Қазақ топырағында дүниеге келіп, талабы мен талантының арқасында күллі әлемге әйгілі болып тарихта қалған тұлғалардың бірі – Әбу Насыр әл-Фараби.
«Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің жан-жақты білімпаз ғалым болғандығы – көптеген ғылым салаларында соқталы еңбектер қалдыруынан айқын аңғарылады.
Әл-Фарабидің шығармашылық ғұмыры тұсында араб әлемінде әдебиет пен музыка өнері гүлденіп дамыған болатын. Сондықтан да Әбу Насыр әл-Фараби осы бағытта зерттеу еңбектерін жазды. «әл-Фарабиді реттік номермен «Әлемнің бірінші ұстазы» емес, «Әлемнің екінші ұстазы» деп атауының мәнісі – ежелгі грек ойшылы Аристотельдің көптеген ғылымдағы еңбектерін өз тұсында қайтадан жаңғыртып тәпсірлеп, кейбір тұстарына тың ой, жаңа идеяларды үстеп қосып жетілдіреді.
әл-Фараби – әдебиеттанушы ғалым. Аристотельдің еңбектерін талдап, оны өз ой-тұжырымдарымен дамытқан ғалым бұл тұрғыда: «Шығармашылық адамы қандай болуы керек? Талант, машықтану, үйрену – бұлардың өзіндік ерекшелігі неде?» - т.б. сұрақтарға жауап іздейді. «Поэзиялық туынды жасаудағы басты материал – тіл мен оның алуан түрлі құрылымы» дей отырып, туынды жаратуда сөз бен оның құрамына назар аудару жөн екендігіне баса назар аударады. Бұл жерде ескере кететін жағдай: әл-Фарабидің поэзия жайлы зерттеулері мен ой қорытулары ежелгі грек, араб пен парсы әдебиетіне қатыстылығы. Осыған орай, кейбір жанр түрлері кешелі-бүгінгі әдебиетімізде болмауы да мүмкін.
Фарабидің жалпы поэзия, ондағы поэтика туралы ой-пікірлерінің ішінде өлең, шығарма жазумен шұғылданушылар туралы тұжырымдар бар. «Поэзия өнері жөніндегі трактатында» Әбу Насыр әл-Фараби өлең жазумен шұғылданушыларды, яғни ақындарды үш санатқа бөлуге болады деп қарастырады. Ғалымның пайымы бойынша, бірінші санатқа жататындар табиғи дарынға және шығармашылық қабілетке ие жандар. Олар әрі өлең оқу қабілетіне, көпшілік жағдайда поэзия жанрында немесе өзге нақты жанрларда керемет салыстырулары бар метафораларды ойлап табу бейімділігіне ие. Ғалымның пікірінше мұндай дарын-қабілетке ие ақындар поэзия өнерінің теориясымен жеткілікті дәрежеде таныс болмаса да, бойындағы тума таланты, дарыны және өзіндік сөз сөйлей білу қабілетіне сүйене отырып, зор танымалдылыққа ие бола алады.
әл-Фараби бұл топқа жататын ақындардың сөз саптауы терең емес, тайыздау, сондықтан ойшыл емес, баяндау тұрғысында жетілу болмағандықтан, мықты негіз қаланбаған деп тұжырымдайды. Бұл топқа бұрынды-соңғы дәуірлерде өмір сүрген қандай ақындарды жатқызуға болады? Біздіңше, «ет пен терінің арасындағы» дерлік өлең-сөзге бейімі бар, ұйқас құрастырып, жыр жазуға талаптанып жүретін талапкер ақындар болар.
Екінші топқа жататын ақындар туралы әл-Фараби мынадай сипаттама жасайды: «Бұл топтағылар – поэзия өнерінің заңдарымен шын мәнісінде таныс адамдар. Олар қандай салаға бармасын, оларға поэзияны жарқыратып көрсету құралдарының немесе поэзия канондарының ешқайсысы жат болмайды. Бұл ақындар салыстыру мен метафораны шебер ойлап табу сияқты керемет қабілетке ие. Мұндай ақындар заң бойынша ойшыл ақын мәртебесін алуға лайықты.» Бұл тұжырымға саятын болсақ, өлең сөздің теориясынан жеткілікті хабары, теория мен практиканы ұштастыра отырып шығармашылықпен шұғылданатын қаламгер осы топқа жататыны сөзсіз.
әл-Фарабидің пайымдауы бойынша ақындардың үшінші тобының сипаттамасы былай: «Алдыңғы екі топ ақындарына және олардың шығарғандарын сақтай отырып, салыстырып, әрі метафорада олардан үйрене отырып, олардың шығармашылығына еліктейтіндер жатады.» Ғалымның айқындауынша: «Мұндай ақындар – поэтикалық тума дарынға ие емес және сондықтан да олар ақындық өнердің канондарын түсіну қабілетіне де ие болмақ емес.» әл-Фараби өзінің ғылыми еңбегінде дарын-қабілеті тұрғысында осы санатқа енетін ақындардың туындыларында кемшіліктер мен қателіктер өте жиі болатындығына тоқталады: «Өнер туындысын жаратушылар тобының әрқайсысы тудырған шығармалар «табиғи жолмен» және «мәжбүрліктен жасалған» болып екіге бөлінеді.» Өнер теоретигінің осы пікірін оқығанда қазақ поэзиясының алыбы Мұқағали Мақатаевтің:
Өлең деген тумайды жайшылықта,
Өлең деген тулайды қайшылықта.
Ақын болсаң жарқыным, алысқа аттан,
Күнделікті тірлікке бой суытпа, -
деген шумағы ойға оралады.
Тағдыр тас жарған талант бермесе де, иненің жасуындай ұйқас құраушылық әуестікті малданып, ақындықтың жолын қуушылықты: «Өзге түгіл өзіңе пайдасы жоқ, Есіл өнер қор болып кетер түзге», -өз тұсында Абай да айтудай-ақ айтып кетті ғой.
әл-Фараби өлеңнің шымыр жазылуы – ақынның шабыт шақыру кезіндегі рухани ахуал-күйіне, идеяның нақтылығына байланысты екендігін айта отырып: «Ең керемет поэзия – ол табиғи жолмен жасалынатын поэзия», - деп тұжырымдайды. «Жазушы болу бір пайыз талант, тоқсан тоғыз пайыз еңбек қажет» дейтін сөз де бекер емес болар. Мақсатқа жету жолындағы темірдей төзім, қажымас жігер-қайрат, былайша айтқанда өлермендіктің де нәтижесі бар. Әлемнің екінші ұстазы бұл жөнінде: «Өлең жазу тұрғысында, кейде табиғи дарындар секілді кездейсоқ ақындар да тамаша өлең жазуы мүмкін», - дейді. екендігін мүлде жоққа шығармайды. Дегенмен Әбу Насыр әл-Фараби мұндай жағдайларды сирек сәттілік тұрғысында қарастырады: «Кейде өнермен кездейсоқ айналысатын адам шын маманның бәсекеге түсуіне қиын болатын өте тамаша өлеңдер жазуы мүмкін, алайда бұл таза кездейсоқтық және сәйкес келу жағдайының арқасында болады, әрі мұндай ақын ойшыл деп аталуы мүмкін емес.»
Бұл тұжырымдармен келісу, келіспеу – әркімнің өз таным көкжиегіне, қабылдау райына байланысты. әл-Фараби жалпы өнерді тұтастықты алып қарастырады: «Өнер туындыларын жарататын адамдардың жан дүниесінде өзара ұқсастық бар. Айырмасы: олардың өмір суреттері мен құбылыстарын қандай тәсілдер формалар арқылы беруінде.»
Қорыта айтқанда ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің поэзия өнер жайындағы айтылған ойлар алда да қаншама ғасырлар өтсе де өз мәнін ешқашан жоймақ емес.
