МОЙЫНДАУ
Алып ұшар қанатымның жоқтығын,
Аспан салды есіме.
Шындығы сол,
Шымшық құрлы жоқ құным,
Шіренемін несіне?
Жасын төгіп жылайтынын аспанның,
Жаңбыр салды есіме.
Тақтан бір күн құлайтынын патшамның
Тағдыр салды есіме.
Тағатымның,
Төзімімнің жоқтығын,
Таулар салды ойыма.
Таудай күнә арқалаған дерттімін,
Тараған у бойына.
Обал-сауап, сұрақ-жауап, ар сотын,
О, дүнием салды еске.
Таразылап ғұмырымның әр сәтін,
Тәңір-Ием салды еске.
Салмағымның,
Сабырымның жоқтығын,
Салды есіме Қара жер!
Түсіреді өмірімнің көп күнін,
Тәубесіне Қара жер!
Қара жердің болмайтынын түбі ырыс,
Қабір салды есіме.
Топыраққа айналарын бір уыс,
Тәнім салды есіме.
Теңіз-көлдің
Тереңдігін,
Тулаған
Толқын салды есіме.
Ал мен таяз ой-санамен бұлданам,
Айтыңдаршы, осы не?
Жабырқаулы
Жалғыз ару салды еске,
Махабаттың жоқтығын.
Махаббаты өлген оның сол кеште,
Мұңға беріп шаттығын.
Сырға берік шын достықтың жоқтығын,
Салды есіме сатқындық.
Болмаған соң сенім мықты, серт мығым,
Бәрі бекер, боқ тірлік!
Адамдарда ақиқаттың жоқтығын,
Айтты маған қар әппақ.
Өзегімді өртейді кеп от-мұңым,
Өмірімді парақтап…
Алып ұшар қанатымның жоқтығын,
Аспан салды есіме.
Шындығы сол,
Шымшық құрлы жоқ құным,
Шіренемін несіне?
***
Қараңғыда келеді ой шұбырып,
Қара терге түсемін бой суынып.
Жұлдыздардың
жарығын
жұтады түн,
Түннің өзін ішеді Ай сіміріп…
Аққан жұлдыз секілді сөнді бір ой,
Сөнеді олар, сөнеді…
Белгілі ғой.
Жаңғырықтың ішінде жүргендеймін,
Мәңгіліктің мұңы емес мендік үрей.
Көз үйренген құбылыс…
Күнде көрем,
Арызымды айтпаймын түнге керең.
Тұтам ойдың айналып тұтқынына,
Өзімді-өзім қамаймын түрмеге мен.
Қақтап отқа,
Қайнатып қазаны ойдың,
Өзімді-өзім жазғырып жазалаймын.
Сосын, таңға талықсып жетеді әрең,
Таза мұңым,
Таза ойым,
Таза қайғым.
Бір ойымда жоқ мұрат, жоқ мінәжат,
Бір ойымнан шошынып тарттым азап.
Бір ойымды жоғалтып аламын да,
Бір ойымнан табамын сәтті ғажап.
Тас қараңғы түнекке көз байланып,
Қоламтасын үрейдің қозғайды анық.
Құрсағынан шықты да суық түннің
Тағы бір ой жоғалды сөзге айналып.
***
Махаббатқа ұқсайды мына көктем,
Мәңгілікке келмеді ол бірақ, әттең…
– Оны саған кім айтты? – дейді, жүрек,
– Жаңбыр айтты! – деймін мен, жылап өткен.
Сағынышқа ұқсайды осы көктем,
Сағыныш та тұрады қасіреттен.
– Оны саған кім айтты? – дейді, жүрек,
– Сезім айтты! – деймін мен, ғашық еткен.
Арманыма ұқсайды анау аспан,
Ол да алдамшы жеткізбей ала қашқан.
– Оны саған кім айтты? – дейді, жүрек,
– Жолым айтты! – деймін мен, көп адасқан.
…Кеудемді ұрып тұратын кейде ақырын,
Неге бүгін жүрегім беймақұрым?
Өтіріктен жалығып кетті-ау, сірә,
– Оны саған кім айтты? – дейді, ақылым!..
ЕРТІС
Сырыма қанық... Ертіс ағады,
Сүйген сәт есте ең алғаш.
Өзекті бүгін өрті шалады,
Өткен күндердің оралмас.
Ертегі сынды Ертіс ағады,
Елесі сіңіп санама,
Жанымның жалғыз дерті сол әлі,
Жан қалқам қалған жағада.
Тұп-тұнық толқын... Ертіс ағады,
Тұла-бойымды толқытып.
Жазира белдің желпі, самалы
Жусанның иісін аңқытып.
Екпіндеп алып Ертіс ағады,
Ерке күндерге дес бермей
Шабытсыз шақтың шер-құса бәрі,
Шарасыз ғұмыр кешкендей...
Тұнжырап кейде Ертіс ағады,
Тулайды қайта тыншып ап...
Баурайды сосын көркі сананы,
Байғазысына жыр сұрап.
Ай қарап көктен... Ертіс ағады,
Аймалап сәуле-шуағы.
Ақынның бір сәт толқыса жаны –
Ақ қанат өлең туады!
ӨСКЕМЕН
Көне жылдар көшінде анау,
Кештің ғұмыр жат кешпеген.
Өткен күнде өшің бар-ау,
Өкінішің қатты, Өскемен?!
Қадір тұтпа бақты құнсыз,
Қалай, қайтіп тарқар қайғың?
Құса-мұңға баттың үнсіз,
Құшағында қарт Алтайдың.
Алтай, Алтай – алтын бесік,
Аспан сүйіп тұрған таулар
Басыңнан дүр – даңқың көшіп,
Басынды-ау кеп кіл қорқаулар.
Есең кетті… Күндер ұзап,
Емін таппай дерт іштегі.
Елмен сонда бірге жылап,
Егіле аққан Ертіс пе еді?!
Жағадан ап мың батпан мұң,
Жау да көрдің, дау да көрдің.
Артынан қол бұлғап қалдың,
Арғы бетке ауған елдің.
Үмітін де үзді бауыр,
Үнсіз налып, Үлбі жаны.
Қорғасындай біздің ауыр
Қайғымызға кім кінәлі?
Қазып алды неше бөтен,
Қазынаңды қойныңдағы.
Қашан ғана шешеді екем?
Қыл арқанды мойныңдағы…
…КЕРІМ
Сал көктемнің қоңыр кеші.
Кездесудің әсері әйбат.
Сен еркелеп өмірге осы
Келе жаттың көше бойлап.
Келе жаттың кердең басып,
Көрініп-ақ көзге әдемі.
Сол сәт бір ой кеудемді ашып,
Сабырымды қозғап еді…
Жүздесу бұл бірінші рет,
Қарайлайсың жылып бейнең.
Бір жағынан күлімсіреп,
Бір жағынан күдікті оймен…
Жаның балқып күн көзіне,
Жайлы қандай жымиғаның,
Жарасып-ақ тұрды өзіңе,
Жұпар шашып гүл – иманың!
Қиылған қас арасынан
Қос нүктедей көрдім меңді.
Көрімдік қып мен осыған
Көк аспанды бергім келді.
Саған қарап ой көшінен,
Кейпіне еніп бақытты ердің.
«Арманымның бейнесінен»
Арнап өлең оқып бердім.
Болмас, сірә, өмірде тең,
Сенім, сезім – ол екі ұғым.
…Сағынамын дедім ее кем,
«Сағынышты» неге оқыдым?
Жанарымнан тайғанап мұң
Бара жатты…
Кездескенде
…Тылсым, терең ойға баттым,
Түсіне алмас өзге еш пенде.
….Ал, сен ше?
ЕЛГЕ БАРСАМ…
Еее, өмір-ай, арылтпай мұнар мұңнан,
Сағынышқа сарқылмас сыңар қылған.
Елге кеткім келеді,
Елге барсам
Елең қағып шығады кім алдымнан?
Кім алдымнан шығады елге барсам,
Туып-өскен,
Түлеген жерге оралсам
Еркелетер таба алмай екі адамды,
Басылмайды-ау бәрібір мендегі аңсар.
Елге барсам,
Басына шыт байлаған,
Баяғыдай алдымнан шықпайды анам.
Көне қорым көзіме түскен сайын,
Көңіл босап боздауық бұлтқа айналам.
Баяғыдай ауылда әкем де жоқ,
Тура сөйлеп сынайтын қатемді өжет.
Өткелінен өткізбей жұтты оны да,
Өлім деген - қатыгез, қатерлі өзек.
"Анаңыздың қолынан дәм татып ек,
Ал, әкеңіз талайға арқатірек
Болып еді!" - деп көрші еске алады
Елге барсам,
...Ескі үйге қорқа түнеп.
Екі бейне сол сәтте-ақ елес беріп,
Ести бергім келетін көп естелік.
Егілгенде жұбаныш бола алмадың,
Еее, өмір-ай, өз балаң емес пе едік?!
Өмір, өмір өтеді-ау сірә да, өстіп
Бірде күліп, ал бірде жылап, өксіп,
Көңіл сенбей көп іске құлазиды,
Тұрсадағы көз көріп, құлақ естіп.
Көзден емес жүректен жас моншақтап,
Көкке қарай беремін жасқаншақтап.
Түбі -
Кеңдік,
Биіктік,
Мөлдірлікті,
Сақтап қалса қалады-ау аспан сақтап!
***
Кірпігіңді кіршіксіз шылап мұңмен,
Күн-түніңді өткіздің жылап-күлген.
Мүмкін… «Әлсіздігің» деп кінәларсың,
Сенің жалғыздығыңды ұнаттым мен.
Ұнаттым мен…
Құлазып, көп күрсініп,
Кейде қанат біткендей көкке ұмсынып.
Жалғыздықтан жаныңды құтқара алмай,
Тұңғиыққа өзім де кеттім сіңіп…
Дауа болмай дертіңе даңғаза түн,
Ауыр мұңнан арылып таңға жақын,
Айдай сұлу кейпіңде көз ілуші ең.
Жырға айналып бір сәтте мен жазатын.
Сен әлемді ұмытып, әлем – сені,
Көңіліңнің тарқайтын әрең шері.
Терезеңді түн қақса, беймаза мұң,
Үнсіздікпен басатын тағы еңсені.
Күздей болып күңіреніп, жазың жүдеп,
Кінәлама, айттың деп, назыңды көп.
Менің жалғыздығымның жалғыз ғана,
Жұбанышы – сендегі нәзік жүрек!..
Кетердей-ақ құрдымға құлап мүлдем,
Түседі еске кей күндер жылап-күлген.
Менің әлсіздігім бе, кім біледі?!
Сенің жалғыздығыңды ұнаттым мен…
АУДАРМАЛАР
Аскар Хакимнен
Тәжік ақыны
ШӨЛДЕГЕН ЕКЕУ…
Қылығына қырық бұрым жарасып,
Ару келді ақ бұлаққа асығып.
Күн нұрындай мөлдіреген қарашық,
Қала алмады жанның шөлін жасырып.
Бұлақ оның шөлін басар қаншалық,
Бір-ақ сәтте күйі тоқтап дамылсыз,
Төніп келген сұлулыққа тамсанып,
Саябырсып тына қалды сәл үнсіз.
Бұл кездесу – бір ғажайып тұнық ән,
Қос мөлдірлік бір-бірінен сыр ұғып:
...Қыз бұлақтың қанып ішті суынан,
Бұлақ қалды кыз демінен жылынып.
АҚЫРҒЫ КҮН ЖЕТКЕНШЕ...
(Константин Бальмонт)
Бәлкім, менен алыстап сен кеткенде,
Күрсінермін...
Сұп-суық көр боп кеуде.
Ғұмыр бойы...
Мейлі, ол - шермен бітсін,
Ең соңғы күн жеткенше сен мендіксің!
Білем, келер тың сезім...
Тәтті деумен
Тағы қиял құшарсың жат біреумен.
Бірақ, есте кешегі күліп бейне,
Үзбейді ескі махаббат үміт кейде.
Азап та бар, бір сәттік ләззат та бар,
Сәулесінде сол күннің...
Ғажап болар;
Басқа жанның тұрса да елесі ұнап,
Сен селт ете қаласың.
Мені есіңе ап!...
ЖАЛЫН...
(Константин Бальмонт)
Жоқ.
Тезірек кет.
Жоқ енді ғұмыр құны.
Шаттыққа да шақырма. Ұғын мұны:
Жақсы көру?
Жақсы көріп, өксіп өлу -
Міне, бұл - махаббаттың сұлулығы.
Мен сені сүйсем, сүйем бір-ақ сәтке,
Сосын кетем алыстап. Жылап, сөкпе.
Күнің сөніп...
Қайтпексің мен кеткен соң,
Тас төбеңнен түнек-түн құлап кетсе!..
Сүймеймін.
Аяймын.
Көңілде алаң да көп,
Сезіміңді күйретіп алам ба деп...
Қаш тезірек ғашық боп қалмау үшін,
Саған сені сүйетін адам керек.
Қəуіптімін.
Мезгілмін көктемі жоқ.
Балауса арман қалмасын текке жүдеп.
Жылынамын деп кіріп құшағыма,
Жанып кетіп жүрерсің...
Кет тезірек!
Роберт Бернстен
МАХАББАТЫМ СИРЕНЬ БОЛСА...
Махаббатым сирень болса – ғаламат,
Хош иісті аспан түске ұқсап Бақ.
Ал, мен болсам құстай оны паналап,
Алар едім қанатыммен құшақтап.
Қыста сирень болмағаны, ...Қандай мұң?
Жаным күйіп, жабырқап та қалар ем.
Мамыр келіп ол гүлдесе, сайраймын
Қанатымның астында қап бар әлем.
Махаббат боп тас қалада бүрлеген
Қызыл раушан, тұрса шіркін! Елжіреп.
Тамшы болып тамып түсіп гүлге мен,
Тұрар едім омырауында мөлдіреп.
Жапырақтар жібектейін тым нәзік,
Арасында арман құшып түнімен.
Таңда ұшамын қанатымды бір жазып
Бұл – бір ләззат.
Жеткізе алман мұны мен
Суреттер ғаламтордан алынды
Автор туралы:
Қалқаман САРИН - Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ҚР «ДАРЫН» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты «ШАЛҚАР» ұлттық радиосының директоры.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.