АТЫҢНАН АЙНАЛАЙЫН
Жар жастап, түзде өткізген айлап түнді,
Қай ғасыр аялап ед қайратты ұлды?!
Ер Мәди ел деп өлді. Жүрсе дағы
сайыңнан сая таппай сайғақ құрлы!
Заманның зәр атса да сұрапылы
Халқының алдындағы мұраты ірі.
Өмірдің өзекті өртер өксігі мен
Өрнегін өлеңге өрген ұлы ақыны-
Қасымдай ақын туған қасиеттім
Далаңа қаны сіңген қасіреттің.
Қырыңда қырық рудың тарихы бар,
Шыңыңда ұшқыны бар жасын-оттың!
Айдары алтын күнмен шағылысқан,
Хас батыр тумас шақта әр ұлыстан,
Аспанға адамзаттың арманы мен
Алаштың мәртебесін алып ұшқан –
Тоқтардай батыр туар сенде ғана!
Құдірет құрсағындай белдер ана..
Текті ұлдар ғажабыңа қанып өссін,
Киелі бесігіңді тербе, дала!
Көкпенен сыр байласқан басы бекем,
Таулардың бөктерінен тасып өтем.
Шайтанкөл шың басына тамып түскен,
Он сегіз мың ғаламның жасы ма екен?!
Жаһанның жұмағындай...Жазы құт шақ...
Әлемнің әлдиіндей – сазын ұқсақ...
Қар басқан шыңдарың тұр қарқара боп,
Арқаның арай шашқан тәжіне ұқсап...
Салмағын ауырсынса шартарабың,
Келеді бұлттарыңды арқалағым!
...Мәдиден асып айтар қауқарым жоқ:
Атыңнан айналайын, Қарқаралым!!!
ӨМІР-КӨШЕ
Жүрек өлең, жан өлең, ойым өлең,
Дүниенің ісім жоқ тойыменен.
Жалғыз өзім келемін жаяулатып,
Қатар-қатар тас үйлер бойыменен...
Кештер ұзап кеткен соң күзгі қоңыр,
Бір ғажапты күтеді ізгі көңіл...
Көңіл нені күтсе де көше мынау,
Осы көше сияқты біздің өмір.
Көріп жүрген көп іске үнсіз налып,
Танытамыз әлі күн мұңсыз қалып...
Құнсыздардың құны артып баратындай,
Құндылардың барлығы құнсызданып!
Қайдан табам пенденің пейілін кең,
Көңіл қалды кей аға, кей інімнен...
«Қыздар, қыздар» дейді әне бір апамыз,
Қымыз сатып тұрғандай мейіріммен.
Сұлу сөзден бірдеңе құраған боп,
Ақын деген атақты сұраған көп.
Өлермендеу болмасаң өңмеңдеген,
Өлеңіңе қарайтын бір адам жоқ.
Мына көше өзіндей жалған күннің,
Жалған күнде мұңға мұң жалғап жүрмін,
Бәрін бітпей көшіріп тыныштық жоқ
Маңдайыма жазылып қалған жырдың.
Бірі былай асыққан, бірі былай,
Тіршілікте ұғарсың тіріні қай?
Жалғандағы жалғандық жан күйдіріп,
Өтіп жатқан беймаза ғұмырым-ай!
ҰМЫТУ
Қамсыз күндер мазалап жүрген есте,
Жүрек деген қоймайды үндемеске...
Өзің жайлы ойлардан қашамын деп,
Көше кезіп кетемін күнде кешке!
Сыр айтысып қараңғы қаламенен
Құйылған соң жүректен санаға өлең,
Есте қалған күндердің елесіне
Қайта-қайта ұсталып қала берем!
Үміт те бір белгісін қалдырмады...
Осы болды тағдырдың таң қылғаны.
Еш себепсіз есіме сені салған,
Сен жайында сияқты әннің бәрі!
Қарағанда жаным сен үзіліп бір,
Бар айнала тұратын қызығып кіл...
...Сол кездердің жап-жарық сәулесіндей,
Шам асынған бағандар тізіліп тұр!
«Бірге жандым өзіңмен, бірге сөнем,
Ажырамай өтемін мүлде сенен...»-
Деп екеуміз қайталап күнде-күнде,
Талай жүріп өткенбіз бұл көшемен.
Анау үй де есімде, мынау үй де,
Тәтті күндер санамда жүр әрине!
Шын сүйген соң жаным-ау не істемедік,
Шын сүюді біреулер күнә дей ме?
Сезім атты тұныққа бірге сүңгіп,
Сан арманды айтып ек түнге сыр ғып!
...Айнадағы өзіме қарасам да,
Сен есіме түсесің...Бұл не сұмдық?
Басымды енді көтерер көтерсе үміт,
Неменеге көшеге кетем шығып?
Өз-өзімді ұмыттым, білем оны
Сені ұмытам дегенім бекершілік!
***
Е, жалған-ай! Осындай мына кескін!
Алып бітті барлығын сынақ естің!
Күліп едім, қарады ел күдіктеніп,
Күрсініп ем көрмеді бірақ ешкім....
Қар мен жаңбыр көшені ұрып кезек,
Қабылдамай қойды ғой үмітті өзек!
Менің жаным жасырған талай сыр бар,
Оны жалғыз бір адам біліп-сезед....
Жыл құсымен кеткендей шаттық ұшып...
Дір-дір етіп тұр әне бақ бүрісіп...
Алдан шыққан кез-келген біреуді алып,
Құшақтағым келеді қатты қысып...
Әркім өзі әлек боп бірдеңемен,
Сабылысып жатқанын күнде көрем!
Екі аяқты тағдырлар елдің бәрі,
Елдің бәрі көшеде жүрген өлең...
Мен сияқты жалғап ап мұңды мұңға,
Өтетіндей барлығы бұл ғұмырда!
Бір үмітпен күн кешкен жұрт әйтеуір,
Кім жетісіп жүр дейсің шындығында....
Ееее ,жалған-ай!
Осындай мына кескін!
Алып бітті барлығын сынақ естің!
Күліп едім, қарады ел күдіктеніп,
Күрсініп ем көрмеді бірақ ешкім....
ПЕРІШТЕ
Таптырмайды талдырмаш бойыңда мін,
Көрген бетте ұнатып, мойындадым.
Жанарыңда сәбидің көзқарасы,
Ойнап жүрген алғашқы ойындарын.
Көшіріп ап ғажабын күн кейпінің,
Қауызына шық тұнған гүлдей түрің.
Сен шынымен сезбейтін сияқтысың,
Кейде өмірде ақтың да кірлейтінін.
Қайшылықтар дегеннің білмей түгін,
Назың болар еркелеп мұң дейтінің.
Құдірет пе әлемнің құбылмалы,
Көлеңкесін көзіңе ілмейтінің?
Талғамыңның биік-ау мұнары тым,
Періштенің бітімі мына бітім.
Саған мүлде қызықсыз кінәласу,
Саған мүлде бейтаныс күнәлі түн.
Көктің ғажап сыйындай жерге біткен,
Таза сенің пешенең пенделіктен.
Тұнығыңның түбінен шыққым келмей,
Тылсымыңмен отырмын емделіп мен.
Өмір осы. Бітпейді сынақ мұнда,
Жеңдірмеспін жүректі бірақ мұңға.
Мына тұтас әлемді қайта сүйдім,
Кіп-кішкентай аруды ұнаттым да.
«МЕН СЕНІМЕН БІРГЕМІН...»
Ғұмыр көші тартса да жүзіп алға,
Сөнген емес санамнан жүзің алма.
Мен сенімен біргемін...Жүрегіңде
жүрегімнің қалдырған ізі барда.
Жеңдірмеші жаныңды шерге кілең,
Мен сенімен біргемін, сен менімен.
Көңіліміз оп-оңай суый қоймас,
Өмір бізді екіге бөлгенімен.
Қолдағы бақ алмастан өз бағасын,
Мекеніміз алыстап, созды арасын.
Кеңістік пен уақытқа дес бермеген,
Көз алдымда сол беті көзқарасың.
Жазбағанмен жанымның жарасын ән,
Қиял кезсем хатыңды ала шығам.
Саусағымның іздері кептес енді,
Толқын қара шашыңның арасынан.
Алғысы кеп жүргені ненің кегі?
Тағдыр бізді сынауға ерінбеді.
Есімді ала береді кештерімде,
Естеліктің тәттісі еріндегі.
Өмір заңы адамға бағынып па,
Ойда жоқта қалармыз жолығып та.
Қашан болсын мейлі, қайда болсын,
Мен сенімен біргемін.
Соны ұмытпа!
САҒЫНУҒА БОЛМАЙТЫНДЫ САҒЫНДЫМ
Сағат сайын арпалысқан сабыр, мұң...
Мұндай өмір кімге ұнайды...
Қадірлім?
Ұмытуға тиістіні ұмытпай,
Сағынуға болмайтынды сағындым!
Түсіме еніп таңнан сұлу түндер кей,
Өкінішке күйгенімді білгендей:
Қимайсың деп, ойлайсың деп тек мені,
Қинайсың кеп...
Мен жетісіп жүргендей!
Көңіл сынық...
Өмір мынау...
Күнде осы!
Мына шоқты өзің келіп үрлеші!
Құлап қалса, не боларым белгісіз,
Соңғы үміттің әрең тұрған іргесі!
Көңіл қалды көшедегі кісіден,
Араздастым бақыттың да құсымен!
...Мониторға тесілемін күні-түн,
Сен жүгіріп шығатындай ішінен!
Сағат сайын арпалысқан сабыр, мұң...
Мұндай өмір кімге ұнайды...
Қадірлім?
Ұмытуға тиістіні ұмытпай,
Сағынуға болмайтынды сағындым!
* * *
Жанарыңда жалт етіп жан әлемің,
Мұңға батып отырмын аға дедің.
Көктем көрдім көркіңнен бір керемет,
Өлең көрдім көзіңе қарап едім.
Ер біткеннің байланар назары мың,
Жүзің ғажап, әрине ғажап үнің.
Көлдей тұнық көзіңнен көрінеді,
Таңның тылсым нұрындай тазалығың.
Мекен емес от жүрек уайымға,
Албырттық деп сырыңды ұғайын ба?
Сендей қызға мұндай күй жараспайды,
Сендей қызға болмайды мұңаюға.
Жолда қалып қояды жолдағы мұң,
Сен керемет сұлусың.
Солма гүлім!
Мұндай ғажап аруды көрмей тұрып,
Қалай өлең жазғанмын сонда бұрын?
Күйзелгеннен не пайда, күрсінгеннен,
Жұмыр жүрек толғанар дүрсілдеумен.
Сымбатыңа сыртыңнан көп тамсанып,
Жырға айналып барады сыршыл кеудем.
Жаның қабыл алса егер, затың көніп,
Жалыныма жылыншы жақын қонып.
Мен қалайын өмірдің парағында,
Сені жақсы көретін ақын болып!
***
Әлі есімде...
Хат жаздың ағашым деп,
Тұла бойың балауса ғана сурет.
...Арадағы қаншама шақырымның,
Жалғай бердік екеуміз арасын кеп.
Ғажап еді ондағы әр сәтім шын,
Әлем кездік екеуміз қанша тылсым?
Менің нәзік жанымды көшіріп ап,
Өлең қылып жүрсіз деп айтатынсың...
Шығармадым сондағы сөзді есімнен,
Бейнең еріп келеді боз кешіммен.
Жүрегімді жетектеп кетер ме деп,
Қорқатынмын сенімен кездесуден.
Содан бері талайы өтіп айдың,
Тек сүреңсіз күндерді бақылаймын.
Сен де менің хатымды алмай кеттің,
Мен де сенің сырыңды оқымаймын.
Бара жатқан белгісіз бағыт мүлдем,
Жүр ем бүгін сырласып жарық күнмен,
Көшіп жүрген көшеде көп адамның,
Арасынан тоқтадың танып бірден...
Жөні осы ма, білмеймін, жолыққанның?
Келбетіңді керемет көріп балғын,
Жақындасам өртеніп кетем бе деп,
Күннен қашқан адамдай болып қалдым.
Өкпелісіз сіз маған, білем, дейсің,
Сөздерімді көзімнен түгендейсің.
Жібермейсің қолыман ұстап алып,
Жүрегімнен ұстап ап жібермейсің...
Жалғыз жарық нұрына ұқсап түннің,
Жанарыңмен өткенді нұсқап, күлдің.
Құр сүлдерім аяңдап үйге қайтты,
Өзім...
Әлі қолыңнан ұстап тұрмын...
Сурет kopylove.livejournal.com сайтынан алынды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.