Кеше Ұлттық академиялық кітапханада белгілі жазушы-этнограф, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Төрехан Майбастың «Қазақ халқының көмескіленген этнографиясы» атты кітабының таныстырылымы өтті. Ұлттық кітап күні аясында ұйымдастырылған іс-шараға зиялы қауым өкілдері, Парламент депутаттары, белгілі ғалымдар мен өлкетанушылар қатысты.

Жиынды ұйымдастырудың басы-қасында жүрген азамат, белгілі журналист Қамбар Ахметов: «Қоғамды рухани-мәдени құндылықтарға баулитын бастамалардың көрінісі – бүгінгі іс-шара. Жиынымыздың арқауы – ұлттық құндылыққа маңыз беру. Осы орайда қазақ руханиятының жоқшысы Төрехан Әкімжанұлы этнография мәселелерімен түбегейлі айналысты. Шәкәрімнің «Құр білген керек емес, білгенді іске қылған керек» деген сөзі бар екен. Төрехан ағамыз да сол – бүгінге дейін тірнектеп жиған дүниесін халықтың кәдесіне жаратсам дейді. Жұрт жадынан өше бастаған салт-дәстүр, көне наным-сенімдерімізді жүйелеп ұсынып отыр», – деген сөзімен бастады.

Жиында академик Бауыржан Омаров, көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлы автордың көпжылдық еңбегінің ғылыми және рухани салмағына тоқталды.
Ақын Серік Ақсұңқарұлы:
– Президентіміз керемет бастама бастады. Қазақ оны әлі түсінбей отыр. Кітап оқымайтын ұлт тобырға айналады. Қазіргілер «Война и мирді» оқымайды, киносын көре салады. Интернет келгені жалпы жақсы болғанымен, қазаққа қиындау болып тұр. Осы сәтте Президенттің «кітап оқитын ұлтқа айналайық» дегенін бәріміз қолдауымыз керек. Енді Төрехан жөнінде айтсам, қазақта мен білетін үш этнограф жазушы бар: біреуі Сейіт Кенжеахметов, қайтыс болып кетті; біреуі менің ағам Ақселеу Сейдімбеков еді; үшінші – Ахаңнан кейін іле-шала біздің Төрехан шықты. Бізде бәрі өлең жазып бастап келеді әдебиетке, сосын ол өлеңі тақпаққа айналғанша жаза береді, өздерін ақынмын деп ойлайды. Төрехан бәрін қойып, өзі жақсы көретін тақырыбына – этнографияға барды. Сонда өзінің жетістігіне жетті. Сенің бағытың өте дұрыс. Қазақтың қазір оқырманы жоқ, оқитыны – Абай еді, Абайды тастап, шегініп бара жатыр. Біз бұдан бойымызды жинап алуымыз керек. Осыған байланысты «Қош, кітаптың ғасыры» деген өлең оқып берейін.
«Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы былай деді:
– Жаңа Секең айтқандай, бүгінгі ұрпаққа Абай бастаған классиканы оқыта аламыз ба? Олар соны оқып, түйсініп, өз замандастарына ізгілікті жеткізе ала ма деген ой бәрімізді толғандырады. IT саласының Джобс бастаған мамандарының бәрі айтатын сөзі бар: «Адамзат түбінде бір жерге келіп тіреледі: тәрбиеге, халықтың дәстүріне, кітапқа оралады. Егер адам соған қайтып оралмаса, онда түпсіз тұңғиыққа тап болады». Бұның бәрі де тегін айтылмаған. Бұрын білім саласында ең үлкен нәтиже профессор атағын алу деп ойлайтын едік, қазір профессор да көбейіп кетті. Мәселе онда емес, жақсылықты беру, ізгілікті таратуда, осы қоғамдағы ең бір өзекті проблемаларды шешуде болуы керек. Біздің Төрехан ағамыз заманға не қажет екенін түсінген, көп дүние өзіміздің рухани құндылықта жатыр. Жастар оқымаған соң, оны білмейді. Біздің Төрехан ағамыз біздің рухани бірлігіміз үшін осы этнографияны жүйеледі ғой деп ойлаймын. Мысалы, біздің кез келген мақал-мәтел, тіркестер, Құртқа, Бопай, тоқай, т.б. сөздердің бәріне түсінік береді. Әрине, кейбіреуінің түсінігі даулы болуы мүмкін, бірақ біз оны да түсінуіміз керек.
Академик осылай дей келіп, этнограф еңбегінің мәні мен маңызына қатысты жақсы ойларын ортаға салды.

Төрехан ағамыздың «Қазақ халқының көмескіленген этнографиясы» атты жаңа кітабы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау» бағдарламасы бойынша жарық көріп отыр. Елтаным, Тілтаным, Ділтаным, Күйтаным, Қаратаным, Дүниетаным, Жадтаным деген жеті бөлімнен тұратын кітаптың мазмұны да ерекше екен. Автордың бұдан бұрын да ұлттық этнографияға қатысты көп дүниені айтып жүргенін, ұлттық код жайлы, тіл жайлы, мал жайлы, кейбір жануар, хайуанның жас ерекшелігіне сай атауы жөнінде түсінік беріп жүргенін білуші едік, бірақ күй жайлы да зерттеп, зерделеп жүргенін білмейді екенбіз. Кітапта «Алшағыр» күйі, «Биялайқосбасар», «Қызқосбасар», «Мінкенер», «Тиеккүй» деп кете беретін біраз тақырыптар қамтылыпты. Әсіресе, Жадтаным бөлімінен оқырман өзінің ұлттық ерекшелігіне қатысты көп мағлұмат алары сөзсіз. Сонымен бірге автордың жұрт жадынан өше бастаған салт-дәстүрлер, көне наным-сенімдер мен ұмытылған ұғымдар жайлы талдауы да танымдық жағынан қызықты. Мысалы, қазақта күйеубала бата қайырмайтыны, әйел бата бермейтіні, жиенді жау деп есептейтіні жайлы айтқан қисындары көбімізге тосын болуы да мүмкін. Кезінде өлең де, проза да жазған қаламгер, Хикметтің, Уитменнің өлеңдерін тәржімалаған Төрехан ағамыздың бұл еңбегі де оқырман ықыласына бөленері анық.


Осылайша салмақты ойлар айтылған жиын өтті. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов ұлттық мұраны сақтау мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін атап өтсе, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеген Садық еңбектің тарихи маңызы туралы баяндама жасады. Сондай-ақ «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы, Мәжіліс депутаттары Құдайберген Бексұлтанұлы, Нұрлан Әуесбаев, Аманжол Әлтаев, сонымен қатар Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің өкілдері мен «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілда сөз сөйлеп, автордың өлкетану мен этнография саласындағы өнімді еңбегін айрықша атап өтті.
