Нобель сыйлығы жайлы ашық әңгіме

Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов пен Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янь өзара хат алмасты. 

293

Нобель сыйлығы жайлы ашық әңгіме - adebiportal.kz

Әлемге әйгілі жазушы, әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янның Қазақстанға жасаған әдеби сапары барысында Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, классик жазушы Төлен Әбдіктің кандидатурасын Нобель сыйлығына ұсыну мүмкіндігі жөнінде пікір білдіріп, өз ұсынысын жеткізген болатын. 

Осы ұсыныс бойынша Мереке Құлкенов Мо Янға арнайы хат жазып, кейін Мо Янь мырза жауап жолдады. 

        Құрметті Мо Янь мырза! Сізге Қазақстан Жазушылар одағының және күллі қазақ оқырмандарының атынан дұғай-дұғай сәлем жолдаймын. Алдымен, жуырда Қазақстанға жасаған әдеби сапарыңыз үшін зор ризашылығымды білдіремін. Астана және Алматы қалаларында қазақ оқырмандарымен, зиялы қауыммен және қаламгерлермен өткізген кездесулеріңіз қазақ-қытай арасындағы әдеби-мәдени байланысты жаңа деңгейге көтерген ерекше оқиға болды. Қазақ тілінде жарық көрген екі кітабыңыз да оқырман қауым тарапынан жоғары бағаланып, үлкен қызығушылық тудыруда. Алдағы уақытта да шығармаларыңыз қазақ тіліне аударылып, кеңінен насихаттала беретініне сенім мол. Есіңізде болса, Астана қаласында өткен кездесуімізде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Төлен Әбдік туралы әңгіме қозғалған еді. Сол кезде оның шығармашылығы Сіздің де назарыңызды аударғанын байқадық. Осы орайда «Төлен Әбдіктің қытай тіліне аударылған «Парасат майданы» шығармасын оқып үлгердіңіз бе?» деп сұрағым келеді. Бұл шығарма өзіндік философиялық тереңдігімен, адам табиғаты мен ар-ождан мәселелерін ерекше көркемдікпен бейнелейтін қазіргі қазақ әдебиетіндегі озық туындылардың бірі саналады. Егер бұл шығарманы әлі оқуға мүмкіндігіңіз болмаса, уақыт тауып танысып шығасыз деген үміттемін. Біз Төлен Әбдікті әлемдік әдебиет кеңістігінде өз орны бар ірі суреткер деп бағалаймыз. Егер оның шығармашылығы Сіздің де жоғары бағалауыңызға ие болса, қазақтың көрнекті жазушысын Нобель сыйлығының иегері ретінде өз атыңыздан мәртебелі Нобель сыйлығына ұсынсаңыз, біз үшін үлкен қуаныш болар еді. Төлен Әбдік – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі ретінде әлемдік әдеби қауымдастыққа кеңінен танылуға әбден лайық қаламгер. Сізге зор денсаулық, шығармашылық шабыт және толайым табыс тілеймін. 

Құрметпен, Мереке Құлкенов, 

Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы 

21 шілде, 2026 жыл 

        Құрметті Төраға Мереке Әбдешұлы! Мен Төлен Әбдік мырзаның «Парасат майданы» атты повесін оқып шықтым. Оқыған кезде үнемі Лу Шүннің «Есалаңның естелігі», Дантенің «Құдіретті комедиясы», Гетенің «Фаусты» және Итало Кальвиноның «Қақ бөлінген виконт» шығармалары есіме түсіп отырды. Сөз жоқ, бұл – өте терең туынды. Шығарма азапқа толы философиялық толғаныс арқылы өмір мен өлім, ізгілік пен зұлымдық сияқты адамзаттың мәңгілік мәселелерін қозғайды. Оқырманды терең ойға жетелейтін, пайымдау кеңістігін молынан ашатын шығарма. Алайда Нобель сыйлығы бір ғана шығарманы емес, жазушының жалпы шығармашылық жетістігін бағалайды. Әрине, кейбір шығармалар қазылар алқасының ерекше назарын аударуы мүмкін, алайда бір ғана повесть арқылы сыйлық алған мысалдар іс жүзінде жоқ деуге болады. Нобель комитетінің мүшелерінің басым көпшілігі шығыс тілдеріндегі шығармаларды түпнұсқадан оқи алмайды. Сондықтан жазушының негізгі шығармалары алдымен батыс тілдеріне аударылып, содан кейін ғана оның еңбектері Нобель комитетінің назарына ілігуі мүмкін. Бұл үдеріс біршама ұзақ уақытты талап етеді. Соңғы жылдары мен негізінен қытай жазушыларын халықаралық деңгейде насихаттаумен айналысып келемін. Сондықтан әзірге Төлен Әбдік мырзаның кандидатурасын ұсына алмаймын. Уақыты келгенде бұл мәселені қайта талқылай аламыз. Маған көрсеткен қонақжайлығыңыз үшін рақмет. Сізге бар жақсылықты тілеймін! 

Мо Янь 

24 шілде, 2026 жыл

 

Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan