Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Мұрат Шаймаран. Өлмейтін тек – Айдың әппақ сәулесі...

13.11.2021 5730

Мұрат Шаймаран. Өлмейтін тек – Айдың әппақ сәулесі... 12+

Мұрат Шаймаран. Өлмейтін тек – Айдың әппақ сәулесі... - adebiportal.kz

Дерт

Шайқалып кесесінен ай төгілген,

Жылдарды есіме алып қайтемін мен?!

ағарған сақал-шашы диуанамын,

Күтемін енді медет қай Тәңірден.

Жабысқан ұшықтайын өлең маған,

(сорлылар дертімді де көре алмаған)

Қайырылмай қайда кеттің, қайран дәурен,

көзе мен мөлдір көздер көп алдаған.

Бақыт та баянсыз ба құспын деген,

Қара ағаш бұтағынан қыс бүрлеген,

Қараймын қызыл-жасыл тіршілікке,

Отырып табытымның үстінде мен.

Көкірек тереземді ғаламға ашып...

Кеудемде зар жылаған тәмәм ғашық.

Шаттығы бұл тірліктің - өзгелерге,

Бар мұңы дүниенің маған нәсіп.

Ендігі бір-ақ тілек, бір-ақ арман -

О, өлең, көмбе мені, құлама ардан!

Бұл дертті құдай өзі берді маған,

Дейсің бе мен біреуден сұрап алған.

30.08.2021

Пойезда

Қош айтып бір опасы жоқ отанға,

Шықсам деп ем оралмайтын сапарға.

Сені сүйем, о, пареллел рельс,

Таста мені бір қиырға апар да!

Діріл қағып боп-боз болған еріндер -

"Үйрене алмай кетті,- десін,-өмірге ол..."

Біздер жайлы сен айтарсың бір күні,

Төзімімдей тозып біткен, темір жол.

Арман қайда жаны - жалын, тәні - гүл!

Оны да отап тастар қоғам қолы кір.

О, парабоз, ышқынып бір тарт алға,

Батыс?

Шығыс..?

енді маған бәрі бір!

Қызыл шапақ сіңіп қалған ымыртқа,

Шарап сынды төге салған түн ұрттап.

Бағаналар мелшиеді жол бойы,

Олар бізді әлдеқашан ұмытқан.

Адыраспан... жирен сары құм жалы,

Жылғалардан түн қарайды мұңданып.

Кімдер нені, кімге айтады, білмеймін -

Ызыңдайды тек телофон сымдары.

Бетховеннің еліте алмас әуені,

Ниценің де жоқ ешқешан керегі;

Өмір деген біз сүргеннен басқаша,

Онда тіптен бағытта жоқ, себебі.

Құйрық-жалы өрттей жанып қашқан бұлт,

Қалды ма ұшан кеңістікте бос қаңғып?!

Ере берме елестей боп соңымнан,

Ақ сүйегі сартап болған Бостандық.

Тынбас деме тірліктің күй күмбірі,

Дәуір өтер, біз кетерміз бір күні.

Өлмейтін тек - айдың әппақ сәулесі,

Сөнбейтін тек - Тәңір текті күн нұры..!

7.7.2021

Тағы да апама

Жаз да өтті, қабірің де көнерді,

Сарша тамыз сағым болып жөнелді.

Құлпытасқа жырымды ойып жазғанмен,

Үйіме ертіп кете алмаймын сені енді.

Үй деймін ғой - сол алма ағаш, сол есік,

Күздің желі бет тырнаған егесіп...

Әр бұрышта жайрап жатқан жапырақ,

және сенің аула кезген елесің.

Охо, тағы қурай да бар сыңсыған,

Ол сыңсыса үзіледі кіл шыдам.

Бар тағы да қалтылдаған ақбас шал,

Сақалынан мөлдір маржан ыршыған.

Әлде қайдан талып жеткен жоқтау ән,

Маңдайын кеп ұрған ескі қақпама.

Бұлттың өзі секілді ғой бір шоқ гүл,

Бірақ реңі қап-қара...

Мен өлмегем, бір ғажайып қалдемін,

Жалындай боп атылады әр демім.

Себебі ме?

Себебі сол - тасбауыр

һәм қайғылы ұлы отаным бар менің!

Отан осы - өрттен шығам, сең кешем,

(жота жақтан бір қарай сал сенбесең)

Ол да мені елемеген сыңайлы,

Оған мен де пысқырмаймын, ендеше!

...Жаз да өтті сенің ыстық деміңдей,

түннің қолаң шашы қалды өрілмей...

Жалғыз тастап кетеріңді білгенде,

Ақын болмас едім ғой...

30.08.2021

Жапырақ

Сен де өлерсің, жапырақ, мен де өлермін,

Сені жұлып әкетер жел дегенің.

Мен өлермін ақылым толып тасып,

Жүрегіме сенбеген күн.

Сен де ұшарсың, жапырақ, мен де ұшармын,

Мекеніміз, бәрібір, жер құшағы.

Екеміз де баласы секілдіміз,

Уақыт дейтін шерлі шалдың.

Сен де үзіліп, жапырақ, мен де үзіліп,

Жазмышымызға қарайды ел қызығып.

Мен де өлермін ұмтылған ескі жырдай,

Сен де өлерсің, жапырақ - жалғыз үміт.

Сен де құлап, жапырақ, мен де құлап,

Сарала боп жатады жол қаңырап.

Сенсіз-дағы билейді ақ қайыңдар,

Менсіз-дағы тұрады сам жамырап.

Сен де солып, жапырақ, мен де солып,

Құрт кеміріп, маңдайдан пенде соғып.

Көркем болса, дүние жылы болса,

Қайтер еді?!

...өлмес едік!..

30.08.2021

Музаға

Сонау сырлы түн түбінен

Немесе күн кірпігінен,

Айдың нұрлы жамалынан,

Таңғы шықтың жанарынан,

Және сұлу анарынан

Маған неге қарайсың, Сен?!

Ышқынғанда теңіз біткен,

Бұлттар аққан кеңістіктен,

Найзағайдың жарқылымен,

Бұ ғаламның бар тілімен,

Ащы айқаймен жан түңілген

Маған, сірә, нені айтасың?!

Жасыл таудың бөктерінен,

Қызыл жалқын от көрінген,

Шоқтай жанып ұшқындаған,

Феникстей ұштың маған.

Қызғаныштан іш тырнаған

Өлер екен қаншама ақын?!

Ескі кітап сөресінен,

Көз алмаймын неге осы мен?!

Сертің де - өлең, дертің де - өлең,

Һәм тәңірлік көркіңменен -

Жастай ыстық мөлтілдеген

Құлайсың кеп маңдайыма.

Біздің лашық іргесінен,

Жолдар жатыр түнге сіңген:

Ұсынатын маған уды,

Бірі емессің көп арудың,

Ізі де жоқ табаныңның,

Сен, япырмай, қайдан келдің?!

О, аяулым, - ғажап аты,

О, азабым - тозақ отым!

Көтерілсін көкке денем,

Не бұйырсаң, өкпелемен,

...Кетпе менен, кетпе менен,

Кетер болсаң, өлтіріп кет!

31.08.2021

Күздің айы

Зарылығын-ай ақшамда жел - қобыздың,

Аңсары бар аспанда жердегі іздің,

Қүз дегенің сағыныш болса бар ғой,

Ендеше, мен де күзбін.

Аласұрып боз жусан белге шықтым,

Қайта айналып кеткен қаз келмес, ұқтым.

Ғұмыр деген таңғы шық болса бар ғой,

Мөп-мөлдір мен де шықпын!

Бұлттай қалың жүректің сыздар мұңы,

Сүйіп еді-ау сәуірдің бізді аруы...

Көздің жасы таматын болса бар ғой,

Мен бе?

Мен - күз жаңбыры.

Жапандағы жанымның бөрісі ұлып,

Күрсінеді алматы демі суық.

Жапырақ менің кезбе тағдырым ғой,

Баратқан жел ұшырып.

Селт етпес Алатаудың мұз құдайы,

Басар ма бауырына бізді ұдайы.

...Тұр ма екен Қызылимам иығында,

Мен сүйген күздің Айы.

Құлпырмас баяғыдай гүлдің де өңі,

Ақынның жадау жанын білдің бе, елі?!

Дүние аппақ-аппақ құсқа айналып,

Қыс болып қала берем бір күндері...

01.09.2021

Алтайды аңсау немесе Өркенге

Тұтар ма едім қолыма бір ақберен,

Жауға шабар ма едім ақбоз атпенен.

Өзегімді өртейді бұл өкініш -

Алтай, сенде тумаппын ғой, әттеген!

Менің ауыр антымды да көтерген,

Менің қанды даңқымды да көтерген.

Сенен алыс бір түкпірде жүрсем де,

Өзің жаққа қарап ұлып өтем мен!

Кетсең де өліп кектен және аңсаудан,

Сен дұшпаннан сұрамадың жан сауға.

Мынау шерлі көкірегімді жас жуып,

Сұлубайдың әні еді ғой мен салған.

Сенен ғана басталарын әр іздің,

Білем, саған сол үшін мен қарызбын.

Аралдағы бала қайың - бар қайың

"Ағажайдап" өксіп тұрған тәрізді.

Қариды кеп қызыл шоқтай дерт іште,

От боп, оқ боп енесің кеп сен түске.

Мен шығармын сол белгісіз бір ақын,

Сонау жылдар ағып өлген ертіске...

Сен жанымның жалынындай ыстық ең,

Сені ұстап қала алмайды күш түмен!

Сен - Самұрық, қос қанатың лапылдап,

алқып ұшқан қарлы таулар үстінен.

...Сөйлейтін тек жырдың көне тілінде,

Сөйлейтін тек улы жебе тілінде,

Тәкаппар һәм қасіретті Алтай бар,

Менің мұңды жүрегімнің түбінде.

08.09.2021

Күзгі хат

Тоғайдан шулаған

құс қайтып кетті ме?!

Біз жүрген көшеден күз жүріп өтті ме?

Мұнартып қалды ма Тастының таулары?

(таудан да ауыр, ә, сағыныш салмағы...)

Терезең тұсынан түнімен жел гулеп,

Айтты ма қыркүйек: "ол тағы келді!"-деп.

Біресе бозарып, біресе сарғайып,

Теңселіп тұрды ма төбеңде Ай - қайық?!

Сен тыңдай алдың ба?! -

тым мұңды тыстағы ән,

(Аулаңда жүр біреу қолшатыр ұстаған.)

Жеткенде сол әуен жаныңа емініп,

Жылаған шығарсың көрпеңе көміліп?!

Шырағдан түбінен көлеңкең ығысып,

Отырған шығарсың бір суып, бір ысып.

...Қыраудың көзінен күрең күн сәулесін,

Көруге ынтығып талпындың сен несін?!

Басыңнан баянсыз көшкен бір жайды аңсап,

Мойныңа сарала шарфыңды байлай сап,

Жоқ іздеп сандалған жолаушы секілді,

Таң ата кеттің бе соңынан нөпірдің?!

Асылған шарбаққа сабағын шұбатып,

Жатты ма жолыңда шырмауық гүл атып?!

...Ұнайтын секілді сарғайған саған күз,

Әй осы, түбі біз кездесіп қалармыз.

10.09.2021

Сүмбіле жұлдыз туғанда

Алдымда асқақ талғар - шың,

Қыркүйек айы, күн күрең...

Қайғымды ұғар сен барсың,

О, менің нұрлы сүмбілем!

Көрем деп сені күттім мен,

Жолдардан Көктен басталған.

Тұп-тұнық күзгі шықпын мен,

Телміріп жатқан аспанға.

Тілгілеп түнді ағады,

Тырнаның зарлы тырауы.

Өзіңдей болып жанады,

Көзімді жұмсам бір ауыл.

Ол мекен маған тым ыстық,

(Сағыныш аты - ғаріптық)

Сәулесі ме едің шығыстың,

Жанымды кеткен жарық қып!?

Елітіп ұзақ қарадым,

Табардай жанға миятты.

Мен өскен ұлы даланың,

Белгісі өзің сияқты.

...Жете алман, қалды ел алыс,

Қобыздың боздақ күйімін.

Арада - асау долы ағыс,

Жағасы жылым, иірім.

Өртімді бір сәт сөндіріп,

Жасқадың жалын мұң жүзін.

Төбемде тұрсың сен мүлгіп,

Менімен егіз жұлдызым!

Алдымда асқақ талғар - шың,

Қыркүйек айы, күн күрең...

Қайғымды ұғар сен барсың,

О, менің нұрлы сүмбілем!

2.10. 2021

Жәркен қабырының басында

Көздің жасын сан тамызған бокалға,

Көздің жасын сан тамызған отанға,

Сағыныштан сартап болып сұйегі

Еһ, Алатау, Жәркен жатыр жотаңда.

Бірде шапшып, бірде сөніп, бастығып,

Көрді талай маңдайын да тасқа ұрып.

Көкке қарап ұлисың ба, өзің біл,

Кешір оны, туған жердің қасқыры!

Кешір, кешір, бұлақ бұрым бұла қыз,

Ақын болып түсіңе енер мына күз.

Енді саған маза бере қоймас-ау,

Ол жайында айтылатын мың аңыз.

Бір қарығы ашылмаған ішінде,

Бір жалыны басылмаған ішінде...

Уа, Алматы, сен де кешір, бұ мұңды

Тәңір сынды жалғыз болған үшін де.

Аңғал-саңғал, олпы-солпы жаяу ұл,

Еркелетті дейсің оны қай ауыл.

Шайыр болып туды, өлді...

Кеше гөр,

Тым кінәмшіл сұлудайын, әй, өмір!

Әр сөзінің жанарынан жас тамып,

Жазды көкке сағыныштың дастанын.

Жетектеп бір жетсем деп ем мен саған,

Кешір мені, Майлы-Жайыр аспаны!

P.S.

О, Зарлығым,

Сағынышым,

Серігім,

Енді өзіне мият тұтар мені кім?!

Кешпейсің ғой, сендей жыршы болмасам,

Өлеңдегі менің ақсақ Темірім!

8.11.2021


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар