Сол Стас қайда жүр екен?
Жуырда ғана дүниеден өткен белгілі ақын, журналист, сыншы-ғалым Гүлзада Ниетқалиеваның соңғы жазбасын редакциямызға ақын Маржан Ершу жолдаған еді. Бүгін қаламгердің оқырман жүрегіне ой салатын әсерлі әңгімесін көпшілік назарына ұсынып отырмыз.
Әңгіме
Қара күз...
Күн мен түн теңескен уақыт...
Кеңседегі шаруаларды бітіріп, жолға шыққан. Ымырт үйіріліп, қас қарайып қалған мезгіл.
Басшысын үйіне жеткізіп тастап, өзі тұратын Ақкөл ауылына жылдамдатып жетіп алу үшін газды баса түскен.
Күздің қара жаңбыры шелектеп құйып тұр.
Көлігінің терезесінен сабалаған жаңбыр дауысына құлақ түріп келе жатып, есіне соғыстан оралмаған әкесі түсті.
– Шіркін, көрер ме едің құдайдан сұрап алған жалғызыңның ержетіп, Отан алдындағы борышын өтеп келіп, үйленіп, ұлды болғанын! Асқар тау – әкем менің! Көрсең, шынымен, қуанар едің-ау менің мына темір тұлпарымның құлағында ойнап, ел қатарлы еңбек етіп жүргенімді көруге жазбады-ау, - деп ойлады.
Сыртта сатырлап құйып тұрған жаңбырмен бірге қосылып, айғай салып жылағысы келді. Жұтынып қалып еді, тамағына бір түйіншек тірелгендей болғаны, көзінен екі тамшы жас ыршып түсті. Әкенің қадірін майданнан келген үшбұрышты хаттарды оқып өскен солдаттың баласы түсінбегенде, кім түсінсін?! Сол майданнан келіп тұрған үшбұрышты хаттардың тоқтағаны, пошташыны көрген сайын алдынан жүгіріп шығып, сағы сынып, еңсесі түсіп, үйдің сыртына барып көз жасын ешкімге көрсетпей сығып алатыны, әкелері майданнан оралған өзі құралыптас көрші балаларға іштей қызыға да қызғана қарағаны есіне түскенде жүрегі сыздады. Анасының Қошалақтың қырында жылқы баққаны, талай аязды түнде жылқы қарауға шыққан анасының таң ата сірескен мұзға айналып үйге келетіні, «жершіл жануар еді, мен қандай жағдайда болсам да үйге әкеледі» деп қыстың қақаған аязды түндерінде жылқы қарауға шыққанда жирен айғырды мініп кететіні көз алдына келді. Жарықтық, жирен айғыр тұмсығымен есікті түртіп тұратын, сонда анасы қол-аяғы икемге келмей, мұздан сіресіп отыратын ердің үстінде. Ол күнде бір үйде бірнеше отбасы бірге тұрады. Бәрі жабылып, анасын аттан аударып алып, сүйреп, ішке кіргізетін. Майлы сорпаны қасықтап аузына тамызып, қол-аяғын уқалап отырып, «жан кіргізетін». Күндіз бала болса да, қолдарына құрық алып, жылқы қарауға шығатын. Ал, түнге қарай анасы өзі шығады. Ол күнде ит-құс көп, малға шауып жүрер, бала-шағаның қолынан не келеді, өзім шығайын деген қайратты да азулы анасының шешімі солай болатын. Әкесі бар үйге, әкесі бар балаларға жаутаңдап жүріп өсті, ержетті. Міне, қазір анасының ішкені – алдында, ішпегені – артында, немерелерін бағып, шалқып отыр. Жетімдік те, кейбіреулерден көрген қысастық та ұмытылған... Тек әкесінің жоқтығы болмаса...
Әскерден аман-есен оралған соң анасын Қошалақтан осы Ақкөлге көшіріп алған. Өйткені, Ақкөлдің басынан теміржол стансасы құрылысын бастайды деген әңгіменің шетін естіп, ақыр аяғы теміржолда жасасам да бала-шағамды аш қалдырмаспын деп түйген еді ішінен. Халидолла нағашысының жанынан жер алып, екі бөлмелі үйді ағайын-туған, дос-жолдастың көмегімен көтеріп алған. Биыл жаз екі бөлмені тағы да өсіру үшін жұмыстанып, сазбалшықтан тас басып, құрылысты бастап та кеткен. «Мамам мен Дәмештің есіне ана құрылысқа арналған тасты жауып, жаңбырдан қалқалап қою келер ме екен? Өзіңнен басқа ошаң етер жанның жоқтығы да қиын...»
Ой жетегінде келе жатып, Дәшін ауылынан Ақкөлге бұрылған тұста алдынан біреу шығып, жанұшыра қол бұлғағандай болды.
– Мына қара жаңбырда неғып жүрген адам? Жалғыздан-жалғыз бұл жерде қайдан жүр? Отырмай ма үйлерінде? Мына қара жаңбыр астында үсіп өледі ғой, байғұс! Ала кетейін, – деп ойлаған Ғабдыжан асып барып, тормозын басты.
Кабинасын ашып жіберіп, басын шығарып айғайлады:
– Кім де болсаң, кел, тезірек мін! Қара жаңбырда неғып жүрген адамсың?
Қаракөлеңкеде шашы жалбырап машинаға мініп жатқан адамға көз тоқтатып қарап қалып еді, бір сәтке таңырқағаннан аузына сөз түспей қалды. Басынан аяғына дейін шүмектеген су кабинаның аяқ қоятын тепкішегіне сорғалап тұр.
Түріне қарап, орыс екенін шамалады. Әскерге барып келгені бар, орысшаны бір кісідей сөйлеймін деп жүрген Ғабдыжан:
- Кімсің? Қара жаңбырдың астында неғып жүрсің? - деді шашы жалбыраған балаң жігітке таңырқағанын жасыра алмай.
Иегі-иегіне тимей жаурап қалыпты. Тісі тоңғаннан бір-біріне тиіп, сақ-сақ етеді. Кабина ішінде дорбада «керек болар» деп алып жүретін бір киер киімі жататын, соны алып, әлгі бейшараға үнсіз ұсынды. Ол да үнсіз түсініп, өзінің суы сорғалаған киімін асығыс шешіп, құрғақ киімдерді киіп те алды.
– Ал, енді айта бер, қайдан келесің, қайда барасың? Атың кім? – деп күлімсірей қараған Ғабдыжанға:
– Атым – Станислав, ұлтым украин, Киевтегі балалар үйіненмін, бізді осы Ақкөлдегі темір жол стансасының құрылысына алып келген, - деді.
– Енді жол бойында қайдан жүрсің? Жатақханаларың қайда? Апарайын, - деген Ғабдіжанға қарап, басын шайқаған Станислав:
– Біз бір топ жетім балалар үйінде өскен жасөспірімдер анау құрылыс басындағы жатақханада тұратынбыз. Алдыңғы күні тағы бір топ жігіттерді құрылысқа алып келіпті. Олар бізге: «Мына ауылдың адамдарын тонайық, үйлерге түсейік, ақша, қымбат заттар болса ұрлап, сату керек» деп, өздерінің жанына қосып алғысы келді. Мен бірден қарсылық танытып едім, мені ұрып-соғып, тепкілеп құжаттарымды тартып алып, өзімді жол бойына лақтырып кетті. Өлді деп ойласа керек, есімді жинасам, жаңбыр жауып тұр екен. Жол бойына жүгіріп шыққаным сол еді, сіз тоқтай қалдыңыз. Маған енді ол жерге баруға болмайды, өлтіріп кетеді, - деді.
– Құжатың жоқ, ақшаң да жоқ, енді қайда барасың? Олай болса, біздің үйге жүр. Соңынан бірнәрсе ойластырармыз, - деді Ғабдыжан да ойлана сөйлеп.
Станислав үндемеді, жүзінен келіскендей сыңай танытты.
Үйдің алдына машина дүр етіп келіп тоқтаған кезде, үйдің есігі шалқасынан ашылып, ұзын кең көйлек, оның сыртынан кәжекей киген, басына қақырадай етіп ақ жаулық ораған ұзын бойлы, қара торы кемпір, оның етегіне жармаса үйелмелі-сүйелмелі екі ұл шықты.
–Түбі түсіп кетті ме, күні бойы тоқтамай жауды ғой, түге, - деп сөйлей шыққан ана бірден шөпір отыратын кабина жағына қарай жүрді.
Сол кезде кабинаны ашып, тепкішектен бір басып жерге секіріп түскен Ғабдыжанды бас салып маңдайынан сүйген қара кемпір қаракөлеңкеде машинадан тағы бір адамның түсіп жатқанын байқамай, баласын бүгін көргендей айналып-толғанып, сөйлеп барады:
– Жалғыздың жары - бір Алла деген! Аман-есен келгей деп бір Алладан тілеумен таңды атырып, күнді батырдық. Оның үстіне мына жаңбыры түскір де жаңа көргендей болып, селдетіп кетті ғой! Қара күздегі қара жаңбырдан қиын нәрсе жоқ! Малға да, жанға да қиындық әкелуден басқа жұмысы жоқ! Жаздай тірнектеп шауып, жинаған ана пішенді қымтап жапқан болдық. Мына жаңбыр тисе, табанынан бір шығар, пішен қарайып, бұзылып, малдың жеуіне пайдаға аспай қалады ғой! Өзің бір қарап қоярсың, - деп сөйлеген бойы дәлізге кірді.
– Мама, балаңыз қонақ ертіп келген сияқты ғой, - деді келіні енесінің кебісін шешіп, сүртіп қойып жатып.
– Көтек! Не дейді? Ұят-тағы-ай! Қара басып, қонақты қалай байқамадым, мына жаңбыр да құйып кетті ғой, - деп тағы да самбырлай сөйлеген қара кемпір артына бұрылғанда барып, шашы жалбыраған сары орыстың баласының есіктен кіріп келе жатқанын көрді.
– Орыс болсын, орман болсын, баламмен бірге келген соң, осы үйдің құдайы қонағысың! Балам ертіп келіп тұр екен, сен де менің бір баламсың! Қош келдің, балам! - деп еміреніп барып, есік көзінде ыңғайсызданып тұрып қалған Станиславты иіп әкеліп, маңдайынан сүйді.
Қолынан жетектеп, төргі бөлмені нұсқап, төрде жайылған төсекке отырғызды. Қай уақытта шешініп үлгергені белгісіз, қолына легені мен құманын ұстаған иығында сүлгісі бар Ғабдыжан қонағының қолына су құйып, сүлгісін ұсынып, бәйек болып жүр. Жас келіншек аяғы ауырлығына қарамастан, жіті қимылдап, қонақтың алдына көлдей дастарханды жайды. Соның арасынша, дастархан үстінен нан мен май, тәттілер, ірмішік пен құрт, басқа да Станислав мүлде көрмеген тағамдар орын ала бастады. Екі иығынан демалып самаурын да келіп қалды. Үнді шәйінің жағымды иісі Станиславтың екі күн тамақ жемегенін есіне салғандай болды. Іші құрылдап кеткенінен ыңғайсызданған ол қапелімде не істерін білмеді, беті қызарып та кетіпті. Оның ішінің құрылдағанын естімегендей, елемегендей сыңай танытқан үй иелері дастархандағы тамақты алдына ұсынып, «ал, же, іш» деп қонақжайлық танытты. Шәй үстінде анасын, келіншегін, екі ұлы мен еңбектеп жүрген сүп-сүйкімді қызын таныстырған Ғабдыжан анасына Станиславтың жағдайынан да хабар беріп қойды.
– Заман бұзылды ма, адам бұзылды ма? Өздеріндей біреудің өндірдей баласын сабап, лақтырып кетті деген не сұмдық? Қой, ол жерге қайтып бармасын! Балам, біздің үйде қал! Маған бала бол! Мына құдай берген жалғызымның соңынан ерген бір қарасы жоқ дейтін едім, сені құдай айдап, бізге тап қылған шығар! Қала ғой осында, балам, - деп жік-жапар болған қара кемпірге қарап отырып, Станиславтың жанарына жас үйірілгені.
Адам бір-бірін түсіну үшін сөз керек болмай қалатын да кез болады екен... Осы үйдегі үш ересек адамның өзіне деген ықылас-пейілі Киевтің балалар үйінде өскен, ата-анасы жоқ жетім баланың жүрегін жылытты, жанына мейірім шуағын құйып, көңілін босатқаны... Шәй дастарханы жиналғаннан кейін дастарханға ас келді. Осыншама тамақты жей алмайтынын айтқан Станиславқа күлімсіреп қарап отырып:
– Стас, ауыз тисең де болады. Біздің салтымызда үйге келген қонақты бір шәймен жатқызу – ұят! Ас асып, қонақтың сыбағасын беру керек міндетті түрде! Егер өзің жемесең, асату деген салт бар, етті асатамыз, - деп өздерінің қазақ екенін, қазақтардың жомарт жанды, пейілі даладай кең адамдар екенін де айтып, әңгімені өрбітіп отырды.
Ас жеп, ыстық сорпаны да үй иелерінің көңілі үшін ішіп қойған Стастың жылы жерде отырып, ұйқысы келді. Қонағының қайта-қайта көзі жұмылып, қалғып кетіп отырғанын көрген Ғабдыжан асқа бата жасауын сұрады:
– Біздің қазақта ойда-жоқта үйге келген қонақ – құдайы қонақ деп аталады. «Қырықтың бірі - Қыдыр» деп, жақсылыққа сенетін халқымыз келген қонақтан дастарханға бата-тілек сұрайды, - деп, батаның да мағынасы, мән-жайын түсіндірді. Осындай көңілдері көлдей, пейілдері даладай жандарға кездесемін деп үш ұйықтаса түсіне де енбеген Стас үшін бұл айтылғандардың бәрі ертегі сияқты болып көрінді.
Дастарханға қол жайып, бата берілгеннен кейін, ас жиналып, қонақтың қолына су құю үшін Ғабдыжан тағы да легені мен құманын алып жетіп келді. Төрге екі қабат етіп төсек салынып, Станислав жастыққа басы тиісімен ұйықтап кетті. Жеген таяғы ұшына тиді ме, әлде қара жаңбырдың астында денесін суық сорып тастағаннан ба, түннің бір уақытында қызып, аласұрып оянды. Қонақтың қайта-қайта бастығырылып жатқанын байқаған қара кемпір кесеге су құйып алып, басын тізесіне салып, қызудан сандырақтап жатқан жасөспірім баланың таңдайына қасықтап су тамызумен болды.
– Мама, мама, - деп қызудың әсерінен шалықтап сөйлеген Станиславтың басынан сипап, құдайға сиынып:
– Айналайын-ай! Құдай өзі сездіреді деген рас қой! Қарашы «мама, мама» деуін! Мені танып жатыр өзі, - деп күбірлеп сөйлеп, қорғасынын құйып, ұшықтаумен болды. Жасаған ем-домның әсері ме, әлде жас ағза ауруды жеңді ме, қызуы түсіп, беті бері қарағандай болды.
Станиславтың осы бір қараторы жігітке кездесіп, оның табалдырығынан құдайы қонақ болып аттағанына да екі-үш айдың жүзі болып қалған. Қара күзде ағасындай болып кеткен Ғабдыжанмен жол бойында, қара жаңбырдың астында кездесіп еді, қазір - ақ көрпесін жамылған қыс айы. Ғабдыжанның үйелмелі-сүйелмелі Алтай мен Қуаныш есімді ұлдары өзінің туған інілеріндей болып кеткен. Біреуі тізесіне отырса, бірі мойнынан түспейді.
– Өзі балажан екен қарағымның, - деп күбірлеп қояды қара кемпір. Немерелерін жанындай жақсы көріп кеткен «киімшең» баласының бұлар дегенде жанын үзіп беруге әзір тұратыны ішін қарадан-қарап отырып жылытады, қарадан қарап көзіне жас алдыртады.
– Жетімдік деген қайбір жақсы дейсің? Қарағым, әркімнің бетіне бір жалтақтаумен өскен екенсің, ендігі жерде шешеңнің орнына мен бармын, өзің де бірден келгеннен мама деп кеттің ғой, ағаң мен жеңгең барда ештеңеден қысылма, - деп, ақ тайлақтың жүнін иіріп, жемпір тоқып берген. Станиславтың қысылып-қымтырылғанына қарамай, кигізіп, шап-шақ болғанына баладай мәз болған. Одан кейін аппақ қозының жүнінен жүншұлық тоқып кигізді:
– Аяғың жылы жүрсін! Барлық салқын аяқтан тиеді, - деп. Қолына қолғап тоқып берді.
Ғабдыжан ағасының кимей жүрген пәлтесін бойына шақтап, қысқартып берген. Сөйтіп жүргенде, Дәмеш жеңгесі толғатты. Ауруханаға дер кезінде жеткізген. Сәлден кейін медбике күлімсірей шығып: «Ұлды болдыңыз!» деп ағасынан сүйінші сұраған. Қара кемпір келінінің жанының аман қалғанын да, ұл тапқанын да Станиславтың аяғының құтты болғанынан деп ырымдап, көрші-қолаңды шақырып, шәй берген. Сол шәйда ағасы отырып:
– Ал, бүгін қолыңа асық жілік ұстатып, анам сені менің інім деп, жұртқа жариялап отыр екен. Олай болса, біздің де бір қолқамыз бар. Ол – «Славаңды», атыңның екінші буынын менің жаңа туған ұлыма беру. Стасың өзіңде қалсын, Славаңды бізге бер, – деген.
Осыншама елдің назарын өзіне аударып, аяғын жер-көкке тигізбей, мақтап-мадақтап, төбелеріне көтергеніне іштей қысылып, беті қызара түскен Станислав бұл сөзге басын изеп, күліп жауап берген:
– Менен бар сұрайтындарыңыз сол болса, бердім Славамды, - деді толқып тұрып.
Осылай қыс та өтті, көктем келіп, жер аяғы ұзарғасын Ғабдыжан құрылыс жұмысын қайта бастап та кетті. Құрылыстың басы-қасында Стас інісі болғасын ба, бұрынғыдай мазасызданбайды, не болып жатыр деп уайымдамайды. «Інісі бардың, тынысы бар» деген осы екен ғой деп қояды. Сөйтіп жүргенде, Украинаға Станиславтың жеке басын анықтау үшін жіберген анықтамаға жауап та келді, төлқұжаты жақын арада қалпына келтірілетінін хабарлапты. Бұған да үй-іші қуанысып, қара кемпір тағы да көрші-қолаңды жинаған.
– Сен кемпір, «киімшең» балалы болғалы жасарып кетіпсің! Осылай балаларың қуанта берсін! Ұрпағыңның қызығына бөлен, - деген құрдастарының қалжыңын елең де қылмай, қарқарадай ақ жаулығымен бәрінің жөн-жосығын өзі айтып, қуанып жүргені.
Көп ұзамай Станиславтың төлқұжаты қолға тиді. Сол күні кеште анасындай болып кеткен қара кемпірдің, аға-жеңгесіндей болып кеткен Ғабдыжан мен Дәмештің алдына келіп, алғысын айтты:
– Далада қалып, енді өлдім-ау дегенде, құдайдың маған жіберген періштесіндей болып өзіңіз кездестіңіз, аға! Ауырып, сандырақтап жатқанда, жанымда, басымды тізеңізге қойып, қасықпен таңдайыма су тамызып, аман алып қалдыңыз, анашым! Өзімнің туған апамдай қамқорлап, үстімнен түскен киімді жуып, үтіктеп, алдыма адал асыңызды тостыңыз Дәмеш жеңге! Бұл жақсылықтарыңызды өлсем ұмытармын ба? Бірақ, аға, өзіңіз айтқандай: «ер-туған жеріне, ит-тойған жеріне» деген бар емес пе? Рұқсат етсеңіздер мен Украинама оралайын. Сол жерде жүріп, тілектеріңізді тілеп жүрермін. Ата-анамның үйі бар туған хуторымда, Киевтің маңында, сол жерге барып мен де Сіздердің бір үйлеріңіз болайын, - деді жанарын жасқа толтырып.
Станиславты Киевке баратын поезға шығарардың алдында қара кемпір жолашарын жасап, бір қойын сойып, тағы да көрші-көлемді жинады:
– Стасым жол жүргелі отыр. Қанша қиын болса да «есің барда еліңді тап» деген дана сөзді ойыма алып, өзімді тоқтатып отырмын. Балама баталарыңды беріңдер, ақ тілеумен аттансын, - деген даусын барынша нық шығаруға тырысып.
Үлкендер жағы ақ батасын беріп, жастар жағы өзімсіне құшақтап, көңілі бостары көз жасына ерік беріп, Стасты шығарып салған.
Содан бері де айға жақын уақыт өтті. Есіктің алдынан біреу жүріп өтсе, пошташы емес пе деп бұлар жүгіре шығады. Стастан хабар күтіп, елеңдеп, қара кемпір бес уақыт намазында тілегін тілейді «киімшең баласының». Ойда-жоқта есік қағылып, үйге пошташы Ғалия ентіге кірген:
– Ал, апа, сүйіншіңді әзірле! Балаңнан хат келді, - деп.
– Не сұрасаң да қолыңнан қақпаймын, сүйінші деген аузыңнан айналдым, - деген қара кемпір қалбалақтап, өзі де сезбей жаулық ұшын көзіне апарып қалып.
Бәрі отыра қалысып хатты оқыған, Стас Украинаға, туған хуторына аман жеткенін, ата-анасының үйін жөндеп, кіріп алғанын жазыпты. Кешке Ғабдыжан жұмыстан келген соң хат жазды. Ауыл-үй амандығын, Стасты танитындардың сәлем айтып жатқанын қанатына ілген хат Украинаға жөнелген. Сондай күндердің бірінде Стастан үйленетіні туралы хат келген. Тойға шақырыпты. Ғабдыжан жұмыстан сұранып шыға алмаған соң, тойға шашу болсын деп бір қойды сойып, тұздап, етін ыстап, бандероль салып жіберген. Стас та қарап қалмады өзі аулап, тұздаған балықты жіберіпті сәлемдемеге. Енді бірде ұлды болғанын, ұлының атын Қуаныш деп қойғанын хабарлаған. Осылайша Украина мен Қазақстан арасын байланыстырған сәлем хат пен сәлемдемелер легі 90-шы жылдарға дейін тоқтамады. Кеңес Одағы ыдырап, «балапан басына, тұрымтай тұсына» дегендей, нарық қыспағында қалған елдің өтпелі кезеңі тұсында хат та тоқтады. Ғабдыжан сол бір жол бойынан қара күздің жаңбырлы түнінде кездестірген украин інісін өмір бойы еске алумен, сағынумен өткен...
Сол Стас қайда жүр екен?!
26 маусым. 2026
