(Жалғасы)
Жаздың ұзақ күні де батуға таяды. Сакаи тоғайының үстінен айнала ұшқан қарғалардың қарқылдаған дауысы құлақ тұндырардай болып естіледі. Әр үйде кешкі ас ішіліп болған уақыт еді, қақпалардан жас қыздардың аппақ жүздері көзге шалына бастады. Ал бір жерде бала біткен ала өкпе болып доп қуалап жүр. Тәлтіректей басып келе жатқан бұның қарсы алдынан бірнеше рет түрлері шешеунікке ұқсайтын теңбіл мұрт мырзалар қарсы жолықты, олар шаштарын соңғы үлгімен сәндеген жұбайларын қолтықтап, Кагурадзака жаққа қарай серуендеуге бара жатты.
Удай мас Такэнака екпіні қатты ағыспен ағып бара жатқан адамдай алға қарай асыға адымдап келеді. Айналасының бәрі бейне басқа бір әлемге тиесілі сияқты. Көшенің екі жағындағы үйлер орындарынан қозғалып қалқып бара жатқандай, аяғының астындағы жер де қозғалатын секілді ме... төбесінде төңкерілген аспан да әне-міне басып қалардай болып түнере түскен. Ол бұрын да ішімдікке тез бой алдыратын, ал бүгінгі мөлшерсіз ішкен сакэ бірден басына шапшыды. Ол кенет жол бойында мас болып құлап жататын орыс мұжықтарын есіне алды, бір досы оған: «Орыстар неге мықты – өйткені олар ішсе – есінен танғанша ішеді» деген еді.
– Бос сандырақ бәрі! – оның дауысы шығып кетті. – Егер бұл шын махаббат болса, сенің ұстаз болғаныңда тұрған не бар?!
Наканэдзакаға көтерілгеннен кейін Әскери академияның артқы қақпасынан Санайдзака төбесіне жеткенде ол қараңғылықтың қоюлана түскенін байқады. Айнала ерсілі-қарсылы ағылып жатқан адамдар, бәрінің үстінде жазғы жеңіл ақ юката. Темекі сататын ләпкенің алдында бір жас әйел тұрды. Мұздай су сататын ләпкенің пердесі кешкі самалмен баяу тербеледі. Мастықтан еміс-еміс есін жиғанда Такаэнаканың жаздың кешкі көрінісінен тек осыларды ғана аңдап қалды. Тәлтіректеп тағы бір екі-қадам алға басқанда телеграф бағанына түйісе жаздап, одан кері шегінемін дегенде, әлдебір арыққа тізесіне дейін түсіп кетті. Сол сәтте әлдекімнің:
– Аяғыңның астына қарасаңшы, маскүнем! – деп айқайлағанын құлағы шалды.
Ол кенет әлдене есіне түскендей дөңнің үстінен кілт оңға бұрылып, Итигая Хатиман ғибадатханасының аумағына кірді, мұнда жан баласы болған жоқ, айнала тып-тыныш. Кәрі шегіршін ағаштары мен қарағайлардың бастары түйісіп, шатырға ұқсап қалыпты, сол жақ бұрышта үлкен шеңгел бұталары тып-тығыз болып ұйысып өскен. Әр жерден әйнек шамдардың жарығы жылтырайды. Такэнака адам төзгісіз жан азабын сезініп, жүрегін зілдей мұң басты. Ол апыл-ғұпыл шеңгел бұталарының астына кірді де, түбіне етпетінен жата кетті. Аласұрған жүректің жалыны, кеудесін оттай жандырған құштарлық, өкініштің тәтті күйігі бәрі-бәрі кемерінен асып түскендей. Қызғаныштың қызыл шоғы ішін жандырып бара жатса да, бір мезет өзін салқынқандылықпен қадағалауға тырысады. Бұл енді алғашқы махаббатың албырт та көзсіз құштарлығы емес-тін. Ол тағдырға мойынұсынғаннан гөрі, тағдырдың өзін сау ақылымен сараптауға тырысты. Сосын да оның бойында ыстық сезім мен салқын сабыр қат-қабат өріліп, әлдебір түсініксіз күйге душар еткендей болды.
Өкініш... айтып жеткізу мүмкін емес азапты да ауыр өкініш. Оны жастық шақтағы жаныңды бірде ысытып, бірде суытқан мұңмен де салыстыра алмайсың, қыз бен жігіттің ғашықтық ғазалына да ұқсамайтын еді. Бұл одан да терең – сенің жан түпкіріңде өмір бойы тұнып ұлы өкініш қой! Тынымсыз аққан суға, жайқалып өсіп, мезгілі келгенде солып жатқан гүлдерге қарап тұрып Табиғат-Ананың бір тылсым құдырет-күшін сезінгенде, адамдай дәрменсіз, баянсыз тіршілік иесі жоқ екенін түсінгендей боласың.
Такэнаканың көз жасы өсіп кеткен сақалынан тарам-тарам болып ақты.
Кенет ол әлденені есіне алды да, орнынан атып тұрып, адымдай жөнелді. Бұл кезде қараңғылық әбден қоюланған болатын. Ғибадатхана ауласының әр жерінен жарқыраған әйнек шамдардың үстінен «Мәңгілік жарық» деп жазылған үш иероглиф көзіне анық шалынды. Бұл сөздер оның жүрегіне шанудай қадалды. Бұрын-сонды бұл жазуларға осылай терең мұңға батып қараған кезі болып па еді?!
Қазіргі әйелі бұрымды қыз кезінде мына дөңнің етегіндегі үйде тұрғанда ол оның котосының сазды дауысын естіп қалармын деген үмітпен Хатиман төбешігіне жиі көтерілуші еді ғой. Оны құлай сүйгені сонша, егер бірге тұруға тағдыр жазбаса, беті ауған жаққа лағып кетуге дайын еді. Сол кезде ол ғибадатхананың алып қақпасына, ұзын тас баспалдақтарына, биік ғибадатханаға, хайку сөздері өрнектеліп жазылған әйнек шамдарға, сосын осы үш иероглиф – «Мәңгілік жарыққа» қарап терең ойға бататын.
Төменде бұрынғышынша жыпырлаған үйлер; мына жақтағы тыныштықты ара-тұра салдыр-гүлдір еткен трамвайдың дауысы ғана бұзады. Әйелінің әке-шешесінің үйінің терезесінен бәз-баяғы кездегідей шам жанып тұрды.
Бұл жүрек құрғырда ұят деген болсашы! Бар болғаны сегіз жыл ғана уақыт өткен екен – осы аралықта бәрі осылай өзгереді деп кім ойлаған? Бір кездегі бұрымды жас қыз қазір дәстүрлі шаш үлгісімен жүретін әйелі болды. Олар бақытты өмір сүріп еді – ол қалайша мәнсіз де мағынасыз тірлікке айналды? Жүрегінде беймезгіл жаңа бір махаббат гүлі бүр жарғаны қалай? Такэнака уақыттың өкем билігін бүкіл жан-жүрегімен сезініп, іштей азапқа түсе де, тым тереңде тамыр жайған ғажайып сезім өшіп қалатын сыңай танытпады.
«Мейлі бұл қарама-қайшылық болсын, азғындық саналсын, – бәрібір ештеңе істей алмайсың, өйткені бұл – шындық!» – деп қайталады іштей.
Ол табиғаттың тылсым күшіне төтеп бере алмағандай ағаш отырғышқа сылқ етіп отыра кетті. Сол сәтте басын жоғары көтергенде ор жиегіндегі қарағайлардың үстінен тым-тырыс көтеріліп келе жатқан үлкен айға көзі түсті, көмескі тартқан мыс түстес айдың сәулесі де сондай солғын еді. Оның түр-түсі де, пішіні де, тұнжыраған кескіні де терең мұңға батып тұрғандай – бейне мұның ішін кернеген мұң айдың бетін жауып кеткен секілді. Кеудесін тағы да бір зілдей ауырлық басып, ет-жүрегін жаншып бара жатқандай сезінді.
Мастығы тарайын деді. Айналадағы шөпке шық тұра бастапты.
Ол Санбантедегі үйдің қасына таяп келді. Ёсиконың бөлмесінен жарық көрінбеді – демек, әлі келмеген ғой. Қайтадан ішін өрт жайлап бара жатқандай сезінді. «Мына түнде, мына қап-қараңғы түнде олар қайда жүр?» Оның ойы сан саққа бөлінді. «Осыдан кейін де ол ар-ұяттан аттағанымыз жоқ деп ақталып, бұл киелі махаббат деп көлгірсімек пе?»
Әуелі ол үйге кіруге оқталды да, артынша Ёсико әлі келмеген болса, ішке кірудің не қажеті бар деп ойлап, әрі қарай жүре берді. Көшеде ұшырасқан әр адамға бұл Ёсико емес пе екен деген үмітпен барлай қарайды. Ол бөгетті бір айналып, қарауытқан қарағайлардың арасын да шарлады, олай-бұлай өткендер өзіне күдіктеніп қарай бастағанша, көше-көшенің бұрыштарын да торуылдады. Сөйтіп жүргенде сағат тілі түнгі онды көрсетті. Жаздың түні десең де, оның осынша уақытқа дейін серуендеп жүруі мүмкін емес қой. Ендігі келген шығар деген үмітпен қайын апасының үйіне беттеді. Алайда, ол әлі келмеген болып шықты.
Ол ішке кірген бойда:
– Ёсико қайда? – деп сұрады бірден.
Оның үсті-басына көзі түскен қайын апасы шошып кетті:
– Құдай сақтасын! Сізге не болған Такэнака-сан?
Шам жарығында ол аппақ юкатаның иығы мен тізесі, жамбасы оңбай былғанғанын көрді.
– Жәй әншейін, байқаусызда сүрініп құладым...
– Тіпті, иықтарыңызға дейін былғанып қалған! Тағы да іштіңіз бе?
– Жоқ... – ол ыңғайсызданып қалғанын білдіргісі келмей, дауысын созыңқырай күлді.
Сосын қайтадан:
– Ёсико қайда жүр? – деп сұрады.
– Таңертең дос қызымен бірге Накано жаққа қыдыруға кеткен. Енді-енді келіп қалар. Бір нәрсе болып қалды ма?
– Жоқ, жай өзім ғой... – Ол сәл үнсіздіктен соң – Кеше де үйге жай келді ме? – деп сұрады.
– Жоқ, сағат төрттер шамасында Симбасиден досын қарсы алуға кеткен, сегізге жақын қайтып оралды.
Қайын апасы оған зер сала қарады:
– Жайшылық па?
– Жайшылық, ештеңе де болған жоқ. Бірақ... – оның дауысы салмақты шықты. – Егер ол осында қала берсе, Киотодағыдай жағдай қайталануы мүмкін. Сондықтан оны қатаң бақылауда ұстау үшін өзімізге алып кеткеніміз дұрыс деп ойлап тұрмын.
– Бұл ойыңды құптаймын. Ёсико-сан ақылды қыз, ал мен болсам білімі таяздау адаммын...
– Мәселе онда емес. Шексіз еркіндіктің де зияны тиюі мүмкін. Оны өзіміздің үйге орналастырсақ, қатаң қадағалауда болады.
– Келісемін. Шындығында Ёсико-сан өте ақылды, өнерлі қыз, кіршіксіз таза, қазір ондай адам сирек кездеседі... Алайда бір кемшілігі бар: ол кешкілікте жігіттермен емін-еркін қыдырады. Тек осы бір әдетін қойса ғой. Мен оған соны үнемі айтамын. Ал ол болса, «апайлар ескі көзқарастан арылмаған» деп күледі де қояды. Бір күні, өткен жылғы қыста болуы керек, бір жас жігітпен жиі қыдырып кеткені сондай, тіпті полиция қызметкерлерінің өзі әлденеден күдіктеніп, біраз уақыт біздің үйді қарауылдап жүрді. Әрине, жаман ештеңе бола қойған жоқ, бірақ дегенмен де...
– Ондай жағдай жиі қайталана ма?
– Жоқ, өте сирек болады.
– Заманынан тым алға озып кеткен екен де, – деп күңік етті ол. Сосын сағатқа қарап еді, сағат тілі он жарымды көрсетіп тұр екен.
– Сонда ол қайда жүр? Түн ішінде жалғыз қыдыру – жас қызға жараспайтын қылық!
– Қазір келеді ғой. Жаздың түні болған соң оған әлі ерте сияқты көрінетін болар.
Қайын апасы іс тігуін тоқтатпастан сөйлеп отыр. Оның алдында киім пішуге арналған үлкен ағаш тақта тұр, ал айналасында түрлі түсті жібек матаның қиындылары, жіптер мен қайшылар бей-берекет шашылып қалыпты. Шам жарығында әйел көйлегінің әдемі маталары одан сайын жарқырап кеткендей. Қыркүйек айының ортасындағы түннен кәдімгідей салқын леп сезіле бастады. Төмен жақта бөгеттің үстімен жерді солқылдата гүрсілдеп жүк пойызы өтті.
Терезенің ар жағынан аяққа киетін гэтаның тық-тық еткен дыбысы естілген сайын Такэнака елең ете түседі. «Бұл сол шығар? Міне, енді бұл дәл соның өзі!» Әйтсе де, сағат тілі он бірді соққанда барып, тыныш түнде алысырақтан тез-тез басқан жеп-жеңіл аяқ дыбысы құлаққа шалынды.
– Міне, енді бұл Ёсико-санның өзі болуы керек, – деді қайын апасы.
Шынында да, жанағы аяқ дыбысы тура есіктің алдына жеткенде тына қалды да, артынша торлы есік сықырлап ашылды.
– Ёсико-сан?
– Иә, мен ғой, – деп жауап қатты сыңғырлаған дауыс.
Дәлізден шашын соңғы үлгімен әдемілеген сұңғақ бойлы мүсін көрінді. Сол сәтінде ол:
– О, ұстаз! – деп қуана айқайлап жіберді. Оның дауысынан таңданғаны да, ыңғайсызданғаны да анық байқалды.
– Тым кеш келгеніме кешірім өтінемін... – Ол бері қарай кірген соң бір шетке тізе бүгіп жатып, Такэнаканың жүзіне бір жалт етіп қарап өтті. Сосын көгілдір матаға оралған әлдебір түйіншекті алып, үнсіз әпкесіне ұсынды.
– Бұл не? Базарлық па? Әуре болып қажеті жоқ еді.
– Ештеңе етпейді, мен өзім де жегім келіп тұр, – деп көңілді тіл қатты Ёсико.
Ол көрші бөлмеге өтіп кетпекші болған, алайда әпкесі қоярда қоймай шам жарығы мол түсіп тұрған бұрышқа тізе бүктірді. Оның зәйтүн түстес жазғы белбеумен қынай буылған көйлегі қыпша белін тал шыбықтай бұралтып, сымбатты балғын денесін одан сайын айшықтай түскендей, бір шетіне қарай қайтарып қойған кекілі де өзіне сондай жарасымды. Ол сәл бір қырындап отырғанда тал бойынан мінсіз сұлулықтың сиқырлы лебі ескендей болды.
Сол сәтте оған көз салған Такэнаканың кеудесін тілмен айтып жеткізгісіз бір ғажайып сезім кернеп, көңілі де жайлана түсті. Осының алдында ғана жанын жегідей жеген азап та, мазасыздық та бір сәтке ұмытылғандай. Тіпті, өзінен әлдеқайда басым түсетін қарсыласы бар болса да, қазір сүйіктісі жанында отырғанда, жаны бір сәтке жай тапқандай болды. Қайтесің... бұл бәрінің басында болатын ғашықтық хәл ғой.
– Кешігіп келгенім үшін қиылып тұрып кешірім сұраймын, – деп қайталады ол ақырын ғана.
– Накано жаққа серуендеп қайттың ба? – Такэнака сұрақты төтесінен қойды.
– Иә... – Ёсико оған тағы да жалт етіп қарап өтті.
Қайын апасы шәй ұсынды. Түйіншектің орауын ашқанда өзі ұнататын тәтті бәлішті көріп қуанып кетті.
– Аһ, дәмі қандай керемет! – деді ол жүзі жадырап.
Олар үнсіз отырып тәтті бәлішпен шәй ішті. Біраздан соң Ёсико:
– Ұстаз, сіз менің келуімді күттіңіз бе? – деп сұрады.
– Иә-иә, бір сағат жарым уақыт күттік. – Такэнака үшін қайын апасы жауап берді.
Сол кезде ол «тіпті бүгін түнде болса да сені өзімізге біржола алып кетуге келдім, заттарыңды кейін ала жатарсың» деді. Ёсико оны көзін төмен салып отырып үнсіз тыңдады. Әрине ол іштей ыңғайсыздық сезінді, алайда өзінің Танакаға деген махаббатын бүкіл жан-жүрегімен сезінетін ұстазына шексіз сенгендіктен, қайтадан оның үйіне қоныс аударуды өрескел іс санамады. Оның өзі де баяғы заманғы дәстүрлерді ұстанатын мына үйдің тірлігінен әбден жалығып, бұрынғыша ұстазының үйінде тұруды көптен қалап жүр еді.
Такэнака болса қыздың сүйіктісі жөнінде тезірек білгісі келіп барады. Қазір ол қайда? Киотоға қашан оралады? Ол үшін бұл сұрақтардың маңызы бәрінен де жоғары. Әйтсе де, бұдан бейхабар қайын апасының алдында батып ештеңе сұрай алмай, кәкүр-шүкірді сөз етумен ғана шектелді.
Шайдан соң Такэнака Ёсиконы алып бірден кері қайтпақшы болған. Алайда қайын апасы:
– Қазір сағат түнгі он екі болды ғой. Таңертең барғаны дұрыс, – деді.
Ол амалсыз кері жалғыз өзі қайтпақшы болып жинала бастады. Әйтсе де, әлденеге алаң күй кешіп, мазасы қаша берген соң, уақыттың түн ортасынан асып кеткенін сылтау етіп түнеуге қалып қойды. Не болса да таңертең ертемен бірге қайтармыз деп шешті.
Ёсико сегіз татамилық бөлмеде, ал Такэнака қайын апасымен алты татамилық бөлмеде жатты. Сәлден кейін оның баяу дыбыс шығарып пысылдап ұйықтап жатқаны естілді. Сағат түнгі бірді соқты. Анда-санда терең де, созыла күрсінген дыбыстың құлаққа шалынғанына қарағанда, көрші бөлмедегіден де ұйқы қашқан секілді. Түнгі тыныштықта гүрсілдеген дауысы құлақ тұндырардай болып Кобу желісімен жүк пойызы зулап өте шықты. Сол түні Такэнака да ұзақ уақыт дөңбекшіп, көз іліндіре алмады.
V
Келесі күні таңертең Такэнака Ёсиконы үйіне алып келді. Екеуі оңашаланған бойда ол кешегі жағдайды тезірек сұрап білгісі келген, алайда қыздың арт жақта, басын төмен салбыратып тұнжырап келе жатқан түрін көргенде, кенет оны іштей аяп кетті, кеудесіне лықсып келіп қалған қызғаныштың ащы запыранын кері жұтып, үн-түнсіз жүре берді.
Олар Санайдзакаға көтерілгенде көшедегі кісінің қарасы сиреген еді. Такэнака кенет артына жалт бұрылып:
– Ал сонымен не болды? – деді күтпеген жерден.
– Не болғаны қалай? – Қайыра сұрақ қойған Ёсиконың жүзі күрең тартты.
– Кешегі жағдайды айтамын. Ол әлі осында ма? Оны шығарып салу керек шығар?
– Жоқ, енді қажеті жоқ.
Әңгіме осымен кілт үзілді де, екеуі тағы да үнсіз жүрістерін жалғастырды.
Такэнаканың Усигомэдегі үйінде екінші қабаттағы үш және алты татамилық екі бөлмені Ёсиконың тұруына ыңғайлап, мұқият жуып тазартып қойған болатын. Бұл бөлмелер ұзақ уақыт бойы қойма әрі балалардың ойын бөлмесі ретінде пайдаланылып келгендіктен, үнемі шаң-шаң болып жатушы еді. Шаң-тозаңын қағып-соғып, айнадай қылып жуып, сёдзидің жыртылған, жаңбырдың суынан ластанып қалған қағаздарын қайта жаңартып шыққанда, бөлме адам танымастай болып жарқырап шыға келді. Үйдің артқы жағында Сакаи әулетінің зираты бар еді, соның басында қап-қалың болып өскен жасыл желектерден бөлмеге жұпар иіс құйылып тұрды.
Көрші үйдің ауласында қараусыз қалған жүзім бұталары мен бақ ішіндегі арамшөптер арасынан бой түзеген әдемі гүлдер де көзге енді анық шалынатын болған.
Такэнака шырмауық тектес өсімдік бейнеленген картинаны алып төрдегі сөренің үстіне ілді де, аспалы вазаға кеш бүр жарған раушан гүлін салып қойды.
Түс әлеті болған кезде Ёсиконың заттарын жеткізді: үлкен қытай чемоданы, өрілген жол сөмкесі, кітап шкафы, жазу үстелі, төсек-жабдықтар. Оның бәрін екінші қабатқа тасу оңайға түспегендіктен, Такэнакаға жұмыстан бір күн сұрануына тура келді.
Үстелді оңтүстікке қарайтын терезенің алдына қойды, оның сол жағына кітап шкафы орналасты. Үстелдің үстіне айна, оның қасына опа-далап салатын құтылар жайғасты. Қабырғадағы шкафтың бір сөресіне қытай чемоданы мен өрме сандықшаны сиғызып жіберді. Бұдан соң ол сырмалы жамылғы мен төсеніштің орамасын ашып жатқанда мұрнына әйел затына тән жұмсақ жұпар иіс келді – сол сәтте Такэнака өзіне де түсініксіз бір күйді бастан кешті.
Сағат екіге қарай бөлме бір ретке келгендей болды.
– Ал қалай? Мұнда тұруға ыңғайлы болды емес пе? – деді Такэнака өз-өзіне көңілі толғандай күлімсіреп. – Осында емін-еркін сабағыңды әзірлеп, оқуыңмен айналысасың. Басқа ештеңеге алаңдаудың қажеті жоқ, әйтпесе босқа жүнжіп, шаршап кетесің.
– Иә… – Ёсико басын төмен салып, ақырын ғана жауап қатты.
– Кейін асықпай сөйлесіп бәрін ақылдасамыз. Қазір бар зейінің тек оқуда болсын.
– Әрине… – деді Ёсико жүзін жоғары көтеріп. – Біз де солай шештік. Қазір ойымызды оқуға бағыттап, болашаққа үміт артып, әке-шешеміздің келісімін алуымыз керек.
– Өте дұрыс. Егер қазір шулататын болсаңдар жұрт та, әке-шешелерің де сендерді дұрыс түсінбей, соның кесірінен барлық ізгі арман-мақсаттарың орындалмай қалуы мүмкін.
– Иә, сондықтан да мен бар жан-тәнімді салып оқуым керек, ұстаз. Танака да осыған бекем бел буып отыр. Сосын ол міндетті түрде сізбен кездесіп, арнайы алғыс айтуым керек деген...
– Әуре болып қажеті не…
Ёсиконың бұл сөзі Такэнаканың жүрегіне шаншудай қадалды. Оның «біз» деп – бейне екеуі бөлінбейтін тұтас бір адамға айналғандай сөйлегені, ендігі атастырылып қойғандай бәрін ашық айтқаны көңіліне жақпай қалды. Он тоғыз-жиырма жастағы жап-жас қыздың осындай нәрселерді еш қысылмай емін-еркін айта салғанына ол қатты таң қалып, заманның қалай өзгеріп кеткенін тағы бір мәрте жан-жүрегімен сезінгендей болды.
Қазіргі студенттердің өзінің жас кезіндегі ибалы қыздардан айырмашылығы жер мен көктей еді. Әлбетте ол жаңаша көзқарастағы адам ретінде әйел затының бойындағы бұл өзгерістерді қолдады. Бұрынғы салт-дәстүр, ұстанымдармен тәрбиеленген әйелдер Мэйдзи дәуірінің жаңаша ойлайтын ер-азаматтарына лайықты жар бола алмайды. Әйел өз бетінше күн көретін жағдайға жетуі тиіс, өзінің ерік-жігерін шындай білуі қажет – ол осылай ойлайтын. Бұл ойларын Ёсиконың құлағына да талай рет құйған. Енді сол жаңа, батысшыл батыл мінезбен өзі өмірде бетпе-бет келгенде еріксіз тыжырынып қалды.
Келесі күні Танакадан Кодзу пошта мөрі соғылған жедел хат келді – ол кері кетіп бара жатқанын хабарлапты. Хатты Санбантедегі қайын апасы жеткізіп тастады.
Ёсико екінші қабатта тұрып жатты, алайда шақырса болды, бірден жауап қатып, төменге түсе қояды. Күнде үш мезгіл дастархан басында бас қосып, көңілді отырып тамақ ішеді. Ал кешкілікте жарқыраған шамның айналасында отырып, емен-жарқын әңгімелеседі. Ёсико оған шұлық тоқып беріп жүрді. Қыздың әсем күлкі үйірілген жүзінен үнемі шуақ төгіліп тұратындай. Такэнака оны толықтай «иемденіп» алғандай сезімде жүрді, сосын да жаны жай тай тапқандай болды. Ёсиконың ғашығы бар екенін білген әйелінің де күдік-күмәні біржола сейіліп, көңілі орнына түскен.
Сүйіктісінің алысқа кеткені Ёсикоға оңайға соқпады. Егер ерік өзінде болса, оны ешқайда жібермес еді, ара-тұра болса да бір көрісіп, тілдескенге жететін не бар?! Бірақ басқа жол жоқ екенін ол жақсы түсінді. Енді екі-үш жылға дейін, Танака оқуын бітіргенше, анда-санда келетін хаттарды жанына медеу тұтып, сабақтан басқаға алаңдамауы тиіс. Күндіз ол сабақтан шыққаннан кейін бұрынғысынша Кодзиматидегі ағылшын мектебіне барады, ал Такэнака – Коисикаведегі жұмысына кетеді.
Кешкілікте кейде ол Ёсиконы кабинетіне шақырып алып әдебиет жайында, оқыған романдары, кейде тіпті махаббат туралы әңгімелеседі. Қыздың болашағына қатысты салмақты да, салиқалы кеңестер беретін. Сондайда риясыз ақтарылып, шынайы жанашырлық танытып отырған осы бір жанның кейде ішімдікке тойып алып, әжетханада құлап жататынына тіпті сену қиын еді. Бірақ ол ешуақытта жасандылыққа барған емес. Оған өзі жақсы көретін әйел затының қасында отырғанда, оның жүрегіне жол табудан өзге қымбат та, құнды ештеңе жоқ еді.
Ёсико да өзінің ұстазына имандай сенетін. «Әке-шешеме өзімнің махаббатым жайлы ашық айтатын уақыт келгенде, – деп ойлады ол, – ескі және жаңа көзқарастар арасында тайталастар туған жағдайда, осы ақылды да, мейірбан ұстазымның бір ауыз сөзі бәріне нүкте қояры кәміл».
Қыркүйекті қазан айы келіп алмастырды. Үйдің артындағы қалың тоғайдан ауық-ауық жылауық жел сыңсиды. Барған сайын қоюлана түскен аспан да сондай түнеріңкі. Бұлттардың арасыннан әзер саңылау тауып өтіп жатқан күн сәулесі жерге молынан жетпегендіктен, ымырт үйірілсе болды, айнала лезде қараңғылық құшағына сүңгиді. Күні бойы жауған жаңбыр атызда қалған батат жапырақтарын дамылсыз ұрғылайды кеп. Көкөніс дүкендерінде де мацутакэ саңырауқылақтары көптеп сатыла бастаған. Бақтағы шыбын-шіркейлердің дауысы да саябырсып, павловния ағашының жалпақ жапырақтары жерге бірінен соң бірі үзіліп түсіп жатты.
Ёсико күн сайын таңертең тоғыздан оңға дейін, үстелде сәл бір қырындау отырып, өзіне мейірлене қараған ұстазының Иван Тургеневтің повестері жөніндегі талдауларын тыңдайтын. Еленаның мықты ерік-жігері, қайсар рухы, оның қайғылы да, қасіретті тағдыры – мұның да жан-дүниесін ерекше толқытып еді сонда! Ол Еленаның махаббат хикаясын өзінің тағдырына ұқсатқаны сондай, ойша роман ішінде бас кейіпкермен бірге жүргендей әсерге берілетін.
Махаббат тағдыры... жүрегің қалаған жанды жолықтыра алмау, содан соң бұрын тіпті ойламаған адамға тағдырыңды сеніп тапсыруға мәжбүр болу – мұның басындағы қазіргі хәлімен дәлме-дәл қабысып тұрғандай еді! Сума жағажайында кездейсоқ алған лала гүлі бейнеленген хат өзінің тағдыр-талайына айналады деп кім ойлаған?!
Ёсико ойша жаңбырлы орманға, түн түнегіндегі орманға, ай жарығындағы орманға қайта-қайта орала берді, қиялында да сол бір көріністерді сан мәрте тірілткен шығар-ау.
Киотоға бет алған түнгі пойыз, Сага үстінде қалықтаған ай… Олар Дзэдзэде серуендеп жүргенде батуға таяған күннің сәулесі көл бетіне алтын нұрын құйып жібергендей көрініп еді, ал қонақүй бағындағы хаги гүлдері қандай?! Кең даланың қызыл, жасыл, сары гүлдері түгел осы араға жиналғандай көздің жауын алатын. Сол екі күн оған өң мен түстің арасындағы бір ғажайып елестей боп өте шықты емес пе.
Сосын сүйіктісіне әлі сезімі ояна қоймаған сәтке дейінгі уақытты есіне алды: Сумадағы теңіз жағалауы, өзінің туған өлкесіндегі таулардың төбесіндегі ай, ауру-сырқау дегеннің не екенін білмеген алаңсыз күндер... Осының бәрін ой елегінен өткізген сәтте екі беті өзінен өзі алаулап кеткендей сезілетін.
Арманнан арман туып, ақыры бір күні сол армандар ұзын-шұбақ хатқа айналып, Киотаға жол тартты. Киотодан да күн ара сондай қап-қалың ауыр конверттер келіп жататын. Бір-біріне қаншама хат жолдаса да, өз сезімдерін түгесіп жазу мүмкін еместей көрінген сонда.
Хат алған сайын Ёсиконың жүзі қалай жайнап сала беретінін байқаған Такэнака ұят-сиятты былай жиып қойып, ұстаздық қадағалау деген желеумен өзі жоқта оның хат салатын жәшіктері мен қорапшаларын түгел қопарыстырып қарап шығады. Ер адамның қолымен жазылған бір-екі хат тапса болды, сол бойда бірінен соң бірін асығыс-үсігіс оқуға кіріседі.
Ол хаттардың әрбір жолы ыстық сезімге толы тәтті сөздер болатын. Ал Такэнаканың іздегені басқа – оның іздегені ынтызар көңілдің құпиясы, тән қалауын тұспалдаған белгілер, олардың киелі махаббаты тым шектен шығып кеткенін растайтын дәлелдер. Алайда, ол екеуінің арасындағы сезімнің сырын ашуға бұл хаттар жеткіліксіз болып шықты.
Арада бір ай өтті. Бір күні Такэнака Ёсикоға жазылған жедел хат алды. Хат ағылшын тілінде жазылған екен. Тез көз жүгіртіп оқығанда ұққаны: хат жөнелтуші өзіне бір айға жететін қаржы жинақтап алған, Токиоға барған соң бір айдың ішінде тамағым мен киіміме жететін жалақысы бар жұмыс табармын депті. Соңына «Танака, Киото» деп қол қойған.
Такэнаканың іші алай-түлей болды. Бір мезетте бүкіл дүние асты-үстіне түскендей.
Кешкі астан соң ол Ёсиконы шақырып алды. Оның да түрі абыржып кеткен.
– Ұстаз, мен өзім де не істерімді білмей тұрмын. Танака Токиоға келемін депті. Мен оған екі-үш мәрте бұлай істемеуін өтініп жазғанмын. Бірақ ол дінге қызмет етуден және осы бір өтірік өмірден әбден шаршадым, сосын да осылай жасауға бел будым дейді. Мен не айтсам да ол бәрібір қалай да Токиоға келмекші.
– Сонда ол Токиода не істемек?
– Әдебиетпен айналысамын дейді...
– Әдебиетпен? Қалай айналыспақ? Роман жаза ма?
– Иә... шамасы солай сияқты...
– Ақымақ! – Такэнака кенеттен айқайлап жіберді.
– Менің өзіме де оңай тимей тұр... шынымды айтсам, өзім қиын жағдайда қалдым...
– Оған осындай ой салып жүрген сен шығарсың, шамасы?
– Жоқ! – ол басын кілт шайқады. – Мүлде олай емес... Бұл қазір мен үшін де өте қолайсыз. Мен керісінше ол алғаш осы жайында айта бастағаннан барымша райынан қайтаруға тырыстым, тым болмаса Дошисяны бітіріп алсаңшы дегенмін. Бірақ ол бәрін өзі солай шешті... Енді ештеңе өзгерте алмаймыз.
– Неге?
– Кобэ қаласында Кодзу деген діндар адам бар. Ол жергілікті шіркеудің қажеттілігі үшін Танаканың оқу ақысын өзі көтеріп келген екен. Танака оған «бұдан әрі дінге қызмет ете алмаймын, өз өмірімді әдебиетке арнағым келеді» деп Токиоға аттануына рұқсат сұраған. Сол кезде Кодзу қатты реніш білдіріп: «Егер олай болса, өз қалағаныңды жасай бер, мен енді араласпаймын» деп қолын бір сілтепті. Танака қазір жол жүруге тас түйін дайын отыр. Мен шынында да қазір не істерімді білмей тұрмын...
– Не деген ақымақтық бұл! – деп бұрқ ете түсті ол. – Оны қалайда райынан қайтар. Жазушы болғысы келген екен – бұл тіпті мүмкін емес қой, бұл деген бос қиял, тұрлаусыз арман ғана. Егер Танака осында келетін болса, маған сені қадағалау өте қиынға түседі. Лайықты қамқорлық жасай алмаймын. Сондықтан қалай болғанда да, барынша қатты-қатты айтып, оны тоқтат!
Ёсиконың одан сайын өңі қашып кетті.
– Мен оны тоқтатып көрейін... бірақ, жазған хатым оның қолына тимей ме деп қорқамын.
– Хат қолына тимейді дейсің бе? – Такэнака көзін кеңірек ашып қайталап сұрады. – Демек ол жолда келе жатқан болды ғой?
– Иә, соңғы жазған хатында бұл хат қолыңа тигенде мен жолда болуым мүмкін деген...
– Соңғы хатында? Демек, жедел хаттан кейін тағы бір хат келді ме?
Ёсико үнсіз басын изеді.
– О, тоба!.. Бұл қиялиларға не деуге болады?!
Оның қайтадан мазасы қашты.
VI
Келесі күні «Бүгін кешкі алтыда Симбаси стансасынан түсемін» деген жедел хат келді. Хатты қолына ұстап олай-бұлай айналдырған Ёсико не істерге білмей қатты абыржыды. Бірақ жас қызды түнде жалғыз өзін вокзалға жіберу мүмкін емес еді, сондықтан оны қонақты қарсы алуға жібермеді.
Ертеңінде Ёсико қалай болғанда да оны Киотоға кері қайтуына көндірмекші болып сүйіктісіне кетті. Ол вокзалдың қасындағы «Цуруя» деген арзанқол қонақ үйге аялдаған болатын.
Такэнака редакциядан оралғанда, Ёсиконы ерте келеді деп күтпеген еді. Ол ұстазын дәлізде күлімсіреп қарсы алды.
Не болғанын сұрастырғанда білгені, Танака Киотоға қайтып барудан үзілді-кесілді бас тартыпты. Ёсико онымен тіпті ұрысуға дейін барса да, ол бәрібір айтқанынан қайтпаған. Токиоға келгенде ұстаздан қолдау болады деп сенген ғой, бірақ қыздың уәждерін тыңдағаннан кейін айтқан нәрселерінің бәрі орынды екенін мойындапты. Әлбетте оның мұнда болуы қадағалау мен жауапкершілік тұрғысынан алғанда біраз қолайсыздық туғызатыны рас. Бірақ, енді кері қайтып бару мүмкін емес. Қалай болғанда да өз нанымды өзім тауып жеп, алға қойған мақсатқа мысық табандап болса да жылжи бергеннен басқа жол жоқ.
Оның бұл сөздері Такэнаканың жүрегіне шаншудай қадалып, жанына тым жайсыз тиді.
Бір мезет ол бәріне қолын бір сілтеп, не болса, со болсын дегелі тұрды да, бірақ қыздың өміріне жауапты адам ретінде ондай ақылсыздық жасауға дәті бармады. Соңғы екі-үш күннен бері Ёсико басқа жаққа мойын бұрмаған секілді, мектепке түзеу барып, түзеу келеді. Әйтсе де, ол сабаққа кетіп бара жатырмын десе болды, «соны желеу қылып сүйіктісімен кездесіп жүрген жоқ па?» деген күдік-күмән ішін мысықша тырналап, кеудесін қызғаныштың қып-қызыл оты қари бастайды. Такэнака іштей азапқа түсті. Оның көңіл-күйі күніне жүз өзгереді. Біресе ол солардың бақыты үшін өзін құрбандыққа шалуға әзір болып жатады, біресе қыздың әке-шешесіне бәрін жасырмай айтып, олардың махаббат хикаясына біржола нүкте қоймақшы болады. Алайда, жем-жемге келгенде екінің бірін жасауға батылы бармайды – оның жан-жүрегін осындай қарама-қайшы сезімдер азаптады.
Бірде әйелі құлағына былай деп сыбырлады:
– Қымбаттым, екінші қабатта... – ол іс тігіп жатқандай түр танытып, ақырын ғана: – Шамасы, сыйға тартатын болар. Қою көк студенттік хаори. Соған ыңғайлы жұмсақ ұзын ақ белбеуді сатып алып қойған.
– Рас па?
– Иә. – Әйелі ыржиып күлді. Ал Такэнака күлетін жағдайда емес еді.
Сол күні Ёсико сәл қызарақтап:
– Ұстаз, бүгін мен біраз кешігіп келемін, – деді.
– Сен соған барасың ба? – деп сұрады ол.
– Жоқ! Жолай дос қызға кіріп шығамын, шаруам бар еді, – деп жауап берді ол.
Кешкілік көз байлана бастаған шақта Такэнака өз-өзін қайрап, Ёсиконың сүйіктісі тұрып жатқан пәтерге барды.
– Шынымды айтсам, ұстаздың алдында ақталарға сөз таппай өте ыңғайсызданып тұрмын, – деді Танака мәнерлеп, көпіртіп ұзақ сөйлегеннен кейін. Соны айтқанда орта бойлы, денесі толықтау, ақ сары жүзді жас жігіт құлшылық кезінде құдды мейірім мен аяушылық тілеген жандай оған мүләйімси қарады.
Таэнака іштей бұл әңгімеге дайындалып келген еді.
– Егер сіз бәрін жақсы түсінсеңіз, онда неге соған сәйкес әрекет етпеске? Мен мұны сіздің болашағыңызды ойлағаннан айтып тұрмын. Ёсико – менің шәкіртім. Ұстаз ретінде оның оқуды тастап кетуіне жол бере алмаймын. Егер сіз қалай болғанда да Токиода қалуға бел байлап отырсаңыз, мына екі жолдың бірін таңдауға тура келеді: Ёсиконы кері туған өлкесіне жіберу, не болмаса оның әке-шешесіне бар жайды ашып айтып, олардың рұқсатын алу керек болады. Өз қалауыңызға бола жақсы көретін адамыңызды болашағынан айырып, сонау таулардың арасында қалдыруға дейін баратындай өзімшіл ме едіңіз? Сіз осы жағдайдан соң дінге көңілім суыды дейсіз, бұл бар болғаны өзіңіздің көзқарасыңыз ғой. Шыдаңыз, Киотода қала беріңіз, сонда бәрі ретке келеді, осы қарым-қатынастарыңыздың болашағы болады.
– Мен бәрін түсінемін...
– Бірақ өзіңізге ештеңе істей алмайсыз?
– Кешіріңіз, мен оқу орнынын киімдерін де, бас киімін де сатып жібердім. Енді қайтіп бара алмаймын.
– Еңдеше Ёсиконы туған жеріне қайтарасыз, солай ма?
Ол жақ ашпады.
– Әлде, бұл жайында әке-шешесіне хабар береміз бе?
Ол тағы да үндемеді.
– Мен Токиоға тіпті де бұл үшін келген жоқпын. Тіпті осында қалған күннің өзінде екеуміздің арамызда ондай ештеңе...
– Әрине, сіз солай айтасыз. Бірақ мен мұныңызды мақұлдай алмаймын. Құштарлықтың неге апарып соқтыратынын белгісіз ғой.
– Ондай ештеңе болмайтынына мен сенімдімін.
– Ант-су ішесіз бе?
– Егер тек оқумен айналысып, мақсатымызға мысық табандап жылжи берсек, ондай ештеңе болмайды.
– Мен бәрінен бұрын соған алаңдап тұрмын.
Екеуінің арасындағы пайдасыз әңгіме біразға созылды. Такэнака әртүрлі дәлделдерді алға тартып, оны кері қайтуға барынша үгіттіп көрді. Болашақтағы мүмкіндіктер, ер азамат жасауы тиіс құрбандықтар туралы, қазіргі қарым-қатынас тым тереңдей түскенде туындауы мүмкін қиындықтар жайында да сөз қозғады.
Танака Хидэо өзі елестеткендей оның көзіне кескін-келбеті келісті, бекзат болмысты, зерек жігіт болып көрінбеді. Кодзиматидегі Санбанте көшесіндегі арзанқол қонақ үйдің ауасы тымырсық тар бөлмесінде алғаш кездескенде Такэнака ең алдымен оның бойындағы христиандық тақуалыққа, дәлірек айтқанда жасанды тәлімшілдігіне, өз жасына сәйкес келмейтін қарттарға тән байсалдылығына таң қалды. Оның өзін ұстауында да адамды жирендіретін жасандылық бар еді. Киотолық сөйлеу мәнері, боп-боз өңі, бойындағы болбырлық – Такэнака осының бәрін байқап тұрып, Ёсиконың көп жас жігіттердің арасынан неге дәл осыны таңдағанын түсіне алмай дал болды.
Әсіресе, оның болмысынан табиғилық пен турашылдықтың титтей де болса жұрнағын көре алмағаны өзіне сондай жағымсыз әсер қалдырды. Тіпті өзінің кінәсі мен әлсіздігін де ол әртүрлі себеп, дәлелдер келтіріп ақтап, дағдылы құрғақ ақылдармен жасырып-жабуға тырысты.
Шынын айтқанда, Такэнаканың буырқанған санасында осының бәрі бірден айқын сезіле қойған жоқ. Оның көзі бөлменің бұрышындағы кішкентай жол дорбасына, түсі оңып кеткен ақ юкатаға түскенде еріксіз жас кезіндегі армандары есіне оралды. Сол сәтте бұл жас жігіт те махаббат үшін азап шегіп, қиналып жүрген шығар-ау деген ой келіп, ішінде бір аяушылық сезімі оянғандай болды.
Олар тымырсық бөлмеде тіпті малдас құрып отырмастан сағаттан астам уақыт сөйлескенімен, кесімді бір шешімге келе алмады. Соңында Такэнака «Бәрін дұрыстап ойланып көріңіз» деп қоштасып кетіп қалды.
Ол өзін ақымақ болған адамдай сезінді. Бейне сондай бір ақылсыздық жасағандай күй кешіп, өз-өзін аяусыз келекеледі. Жүрегінің түпкірінде жасырынған құпияны жасыру үшін жасанды сыпайылыққа барып, тіпті қос ғашықтың қамқор да, мейірбан қорғаушысы болуға әзір екенін қалай айтып салғанын есіне алды. Аударма жұмысына орналасуға көмектесетін бір мырзамен таныстыруға уәде бергенін де есіне түсірді. Енді өзімен-өзі қалғанда сол әлсіздігі мен көңілшектігіне ызасы келді.
Такэнака көп ойланды. Оның отбасына хабарласып, бар мән-жайды айтсам ба деп бір оқталды. Бірақ оны қалай айтып жеткізеді – ең қиыны осы еді. Олардың махаббатын қорғаушы ретіндегі өзінің жауапкершілігін сезінген сайын жүрегін жаншып-езген салмақ та соншалықты ауырлай түсті. Ішін шоқтай күйдірген қызғаныш, жүрегінде тербеткен аяулы сезімі қызға қылдай қиянат жасауға ерік бермегенімен, бұдан әрі «мейірбан қамқоршының» рөлін ойнауға да шамасы қалмағандай. Оның үстіне, егер осының бәрі отбасына мәлім болса, әке-шешесі Ёсиконы кері алып кете ме деген қауіп те оған маза бермеді.
Келесі күні кеште Ёсико Такэнаканың кабинетіне келіп, басын төмен салған күйі ақырын естілер-естілмес дауысымен өз өтінішін білдірді.
Қалай үгіттеп көрсе де, жас жігітті кері қайтару мүмкін болмапты. Ал егер отбасына мән-жайды айтып хабар берсе, әке-шешесі келісім бермесі белгілі, оны айтасыз, олар бұл жағдайға байланысты дереу жетіп келіп, әй-шайға қаратпай мұны кері алып кетуі мүмкін. Жас жігіт бәрін тастап мұнда бекерден бекер келген жоқ, олардың бір-біріне деген сезімі алып-ұшпа, жастық желіктен туған әсер емес. Екеуінің арасында ұятты ештеңе болмаған, жас қыз бұдан былай да көзсіз құштарлықтың жетегінде кетпейтініне ант-су ішті.
Әдебиеттің жолы – қиын жол. Бәлкім Танака роман жазып өз атын әдебиетте қалдыра алмас. Бірақ болашаққа қадам жасайтын болса, бәрін бірге бастап, өздерін жүректері қалайтын іске арнағандары абзал ғой. Сондықтан Ёсико әзір бәрін осы күйінше қалдырып, Танаканың да Токиода тірлік қылуына мүмкіндік беруін өтінді.
Такэнака қыздың бұл өтінішіне қарсы келе алмады. Оның Киотоға, Сагаға қыдырып кеткені есіне түскенде, қыздың табандылық көрсетеріне сәл де болса күмәнмен қарағаны рас, әйтсе де, оның қазір ағынан жарылып айтқан сөздеріне, екі жастың арасында ұятты ештеңе бола қоймағанына сенді. Өзінің жастық тәжірибесінен де биік деңгейдегі киелі махаббат мүмкін болғанымен, тән жақындығы аяқ асты, оп-оңай бола қоймайтын нәрсе екенін білетін. Сондықтан Такэнака олар көзсіз құштарлыққа берілмейтіндей саналы болса, ештеңе өзгертудің қажеті жоқ, бәрі осы күйінше қала берсін деп шешті. Содан соң оған рухани махаббат пен жай ғана тән құштарлығы арасындағы айырмашылық жөнінде, махаббаттың өмірдегі орны хақында, қазіргі заманғы әйелдер нені қадірлеп сақтауы тиістігі жайлы кеңінен толғады. Бұрынғы данагөйлер қыз балаға пәктігін сақтауды ескерткенде тек ар-намыс, қоғамдық мораль, биік сананы ғана еске салмай, олардың тәуелсіздігіне де назар аударғандықтан айтқан. Әйел ер адамға тәнімен берілген сәттен өз тәуелсіздігін жоғалтады. Батыс елдерінің әйелдері мұны өте жақсы түсінеді, сондықтан олар ер адаммен өздерінің ар-намысына нұқсан келмейтіндей дәрежеде қарым-қатынас ұстай біледі. Қазіргі заманның жапон әйелдері де осындай деңгейге көтерілуі тиіс. Оның Ёсиконың құлағына құйған өнеге-тәлімдерінің басты тақырыбы да осындай еді, әсіресе қазіргі заманғы әйелдердің қоғамдағы міндеті мен борышы, ар-ождан алдындағы жауапкершілігі туралы жаны аши отырып, ерекше тебіреніспен сөйледі.
Ёсико басын төмен салып отырып тыңдады.
Әбден бабына келген Такэнака:
– Сонымен, күн көріс жағын қайтпексіңдер? – деп сұрады.
– Қамданғандай болдық... Бір айға жетіп қалар, бірақ...
– Табысты жақсы жер табылып кетсе, жақсы болар еді, – деп қосып қойды Такэнака.
– Шынымды айтсам, мен сізге сеніп келдім, ұстаз... Мына жақта ешкімді танымаймыз. Сосын да қамығып жүрмін...
– Иә, бұл тіпті де күтпеген жағдай. Мен бұдан бір-екі күн бұрын онымен кездескенде бір мәселе туындамаса неғылсын деп ойлап едім, – деді Такэнака.
– Сізден өтінемін, бізді қамқорласаңыз... онысыз да сізді көп әуреге салғанымды білемін, – деді Ёсико қызарақтай сөйлеп.
– Уайымдама, – деді ол, – бір ретін табармыз.
Ёсико шығып кеткеннен кейін Такэнака кенет түнеріп сала берді. «Олардың махаббатын қамқорлау қолымнан келе ме, жоқ па?» – деп сұрады ол өз-өзінен. «Қанаты жетілген жас құсқа өзі секілді жас керек. Жас құсты жанына серік қылып жүретіндей біздің керемет қауырсынымыз жоқ қой», – осы бір ойдың өзі оның жүрегін адам төзгісіз ауыр мұңға толтырып жібергендей болды.
«Отбасының бақыты – әйелің мен балаларың деп жатады ғой. Бірақ оның қандай мәні бар? Балалары үшін өмір сүріп жатқан әйел өмірдің мәнін содан табар, ал әйелін балаларына берген, балаларын анасына берген күйеуі қалайша жалғыздық сезінбейді?» – Такэнака жанып тұрған шамға үнсіз ұзақ қарады. Үстел үстінде Мопассанның «Өлімнен де күшті» деген кітабы айқара ашылып қалыпты.
Арада екі-үш күн өткенде Такэнака жұмысынан келген соң әдеттегідей темір пештің қасына жайғасып жатыр еді, әйелі ақырын ғана:
– Бүгін ол келді? – деді.
– Кім?
– Екінші қабаттағының... Ёсиконың сүйіктісі келді. – Ол тісін ақсита күлімсіреді.
– Солай ма?
– Бүгін түскі сағат бір шамасында есікті біреу қақты. Барып ашып едім, үстіне торлы хаори, алабажақ хакама киген дөңгелек жүзді студент менен ізетпен кешірім сұрады. Мен қолжазбасын алып келген біреу екен деп ойлағам, ал ол болса: «Ёкояма ханым осында тұра ма?» деп сұрады. Мен таң қалып өзінің аты-жөнін сұрап едім «Танака» деп жауап берді. Мен оның кім екенін түсіне қойдым. Шынын айтқанда, сүйкімсіздеу біреу екен. Келісті студенттер көп қой, Ёсико неге дәл осыны таңдап алған? Оның талғамы адам таңқаларлықтай екен. Мынадай жігітпен ол ештенеге қол жеткізбейді.
– Сосын не болды?
– Ёсико әрине, қуанды. Бірақ өзін өте ыңғайсыз сезінді. Мен оларға шәй әкеліп бердім. Екеуі үстел басында қарама-қарсы отырды. Мен келгенде екеуі де тым-тырыс бола қалды. Маған біртүрлі көрінді де, сосын төменеге кетіп қалдым. Бәрі маған біртүрлі көрінді... Қазіргі жастар емін-еркін, біздің кезімізде ер адамның көзіне көрінудің өзі ұят нәрсе еді ғой.
– Ол басқа заман.
– Иә, басқа заман. Бірақ қалай десең де бұл тым ерсі. Тура ұяттан безген адамдар секілді. Түріне қарағанда тәуір студентке ұқсайды, алайда жан-дүниесі ондай емес, бәрі біртүрлі көрінді.
– Жарайды, ол маңызды емес. Одан әрі не болды?
– Қызметші Оцуру бір нәрселер әкеліп бермек болған, бірақ Ёсико тәтті нан, картоп печеньені өзі жүгіріп барып әкелді. Оған Оцуру де күліп жатыр. Оларға ыстық шәй апарып бергенде екеуі тәтті картопты сүйсіне жеп отыр екен дейді.
Бұған Такэнака да еріксіз езу тартты.
Әйелі әңгімесін жалғастырды:
– Сосын олар өте ұзақ сөйлесті, тіпті дауыстары да сондай қатты шығып жатты. Ұрысып жатқан секілді болды, Ёсико-сан да өз айтқанынан қайтпады білем.
– Ол қашан кетті?
– Жаңа бір әзірде ғана.
– Ёсико үйде ме?
– Жоқ. Ол жолды білмейді деп шығарып салуға кеткен.
Такэнаканың жүзі түңеріп кетті.
Олар тамақ ішіп отырғанда Ёсико да қайтып оралып, үйдің артқы жағындағы қосымша есіктен кірді. Ентіге дем алғанына қарағанда, алды-артына қарамай жүгіріп жеткенге ұқсайды.
– Қай жерге дейін шығарып салдыңыз? – деп сұрады әйелі.
– Кагурадзакиге дейін, – деп жауап берді ол, сосын әдеттегідей Такэнакаға «Мен үйдемін» деді де, асығыс-үсігіс екінші қабатқа көтерілді. Ол лезде кері түсетін сияқты көрінген, арада біраз уақыт өтсе де төменге түсе қоймады. Әйелі үш рет айқайлап шақырғанда жоғарыдан «Әу» деп дауысын созып жауап бергенімен, төменге түспеді.
Соңынан Оцуру әдейі барып шақырғанда ғана төбе көрсетті. Алайда Ёсико кешкі асқа қолын да созбастан, үстелге жақын сәл бір қырын отырды.
– Тамақ ішпейсіз бе?
– Жоқ ішпеймін.
– Тәтті картопқа тойып қалғансыз-ау.
– О не дегеніңіз, ханым! – деді ол, жорта бұртиып.
Ханымы күліп жіберді:
– Ёсико-сан, біртүрлі көңіл хошыңыз жоқ қой.
– Неге олай дейсіз? – деді ол созыла үн қатып.
– Жәй әншейін.
– Бәрі жақсы, ханым! – Ол қайтадан өкпелегендей түр танытты.
Ёсико оған тағы да көз қиығымен барлай қарады.
Такэнака оның ерке қылығына кейісті еді. Жүрегі атқақтай соғып, кеудесі дем жетпегендіктен қысылып бара жатқандай. Оның жүзіне ұрлана қараған Ёсико ұстазының көңіл-күйі жоқ екенін бірден түсіне қойды. Сол бойда дауыс ырғағын өзгертіп:
– Ұстаз, бүгін Танака-сан келіп еді.
– Иә, естігем.
– Ол сізге арнайы өзі алғыс айтқысы келген, бірақ күте алмады. Келесі жолы міндетті түрде арнайы соғады... Сізге сәлем айтуды өтініп...
– Солай де.
Сөй деген ол орнынан атып тұрды да, өзге ештеңе айтпастан кабинетіне кетіп қалды.
Ёсико екінші қабатта өзінің қадағалауында болса да, оның сүйіктісі Токиода жүргенде Такэнака бәрібір алаңдамай тұра алмады. Екеуінің кездесуіне тыйым салу мүмкін емес еді. Орта жолдан арадағы хаттарды да ұстап қалудың реті келмеді, ал Ёсико: «Бүгін аз уақытқа Танакаға кіріп шығамын, бір сағаттай кешігіп келемін» – дегенде оған тыйым салатындай ешқандай себеп табылмады.
Жас жігіттің үйіне келгіштеп жүргені аса ұнамаса да, енді оған қарсылық білдіру тағы ыңғайсыз еді. Осылайша Такэнака, өзі де байқамастан, екі жастың «мейірбан қорғаушысы» болып шыға келді.
Такэнака үнемі ашулы жүретін болған. Ол бірнеше қолжазбасын аяқтап шығуы тиіс еді, бір жағынан баспа да асықтырды. Оның үстіне қаражат та керек дегендей. Бірақ ол қалай тырысса да қолына қаламын ала алмай қиналды. Тіпті, өзін мәжбүрлеп жазу үстеліне отырғызған кезде де ойы жинақталмай қойды. Кітапты да екі беттен әрі асырып оқи алмады.
Екі жастың бір-біріне деген жылы сезіміне куә болған сайын, оның кеудесін қызғаныштың қып-қызыл жалыны шарпитын. Сондай сәттерде ол бар ашу-ызасын түк кінәсі жоқ әйеліне төгіп, тоқтаусыз іше береді, іше береді. Егер кешкі асқа алдына қойған тағам ұнамай қалса, оны үстелімен қоса бір теуіп ұшырып жібереді. Кей-кейде үйге түн ортасынан аса удай мас болып оралып жүрді.
Ёсико оның осы дөрекі мінезін, өрескел қылықтарын өте ауыр қабылдап, жаны азап шекті. Оның әйелінен кешірім сұрағандай болып:
– Осының бәріне кінәлі мен, маған бола сіз жапа шектіңіз-ау, – дейтін.
Ёсико сүйіктісімен арасындағы хаттарды оның көзіне барынша түсірмеуге тырысты, ал кездесуге үш күнде бір сабақтан қашып барып жүрді.
Такэнака мұның бәрін сезді, сезген сайын адам төзгісіз жан азабын басынан кешірді.
Күз де аяқталуға таяп, өңменіңнен өтер ызғырық жел тұра бастады. Үйдің артқы жағындағы тоғайдың тұтастай сарғайған жапырақтары кешкі аспанның аясында ерекше әдемі көрінеді. Бұталы қоршаудың іргесімен өтетін сүрлеу жолдың үстімен бүрісіп-тырысып қалған жапырақтар сыбдыр-сыбдыр етіп, бірінің соңынан бірі домалап бара жатыр. Айналадан ара-тұра сұр тағанақ торғайдың өткір де, ащы дауысы құлаққа шалынады.
Дәл осы мезгілде екі жастың махаббаты жұрт көзіне анық байқала бастаған болатын. Таэкана ұстаз ретінде бұдан әрі көз жұмып отыра алмай, Ёсиконы үгіттеп, әке-шешесіне бар мән-жайды ашып айтуға көндіргендей болды. Сосын өзі отыра қалып, екі жастың махаббаты жайында қыздың әкесіне ұзын-шұбақ хат жазды.
Тіпті осындай жағдайда да Такэнака Ёсиконың көңілінен шығуды ойлап, екіжүзділікпен «екі жастың махаббатын үлкен мейірбандықпен қорғап» жүрген жанның рөліне кірді, осы жолда қандай құрбандыққа болса да даяр адам болып көрінуге тырысты.
Биттюдегі таулы өлкеден бұған жауап ретінде бірнеше хат келді.
VII
Келесі жылдың қаңтарында Такэнака географиялық барлау жұмыстарына байланысты қызмет бабымен Кодзукэ және Мусаси провинцияларымен шектесетін жердегі Тонэ өзені жағалауында іс сапарда жүрді. Ол бұл жаққа өткен жылдың аяғында келген еді, содан бері оны үйдің жағдайы – әсіресе Ёсиконың жайы қатты алаңдатып, жанын жай таптырмады. Әйтсе де, қызметтік міндеті оған бәрін тастап кетіп қалуына ерік бермеді.
Жаңа жылдың екінші күні болғанда ол Токиоға аз уақытқа келіп-кетуге мүмкіндік алды. Бұл келгенде екінші баласының тісі ауырып жатыр екен, әйелі мен Ёсико оның қасынан бір елі ұзамай күтімін жасап жүр. Әйелімен сөйлескенде білгені – Ёсико мен Танаканың қарым-қатынасы бұрынғысынан да тереңдеп, күннен күнге арта түскен құштарлығы ес-түсін алған сыңайлы. Жаңа жыл түні қалтасында көк тиыны жоқ Танака өзінің тұрағына бара алмай, таң атқанша жүретін трамвайдың вагонында түнеп шыққан көрінеді. Олардың кездесуі тым жиілеп кеткен соң, әйелі Ёсикоға жанамалап болса да ескерту жасаймын деп ақырында екеуі сөзге келіп қалғанға ұқсайды. Ол бұдан өзге де көп жайға қанық болды.
«Жағдай күрделі екен», – деп ойлады ол іштей.
Үйіне бір түнеген Такэнака қайтадан Тонэ өзені жағалауына аттанды.
Қаңтардың бесінші күнінің кеші еді. Мұнартып тұрған аспандағы ай үлкен сақинаға ұқсап қалыпты, оның шашыраған сәулесі өзеннің бетінде үгітіліп түскен алтындай жалтырап жатты. Такэнака қолындағы хатты үстел үстіне жайып оқып шыққан соң, мағынасына ой жүгіртіп ұзақ ойланды. Бұл Ёсикодан келген хат еді – хатты осының алдында ғана қонақ үйдегі қызметші қыз әкеліп тастаған.
«Ұстаз, мен сіздің алдыңызда кінәлімін. Сіздің мейіріміңіз бен қамқор пейіліңізді мен өмір бойы ұмытпаспын. Қазір сол мейірбан жүрегіңізді ойласам болды, көз жасым өз-өзінен төгіліп қоя береді.
Әке-шешем ешқандай ымыраға келер емес. Сіз қанша жерден айтып түсіндірсеңіз де, олар өздерінің ескі ұстанымдарынан айырылмай, менің сезімімді түсінгілері де келмеді. Қанша жалынсам да, көз жасымды көл қылып жыласам да олар ақыры келісімдерін бермеді. Анамның маған жазған хатын оқып отырып көз жасымды тоқтата алсамшы, ол ана ретінде мені аздап болса да түсінуге тырысса болатын еді ғой? Тек енді ғана махаббаттың шын мәнінде қандай азап екенін ұққандаймын.
Ұстаз, мен бір шешімге келдім. Қасиетті Кітапта әйел өз ата-анасын қалдырып, күйеулерінің соңынан ереді деп жазылған ғой, мен де Танаканың соңынан еруге бел байладым.
Танака әлі тұрақты табысқа қол жеткізе қойған жоқ, жинаған ақшамыз баяғыда түгесілген, ол өткен қыста өте қиын жағдайда өмір сүрді. Ендігі жерде мен бұған жайбарақат қарап отыруға дәтім бармайды. Әзір бойымызда күшіміз барда, үйден ешқандай көмек алмай, екеулеп өмір сүріп кетуге тырысамыз. Сіздің мазаңызды алғаныма қатты өкінемін. Әрине, сіз ұстазымыз ретінде біз үшін уайымдайтыныңызды түсінемін. Әке-шешемді иліктіруге қанша күш салғаныңызға қарамастан, олар орынсыз ашуға беріліп, бізді тыңдағысы да келмейді – бұл енді шектен шыққан қаталдық қой. Егер олар менен теріс айналса, онда не шара, маңдайға жазылған тағдырым сол болғаны да.
Олар мұны «құлдырау», «азғындық» деп қоймастан айта береді. Солай айтатындай, біздің махаббатымыз соншалықты құнсыз, қадірсіз бе еді? Бұған қоса, шыққан тегі қандай, отбасы абыройы деген әңгімелер... Ұстаз, сіз мені кешіріңіз, мен ата-анасының есебімен, солар көрсетіп берген адамға тұрмысқа шығатын бұрынғының қызы емеспін.
Ұстаз, мен тиісті шешім қабылдадым. Кеше Унэ кітапханасынан көмекшілер іздеген хабарландыру көргенмін, соған өтініш бергелі жатырмын. Екеуміз бірдей еңбек етсек, аштан өлмесіміз анық қой. Сіздің үйіңізде тұра берсем, Сізге және Сіздің жұбайыңызға тек қолайсыздық туғызарым белгілі. Сізден өтінемін, ұстаз, өз қалауымша әрекет етуге мүмкіндік беріңізші.
Ёсико.
Махаббаттың құдыретті күші түптің-түбінде ол екеуін құштарлықтың терең иіріміне тартып кеткен бе дерсің.
Такэнака енді бұлайша жалғаса беруі мүмкін емесін түсінді. Ол Ёсиконың көңілінен шыққысы келіп «қайырымды қамқоршы» рөлін қалай өзіне қабылдап алғанын есіне түсірді. Қыздың Биттюдегі әкесіне жолдаған хатында да ол екі жастың махаббатын барынша қорғап, ата-ана бұған келісімін беруі тиіс қой деп жазған еді. Алайда Такэнака олардың өліп кетсе де келісім бермейтінін жақсы білді. Тіпті, ішінен олардың бұған қарсы әрекет жасайтындарына да сенген. Шынында да ата-анасы қатты ашуға берілді, егер бізді тыңдамайтын болсаң, біз сенен бас тартамыз дегенге дейін барды. Сөйтіп екі жас өздерінің лайықты жазаларын алды.
Такэнака Ёсиконы қайта-қайта барын салып қорғаштап, олардың сезімі таза, шынайы екеніне сендіруге тырысты. Содан соң ата-ананың тым болмаса біреуі астанаға келіп, бұл істі бір жақты қылуға көмектесуін өтінді. Алайда, ұстаздың өзі екі жасты қолдайтынын көрген олар, Токиоға барудың ешқандай мәні жоқ деп ұйғарған болуы керек, астана жаққа ат ізін салмады.
Енді Такэнака Ёсиконың хатын оқып, ойға батып отыр.
Екі жастың қарым-қатынасы тереңдей түскені сондай, бұдан әрі қол қусырып отыра беруді енді жағдай көтермейтін секілді. Қыздың мұның қамқорлығынан шығып, Танакамен бірге ғұмыр кешкісі келетінін білдірген батыл сөздері алаңдатпай қоймайды. Ол тіпті бұлар нәзік шекаралардан аттап кеткен жоқ па екен деген де қауіп ойлады.
Бір жағынан қызға іштей қатты ренжіді: Сол үшін барын салып тырысып еді ғой, сол үшін не істемеді – ал ол болса, мұның бірін де елеместен осындай шешім қабылдап отыр. Парызды да, сезімді де білмейтін неткен қайырымсыз жан десеңізші! «Жарайды, не істесе де өзі білсін!» – деп ойлады ол іштей.
Ішіндегі алай-дүлей болып жатқан дауылды басу үшін Такэнака Тонэ өзенін жағалап жүріп кетті. Түнгі аспанның төрінен тұманмен тұмшаланған айдың болымсыз сәулесі жылтырайды. Қыстың кәріне мінген шағы болса да мақпалдай жұмсақ түннен сәл жылылық байқалатындай. Төбедегі айдың жарығы тұманның әсерінен жан-жаққа шашырап кете алмай, өз айналасына жинақталып үлкен күміс сақинаға ұқсап қалған. Үйіндінің түбіндегі үйлердің терезелерінен көрінген жарық бейбіт қана жымыңдайды. Өзеннің үстін де жұп-жұқа тұман перделері қымтап алған, ара-тұра олай-бұлай өткен қайықтардың сықырлаған дыбысы естіледі. Ағыстың төменгі жағынан «эй!» деп айқайлаған әлдекімнің дауысы құлаққа шалынды – шамасы арғы бетке өткізетін паромшыны шақырып жатқан болуы керек. Қалқымалы көпірдің үстімен өткен арбалардың салдыр-гүлдірі еткен дыбысы түн ішінде жаңғырып естілді де, артынша айнала қайтадан тып-тыныш күйге енді.
Өзен жағасында баяу адымдап келе жатқан Такэнаканың басына қандай ойлар келмеді. Алайда оны Ёсико туралы ойлардан гөрі, өз отбасындағы жалғыздығы қатты қинады. Отыз бес-отыз алты жас шамасындағы ер мен әйелдің басынан өткеретін күйініші, атқаратын жұмысы мен жанының үйлесім таппауы, тән қалауынан туған қанағаттанбаушылық сезімі – соның бәрі оның жүрегін адам төзгісіз ауыр салмақ болып жаныштады. Ёсико оның жабырқау өміріне гүл болып еніп еді, нұр болып жүрегіне қуаныш сеуіп еді. Оның ғажайып жастық қуаты бұның қаңырап босап қалған, қу мекиен далаға айналған кеудесіне жан бітіріп, жүрегін қайтадан гүлдендірді, жастықтың ештеңе айырбастай алмайтын ерекше бір лебінен көңіл түпкірінде тат басып қалған сезімнің қоңырауы да қайтадан күмбірлеп қоя берген-ді. Тек соған бола оның бүкіл жан-дүниесі қайта түлеп, жаңа бір күшпен жаңарып шыға келді емес пе. Енді қалайша өзінің бұрынғы көңілсіз, жабырқау әрі бір сарынды өміріне қайтып бармақ?.. Әлде өкпенің, әлде қызғаныштың қызыл шоғына қызып шыққан ыстық жас екі бетін күйдірердей болып, төмен қарай тоқтаусыз сорғалады.
Ол Ёсиконың махаббаты жайында және олардың болашағы туралы шыңдап ойланды. Олар бірге тұра бастағаннан кейін уақыт өте келе бір-бірінен шаршап, жалығып, салқын тарта бастауы да мүмкін ғой, ол сондай жағдайды да көз алдына елестетіп, өз басынан өткерген тәжірибесімен де салыстырып көрді. Өз тағдырын ер-азаматының қолына сеніп тапсырған әйелдің күндердің күні болғанда қандай өкінішке ұрынатынын да ойлады. Адам табиғатының ең тереңінде жасырын жатқан зұлым қара күштерді есіне алғанда өмірдің өзінен жиренгендей күй кешті. Қалай болғанда да, бір жауапты шешім қабылдап, шын ниетімен бұл істің әділ шешілуіне күш салу қажет деген ойға бекіді ол. Дәл осы сәтте ғана ол өзінің осыған дейінгі пиғылы қаншалықты жасанды әрі екіжүзді болғанын анық түсінді.
Сол күні кешінде-ақ Такэнака Биттю провинциясындағы таулардың арасында тұрып жатқан Ёсиконың әке-шешесіне отыра қалып хат жазды. Сосын оның ішіне Ёсиконың өзіне жазған хатын да қосып салды. Ол хатында қазіргі жағдайды егжей-тегжей айта келіп, былай деп аяқтады:
«Сіз әкесі, мен ұстазы ретінде және екі жастың өздері, бәріміз бетпе-бет отырып, бұл мәселені дұрыстап талқылауымыз керек. Сіздің әке ретінде өзіңіздің талаптарыңыз бар, Ёсикоға өзінің бостандығы маңызды, ал менің ұстаз ретінде бұған ой-пікір қосуға қақым бар деп есептеймін. Сіздің қолыңыз босамайтынын жақсы түсінемін, әйтсе де Сізден Токиоға міндетті түрде келіп-кетуіңізді өтінемін. Сізден қайта-қайта өтініп сұрайтыным осы».
Ол хатты конвертке салып мөрлегеннен кейін, сыртына: «Ёкояма Хёдзо мырзаға, Нии́ми қаласы, Биттю провинциясы» деп жазды. Сосын хатты жанына қойып, оған қозғалмастан тесіліп ұзақ қарады. Сол кезде оған бұл хат тағдыршешті хабардай көрінді. Ақыры бір шешімге келген ол қызметшіні шақырып алды да, хатты жөнелтуді тапсырды.
Такэнака екі күн бойы өзінің хатын Биттюге қалай тасымалдап бара жатқанын көз алдына елестетумен болды. Міне, жан-жағы таулармен қоршалған шет аймақтағы шағын қала. Қаланың қақ ортасында қабырғалары аппақ үлкен үй. Пошта тасымалдаушы хатты әкеліп қызметшіге тапсырды, қызметші хатты алып үйге кірді де, бойы ұзындау сақалды қожайынға ұсынды. Ол хатты қолына алып оқи бастайды...
Тағдырдың сын сағаты әр минут сайын жақындағанның үстіне жақындап келе жатыр еді.
VIII
Оныншы қаңтар күні Такэнака Токиоға қайтып оралды. Келесі күні Биттюден де жауап хат келді: әкесі бір-екі күнде жолға шығамын деп жазыпты. Ёсико да, Танака да бейне соны күтіп жүргендей, бұған аса бір таңданыс білдірмеді.
Әкесі Токиоға келгеннен кейін алдымен Кёбаси қонақ үйіне аялдады. Он алтыншы күні сағат он бірлер шамасында ол Усигомэдегі Такэнаканың үйіне бас сұқты. Дәл сол күні жексенбі болғандықтан Такэнака үйде еді. Қыздың әкесі үстіне артқы етегі ұзын қара костюм киген, басында цилиндр секілді қалпақ. Оның түріне қарап ұзақ жол әдбен шаршатқанын айтпай-ақ ұғуға болатын еді.
Сол күні Ёсико басым ауырып тұр деп дәрігерге көрінуге кеткен, өйткені үш күн бұрын дене қызуы көтеріліп, тұмауратып қалған болатын. Көп өтпей қайтып оралған ол, ойында ештеңе жоқ, қосымша есіктен кіріп келе жатқанда Такэнаканың әйелі алдынан жүгіріп шықты:
– Ёсико-сан, Ёсико-сан, енді қайттік! Сенің әкең келіпті!
– Әкем бе?..
Тіпті Ёсиконың өзі бір сәтке тұрған орнында қалшиды да қалды. Сосын тез екінші қабатқа көтерілді де қайтып төменге түспей қойды.
Қонақ бөлмеден:
– Ёсико қайда? – деп шақырған дауыс естілді.
Такэнаканың әйелі де дауыстап еді, бірақ ешқандай жауап болмады. Амалсыз жоғарға өзі көтерілгенде, бетін үстелге бүркеп жатып алған Ёсиконы көрді.
– Ёсико-сан…
Үнсіздік.
Ол қасына жақындап тағы дыбыстады. Ёсико басын жоғары көтерді – оның түрі бозарып кеткен, қатты жүйкелегеннен бе екен, шекесі көгіс тартып тұрды.
– Сені шақырып жатыр.
– Ханым... мен... әкемнің көзіне қалай көрінемін?
Ол жылап жіберді.
– Әкеңмен көптен бері көріскен жоқсың ғой. Қалай болғанда да онымен бәрібір көрісіп-амандасуға тиіссің. Соншама күйгелектенудің не қажеті бар? Қорқатын ештеңе жоқ, бәрі жақсы болады.
– Бірақ, ханым...
– Шынымен де бәрі жақсы болады. Өз-өзіңді қолға алсаңшы. Әкеңе бәрін түсіндіріп айт. Маған сен, бәрі жақсы болады.
Ақыры Ёсико әкесімен амандасу үшін төменге түсті. Оның сақалды, сұсты, әйтсе де өзіне сондай ыстық жүзін көргенде ол көз жасына ие бола алмай қалды.
Бұл ескішіл, бірбеткей, жастардың жан-жүрегін түсіне бермейтін қырсық шал... шын мәнінде сондай мейірімді әке еді. Анасы әрдайым оның барлық жағдайын жасап, қалай қамқорласа да, неге екені белгісіз, Ёсико әкесін ерекше жақсы көретін.
«Егер оған қазіргі қиын жағдайымды айтып ағымнан жарылсам, сүйіспеншілік сезімім қаншалықты салмақты әрі шынайы екенін айтып көз жасымды төксем, әкемнің бұған селқостық танытуы мүмкін емес қой» деп ойлады ол.
– Ёсико, көптен көріспедік… Қал-жағдайың жақсы ма?
– Әке… – Ёсико одан әрі бір ауыз сөз де айта алмады.
– Біз осында келе жатқанда… – әкесі қасында отырған Такэнакаға бұрылып, – Сано мен Готэмба арасында бір нәрсе болған секілді… әйтеуір пойыз тоқтап қалып, екі сағаттан астам уақыт тұрды. Паровоздың қазандығы жарылып кетіпті…
– Солай ма…
– Біз құстай ұшып келе жатыр едік, кенет гүрс еткен қатты дыбыс шықты. Вагондар бір жағына қарай қисайды да, жайлап артқа жылжи бастады. Мен басында не болғанын түсінбей қалдым. Сөйтсем, қазандық жарылып, екі от жағушы қаза тауыпты…
– Қиын жағдай екен.
– Нумадзуден екінші паровозды алып келгенше екі сағат күтуге тура келді. Осы аралықта бәрін ой елегінен өткізіп жатырмын… Біз Токиоға осы шаруамен келе жатырмыз ғой, егер бір жазатайым оқиға болса… – ол қызына қарады, – онда сен, Ёси, ағаларыңның алдында кінәлі болып қалатын едің.
Ёсико басын төмен салбыратып, үнсіз тұра берді.
– Иә, бұл өте қауіпті жағдай екен. Дегенмен, ештеңеге ұрынбай аман-сау келгеніңіз жақсы болыпты.
– Иә… әлбетте.
Әкесі мен Такэнака қазандықтың жарылысы туралы тағы біраз уақыт әңгімелесті.
Кенет Ёсико:
– Әке, үйдегілер аман ба? Бәрі жақсы ма? – деп сұрады.
– Иә, бәрі де аман-сау.
– Анашымның хәлі ше?..
– Иә. Бұл жолы менің қолым босамай жатқан еді, сондықтан анаңа сен барып кел дегенмен, бірақ ойлана келе өзім барғаным дұрыс шығар дедім...
– Үлкен ағамның да жағдайы жақсы ма?
– Иә, соңғы уақытта ол да сәл байсал тартқан.
Олар әңгімелесіп жатқан кезде түскі ас та ортаға келді. Ёсико өз бөлмесіне кетіп қалды.
Астан кейін шай ішіліп жатқан кезде Такэнака осының алдында қозғалған сол бір мәселе жайындағы әңгімесін қайта жалғастырды.
– Келісімімізді береміз немесе бермейміз деп айтуға әзірге әлі ерте. Тіпті, біз оларға бірге болуларына келісімімізді берген күннің өзінде, қараңызшы, жігіттің жасы бар болғаны жиырма екіде ғой, және ол Дошисияның үшінші курсына енді ауысты...
– Әлбетте, оған дауымыз жоқ, бірақ адамның өзіне қарап, ең болмаса болашаққа бір нәрсе уәде етіп қоюға да болар еді...
– Жоқ, ешқандай уәде туралы сөз болуы мүмкін емес. Мен оны жөнді білмеймін де. Өзіңіз айтыңызшы, Токиоға кетіп бара жатқан қызды жолда өйтіп-бүйтіп алып қалған, содан соң ертеңінде өзіне көп жыл бойы қолдау көрсеткен Кобэ шіркеуіндегі қамқоршысынан теріс айналған адамға қалай сенуге болады? Меніңше, ондай адаммен сөйлесудің де қажеті жоқ. Ёсико анасына өткенде жолдаған бір хатында әлгі жігіттің қатты қиналып жүргенін жазып, оның жағдайын қалай да түсінуге тырысуды өтініпті. Тіпті өзімнің оқуыма бөлінетін ақшаны азайтсаңыз да, тек оған, ең болмаса, Васэдаға барып-келіп жүруіне жететін қаражат берсеңіз екен депті. Сізге ол жігіттің осындай бір есебі бар сияқты болып көрінбей ме? Бәлкім ол Ёсиконы алдап жүрген шығар?
– Ондай болуы мүмкін емес-ау…
– Бұнда таң қалатын нәрсе көп. Ол ең алдымен Ёсикоға уәде береді, одан соң көп өтпей діннен жалыға бастайды, сосын әдебиетпен шұғылданып кетеді – осының өзі таң қалайтындай нәрсе емес пе. Бұдан соң іле-шала оның артынан Токиоға келеді, қанша жерден ақша мен киім-кешектен тарықса да, сіздің ақыл-кеңесіңізге құлақ аспай, осында қалып қояды. Мұнда бір гәп бар секілді көрінеді.
– Бәлкім ғашықтықтан есі танып жүрген шығар, ондай болса, бұл әрекетін жақсы жағынан да түсінуге болады ғой...
– Бірақ қалай болғанда да, әңгіме рұқсат беру не бермеу мәселесіне тірелмегені жөн. Некеге тұруға уәде беру – бұл өте салмақты мәселе... Бұл арада адамның шыққан тегін білу керек, сосын ол біздің отбасымызға сәйкес келе ме, келмей ме, оны да ойлау қажет, және ата-тегін тексерген дұрыс. Иә, алдымен оның өзі қандай – ең маңыздысы осы. Сіздің сөзіңізге қарағанда, ол талантты, солай ма?
– Жоқ, мен тіпті ол жөнінде айтқан емеспін.
– Сонда ол өзі қандай адам?..
– Мұны меніңше, сіздің жұбайыңыз жақсы біледі.
– Е, оны қойшы… Менің әйелім де оны танымайды. Сумадағы кешкі мектепте бір-екі рет көргені болмаса. Кобэде оны біршама талантты бала деп таныған секілді. Ёсико онымен шамасы қыздар гимназиясында оқып жүрген кезден таныс. Естуімше, ол сонда уағызды жеріне жеткізіп айтып, дұғаны әуездеп оқығанда, тіпті үлкендердің өзі онымен теңесе алмайды екен.
«Е, бәсе, неге оның сөйлегені уағызға ұқсап кете береді десем, – деп ойлады Такэнака. – Шектен тыс жасандылықпен қоқиюының да себебі енді түсінікті болды. Адамға тым жоғарыдан қарайтын сол бір жағымсыз көзқарасы – дұға оқып жатқан кезде енетін түр-әлпеті болса керек. Осындай жасандылықпен қыздарды есінен адастырып жүр екен ғой». Осы бір ойдың өзінен жүрегі айнып кеткендей болды.
– Сонымен, біз не істейтін болдық, соңғы шешіміңіз қандай? Ёсиконы өзіңізбен бірге алып кетесіз бе?
– Шынымды айтсам… мен оны үйге алып кеткім келіп тұрған жоқ. Егер мен ауылға қызыммен бірге оралатын болсам, оны бәрі байқайды, бұл өзгелерге жағымсыз әсер қалдыруы мүмкін. Өйткені мен де, әйелім де ауылда әртүрлі қайырымдылық істермен айналысамыз, құрметті лауазымдағы адамдармыз. Егер мына оқиға ауылға тез таралып кететін болса, өте бір қиын жағдай қалыптасуы мүмкін… Сондықтан, менің ойымша, сіз айтқандай, ең дұрысы, қолымыздан келсе әрине, жас жігітті кері Киотоға қайтарған абзал. Ал қызым тағы бір-екі жыл осында сіздің қамқорлығыңызда бола тұрады.
– Иә, ең дұрысы осы болар еді, – деді Такэнака да.
Сосын олар тағы біраз уақыт жастардың қарым-қатынасын сөз етісті. Такэнака Сагада не болғанын, одан соң оқиға қалай өрбігенін айтып берді. Олардың арасында, шамасы, әлдебір киелі рухтан қуат алған тым жоғары сүйіспеншілік орнаған болуы керек, басқалай қарым-қатынас байқауымша жоқ дегенді де қосып қойды.
Оны тыңдап болған әкесі де басын изеп қоштады. Бірақ сосын:
– Дегенмен де... олар бұдан да әріге кетіп қалған деп есептеген дұрыс болады, – деді.
Әкесі іштей қатты өкінді. Провинциалдық мақтаншақтыққа салынып кезінде оны Кобэ Дзёгакуин секілді «батыстық рухтағы» ең танымал мектепке беріп, пансионда тұруына рұқсат етіп еді. Сосын оның шын жүректен туған тілегін ескере отырып, Токиоға әдебиетті оқуға жіберді, қызының әлсіз денсаулығын байланысты бәріне еркіндік берді, бетінен қақпады, қаталдық көрсетпеді. Енді сол үшін қазір өзі өкініштің уын ішіп отырғандай күй кешті.
Бір сағаттан кейін бөлмеге Танака кірді, оны арнайы шақыртқан болатын. Ёсико да оның қасында басын төмен салып отырып, әңгімеге құлақ түрді. Әкесіне Танака басынан-ақ ұнамады. Үстіне ақ ала хакама, қою көк хаори киген студенттің түрі оның ызасын келтіріп, жиіркенішін оятты. Алдында отырған бұл адам өзінің меншікті нәрсесін ұрлап алғандай жек көре қарағанда туған сезімі, Такэнака оны алғаш рет жалдамалы пәтерінде көргенде сезінген әсерімен сондай ұқсас еді.
Танака хакамасының етегін түзеп қойып, тіп-тік отырған қалпы өзінен екі аттам жерде жатқан татамиден көзін айырмады. Оның осы отырысынан мойынұсынушылықтан гөрі, айқын қарсылық анық аңғарылатын. Осының бәрі соншалықты сенімді көрінгені сондай, ол Ёсиконы өз қалауымен жүргізуге әлдебір құқық иеленгендей әсер қалдырды.
Әңгіме өте салмақты әрі қатаң сипатта өрбіді. Әкесі оны тікелей айыптауға батпағанымен, біртіндеп сөз арасында ащы мысқыл араластыра сөйледі. Алдымен Такэнака сөз бастады, содан соң негізінен әкесі мен Танака әңгімелесті. Әкесі әкімшілік жиындардың бұрынғы депутаты болғандықтан сөзге ұста адам еді, екпін мен паузаны дәл орындарына шебер түсіре отырып, ойындағысын ірікпей жеткізді. Тіпті, көпшіліктің алдында жиі сөйлеп, әртүрлі даулы сұрақтарға тез де, оңтайлы жауап қайырып үйренген Танаканың өзі кей-кейде аузын аша алмай отырып қала берді.
Екі жастың сүйіспеншілігіне рұқсат беру керек пе, жоқ па деген сұрақ та көтерілді, алайда бұл қазір талқылануға тиіс тақырып емес деп кейінге қалдырды. Оның орнына Киотоға қайта оралу мәселесі қызу талқыға түсті.
Ғашықтар үшін, әсіресе Танакаға бұл айырылысу ауыр тиетіндей. Ол діни лауазымынан толықтай айырылғанын, қазір қайтып баратын үйі де, күйі де жоқ екенін алға тартты. Оның үстіне жақында ғана Токиодан үміт етер бір нәрсе табылыпты, енді одан қалайша бас тартуға болады?
Әкесі сабырлы қалыпта, табандылықпен оның көзін жеткізуге тырысты:
– Сен енді Киотоға қайтып бара алмаймын дейсің. Жарайды, солай-ақ болсын. Бірақ қазіргі жағдай басқа ғой. Егер сен қызды шынымен жақсы көретін болсаң, сол үшін құрбандыққа бара алмайсың ба? Киотоға қайтып бару мүмкін емес екен, онда ауылыңа бар. Онда мақсатыма жете алмаймын дейтін шығарсың. Мен сол мақсатыңды құрбандыққа шал деп отырмын.
Танака басын төмен салбыратып үндемеді. Бұған келісу оған оңай емес екені түрінен көрініп тұр еді.
Бұған дейін үнсіз тыңдап отырған Такэнака жас жігіттің бірбеткейлігіне шыдамай талағы тарс айырылды:
– Бері қараңыз, мен бағанадан бері тыңдап отырмын. Сіз өзіңізбен төзімділік танытып сөйлесіп отырған әкесінің сөзін қалайша түсінбейсіз? Ол сізді ұятсыздықтарыңыз үшін кінәлап та жазғырып та отырған жоқ, тіпті егер болашақта тағдыр жазса, бұған келісуі де мүмкін екенін айтып қалды. Сіз әлі жассыз, Ёсико да оқын бітірмеді. Сондықтан ол әзірге бұл мәселе шешімін таппаған күйі қалсын, бәрін уақыт көрсетер деп отыр. Бірақ қазіргі жағдайда сіздер бірге бола алмайсыздар. Екеуіңнің біреуін Токиодан кетулерің керек. Әділдігіне келсек, сіз кетуге тиіссіз. Өйткені, Ёсиконың артынан іздеп келген сіз ғой.
– Мен мұның бәрін өте жақсы түсінемін, – деп жауап берді Танака. – Өйткені, бәріне кінәлі менмін, сондықтан мен кетуге тиіспін. Сіз жаңа сүйіспеншіліктеріңізге келісім беруден бас тартпайды дедіңіз, бірақ әкесінің сөзіне қарағанда, оның көңілі толмай тұрғандай көрінеді…
– Мұнымен сіз не айтқыңыз келіп тұр сонда? – деп қайыра сұрақ қойды Такэнака.
– Шамасы, менің әлі дұрыстап уәде бермегеніме оның көңілі толмай тұрған секілді, – деп сөзге араласты әкесі. – Мен жаңа ғана түсіндіріп айттым емес пе, қазіргі жағдайда рұқсат беру немесе тыйым салу туралы әңгіме қозғаудың өзі қисынсыз. Сендер қашан өз беттеріңше өмір сүре алатын жағдайға жетесіңдер, сол кезде бәрі шешіледі. Әлі өмірден өз орындарыңды таппай тұрып, қол ұстасып бірге күн кешеміз деу – біртүрлі сенімсіздеу естіледі екен. Сондықтан осы таяудағы үш-төрт жыл тек білім алумен айналысқан абзал деп ойлаймын. Егер сенің ниетің дұрыс болса, мұны түсінуің керек. Мен сені алдап, Ёсиконы басқа біреуге бергелі жатсам, оның жөні басқа. Бірақ мен Құдайдың атынан ант етейін және ұстаздың алдында айтайын, үш жыл ішінде Ёсиконы өз еркіммен ешкімге бермеймін. Бүкіл әлем бір Құдайдың қолында, біз сияқты пенделердің қолынан оның әділ шешімін күткеннен басқа не келеді? Сол себептен де, мен Ёсиконы дәл қазір қолыңа тапсырамын деп айта алмаймын. Қазір оған менің жүрегім ерік бермейді. Қазіргі жағдай, менің ойымша, Құдайдың қалауына сәйкес келмейді. Ал үш жыл өткен соң – бұл құдайдың қалауымен сәйкес келе ме, жоқ па, – оны дәл қазір алдын ала болжап айту мүмкін емес. Дегенмен, сен байсалдылық танытып, сезіміңе адал әрі шынайы болсаң, бәлкім Құдайдың ризашылығына бөленіп қаларсың.
– Міне, көріп тұрсыз ба, әкесі қалай бәрін жақсы түсініп тұр, – деп іліп әкетті оның сөзін Такэнака. – «Мен сен үшін үш жыл күте тұрамын. Сен өзіңнің сенімге лайық екеніңді дәлделдеуің үшін саған үш жыл беремін» – деп айту – үлкен мейірбандық емес пе? Оның орнына: «Бөтен біреудің қызының басын айналдырып жүрген адаммен сөйлесудің де қажеті жоқ» деп Ёсиконы үйіне алып кетсе не істер едіңіз? Сонда сіздің оған бір ауыз қарсы сөз айтуға да құқыңыз жоқ қой. Бірақ ол: «Сенің сезіміңнің шынайылығына көз жеткізгенше үш жыл күтемін. Ёсиконы басқа біреуге бермеймін» деді. Шын мәнінде өте кеңпейілділікпен айтылған сөз ғой. Бұл дегенің келісімін бергеннен де үлкен нәрсе. Сіз мұны қалайша түсінбейсіз?
Танаканың басы бұрынғысынан да төмен салбырап, түрі бұзылып жүре берді, сосын кенеттен екі көзінің жасы бірінен соң бірі бетінен төмен сорғалай жөнелді.
Бөлме ішінде құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады.
Танака көлкілдеген көз жасын жұдырығымен сүрткіледі. Қолайлы сәт енді туды деп шешкен Такэнака:
– Ал қане, жауап берсеңші, – деді.
– Маған енді бәрібір... Ауылға барып құрып кетейін керек болса!
Ол қайтадан көз жасын сүртті.
– Жоқ, бұлай болмайды. Дауыс көтеріп сөйлеу де ешқандай пайда бермейді. Біз бұл жерге көңіліміздегінің бәрін ашық айтып, әрқайсымыз үшін қолайлы шешім қабылдау үшін жиналдық. Егер сіз кері қайтқыңыз келмесе, онда Ёсиконы үйіне қайтаруға тура келеді.
– Ал біз екеуміз де Токиода қалсақ ше?
– Жоқ, бұл мүмкін емес. Қамқоршысы ретінде мен бұған жол бере алмаймын. Бәрі өздеріңнің болашақтарың үшін ғой.
– Еңдеше, мен-ақ ауылға барып құрып кетейін. Маған бәрібір!
– Жоқ, мен барамын, – деді Ёсико, көздерінен жас тамшылап, дауысы дірілдеп шықты. – Мен әйел затымын ғой... Егер сен табысқа жететін болсаң, ауылда қалып қоюдан қорықпаймын. Мен барамын.
Бөлме ішінде қайтадан тыныштық орнады.
Арада біраз уақыт өткенде Такэнака, дауысын жұмсартып:
– Сонда неге Киотоға қайтып бара алмайсыз? Кобэдегі қамқоршыңызға бәрін бүкпесіз айтып, бұрынғы қателіктеріңіз үшін кешірім сұраңыз да, Дошисияға қайтып оралыңыз – ең дұрысы осы емес пе? Ёсико әдебиетпен шұғылданады екен деп, сіз де міндетті түрде жазушы болуыңыз керек пе? Сіз дін қызметкері ретінде көп нәрсеге қол жеткізер едіңіз ғой, – деді.
– Жоқ, мен енді дін қызметкері бола алмаймын. Жұртқа уағыз айтып, тура жолға бағыттауға лайықты адам емеспін. Оның үстіне, ашығын айтқанда, үш ай түрлі қиындықтарды бастан өткере жүріп, ақырында бір жақын досымның арқасында күнкөріске қажетті табыс таба бастағанда… Өзімді ауылда құрту өте өкінішті болар еді.
Үшеуінің әңгімесі қайта жалғасты. Ең соңында әйтеуір бір тоқтамға келгендей болды. Танака бүгін-ақ досыммен ақылдасып, ертең немесе арғы күні нақты жауабымды беремін деп, қоштасып шығып кетті.
Сағат тілі бұл кезде кешкі төртті көрсетіп тұр еді. Қыстың қысқа күні біртіндеп батуға таяп, бұған дейін бөлменің бұрыш-бұрыштарын жарық қылып тұрған күн сәулесі де елеусіз жоғала бастады.
Бөлмеде қыздың әкесі мен Такэнака ғана қалды.
– Біртүрлі сенімсіздеу адам секілді, – деді әкесі сөз арасында.
– Тым ресми сөйлейді екен, әңгімесінің түйінін таба алмайсың. Қарапайым тілмен бүкпесіз сөйлеп, ашығын айтса ғой.
– Иә, Тюгоку жақтың адамдары сондай – ұсақтау, алдауға бейім, бәрін айналып өтуге тырысады. Ал Канто немесе Тохоку жақтың адамдары мүлдем басқа – жақсыны жақсы, жаманды жаман деп турасын айтады да қарап отырады, сондықтан олармен тіл табысу оңай. Ал мынаныкі тек алдау, бос сөз ғана, онымен қоймай көз жасын көлдетеді келіп...
– Иә, сондай мінездері бар сияқты…
– Қара да тұрыңыз, ертең ол қалай да келіспейді – Киотоға қайтып бармас үшін неше түрлі сылтау ойлап табады.
Такэнаканың көкейіне кенеттен күдік ұялады. Танаканың табандылық танытуы, онымен қоймай өзін Ёсиконың қожасы секілді ұстап, солай етуге әлдебір құқық иеленгендей түр танытуы – екеуінің арасында бір нәрсе болғанын білдіріп тұрғандай көрінді.
– Олардың қарым-қатынасы қалай деп ойлайсыз? – деп сұрады Такэнака қыздың әкесінен.
– Қайдан білейін, ештеңе бола қойған жоқ деп кесу айту да қиын.
– Қазір соны анықтаған дұрыс секілді. Мүмкін, Ёсиконың өзінен Сагаға не себептен барғанын түсіндіріп беруін сұраған жөн шығар? Ол өзі сол сапардан кейін ғана оған деген сезімім оянды деп еді. Ендеше, соны айғақтайтын хаттар болуы керек қой.
– Дегенмен… тым әріге барудың қажеті жоқ-ау… – деді әкесі, олардың арасында бір нәрсе болды-ау деп күмәнданғанымен, соның шындық болып шығуына түпкілікті көз жеткізуге қорыққандай.
Абырой болғанда дәл осы сәтте шай алып Ёсико кірді.
Такэнака оны тоқтатып алып, бірден сонау бір аралықта Танакамен жазысқан хаттары туралы сұрады. Бұл хаттар Ёсико мен Танаканың бір-біріне деген сезімі Сагадан оралғаннан кейін оянғанын айғақтап қана қоймай, оның кінәсіздігіне де куәлік болар еді.
Мұны естіген Ёсико кенеттен қызарып сала берді. Оның қайда кетерге білмей қипақтап қалған түрінен қатты абыржығаны айқын аңғарылып тұр еді.
– Ол хаттарды мен жақында ғана жағып жіберіп едім… – оның дауысы әзер шықты.
– Жағып жібердім дейсің бе?
– Иә…
Ёсико басын төмен салбыратты.
– Жағып жібердім де? Мүмкін емес!
Қыздың жүзі одан сайын қызарып кетті. Бұл Такэнаканың ызасын келтірді. Шындықтың өткір жүзі бейне жүрегін қарс айырып жібергендей. Ол орнынан атып тұрды да жуынатын бөлмеге кірді. Ашудан кеудесі қыз-қыз қайнап, басы айналып, көзі қарауытқандай болды. Мені алдаған екен ғой деген ой кеудесіне қанжардай қадалып тұрды да қалды.
Қайтып шыққанда сёдзидің ар жағында тұрған Ёсиконы көрді, қатты абыржығаны сонша өңі қашып кетіпті.
– Ұстаз… шын айтамын, мен бәрін жағып жіберіп едім...
– Өтірік! – бұрқ ете қалған Такэнака сёдзиді тарс еткізіп бөлмесіне кіріп кетті.
IX
Кешкі астан кейін әкесі өзі аялдаған қонақ үйге кеткен соң, Такэнака сол түні адам төзгісіз ауыр азапты бастан өткеріп, таңға көз ілмей шықты. Мені алдаған екен деген ой өзін қоярға жер тапқызбады. Ёсико қайдағы бір студентке бар жанымен де, тәнімен де беріліпті – бұл оны одан сайын ызаға булықтырды. Ақыры солай болған екен, онда оны сонша жоғары бағалаудың не қажеті бар еді? Өзі де батылырақ қимылдап, құштарлығын қанағаттандырса болмас па? Осы бір ойдан бұған дейін соншама асқақтатып келген Ёсиконың әсем образы оның көз алдында бір-ақ сәтте төмен құлдилады. Енді оған оның сымбатты мүсіні де, әп-әдемі көркі де сондай жиіркенішті болып көрінді. Ішін алай-түйлей қылған сезімдер бейне аспанды торлап алған бұлттай кеудесін жаншып езіп жатқан секілді. «Енді солай істегенім дұрыс шығар?.. Бәрібір ол пәктігінен айырылған екен, жігітін Киотоға қайтарып жіберіп, оның осы әлсіздігін қалауынша пайдалансам ше?!»
Оның басына неше түрлі ойлар келді. Ёсико екінші қабатта ұйықтап жатқанда түнде ұрланып қасына жақындап, жан сырын ақтарса қайтеді? Қатуланып бірден есін жиғызатын шығар? Әлде, айқайлап әлдекімді көмекке шақырар ма екен? Мүмкін, керісінші мұның сөздеріне елітіп, сезіміне иланып дегеніне көніп қалар... Егер ол шынымен көнетін болса, таңертең не болады? Күндізгі жарықта бір-бірінің бетіне қарауға ұялатын болар. Сосын да ол кешке дейін орнынан тұрмай, тас бүркеніп жатып алса ше?
Осы сәтте Такэнака Мопассанның «Әке» деген әңгімесін, әсіресе жас қыздың еркекпен жақындасып пәктігінен айырылғаннан кейін қоймастан өксіп жылайтын жерін есіне алды. Сол көрініс жанына батып, жүрегін қайтадан сыздатқанда бойында жаңа ғана ойлаған арам ниетіне қарсы күш оянғандай болды. Оның жан азабы осылайша жалғаса берді, бір қасіретке толы ойларды екінші бір сондай ойлар алмастырып, бір қырынан екінші қырына дөңбекшумен таңды да атырды-ау.
Ёсико да сол түні көз ілмеген сияқты. Таңертең оның жүзі солғын тартып, өңі қуарып тұрды. Таңғы аста тек бір шыныаяқ шай ішті де қойды, Такэнаканың көзінен жанарын ала қашып, ол жаққа қарамауға тырысатындай. Оны, шамасы, құпияның ашылғаны емес, соны жасырып келген кінәсін терең сезінгені көбірек азаптағанға ұқсайды.
Түстен кейін ол азырақ жүріп келуге рұқсат сұрап еді, бірақ ешқайда шықпай үйде қалған Такэнака оған рұқсат етпеді. Зілдей ауыр мұң басқан күн де осылай өтті. Танакадан ешқандай хабар болмады.
Ёсико тәбетім болмай тұр деген сылтаумен түскі асты да, кешкі асты да ішпеді. Үйдің ішін де сондай бір көңілсіз ауыр мұң басқан. Жауар бұлттай түнерген күйеуіне, құса болып жатқан Ёсикоға қарап, әйелі не болғанын түсінбей дал. Кеше бәрі ағынан жарылып әңгімелескеннен кейін не мәселе болса да ойдағыдай шешілуі тиіс сияқты көрінген...
Аузына нәр салмаған Ёсиконың әбден қарыны ашқан шығар деп ойлаған ол, тым болмаса бірер қасық күріш жеуге көндіріп көруге тырысып, екінші қабатқа көтерілді. Такэнака бұл уақытта сакэден ұртап қойып, қоюланып келе жатқан ымыртқа қарап түнеріп отыр еді. Аздан соң әйелі төменге түсті.
– Ол не істеп жатыр? – деп сұрады Такэнака.
Әйелі «ол қаракөлеңке бөлмеде шамды да жақпастан, үстелге басын қойып жатыр, үстелдің үстінен жазылып бітпеген хатты көзім шалды» деп жауап берді.
– Хат дейсің бе? Кімге арналған?
Такэнака тез тұтанды. Ол оған ешқандай хат көмектеспейтінін айтпақ болып, ауыр адымдап екінші қабатқа көтерілді.
– Ұстаз, өтінемін сізден... – оның дауысы жалынышты шықты.
Ол әлі үстелге бетін басып жатыр екен.
– Ұстаз, өтінемін, тағы біраз уақыт күте тұрыңызшы. Мен бәрін хатқа жазып, сосын сізге беремін...
Такэнака қайтадан төменге түсті. Сәлден кейін қожайын-ханымының бұйрығымен жоғарыға көтеріліп шамды жаққан қызметші әйел қайтып келе жатып Такэнакаға хатты әкеліп тастады.
Такэнака жүрегі алабұртып асығыс хатты оқуға кірісті.
«Ұстаз, мен азғын шәкіртпін. Мейірбандығыңызды пайдаланып, Сізді алдауға дейін бардым-ау. Бұл менің үлкен кінәм, оны қандай да бір кешіріммен жуып-шая алмаспын. Ұстаз, мендей әлсіз әйел затын аяй көріңіз. Мен сіз айтқан Мэйдзи дәуірінің перзенттеріне тән борышты орындай алмадым. Жаңа идеялармен өмір сүруге ерік-жігері жетпейтін ескі көзқарастағы адам екенмін.
Біз Танака екеуміз ақылдаса келе, қандай жағдайда да бұл сырды ашпауға келіскен едік. Өткенді кері қайтару мүмкін емес, бірақ осы сәттен бастап бір-біріміздің махаббатымызға адал болуға сөз байласып, ант еттік.
Бірақ, ұстаз, мен үшін сіздің қалай қайғырып жүргеніңізді ойласам, өзімді қоярға жер таппай кетемін. Бүгін күні бойы сол үшін жүрегім сыздаумен болды. Ұстаз, өтінемін, мен секілді байғұс әйел затын аяй көріңіз. Сізге жалбарынып, аяғыңызға бас ұрғаннан басқа менде өзге жол жоқ. Ёсико».
Такэнака өзін әне-міне шыңырауға құлап кетердей сезінді. Ол хатты сығымдап ұстаған күйі орнынан атып тұрды. Ёсиконың мұның бәрін неге ашық мойындап, неліктен өзінен сүйеніш іздеп отырғанын ұғуға аласұрған жүрегі ерік бермеді.
Ол баспалдақты тарс-гүрс еткізіп екінші қабатқа көтерілді де, қабағы қатулы күйінде Ёсико бетін басып жатқан үстелдің жанына отыра кетті.
– Ақыры осылай болған екен, енді ештеңе істей алмайсың. Бір нәрсе өзгертуге менің де шамам жетпейді. Мына хатты ал, мен ешкімге тіс жармауға сөз беремін. Сен маған ұстаз ретінде сеніп отырсың ғой, бұл жаңа Жапонияның әйелдері үшін ұят қылық емес. Бірақ, айтайын, саған үйіңе қайтуға тура келеді. Дәл қазір әкеңе барамыз да бәрін бүкпесіз ашық айтып, сол бойда қашан кері жолға шығатындарыңды шешеміз.
Кешкі асты ішкен соң олар сол бойда жиналып үйден шығып кетті. Ёсиконың жүрегінде реніш, күйініш, наразылық сияқты сезімдер бір-бірімен тайталасып бурқанып жатқанымен, Такэнаканың қатал да өктем әміріне қарсы келуге дәті бармады.
Олар Итигаядан трамвайға отырды. Екеуі қатар, иық түйістіріп отырғанымен, бір-біріне қарап жақ ашпады. Ямасита қақпасы аялдамасынан түсіп, Кёбаси қонақ үйіне қарай бет алды, абырой болғанда әкесі бөлмесінде екен.
Әкесі бұлардың бүкпесіз айтқан әңгімесін тыңдап шықты, әйтсе де қатты ашуға берілмеді. Тек қана, мүмкіндігінше ауылға қызымен бірге қайтқысы келмей қашқақтағандай көрінді, бірақ оның басқа амалы жоқ еді.
Ёсико жылаған да, күлген де жоқ – ол бар болғаны тағдырдың бұл тәлкегіне еріксіз таңырқағандай күйде жүрді. Такэнака әкесінен Ёсиконы маған тапсыра аласыз ба деп сұрады. Әкесі оған келісім бере алмаймын деді. Тіпті, қызы әке-шешесінен бас тартып жатқан жағдайда да ондай қадамға бармайтынын айтты.
Ёсиконың өзі де әке-шешесіне қарсы бүлік шығарып, үйіне қайтып барудан бас тартатын жағдайда емес еді.
Сөйтіп Такэнака Ёсиконы әкесінің қолына тапсырып, үйіне қайтып оралды.
Х
Танака келесі күні таңертең Такэнаканың үйіне бас сұқты. Ол өзі келгенше бәрі шешіліп қойғанынан бейхабар еді, келе сала неліктен Киотоға кері қайта алмайтынын жіктеп-жіліктеп түсіндіруге кірісті. Оның сөзінен өзіне жанымен де, тәнімен де берілген сүйіктісінен қандай жағдайда да айырылыспауға бекінген сыңайы анық байқалып тұрды.
Такэнака өз-өзіне риза еді.
– Жоқ, ол мәселе шешілген. Ёсико түгін қалдырмастан бәрін айтып берді. Сіз мені алдаған екенсіз. Бұл ешқандай да «киелі махаббат» емес!
Танаканың кенет түрі бұзылып кетті. Ұят, ашу-ыза, жанын қинаған шарасыздық бәрі келіп бір мезгілде тамағына кептеліп қалғандай, бір ауыз сөз айтуға шамасы келмеді.
– Енді бәрі кеш, – деп сөзін жалғады Такэнака. – Менің бұған түк қатысым жоқ. Тіпті, араласқым да келмейді. Ёсико өзінің әке-шешесінің қасында болады.
Жас жігіт үнсіз. Өңі сұрланып кеткен. Денесі сәл қалшылдағандай көрінді. Кенет ол орнынан атып тұрды да, иіліп ізет жасады, содан соң мұнда бір минутта қалуға болмайтындай асығыс шығып кетті.
Сағат күндізгі он шамасында Ёсиконы алып әкесі келді. Олар кешкі сағат алтыда жүрдек пойызбен Кобэге жүріп кетуі тиіс. Негізгі жүктерін кейін жөнелтетін болып келесті, қазір тек ең қажетті заттарын ғана алып шығады. Ёсико екінші қабаттағы өз бөлмесіне көтерілген соң бірден заттарын жинастыруға кірісті.
Такэнака әлі де толқулы еді, әйтсе де өзін бұрынғысынан жеңіл сезінді. Екі жүз риден де асатын (1 ри – 3,927 км) қашықтағы таулар мен өзендердің арасына кететін Ёсиконың әсем жүзін енді қайтып көрмейтінін ойлағанда оның жүрегін адам айтып жеткізгісіз мұң кернеді. Алайда, сүйіктісін қарсыласынан тартып алып, әкесінің қолына тапсыруы оған аз да болса қанағат сыйлағандай. Сондықтан Такэнака қыздың әкесімен көңілді әңгіме өрбітті.
Оның әкесі аймақтағы көптеген байшыкештер сияқты көркем сурет және көркем жазу өнерімен әуестенетін. Ол Сэссю, Окё, Ёсаяның еңбектерін жоғары бағалайтын, сондай-ақ Санъё, Тикудэна, Кайоку, Садзананың көркем жазуларын ерекше қадірлеп, үйіне көптеген танымал жазбалардың топтамасын жинап қойған еді. Олардың әңгімесі өз-өзінен осы тақырыптарға ауысып, екеуі біраз уақыт көркем сурет пен жазу өнері жөнінде қызу пікір таластырды.
Сол кезде Танака келіп, Такэнакамен жүздесуді өтінді. Дереу сегіз және алты татамилық бөлмелердің арасы жылжымалы қабырғалармен бөлініп, екеуі сегіз татамилық бөлмеде кездесті. Қыздың әкесі алты татамилық бөлмеде қалды, ал Ёсико болса екінші қабаттағы бөлмесінде.
– Олар кететін болды ма?
– Иә... солай, кететін болды.
– Ёсико әкесімен бірге кете ме?
– Әлбетте.
– Сағат нешеде жүреді екен, білмейсіз бе?
– Оны мен білмеймін.
– Еңдеше, Ёсикомен бірер минутқа сөйлесуге бола ма?
– Бұл мүмкін емес.
– Онда әкесі қайда аялдағанын айтып жібересіз бе? Мекенжайын берсеңіз?
– Оны да айта алмаймын.
Әңгіме осымен шорт кесілді – оны жалғастыруға сеп болар ештеңе табылмады. Танака біраз уақыт үнсіз отырды да, сосын иіліп ізет білдіріп шығып кетті.
Аздан соң қонақ бөлмеде түскі астың дастарханы да дайын болды. Бұл енді жолаяқ есебіндегі дастархан болғандықтан әйелі тағамдарды дәмді қылдып дайындап, сакэнің да бабын келтірудей-ақ келтіріпті. Такэнака да қоштасар алдында соңғы рет бәрі бірге отырып шай ішуді қалап еді. Алайда, Ёсико қанша шақырса да үстел басына келмей қойды. Тіпті, әйелінің алдап-сулап алып келмек болған әрекетінен де ештеңе шықпады. Ақыры болмаған соң жоғарға Такэнаканың өзі көтерілді.
Бөлменің іші ала-көлеңке екен, тек шығыс жақтағы бір терезені ғана сәл ашып қойыпты. Кітаптар мен журналдар, киім-кешектер, сандықшалар мен жол қорапшалары, қытай чемодандары қалай болса солай шашылып қалғаны сондай, тіпті аяқ басып жүрер жер қалмаған. Қолқаны қапқан қою шаңның арасында жылай-жылай көзі ісініп кеткен Ёсико заттарын жинастырып салып жатты. Оның осы кейпін осыдан үш жыл бұрынғы келбетімен мүлдем салыстыруға келмейтін. Ол Токиоға алғаш келген жылы қандай еді?! Оттай жанған көздері үмітке толы жап-жас бойжеткен еді ғой! Ақыры елең еткізер бір шығарма жаза алмастан ауылына қайтып баруға мәжбүр – бұған қалай қайғырып өкінбесін?!
– Жол жүруге дайын екенсің, енді неге бірге отырып тамақ ішпеске? – деді ол. – Бұдан кейін ондай мүмкіндік болмайды-ау...
– Ұстаз… – сөй деген Ёсико солқылдап жылап жіберді.
Такэнаканың жүрегі шаншып қоя берді. Ол өзінің ұстаз ретінде мойнына жауапкершілік алып, оны мейіріміне бөлеп, қолынан келген бар қамқорлығын жасап баққанын есіне алды. Оның өзі де кенеттен жалғыздығын, жанына батқан ауыр мұңды сезініп, тамағына бірдеңе кептелгендей болып жылағысы келді. Қара көлеңке бөлмеде, олай-бұлай шашылған заттардың ортасында көз жасын көлдеткен сүйіктісін жұбатар сөз таба алмады.
Түстен кейін сағат үште үш рикша дайын тұрды. Жүкшілер чемодандарды, жол сөмкелерін және басқа заттарды арбаға теңдеп тиеді. Ёсико үстіне қызғылт-қоңыр түсті желбегей киіп, шашына ақ банты байлап алған, көп жылағандықтан көздері ісінкіреп кетіпті. Ол өзін шығарып салып жатқан Такэнаканың әйелінің қолын қысып тұрып:
– Сау болыңыз, ханым… Мен міндетті түрде тағы да келемін, міндетті түрде! – деді.
– Шын айтасың ба? Иә, тағы да кел. Бір жылдан кейін келсеңші, – деді ол да Ёсиконың қолын қатты қысып тұрып. Әйелдік нәзік жүрегі жанашырлықпен елжіреп, оның да көздері мөлтілдеп кетті.
Қыстың сәл салқындау күні рикшалар Усигомэ көшесімен рет-ретімен орындарынан қозғалды: алдыңғы күймеде әкесі, одан кейінгісінде Ёсико, содан соң Такэнака. Әйелі мен қызметшісі бұларды көздерімен ұзатып салды. Аяқ астынан жол жүріп кеткендерге қарап қалған көршісі не болып жатқанын түсінбеді. Тар көшенің қиылысында басына қоңыр қалпақ киген бір ер адам тұр еді, Ёсико оған екі-үш рет бұрылып қарады.
Экипаж Кодзимати көшесіне шығып, Хибияға қарай бет алғанда Такэнака қазіргі заманғы қыздардың тағдыры жайында ойланды. Міне, алдындағы күймеде бойшаңдау денесі сәл бүкшиген, басына ақ банты таққан Ёсико кетіп барады. Түр келбеті осындай, дәл осындай жағдаймен әкелерімен бірге қайтып бара жатқан студент қыздар аз емес шығар бәлкім. Тіпті, ерік-жігері мықты деген Ёсиконың өзі осындай тағдырдан қашып құтыла алмады ғой. Педагогтар «әйелдер мәселесіне» бекерден бекер алаңдамайды-ау. Такэнака әкесінің ішкі күйзелісін, Ёсиконың көз жасын, сонымен бірге өзінің де қаңырап бос қалатын өмірін ойлап қамықты.
Жол бойындағы жаяу жүргіншілердің арасында әкесі мен жасы үлкен ер адамның ортасында заттарымен бірге кетіп бара жатқан гүлдей нәзік қызға таңдана қарасып, көзімен ұзатып салғандар да кездесті.
Олар Кёбаси қонақ үйіне тоқтап заттарды жинастырып, есеп айырысты. Бұл осыдан үш жыл бұрын Ёсико әкесімен Токиоға келгенде алғаш аялдаған сол баяғы қонақ үй еді. Такэнака да әкесі мен қызын ең алғаш рет осы жерде көрген. Үшеуі де іштей сол күнді еске алып, оны еріксіз қазіргі уақытпен салыстырғанда жүректерін бір жылы естелік толқытқандай болды. Алайда оны бір-біріне білдіртпеуге тырысып, бір ауыз тіл қатыспады.
Сағат бестер шамасында олар Симбаси стансасына келіп, екінші класс жолаушыларына арналған күту залына өтті.
Айнала абыр-сабыр, ығы-жығы халық, қаптаған жолаушы. Біреулер аттанып, біреулер шығарып салып у-шу болып жатыр. Қуана қауышқандар, қимай қоштасқандардың дауысы бір гуілге айналып, тек вокзалдың ішін ғана емес, жолаушылардың да жүрегін кернеп тұрғандай. Қуаныш, өкініш, таңданысқа толы дыбыстар бір-бірімен тұтасып, залдың ішінде құйын секілді үйіріледі.
Вокзалға әр сәт сайын жаңа адамдардың ілегі келіп қосылып жатты. Әсіресе, сағат алтыда Кобэге аттанатын жүрдек пойыздың жолаушыларында есеп болған жоқ. Екінші класс күту залында ине шаншар орын қалмауға айналды. Бір-бірін тапап кетердей болып иін тіріскен халық. Такэнака екінші қабаттағы «Цубоя» ләпкесінен екі қорап сэндвич сатып алып, Ёсикоға берді. Содан соң ол екі билет алып, жүктердің түбіртегіне тиісті сомасын төлеп рәсімдеді. Енді тек аттанатын уақытты күту ғана қалған еді. Үшеуі де еріксіз көптің ішінен көздерімен Танаканы іздеген – бірақ ол ақыры көрінбеді.
Қоңырау соғылған кезде жұрт жапа-тармағай өткізу пунктіне лап қойды. Пойыздан тезірек орын алып жайғасқысы келген жолаушылар бір-біріне кептеліп қалған. Үшеуі әзер дегенде кең перронға шығып, таяу жердегі екінші класс вагонына кірді. Арттарынан келіп жатқан жолаушыларда толас жоқ. Олардың арасында ұзақ жол бойы ұйықтауға дайындалып келе жатқан саудагерлер, Куреге кері қайтып бара жатқан офицерлер, бір-бірімен еш қысылмастан осакалық диалектіде самбырлай сөйлескен әйелдер де бар.
Әкесі ұзынша ақ жамылғыны отырғыштың үстіне жайып, қасына кішкентай сөмкені қойды да, өзі Ёсиконың қасына отырды. Вагондағы электр жарығымен қыздың бозғылт жүзі бейне пілдің сүйегінен қашалып жасалғандай қан-сөлсіз болып көрінеді. Әкесі вагонның терезесіне жақындап, Такэнакаға жасаған жақсылықтары үшін тағы да алғысын білдірді, содан соң бітпей қалған істеріне байланысты біраз тапсырмалар берді.
Үстіне «Нанако» әулетінің таңбасы бейнелгенген хаори, басына қоңыр қалпақ киген Такэнака болса, терезенің ар жағында тапжылмастан тұр.
Пойыздың қозғалатын уақыты да таяп қалған еді. Бұл олардың алдағы сапарын, Ёсиконың болашағы туралы ойлады. Өзіне екеуінің арасында бір үзілмес байланыс бардай көрінетін. Егер әйелі болмаса, ол әлбетте оған үйленер еді, қыз да бұған қуана күйеуге шығар еді-ау. Бұлардың керемет отбасылық жұбынан әдеби өмір, шығармашылық азаптар мен қуаныштарға толы мәнді өмір құралар еді ғой. Ол мұның қаңырап қалған жүрегіне қан жүгіртіп, қайта түлетер еді.
Ол Ёсиконың бірде әйеліне: «Мен неге біраз жыл ерте дүниеге келмедім екен? Мен сіздің құрбыңыз болсам ғой...» деген сөзін есіне алды. Күндердің күні тағдыр жазып Ёсико мұның әйелі болуы мүмкін бе? Оның әкесін қайын атам деп атайтын күн туар ма екен? Өмір деген ұзақ жол, ал тағдыр дегенің таңғажайыптарға толы емес пе!.. Иә, ол пәктігінен айырылған, бір кездері қателік жасап абыройын жоғалтқаны, бәлкім, үш баласы бар, өзінен әлдеқайда үлкен адамға тұрмысқа шығуына себеп болар. Тағдыр, өмір... оның ойына Тургеневтің «Көктемгі жылғалар» деген повесі түсті. Бір кездері ол оны Ёсикоға оқуға кеңес берген еді. Осы бір хикаядағы орыс жазушысының терең ойлары оны тағы бір толқытып өткендей болды.
Такэнаканың артқы жағында бір топ шығарып салушылар тұрған еді. Көп бағандардың бірінің көлеңкесінен басына ескілеу ала қалпақ қиген ер адам көрінді. Ёсико оны бірден таныды, сол кезде оның жүрегі қатты-қатты шаншып-шаншып қоя берді. Әкесі оған қабағын кіржитіп қарады. Ал ойға батып тұрған Такэнака болса, ештеңе аңғармады. Бұл өмірде ондай адам бар екені оның есінен мүлдем шығып кеткен болатын.
Кондукордың ысқырығынан кейін іле-шала пойыз да орнынан қозғалды.
XI
Такэнаканың үйі бұрынғы құлазыған, жабырқау күйін қайта тапты. Әйелінің балаларға ашулана ұрысқан ащы дауысы құлағын тесіп жіберердей болып, жүрегіне ауыр мұң ұялатады.
Мұндағы өмір үш жыл бұрынғы ескі сүрлеуіне қайта оралғандай.
Бесінші күн дегенде Ёсикодан хат келді. Бұл жолы ол хатты әдеттегідей жылы, әңгімелесу мәнерінде емес, сыпайы да ресми стилде жазыпты:
«Кеше кешкілік үйімізге аман-сау жеттік. Сіз уайымдамас үшін соны хабарлауға асығып қолыма қалам алдым. Соңғы уақытта Сізді көп әбігерге салғаным үшін иіліп тұрып кешірім өтінемін. Сіздің алдыңызға арнайы барып зор алғысымды білдіріп, өзіңізден көзбе көз кешірім сұрағым келсе де, көңілім әрі-сәрі күйге түскені сондай, тіпті соңғы рет бірге отырып шай ішуге де бара алмадым – мені түсінуіңізді өтінемін.
Симбаси вокзалында қоштасқан сәттен бері, әйнек есіктердің алдына әр келген сайын көз алдыма Сіздің қоңыр қалпақ киген келбетіңіз келіп тұра қалғандай болады. Ямакитадан Татайға қарай алпыс шақырымдық таулы жолмен төмен түсіп келе жатқанда Кобаяси Иссаның «Міне, менің соңғы мекенім – екі метрдей қалыңдықта түскен қар» деген әйгілі хайку жолдары есіме түсті, бұл менің жүрегімдегі хәлмен қалай терең үндеседі десеңізші!
Әкем де Сізге арнайы алғысын білдіріп хат жазбақшы еді, алайда бүгін базар күні болғандықтан қалаға бару қиынға соқты. Сондықтан осы әбестігім үшін кешірім сұрай отырып, өз атымнан Сізге шынайы ризашылығымды білдіруге рұқсат етіңіз.
Әлі де көп нәрсе жазғым келіп еді, бірақ бүгін жүрегім ерекше толқып тұрғандықтан қауырсын қалам қолымнан түсіп кете берді. Амал жоқ, хатты осы жерден аяқтауға мәжбүрмін».
Такэнака таулы аймақтың қалың қар басқан алпыс шақырымдық жолын және қиыр шетте таулардың арасында ақ ұлпаға көмілген қалашықты ойша көз алдына елестетті. Содан соң екінші қабатқа көтеріліп, ол кеткелі қозғалмаған бөлмесіне кірді. Кенет оның жүрегін алабөтен сағыныш пен махаббаттан туған бір ынтық сезім билеп, өзіне соншалықты қымбат жанның тым болмаса көмескі елесін ойында қайта тірілткісі келгендей көзін жұмып арқасын қабырғаға тіреген күйі біраз тұрды.
Бүгін күн суық еді. Мусасино жазығынан соққан суық желдің екпіні күшті болғаны сондай, үй артындағы ағаштар теңіздің толқынындай шулайды. Ол шығыс жақ терезенің бір қақпағын ашқанда ішке жарық сәуле лап қойды.
Жазу үстелі, ағаш сөрелер, сия сауыты, ерін бояйтын далапқа арналған ыдыс – бәрі сол күйінде, бейне Ёсико әдеттегідей сабағына кетіп, әне-міне қайтып келетіндей.
Такэнака үстелдің тартпасын ашты, оның ішінде май сіңген ескі лента қалып қойыпты. Ол оны мұрнына басып таныс иіспен терең тыныстады. Сосын орнынан тұрды да фусуманы жылжытып ашты. Ішінде үш жерінен мықтап буылған жөнелтуге дайын үлкен жол сөмкесі бар екен. Оның артында Ёсико үнемі пайдаланған футон (арнайы дайындалатын матрас секілді ұйықтауға арналған төсек-орын) жатты. Сыртында өсімдіктер бейнеленген жасыл түсті өрнектері бар футонмен бірге өрнектері дәл сондай жылы көрпе ораулы тұр. Такэнака көрпе-төсекті бері суырып алып шыққанда жанына сондай жақын иіс – жеңіл ғана тер иісі араласқан әтірдің жұпар иісі оның жан-жүрегін астан-кестен қылып жіберді. Ол шеті сәл кіршең тартқан көрпеге бетін басып, өзі үшін қымбат та, аяулы иісті қайта-қайта құныға жұта берді. Сол сәтте оның кеудесін сағыныш, күйініш, шарасыздық секілді қат-қабат сезімдерден туған алапат толқын кернеп, тамағына әлдене тіреліп тұрғандай сезінді. Ол футонды жайып, көрпені үстіне орап жатты да, салқын төсекке бетін басқан күйі өкіріп жылап жіберді.
Алакөлеңке бөлмеде үйдің қабырғасын сыртынан долдана ұрғылаған желдің гуілі ғана естіліп тұрды.
Соңы
1907 ж.
Аударған Меңдолла Шамұратов

