Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Өлімі де өнеге ғой алыптың...

Өлімі де өнеге ғой алыптың

20.04.2026

138

Өлімі де өнеге ғой алыптың - adebiportal.kz

ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарынан бергі қазақ әдебиетінде Мұхтар Шахановтың орны ерекше. 

Әсіресе поэзиядағы азаматтық үн, елдік сарын Шаханов қаламынан ерекше леп болып төгілді, жігерлі жыр шумақты жан жүйеңді шымырлатар асқақ әуендермен өрілді. Мұхтар Шахановтың арынды ақындығы мен өршіл күрескерлік рухы турасында: «Мен үшін Олжас пен Мұхтар Шахановтың орны бөлек. Халқы да солай қадірлейді. Ақындығын азаматтығы, азаматтығын ақындығы көтерген, елдің сөзін сөйлеп, жоғын жоқтаған, дауласуға бар, бірақ жауласуға жоқ, осындай ұлдары бар, осындай ақындары бар халықта не арман бар?!» - деп қазақтың көсем Димашы, Дінмұхамед Қонаев дәл тауып айтқан ғой.

Расымен де 1959 жылдан тұңғыш өлеңдерін жариялата бастаған ақын Мұхтар Шаханов өзінің ақындық, азаматтық ұстанымымен тез-ақ танылып, әдеби ортада ойып орын алып, аға буын мен өз тұстастарына ерте мойындалып, қалың оқырманына ерте етене бола білген ақын. «Табиғат берген ақындық талантыңа қоса, елім деп еңірегенде етегі жасқа толатын ұлы азаматы бола алсаң, халқың үшін құдайдың бергені емес пе? Мұхтар Шаханов – ақындық толымы талант пен күрескер азаматтық қасиеттердің қорытпасынан жаралған өрелі тұлға. Мұхтардың ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқы дүниеге әкелген айрықша құбылыс екені содан», - деген пікірдің иесі – Қазақстанның Халық жазушысы Сафуан Шәймерденов. Иә, қалай болғанда да Мұхтар Шаханов шығармашылығы өз дәуірінің айрықша құбылысы ретінде бағаланды. Мұхтар Шахановтың рухыңды тас қайрақтай жанитын өткір өлеңдері мен түйінді проблемаларды қаузап, нақты шешімін аңдауды оқырманның өзіне қалдыратын ойлы поэмаларын жұрт жатқа оқыды, сезім қылын тербетер «Жұбайлар жыры», «Туған күн кешінде», Жас қалам», «Гүл дәурен», «Мен саған ғашық едім», т.б. сөзі мен әнін өзі жазған және «Айналайын» (Ескендір Хасанғалиев), Ақ бантик», «Арыс жағасында», «Кешікпей келем деп ең», Өмір-өзен» (Шәмші Қалдаяқов), Мен саған өкпелемеймін (Марат Ілиясов) т.б. мәтінін жазған лирикалық әндерін қаншама буын тамсана шырқаумен келеді. 

Мұхтар Шахановтың танымалдық орбитасы тек қазақ әлемімен ғана шектелген жоқ. Бауырлас халықтар мен кешегі одақтас республикаларда ол өте танымал шығармашылық иесі болды. «Мұхтар Шаханов – өзінің адасқақ дүлей дәуірінің белсенді ар-ожданы. Оны билік тұғырындағылар бағалай қояр ма екен? Бірақ мен осындай азаматтың өзіме жақын дос екенін мақтан етемін!» - деген екен, авардың ұлы ақыны Расул Ғамзатов. Ол алыс-жақын шетелдік небір көрнекті қалам иелерімен теңдесе, иықтаса жүріп, өз халқының рухани әлемін таныта білді. Қырғыздың әйгілі жазушысы Шыңғыс Айтматовпен бірлесіп жазған «Құз басындағы аңшының зары немесе ғасыр айрығындағы сырласу» атты рухани-философиялық, тарихи танымдық, жеке өмір иірімдеріне құрылған эссе кітабында көптеген дүниелер қозғалды. Бұл кітап әлемнің біршама тілдеріне аударылды. 

Төлеген Айбергеновтің ақиқат жаршысы болған ақын-ғұмыр туралы мына бір өлең жолдары Мұхтар Шахановтың күрескерлік табиғатына арналғандай:

Ақын боп өмір кешiру оңай деймісің, қарағым,

Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның.

Көкірегіңе құйып ап әлемнің асқақ бар әнін,

Қосудың арпалысы бұл – тоғыспас жолдар торабын.

Нақақтан күйіп баратса нұрлы күн үшін бір тұтқын,

Кес-кестеп барып кеудеңді оғына тосу мылтықтың.

Қалдырмау үшін ұятқа күнәсіз мынау дүниені,

Жамау қып басу өзіңді аузына барлық жыртықтың.

Иә, ақын болып өмір кешу оңай емес. Мұхтар Шахановтың ақындық, азаматтық өмірі туралы айтылғанда Желтоқсан, Арал-Балқаш қасіреттері, ана тілінің төңірегіндегі тартыс-тайталастар, өзге де сындарлы кезеңдер, оқиғалар ортасындағы арпалыстар еске оралары сөзсіз. «Қалай десеңдер де олай деңдер, Мұхтар Шаханов – ұлт мүддесін қорғаушылардың ең алдыңғы сапында келе жатқан қайсар, тұлғалы ұлы ақын. Кешегі Желтоқсан көтерілісі кезеңінде, ел ерге, ер жерге қараған сын сағаттарда сонау Мәскеудегі қылышынан қан тамған тоталитарлық жүйенің алпауыттарына басын бәйгеге тіге отырып қарсы шыққан, сөйтіп ұлтымызды үлкен әділетсіздіктен қорғап қалған осы жігіт еді ғой. Арал қасіретіне күллі әлемнің назарын бұрған да – Шаханов. Ұлтымыздың ірілі-ұсақты проблемаларының маңында ылғи да осы ақын келе жатқан жоқ па? Тіпті қазіргі өздерің тойлап жүрген «Наурыз» мерекесін де Колбинмен жағаласып жүріп осы бала тірілтпеп пе еді? Елдік мазмұндағы ерен істері үшін бұл дара азаматқа дұрыстап алғыс та айтпаппыз-ау. Алғыс түгілі оның әлем ЮНЕСКО мойындаған шығармалары төңірегінде өз ішіміздегі кейбіреулер жалдамалы жазғыштар арқылы дау-дамай ұйымдастырылып, кедергі жасаумен келеді. Енді тіл мәселесі ауқымында «ертең ұлт боп қаламыз ба, қалмаймыз ба?» деген зарлы күдік алдымызды ораған сәтте тағы да Шаханов орнынан көтерілді. Бұл істе де біз оны қолдамасақ ұтылатынымыз айқын. Өйткені оның түйсігі – таза ақындық пайым парасат пен ұлттық санаға терең тамыр жіберген, жалғандыққа жаны қас шыншыл түйсік!» Қазақтың тағы бір қайсар ұлы, даңқты партизан, Қазақстанның Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің осы бір пікірі де ақынның күрескер тұлғасын, осы жолда атқарған елеулі еңбегін айқындап тұрғандай.

«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған!» Өлмейтұғын сөз қалдырған өршіл рухты ақынның жырларын ел жадында тағы бір жаңғырту үшін танымал туындыларынан топтама ұсынып отырмыз.

Төрт ана

Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала,

Мазмұн жоқта мазмұнсыздық шыға келер ортаға.

Әр адамда өз анасынан басқа да,

Ғұмырына етер мәңгі астана,

Демеп жүрер, жебеп жүрер арқада,

Болу керек құдіретті төрт ана:

ТУҒАН ЖЕРІ - түп қазығы, айбыны,

ТУҒАН ТІЛI – мәңгі өнеге айдыны,

ЖАН БАЙЛЫҒЬІ, САЛТ-ДӘСТҮРІ – тірегі,

Қадамына шуақ шашар үнемі.

Және ТУҒАН ТАРИХЫ.

Еске алуға қаншама

Ауыр әрі қасіретті болса да.

Құдірет жоқ төрт анаға тең келер

Онсыз санаң қаңбаққа ұқсап сенделер.

Өзге ананың ұлылығын танымас,

Төрт анасын менсінбеген пенделер.

Төрт анадан сенім таба алмаған

Тамырсыздың басы қайда қалмаған?!

Төрт анасын сыйламаған халықтың

Ешқашанда бақ жұлдызы жанбаған.

Қасиетті бұл төрт ана – тағдырыңның тынысы,

Төрт ана үшін болған күрес – күрестердің ұлысы.

Отан

Өлімі де өнеге ғой алыптың,

Лұқпан хакім көз жұмғанда

Дөңгелегі тоқтап қалған секілденіп тарихтың,

Қайғысында шек болмапты халықтың.

Қасіретке кім тұрады арашы,

Кім билігін жүргізе алмақ тағдырға?

Осы шақта Лұқпан хакім баласы

Әкесіне арнап жоқтау жыр жазып

Оқып берді қалың жұрттың алдында.

Бірақ жыры ойсыз әрі жалынсыз

Болған соң ба, естілді тым нанымсыз.

Әдет сақтап әрең тыңдап ел тұрды,

Бұл патшаның күрт ызасын келтірді:

- Дүрелеңдер мына арсыз баланы! –

деп ақырды ол жарқ-жұрқ етіп жанары,

- Күнәм қайсы, айтпайсыз ба, әміршім? –

деді бала тас түйіліп қабағы.

- Күнәм қайсы дейсің, ә?

Жүрегіне күннің гүлзар жылылығын жинаған,

Қыран таулы кең даланың ұлылығын жинаған,

Жинағанын адамзатқа жомарттықпен сыйлаған,

Сөйте тұра туған елдің маңдайына сыймаған,

Қасиетті ұлы әкеге өр парасат, ер көңіл

Мұндай жасық жыр жазғанша.

Ақын болмай жерге кір!

Мансұқ еттің ұлы адамның арманын,

Амал нешік, жақсы еді үнсіз қалғаның.

Әкеңді де аямадың,

Өнерді де қорладың,

Екі бірдей қылмыс жасап сорладың.

Мен үшін сен сияқтысың енді мәңгі тірі өлік,

Жазаңды ал да жөніңе тарт - деді патша түнеріп.

Отан!

Қайсар ар-намысым,

Жайсаң іңкәр шапағым.

Перзентте жүктеген қорғанысын,

Сен намыстың ну қалың орманысың.

Сол үшін де шыңнан заңғар атағың.

Тұлғасына табындырған,

Алыс жүрсем сабылтып, сағындырған,

Менің ұлы әкем сенсің, Отаным!

Әкем сенсің - Арман тұлға, Ай тұлға,

Перзенттерің саған деген сағынышын өзінің,

Махаббатын, ең асауи сезімін

Тиісті емес жасық сөзбен, жалған сөзбен айтуға.

Ал, жасықтық — жалынсыздық,

Жалынсыздық — дәрменсіз дарынсыздық,

Жүрген сол ар ақын атын қор қылып.

Және солар қанаттыға тор құрар.

Жалынсыздық - о бастан-ақ сорлылық,

Жалынсыздың барлығы да сорлылар.

Жамылғанмен махаббатты қалқан ғып,

Жалынсыздың түп атасы жалғандық.

Сол жалғандық жаншымағай сананы,

Өнердің де ең негізгі талабы –

Жалындыны мадақтау,

Жалынсызбен күресу боп қалады!

Ісім аздау болса да әлі мандытқан,

Жел өтіне егілген ерен талдай,

Гүлді ызғардан қалқалап келем талмай,

Қаншама рет жалын жасты қорғап қалдым зорлықтан.

Сенің қансыз ұлдарыңның кей кезде,

Маған тісін қайрайтыны сондықтан.

Көк майсалы өнер тауын шаңғытқан,

Күрес аштым жалынсызға, қулықпенен жанды ұтқан.

Білем, содан кедергім көп алдымда,

Жиі жолым болмайтыны сондықтан.

Жылтырағын гауһар деуге тым шебер,

Сүйікті Отан, аз ба бізде дүмшелер,

Оттан қашып піспей қалған күлшелер!

Әркез сені жалғандықтан қорғауға

Бақыттымын, күшім жетіп тұрса егер!

Ғұмыр

Ғұмыр келте деп налисың, досым-ау.

Бұдан миллион ғасыр бұрын,

Жер ғарышқа тең шашып жасыл нұрын.

Мимырт, шабан тіршіліктің құшағында күліпті.

Ал адамдар үш мың жылға дейін өмір сүріпті.

Сан балапан ғасырларды алақанда сөйлеткен,

Ұзақ ғұмыр,

Ұзақ ғұмыр ой неткен!

Жасы қашан жеті жүзге жеткенше

Уыз сәби саналыпты бой жеткен.

Ара-тұра бой қылтитқан Күдікке

Бір жайсаң сөз айта алмапты Үміт те.

Жеті жүзге жасы жетпей, (заң солай),

Үйленуге рұқсат жоқ жігітке.

Бірақ бірде болды оқиға сұрапыл...

Қыз бен жігіт бір өлкеде тұратын,

Қосып арман-тілегін

Қосып мұңын, мұратын,

Тіл бітірер сезімменен тасқа да,

Тек сезімді етіп іңкәр астана,

Жасы жүзге жетпей жатып,

Бір-біріне ғашық бопты, масқара!

Күннен күнге лаулай түскен құштары,

Бұл не пәле салт-санадан тысқары?!

Тумай жатып қағынғаны қалай деп,

Жұрт жағасын ұстады.

Ал жігіттің әкесі айтты:

- Қу, балам,

Ит боп шықтың жақсы атаққа тумаған.

Дәтің барып қалай дәстүр бұзбақсың,

Жұрттан қайда қашпақсың сен шулаған?

Жетер қайғы сыйладың сен өлгенше,

Өлген жақсы бұл қорлықты көргенше.

Ақылға кел,

Үйленбестен қоя тұр,

Тым болмаса, алты жүзге келгенше.

Ел тағлымын аяқ асты төсенбе,

Той аз болмас әлі сенің көшеңде,

Бес жүз жыл күт.

Сонан кейін рұқсат,

Он бес қызды қабат алам десең де!

Жігіт өкси мұңын шақты:

- Болмайды,

Бұл пәлсапаң ақылыма қонбайды.

Тасқа ұрсаң да мендік бейбақ маңдайды,

Әнім ән боп самғайды.

Кәрі емендей қасарыса бергенше,

Қайран әке, ұғынсаңшы, мән-жайды.

Тұйықталса перзентіңнің арманы,

Сені ілер қайғы-мұңның қармағы.

Одан қайта қол ұшын бер, құда түс,

Қыз үйіне бар-дағы.

Бірақ әке секілденіп тас қамал,

Үндемеді.

Таусылды енді басқа амал.

Жаңалыққа көз аз болмас оқталар,

Бой көрсетті тұсаулар мен ноқталар.

Қорғау, қолдау көрмеген соң ешкімнен,

Қол ұстасып тауға қашып кетті олар.

Бұл оқиға шартарапқа жайылды.

Діңге берік қатал қолдар байырғы

Қос ғашық іздеп тауып алды да,

Бір-бірінен айырды.

Енді лезде байтақ аспан тар болып.

Көңіліне ызғар толып, қар қонып,

Күні-түні еңіреді екеуі,

Қас қағым сәт көрісуге зар болып.

Екі ғашық алып ұшып жүрегі

Тағдырынан былай тілек тіледі:

- «Төсте той тарқамаған,

О, Жер-анам, дарқан анам,

Ұл керек пен саған мықты?

Өзгерт онда шабандықты.

Сен үшін бұл қиын іс пе соншалық?

Шабандықта қырсық жатыр қаншалық.

Біздер ұзақ, мағынасыз ғұмырдың

Іш пыстырар мінезінен шаршадық.

Қайтіп тірлік кешеді жұрт самғамай,

Арындамай,

Ағындамай,

Таңдамай.

Махаббатсыз өткен күннің бәрі ізсіз,

Суға жазған таңбадай.

Жүрсек мейлі, қай белесте,

Дөңесте,

Сағынышпен атқан таңның бәрі есте.

Мағынасыз үш мың жылдан

Мағынамен,

Мәнмен өткен,

Махаббатпен,

Әнмен өткен,

Үш жыл артық емес пе?

Егер оны көп десең,

Айналайын алып тұлға,

Құдіретті, жұмыр жер,

Ғашығыма жолықтыр да,

Үш-ақ күндік ғұмыр бер!

Сезінбестей ет кессе де етімнен,

Лапылдайын інжулі іңкәр отыммен

Тек үш-ақ күн,

Тек үш-ақ күн бере ғой,

Сонан кейін басымды алсаң, өкінбен».

Қайсар ғалам жібітіп тас көңілін,

Қос ғашықтың қайтпасын деп меселі.

Жер бетінде адамдардың өмірін,

Отыз есе қысқартыпты деседі...

...Ал сен ғұмыр келте дейсің!..

Тамырсыздану қаупінің тұжырымдамасы

Жаһандану рухсыздығы өз жeңісін тoйлауда.

Сoдан қазір қаншама адам бeйім былай oйлауға:

«Мeн қай тілдe eркін сөйлeп, oқи алам, жаза алам,

Білім, жұмыс, нан таба алам, сoл тіл – мeнің өз анам».

Бірақ қарсы тұжырым бар oсы адасқан байламға:

Біз жалқыны мoйындамай, ұға алмаймыз жалпыны.

Тіршіліктe бір адамды шeксіз сүю арқылы

Адамзатты тану әрі сүюгe жoл табасың.

Жәнe әркім шын қадірлeу арқылы өз анасын,

Ұғар oның сатылмайтын сeзімінің бағасын.

Өз ұлтыңның тілін, салтын, парқын сүю арқылы

Күллі әлeмдік биіккe өрлeп, ардақтайсың жалпыны.

Сан түрлі тіл мeңгeрeміз, айдындап oй қарқыны.

Ал ғаламдық oртақ тілсіз -

Бірлік – гүлсіз, сeнім – нұрсыз,

Бірақ ана тіліңe oның түспeу кeрeк салқыны.

Бұл табиғи жoлдан айну қырсық қаупін өсірeр.

ТАРИХЫҢ ТҰР САНАҢА ӨТКEЛ ТАСТАП,

ӨЗ ТІЛІҢДE OЙЛАУ,

СӨЙЛEУ ТOҚТАЛҒАН СӘТТEН БАСТАП

БҮКІЛ БАБА РУХЫМEН

ҰЛТТЫҚ, ГЕНДІК-АҚПАРАТТЫҚ БАЙЛАНЫСЫҢ КEСІЛEР.

ТАҒДЫРЫҢНАН АТА МҰРА ШАМЫН СOЛАЙ ӨШІРEР.

ӨЗ ТІЛІҢДІ ЖEРСІНБEУДІҢ,

ӨЗ АНАҢДЫ МEНСІНБEУДІҢ

АРСЫЗДЫҒЫ ҚАЙ ДӘУІРДE БOЛЫП EДІ ТАПҚЫРЛЫҚ?

OЛ - РУХИ МҮГEДEКТІК ӘРІ ҰЛТТЫҚ САТҚЫНДЫҚ!

АЗ ҚАЙҒЫ МА, ТАЛАБЫҢДЫ ТҮСІНІГІҢ АЛДАСА?..

МЕЙЛІ ОН ТІЛ, ТІПТІ ЖҮЗ ТІЛ МЕҢГЕРГЕНІҢ ДАЛБАСА

ӨЗ ҰЛТЫҢНЫҢ ТІЛІ МЕНЕН РУХЫ

ОЙ-САНАҢА ІРГЕТАС БОП ҚАЛМАСА.

Ғасырымыз – іздeу, өрлeу, қиратулар алаңы.

Адамзатты қарын мүддe қайда бұрып барады?

Көлшіктeр бар сыртқа ақпайтын,

суын шeткe қимайтын,

Нe бір өзeн, нe бір бұлақ сырттан кeліп құймайтын.

Сoған ұқсас жeкe адамдар, тіпті ұлттар бoлады.

Oл тәуeлсіз мeнмeндіктің бoлашағы жаралы.

Экoнoмикалық алыс-бeріс - нарық ғасыр талабы.

Тeк аз ұлттар ділін, «мeнін» қалай сақтап қалады?

Біз бабалар сүйегіне, сеніміне бақ құрдық,

Бақ құрдық та ұлтсыздық кеңістікке ат бұрдық...

Қатеңді әбжіл түзетпесең толыққанды жоқ тірлік.

Ана тілін қoрғамаған,

Қoрғағанды қoлдамаған

Өз eлінe шыншыл қызмeт eтe алмайды саналы!

Бәрін таптай бeрмeк пe әлдe рухсыздық табаны?

Бұл сұраққа өркeниeт қашан жауап табады?

Әлдe адам бoлашағын тамырсыздық жeңe мe?

Бұған қайсар табиғаттың тағы өзі өнeгe:

Жантақ дeгeн өсімдік бар түйe қoрeк eтeтін,

Тамыры жиырма, oтыз құлаш тeрeңдіккe кeтeтін.

Қызылқұмда бeт қаратпас дoлы дауыл eскeндe,

Құм тeңіздeй тoлқынданып, oңға, сoлға көшкeндe,

Бар қимылы сыртқы күштің ыңғайына құрылып,

Қаңбақ сoрлы тамырынан лeздe oңай жұлынып,

Жeл қайда үрсe, сoлай қарай дoмалап,

Ық пeн сайды, бұта түбін паналап,

Жиі-жиі мeкeн-жайын жаңалап,

Дүниeні өз мұң-зары дeңгeйіндe бағалап,

Тамырлыға қызғанышпeн қарап әрі табалап,

Тұрақсыз күй кeшeтіні oбал-ақ.

Даңққа бөлeп өзі ғұмыр сүріп жатқан кeзeңді,

Жантақ әркeз oрынында қалып қoяр eжeлгі.

Шыншыл рух дарынынан құлқын oзған заманда

Тамырсыздық үлкeн қауіп тудырады қoғамға...

Түсінісу теоремасы

Келіп жатыр, кетіп жатыр дарындар...

Қара бұлттай қайғы жапты бөлмені.

Адамзаттың алғыр, ұлы қыраны

Лев Толстой жатыр еді өлгелі.

Әйелі кеп қолын сүйіп, жылады:

«Тежей алмай мінезімнің тасырын

Өзіңменен өтті жарты ғасырым.

Мен бейбақты кешіре гөр.

Күнәм көп...

Кешіре гөр,

Кешіре гөр, асылым?!»

 

Өткен күнің оймен шолып алыстан

Үнсіз, іштей күбірледі данышпан:

«Жә, кемпірім,

Жасыңды тый,

Жетті енді,

Жылап ешкім қайыра алмас өткенді.

Қаштым сенен...

Саған жақын жүргенше,

Артық көрдім жиһан кезіп кеткенді.

Жалғыз сенен қаштым ба екен мен бірақ,..

Ресейден бөлінбестей болдым-ақ,

Із бастадым күртік қарды омбылап.

Күллі әлемді тамсандырған ақылым

Сенен қолдау таппағаны қорлық-ақ.

Бір шындық бар еншімнің жоқ таласы –

Ұл-қызымның болдың ғазиз анасы.

Қартайғанда түсініспей, әттең-ай,

Жолымыздың қырсыққанын қарашы.

Дей алмаймын: «Маңдайымның сорысың.

Қамқорым боп создың қанша қол ұшын.

Бірақ мені түсінбедің.

Түсінуге және де Тырыспадың...

Кешірмеймін сол үшін,

Кешірмеймін сол үшін...»

Күллі адами пенделікпен алысқан

Қыран ойы тұрақ таппай ғарыштан,

Әйеліне қарап терең күрсіне

Мәңгілікке көзін жұмды данышпан.

 

Қайда, қайда көңіл сырын көзден ұғар нәзіктік?

Үш өлшем бар —

Биіктік пен тереңдік, кеңдік (яки жазықтық).

Бұл үшеуін бағаламау — көзсіздік һәм кереңдік.

Ал түсінбеу...

бақытсыздық болар ол.

Иә, адамдық қатынаста жоқ әлі де сара жол.

Оңай емес,

оңай емес бұл егес,

Қашан болсын бірлік жолы бұрыстау.

Керек десең, түсінбестік – кінә емес,

Қылмыспен тең – түсінуге тырыспау.

Ох, қаншама бұлақтарды жұрт түсінбей суалтты.

Сөйтіп, қанша бәйтеректі қуартты.

Ох, қаншама ұлыларды жұрт түсінбей өлтірді,

Сөйтіп, мына тіршілікке үлкен зиян келтірдің

Бруноны отқа жаққан,

Галилейді сотқа тартқан,

Біржан салдың арқан байлап қолына,

Жылан болып Ұлықбектің иірілген жолына -

Түсінбестік еді ғой.

Соның бәрі адамзаттың сорына.

Түсінбестік аз жайды ма қанатын?

Мұнан асқан нала бар ма?

Ұлы Абайды сабаған да

Түсінбестік болатын.

Талантына тамсандырған талайды

Жазған шақта Әуезов сол "Абайды"

«Бұл туынды шыға алмайды белеске», -

Деп құлшына қарсыласқан,

Қияс ойға қамшы қосқан

Тағы да сол түсінбестік емес пе?!

Ал Әуезов жолсыздыққа бұл сынды

Ызалана қол сілтеп,

Іштей, үнсіз күрсінді:

«Түсінетін халық аман болсын», - деп.

Өткен – өтті.

Бірақ бәрі есепте.

Қандай азап,

Қандай азап – ұғыспау.

Түсінбеген кінәлі емес десек те,

Қылмыспен тек – түсінуге тырыспау.

Түсінбестік – секілді бір көк тұман

Сол көк тұман тудырады көп күмән.

Бір жас дарын көтерілсе мінбеге,

Жұрт түсінбей қалмаса екен деп тұрам!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan