Қазақ жауынгерінің күнделігі ағылшын тілінде жарық көрді
Екінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы күнінен бастап майданда күнделік жүргізген қазақ жауынгері Қайыржан Мұхтаровтың жазбалары ағылшын тілінде кітап болып жарық көрді.
«A Teacher's Voice from the Front: A Kazakh Soldier's War Diary, 1941–1945» («Майдандағы мұғалімнің дауысы: Қазақ жауынгерінің соғыс күнделігі, 1941–1945») атты басылымның негізін соғыс жылдарында жазылған түпнұсқа күнделік құрайды.
Қайыржан Мұхтаров 1914 жылы дүниеге келген. Жастайынан жетімдік пен тұрмыстың қиындығын көрген ол мектеп табалдырығын 14 жасында аттап, кейін Ақтөбедегі мұғалімдер институтында білім алады. Соғысқа дейін ұстаздық жолды таңдаған ол математика пәнінің мұғалімі болған.
1941 жылғы 22 маусымда соғысты Минск маңында қарсы алған Қайыржан Мұхтаров сол күннен бастап майдандағы өмірін қағазға түсіре бастайды. Оның жазбаларында соғыстың ірі оқиғаларымен қатар қарапайым жауынгердің күнделікті өмірі – шегіну, қоршауда қалу, аштық, ұзақ жорықтар, қаруластарынан айырылу және үнемі өліммен бетпе-бет келу сәттері баяндалады.
Төрт жылға созылған майдан жолы Беларусь, Ресей, Украина, Румыния, Венгрия және Австрия жерлерін қамтыды. Қайыржан Мұхтаров соғысты Австрияда аяқтап, елге аман оралды. Майдандағы ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.
Соғыстан кейін туған жеріне оралған ол қайтадан ұстаздық қызметін жалғастырып, ұзақ жылдар бойы математикадан сабақ берді.
Күнделіктің ерекшелігі – оның кейінгі естелік ретінде емес, оқиғалар болып жатқан сәтте жазылуында. Автор соғысты әсірелеп, көркемдеуге тырыспайды. Күнделіктегі жазбалар майдандағы қарапайым адамның сол сәттегі ойы, қорқынышы, үміті мен күнделікті тіршілігін сақтап қалған.
Қолжазба ұзақ жылдар бойы отбасы мұрағатында сақталды. Бүгінде күнделіктің түпнұсқасы Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің қорында тұр.
Ағылшын тіліндегі басылымда күнделіктің мәтінімен бірге оқиғаларды түсінуге көмектесетін тарихи түсініктемелер, майдан және соғыстан кейінгі жылдардағы фотосуреттер, жауынгерлік жол туралы деректер мен түпнұсқа қолжазба беттері берілген.
Осылайша, ағылшын тілді оқырман Екінші дүниежүзілік соғыс тарихын сол кезеңді бастан өткерген қарапайым қазақ жауынгерінің көзімен оқуға мүмкіндік алды.
Кітаптың ағылшын тіліндегі нұсқасы: A Teacher's Voice from the Front https://a.co/04CQF8RF
