойған жоқ. 

Оскар Уайльдтың дүниетанымына Рескинге қарағанда әлдеқайда қатты әсер еткен Уолтер Пейтер есімді екінші ұстазы болды. Пейтер эстетикалық сынның негізін қалаған тұлғалардың бірі. Мұндай сын сол замандағы Мэтью Арнолдтың этикалық сынына қарсы әрекет ретінде дүниеге келді. Пейтерді кейде эстетизмнің әкесі деп те атап жүр. Мұның бәрін мен неге айтып отырмын. Өйткені, шығармашыл тұлғалардың туындыларына баға беру үшін мәтінді оқып қана қоймай, эстетикалық көзқарасын да білу өте маңызды.  

Әдебиеттегі жаңалық атаулының өмірге келуінің өз заңдылығы бар. Өздігінен ештеңе пайда болмайды. Ерте ме, кеш пе, кез келген көркемдік жүйенің, көркемдік дәуірдің көркемдік әлеуеті, шығармашылық мүмкіндігі сарқылады. Міне осы мезгілде өнерді ғана емес, жалпы өмірді өзгерткісі келген тұлғалар пайда болады. Олардың көзқарасы әдебиетке де қатты әсер етеді. 

Осыған орай, әдебиеттің ғана емес, өткен ғасырдағы Еуропа мәдениетінің түбегейлі өзгеруіне айтарлықтай ықпал еткен неміс философы Фридрих Ницшенің еңбектеріне тоқталмай кете алмаймыз. Себебі, ғасыр тоғысындағы өліарада өмірге келген жаңашылдықтар Ницше есімімен, атап айтсақ оның «Музыка рухынан дүниеге келген трагедия» (Рождение трагедий из духа музыки) сияқты еңбектерімен байланысты болды. Ендеше ХХ ғасыр әдебиетінде басымдыққа ие болған жаңа парадигмалардың іргетасы, Ницшенің тырнақалды туындылары жарық көре бастаған 1870 жылдары қаланды деп тұжырымдауға толық негіз бар. 

Өткен ғасырдағы Батыс әдебиетін үш кезеңі

Біріншісі, Фридрих Ницшенің тұңғыш еңбектері  жарық көрген 1870 жылдардан басталып, Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін, яғни, 1914 жылға дейін жалғасты. Бұл кезеңді біз қазір декаданс дәуірі деп атап жүрміз. Ең алғашқы модернистік туындылар осы уақытта жазылып, символизм, эстетизм сияқты бағыттар пайда болды. Келешекте осы бағыттардың көрнекті өкілдерінің шығармашылығына талдап, арнайы дәрістер оқу жоспарымызда бар. 

Поэзияда Артюр Рембо, Поль Верлен, Поль Клодель, Стефан Маллермалар, прозада Жорис Карл Гюисманс, Оскар Уайлдтар әдебиеттегі жаңашылдықтың негізін қалаған тұлғалар болды. 

Батыс әдебиетінің екінші кезеңі, 1914 жылдарда қарқын алып 1939 жылға, яғни, Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін ұласты. Оған біз модернизм дәуірі деген сипаттама бердік. Ең маңызды  модернистік мәтіндер осы мезгілде туды. Негізін қалаған атақты өкілдері - Марсель Пруст, Джеймс Джойс, Франц Кафка, Генрик Ибсен, Август Стриндберг, Морис Метерлинк және басқалар. 

Батыс әдебиетінің үшінші кезеңі 1945  жылы дүниеге келіп,   әлі күнге  дейін жалғасып келе жатқан – постмодернизм дәуірі. Философ Дмитрий Хаостов ирланд жазушысы Джейс Джойс модернизмнің ғана емес, сонымен бірге постмодернизмнің де негізін қалап кетті деп есептейді.  Уақыт өте келе бұл екі бағыт – модернизм мен постмодернизм басты назарда болып, ХХ ғасыр әдебиетінің парадигмасына айналды. 

Бүгінгі таңда кейбір ғалымдар әлі атауы анықталмаған жаңа кезеңнің басталғанын алға тартып, постмодернизм дәуірі аяқталып келеді деген болжам жасап жүр. Біреулердің айтуынша, бұрынғы измдердің жаңа түрі – метамодернизм, метареализм, тіпті, метаромантизм пайда болып, бітімі бөлек жаңа мәтіндер дүниеге келуі ықтимал. Дей тұрсақ та постмодернистік туындылар, әлі де сұраныс туғызып, ХХІ ғасыр әдебиетінің де бет-бейнесіне айналды дегенді кәміл сеніммен айта аламыз. Мысалы былтыр ғана Нобель сыйлығын еншілеген мажар жазушысы Ласло Краснохаркай – постмодернист жазушы.    

Өздеріңіз жақсы білесіздер, ХІХ  ғасыр аяғында Құдай өлді деу арқылы атеистік өркениеттің дәуірі басталғанын тұжырымдаған Фридрих Ницшенің ойлары гуманитария саласына, оның ішінде әдебиетке де зор ықпалын тигізді. 

Ең алдымен қоғамдағы кімге және неге сенеміз дегенге байланысты консенсус, яғни, келісім жойылды. Кімге сенемін, неге сенемін, қалай сенемін, әлде ештеңеге де сенбеймін бе деген мәселе ендігі жерде кез келген адамның жеке ісі болып кетті. Ал бұл шын мәнісінде, осы кезге дейін маңызды болып келген - өте өзекті мәселе. Философтардың сөзімен айтсақ – онтологиялық мәселе. Онтос – жаратылыс. Мұндай маңызды мәселеге байланысты  қоғамда консенсустың болмауы – үлкен проблема. Жаратылыс мәселесі – оны кім жаратты немесе ол қалай жаратылды деген мағынадағы сауалдарды туғызады. «Әлем қалай жаратылған? Тірегі не? Ол не үшін жаратылды? Біздің ондағы алатын орнымыз қандай? Адамдық жаратылыстың мәні неде?...». 

Бұлардың бәрі де шын мәнісінде -  өте маңызды сауалдар. Алайда, ендігі жерде бұл мәселелерге байланысты қоғамда ешқандай консенсус жоқ. Жоғарыдағы сауалдардың жауабын іздесең де, іздемесең де – өз еркің. Тіпті мұндай нәрселерге басыңды қатырмасаң да болады. Бір сөзбен айтқанда, адамдық негіздің арқауы болып келген құндылықтардың іргетасы босай бастады. Міне осылайша, өте маңызды мәселеге байланысты консенсус жойылып, қоғамда релятивизм феномені белең алды. 

Еуропаға қоныс аударған, америка жазушысы  Генри Джеймсті білетін шығарсыздар. Ұлы жазушының ағасы бар. Уильям Джеймс. Философ, психолог. Ғажайып тұлға. Ол мысалы Ницшенің «Құдай өлді» дегенінен кейінгі әлемді плюралистік кеңістік ретінде сипаттайды. Ендігі жерде, оның айтуынша, қандай да бір негізделген ортақ көзқарастың төбесі жоқ. Оның орнына мыңдаған пікірлердің төбешігі бар. Әркім өз төбешігінде отырып алып, менің пікірім ғана дұрыс, басқалар қателесіп жүр деп ойлайды. Маңызды мәселеге байланысты консенсус жоқ жерде, мұндай релятивизмнің белең алатыны – заңдылық. 

Енді мұндай ахуалдың әдебиет әлемінде қалай көрініс тапқанына да назар аударайық. Мұның жарқын мысалын біз символист ақындардың поэзиясынан анық көреміз. 

Символизм 1870 жылдары Францияда дүниеге келіп, кейін Ресейге, ХХ ғасырдың басында қазақ еліне де жеткенін білеміз. Алаш ақындары  Сұлтанмахмұт Торайғыров, Бернияз Күлеев пен Мағжан Жұмабаевтың поэзиясында символизмнің белгілері молынан бар. 

Символист ақындардың бәрі де символистік поэзия қарапайым адамның көзіне көрінбейтін тылсымды суреттейді дегенді айтты.  Ол жұмбақты құлақпен есту де, қолмен ұстап көру де мүмкін емес, тек түйсікпен сезуге ғана болады. Ақын біздің көзімізден жасырынған нағыз өмірден де терең, нағыз өмірден де шынайы жұмбақ  әлемді ашады. Ақын дегеніміз – көріпкел. Пайғамбар. 

Символист-ақындардың пікірлері шамамен осындай болып келгенімен, поэзияның қандай маңызды әлемді ашуы керек екеніне байланысты олардың ойлары бір-біріне ұқсамайды. Ұқсамақ түгіл, бір-бірін жоққа шығарады. 

Символистердің дәстүрлі оң қанатына назар салсаңыз, ол жақтан француздардың символист-ақыны, діндар католик Поль Клодельді көресіз. Мысалы ол, поэтикалық ағым ретінде символизмді діни догмаларымен байланыстырды. Оның айтуынша, символист-ақын ұлы жаратушы мен оның періштелерінің әлемін танып, сол туралы жазады. Символизм туралы оның түсінігі шамамен осындай, діни догмаларымен байланысты  болды. 

Символистердің сол қанатына назар аударатын болсақ, ол жақта біз символист-ақын Стефан Маллармені табамыз. Насихаттап қана қоймай, ол осы символизмнің көсемі, әрі идеологы да болды. Сеніміне берік материалист және атеист ақын өз маңына символистердің үркердей шоғырын  топтастырды. Маңызды кеңестер берді. 

Символист-ақын болғанымен, символизм туралы Малларменің ойлары Поль Клодельдің пікіріне мүлде қайшы келеді. Малларме символизм өз өлеңдері арқылы  материяның, абсолюттің мәңгілік сұлулығын ашады деп пайымдады. Міне осылайша ол символизмді рухпен емес, материямен байланыстырды. 

Ал, енді идеалистік және материалистік бағыттың ортасында жүрген ақындардың сөзіне құлақ ассақ, ол жерден де біз бір-біріне қайшы келіп, бір-бірін жоққа шығарып жатқан сан-алуан пікірлермен танысамыз. 

Біз ол жерден сөзінде де, мінезінде де, ұстанымында да тұрақтылық жоқ, біресе Құдайға деген сенімінен бас тартып, күнәға белшесінен батып, содан кейін тізерлеп тұрып Жаратушыдан кешірім сұрап жүрген Поль Верленді көреміз. Немесе символистердің арасынан мистик, эзотерик, окультист ирланд ақыны Уильям Батлер Иейтсті де табуға болады. Оның  спиритизммен әуестеніп, бір құпия ордендердің мүшесі болғанын да білетін шығарсыздар. 

Енді бір сәт, символистердің бәрі Құдайдай табынған Артюр Рембоның пікіріне да назар аударайық. Рембо болса, символизмнің өз оқырманына нені ашуы керек екеніне байланысты өте түсініксіз, тұманды, жұмбақ жазбалар қалдырып, оны әлі күнге дейін ешкім шеше алмай, дау туғызып келеді. Оны біреулері католик, енді біреулері атеист, енді біреулері эзотерик санап, көрпені әркім өзіне тартып,  әркім оны өз мектебінің өкілі қылғысы келеді. Тіпті, Рембоны адамға беймәлім стихияның үнін жеткізді дейтіндер де бар. 

Көріп отырған шығарсыздар, символист-ақындардың арасында символизмге байланысты баршаға ортақ жүйеленген, классификацияланған, теориялық тұрғыдан негізделген ортақ пікір жоқ. Ол жерде қайшылықты пікірлердің плюрализмі мен релятивизм салтанат құрып тұр. 

Біз бұдан символистердің көзбен көріп, қолмен ұстауға болмайтын ақын ашатын әлемінің шындығында аса маңызды емес екенін, оны әркім өзінше түсініп, оқырманға өзінше түсіндіріп жатқанын көреміз. 

Жаңа ғасыр әдебиетінің дүниеге келуінің өз заңдылығы бар. Шығармашылық өмірдің де өз ырғағы болады. Және олар көп жағдайда тарихи өмір заңдылығымен үйлесім таба бермейді. Міне, осы көркем өмір мен тарихи өмір заңдылықтарының барлық уақытта үйлесе бермейтінін біздің әдебиеттану ғылымы көп жағдайда ескере қоймайды. Сондықтан да әлі күнге дейін біздің ғалымдарымыз совет заманынан бері қалыптасқан үрдіске сүйеніп, ХХ ғасыр әдебиетін тарихи ХХ ғасырмен байланыстырып келеді. Мұндай көзқарас, ХХ ғасыр әдебиетінің күрделі табиғатын танып, жан-жақты түсінуге мүмкіндік бермейді. 

Өздеріңіз жақсы білесіздер, ХХ ғасыр әлемдегі, сонымен бірге адамзат өмірінде болған - алапат өзгерістердің уақыты. Әрине, олардың ешқайсысы да әдебиетте өз ізін қалдырмай тұра алған жоқ. Дегенмен, бұл із таза механикалық тұрғыда қалдырылған із болды деп тағы да айта алмаймыз. Жалпы  бізде ғана емес, Совет Одағының құрамында болған мемлекеттердегі әдебиеттану ғылымы ХХ ғасырда болған дүниежүзілік соғыстарды, төңкерісті, әлемде қалыптасқан мүлде жаңа ахуалды механикалық түрде әдебиетпен байланыстырып жүр. Бұл мүлде дұрыс емес. Себебі, әдебиетте, мәдениетте болып жатқан құбылыстарды бұл жағдайлар ғана белгілеп бермейді. Оның өзіне тән ішкі заңдылықтары бар. 

Ерте ме, кеш пе, кез келген көркемдік жүйенің, көркемдік дәуірдің көркемдік әлеуеті, шығармашылық мүмкіндігі сарқылады. Міне, осы уақытта жаңашылдыққа ұмтылудың, шындықты суреттеудің жаңа мүмкіндіктерін іздеудің қажеттілігі туады. Әрине, мұның бәрі де өмірдің де сан мәрте құбылып жатқанымен байланысты болғанымен, өзгеріске ұшырайтын ішкі процесстерді де елемеу дұрыс емес.  Егер де біз ХХ ғасыр әдебиетін көркемдік төңкеріс аталып жүрген контексте қарастырсақ, яғни, көркем әдебиеттің тілінде орын алған терең де, күрделі, қағидатты өзгерістермен үйлестіретін болсақ, онда бұл процесстердің басталуын ХІХ ғасырдың аяғындағы сурет өнеріндегі төңкеріспен ұштастырған ғанибет. Ондай жағдайда біз ХХ ғасырдағы көркемдік дәуірді имрессионистердің алғашқы көрмесінің тарихынан бастауға тиіспіз. Олардың өнер туындаларымен бірге мүлде жаңа көркемдік сапа пайда болды. Әрине, ол кезде өнерде болған бұл төңкерісті жұрттың көбі түсіне қойған жоқ.  Енді міне жүздеген жылдар өткеннен кейін шын мәнісінде де сол кездері өнерде ғаламат құбылыстың болғанына, жаңа көркемдік сапаның өмірге келгеніне көзіміз жетіп отыр. Және, бұл оқиға, көркем мәдениеттің барлық жағына, оның ішінде әдебиетке де өз ықпалын тигізбей тұра алмапты.  Бүгінгі таңда осындай көзқарастың жақтаушылары көп болғандықтан, ХХ ғасырдағы әдебиеттің басталуын импрессионистердің, одан кейінгі постимпрессионистердің, сосын ақындардың, бірінші кезекте осы өнердің жаңа ізденістермен тығыз қарым-қатынаста  болған Артюр Рембо мен Поль Верлен сияқты француз ақындарының шығармашылығымен байланыстыру үрдісі қалыптасты. Бұл мезгіл - ХІХ ғасырдың 70-80 жылдары. Бір сөзбен айтқанда, ХХ ғасырдағы өнердегі жаңа бағыт  ХІХ ғасырдың аяғында өмірге келді деуге толық негіз бар. Бұл жаңа бағыт ХХ ғасырдың басында шарықтап, биік белеске көтерілді. 

Міне, осыған орай біз бір маңызды оқиғаны айтпай кетпей тұра алмаймыз. Бұл 1907 жылы болған оқиға. Атап айтсақ, сол жылы дүниеден өткен Поль Сезанның майлы бояумен жазған картиналарының көрмесі өтті.  Тап сол жылы Еуропа живописінің тағы бір корифейі Пабло Пикассо өзінің «Вийон қыздары» деп аталатын атақты картинасын ел назарына ұсынды. Әрине, ол кезде бұл картина үлкен дау-дамай туғызды. Қазір бұл еңбектің ұлы өнер туындысы екеніне ешкім де күмән келтіре алмайды. 

«Виион қыздары» Пикассоның куббизм саласындағы алғашқы тәжірибесі еді. Яғни, бұл мүлдем жаңа эстетиканың қалыптасу кезеңі болды. Атақты картина өнер әлеміндегі маңызды оқиғаға айналды. Дәл осы уақытта Парижде "Бато ле вуар" деп аталатын шындықты берудің жаңа қағидаттарын насихаттаған суретшілердің жаңа  тобы пайда болды. Бұл суретшілердің  тобымен ең ірі француз ақыны Гиом Апполинер тығыз байланыста болды. Гиом Апполинер француз ақыны. Пабло Пикассо, Андре Дерен, Франсис Пикабия, Анри Руссо сияқты суретшілермен достық қарым-қатынаста болған. 

Дәл осы кезде бір мезгілде еуропалық әдебиет пен театрда да терең өзгерістер өтіп жатты. Театрда неміс режиссері Макс Рейнхард, орыс режиссері Всеволод Мейерхольд сияқты жаңашылдардың қызметі басталса, музыкада Стравинский шығармашылығының жаңа қыры жарқырап ашылды. Бұл жерде де біз мүлде жаңа сапаның дүниеге келгенін көреміз. Басқаша сөзбен айтқанда, өнердің түрлі салаларында, оның ішінде әдебиетте де жаңа көркемдік сапа қанатын кеңге жая бастады. Мүмкін, тап осы кезде ХХ ғасыр әдебиетінің  шымылдығы түріліп, оның дәуірі басталған шығар. Дегенмен, қазіргі кезде мұндай көзқарастың жақтаушылары көп болғанына қарамастан, оны жалпыға ортақ қағидаға жатқыза алмаймыз. Бұған байланысты басқа да ой-тұжырымдар жеткілікті. Айталық, Джон Фаулз есімді өте танымал ағылшын жазушысы бар. Міне осы Фаулз шын мағынасында мазмұны жағынан апаттардың, тарихи қанды оқиғалардың, жауыздықтың дәуірі болып табылатын ХХ ғасыр әдебиеті Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін басталады деп санайды. Фашизм, тоталитарлық режимдердің тәртібі, Нюрнберг процессі, Хиросима - міне осылардың бәрі ХХ ғасырдың бет-бейнесі. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін әлі де әдебиетте либералдық бағыт, гумманистік дәстүр жалғасып жатты. Әрине, ол өнерде де өзгерістердің болғаны рас. Дегенмен, сөз өнерінің бағыт-бағдарын түбегейлі өзгертіп жіберген жаңа дәуір туралы айту ол кезде әлі мүмкін емес-тұғын. Қалай болған күнде де бұған байланысты көзқарастар бір-біріне қайшы келеді. Осыған орай туындап жатқан мәселені зерттеп жүргендер, егер біз бәрін тек тарихи өзгерістермен байланыстыра беретін болсақ, ХХ ғасыр әдебиетіндегі көп нәрсені түсіне алмаймыз дегенді алдыға тартады. Сол себептен де ХХ ғасырды сипаттай отырып, қандай құндылықтарды маңызды санайтынымызға байланысты біз ХХ ғасыр әдебиетіне баға бере аламыз. Егер де бұрын ХХ ғасыр әдебиетін тілге тиек еткенде біздің назарымызда тарихи дәуірдің ғаламат өзгерістерімен тікелей байланысты адамдар болса, қазір біз өткенімізге көз жүгіртіп, бұл әдебиеттің негізін қалаған қаламгерлердің мүлде басқалар болғанына көз жеткіземіз. 

Осы орайда ХХ ғасыр әдебиетінің бағытын белгілеген жазушылардың бәрі модернизм бағытымен байланысты болғанын атап өткен жөн. Модернизм ХХ ғасырдағы әдеби жағдайды және осы тұжырымдаманың мәні мен мазмұнын сипаттайтын негізгі сөздердің бірі. Егер біз ХХ ғасыр әдебиетте, ең алдымен, Марсель Пруст, Франц Кафка, Джеймс Джойс сияқты авторлардың қызметі деп дау айтатын болсақ (олардың барлығы ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарында өздерін көрсетіп, модернизмнің басты өкілдері болды) онда біздің көз алдымызда әдебиет тарихының басқаша тұрғыдағы картинасы пайда болады. Ал, егер біз бұрынғыша ХХ ғасыр дегеніміз ең алдымен тарихи оқиғалармен, әлеуметтік өмірмен, революциямен тікелей байланысты жазушылар дейтін болсақ, онда әдебиеттің картинасы мүлдем басқа болып шығады.  Мәселе бұл жерде тек әдіснамада ғана емес, көзқарас пен бағалауға да байланысты біздің ұстанымымыз өзгеріске ұшырауы ықтимал. Менің ойымша, бүгін бұл пікірталас осыдан 15 жыл бұрынғыдай аса өзекті емес.

Совет Одағы құлағаннан кейін, біздің өмірімізде өзгерістер болған кезде бұрынғы қалыптасып қалған концепциялар мен пікірлер де қайта қаралып, елеулі өзгеріске ұшырады. Әрине, бұрын-соңды айтылмай келген мәселелерге қатысты пікірталас та қызу болды. Енді ондаған жылдар өткеннен кейін бұл пікірталас бұрынғыдай қызу өтіп жатқан жоқ. Бірақ өз позициясын қорғап қалу майданында әлі де даулар туындап жатады. Сондықтан ХХ ғасыр әдебиетінің картинасын жасап шыққысы келетін әдебиетшілер қандай құндылықтардың өздері үшін негізгі, қандай есімдердің маңызды болып табылатынын анықтап алуы тиіс. Менің ойымша егер де біз өткен ғасырдың оныншы, жиырмасыншы жылдарындағы өзгерістерден кейінгі жағдайды түсінуге тырысқан еуропаның философиялық, культурологиялық ойын тереңірек зерттейтін болсақ, мұндай пікірталастың керегі болмай қалады. Өйткені, сол кездегі жазушылар мен мәдениеттанушылардың басым бөлігі үшін әдебиеттің бағыт-бағдарын айқындаған айтулы тұлғалар ХХ ғасырдың шын мәнісіндегі көркем тарихының бет-бейнесін қалыптастырды. Бұл тұлғалардың қай-қайсысы да негізінен әдебиетке зор ықпалын тигізген модернизммен байланысты. Әрине, осыған қарап ХХ ғасырдың жаңа есімдері мен эстетикасы бұқараның жаппай қолдауын иеленді деп айтуға еш негіз жоқ.  Қайта, бәрі керісінше болды. Осыған орай мен екі ойшылға айрықша тоқтала кеткім келеді. Біреуі - орыс, екіншісі - испан. Мәселеге екі түрлі тұрғыдан қарағанымен, менің ойымша бұл екі ойшыл ХХ ғасырдың басында болып жатқан өзгерістерді терең түсініп, оны мейлінше жақсы сипаттаған сыңайлы. Орыс ойшылына келетін болсақ, оның аты-жөні Георгий Петрович Федотов. Өте ірі, әлі күнге дейін өзіне лайық бағасын ала алмай жүрген философ, мәдениеттанушы, әрине эмигрант. Себебі түсінікті де. Өйткені, әдебиет, мәдениет мәселесіне байланысты өте маңызды пікірталастарды Совет Одағында жүргізу мүмкін емес еді. Федотовтың 12 том болатын рухани мұрасы бар. Өнер оның ең негізгі тақырыбы болмағанына қарамастан, жиырмасыншы жылдары жарық көрген мақаласында ол орын алған өзгерістердің анықтамасын дәл сипаттады. Оның айтуынша, ХХ ғасырдағы тарихи жағдайлар – бірінші дүниежүзілік соғыс, қазан төңкерісі сияқты тарихи оқиғаларға байланысты әлем туралы, адам туралы қалыптасқан бұрынғы түсінік күйреуге ұшырады. Осыған дейінгі либералдық прогреске, адамның парасатына сенген ХІХ ғасыр келмеске кетті. Федотов ендігі уақытта мұндай күйреуден қашып құтыла алмайтынымызды айтты. Әрине, ХІХ ғасыр мәдениетінің бесігінде тәрбиеленген ол үшін бұл үлкен трагедия. Оған нағыз мәдениеттің дамуы үшін қолайсыз жағдайлар туғандай болып көрінді. Өйткені, 1928 жылы жазылған ойшылдың мақаласында айтылғандай, ХІХ ғасырды инттелектуалдық мазмұнымен, байлығымен таң қалдырған мәдениет өлді. Шығармашылықтың күрделілігі, нәзіктігі жоғалды. Дәстүр жойылды, Оның орнына, бүгінгі дәуірдің сырқатын, бүгінгі адамның шектеулігін көрсететін өнер келді. Адам тобырдың адамына айналды. Тұлғалық қасиетінен айрылды. Өнерде, апатты жағдайдағы шындықты өздерінше апатты формада көрсетуге тырысқан, эпотаждық формасымен айды аспанға бір-ақ шығарған дүниелерді туғызуға деген құштарлық күшейді. Әлбетте, бұл салада қол жеткізген табыстар да болды. Атап айтсақ, Пикассоның живописінде. 

Федотов орыстың алтын ғасырының құндылықтары Толстой мен Достоевский сияқты алып титандардың рухани мұрасын бойына сіңіріп өскен тұлға.  Сол себептен өнерде басымдық алған өзгерістерді қабылдау оған қиын болды. Осыған орай ол бұл өнер рухани тіршілік иесі ретіндегі адамды, мәдениеттің қат-қабат иірімдерін, интеллектуалдық ойды жүрегінің байлығына айналдырған адамды жоққа шығарады деп есептеді. Міне осы орны толмайтын руханилықтың орнына жаңа өнер шынайылықты біржақты көрсететін инттелектуалдық картинаны ұсынды. Совет заманында Федотовқа сілтеме жасау мүмкін болмағанына қарамастан, мұндай көзқарас әдебиеттануда жиі айтылып тұрды. Осындай концепцияның ізбасарлары болған, советтік эстетикалық ой әлеміндегі айтулы тұлғалар «ХХ ғасыр барып тұрған бейбастықтық. Яғни, өнер өзінің бейнелілігін жоғалтып, күйзеліске салынып кетті» дегенді көп сөз қылды. Еуропалық мәдениеттану мен философиядағы ірі тұлға, испан ойшылы Хуан Ортега и Гассет те ХХ ғасырдағы өнерге тап осындай тұрғыдан қарағанымен, оны сәл басқаша бағалады.

