Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Несіпбек Айтұлы: Қайғым ұзақ ұзын аққан Ертістен.....

22.09.2016 4913

Несіпбек Айтұлы: Қайғым ұзақ ұзын аққан Ертістен...

Несіпбек Айтұлы: Қайғым ұзақ ұзын аққан Ертістен... - adebiportal.kz



740681f7d3c330044434151d9906ddab (1).jpg


Азаттығым


Атажұрттың қазығына байланған соң кіндігім,

Арқандаулы арық аттай шырайналған тірлігім.

Таң атқаннан күн батқанша өз басымен әуіре,

Арпалысқан бұл жалғанда ұғып жатыр кімді-кім?


Қанатымды шаңға малып тіршіліктің қамы үшін,

Тауық та бір, мен де бірмін теріп жеген тарысын.

Бостандықтың бір тал шашы түсер болса егер де,

Қынабынан суырылар қылшылдаған намысым!


Жеткен жан жоқ қуғанменен сұм дүние шетіне,

Пәни менен бақи барда бөлінесің екіге.

Азаттығым, тиер болса суық ызғар бетіңе,

Жүрегімді қалқан етем соққан желдің өтіне!





Ұлы қайғы


Өмір өтті арпалыспен, тартыспен,

Кездерім көп артық кеткен, кем түскен.

Бабалардан – маған дейін ұласқан,

Қайғым ұзақ ұзын аққан Ертістен.


Қасіреттен қаны қайнап қарайған,

Күн астында күңіренген талай жан.

Бізден асып болашаққа жалғасар,

Қалған қайғы Әлішерден, Абайдан.


Ұлы қайғы жанымды жеп жегідей,

Жеті түнде ұлиды кеп бөрідей.

Тірлігіме сонда қатты налимын,

Иттің тісі жырымдаған терідей.


Налыма бекер


Аймалап шуақ маңдайын өпсе,

Түнерген жартас жадырар.

Тамыры сусап, таңдайы кепсе,

Жапырақ біткен жабығар.


Жабырқап, жұртым, налыма бекер,

Мейірімге шөлің қанбаса.

Алланың нұры бәріңе жетер,

Адамның нұры болмаса...


Асуға көз жіберсем


Айналып арман құсы қонды жерге,

Шым-шымдап шымырлайды шерлі кеуде.

Асуға көз жіберсем – қарлы боран,

Көк тайғақ, қия беткей келдік өрге.


Жоқ шығар таусылмас жол, таймас табан,

Артықпыз алдыңғы өткен қай қасқадан?

Не керек көп алдында кердең басып,

Болмасақ серке құрлы қой бастаған...


Тіліңнен у тамшылар


Аспан асты ашықта,

Көзіңді сал қашыққа.

Қарауытса көкжиек,

Түн келеді, асықпа.


Күйбеңдеген тұрмыста,

Түн ұзарса, күн қысқа.

Көргенің көп болғанмен,

Көңілде жоқ бір нұсқа.


«Өгіз аттай желмейді,

Өткен қайта келмейді».

Тас санасаң, құм санап,

Заман ырық бермейді.


Тағдыр дәйім күшінде,

Қасарысқан пішінде.

Бірге өлгенің өзің де,

Арман өлсе ішіңде.


Айтсаң ғана зар шығар,

Тіліңнен у тамшылар.

Тән шыдаса шыдар – ау,

Қайтып бірақ жан шыдар?!


ШӘКІРГЕ СОҢҒЫ САУАЛ


Армысың, асыл киелім,

Өзегі алтын жүйелім.

Еңкейе бермес өзгеге,

Басымды саған иемін.

Ағытсаң жырдың тиегін,

Арынды, ақпа күй едің.

Тілеген жерден табылған,

Табиғат тартқан сый едің.

Дегбіріңді алған дертіңнің

Дауасын таппай күйемін.

Өркеші атан түйенің,

Емшегі мама биенің,

Семгендей шөгіп қалдың ба,

Сықырлап тозған сүйегің?

Өзіңе өзің би едің,

Жапанға жалғыз ие едің.

Шыңғыстың шыңы болмаса,

Арқаңды кімге сүйедің?

Ішінен шыққан аппағым,

Қазандай қара күйенің.

Қалтылдай басып тұрсың ба

Құлама жардың жиегін?

Өледі екен хас тұлпар,

Ернеуге сүйеп иегін.

Толтырған бар ма айтсаңшы,

Тағдырдың тажал бүйенін?

Бұдыры болат бедерлім,

Бағасы қымбат беделдім.

Қарасы өшсе төбеңнің,

Көзімнің жасын төгермін.

Сұқсырдай судан суырылған,

Толқынның төсін сөгермін.

Кімдерді қалай қылмағы,

Қолыңда Тәңір шебердің.

Шоқтығы биік көк шоқы,

Мұжылып, міне, көнердің.

Жұртында қалған көненің,

Қаңқасы едің өнердің.

Айналсаң желге шаңдатып,

Тоқымын қақтың кемердің.

Аспанды кезсең ақ бұлттай,

Асқарға барып бөгелдің.

Оралсаң жерге опық жеп,

Кейпіне кірдің шөгелдің.

Сен де бір кезбе диуана,

Дәм-тұзын татқан көп елдің.

Үкідей ұштың үлпілдеп,

Үстінен сансыз белеңнің.

Адырдан оппа кез келсе,

Аранын жаптың тереңнің.

Үмітті қуып қаңғырдың,

Ұшында кеткен жебеңнің.

Сағымдай ағып сандалып,

Жүргенде, айтшы, не көрдің?

Соңыңа жастан мен ердім,

Соқпаққа түсіп жөнелдім.

Жебелей жортқан көк бөрі,

Сүргінге салсаң, желермін.

Желмая болсаң, жеделмін,

Жер түбін шолып келермін.

Бөртеден шыққан боз болсаң,

Қасқадан туған төбелмін.

Бедеудің белін талдырсаң,

Діңкесін құрттым көбеңнің.

Асырып бұдан не дермін,

Артымды шаңға көмермін.

Атамды айтып кайтейін,

Батаңды алып көгердім.

Ақиқат жолын нұсқашы,

Оғындай түзу береннің.

Жымына тұяқ ілдірмей

Жоғары менен төменнің,

Дулат пен Ақтанбердінің

Кенішін тауып кенелдің.

Шыңырауын көмген шегеннің,

Бұғатын бұзған бөгеннің,

Дауыл кеп діңін шайқады,

Ұялы бұтақ еменнің.

Жанардан жасың бұршақтап,

Көзінен өттің тебеннің.

Бағылан мойын желкеңді

Бұршағы қиды көгеннің.

Бұлауға түскен тобандай,

Бейнет пен сорға бөлендің.

Заманың сиқын танытты,

Меңіреу, мылқау, кереңнің.

Шалқыған көлің тартылып,

Қаңсыған шөлдей кебердің.

Шеңгелі бүріп ішіңді,

Шорланып қатқан шеменнің,

Қобызын тарттың күңіреніп,

Қапаста қайғы жегеннің.

Құтыла қалсаң кісеннен ,

Сәтінде алаң-елеңнің,

Шыға алмай шарлап шетіне

Опасыз дүние дегеннің,

Астыңа мінген ақ атан,

Апарып тасқа шөгердің.

Айтшы, сен сонда не көрдің?

Үркектей қарап алдыға,

Үмітті кері шегердің.

Сен сенбей кеткен жалғанға,

Иланып қалай сенермін?

Сен көнбей кеткен құрыққа,

Жуасып қалай көнермін?

Сен тәрк еткен арбаның

Дәртесін мен де тебермін.

Жанымды қоймас келер күн,

Қарыздың құнын төлермін.

Сен жұтқан удың жұғынын,

Мен-дағы жұтып өлермін.

Тізгінін тұлдыр пәнидің

Артқыға мен де берермін.

Керегем кедей – басқұр жоқ,

Өнегем өгей – дәстүр жоқ.

Қорадан тартар қойымды,

Аңдыған дүлей – қасқыр көп.

Амалын айтып кетпесең,

Көлденең тұр ғой кедергім.

Соңыңнан жетсем жұрдай боп,

Мақшарда саған не дермін?..


ҚҰМЫРСҚАНЫҢ БАЛЫ


(Кіші атам Қыдырмолланың рухына)


Бабам менің шипа таппай бір шыбындай жанына,

Зарығумен көзін жұмды құмырсқаның балына.

Зәру дәрі жатады екен жеті қат жер астында,

Тамшысына татымайтын Қарынбайдың малы да.


Естіген соң есте қалған бұл сөзіме ел сенер,

Қысылғанда жанның құны қолда жоқпен өлшенер.

Құмырсқаның балын тауып берер ме еді кім білсін,

Жерден шыққан Желім батыр мәңгі тірі болса егер?!


Өзгермейтін, көз көрмейтін тіршіліктің тұғырын,

Ажал-дию талқандайды толтырмасаң жұмырын.

Қалың малы Қарынбайдың Атымтайға бітсе де,

Шылбыр бойы ұзарта алмас шолақ жіптей ғұмырын.


Тепкілесе үзілмейтін темір өзек жан қайда,

Гүл-бәйшешек құлпырғанда жауқазын да солмай ма?

Шаба бермей көк шолақты сабалаумен борбайға,

Ей, бейшара, елмен бірге өлеріңді сен де ойла!


Құмырсқаның балын тапсаң кереметтің күшімен,

Алдыңда зыр жүгірейін бақайымның ұшымен.

Сетінеген өміріме сеп болатын түрі жоқ,

Жаралғалы жасыл көлдің кәусарынан ішіп ем.


Маған жаның ашымасын шөліркеген аңызға,

Иесіне қайтарармын алғанымды қарызға.

Сұлық жатқан дүниені шамаң келсе тік тұрғыз,

Таңдайына құмырсқаның балынан бір тамыз да!..


Мүскін пенде


Мүскін пенде, өзіңді-өзің сонша неге қинадың,

Жүрегіңде болмаған соң аузыңдағы иманың?

Астаң-кестең тасығанда аласұрған замана,

Салындыдай суға кетер бұл бес күндік жиғаның.


Сайқал дүние көзіңді алдар қызыл-жасыл боянып,

Абжыландай лебі тартар ентелесең таянып.

Қайта анаңнан туғандай боп тазарасың күнәдан,

Бозторғайдың жырын тыңда, таң сәріден оянып.


Тамылжыған сол бір шақта таңның жүзі албырап,

Рахатқа бөленеді қара тас та балбырап.

Сен де сонда тебіреніп, түбін ойла тірліктің,

Түссең-дағы көк аспаннан екі аяғың салбырап.


Бүктетіліп атыларсың...


Адасқанның көрген күні күн емес,

Қаңғырған жан қайда барып түнемес?

Қайыршының күркесінің шамындай,

Жер түбінен жылтырайды бір елес.


Қайыры жоқ қу тірліктің сәулесін,

Қуа берсең құр бекерге әуресің.

Басың еркін болсын десең, бауырым,

Биік ұста намысыңның кеудесін.


Бұға берсең зұлымнан да, зордан да,

Құтылмайсың азаптан да, сордан да.

Бүктеттіліп атыларсың бөрідей,

Кеудеңе кек, көзіңе қан толғанда.


Патша қызының зары


(Тұран Жолай ханның тоқалы, Қытай патшасының қызы

Шаңгүлдің сіңілісіне хаты. Б.д.589 жылы)


Таң атады, күн батады,

Өмір сырғып жатады.

Қара түнге малынады,

Таңның алтын шапағы.


Көктем менен күз алмасар,

Тірлік заңы жалғасар.

Үлбіреген қызыл гүлді,

Үсік шалып, қар басар.


Дүние опа таптырмайды,

Байлық мәңгі тұрмайды.

Бір күн сынар быт-шыт болып,

Шөлмек мың күн сынбайды.


Дәурен тайса алшаң басар,

Қасыңдағы жан қашар.

Кедейшілік- қабаған ит,

Етегіңе жармасар.


Бүгін шалқып, шаттанасың,

Бал шарапқа қанасың.

Бәлкім ертең лапылдаған

Қайғы отына жанасың.


Бұлт шақырып күн ашықта,

Көкірегіңді тасытпа.

Шолжаңдаған патша қызы,

Күң боласың, асықпа!


Ақ орданың еркесі едім,

Ақ мамықтан төсегім.

Мүсәпірмін енді, міне,

Көрген түстей кешегім.


Жақындайды кім қасыма,

Қарап көздің жасына?

Жылай-жылай қырау түсті,

Мақпал қара шашыма.


Не келмейді қыз басына,

Мені көрсең шошыма.

Тулап жығып, тастап кетер,

Асау тағдыр осы да...


Патша сүйген құл – залым


Ей, жігітім, именбе,

Қанат ұшы күйгенге.

Әділеттің басына,

Қиянат кеп сигенге.

Көне берме отқа сап,

Тобылғыдай игенге.

Төбесінен жай түсір,

Табанында иленбе!

Назаланып қайтесің,

Қу тіршілік күйбеңге.

Дүние кетпес осымен,

Айналаңнан жиренбе.

Алақтайды тажал да,

Ажал қабақ түйгенде.

Патша сүйген құл-залым,

Сүйен, Алла сүйгенге!..


Таң атады


Таң атады, күн шығады,

Құбылмаса Көк Тәңірі.

Тыныс жетпей тұншығады,

Тас астында шөп тамыры.


Шырылдайды босқа жылап,

Оята алмай тау сілемін.

Жоқ қой, әттең, таста құлақ,

Еститұғын даусын оның...


Өзекті өртеп...


Өзекті өртеп шыжғырады мұң шоғы,

Айттырмай-ақ білер дейсің кім соны?

Қалың елді жұртқа тастап тағы да,

Белден асты бұлаңдаған жыл соңы.


Елтігенмен елесіне еліктеп,

Келер күннен халқым менің не күтпек?

Жыл айналса ағайынды жеті жұт,

Жетіп келер бір-біріне серік боп.


Қалжыраған көптің қамын кім ойлар,

Көңіл түбін үңгіп жатқан үрей бар.

Ақ бесіктің үкісіндей үмітім,

Сен үзілсең, босағамда жын ойнар.


Сайтан көзі тереземнен сығалап,

Үйге кірер сұмпайылар сұғанақ.

Түскен кезде ортасына екі оттың,

Кімдер келіп жай-күйімді сұрамақ?..


Ей, тағдырым


Аспанымда күнім жайнап тұрғанда,

Ей, тағдырым, тас түнерме, тұлданба!

Шапағаттың шуағына шомылдыр,

Жаным жылап, жанарға жас тұнғанда.


Мұңын шағар мұңлық біткен тіл барда,

Құлақ қайсы оны бірақ тыңдарға?

Бозторғайды боршалаған қырғидай,

Жүрегімді жұлмалатпа сұмдарға.


Жүгімді артып жылжып өткен жылдарға,

Сынаптайын сырғып кетсем сын бар ма?

Орал тауын он айналып еңіреп,

Алтай тауын алты айналып тынғанда.


Жарылқарын өзі білер кімді Алла,

Құтқарарда қайғыдан да, мұңнан да.

Болмай ма екен тарыққанда бір тілек,

Құлақ кесті, қара табан құлдан да.


Көне қорғаннан табылған тас босағадағы жазу


Ей, жолаушы, жолың болсын әлдеқайда асыққан,

Сыңайың бар суыт жүріп, келе жатқан қашықтан.

Жортқан жанға бұйырады түзден ғана ырыздық,

Сәл аялдап, дәм татып кет,мынау қара лашықтан.


Тіршіліктің мұндай сәті келе бермес ұдайы,

Атыңнан түс, беліңді шеш, қонағым бол құдайы.

Пенде тұр ғой мейманына қызмет еткен пайғамбар,

Бәйек болып, мың бүгіліп, зыр жүгіріп жұбайы.


Көкшолақпен көктей өтіп қазақтың кең даласын,

Алды-артыңа қарамастан, қайда шауып барасың?

Мына жолдың бас-аяғын көзбен көрген ешкім жоқ,

Мәңгі-бақи сабылдырған адамзаттың баласын.


Күймесіне қоңыраулатып қос арғымақ жеккеннің,

Осы жолмен құйындатып өткендерін көп көрдім.

Жаяу қалып бір-біріне жете алмаған мұңлықтар,

Зар жылаған сәлем жолдап қанатынан кептердің.


Атың арып, тоның тозып сергелдеңге түстің бе,

Шалдыққанда, шөл қысқанда сусын тауып іштің бе?

Таңырқама қаны бұзық қарақшыға кезіксең,

Өмір деген қатері көп күре жолдың үстінде.


Барар жерге аман-есен тірегенше ат басын,

Көлденеңнің қырсығынан Тәңір өзі сақтасын.

Бәле-жала байқамасаң балағыңнан кіреді,

Қоржыныңда ширатылып шұбар жылан жатпасын.


Тиянақсыз бұл ғұмырда тағдыр бәрін билемек,

Қайыршы да жолға шығар құр сүлдерін сүйрелеп.

Айдалада домаланып басы қалған талайдың,

Сақалына құжынаған шыбын-шіркей үймелеп.


Сенделгенше сағым қуып сүрлеу-соқпақ ізбенен,

Сұхбат құрып, көңіл көтер біразырақ бізбенен.

Сен ғана емес жұмбақ сырлы, жолы қиын жалғанда,

Диуанадай дүние кезіп, дәтке қуат іздеген.


Бір Аллаға сыйынып


Мезгілінде көктем келе қоймастан,

Қыс аяғы қыбырлайды жай басқан.

Күн күркіреп, жасын ойнап кенеттен,

Кір көйлегін ақ жаңбырмен шайды аспан.


Осындайда бір Аллаға сыйынып,

Құлшынасың күпірліктен тиылып.

Кетсе дейсің дүниені тазартып,

Құдіреттің көк нөсері құйылып!..


Нұр жаумаса пенде қалай күн көрсін,

Уа, періштем, сен келмесең кім келсін?

Мүсіркесең мүскіндерді жанай ұш,

Қанатыңның ұшын сипап үлгерсін!


***


Жүрек шошып шайлығар,

Жеткен сайын сұм хабар.

Шаттық барда – қайғы бар,

Бал бар жерде – у да бар.


Запы қылған заманның,

Қылығы жоқ еш құптар.

Заты қилы адамның,

Достық барда – қастық бар.


Тәңір өзі пенденің

Парасатын пайымдар.

Рас болса көргенім,

Мейір барда – қайыр бар.


Бастау көзі байланса,

Бір жұтым су мұң болар.

Дүние теріс айналса,

Қайырылып кім қарар?


Көз жіберіп қарасаң,

Не жоқ дейсің өмірде.

Бұрқылдайды қара шаң,

Құлазыған көңілде...


Батарсың уайымға


Тәңірі тілекті бермеген соң,

Тағдырдың азабын тартасың.

Шындықтың шырайын көрмеген соң,

Тірліктің түрінен қорқасың.


Ел-жұрты еншіден құр қалған соң,

Талайлар айқасып алысқан.

Не керек жігерің құм болған соң,

Болсаң да айбатты арыстан.


Жеткізбес арманды қуғаннан соң,

Батарсың уайымға, қайғыға.

Әкеден ұл болып туғаннан соң

Атаның жолынан айныма!


Ашу мен ызаға уланған соң,

Ащы дәм кетпейді таңдайдан.

Халқыңның бақыты ұрланған соң,

Бақытты боласың сен қайдан?


Зоопаркте


Қара жерде қарап жүріп қайғырдым,

Аманында аспандағы ай-күннің.

Темір торда зарығады мұңайып,

Кәрі арыстан күнін кешіп маймылдың.


Сол арыстан секілдімін кейде мен,

Тар қапаста туған тілде сөйлеген.

Тәңір жазып, темір тордан шығарып,

Кең далаға қоя берсең қой демен!..


Өзінің тілін


Айтумен жүрміз Азаттық жырын,

Тартумен жүрміз азаптың жүгін.

Өзінің тілін ит те біледі,

Итке бермесін қазақтың күнін!..


Иттен бөрі шықпайды


Кештік дәурен қайран бастан,

Суық қабақ, жат бауыр.

Ит боп қапқан кей жолдастан,

Үрмеген ит тәп-тәуір.


Жаманнан кім жапа көрмес,

Көңіліңнен дәм татқан.

Арамзалар опа бермес,

Арсыз туып, ант атқан.


Шаңның ұшын жел созғанда,

Құйын көкке шабады.

Заман азып, ел тозғанда,

Ит иесін қабады.


Өткен өмір түс емес пе,

Жүз құбылған жалғанда.

Иттің бары түседі еске,

Балағыңнан алғанда.


Сорлы болған пиғылынан,

Байқұсқа шыр жұқпайды.

Май құйсаң да құйрығынан,

Иттен бөрі шықпайды.


Туған бұлақ


Алыстап кіндік кескен жерден жырақ,

Аңсадым атам Айттан, қалған бұлақ.

Өзіңнен айырылғалы секілдімін,

Қоштасып ұшқан аққу көлден жылап.


Тіршілік кімге тұрақ таптырғандай,

Суыңа балдан тәтті кеттім қанбай.

Шомылған айдың нұры тұнығыңа,

Періште түнде келіп бет жуғандай.


Бұралып биге басып балғын құрақ,

Жағаңда жатушы еді шалғын құлап.

Күрсініп көкжиекке қарай-қарай,

Бұл күнде күңгірт тартты көз бұлдырап.


Адам боп жер бетіне жаралғалы,

Дүние мың құбылды жанардағы.

Амал жоқ сылдырыңды сағынбасқа,

Жалбызың болмаған соң жағаңдағы...


КӨРГЕННІҢ БӘРІ ҚЫЗЫҚ


Аударып назарымның бәрін соған,

Кезім көп табиғатқа таңырқаған.

Жайнап тұр күн астында кең дүние,

Жанымды жадыратып жабырқаған.


Тап-таза дала төсі тұнық қандай,

Дауылды шаң көтерген ұмытқандай.

Құстар да қалықтайды биік шалқып,

Қадірін тыныштықтың шын ұққандай.


Жете алмай қолын созған көңіл талай,

Ақша бұлт үлпілдейді ақ ұлпадай.

Аспанда емін-еркін шарласын деп,

Бостандық берген оған Тәңір солай.


Көргеннің бәрі қызық тірі адамға,

Бұлт қонбас шақырғанмен сірә қолға.

Пендедей тірлігіне тәуба қылған,

Жел қуған тағдырына ыразы ол да.



 

Несіпбек Айтұлы,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар