30 cәуір. Көктемнің осынау жайма-шуақ күнінде қазақ әдебиеті мен мәдениеті үшін еңбектерін арнаған Төрежанов Мәдіхат, Нұрманов Ақан, Оразалы Сұлтан сынды тұлғалар өмірге келген.
Мұхтар Әуезов «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп еді. Ұлттың жарқын болашағының бірден бір кепілі – сауатты ұрпақ тәрбиелеу екен сөзсіз. Ал сол білім жолындағы балалардың жасаған алғашқықадамдарының серігі әліппе – кемелді келешектің негізі болып қаланары хақ.
Төрежанов Мәдіхат – жазушы, қазақ мектептеріне арналған әліппенің авторы. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай ақын ұстаздың ұлы тұлғасын өз шығармаларында ұлықтап өткен екен. Мәдіхат Төрежанов – өнегелі ұстаз, дарынды педагог. Оның «Бітпеген ойын», «Тең ойын», «Шегіртке мен ара», «Қанатбек пен Жанатбек», «Кім ақылды», «Түйе қалай өз көлеңкесін жоғалтты» атты кітаптары кішкене оқырмандарының көңілінен шығып, жүрегіне ұялап, санасында зерделенген болатын.
Жалпы қазақ балалар әдебиеті – өте қиын сала. Бүгінгі таңда әлемдік деңгейдегі балалар әдебиетінің авторлары танымалдылыққа ие болып жатса, біздің елде жоқтың қасы болып барады... Соның ішінде Төрежан Мәдіхат балалар әдебиетіне еңбек сіңіріп кеткен ұстаздардың бірі еді.
Жазушы Ақан Нұрманов жайлы айтар болсақ, әңгіме бөлек. 34 жыл ғана қысқа ғұмыр кешкен Ақан артына өшпес мұра қалдырған жазушы. Оның қаламынан төгілген «Құланның ажалы» романы кеңес үкіметінің солақай саясаты мен цензурасын айналып өте біліп, халқына Кейкі батыр Көкембайұлын табыстырған еді. Ақанның замандасы Рамазан Тоқтаров «Құланның ажалы» романының алғы сөзінде былай деген-ді: «Ақан-халықтың Ақаны, назардан аумайтын мәңгілік ескерткіштердің бірі. Осы өмірі дәйім ұзақ болсын!».
Ақан Нұрманов қысқа ғұмырында «Құланның ажалы» романын, «Солай болған екен», «Ор», «Аққу шоғыры» повестерін, «Күн ертеңге ауып барады», «Ымырт» – әңгімелері жинақтарын жазып шығарып, шебер жазушы екенін дәлелдеп кетті.
Әр шығармасының астарында қазағының мұңын жоқтап, абыройын асқақтата білген біртуар азаматтың еңбегі еленбей, бүгінгі күн авторларының артынан аталса аталып, аталмаса ұмыт қалып жатқаны біздің де, оқырмандардың да жүрегіне мұң ұялатады.
30 сәуір күні дүниеге келген тағы бір дарынды жазушы, қоғам қайраткері, теледраматург – Сұлтан Оразалы. Ол теледидар саласына “Қымызхана”, “Кек”, “Отырар ойраны” сынды телеқойылымдар, “Сұхбат”, “Кездесу”, “Сахна” тәрiздi әдеби публицистикалық туындылар, халық санасын оятқан “Айтыс”, “Халық қазынасы” атты хабарларды алып келдi. Бұл хабарлар жарыққа шыққан сайын миллиондарды экран алдына жинап, Қазақ теледидарының абыройын асырды. Қазақстандағы телеөнер бүгiнге дейiн бұл хабарларға балама таба алмай келедi. Сұлтан Шәрiпұлы лауазымды мемлекеттiк қызметтер атқара жүрiп те теледидардан қол үзген емес. Ол соңғы жылдары түсiрген “Қазақ зиялылары туралы антология” деректi фильмдер топтамасы жұртшылықтан жоғары баға алды.
Мұхтар Әуезов, Оралхан Бөкеев пен Шерхан Мұртаза сынды алыптардың туған күні 28 қыркүйек сияқты, 30 сәуір де қазақ халқының дарынды азматтарына дүние есігін ашқан күн екен. Олай болса «Әдебиет порталы» ұжымы барша қазақ елін, шын перзенттерінің туған күнімен құттықтайды!
adebiportal.kz
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.