Хуан Ортега и Гассет ең алдымен философия тарихындағы ірі тұлға. Бірақ оның көркем мәдениетке арнап жазған бірнеше еңбегінің ХХ ғасырдағы болған өзгерістердің мәні мен мағынасын түсіну үшін атқаратын маңызы - зор. Өте зор. Осы еңбектердің ішінен екеуін мен ерекше атап өткім келеді. Олар өткен ғасырдың 20 жылдарында жазылған «Көпшіліктің көтерілісі» және әсіресе, «Өнердің ізгіліктен адалануы» атты еңбектері. Бұл кітаптар шын мәнісінде де ХХ ғасырдағы көркем мәдениеттің тарихын зерттеумен айналысқандар үшін бағдарламалық құжаттар болды. Өкінішке қарай, ұзақ жылдар бойы Ортеганың концепциясы әдебиеттанумен айналысатын аға буын өкілдеріне теріс түсіндіріліп келді.  Совет заманында испан ойшылының есімі өте сирек аталып, ылғи да оның еңбектеріне сыни түсініктемелер беріліп тұрды. Біржақты болып келетін совет эстетикасы ылғи да Ортеганы революцияық өнердегі өзгешілікті байқамайды, бұрынғы ескі мәдениеттің орнына өсіп шыққан жаңа құбылысты - гуманистік, реалистік мәдениетті көрмейді деп сынайтын. Мұндай сындардың бәрінде де тенденциялық, идеологиялық сипат басым болды. Алайда, соған қарамастан мұндай көзқарастардың болғанын атап өту – біздің парызымыз. Өйткені, Ортеганың ХХ ғасырдағы мәдениеттің мәні туралы ойларының маңызын біз соңғы жылдары ғана терең түсіне бастадық. Енді міне уақыт өте келе бұрынғы идеологиялық құрсаудан құтылған кезімізде біз Ортеганың заманынан озып туған көреген тұлға болғанын батыл айта аламыз. Әсіресе, Ортеганың ХХ ғасыр әдебиетіне қатысты еңбектері бізге сөз өнерінде шын мәнісінде қандай өзгерістердің болғанын түсінуге көмектеседі. Ортега туралы әңгіме айтылғаннан кейін ізгіліктен адалану сөзі бірден біздің есімізге түседі. Шындығында да неліктен кіндігі бір болып жаратылған өнердің ізгіліктен адалануы орын алды және ізгіліктен адалану түсінігінің артында не мағына  тұр? 

Әрине, бұл түсінікке байланысты Ортега өнердегі адамдық мазмұнды жоққа шығарды, адамдық мазмұнның таза механикалық мазмұнмен ауыстырылғанын айтты, ол да Федотов сияқты әдебиеттегі зияткерлік байлықтың, рухани байлықтың жоғалғанын мойындады деген тұрғыда жауап беру оп-оңай. Өнердің ізгіліктен адалануы дегенді Ортега и Гассет егер де ескі мәдениетте, яғни, ХХ ғасырға дейін адам, тұлға басты орында болып, суреткерлердің барлық күш-жігері адамдық тұлғаның бірегейлігін, ерекшелігін, дүниеге деген көзқарасын, құндылығын т.с.с. тануға бағытталса, ХХ ғасыр мәдениетінде обективті себептерге байланысты мұның бірі де жоқ деп есептеді. Міне сол себептен Ортеганың екі еңбегін бір-бірімен байланыстырып отыру керек. Өйткені, Ортеганың айтуынша, өнердің ізгіліктен адалануы - көпшілік көтерілісінің нәтижесі. Көпшілік көтерілісі дегеніміз Ортеганың түсінігінде тарихи катаклизмаларға тап болған көптеген адамдардың тарихи және мәдени өмірге тартылып, өз сұраныстарын, өз қажеттіліктерін, өз тобының идеяларын ұсынып одан жауап күтуі. Яғни, Ортеганың көзқарасы бойынша, ХХ ғасырдағы қоғамда ХІХ ғасырдың адамына мүлде ұқсамайтын, еріксізден көпшіліктің ықпалына түсіп кеткен адамның жаңа түрі пайда болды. Ол тобырдың адамына айналды. Ол өзін жан-жақтағы тобырдың ықпалынан азат сезіне алмады. Бірте-бірте онда тобырға тән белгілер пайда болып, даралық қасиеттерін жоғалта бастады. Соның салдарынан өнердегі адамдық элемент пен адамды бірегей, қайталанбайтын тұлға ретінде көрсеткісі келген әрекеттер әлсіреп, өнер бірте-бірте адамдық құжат болудан қалды. Өнер дегеніміз енді мүлде басқа нәрсе. Мұның бәріне сол кездегі жаңа өнердің жарқын өкілдері Пикассо, Стравинский немесе Аполлинердің ықпалы болмады деп айта алмаймыз.  Тап осылай болуы заңдылық та еді. Өйткені, бүгінгі күннің шындығы осындай. Сондықтан да қоғамдық және тарихи өмірдегі, адамның сана-сезіміндегі терең өзгерістерге байланысты өнер баяғы қалпындай қалып қоя алмас еді. 

Егер де Ортеганың бұл тезисімен келісетін болсақ, онда бізге испан ойшылының ХІХ бен ХХ ғасыр мәдениетінің  айырмашылығын талдап берген екінші тезисімен де келісуге тура келеді. ХІХ ғасыр мәдениеті үшін сол кездегі өнер ең алдымен адамдық бірегей тұлғаның  жан дүниесінің байлығын жан-жақты көрсету болғандықтан, кей жағдайда өнер өз шеңберінен шығып кетіп жатты. Көркем туынды дүниенің тұтастығы туралы, адамның  әлемдегі орны туралы философиялық көзқарасын білдірудің үлгісі болғандықтан, ол кезде таза күйіндегі әдебиет болған жоқ. Ол, діннің де, философияның да, кең тұрғыдағы мағынасында мәдениеттің де қызметін атқарып келді. Сол себептен де ол кездері Лев Толстой сияқты тұлғалар ұлы жазушы ғана емес,  адамзаттық ақыл-ойдың алыбы да болды. ХХ ғасыр суреткерлердің мұндай еркіндігін шектеп тастап, әдебиеттің шеңберінен шығуға мүмкіндік бермей қойды. Ортеганың айтуынша, ендігі таңда тек қана көркем әдебиеттің ғана емес, адамзаттық ақыл-ойдың алыбына айналған Толстой немесе Батыста тап осындай зор беделге қол жеткізген норвег драматургі Генрик Ибсендей тұлғалардың пайда болуы мүмкін болмай қалды.  Өнер мұны жақсы түсінеді. Өнер өзінің қауіп-қатер алдында тұрғанын сезініп, көпшіліктің сұранысына жауап беру жолында жоғалып кетуі мүмкін екенін жақсы түсінеді. Сондықтан да ол енді үнемі өзінің  бірегейлігін, ешкім де оны алмастыра алмайтынын алға тарта береді. Міне, осы өзінің бірегейлігін, ешкім де оны алмастыра алмайтынын көрсету үшін ол тек өнерге ғана қызмет еткісі келеді. Өнер туындылары өз шеңберінде тұйықталып қалды. Ендігі таңда өнер туындылары ол тек өнер туындылары ғана. Ол ешқандай да үгіт-насихат та, философиялық ойларын жеткізудің үлгісі де емес. Ол енді ешқандай оқу да емес, қоғамды толғандырып отырған маңызды идеялардың білдірудің тәсілі де емес. Есесіне ол енді өзінің бірегей даралық сипатының мүмкіндіктерін тереңірек тани түседі. Ештеңе да алмастыра алмайтын бірегей табиғатын жоғары бағалайды. 

Міне, осы әдебиетті, өнерді дін де, үгіт-насихат та, философия да, тарих та, әлеуматтану да алмастыра алмайтын алаңда қозғалыс басталып, жаңа көркемдік сапа дүниеге келді. Бұл неге байланысты болды дейсіз ғой. Жаңа көркемдік сапаның өмірге келуі ХХ ғасыр өнері мен әдебиетінде маңызды қызмет атқарған бірнеше жағдайларға байланысты болды. Әдебиетте аяқ астынан бұрын-соңды маңызды болмаған бірнеше элементтің қызметі күшейе түсті. Ол қандай элементтер?  Ортега екі элементті айтады, бірінші элемент – мысқыл (ирония), екіншісі – ойын. Міне, осы мысқыл мен ойын әдебиетте өте қатты белең алды. Неге? Себебі, біріншіден, тарихи өмірге, адамның тарихтағы орны мен келешегіне, қандай құндылықтарды қастерлегеніне  байланысты белгілі бір қорытынды жасауға болатын мәдени құнар, әлеуметтік құнар жоғалды. Бірінші дүниежүзілік соғыстан соңғы  Еуропа өмірінде орын алған апаттардан кейін адамзаттың зор келешегі бар екеніне байланысты сеніміне селкеу түсті, әлемде болып жатқан жағдайларды түсіндіріп бере алатын қандай да бір ғылымның, толыққанды доктринаның бар екені күмән туғызды. Бәрі де шартты, бәрі де проблемалық болып кетті. Осыған орай әдебиетте мысқыл да күшейді. Енді жазушы осыған дейін имандай сеніп келген «суреткердің әулие, адамзаттық ақыл-ойдың алыбы, абсолютті ақиқатты білетін адам» екені туралы сеніміне мысқылмен қарай  бастады.  Ортеганың айтуынша, уақыт өткен сайын бұл  мысқыл өнерде беки түсіп, сол заманның келбетін көрсететін басты белгісі болып кетті. Әдебиетте көркемдік, суреткерлік шеберліктен гөрі ойын қатты белең алды? Өйткені, әлем дегеніміз даму заңдылығы, тәртібі бар жүйе болғандықтан кез келген суреткердің міндеті осы жүйенің заңдылығын ашып, сол арқылы әлемге ықпал ету деген мағынадағы ескі сенім жоғалды. Нағыз өмір мүлде басқа екен, ендігі кезде қандай да бір болжам жасаудың негізі қалмады. Ескі сезім өлшемінің жоғалуымен бірге бұрын басымдыққа ие болып келген ойлылық пен тереңдік, мәңгі шешілмейтін мәселелердің жұмбағын тануға деген құлшыныс жоғалды. Жүз жерден әулие болып тусаң да оларды шешудің мүмкін еместігіне көз жетті. Әр заманның шеше алмайтын, ешкім жауабын бере алмайтын өз мәселелері болады екен. Соның салдарынан ХІХ ғасыр ұсынған әлем көрінісінің сипаты қирай бастады. Бәрі де шартты болып кеткендіктен, әдебиетте ойындық бастау қатты белең алды. Ендігі кезде суреткер ақиқатпен де ойнай бастады, өйткені оны тану мүмкін емес болып қалды. Түрлі концепциялармен де, тілмен де ойнай беретін болды. Қалай болған күнде де ақиқатпен, түрлі концепциялармен, тілмен ойнау бұрын соңды болмаған күйге жетті. 

Ортеганың айтуынша, екінші жағынан өнердің шын мағынасындағы міндеті әлемді органикалық байлығымен, тұтастығымен қайта тірілту екендігіне байланысты бұрынғы сенімге селкеу түсті. Өйткені тұтастық қирады, органика жойылды. Испан ойшылының айтуынша, біз көпшіліктің көтерілісі дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Яғни, өнердің бұқаралық сипат алуы өз залалын тигізіп, сапа төмендеп кетті. «Өнердің ізгіліктен адалануы» еңбегін Ортега 1930 жылдары, атап айтсақ, әлем әлі де Бірінші дүниежүзілік соғыстың зардабынан айыға алмай жатқан уақытта жазды. 

Әрине, тап осындай кезде өнер қайтадан бұрынғы қалпына қайтып келеді деп ойлау мүмкін емес еді. Расында да бұрынғы өнер келмеске кеткендей болып, олардың орнына біресе ойын, біресе мысқыл, кейде тіпті идеялардың ойыны келе бастады. Басқаша сөзбен айтқанда, енді ойын қандай да бір идеялардың, концепциялардың төңірегінде жүріп, өнерге әсерін тигізуде. Бірақ мұндай концепциялар мен идеялардың бірде-біреуі абсолютті бола алмайды. Ешқандай да үгіт-насихаттың, монологтың ендігі кезде болуы мүмкін емес. Суреткердің өте маңызды, ақырғы ақиқатты танитыны туралы бұрынғы сенім жойылды.   

Енді кез келген идея ойындық тұрғыдан, мысқылдық тұрғыдан саралауға ұшырай бастады. Әрине бұл енді әдебиеттегі мүлде басқа материя. Басқаша сөзбен айтқанда әдебиеттегі дүниелер мүлде басқа болып кетті. Ортеганың айтуынша, ендігі уақытта өнерде бәріне де күмәндану күшейе түсті. 

Мұндай тұрғыдағы бәріне күмандану жалпы дүниеге қатысты да күшейе түсті. Бұрын-соңды болған өлшемдердің шатқаяқтауы, философиялық басымдықтардың жоғалуы осындай жағдайға алып келді. Батыс өркениетінің, батыс мәдениетінің келешегіне байланысты пешенесіне бұйырған тағдыры күмәннің күшеюіне алып келіп, трагедиялық формада көрініс тапты. Енді ол басқа да ойындық, пародиялық формаларда көрініп, бұрынғы ескі мәдениет өнер адам алдында тұрған мәселелердің бәріне жауап береді деген түсінігі келекеге ұшырады. Осыған орай өнерде бәріне де күмандана қарайтын субьективтік көңіл-күй қатты белең алды. Өнер адамы ұстану тиіс міндетті ештеңе болмай қалды. Ақыр соңында бүгінгі заман шығармасы дегеніміз ол ең алдымен ирониялық, ойындық тұрғыдағы шығармалар болып кетті. Әрине, ондай туындыларда да өте терең идеялар бар. Бірақ ол идеялардың бәріне ендігі жерде күмәнмен қарау белең алды. Егер де осы мінездемелердің бәрін қабылдайтын болсақ, (ал ол үшін мұның бәрін де Марсель Прусттың шығармаларына сүйеніп жасаған Ортегада өте салмақты негіздер бар) онда біз өнерде бір үлкен қозғалыстың болғанын мойындауға тиіспіз. Мен бұл жерге ажырау деген сөзді қолданғым келмейді. Алайда, Батыста ХІХ және ХХ ғасыр мәдениетін салыстырғанда осы ажырау деген сөзді жиі қолданады. Бұл түсінікті француз тарихшылары, мәдениеттанушылары мен әдебиетшілері енгізді. Бізде де бұл сөз жиі айтылып жүр.  Бірақ мен қандай да бір мәдениеттің екіншісінен ажырауы болды деп есептемеймін. Бұлай болуы мүмкін емес. Мәдениетте ылғи да қандай да бір сабақтастық болады.  Әрине, қандай да бір трансформациялар, көп жағдайда сыни тұрғыда болып келетін пайымдаулар бола береді. Бірақ ескі мәдениеттен жаңа мәдениеттен толығымен ажырап кетуі мүмкін емес. Өйткені, жоқ жерден ештеңе пайда болмайды. Дәстүр бәрібір жалғасады. Дегенмен өнерде сең қозғалып, үлкен өзгерістердің болып, әдебиетте жаңа белгілердің пайда болғанын ешкім де жоққа шығара алмайтыны айдан-анық. Жаңа ғасыр әдебиетінің  бет-бейнесі іспетті модернизм туралы айтқанда біз  мұны ескермей тұра алмаймыз. 

Совет заманында модернизм түсінігі біздің идеологиямызға қайшы келетін тұрғыда түсіндіріліп келді. Сол себептен де біз көп жағдайда адам күлетін іспен айналысып, Марсель Пруст немесе Франц Кафка сынды жазушылардың туындыларының модернизмге еш қатысы жоқ екенін дәлелдеуге тырыстық. 

Жалғасы бар.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan