Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Соңында мол мұра қалдырған ұлы тұлға...

Соңында мол мұра қалдырған ұлы тұлға

18.04.2026

26

Соңында мол мұра қалдырған ұлы тұлға - adebiportal.kz

Қазақ халқының аяулы ұлдарының бірі – Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов.

 Ұлы Дала топырағында туған, сонау орта ғасырларда өмір сүрген, әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби мен көптеген Фарабилерді есепке алмағанда, ол – қазіргі заманғы қазақ ғылымындағы тұңғыш ғалым. 

Әлемді дүр сілкіндірген әйгілі сайыпқыран қаған Шыңғыс қағаннан, оның тұңғыш ұлы Жошы ханнан, яғни Ұлы Даладағы ақсүйек билеуші әулеттен тамыр тартқан Шоқан Уәлиханов – өз дәуірінің озық ойлы тұлғасы болды. Қысқа ғана ғұмырында ол ғылымның сан түрі бойынша орасан зор қазына қалдырып үлгерді. «Шоқан теңіз. Біз одан әлі күнге дейін шөміштеп қана алып жүрміз», - деп әйгілі ғалым Әлкей Марғұлан бекер айтпаған.

Шоқан Уәлиханов – өз дәуірінің үздік ғалымдарының, соның ішінде әскери мамандарының бірі болды деуге толық негіз бар және оның атқарған іс-қызметіне қарап, аса жан-жақтылығын аңдауға болады. Жалпы алғанда ХІХ ғасырдағы Ресей патшалығының Орта Азия мен Қазақстан жерінде өз міндетін атқарған әскери мамандарының жан-жақтылығымен ерекшеленетінін атап өткен жөн. Олар әскери білімге қоса, міндетті түрде бірнеше тілді жетік білген. Соның ішінде түркі тілдерінен арнайы курс оқыған. География, геодезия, биология,  этнография, т.б. ғылым салаларын меңгерген адамдар. Әрі олар қаламы жүйрік публицист, жазушы адамдар. Мұның жарқын мысалы – Шоқан Уәлихановтың достары, әйгілі географ, саяхатшы Г.Н.Потанин, әскери жазушы Д.И.Романовскийлер болды. 

Уақыт алға жылжыған сайын ұлы державалық амбициясы өсе түскен Патшалық Ресейдің геосаяси мүддесі Орта Азияға ауды. Бұл кезде әлемдегі ең ықпалды, алпауыт империя Ұлыбритания мен өзге еуропалық державалар да осы өңірге ықпалын жүргізіп, нығайту үшін өзара бәсекеге түсіп жатты. Қытай жерінде Нұрқаш бастаған шүршіттер құрған  Шың империясы бұл тұста өзінің дәуірлеу заманынан құлдырау кезеңіне өтіп, күшті мемлекеттер ықпал ету аймақтарын иелене бастаған. Ұлы Жібек жолының бойында жатқан ежелгі Қашғарияны жан жақты зерттеу, оны басып алып игеру үшін асқан білімді, әрі сезік алдырмайтын құпияшыл, әсіресе түр-тұлғасы жергілікті халықпен үйлескен барлаушының қажеттілігі туындаған осы тұста жас офицер Шоқан Уәлихановтың таңдалуы бекер емес еді.

Шоқан өзінің бойындағы үздік талант пен ұшан-теңіз білімі арқылы анау-мынауды мойындай бермейтін ресейлік әскери бюрократияның өкілдері Г.А.Колпаковский, К.К.Гутковский, А.К.Гейнс, Н.Ф.Аненский, М.М.Хоментовский, Ф.Н.Усов, А.ф.Голубев қатарлы жоғары шенді офицерлерін сөзсіз тәнті етіп, олардың сеніміне ие болды.    

1835 жылы қараша айында, Құсмұрын округінің аға сұлтаны Шыңғыс Уәлихановтың отбасында дүниеге келген сәбиге мұсылманша Мұхамедқанафия деген есім берілді. Абай, Қаныш, Сәкен т.б. өзге көптеген әйгілі тұлғаларымыз сияқты, Мұхамедқанафия да тарихта Шоқан деген бала кезіндегі лақап есімімен тарихта қалды. 

Кішкентайынан әжесі Айғаным ханым мен әкесі Шыңғыс сұлтанның тәрбиесінде өскен Шоқан жергілікті медреседе үш жыл оқып, он жасқа толғаннан кейін, сол замандағы Сібірде ең әйгілі оқу орындарының бірі болып саналатын Омбы кадет корпусына оқуға қабылданады.

Омбыға алғаш барғанда бір ауыз орыс тілін білмеген Шоқан, өзінің табиғатынан зеректігі, білмекке құмарлығының арқасында қатарластарын тез қуып жетіп, өзін мойындатып үлгереді. Кадет корпусының кітапханасын толықтай пайдалану құқығына ие болады. Оқудан тыс уақытында ол оқытушылармен бірге болып, олардан теориялық білім, практикалық икемдік-дағдыларды игереді.

Шоқанның әдебиетке құмарлығы бала кезінен қалыптасқан болса, жазғы каникулда ел ішіндегі аңыздарды жазып алып жүреді. Бұл кезде әкесі Шыңғыс Уәлиханов пен нағашысы Мұса Шормановтар да ел ішіндег аңыздарды, қазақ халқының тұрымысы мен салт-дәстүрін жинаумен шұғылданатын еді. 

Корпуста оқып жүргенде-ақ айналасы Шоқанның болашақта үлкен ғалым болып шығарына еш шүбәсіз сенетіндей әлеуетке ие болады. «Шоқан тез кемелденді, өзінің орыс жолдастарын басып озды. Оған көп адам ден қойып, зер салды... Корпустың оқытушылары Шоқанды болашақ зерттеуші, тіпті ғалым болуы да ықтимал деп жүрген кезде Шоқан небәрі он төрт-он бес жаста ғана болатын, ол кезде өте-мөте көп оқитын. Бұл оның бойындағы сыншылық қабілетті жетілдіре түсті. Адамгершілік мәселесі және кейіннен өзінің мамандығы болып кеткен Шығыс филологиясы саласындағы оның ой-пікірлеріне біз қайран қалатынбыз», - деп кейіннен естелік жазған екен Шоқанның досы, этнограф ғалым Г.Н. Потанин.

Шоқан 1853 жылы Омбы кадет корпусын бітіріп, атты әскер корнеті атағын алып шығады. Осыдан кейін ол Батыс Сібір генерал-губернаторы Г.Х.Гасфорттың адъютанты қызметіне алынып, кеңсе жұмысына араласады. Шоқанның қоғам және әдебиет саласындағы белсенді қызметі осы жылдардан басталды.

Бұдан соң ол ел ісіне де араласа бастайды. 1854-1887 жылы Ұлы жүз қазақтары мен кейбір қырғыз руларының Ресейге қосылу мәселесіне қатысты жұмыстарға араласады. Осы кезеңде экспедицияларға қатысып, Жетісу өлкесіндегі қазақтар мен қырғыздардың әдебиетін, тарихын, этнографиясын, географиясын зерттеді. Зерттеу жұмыстары арқылы іс жүзінде шешу ісіне араласты.Сонымен бірге ол бұл өлкелердің географиясын, тарихын, этнографиясымен әдебиетін зерттеді. Уәлиханов зерттеу жұмысына қосылады, осы алғашқы экспедициялар ойың зерттеушілік қаблеттерінің айқындалуына үлкен әсер етті.

1856 жылы Шоқан атақты географ П.П.Семенов-Тяньшанскиймен кездесті. Онымен етене  танысып, жақын араласты. «Омбыда мені әсіресе қызықтырған адам – Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов болды. Ерекше қабілеттілігінің арқасында Уәлиханов Омбының кадет корпусын зор табыспен бітіріп шықты... Петербургте жүргенінде менің ықпалыммен университетте лекция тыңдап, француз және неміс тілдерін жетік меңгеріп кеткені сонша, Шығыс тарихының, әсіресе қазақ тектес халықтар тарихының терең білгірі болып шықты»,  деп таңдана жазған екен, жиһангез ғалым. Шоқанның ерекше дарын-қабілетін таныған П.П.Семенов-Тяньшанский 1857 жылы оны Орыстың императорлық география қоғамының мүшелігіне ұсынды. Осылайша Шоқан Георгафиялық қоғамының мүшесі болып сайланды. 

Ол «Іле өлкесінің географиялық очеркі», «Жоңғария очерктері», «Көне замандағы қазақтың қару-жарақтары, сауыт-саймандары», «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы», «Сахарадағы мұсылмандық туралы», «Қазақтың көші-қоны», «Сот реформасы жайында хат», тағы басқа еңбектерінде өзі жинаған қыруар материалдарға сүйене отырып, терең пікірлер айтты.

Шоқан Уәлихановтың мол ғылым мұрасының ең негізгі бір саласы - оның әдеби-зерттеу еңбектері. Қоғамдық ғылымдардың басқа салаларымен қатар Шоқан әдебиет пен тіл туралы да алғаш байсалды зерттеу жүргізіп, ой-тұжырымдар айтқан. 

Шоқан Уәлиханов 1865 жылы Жетісу жерінде қайтыс болды. Шоқанның жастай өмірден өтуі оны таныған, сенім білдірген, үміт күткен ғалымдарды, достарын қатты қапаландырды. Академик Н.Веселовский қазақ ғалымы Шоқан Уәлихановтың өзгелерден суырылып алға шыққан ерекше қабілетіне былай деп тоқталады: «Шығыстану ғылымы дариясының үстінде,орыс армиясының офицері Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов жылтыр метеор тәрізді көрініп өтті. Орыс ориенталистері онан керемет талантты көрді және одан түрік халықтарын ашуды күтті,бірақ Шоқанның мезгілсіз қаза болуы бізді бұл үміттен айырды.»

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan