COVID-19 пандемиясынан кейінгі әлем жаңа дағдылар мен өмір салтын қабылдауға мәжбүр болды. Бұл өзгеріс тек технология немесе денсаулық саласында емес, мәдени тұтыну әдеттеріне де әсер етті. Кітап оқу, әсіресе көркем әдебиетке деген сұраныс соңғы бес жылда қайта артты. Бір жағынан, карантиндік кезеңдерде адамдардың бос уақыты көбейді, екіншіден, жаһандық дағдарыс дәуірінде адам баласы өзін тануға, қайта ойлануға тырысты. Бұл – кітаптың қоғамдағы рөлін жаңа қырынан көруге мүмкіндік берді.
El.kz порталы соңғы бес жылда әлемде және қазақ аудиториясында қай бағыттағы кітаптардың көбірек оқылғаны туралы шолу жасап көрді.
WordsRated сараптамалық платформасының дерегінше, 2022 жылы әлем бойынша ең көп сатылған жанрлар төмендегідей болған екен. Романтика (romance) — 27%, Фэнтези және фантастика — 22%, Триллер мен детектив — 17%, Self-help және мотивациялық әдебиет — 11%, Балалар әдебиеті — 9%. Қалған 14% — классика, мемуарлар, бизнес, поэзия және басқа бағыттар.
Көркем әдебиеттегі басты тренд – жасөспірімдерге арналған эмоционалды, жеңіл әрі тартымды сюжеттерге негізделген шығармалардың үстемдік етуі. Сонымен бірге постапокалипсис, антиутопия және «философиялық фэнтези» бағыты да кең сұранысқа ие екен.
TikTok және BookTok: жаңа буынның кітаппен байланысы
2021 жылдан бері #BookTok хештегі TikTok желісінде кітап индустриясына революция жасады. Forbes мәліметіне сүйенсек, тек 2021 жылы BookTok видеоларының әсерінен АҚШ-та көркем әдебиет сатылымы 30%-ға өскен.
BookTok феноменінің нәтижесінде ескі кітаптар қайта оқыла бастаған. Мысалы, Колин Гувердің “It Ends With Us” (Бәрі бізбен бітеді) атты романы 2016 жылы шыққанымен, TikTok-та таралған соң 2022 жылы Amazon мен New York Times бестселлерлерінің көшін бастапты. Қазақ тіліндегі басылымы да жақсы оқылды.

BookTok тек романдармен шектелмей, ғылыми-көпшілік, мотивациялық, психология кітаптарының да танымал болуына ықпал етті. Мысалы, Джеймс Клирдің “Atomic Habits” (Атом әдеттер) атты кітабы TikTok-та кең тараған үзінділерден соң сатылымда 2022–2024 жылдар аралығында үнемі топ-10-да болды. Бұл кітаптың қаза тіліндегі аудармасы да қазір сұраныста деп айтуға болады.

Электронды және аудиокітап қарқынды дамып келеді
Statista платформасының 2024 жылғы шолуына сәйкес, жаһандық электронды кітап нарығының табысы 14,16 млрд долларға жеткен.
Сол сияқты, аудиокітаптар сегменті де қарқынды өсуде. 2020–2024 жылдары аралығында жыл сайынғы өсім 26%-ды құраған. АҚШ-та 2023 жылы ересектердің 48%-ы аудиокітап тыңдаған. Ең танымал жанрлар: триллер, романтика, мотивация, бизнес.

Аудиокітаптың өсуіне себеп – адамдардың көп міндетті қатар атқаруы. Жүріп келе жатып, көлік тізгінінде немесе жаттығу залында тыңдау – оқуды тұтынудың жаңа формасына айналды.
Қазақ оқырманының талғамы қалай өзгерді?
Қазастанда да кітап оқуға деген құлшыныс артқаны байқалады. Және мотивация, рухани даму, тарих және тұлғалық жетілу бағытындағы еңбектер қазақстандық оқырманды көбірек қызықтыратын секілді. Себебі, кез келген кітап дүкеніне барсаңыз сұраныстағы кітаптардың басым бөлігі осы бағытта. Дегенмен көркем әдебиетке қызығушылар қатары да аз емес.
Мәселен, өткен жылы қазақ әдебиеті олжалы болды. Әсіресе, жас әдебиетшілердің, оның ішінде жазушылардың прозалық шығармалары, романдары жарық көрді. Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған «Жас қалам – жаңа роман» жобасы аясында жарық көрген жазушы Мақсат Мәліктің «Абыл мен Қабыл» романы, Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам» романы, жазушы, драматург Әлібек Байболдың «Мұтылған» атты метароманы және ақын, жазушы Ұларбек Дәлейұлының «Жошы хан» тарихи романы және жас жазушы Әлихан Жақсылықтың «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» романы көп талқыланды. Бұл бес романды 2024 жылдың әдеби майданында көп айтылған, оқырман тарапынан қызу пікірталасқа түскен кітаптар деп айтуға болады.

Ал, жалпы қазақстандық жастар арасында сұранысқа ие жанрлар негізінен фэнтези және шытырман оқиғалы әдебиет. Сондай-ақ мотивациялық кітаптар, тарихи романдар мен естеліктер, психология және исламдық әдебиеттер. (Ахмад Ат-Тайиб, Халифа Әл-Тунаидж, т.б.) Бұл бағыттардағы көптеген кітаптар Kitap.kz, Kitapal.kz платформаларында ұсынылып, TikTok пен Instagram-да кең насихатталып жүр.
Сондай-ақ еліміз бойынша кітап оқу мәдениетін ілгерілету мақсатында «Ұлттық кітап күні» бекітіліп, «Жүз кітап» ұлттық сауалнамасы жүріп жатыр. Бұл сауалнаманың нәтижесі тамыз айында, Абай күнінің қарсаңында жариялайтын болады.
Қазақ тіліндегі e-book және аудиокітап сегменті
Еліміздегі Ұлттық электронды кітапхана Kazneb.kz сайтының ресми статистикасына сәйкес, 2023 жылы 2 миллионнан астам кітап жүктеліп, қолданушылар саны 1,5 млн-нан асқан. Ең көп оқылғандар қатарында – «Қызыл жебе», «Екінші болма», «Абай жолы», «Кемел адам» және Мұқағали өлеңдері бар.
Сондай-ақ, Әдебиет порталы, Kitap.kz, kitapal.kz ресурстары қазақ тіліндегі аудиокітаптарды кеңінен таратып келеді.
Неліктен мотивациялық жанр көп оқылады?
Психологиялық және мотивациялық кітаптардың танымал болуы – жаһандық мазасыздықтың белгісі. Harvard Business Review зерттеуінде пандемиядан кейінгі жылдары адамдардың психологиялық қолдау іздеуі артқаны жазылған. Соған орай Джеймс Клир, Робин Шарма, Брене Браун секілді авторлар жиі оқылады. Қазақстанда бұл сұранысты Қуаныш Шонбай, Қайрат Жолдыбайұлы, Мырзагелді Кемел кітаптары қамтып отыр.

Бұл бағыттағы әдебиеттер тек “сәттілікке жет” деген ұран емес, өмір салтын түзеуге, жаңа мақсат қоюға, ішкі күйзелісті азайтуға бағытталған.
Кітап оқу сәнге айналып келеді
Соңғы бес жылда әлем де, Қазақстан да кітапқа жаңаша қарай бастады. Романтика мен фэнтези қайта өрлесе, мотивациялық әдебиет «психологиялық қорған» рөлін атқарды. Әлеуметтік желілер оқырман талғамына тікелей әсер етіп, жаңа авторларды жарыққа шығарды. Электронды және аудиоформаттар оқуды жеңіл әрі ыңғайлы ете түсті. Қазақстандық оқырман классиканы да, заманауи жазушыларды да қатар оқып, жаңа талғам қалыптастыруда.
Кітап – мәңгілік құндылық. Ол енді жай ғана қағаз бетіндегі мәтін емес, әлеуметтік трендтің, мәдени рефлексияның және тұлғалық дамудың маңызды құралына айналды.
