Рухани қалқан: әскери бөлімге кітапхана керек пе?

«Халқымыздың асыл перзенті Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген тамаша сөзі бар. Кітап білімпаздыққа, жанашырлыққа, парасаттылыққа, еңбекқорлыққа баулиды. Кітап оқу – азаматтарды, әсіресе, жастарды үстірт ойлаудан және ақпарат тасқынына жұтылып кетуден сақтап қалатын рухани қалқан.», - деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

437

Рухани қалқан: әскери бөлімге кітапхана керек пе? - adebiportal.kz
Фото автордан

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланына 64 жыл толуына орай Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының тікелей бастамасымен 6654 әскери бөлімінде кітапхана пункті ашылды.

Облыстық кітапхананың ұйымдастыруымен жаңа жиһаздармен және жүзден астам кітаптар тарту етілді. Сондай-ақ екі ай сайын жаңа кіаптармен алмасып тұрады. Мақсат – мерзімді және әскери қызметшілердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру және рухани-танымдық дамуына ықпал ету.

Әскери қызмет физикалық дайындықты, жоғары жауапкершілікті, қырағылық пен табандылықты талап етеді. Ал кітап оқу – әскери қызметшінің зияткерлік әлеуетін арттырып, дүниетанымын кеңейтетін, ойлау қабілеті мен рухани парасатын қалыптастыратын маңызды құрал. Кітаппен сусындаған жас ұрпақ ел тарихын терең танып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді, Отан алдындағы борышын тереңірек сезінеді. Осы тұрғыдан алғанда, әскери бөлімде кітапхана пунктінің ашылуы – сарбаздардың білімін жетілдіруге бағытталған маңызды қадам.

Бұл бастама ары қарай жалғасын табады. Алматы облысына қарасты басқа әскери бөлімдерде де кітапхана пунктін ашу жоспарлануда. Сонымен қатар, мерзімді әскери қызметшілер «Кітап оқитын ұлт» марафонына тіркеліп, белсенді қатысуда. Аталған бастама олардың кітап оқуға деген ынтасын арттырып, оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Кітап оқитын ұлт» идеясы – қоғамда оқу мәдениетін қалыптастырып, білім мен парасатты жоғары бағалайтын ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған маңызды ұлттық бастама. Бұл ретте кітапхананың әскери бөліммен бірлескен жұмысы аталған идеяның аясын кеңейтіп, кітап оқу мәдениетін әскери ортада да насихаттаудың жарқын үлгісіне айналып отыр.          Кітапхана пункті – жай ғана кітап сақтайтын орын емес, сарбаздардың рухани тынығуына, ой бөлісуіне, жаңа білім алуына мүмкіндік беретін тағылымды орта. Алдағы уақытта мұнда әдеби кездесулер, кітап талқылаулары, танымдық сағаттар мен түрлі зияткерлік іс-шаралар ұйымдастыру жоспарлануда.    

Отан қорғау – үлкен абырой әрі жауапты міндет. Ал елін қорғайтын азаматтың рухани бай, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуы – уақыт талабы. Сондықтан әскери бөлімдегі кітапхана пунктінің ашылуы жас сарбаздардың бойында кітапқа деген сүйіспеншілікті қалыптастырып, білімді әрі зерделі азамат тәрбиелеуге қосылған үлес болмақ.

Алғабек Хамитұлы 

Алматы облыстық орталық 

әмбебап кітапханасының әдебиет 

және өнер бөлімінің меңгерушісі 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan