Қара таңба

Сот залынан бозарып шықан Еркін паспортын ағасына ұстатты. Паспорттың орта тұсына көк сиямен соғылған төртбұрышты «Депортация» деген суық мөр тұр еді. Бар арман, қиялын сетінеткен осы мөр арқылы өткерген жолы мен еткен тәуекел істерінің бәрі зая кеткендей болды. 

56

Қара таңба - adebiportal.kz

Сары алтын шамдары айналаға төгілген «Бәйтерекке» көз тастаған Еркіннің көкірегін ауыр күрсініс жарды. Қалтасындағы тоғызқұмалақтай болып уақыты таяған құжаты мен көші-қон мекемесіне өткізген бір құшақ қағазы ойынан шығар емес. «Әзірге толық. Қосымша сұрақ болса, хабарласамыз», - деген Байқоңыр аудандық көші-қон бөлімшесіндегі келіншектің суық сөзі құлағында жаңғырды. Бұл оның төртінші рет келуі еді. Алдыңғыларында бір үтір үшін кері қайтқан кезі де болды. Ағасы Ержан араласпаса, мына үлкен қаланың қайшы алысқан көшелерінде әлдеқашан адасып, таусылып бітер ме еді?

Еркін бәріне төзуге бекінген. Мекемелердегі қазақтардың өзара орысша шүлдірлесіп, өзіне бөтен көзбен қарағанына да, тілдерін түсінбей қиналғанына да көндіккен. Тек атажұрттың топырағында тұрақтап қалса болды. Құжаты жоқ болған соң тұрақты жұмысқа да тұра алмады, қазір ағасының танысының жиһаз цехында қара жұмыс істеп, күнін көріп жүр. Қала «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындалып, күн-түн демей қызып жатқан шақ.

Күндердің бір күнінде Ержан ағасы сүйіншіледі:

– Інім, құжаттарың қабылданыпты! Базаға кіріпті. Екі аптада дайын болады, - деді. Еркіннің төбесі көкке жеткендей болды. 
Ертеңіне цехқа келгенде бұл қуанышын жасыра алмады. Жігіттер жапа-тармағай құттықтап жатқанда, шетте бұрыш жонып тұрған бұжыр бет, тікен сақалды Боранбай (цехтағылар оны Боря дейтін) езуін жиырып алды.

– Мәссаған, нағыз қазаққа жақындаған екенсің. Жақсылап «жуу» керек мұны, – деді ол кекесінмен.

Боряның сырттан келген қандастарды көрсе, іші тарылып отыратын әдеті еді. Оның бұл мінезін цехтағылар жақсы білетін. Бірде түскі шай үстінде әлеуметтік желіден қандастарға берілетін квота тағы басқалары туралы жаңалықты көріп: «Осылар өзіміз үйсіз-күйсіз жүргенде қайдан қаптап кетті? Тіл де білмейді, бәрібір бұл жақтың адамы бола алмайды», - деп Еркінге алая қарап, міңгірлегені бар-ды. Еркін оның бұл сөзіне іштей ренжісе де, үнсіз қалған. Тіпті, Еркіннің еңбекқорлығы үшін бастықтан мақтау естігені де Боряның ішіне шоқ түсіргендей болатын.

Сондай кештердің бірінде Еркін жұмыстан ерте шығып, «Артем» базарына жақын маңдағы жалдамалы бөлмесіне бара жатқан. Кенет, алдынан тағы да Боря шықты. Үстінен арақ иісі аңқиды.

– О, інішек! - деді ол Еркіннің иығынан қағып, сыртынан тон пішкендей сығырая қарап. Жанарында әлдебір қулық пен суық ұшқын жылт-жылт етеді. – Сен маған ренжіме. Ана жігіттер мені саған жамандайды, өздері де оңып тұрған жоқ... Айтпақшы, сен сол баяғы Көкталдағы ағаңның үйінде тұрып жатырсың ба? Мекемеге сондағы мекенжайды бердің ғой?

– Жоқ, мына «Артемнің» артындағы жатақханадамын, - деді Еркін аңқылдап. – Ағамның үйі тым алыс, қатынау қиын.

– Е-е, солай де... – Таңертең айтып едім ғой. Болмаса, өзім қонақ етейін. Тойлатып қайтайық. 

Еркін сылтау айтып, бөлмесіне қарай асықты. Боряның жүзі құбылып кетті де, «ой …» деп қолын бір сілтеп, жайына кетті. Жатақхана ауласына кіргенде, екі полиция қызметкерінің өзбек жұмысшыларын тексеріп жатқанын көріп, жылдам басып ішке өтіп кетті.

Арада жарты сағат өтпей есік тасырлап қағылды. Табалдырықта әлгі екі полицей тұр екен.

– Құжаттарыңызды көрсетіңіз, - деді бойшаң лейтенант суық үнмен. Еркіннің паспортына қарап тұрып: – Тіркеуіңіз Досмұқаметұлы көшесі, 122 деп тұр. Бұл жерде не істеп жүрсіз? Заңсыз тұрғылықты мекенжай. Бөлімшеге жүріңіз, - деді.

Бөлімшенің тар дәлізінде тоңған, қорыққан, көздері жәудіреген шетелдік жұмысшылар көп екен. Біраздан соң Еркінді ішке шақырды. Стол үстінде оның құжаттары жатыр. Қасындағы майор Еркінге тіке қарады.

– Сонымен, Сақтаған Еркін, тіркеуде жоқ жерде тұрғаныңыз былай тұрсын, еңбек визасынсыз жиһаз цехында заңсыз жұмыс істеп жүрсіз. Бізге нақты мағлұмат түсті.

– Мен... құжаттарым шыққанша ғана... Ақша керек болды. – Еркіннің дауысы дірілдеп кетті.

– Хаттама толтырамыз. Ертең таңертең әкімшілік сотқа барасың. Қазір қалада ЭКСПО қарсаңында «Мигрант» операциясы жүріп жатыр, заң қатал. Ағаң келсін, кепілдікпен бүгін жібереміз, бірақ ертең сотқа кешікпеңдер.

Түн ортасы ауа жеткен Ержан ағасы Еркінді ауылға алып қайтты. Сол түні екеуінің де көзіне ұйқы ілінбеді. «Айыппұл салар, төлеп құтылармыз, тек елден шығармаса екен», - деп Жаратқанға жалбарынумен таңды атырды.

Ертеңіне таңғы тоғызда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының ғимаратында кездесті. Дәлізде кешегі бөлімшеде көрген өзбек жұмысшылары да жүр екен. Көп күттірмей Еркінді ішке шақырды.

Төрелік столда отырған жас судья Еркіннің ісін тез парақтап шықты. Осы тұста, Ержан ағасы алға суырылып шығып:

– Құрметті сот, інімнің барлық құжаты Көші-қонда қаралып жатыр, екі аптада дайын болады. ЖСН-і де базада бар. Тек қатынау қиын болған соң осы жатақханада тұрған еді, - деп түсіндіруге тырысты.

Судья басын да көтермей, суық дауыспен сөзін бөлді:

– Заңсыз мекенжайда тұру және тиісті рұқсатсыз еңбекпен айналысу фактісі расталды. ЭКСПО қарсаңындағы қауіпсіздік талаптары өте қатаң.

Судья үкімді судыратып оқып жатты. Осы сәтте Еркіннің іші аласапыран болып, бүкіл дүние айналып кеткендей еді. «Жоқ, тоқтаңыздаршы! Мен қылмыскер емеспін ғой! Өз еліме, өз Отаныма келдім ғой!» - деп бар дауысымен айқайлағысы келді. Бірақ кеудесін өксік қысып, тілі күрмеліп, дыбысы шықпай қалды. Бұл бөлмедегі шенеуніктер үшін ЭКСПО-ның жылтырақ беделі мен статистикалық көрсеткіші атажұртына арман арқалап келген тірі адамның тағдырынан әлдеқайда биік тұр еді. Жедел соттың суық шешімі Еркіннің төбесінен жай түсіргендей болды: «Қазақстан Республикасының аумағына 5 жылға дейін кіруге тыйым салынсын. 24 сағат ішінде елден шығарылсын».

Сот залынан бозарып шықан Еркін паспортын ағасына ұстатты. Паспорттың орта тұсына көк сиямен соғылған төртбұрышты «Депортация» деген суық мөр тұр еді. Бар арман, қиялын сетінеткен осы мөр арқылы өткерген жолы мен еткен тәуекел істерінің бәрі зая кеткендей болды. 

– Еркін, олар сенің цехта істейтініңді қайдан білген? - деді Ержан сыбырлап. Еркіннің көз алдына кешегі Боряның «Артем» базары маңында иығынан қағып тұрып, қайда тұратынын сығырая сұраған сол бір суық сәті қайта келді. Сұрқия күлкісі мен жанарындағы қулық енді ғана түсінікті болды. Ол жай ғана сұрамапты, ор қазып жүріпті... Жүрегі мұздап кетті.

– Мен... заттарымды алып қайтайын, - деді Еркін үнсіз өксіп.

Цехқа келгенде Боря көрінбеді. Отбасылық жағдайымен сұранған екен. Цех меңгерушісі Ардақ Еркіннің аяқ астынан кетіп бара жатқанын естіп, қатты қамықты. Еркін болған жайды қысқа қайырды. Ардақтың қабағы түйіліп, Боряның бүгін келмей қалғанының себебін енді түсінгендей болды.

– Әттең... Саған басылған қара таңба емес, мына біздің қоғамның бетіне басылған таңба болды-ау, інім. Кімнің кім екенін кеш түсіндік... - деді ол күрсініп, Еркіннің қолына соңғы жалақысы мен бастықтың беріп жіберген көмек ақшасын ұстатып. Ұжымдағы жігіттер Еркінді аялдамаға дейін шығарып салды. Автобус орнынан қозғалғанда, Жақсылық пен Айбек ұзақ қол бұлғап тұрды.

Еркін терезеге маңдайын тіреді. Сыртта Астананың зәулім ғимараттары көз қарықтыра сәуле шашып, артта қалып бара жатты. Қалтасындағы паспортқа басылған қара мөрді уақыт өшірер, бірақ өз қандасының арқадан ұрған соққысынан қалған жүректегі қара таңбаны бес жыл емес, өмір де өшіре алмас еді...

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Қос қасиет

22.10.2026

2028

Taza Qazaqstan