Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
«Отан деп соққан жыр жүрек»...

«Отан деп соққан жыр жүрек»

325

«Отан деп соққан жыр жүрек» - adebiportal.kz

Астанада «Radisson» қонақүйінде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын, жазушы, драматург, публицист Ақылбек Қожаұлы Шаяхметтің шығармашылық кеші өтті. Аталған рухани-мәдени іс-шара қаламгердің 75 жылдық мерейтойына қатысты ұйымдастырылған екен.

Шығармашылық кешке Қостанай облысының әкімі Қ. Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімінің орынбасары Ж.Жұмағұлов, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қ.Бегманов, халық ақыны Ә.Беркенова сондай-ақ әдебиет пен мәдениет саласының белгілі өкілдері, ғалымдар мен студенттер  қатысты. Алғаш болып сөз алған Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов былай деді. 

«Қадірлі зиялы қауым! Көрнекті ақын, жазушы-драматург Ақылбек Қожаұлы Шаяхметтің шығармашылық кешіне қош келдіңіздер! Ақылбек ағамыздың есімі ұлттық әдебиетіміздің дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан қаламгер ретінде кеңінен танымал. «Ақында адамзаттан дос болмайды, Жалғыз-ақ сыр сөйлейді қаламына» деп әйгілі Мағжан Жұмабаев жырлағандай, Ақылбек Шаяхмет бала кезден қасиетті қаламды жанына серік етіп келеді. Шоқтығы биік шығармалары арқылы халқымыздың рухани әлемін байытып отыр. Қазақ әрқашан ақынын ардақтаған ел. Қара қылды қақ жарған тура мінезді тұлғаларын құрметтеген.  Ежелден халықтың мұңын жоқтаған қаламгердің қоғамдағы орны ерекше. Ақын – ұлттың жүрегі, рухани  көшбасшысы. 

Ел тарихындағы әрбір кезеңде заманның бір-туар тұлғалары қоғамды бірлікке, оқу-білімге, ақиқатты тануға шақырған. Кешегі зар заман ақындарынан бастап, Абай Құнанбайұлы, Алаш арыстары, өткен ғасырдағы көрнекті тұлғалар ел мүддесін, ұлт рухын биік қойған. Бір сөзбен айтқанда атақты Жамбылдың «халық — менің шын атым» деген қағидатты ұстанған даңқты тұлғалардың басты мақсаты - елге қызмет ету. Ақылбек Қожаұлының шыншылдығы, ақиқатты ардың ісі деп тануы рухани ортасына тікелей байланысты. Қостанай жері кешегі Тәтіқара, Ақсұлу, Сейітжан, Нұржан, Омар Шипин, Ғафу, Сырбай бастаған ақын - жыраулардың мекені. 

Ақылбек ағамыз – осындай рухани бай ортадан тәлім алды. Мерейтой иесінің қаламынан туған 70-тен астам кітап қазақ әдебиетіне қосылған баға жетпес рухани қазына. Біз өз тарапымыздан ардақты ағамызға әрдайым қолдау көрсетіп келеміз. Сәуір айында Қостанай қаласында ағамыздың  жаңа 14 томдық шығармалар жинағының салтанатты тұсаукесері өтті. Ақылбек Қожаұлы ақындығымен қатар, драматург ретінде де көпке белгілі. Еліміздің театрларында халқымыздың көрнекті тұлғаларын сомдаған бірнеше қойылымдары сахналанды. Сонымен қатар, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып Ана тіліміздің өркен жаюына, зерттеуші ғалым ретінде өңірімізден шыққан тарихи тұлғаларды ұлықтау жұмысына да сіңірген еңбегі орасан.

Ал бүгінгі кештің еліміздің орталығында өтуінің мәні зор. Ақылбек ағамыздың мерейтойын бір облыстың ғана емес, барша қазақтың қуанышы деп айта аламыз. Сөзімізге дәлел, осы ортаға зиялы қауымның үлкен шоғыры қолдап келіп отыр. Соның ішінде Тобыл-Торғай аймағынан шыққан қоғам қайраткерлері, ел жанашырлары да бар. Баршаңызға зор алғысымды білдіремін! Алдағы уақытта да ел рухын көтеретін, ұрпаққа ой салатын тың туындылар жаза беріңіз. Сізге шалқар шабыт, толағай шығармашылық табыс, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін» - деп сөзін тәмамдады.

Сондай-ақ бағдарлама аясында Қостанай өңірінің рухани-мәдени дамуы мен жетістіктерін қамтитын бейнебаян, сондай-ақ Ақылбек Қожаұлы Шаяхметтің өмір жолы мен шығармашылық қызметіне арналған арнайы бейнебаян көрсетілді. Бұл материалдар арқылы қаламгердің азаматтық болмысы, әдебиеттегі орны және қоғам алдындағы еңбегі кеңінен таныстырылды. 

Іс-шара барысында «Айналайын» балалар хорының орындауындағы музыкалық тарту көрерменге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар Елубай Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды. Кеш барысында қазақтың белгілі қаламгерлері мен ғалымдары Ақылбек Қожаұлының шығармашылығы жайында ақжарма пікірлерімен бөлісті. Кейін сахна төріне кеш иесінің өзі шығып, ғылымдағы әрі қаламгерлік жолы туралы  айта келіп, бірнеше өлеңдерін оқыды.

Енді ақынның осы шарада сөйлеген сөзін толықтай назарларыңызға ұсынуды жөн санап отырмыз. 

«Мен кезінде арпа ішінде бір бидай болған, орысы көп, қазағы аз өңірден, бірақ, қазақтың кемеңгер ойшылдары мен қайраткерлері туған өлкеден, Ыбырай мен Шоқанның елінен, Алаш арыстары Ахмет пен Міржақып, Елдес пен Әлжан, Мырзағазы, Сейдәзім, Ғазымбек, Мұхтар Мурзин, сахна саңлақтары Серке, Елубай, Қапан, Би-ағаң мен Мариям ана, халық ақындары Омар Шипин мен Нұрхан Ахметбеков, қазақтың талай батыры мен ақыны, ғалымы шыққан құтты қоныстан, айта берсем сан жетпейді, келіп отырғаныма, солардың ізін жалғағаныма тәуба деймін. Бүгінгі кешке уақыт тауып келіп отырған баршаңызға шексіз алғысымды білдіремін. Сіздердің көпшілігіңіздің аттарыңызды атап, түстеріңізді түстеп жатпай-ақ қояйын. Маған қолдау білдірген, туындыларымды оқыған азаматтардың барлығына рахмет айтамын. Кеше кітап көрмесінен көрген он төрт том шығармалар жинағымды шығаруға моральдық жағынан да, материалдық жағынан да керемет көмек көрсеткен Қостанай облысының әкімі Құмар Іргебайұлына өз ырзашылығымды білдіремін. Кітаптарды шығарып қана қоймай, Астана төрінде әдеби кешімді өткізуге бастамашы болған әкімнің бұл қызметі тек маған ғана емес, қазіргі өміршең, келешегі кемел қазақ әдебиетіне жасалған құрмет деп түсінемін. 

Осы арада күні кеше аудан әкімі болғанда аты аңызға айналған Жабағы батырға ескерткіш қойғызып, ас берген Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қауез Торсанұлына, Ыбырай Алтынсарин бабамыздың ескерткішін қойып, мазарын қалыпқа келтірген, Алаш арысы Елдес Омарұлының шығармалар жинағын шығарып берген облысымыздың экс-әкімі Архимед Бекежанұлына, Қостанайда Қобыланды батырдың ескерткішін қойдыруға ат салысқан Сағадат Нұрмағамбет атындағы қордың басшысы Махмұт Ыбырайханұлына, Қарабалық батырдың еңселі ескерткішін орнатуға белсене қатысқан Әділбек Жақсыбековпен бірге қызмет жасаған қоғам қайраткері Серік Рыскелдіұлына, Бейбарыс бабамызға және сайыпқыран алыптарымызға  Аспан астындағы мұражай  орнатқан Сапар Ысқақұлына, Бейімбет Майлин атындағы аудан әкімі болғанда көрнекті жазушының есімін ауданға беру шешіміне үлес қосқан Бақберген Өтеулинге мың алғыс айтқым келеді. Өйткені, ақыны әкімге барып сәлем берген елдің маңдайының соры бар, әкімі ақынға барып сәлем берген елдің маңдайының бағы бар. Осы залда Қазақстанның еңбек ері атағын алған екі бауырымыз Сайран Бұқанов пен Алмат Тұрсынов отыр. Олар Қостанайдағы Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрында қойылған және өткен жылы «Ерлік пен еңбек дастаны» әдеби байқауында жүлделі болған пьесамның кейіпкерлері. 

Топтан озсаң көз тиеді, артта қалсаң сөз тиеді. Тіршілікте төрт амал бар. Алу, қосу, бөлу және көбейту. Еңбектің арқасында аларын алып, ел-жұртына берерін беріп, несібесін көбейтіп, мұқтаждарға табысын бөліп беріп жүргендерге мың алғыс! Еліміз көркейе берсін! Жаратқан Сіздерге жар болсын! Бұл күнге жеткен де бар, жетпегені де бар. Менің алдымда жүрген, аға ғана емес, замандас, қаламдас болған ағаларым бар еді. Өткен жылы Бақыткерей, биылғы жылы Кеңшілік ақын сексенге келер еді. Олардың екеуінен де ертерек көз жазып қалдық. Алайда, артында өлмейтін, өшпейтін жырлары қалды. Оларға иман байлығын берсін.

«Атқан таңым, шыққан күнім, туған – Ай, Сендер барда мен болмаспын қу маңдай» деп толғанған, Бақыткерей Ысқақтың сүйген жары Жанар ханым Алматыдан келіп отыр.

«Қарағым, біздің баста да,
Қарлығаш дәурен көп тұрмас.
Құласақ жер ғой – баспана,
Жер бізді көкке лақтырмас» деп жырлаған Кеңшілік ағамның перзенті, әйгілі әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы арамызда отыр. Алла сіздерді қолдап, қорғап жүрсін! 

Осы арада отырған қазақтың көрнекті ақыны Серік Тұрғынбеков:

Елдіктің барады өрге бағы жанып,
Ерліктің қара жерде табы қалып.
Шешіле сыр шертеді қарт Қостанай
Төсіне қос орденін тағып алып.
Қысында сары аязы сақылдаған,
Жазында аптап от боп лапылдаған.
Батырдың есіміндей естіледі
Қостанай деген мынау атың маған.
Төбемде жарқыраса аспан - әйнек, 

Төменде жатыр жолдар таспадай боп.
Қолыма ақ наныңды ұстап тұрып,

Төменде жатыр жолдар таспадай боп.
Қолыма ақ наныңды ұстап тұрып,

Ішімнен күбірлеймін «Қостанай» деп жырлаған Қостанайда міне, елу бес жыл бойы тұрып келемін. 

Діндар дәуір әдебиетінің маңдайалды өкілі, тақтақ ақын Нұржан Наушабайұлының кітабын шығарғаныма шүкіршілік етемін. Оның назымдары мен термелерін, әндерін насихаттауға айрықша үлес қосқан Алмасбек жырауға да алғысымды білдіргім келеді.

Нұржан ақын:

«Жанына өлшеп балаған,
Бес қыпшаққа қараған.
Үй, Тоғызақ, Әйет пен
Орман, ағаш, неше көл,
Тобылменен арада
Жұртты жаман болдырды,
Ит абалап қабаған.
Қара қазан, сар баланың
Бір адам жоқ бұл жұртта
Қамын ойлап жылаған...
Жайлау, қыстау, жерді алып,
Көңілді қылды жаралы.

Ұйықтама, оян, Алашым» деп толғанса, пойызбен Орынборға қайтып келе жатқанда алашордашы Елдес Омарұлы Сәкенге: «Бұрын Алашорда едік, енді Қызылорда болдық. Қазақ үшін қызыл, жасыл, ақ түстің айырмасы жоқ. Ең бастысы Орданың бауыры бүтін болғаны» деген екен. Сол аруақты азамат айтқандай еліміз аман, жұртымыз тыныш, қашанда бауырымыз бүтін болсын деймін».

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan