Сіз қандай кітап оқып жүрсіз?

Жалпы біз көпшілікке кітап оқу керек дегенді айтқанмен олардың ойынан шығатын, талғамына лайық кітаптар ұсына алып жатырмыз ба? Бүгінгі оқырмен қандай кітап оқығысы келеді? Сіз қандай кітап оқып жүрсіз?

39

Сіз қандай кітап оқып жүрсіз? - adebiportal.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, ұлттың білім деңгейін көтеру мәселесін үнемі айтып келеді. Бірақ кітаптан ғана емес жалпы руханияттан алыстап, тек той-томалақ пен жеңіл-желпі шоудың жетегінде кеткен жалпы қоғамның кітап оқуға деген көзқарасын өзгерту үшін не істеу керек? Нені кімнен, қалай бастауымыз керек? Қазір кітап оқуды насихаттайтын түрлі акциялар, байқаулар, жобалар ұйымдастырылып жатыр. Олар да бір сәттік науқан болып қалмаса екен. 

Жалпы біз көпшілікке «кітап оқу керек» дегенді айтқанмен олардың ойынан шығатын, талғамына лайық кітаптар ұсына алып жатырмыз ба? Бүгінгі оқырмен қандай кітап оқығысы келеді? Сіз қандай кітап оқып жүрсіз?

Тоқтарәлі Таңжарық, ақын

Соңғы уақытта пәнаралық зерттеулерді, танымдық кітаптарды жиі оқып жүрмін. Әсіресе, «100 кітап» жобасымен жарық көрген кітаптарға жиірек үңілемін. Оның ішінде «Эстетика», «Өнер философиясы», «Өнер тарихы», «Философияның қысқаша тарихы» сияқты кітаптарды ежіктеп парақтап жүрмін. Әсіресе, сурет өнеріне қатысты тарауларды ақтарып, өнердің ежелгі және бүгінгі бағыттарын, мектептерін салыстырып, даму бағдарын саралаймын. 

Бұл кітаптарды бір жолда толықтай оқу қиындық тудырады. Себебі, қарбалас тіршілік мұрсат бермейді. Дегенмен, мен кітаптың тұтас құрылымын, мазмұнын шолып, өзімнің қазіргі ізденісіме яки белгілі бір кезеңдегі өнер эстетикасын барлауыма қажетті тұстарына  назар саламын. Өткенде үлкен ұлыма «Философияның қысқаша тарихын» оқуға кеңес бердім. Келер жылы университетке түседі, бұйырса. Үлкен өмірге, жаңа ортаға тап болады. Сол кезде философияның не екенін, қайдан басталғанын, қандай негізгі мектептер болғанын, олардың негізін кім қалағанын білсе дейсің. Біз бірінші курсқа түскенде психология, философия пәндері оқытылды. Оған дейін үзіп-жұлып ақпарат білгенімізбен, бұл пәндер бөлек әлем екенін ұғып, нені оқу, қалай оқу, кімнен бастау керегін білмей дал болғанымыз есімізде. Университет оқулықтарының жазылу формасы да жүйелі, түсінікті емес еді. Өнертану, мәдениеттану, тарих бәрі қосарланып кеткендіктен, оқулықтарды толықтай жүйелі түсіну оңай емес еді. Ал мына кітапта бәрі ретімен, қысқа-нұсқа берілген. Мұны толық оқып шыққан кез келген студент жалпы философияның негізін білуіне болады. Ары қарай өзінің қызығушылығына орай тереңірек зерделеуіне жол ашылады.

Өз басым, осы «100 кітап» жобасын ұлтымыз үшін ерекше маңызды бағдарламаның бірі болды дер едім. Зияткер ұлт қалыптасуы үшін осындай іргелі жобаларды қайтадан қолға алған жөн деп ойлаймын. «Әдебиеттану негіздері» деген 5 томдық зерттеуді әлі күнге қайталап шолып отырамын. 

Ал көркем әдебиетті үзбей оқып жүремін. Бірер күн бұрын Сайын Мұратбековтің шығармаларын қайта оқып шықтым. Нәзік лиризмге құрылған әңгімелері бір қарасаң өте жеңіл жазылғандай көрінеді. Бірақ санаңа әлдебір мұңды саз құйылып, қарапайым көрінген оқиғалардың психологиялық иірімі сонша терең екеніне таңырқайсың. Классикалық әдебиеттің ұлттық үлгісіне іштей тәнті боласың.

Мұхарбек Жәкейұлы, ақын

«Кімді оқып жүрсің?» деген сұраққа жауап бермес бұрын, оқығаным туралы айтып өтсем, артық етпес.

Жақында ғана көрнекті жазушы Мәди Айымбетовтің «Бопай ханым» романын екінші рет оқып шықтым. Автордың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында жазған мақалаларымда шығарманың көркемдік ерекшеліктері туралы жан-жақты жазылды.

Ал қазір француз әдебиетінің классигі Гюстав Флобердің «Бовари ханым» романының қазақ тіліндегі аудармасын қайталап оқып жүрмін. 

Бұл әлеуметтік-психологиялық роман – XIX ғасырдағы реализмнің көрнекті үлгісі. Маған романның психологиялық тереңдігі мен автордың кейіпкер мінезін ашудағы шеберлігі ұнайды. 

Эмма Бовари – күрделі әрі қайшылықты кейіпкер. Ол ерекше махаббатты, әсем өмірді аңсайды. Алайда өзі армандаған әлем мен өзі өмір сүріп жатқан ортаның арасындағы алшақтық оны рухани тығырыққа тірейді.

Флобердің жазушылық шеберлігі – кейіпкерге біржақты баға бермейді. Эмманы ақтамайды да, айыптамайды да. Оның ішкі арпалысын, әлсіздігін, құмарлығын, көңіліндегі бос кеңістікті оқырманның өзіне қалдырады. 

Автордың баяндау мәнері байыпты, тілі дәл, психологиялық детальдары нанымды. Артық пафос жоқ. 

Классикалық прозаға шөліркегенде Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау», Дулат Исабековтің «Сүйекші», Төлен Әбдіктің «Әке» повестерін қайталап оқып тұрамын. 

Мақтауы көп болған соң ба, Есболат Айдабосынның «Бүкір» романына көңілім ауып жүр.

Дүйсенәлі Әлімақын, ақын

Соңғы уақытта жұмыс қарбалас болып, бұрынғыдай көп кітап оқуға мүмкіндік болмады. Дегенмен, жақында британ жазушысы Дэвид Солойдың (David Szalay) «Тән» романын екінші рет оқып шықтым.

Бұл шығарма 2025 жылы Букер сыйлығын иеленген таңдаулы туындылардың бірі. Роман маған алғашқы оқылымынан-ақ ерекше әсер қалдырған еді. Екінші рет оқығанда кейіпкердің ішкі әлеміне, өмірлік таңдауларына және шығарманың астарлы мағыналарына тереңірек үңілдім.

Маған автордың адам өмірін әсірелемей, барынша шынайы суреттейтіні ұнайды. Басты кейіпкердің тағдыры арқылы адамның әлеуметтік ортасы, кездейсоқ кездесулері мен өмірлік таңдаулары оның болашағына қалай әсер ететінін көрсетеді. Шығармада адам болмысы, жалғыздық, әлеуметтік теңсіздік пен өмірдің қайшылықтары нанымды бейнеленген.

Жалпы, «Тән» романы – қазіргі ағылшын әдебиетіндегі назар аударуға тұрарлық, көркемдік қуаты жоғары роман деп ойлаймын. Егер алдағы уақытта баспалар тарапынан ұсыныс түсіп жатса, бұл шығарманы қазақ тіліне аударуға ықыласты болар едім. Өйткені мұндай туындыларды қазақ оқырманына таныстыру – аудармашы үшін де қызықты әрі жауапты жұмыс.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan