Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ
/
ХХ ғасыр тарихы қайталанбас әдебиетті туғызды...

ХХ ғасыр тарихы қайталанбас әдебиетті туғызды

22.04.2026

95

ХХ ғасыр тарихы қайталанбас әдебиетті туғызды - adebiportal.kz

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалы «Қаламгер ұстаханасы» жобасы бойынша дәрістер ұйымдастырып келеді. Бұл жолы «ХХ ғасыр. Әлем әдебиеті» атты дәрісті әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы оқыды. 

«Әдебиет порталы» «Қаламгер ұстаханасы» жобасында оқылған барлық дәрістің жазбаша нұсқасын оқырман назарына тұрақты ұсынып келеді. Амангелді Кеңшілікұлының «ХХ ғасыр. Әлем әдебиеті» атты дәрісінің бірінші бөлімін бұған дейін жариялаған едік. 

                              Екінші бөлім 

Өткен ғасыр адамның әлемді сезінудегі ең трагедиялық және күрделі жүзжылдығы болды. Мұндай құбылыстың обьективті алғышарттары бар. ХХ ғасырда адамның әлемді қайғылы күйде сезінуіне әсер етіп, санасында өшпестей ізін қалдырған факторлар ретінде - екі дүниежүзілік соғысты атаған ләзім. Антрополог ғалымдардың айтуынша соғыс - өркениет көшін ілгері қарай дамытудың  қозғаушы күші де бола алады екен.  Адамзат тарихында болған түрлі соғыстар, адам шығынымен бірге сол дәуірдегі прогресстің өркендеуіне, түрлі жаңалықтардың ашылуына зор ықпалын тигізіпті. 

Алайда өз басым кез келген соғыстың кесапаты, тигізетін зардабы өлшеусіз зор болады деп есептеймін. Бірінші кезекте соғыс әлеуметтік прогреске кері әсерін тигізеді. Экономика құлдырап, миллиондаған адамдар қаза тауып, жүздеген мың отбасылар далада қалып, қайғыдан қан жұтып, қасірет шегеді. Тіпті, тұтас бір халықтардың жер бетінен жойылып кетуіне алып келеді. Рухани мәдениетті күйретіп, халықты келешекке деген сенімінен айырады. Бұл - бір. 

Екіншіден, соғыс ұлт пен ұлттың арасына өшпенділік отын жағып, өркениет пен мәдениеттің дамуына кедергісін келтіреді. Соғыстың кесірінен халықтарды бір-біріне жақындата түсетін мәдени қарым-қатынастар үзіледі. 

Үшіншіден соғыс тұрғындардың сапасына, халықтың өсіміне де кері ықпалын тигізеді. Миграцияның күшеюіне, халықтардың ұлттық-мәдени ерекшеліктерінің жоғалуына алып келетін негізгі фактор да – соғыс. 

Әсіресе, соғыс жауқазындай жайнап өсіп келе жатқан жас ұрпақтың санасында өшпестей ізін қалдырады. Соғысты көзімен көрмесе де, тылда жүріп оның зардабын тартқан қазақтың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаевтың мынандай бір өлеңі бар. 

Мен соғысты көргенім жоқ,
Көргім де жоқ, көрмедім.
Соғыс ойынын ойнайтынмын,
(балалардың ермегі).
Қару алып,
қан майданда,
Қас жауыма төнбедім,
Көрдім, бірақ
жесірлердің, жетімдердің еңіреуін.
 
Мен соғыста болғаным жоқ,
қатыспадым, бармадым,
Батыр ойынын ойнайтынмын,
(батыр болу — арманым.)
Білем, бірақ
шымылдықтар түсірілмей қалғанын,

Бесік жыры болғандығын қатындардың зарлары.

Ұлы ақынның осы өлеңінде соғыстың жас ұрпақтың санасына тигізетін зарары жеріне жеткізіп суреттелген. Соғыс тек сол кезде өмірге келген сәбилерге ғана емес, соғыстан соң дүние есігін ашып артына тастап кеткен зардабын тартатын ұрпақтың санасында да өшпестей ізін қалдырады. Оның шындығы ақын Кеңшілік Мырзабековтың мына бір өлеңінде айқын көрініс тапқан.

 Мылтық атып, мылтық оқтап көрмедім,

Құс құлатып, гүлді таптап көрмедім.

Зембілдермен жаралыны көтеріп,

Окоптардан қанды соқпақ көрмедім.

Көрдім бірақ... 

                       Көп мүгедек кәріпті,

Көре-көре оларға көз қанықты.

Ести-ести жесір-жетім жоқтауын

Жырымда да содан салқын қалыпты.

Қалай десек те, ХХ ғасырдағы екі үлкен соғыстың тауқыметі орасан зор болды. 1914 жылғы Бірінші дүниежүзілік соғыстың ақыры, төңкеріске әкеліп,  бүкіл әлемге қайғы-қасірет шеккізді. 

Бірінші дүниежүзілік соғыстың нәтижесі адамзаттың одан әрі дамуының шеңберін белгілеп берді. Билік басына ұлтшылдар келіп, қоғамдық ахуал түбегейлі өзгерді. Ширек ғасыр өткен соң ХХ ғасырдың қанды-қырғын  оқиғалары Екінші дүниежүзілік соғысқа (1939 -1945 жылдары) ұласты. Адамның әлемді трагедиялық тұрғыда сезінуі мен тіршілік етуінің мағынасыздығы туралы көзқарас осы кезеңде қалыптасты. 

Қайта Өрлеу дәуірі ең биік гуманистік идеалдарды өмірге әкелді. «Адам - барлық дүниенің өлшемі. Адам - әлемнің ең жоғары құндылығы» деген сыңайдағы сөздер Қайта өрлеу дәуірінің негізгі ұраны болды. Соның арқасында гуманистік идеалдардың мәңгілік екеніне сенген шығармалар туып, оқырманды имандылық пен ізгілікке баулыды. 

Трагедиялық ХХ ғасыр осы ұранның күлін көкке ұшырып, адамның гуманистік мұраттарын жоққа шығарды. Әрине, оның обьективті себептері де бар. Бірінші дүниежүзілік соғыста мыңдаған жазықсыз жандар жауыздықпен өлтіріліп, халықты қынадай қыру үшін тұңғыш рет газ қолданылып, адам тарих алдындағы бейшаралығын, дәрменсіздігін сезген кезде өнердің өлшемі болып келген гуманистік идеалдарға деген сенімге селкеу түспеуі мүмкін емес еді. 

Күні бүгінге дейін қарапайым адамдардың ұғымында Орта ғасыр адамзат тарихындағы ең жауыз уақыт болып қалыптасқан. Бұл түбегейлі - қате көзқарас. Мысалы, бір күнде ғана фашистік лагерде отқа жағылған адамдардың саны бүкіл Орта ғасырда жазаға тартып өлтірілгендерден асып түседі. 

ХХ ғасырдағы адамзат баласының ғылыми-техникалық бағыттағы жетістіктерінің бәрі де адамды жоюға, тып-типыл етіп оны жер бетінен құртып жіберуге бағытталды. Дегенмен, өткен ғасыр басындағы  онжылдықта ғылым саласында ізгі мақсаттағы романтикалық ізденістердің  екпіні күшті болғанын да жоққа шығара алмаймыз. Ол - ең алғашқы самолеттердің пайда болуы, ноосфераны ашу, солтүстік және оңтүстік полистерге жасалған саяхаттар, киноматогрофтағы жаңалықтар, генетика ғылымындағы жетістіктер.  Бұлардың бәрі де өткен ғасырдың басында болған – әлемді таң қалдырған елеулі оқиғалар. Бірақ одан кейінгі оқиғалар адамның гуманистік идеалдарға табан тіреген негізінің тұрақсыз екенін көрсетіп, бұл мәселені өзекті өте түсті. 

Міне осындай қоғамдық сана дағдарысқа ұшыраған өліарада Бірінші дүниежүзілік соғыстан ащы сабақ алған «Жоғалған ұрпақ» деген ұғымды сөз өнеріне әкелген суреткерлердің легі әдебиет айдынына келіп қосылды. Америка жазушысы Эрнест Хемингуэй бұл сөз тіркесін «Фиеста. Тағы да таң атады» романына эпиграф етіп алған кезден бастап ол қанатты сөзге айналып кетті. Шын мәнісінде бұл сөз тіркесі Хемингуэйдікі емес. Тұңғыш рет осы сөзді америка сыншысы, әдебиеттанушы Гертруда Стаин айтқан болатын. Бір қызығы әдебиетке мүлде қатысы жоқ, тіршіліктегі тұрмысқа байланысты сыншының ауызынан шыққан сөз, осы бағытта шығармаларын жазған қаламгерлердің шоғырын қалыптастырды. Бізге жеткен аңызға қарағанда, Гертруда Стаин осы бір сөзді көлігін жөндеп беруден бас тартқан жігітке қаратып айтыпты.  Гертруда Стаинның көзіне  Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жас жігіт өте дөрекі адам болып көрінеді. Сондықтан да ол көлік жөндеуші болып жұмыс істеп жүрген жігітке қаратып,  соғысқа қатысушылардың атына осындай ауыр сөздерді айтады. Ол «Сіздердің бәрің де жоғалған ұрпақсыңдар» деген сөз. Бұл сөз уақыт өте келе Бірінші дүниежүзілік соғыстың сұмдықтарын көріп, еліне оралғанымен майданнан кейінгі өмірде өздерін таба алмаған жас жігіттердің  метафоралық жинақы бейнесіне айналды. Шын мәнісінде соғыстан кейінгі Еуропа мен Америкадағы жағдай өте күрделі болды. Экономикалық дағдарыс күшейіп, Еуропадағы қоғамдық және саяси ахуал жас жігіттерге өз әлеуетін іске асыруына мүмкіндік бермеді. 

Жалпы «Жоғалған ұрпақ» ұғымының тұңғыш рет әдебиетте орныққан уақыты 1929 жыл болып саналады. Сол жылы бір-біріне еш қатысы жоқ үш суреткер – америкалық Эрнест Хемингуэйдің «Қош бол, майдан», неміс Эрих Мария Ремарктың «Батыс майданында өзгеріс жоқ» және ағылшын Ричард Олдингтонның «Қаһарманның қазасы» романдары бір мезгілде жарық көрді. Бұл үш суреткер өз араларында келіспей бір уақытта осы трагедиялық соғысқа  қатысқан жас жігіттің тағдырын өз тұрғысынан суреттеп шықты. Және бұл үш туындыда суреттелген кейіпкерлердің тағдырлары бір-біріне өте ұқсас. 

«Жоғалған ұрпақтың» қаһармандары зиялы қауым өкілдеріне жататын - жас жігіттердің жинақы бейнесі. Өмір жолын енді бастаған олар соғысқа тап болды. Біреуісі  мектепті бітіре салысымен қолына қару алып сапқа тұрса, екіншілері жоғары оқу орнын тәмәмдай салысымен майданға аттанды. 

Қантөгіс соғысты көздерімен көріп, өліммен бетпе-бет қалған жас жігіттердің көп мәселеге байланысты көзқарастары өзгеріп сала береді. Олардың адам баласы барлық нәрсенің өлшемі емес екеніне көздері жетеді,  өздерінің құр әншейін,  соғыстың құрбандары болғандарын түсінеді. Және бұл болып жатқан оқиғалардың тасқынында қасиетті ештеңе де қалған жоқ. Ремарк, Хемингуй мен Олдингтонның кейіпкерлері, не соғыстан аман қалып, бейбіт өмірге оралады немесе қаза табады. 

Берілген мүмкіндікті пайдаланып, ағылшын жазушысы  Ричард Олдингтонның экзистениалдық проблематиканы қозғаған «Қаһарманның қазасы» туындысына да тоқтала кеткім келеді. Жалпы бұл шығарманың қаһарманы – экзистенциалистің түп бейнесі. Ол алғашқылардың бірі болып өз еркімен кеудесін оққа тосып, мерт болды. Бұл жігіттің күтпеген жерден қаза табуы да түсініксіз. Күтпеген жерден дейтін себебіміз, ол,  соғысып жатқан екі жақ бір-бірімен келісіп, майдан даласындағы ұрыс енді аяқталатын кезде, окоптан шығып, қаңғыған оқтың құрбаны болады. Майдандастарының ешқайсысы да неліктен оның соғыс аяқталатыны белгілі болған кезде кеудесін оққа тосқанының себебін түсіне алмайды.  Шындығында да қисынға келмейтін - мағынасыз өлім.

Дегенмен, «Жоғалған ұрпақ» әдебиетінің контексінде біз мұндай өлімді ақтай алмасақ та, түсіндіре аламыз. Джордж Уинтернборн соғыстан демалыс алып елінде болған кезінде өткен өмірінің мағынасыздығын түсінеді. Ол бейбіт өмірдегі – отбасы институты, неке институты, діннің, моральдың нормалары сияқты дүниелердің бәрінің де жалған екенін ұғады. Сұрапыл соғыс осы дәстүрлі өмірдің жалған құндылықтарының быт-шытын шығарды. Бейбіт өмір кезіндегі жас  жігіттердің өмірдегі тірегі болған құндылықтарының бәрі де соғыстың сынына төтеп бере алмай, олар торығу мен көзқамандықтың дертіне шалдықты. Күні кешеге дейін  адамгершілікті насихаттап келген тәрбие мен білім беру мекемелері, мемлекет енді оларды өлімнің лаулаған отына еш ойланбастан керегі жоқ бөренедей лақтыра салды. Тарихтың өздеріне жасаған әділетсіздігіне қарамастан, «жоғалған ұрпақ» әдебиеті өкілі саналатын қаламгерлердің шығармаларындағы кейіпкерлер өмірдің мағынасын іздеп, қандай да бір тірегін тапқысы келеді.

«Жоғалған ұрпақ» әдебиеті жазушыларының романдарын белгілі бір дәрежеде – қоғамға қарсылық көрсеткен бүлік ретінде қабылдаған ләзім.  Дегенмен,  бұл жерде әр суреткердің қоғамның әлеуметтік-тарихи шындығына қарсылық көрсеткен бүлігінің ерекше ұлттық сипаты бар екенін де ескермеуге болмайды. Мысалы, неміс Эрих Мария Ремарк жазған шығармалары арқылы  азаматтарын соғыстың мағынасыз құрбаны ретінде пайдаланып,  импералистік мақсаттарына қол жеткізу үшін оларды отқа тастаған милитаристік пруссия мемлекетінің саясатына қарсылық білдірді. Ал, ағылшын Олдингтон өз туындылары арқылы викториан дәуірінің жүзіқаралығына, замандастарының ақыл-ойына бұғау салып, мүлде өтірік, екіжүзді өлшемдер мен негіздерді ұсынған пуританизмге қарсы бүлік шығарды. Америкалық Эрнест Хемингуэй адам баласына қасіреттен басқа ештеңе де әкеле алмайтын, бақыттың дәмін ұмытқызатын соғыстың әділетсіздігі мен мағынасыздығына қарсылық танытты. 

ЭКЗИСТЕНЦИАЛИЗМ 

Экзистенциализм философиясы ХХ ғасырдағы әдебиет пен өнердегі - дара құбылыс. Философиялық ағым ретінде ол ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басында Карл Ясперс пен Мартен Хайдагердің философиялық еңбектерінде пайда болды. Ал, әдебиеттегі бағыт ретінде бұл құбылыс,  Францияда, екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында экзистенциалист жазушылар Жан Поль Сартр мен Альбер Камюдің шығармашылығы арқылы дүниеге келді. Латын тілінен аударғанда экзистенция – тіршілік ету деген ұғымды білдіріп, ХХ ғасырдағы адам мен адамзат тағдырының мәнін түсінуге тырысты.

Экзистенциализмнің негізгі ережелері Кьеркегор, Гуссерль, Ницше және орыстың ұлы жазушысы Достоевскийдің идеяларынан бастау алады. Бірақ экзистенцилизм философиясы 1938 жылы француз философы және жазушысы Жан-Пол Сартрдың "Жүректің  айнуы" романы шыққаннан кейін кеңінен тарай бастады.

Осы бағытқа жататын барлық философтардың ішінен ол өзін сенімді түрде экзистенциалист деп атады. Ол оның негізін қалаушылардың бірі болды. Бірақ экзистенциализм нені білдіреді?

Экзистенциализм-болмыс философиясы. Бұл философияның бастауы Гуссерль мен Кьеркегордың ойлары арқылы Сартрдың дүниетанымының қалыптасуына әсер етті.  Бұл философиялық бағыт рационалистік классикалық философияны жоққа шығарады, өйткені ол шындықты объективті және субъективті деп бөледі. Классикалық неміс философиясы бүкіл шындықты танылуы керек тақырып, "тұлға" ретінде ұсынды. Рационалистердің көзқарасы бойынша шынайы философия объект пен субъектінің бірлігінен туындауы керек. Бұл бірлік экзистенцияға – белгілі бір қисынсыз шындыққа енеді. Экзистенциализм философиясына сәйкес, өзін "экзистенция" ретінде сезіну үшін адам "шекаралық жағдайға" тап болуы керек – мысалы, өлім алдында. Нәтижесінде әлем адам үшін "жақын" болады.

Осы орайда ХХ ғасырдың бірқатар экзистенциалист философтарын атауға болады. Олар Бердяев, Полюс, Ясперс, Бубер, Марсель, Камю, Хайдеггер сияқты философтар. Бірақ олардың барлығы экзистенциализмді бірдей түсінбеді, олардың бұл бағытты түсіндіруі әр түрлі болды. Экзистенциалистердің арасында да екі топ болды. Олар  діни және атеистік экзистенциализмнің жақтаушылары болып бөлінеді. Біріншісіне Бердяев, Марсель, Ясперс, Бубер, екіншісіне Сартр мен Хайдеггер жатады. 

Сартрдың экзистенциализмге қатынасы "Экзистенциализм-гуманизм" еңбегінде айқын көрсетілген. Экзистенциализм ұғымын түсіндіру үшін Сартр XVIII-XIX ғасырлардағы классикалық рационалистік философтардың (Декарт, Лейбниц, кейінірек Вольтер, Кант) позицияларын өз позициясымен салыстырады.

Сартрдың айтуынша, мына бүгінгі өмірде болып жатқан жағдай кездейсоқтықтан орын алып жатқан ахуал. Шын мәнісінде адамзат бақытты өмірге қол жеткізуі керек еді. Сартрдың осы ойы жазушының «Қабырға» атты туындысында айқын көрініс тапқан. Шығарманың бас кейіпкері Пабло Ибиета өлім жазасына кесілгендердің камерасына қамалады. Оқиға Испанияда болған соғыс жылдарында өтіп жатыр. Пабло экзистенциалист кейіпкер. Ол өлімнен мүлде қорықпайды. Ол өзін азаптап жатқан жендеттермен ойын ойнағысы келіп, революционер достарының қайда тығылғанын сұраған жауларына ойына келген бір мекенжайды айта салады. Дұшпандары Паблоның айтқан мекенжайына іздеп барып, шын мәнісінде де сол жерде тығылып жатқан революционерлерді тауып, тұтқынға алады. Бір сөзбен айтқанда, тағдырымен ойнағысы келген бас кейіпкер ойламаған жерден сатқын болып кетеді. Шығарма Пабло Ибиетаның қарқылдап күлуімен аяқталады. 

ХХ ғасырда екі үлкен соғыстың сұмдығын, Хиросима, Гулаг, Бабий-Яр, Освенцимді басынан өткерген адамзат, болған жағдайларды, тарих бетінде трагедиялық ізін қалдырған қанды оқиғаларды ақтай алмаса да, «әрі қарай қалай өмір сүру керек?» деген сыңайдағы сауалдың жауабын тауып, жаңа гуманистік идеалдарды  іздеуге тиіс еді. 

Өткен ғасыр басында неміс философы Фридрих Ницшенің  «Құдай өлді. Енді ойымызға келгенді істей беруге болады?» дегенін білеміз.  Осы сөз тіркесі экзистенциалистердің философиялық ізденістерінің бастауы болды. Мынау ешқандай да жоғарғы сот жоқ, ешқандай да өнеге тұтатын императив жоқ, мейірімділік пен зұлымдықтың категориясы жоқ мезгілдің өліарасында ХХ ғасыр тарихының әр күні оның шындық екенін дәлелдеп жатты. Міне осындай мүлде мағынасы жоқ әлемде адам әрі қарай өмір сүру үшін қандай да бір тірек табуы тиіс еді. Француз жазушылары Сартр мен Камю «Өмірдің мағынасы не? Адам өмірінің, адам болмысының мәні неде?» деген сауалдың жауабын табуға тырысты. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында дүниеге келген әдебиеттегі экзистенциализм 50 мен 60 жылдары адамға әлемнің негізін түсіндірудің тәсілі мен әрекеті ретінде Еуропа мен Америкада жетекші философиялық әдеби бағыт болды. 

Сонымен бірге өткен ғасырдың 50 мен 60 жылдарында абсурд театры деген терминді еншілеген жаңа әдеби бағыт та өмірге келді.   Елуінші жылдары француз театрларының сахналарында мүлде мағынасыз, ақыл-есі дұрыс адамның көзімен қарағанда түсініксіз спектаклдер қойыла бастады. Бұл драматургиялық шығармалардың авторлары Жан Жане, Эжен Йонеске және Сэмюэл Беккет көрермен назарына әлем үшін мүлде белгісіз жаңа драматургиялық көріністерді ұсынды. Сахналық қойылым кезінде ешқандай оқиға болмайды. Жаңа туындыларда сонау Аристотель заманынан жазылып кеткен барлық драматургиялық, сахна заңдылықтары бұзылып, дәстүрлі-психологиялық образдар, мінездер болмайды. Мүлде мағынасыз монологтарды айтатын, бір-бірінің сөзін естімейтін кейіпкерлер ғана бар. Сахнадағы әрекетті фарс алмастырады. Міне осы мағынасыз әрекет пен сөздер ХХ ғасырдың екінші жартысындағы адам санасының көрінісі болды. 

Франция ХХ ғасырда көптеген әдеби бағыттарды дүниеге әкелді. Атап айтатын болсақ, ол ХХ ғасыр басындағы модернистік бағыттар, сюрреализм, поэзияда дадаизм. Өткен ғасырдың ортасында Францияда әдеби экзистенциализм, 1940 пен 1950 жылдары абсурд театры пайда болды. Сондай-ақ, Францияда Натали Саррот, Мишель Бютор мен Аллен Роб-Грийелер ұсынған жаңа әдеби роман пайда болып, бұл қаламгерлер шығармашылығы арқылы әдеби экзистенциализмің дәстүрін әрі қарай жалғастырды. Олар жазушының саясат пен қоғамның сұранысынан азат болуы керек екенін айтып, суреткерлерді тарихқа қызмет етпеуге шақырды.  Олар жазушы болмысты танып, адамның жанын зерттеуі тиіс деп есептеді. Бұл бағытта өз шығармаларын жазған қаламгерлердің кез-келген романдарының ұстанған темірқазық бағыты - әлеуметпен, саясатпен, экономикамен байланысы жоқ адам жанының лабароториясы болды. 

ХХ ғасырдың екінші жартысындағы сөз өнерін тілге тиек еткенімізде  «Битниктердің әдебиеті» деп аталған әдеби құбылыс та еске түседі. Оның да Отаны - 50-60-шы жылдардағы Франция.  Бұл ағым абосолютті азаттықтың манифестациясы ретінде жазудың жаңа мүмкіндіктерін жария етіп, әдебиет пен публицистиканың құйындысы болды. Өткен ғасырдың 70-80 жылдары тағы бір жарқын құбылыс қара әзілдің негізін қалаған америкалық қаламгер Курт Воннегуттың есімімен байланысты. Ол әдебиеттегі экзистециализмнің рухында тәрбиеленді. Воннегутты басқа дәуірде өмір сүрген экзистенциялдық құндылықтардың жақтаушысы деуге де болады. Біздің замандасымыз болған ол осыдан он жыл бұрын дүние салды.  Ол осы философиялық көзқарастарды басқа мәдени-тарихи қабатта қарастырды. 

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқтала салысымен бүгінгі таңда басымдыққа ие болған постмодернизм деп аталатын жаңа әдеби бағыт қалыптаса бастады. Бірақ ол 80-ші жылдары ғана түбегейлі орнығып, тезистік пайымдауын алып, бүгінгі заман адамының дүниетанымдық ұстанымының анықтамасына айналды. Постмодернизм адамның тіршілік әрекетінің барлық саласы –саясат, экономика, философия, мәдениет, өнер және әдебиетті де қамтиды. Бүгінгі таңда постмодернизм әдебиеттегі дамудың-  басты тенденциясы. Бірақ оның қандай да бір ақырғы нүктесі болмай тұр. Постмодернизм әдебиетіне – түрлі құрлықтарда өмір сүріп жатқан, дүниетанымы мен ділі бөлек адамдардың бүгінгі таңда  жазылып жатқан көркем шығармаларын жатқыза аламыз. Дей тұрсақ та 80-ші жылдары дүниеге келген постмодернистік шығармалардың қазіргі кезде жазылып жатқан туындылардан көп айырмашылығы бар. Постмодернистік жазу мәнерінің негізін қалаған Умберто Эконың «Раушанның аты» романы постмодернизм энциклопедиясы ретінде аталып жүр. Мысалы, осы туындыдан постмодернистік жазу мәдениетінің биік үлгісін көруге болады. Көпшілікке арналмаған зияткерлік романда зияткерлік мәтіндік үндесулер көп. Постмодернистік техника көптеген әдеби тәсілдер мен жазу мәнерінің мүмкіндігін тоғыстырады. «Раушанның аты» романының орындалуы техникалық жағынан өте күрделі.  Ол өз ішінде авантюралық-шытырман оқиғалы романды, тәрбиелік романды, детективтік романды үйлестіреді. Міне осындай мәтіннің күрделі құрастырылуы оқырмандардың белгілі бір тобын қажет етеді. Кезінде ондай оқырмандар туралы ХХ ғасыр басындағы жазушылар армандаған болатын.  Атап айтқанда, ол мәтінді оқып қана қоймай, жазушымен бірге шығарма туғыза алатын оқырман. Осыған орай орыс жазушысы Владимир Набоковтың «Данышпан жазушы ғана емес, сонымен бірге данышпан оқырман да болуы керек» дегенін жақсы білеміз.  Неге? Өйткені, кез келген көркем мәтін оқылып қана қоймай, түсіндірілуі және ұғынылуы тиіс. Міне, сондықтан да постмодернистік әдебиет әлемдік сөз өнерінің даму тарихындағы ең күрделісі. Неліктен? Өйткені, онда бір ғана емес, барлық әдеби дәуірлердің синтезі бар. Постмодернистік әдебиетті бароккадан бастап, ХХ ғасырдың әдеби ізденістерімен аяқталатын барлық әдеби дәуірлер мен кезеңдер көрініс тапқан өрнек ретінде көз алдыңызға елестетуге болады. 

Жалпы, ХХ ғасыр әдебиеті - бірегей, ерекше, көпқырлы және күрделі. Ол өз бойына бір-біріне қарама-қарсы әдеби тәсілдер мен ағымдарды сіңіріп алды. Атап айтсақ ол, модернистік ізденістер, 70-80-ші жылдары дүниеге келіп, күні бүгінге дейін жалғасып жатқан жетекші әдеби бағыт ретіндегі постмодернизм. Постмодернизм қандай да бір нүктесі қойылмаған әдеби ағым. Біз белгілі бір постмодернстік жазудың эволюциясы туралы айта аламыз. Біз осы әдеби бағытты қалыптастырған жазушылар туралы айта аламыз. Сонымен бірге бүгінгі таңда постмодернизмнің мүлде бір-біріне ұқсамайтын мағына іздеген жазушылардың басын біріктіргенін де жоққа шығаруға болмайды.  Сондықтан да постмодернизм бір орында қатып қалған әдебиет емес. Ол, бүгін және дәл қазір болып жатқан көпқырлы, көп аспектілі және күрделі процесстерді бойына сіңірген жанды организм. 

Екі үлкен соғыс болған, төңкеріс болған, сұмдық тәжірибелер жасалған, тоталитарлық жүйелер үстемдік еткен ХХ ғасыр тарихы бірегей және қайталанбас әдебиетті туғызды. ХХ ғасырдың әдебиеті пенде баласына адамға деген сенімін қайтарып беруге әрекет етті. Бейберекет, қираған әлемнен адамзаттың болашақтағы бақытты өмір сүруінің құрылысы үшін қандай да бір негізді, іргетасты тауып беруге тырысты. ХХ ғасырдағы адамның дүниені сезінуін 1957 жылдың 10 желтоқсанында Нобель сыйлығын алу құрметіне байланысты айтқан Альбер Камюдың  сөздері дәл сипаттайды. Ол өз сөзінде замандастарының мойнына түскен сынақтарға байланысты метафора берді. Ол, Бірінші дүниежүзілік соғыс, билік басына Адольф Гитлердің келуі, концлагерлері, Гулагы бар Екінші дүниежүзілік соғыс, сонымен бірге үнемі қауіп-қатер туғызып жатқан экологиялық апаттар мен мына ақыл-есінен айырылған, қатыгез әлемде қалай өмір сүруге болады деген сыңайдағы жаныңды жегідей жейтін сауалдар. Осындай қатал әлемге қалай жаңа адамдарды, өз балаларыңды әкелуге болады? Әлемнің парасатты, ізгілікті негіздері қайда? Әңгімемізді қорытындалай келе айтатын болсақ, ХХ ғасыр әдебиеті өз алдына осындай ұстара сауалдар қоюмен ғана шектелмей, оның жауабын да таба білді. 

Соңы.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan