Беташар
Қызысың ба, осы елдің ұлысың ба?
Шешіліп, шер төгейін уысыңда.
Күзетіп кісіліктің шекарасын,
Тағдырым тұрды үнемі қыл ұшында...
Жүргем жоқ дүбірлетпей, тым аяңдап,
Бірақ жалқы дауыстан кім оянбақ?!
Қарулы қанат бітіп қаршадайдан,
Іштестім естілермен құдай оңдап.
Бағымды бақас байлап, көсе күндеп,
Күншілден қайтты есепсіз меселім көп.
Топтанған тосқауылға шырматылып,
Қолыңа тиді жырым кешеуілдеп.
Жан жасып, көргенсізден көз қарықты,
Бағымды дұниеден озған ұқты...
Көңілін көншітпеген солардыңда,
«Ештен кеш жақсы»деген сөз қалыпты.
Сұм бар да, суайт бар да, жала бар да,
Көрмеген ит қорлықты дана бар ма?
Бітсе екен біздің түспен, қауқылдасып,
Бұлбұлдың жемін жейтін ала қарға!..
1989 жыл
Арман айнасы
Үйіріп, үздіктіріп арман-ағын,
Қалқам-ау, қанша жерді шарлағамын?!
Менің кеудем жарым шар альбомыңдай
Суретін жинап-терген әр қаланың.
Әр қаланың шулатып, қарғаларын,
Жандауыспен шырқадым арман әнін.
Білдірдім бірақ қазақ екенімді.
Еңсемнен исі аңқып сардаланың.
Сардаланың бояуы қармағаным,
Көп тыңдадым мұңдының зарлағанын.
Кінәсіздің көз жасын сүртсем, болды,
Қаскүнемнің қайтемін қарғағанын?!
Қарғағанын, қайтемін арбағанын?!
Бұздым талай тасырдың тар қамалын.
Ақкөңіл, албырттықпен аңғармаппын,
Ақсұңқардың орнында қарға барын.
Қарға барын, білсем де, қарманамын.
Жаңылмай, айтсам-ау, деп арман әнін!
Ата-баба мінезін білмейтұғын,
Қарғаң маған жөн айтса, бар ма амалым?!
Бар ма амалың? Сөз сенен, ал, қарағым!
Өзгеден өзгелігімді аңғарамын...
Өзіме тіл бітеді, таратылса,
Жаныммен жазылған қол таңбаларым...
1989 жыл
Балалық
Япыр-ау, қайда қалған тұлымды шақ,
Бұлдырап шабатұғын құлынға ұқсап?..
Желдетіп, желіктіріп әкеткен бе,
Қашық ән, асыл арман, шырын құшақ?!
Шұралап, шу асаудай басы қатты,
Жорыққа тағалаушы ек жас лақты.
Өлең жазып отырған мынау саусақ,
Ол күнде садақ тартты, асық атты.
Шынтақтай шұбар балық шалшықтағы,
Қуғызды, тұла бойдың балшық бәрі.
Сыйпалайсың жарылған жіліншікті,
Шыпылдап тұрған кезде қан шыққалы.
Түрлері болатұғын сайыстың не,
Бірі оның – тартысу тай үстінде.
Қамшылар жақ қылта мен алақанды,
Ысады қып-қызыл ғып қайыс күнде.
Ертеден қара кешке алмай тыным,
Жар-жақбар жұмыртқа іздеп, шарлайтынын.
Қақпан сап, тұзаққұрып, жақындаса,
Ұсталмаған құстан-құс қалмайтұғын.
Алдың қызық, балалы қартың қалай,
Түнердім, баяғыша жарқылдамай?..
Өзім жүрмін, жүгіріп өз кеудемде,
Қайта көрген дыбыссыз картинадай...
1965 жыл
Ұялас
«Ырыс алды ит», – дейді аттас бала,
Иті жоқтан ауа ма бақ басқаға? –
Дегенімде жымыңдап, аңғарлы әкем,
Бір күшік әкеп берді ақтөс, қара.
Жауқабақ, көнек басы ойға құмар,
Ұшы аппақ құйрығының мойнағы бар.
Тұмсығын шүйіреді иіс тартып,
Шақырса, алдап-сулап қойдағылар.
Қазақпыз күбі байлап, көнек керген,
Иесіз ит жоқ онда қоректен кем.
Батырдай балпаң басып, емін-еркін,
Алты айда бой теңгерді төбеттермен.
Қан жейді, қарамайды төккен безге,
Басқадан бақандыдай өктем көзге.
Бір сүйем биіктеді ең дәуінен,
Үйіне омыраулап жеткен кезде.
Ұялас атануы – туады егіз,
Осындай сыңарыңда бұла деңіз.
Ылыққан шоғырларға килігеді,
Кіргендей қой тобына құнан өгіз.
Күтім бе, тұқымдағы кемшіні ме?
Өзге иттер жолай алмай жеңсігіне...
Үрпиіп, ақсақ-тоқсақ, себепкері,
Тиетін ұяластың меншігіне.
Таласса, созылмайды майдан онша,
Шайқайды тобы түгел жайрағанша.
Көшкен ел, бөтен жұртта көрерің сол,
Құйрығын түсірмейді қайда барса.
Татпайды ұсынбасаң, ас-тамақтан,
Жатпайды қауіп төнсе, басқа жақтан.
Ұялып оқыс үрсе, үлкендерше,
Ұғатын айтарыңды қас-қабақтан.
Қай-қашан озбыр көріп, рахатты,
Ұрпағын ұяластың бұра тартты...
Айырып елді иті мен ырысынан,
Малданып қалмайықшы құр атақты!
1999
Сұркөжек
Сұқсырдай сусылдаған Сұркөжегім,
Қант жесем, қарбыз жесем, бірге жедің.
Өзіме көзің-айна, жанарымнан,
Кейде нұр, кейде күңгірт мұң көремін...
Тұмадай аласұрған саңлау іздеп,
Жанымды жегідей жеп жүрді өлеңім.
Секіріп биікке де, ұзынға да,
Шошытқан ауылдасты ізің ғана.
Арқаңа албастыдай жабысатын,
Шау тартты-ау, шұғынықтай қызыл бала!
Киелі жануар ең, түсіне еніп,
Ұлымның ұсқынына түзу қара!..
Еліктей елеңдетіп, зыттырғызып,
Қуғыншы-құмай тазы, итті үргізіп.
Ойнаттым, ойнақтаттым циркшідей,
Жатқызып, тікеңнен де тік тұрғызып
Әскердей ертуші едім бар баланы
Көргеннің көкейіне құрт кіргізіп.
Бітер ме енді сендей малға мүсін?!
Сұңқардай сұлу едің, алданышым!
Тайыңнан таңдандым-ау, құнан алмай,
Қазақтың осы өнерін жалғау үшін!
Самсаған сары қолдан шығушы едің,
Тосқауыл туғызса да жанға қысым!
Олжа алған дәулеттіден, кемерліден,
Той-топқа өрен жүйрік төнер кілең.
Соныңда құрсауынан құтқарып ең,
Лып етіп, кісі бойы кедергіден...
Тұқырып, сәл тежесем, көлденеңдеп,
Құйындай құбылатын өнерлім ең!
Пәниде қызық көп қой армандарлық,
Қазақы даналыққа қайран қалдық.
Оққағар болды ма екен ажалы ма,
Тұқымын хас тұлпардың аңғарғандық?!
Өлуші ем, өзге мінсем, аман кеттім,
Көкпармен құрық бойы жардан қарғып.
Танытып қариялар жылы кейпін,
Ауылым содан бастап «ж-жы»дейтін.
Әкем бір малын сойып, таратты елге.
Жасытып, мені де онша мүжімей, тым.
Жымиды нағашымыз сонда тұңғыш,
Қайғыдан қабақ ашып, жібімейтін.
Сол шіркін, жаныма әлі нәр береді,
Басқасы тақияма тар келеді.
«Ж-жысы»–бұл Қажытай пері-шалыс,
Қорғайтын жылқы-жыны бар, дегені.
Есейсең, ескі сурет тербейді екен,
Тірілтіп, бастан кешкен әр немені!..
1999 жыл
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.