Жадыраның жан әлемі

Жадыраның жан дүниесі өлеңмен оянып, алғаш поэзия әлеміне қанат  қаққан. Бұл пікірімізге дәлел ретінде Жадыра ақынның 2021 жылы жарық көрген «OI.OIAN.OILAN» атты өлең жинағын тілге тиек етеміз. Соңғы жылдары ол қаламын әңгімеге бұрып, көркем сөздің тың арнасына түскен. «Жақсы сөз жаныңды жадыратады», – деп дана халқымыз айтқандай, Жадыраның жан жадыратар туындылары оқырман көңіліне қашанда қуаныш пен үміт, жігер сыйлайды.

24

Жадыраның жан әлемі - adebiportal.kz

(Жас қаламгер Жадыра Есімованың шығармашылығы хақында бірер сөз)

Сөз – адам жүрегіндегі сыр мен айтылмай қалған сезімді өрнектеп, жан дүниесінің жарығын сыртқа көрсететін ғажайып құрал. «Ойы бұлдырдың, сөзі бұлдыр», «Өнер алды – қызыл тіл» деп сөз өнеріне ықылым заманнан көңіл бөлген дана халқымыз сөзге тоқтай білген. Сөздің құдіретімен қоғамға, ұрпағына даналық тағылымын жеткізе білген. Хакім Абай да «Сөзіне қарай кісіні ал, кісіге қарап сөз алма» десе, енді бірде «Сөз өнері –  дертпен тең» деп сөздің салмағына баса назар аударған.

Әдебиеттің міндеті осындай құндылықтарға негізделген тәрбие тағылымын насихаттап, адамды өз жанына терең үңілтіп, тұлғалық қасиеттерді жетілдіруге бағыттауында. Қазақ қоғамындағы осындай көкейтесті мәселені көтеріп, өзінің жүрек үнін жеткізіп, шығармалары арқылы ізгілік құндылығын дәріптеп жүрген жас қаламгердің бірі – Жадыра Есімова. Жадыраның жан дүниесі өлеңмен оянып, алғаш поэзия әлеміне қанат  қаққан. Бұл пікірімізге дәлел ретінде Жадыра ақынның 2021 жылы жарық көрген «OI.OIAN.OILAN» атты өлең жинағын тілге тиек етеміз. Соңғы жылдары ол қаламын әңгімеге бұрып, көркем сөздің тың арнасына түскен. «Жақсы сөз жаныңды жадыратады», – деп дана халқымыз айтқандай, Жадыраның жан жадыратар туындылары оқырман көңіліне қашанда қуаныш пен үміт, жігер сыйлайды.

Жадыраның әңгімелері көлемі жағынан шағын болғанымен, айтар ойы айқын, көтерер жүгі, арқалар жауапкершілігі ауыр. Жақында Ж.Есімованың «Жарық», «Жетім», «Жұлдыз» әңгімелері қолыма түсті. Туындыларын парақтап шығып едім шымыр сюжетімен, жатық тілімен, дидактикалық, аксиологиялық әлеуетімен бірден баурап алды. Жас қаламгердің осы үш әңгімесін оқып, кейіпкерлерінің мінезі мен жан дүниесіне, психологиялық иірімдеріне, көркемдік ізденістеріне тоқталып, лебіз-лепесімізді білдіруді мақсат тұттық. Әр шығарманың оқиғасы бір-біріне ұқсамайтын бөлек болғанымен, барлығынан да ұлттық құндылықтар, отбасындағы мейірім мен адамгершілікке, сый, құрметке деген іңкәрлік байқалады. Көркем шығарма қаламгердің өмірден көргені мен көңілге түйгенінен бастау алады. Әңгімелеріндегі адам жанының нәзік иірімдерін тереңірек түсіну мақсатымен алдымен Жадыраның шығармашылық өмір жолына аз-кем тоқтала кеткенді жөн санаймыз

Есімова Жадыра Асқарқызы 2002 жылы 10 маусымда Атырау облысының Мақат ауданында дүниеге келген. Хамза Санбаев атындағы орта мектепті тамамдаған. 2019  жылы Алматыға байқауға қатысуға келген сапары оның болашақ таңдауына әсер етіп, алып шаһар Алматыда жоғары білім алуды армандаған.  

Білім, ғылымға, өнерге деген сүйіспеншілік Жадыраның 2019–2023 жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің филология факультетінде білім алуына өз әсерін тигізді. Қазір аталмыш оқу орнының Академиялық мәселелер жөніндегі департаментіне қарасты, Оқу сабақтарын мониторингілеу және бақылау бөлімінде жетекші маман болып қызмет етеді. Студенттік жылдары әдебиетке деген ынтасын арттырып, шығармашылық ізденісіне кеңірек жол ашқан кезең болды.

Жадыраның сөз өнеріне, өлең өлкесіне деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Анасының айтуынша, бірінші сыныпта жүргенінде анасына арнап төрт жол өлең жазған. Балалық шақта басталған алғашқы құтты қадам кейін де жалғасын тауып, өлең оның көңіліндегі сырды жеткізетін  жүрегінің жақын серігіне айналған.

2021 жылы автордың «OI. OIAN. OILAN» атты жыр жинағы жарық көргенін жоғарыда тілге тиек етіп өттік. Қазақтың қара өлеңіне деген іңкәрлік сезім мен бала күнгі құштарлығы кейін прозалық шығармаларында  жалғасын табады. Поэзия мен прозаның қос қанатын қатар ұстаған Жадыраның әңгімелеріндегі сыршылдық пен кейіпкер көңіліндегі нәзік толғаныстарды бейнелеуге ұмтылысы оның ақындық табиғатымен тығыз байланысты. Өйткені ақын жан әлемінің қалтарыстарын әдемі кестелі жіппен кестелейтін сезім мен сырдың адамы. 

Жадыраның қаламгерлік жолы әлі қалыптасу үстінде. Күнделікті қызметтің қарбаласында жүрсе де, көркем сөзден қол үзбеуге талпынған жас қаламгер бұл дара жолды өзінің өмірлік даңғыл жолы етіп таңдағанына қуанады. «Қазаны қайнаған қалада жүріп, қаламыңды суытпау оңай емес екен», – деген сөзінен шығармашылыққа деген ықыласы мен ізденіске деген жауапкершілігі аңғарылады. Жадыраның жаны шығармашылықпен демалып, уақыт өткен сайын ойына ой қосылып, санасы сәулеленіп, рухани тұрғыдан қуаттанады.

«Жарық» әңгімесіндегі Рақым, «Жетім» туындысындағы Жарас, «Жұлдыз» шығармасындағы жас қыздың бастан кешкен оқиғалары бір-біріне ұқсамайды. Рақым әжесінен айырылып, Жарас ата-анасының қадірін кеш ұғады, ал Жұлдыз әкесінен ести алмаған жылы сөзді өмір бойы аңсайды. Үш кейіпкер үш әлемнің адамдары болғанымен, үшеуінің де жан күйзелісі оқырманды жақын адамдардың қадір-қасиетін көзі тірісінде білдіріп, олардың алдындағы адамдық парызы туралы терең ойландырады.

Жадыраның әңгімелерінде бірден есте қалатын шағын әрі шынайы сюжеттер мол. Тағдыры күрделі Рақымның терең оймен терезеден сыртқа көз салуы, Жарастың қарашаңырақтағы ескі суреттерге ой тастап үңілуі, Жұлдыздың қазандағы асына көз жасының тамуы кейіпкерлердің ішкі күйін осындай детальдар арқылы сөзбен ұзақ түсіндірмей-ақ сездіреді. Барлық әңгімеге ортақ ұқсастық махаббатпен жаратылған адамға деген ыстық ықылас пен отбасылық құндылықтардың, татулықтың, береке, бірліктің қадір-қасиетін түсіну. Әжесінің мейіріміне бөленіп, қазақы болмыста тәрбиелеген Рақым сол тәлім-тәрбиені жүрегінде мәңгі сақтайды. Жарас ата-анасынан жырақтап, олардың қадірін білмей, тірісінде бағаламай, орны толмас өкінішке ұрынады. Жұлдыз әке қамқорлығын көрмесе де, анасының күнделікті Алладан сұраған дұғасы мен ақ тілегінен күш-қуат алып, ертеңгі күнге қанат қағады.

Үш әңгімедегі баяндау мәнері де ұқсас. Автор бәрін көріп, бәрін білетін баяндаушы ретінде оқиғаның өн бойында жүреді. Кейіпкердің ішкі дүниесіне еркін еніп, оның ойын да, түсін де, өкінішін де нанымды түрде ашады. Бұл тәсіл оқырманды кейіпкермен бірге қиналып, бірге ойлануға, кейіпкер мен оқырман арасындағы психологиялық байланысты бір жіптің бойымен сақтауына ықпал етеді. Кейде автордың үні кейіпкердің ойымен астасып кеткендіктен, әңгіме лирикалық толғауға айналады. Бұл алғашында өлең өлкесінен келген қаламгерге тән табиғи құбылыс.

«Жарық» туындысы әжесінің бауырында өскен он жасар Рақымның ішкі ізденісі мен бала көзімен өмірдің мәнін табуға ұмтылған кейіпкердің әрекеті сипатталады. Мұғалім «Мен өскенде… болғым келеді» тақырыбына эссе жазуды тапсырады, сыныптастары Досжан ұшқыш, Арман саяхатшы болғысы келетінін айтып, асыл арманына қанат бітіреді. Ал Рақым үнсіз жымиып, бұл төңірегінде көп ойланады. Шындығында, әңгіме мамандық таңдау туралы емес, дүниеге бір кірпіш болып қаланып, өмірдің өрінен өз орныңды алу жайлы таңдау Рақымды терең ойға батырады. Осы тұста сауалды әжесіне қойып, кім болу керектігін асыл әжесінен сұраған Рақымның аңғал, адал көңілі, еркелігі нанымды суреттелген. Баланың сұрағына алдымен әжесі жауап береді. «Кім болсаң да өз еркің, тек адалдықтан аттамай, ұятыңды сақтайтын адам болып қал!» деген дана әженің сөзінің астарын  Рақым кенеттен әжесінен айырылған қаралы күні ғана толық түсінеді. Күнде маңдайынан сүйіп оятатын әжесінің бала Рақымды оятуға бөлмесіне келмеуі, ешқашан ұйқыдан кеш тұрмайтын жүрегі мейірім мен шуаққа толған әженің мәңгілік ұйқыға кетуі он жасар Рақымға өте ауыр соққы болады. Баламен бірге оқырманның да көзіне жас толып, үнсіз егіліп, жүрегі қарс айырылатыны ақиқат. Жас қаламгер Жадыраның осындай эпизодтарды шынайы суреттеуі, боямасыз өмірдің жан ауыртар сәтін оқырманға сезіндіре білуі, бала психологиясын терең түсініп, әрбір детальды орынды қолданғаны  автордың шығармашылық шеберлігін танытады. Баланың жан дүниесін дөп басып танып, әрбір сөзді ұтымды қолдануы, образды аша білуі, кейіпкердің жан толқынысы мен оқырманның өзара рухани, психологиялық байланысын, кейіпкер мен оқырман арасындағы нәзік жіпті үзбей, бір арқаннның бойында соңына дейін жалғап отыруы Жадыраның бала психологиясын терең меңгерген сезімталдығы мен қырағылығын, суреткерлігін танытады. Себебі оқырман Рақыммен бірге қуанып, Рақыммен бірге арман аралына саяхат жасап, Рақыммен бірге ойланып, бала Рақыммен бірге үлкен ғұмыр жолына қол ұстасып, сапар шегеді. Ұлттық тәрбиенің құндылықтарын бойына сіңіруге үлес қосқан әжесі мен Рақымның мейірім мен махаббатқа, сүйіспеншілік пен қамқорлыққа, ізеттілік пен кішіпейілдікке құрылған қарым-қатынасына сүйсініп, кейде тіпті Рақымдай әлдекімге еркелегісі де келеді. Оқырман күйбең тірліктің түрлі мәселесін ұмытып, бала көңілімен аппақ әлемге ертегідей қарап, ертеңгі күнге қуанып, үміттің қыранын қалықтатып, ғаламнан тек ғажайыпты көргісі келеді. Арайлап атқан таңның нұрына шомылып, тек жақсылықтың, қуаныш пен бақыт құсының қонарына сенгісі келеді. Осы сәтте өмірдің кейбір оқиғалары мен келеңсіз сәтіне көзіңді жұма қарап, бала Рақымдай барлығын өткізіп жібергің келеді. Әлемге тек осы қуаныш пен ғажайыптың күні ертең таңертең тұрғанда келетініне шынайы сеніп, алаңсыз, қайғы, мұңсыз өмір кешкің келеді. Осындай халге енуің үшін кейде өмірге бала көңілмен қарай білу керектігін түсінесің.

«Қаланың мектебінде оқиды деген аты ғана болмаса, Рақым әжесінің етегіне оралып өскен ауылдың баласындай. Соның септігі ме, әйтеуір өз ортасында дараланып тұрады». Осы арқылы автор жеке тұлға бойындағы ұлттық құндылықтардың сақталуына, ұлттық тәрбиенің маңыздылығына баса назар аударғысы келген. Қаланың мектебінде оқыса да, өзінің қазақы мінез, дарқан болмысымен, достарымен арадағы қарым-қатынастан Рақымтайдың кеңпейіл, бауырмалдығы, өмірге ашықтығы, әлемге құштар бала көңілі көк аспандай мөп-мөлдір, кіршіксіз әрі тұп-тұнық.  Ең соңында, жауапкершілігі жоқ жансыз тау да, бұлт та болмай, дәл адам сияқты сияқты жауапкершілігі бар нағыз адам болып қалуға шешім қабылдауы да кездейсоқтық емес. Демек, өмір белесінде қателессең де, сүрініп құласаң да, етігіңнің шаңын сүртіп, көз жасыңды қайта тыйып, әрқашан саналы, ардан аттамаған ақниетті, жылы жүректі, нұрлы ақылды, ізгі адам болып қалуды таңдауы – ең дұрыс шешім.  Оны автор Рақымның өз аузымен түсінікті тілмен ұтымды жеткізеді. «Құс та, жансыз тау да болып, бұлтқа да айналғым келді. Қызығы, түсімде олай болып та, сезініп те көрдім. Бірақ жауапкершілікті сезіне алмадым. Ол – міндетті де емес екен». Рақымның сыныптастары Досжан мен Арман болашақ мамандығын ғана ойлап қиялға шомады. Рақым болса, әжесінің ақылынан кейін қандай адам болып өсу керектігіне көбірек көңіл бөліп, сұңғыла әжесінің өсиетін орындап, ізгі адам болуды таңдады. Ұстаз Маржан Сәдуқызының баланың жағдайын түсініп, кеш тапсырған тапсырманы тыңдауы оқиғадағы мейірімді,  адами ізгі қарым-қатынасты толықтыра түседі.

Рақымның түс көруі баланың қиялын ғана танытып қоймай, әңгімедегі ойды тереңдету мақсатында қолданған. Құс болып ұшып, тау мен бұлтқа айналғанын көрген бала оянған соң әжесінің өсиетіне қайта оралады. Түсіндегі еркіндік пен өмірдегі жауапкершілікті салыстыра отырып, ол жақсы адам болып, адамдық қасиетті сақтаудың мәнін ұғынды.

Алты жасында әкесі де, анасы да тастап кеткен баланы тауып алып, өз бауырына басқан осы жалғыз басты Жібек әжейдің «Рақымтай» деп еркелетуі, қапыда қаза табуы баланың өмірін күрт өзгертіп жіберді.  Өйткені бала көңіл мұндай қорқынышты сәтті қабылдауға, көруге дайын емес еді. Дәл осы тұста Рақыммен бірге сергек саналы, ойлы  оқырман да егіле жылап, баланың болашағына алаңдайды.

Әңгімедегі әсерлі сәттердің бірі Рақымның сынып алдында өз шығармасын оқып беруі. «Ең қиыны – адам болып келгеннен кейін адам болып қалу!» деген сөзінен әжесінің өнегелі өсиетін өмірінің басты ұстанымына айналдырғанын аңғарамыз. Баланы «Рақымтай» деп әжесіне ғана еркелетсе, енді мұғалімнің де «Рақымтай» деп атауы жүрекке жылу сыйлайды. Әлем мейірімнен тұрса, адамзат қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда бақытты ғұмыр кешеді-ау деген қорытынды жасайсың. Әңгіменің басталуындағы қала жарығы соңында Рақымның жан дүниесіндегі ізгілікпен, мейірім, сүйіспеншілік, ізеттілікпен сабақтасып, шығармаға көркемдік тұтастық береді.

Әженің көркем тәрбиесі қайтыс  болған кейін баланың руханиятынан көрініс тауып, берік ағаштың тамырындай күннен-күнге өз жемісін береді. Абзал әже өзі кетсе де, өмір жолына үлкен мәуелі бақ өсіріп, ғұмырдың шырағын жағып кетті. Сол шамшырақтан жарықтанған Рақымның ендігі өмір жолы да даңғыл, адами құндылықтары жоғары, тұлғалық қасиеті де күннен-күнге жетілетіні шындық. Кейбір кезеңде адамдар өмірдің көшінде болмаса да, олардың жағып кеткен жарықтары сан ғасырды нұрландырып, тура жолға бастап, адамзатты сол жарықпен жылытып отырады. Сондықтан әңгіменің қайғылы оқиғасында үмітсіздік жоқ,  дана әжеден қалған жарық баланың жүрегін шуаққа, ізгілік пен мейірімге бөлейді. Жан – жылуға, көңіл – сенімге мұқтаж! Ең қиыны адам болып келгеннен кейін адам болып қалу! Іші жарық болған жанның сырты да жарық, сырты да әсем. Баршамызға жер бетінде өз жарығымызды айналамызға түсіріп, адам болып жүруді үйрену керектігін түсіндіреді.

Ал «Жетім» шығармасы құрылымы айқын, классикалық сюжетті әңгіме деп санаймыз. Шаңдала ауылында туып-өскен ауылдың қара домалақ баласы Жарас қалаға барып, оқуға түсіп, оқуын үздік тамамдайды. Астанадағы беделді мекемеге қызметке орналасады, отбасын құрып, үш бала сүйеді, ақыры ірі компанияның басшысы болуға жақындайды. Сырт көзге бұл табыс баспалдағына көтерілген адамның өсу деңгейі болып көрінеді. Алайда ішкі шындықтың сандығын ашып қараса, лайланған көңіл мен «Су ішкен құдығына түкірген» кейіпкердің қатыгездігі мен салқынқандылығы, жүрегіндегі жылуын жоғалтып, мансаптың буына масайған жанның бейнесін көреміз.  Ата-анасын апталап іздемейтін, оларды он жылда бір-ақ рет көрген ұл өз жеңісін қуаныш санайды, ал жеңіс ақшасы әйелі мен балаларына сыйлайтын қымбат заттардан аспайды. Ауылдағы қарт ата-анасының қайғылы жайынан бейхабар, білсе де білгісі келмейтін, сезсе де, сезгісі келмейтін тасбауыр перзенттің ата-алдындағы жауапкершілігін ысырып тастауы әңгіменің басты қайшылығын тудырады. Бәлкім, Жарастың жан дүниесінде психологиялық жарақат бар шығар, бала кезінде қолы жетпеген материалдық дүниеге қолы жеткен соң, өткен өмірдің күңгірт кезеңдерін уақытша ұмытқысы келетін болар. Сол жарақатын мансап, ақшаның буымен толтырып, жарасын дүниемен жапқысы келер. Бұл Жарастың ата-ана алдындағы перзенттік парызы мен жауапкершілік, борыштарынан азат етпейді. Тіпті Жарасты ақтауға себеп емес. Қалай болған күнде де, Жарас өз қателігін мойындап, тәубе етуі қажет.

Автор әңгімеде кері бейне құру тәсілін тиімді қолданған. Жарас алдымен анасының қоңырауына «Менің қолым бос емес, кейін хабарласамын» деп жауап береді, кейін өзі қуанышты жаңалықпен ата-анасына қоңырау шалғанда, тұтқаны ешкім көтермейді. «Соңғы рет баламның дауысын естіп кетейінші» деп өтінген ананың тілегі орындалмай қалуы әңгімедегі ең жүрек шымырлататын тұс. Мұндағы қайтарым тағдырдың кездейсоқ соққысы емес, адамның өз ісінің заңды жемісі. Дертке шалдығуы да, лауазымға отыра сала өзіне жақпаған әріптестерін жұмыстан шығаруы да бір жағымсыз әрекеттің салдары. Жарастың жан дүниесіндегі өзгеріс те түс арқылы көрініс табады. Бүкіл өмірі таспаға түсірілгендей көз алдынан өтіп жатқанда, «неге өмірім бұлай болды?» деген сұрағына нақты жауап табады. Әйткенмен сауалдың жауабын тапқанда барлығы өте кеш болды.

Жарастың қызмет баспалдағымен жоғары көтерілуі оның мінезіне кері ықпал етті. Өзіне жақпаған әріптестерін жұмыстан шығарып, көңілі көкке көтерілген  сайын ауылдағы ата-анасының  қал-жағдайын сұрап, хабар алуды азайтады. Қарындасы Асылым мен күйеу баласы Нұрбол қарапайым ауылдың қоңыр тіршілігінде ғұмыр кешіп, әрқашан үлкендердің жанынан табылған қарапайым жандар. Күйбең тіршіліктегі қарапайым жандардың ізеттілігі мен мейірімділігі, қамқор, бауырмалдығы, даладай дарқан кеңпейілдері оқырманды қуантады. Қазіргі қоғамда осындай адамдардың әлі де бар екенін көріп, жаның рақаттанады. Бұл адамдар Жарасқа қарама-қайшы топтың кейіпкерлері. Қаламгер осындай айырмашылықтар арқылы жоғары адамгершілік, имангершілік қасиеттің қадір-қасиетін сезіндіреді.

Ата-анасының қазасынан кейін Жарас туған үйіне келіп, әкесі мен анасының көзіндей болған заттарға қарайды. Кабинетіне алып кеткен ескі сурет те оның өткен өмірімен байланысын үзбегендей. Алайда өз қатесін толық түсінуге ұзақ уақыт керек болады. Ауыр дертке шалдыққанын естігенде ғана отбасына бұрынғыдан өзгеше көңіл бөліп, балаларына мейірлене қарайды.

Көркемдік ерекшелігі жағынан әңгімеде халықтық сөз қолданысының қуаты сезіледі. «Сынаптай сырғыған уақыт», «орда бұзар жас», «қызметтің қызуына, биліктің буына еті үйренген» сияқты тіркестер  әңгімеге реңк беріп, ұлттық бояуын қалыңдатады. Әңгімеде суреттелген әрбір заттың өзіндік орны бар, көтерген жүгі зор. Ол детальдар әңгіменің әсерін күшейтіп, үнсіз тіл қатады. Әкенің етігі, ананың тігін машинасы, сөреде тізілген кітаптар, ескі сурет барлығы естелікке айналып,  Жарастың жылдар бойы жүрегінде жоғалған жылуын жеткізеді. Автор: «Түтін шықпаған үйде мәңгілік тыныштық орнады»,  –  деп қарашаңырақтың ошағы сөніп, отбасының өмірі бір сәтте аяқталғанын бір сөйлеммен тұжырымдайды.

Қаламгер шығарманы «Жетім» деп атауы арқылы жетімдікті ата-анадан айырылумен шектемей, адам бойындағы мейірімнің жоғалып, пейілдің тарылуымен де сабақтастырған. Сейтқали ақсақалдың өсиетке толы сөзі  бұл толғанысты түйіндейді. «Бүтін келді-жетім кетті. Жетім дегенім әке-шешеден емес, Құдай қондырған ниеттен, дарқан даладай пейілден, тәрбие көрсе де соқыр болған адамды жетім деп айтқым келеді. Ата-анасына мұң артқан күйі өзі де өкінішке толы ауырлықпен кетті. Бұл өмірде бәрі уақытша. Атағың емес, адамдығың қалады. Пейілі тар адам таласып жүріп тозады, кең адам жан-жағымен кеңесіп жүріп озады. Өзіңді құрметтеген, жақсы көрген адамдармен аралас. Сонда ғана қадірің болған жерде қадам баса аласың. Бұл мекен- сынайтын мекен», – деген Сейтқали ақсақалдың Шаңдалаға қарап тұрып аяқтаған сөзі әңгіменің пәлсапалық түйіні деп санаймыз. Оқырманды ойға батырып, осының себебін іздеуге шақырады. Бәлкім, Жарас ата-анасына мейірім, қамқорлық танытқанда өмірі өрнегі басқаша жақсылықпен өрілер  еді деген ойға келесің.

Баласын сағынған Мырзабек пен Райханның да жасына жас қосылып, жетпісті алқымдап қалуы, баласын он жылда бір рет қана көріп, немерелеріне мейірленіп, мауқын баспаған ішкі ауыр жай-күйі, қарт кісілердің көңілінің наласы түбінде бір жерден шығады-ау деп отырасың. Ауылда асық атып, шаңына шомылып өскен Жарастың күрт өзгеруі, ниетінің тарылуы, ата-анасының көңіліне қаяу салуы,  он жыл бойы көрмей, ата-анасымен қарым-қатынас жасамай кетуі өзіне келе жатқан нығметтің, денсаулық пен бақыттың жолын жабуға себеп болған шығар деген қорытынды ойды шығарады. Түйін ретінде Сейтқали ақсақалдың сөзі автордың ішкі үні ретінде көрініс табады. Оның «атағың емес, адамдығың қалады» деген түйіні әңгіменің идеясын қорытады. Жетім әке-шешесінен айырылған ғана адам емес, пейілі мен ниетінен айырылған адам. Қазіргі қазақ қоғамында Жарас сияқтылар көбейіп барады, ата-анасын қарттар үйіне апарып тастау Жарастардың әрекетінен туындаған  рақымсыз іс. Алайда дана халқымызда «Атаңа не қылсаң, алдыңнан сол шығады» деген тәмсіл  бар. Түптің түбінде Жарастардың өзегі өкінішпен өртеніп, жанның азабы мен ар азабынан құтыла алмайтыны хақ.   

«Жұлдыз» шығармасы үш әңгіменің ішіндегі үміт пен күдіктің, мейірім мен қаталдықтың өзара арақатынасын дәлдік, нақтылықпен суреттейтін әңгіме. Ауылдан қалаға келген қыз беделді университетте оқиды, жеке кәсіп ашып, білім саласына араласады, оқуын өзі төлейді, анасына тон, бауырларына смартфон сыйлайды, тіпті шимайлап жазған дүниелері жарық көреді. Қомақты қаражат тапқан сайын бір күнін өзіне арнап, шаршағанын ұмытып, күш-қуат жинап, келер күнге өзін қанаттандырады. Сырттай қарағанда табысты, еңбекқор қыз. Бірақ автор осы жетістіктердің түбінде жатқан басқа шындықты ашады. Жұлдыздың арманы табысты болу емес, қыздың басты арманы кезінде тастап кеткен әкесінің мойындауы, бір ауыз жылы сөзі. Бір адамның сөзіне бола, күн, түн демей шапқылап,  қыруар іс тындырғаны жанына батады.

Жұлдыздың өзіне арнайтын «бір күні» терең психологиялық деталь. Балалық шағында бала болып көрмеген, ер адам сияқты қолына күрек ұстап, ерте есейген қыз өзін өзі қолдап, өзін-өзі марапаттайды. Өзін мақтап, ынталандырып, жігерлендіреді. Ал оның жұбанышы Аллаға деген сенім, жүрегін рухани тыныштыққа бөлейтін мінажат және ақ батасын беріп, оның тілеуін тілеп отыратын абзал анасы. Автор осы үш тіректі «қомқоршысы – Құдай, қорғанышы – дұға, қолдаушысы – анасы» деген тізбекке жинақтап, рухани қуат ретінде суреттейді. Анасының таңертеңгі «Амансың ба, жаным?» деген қысқа хабарламасы әңгімедегі мейірімге толы сәулелі сәттердің бірі. Жұлдыздың жан дүниесіндегі ауыр мұңды сейілтіп, кешегі қиындығын ұмыттыратын да арайлы таңдағы анасының айтқан бір ауыз сөзі жүрегіне жылылық сыйлап, сабырға келтіреді.

Жадыра Асқарқызының шағын әңгімесіндегі қақтығыс нәзік, бірақ оның астында үлкен отбасылық драма жатыр. Әкесі қызымен бір көпқабатты үйде тұрады, арасы бар болғаны төрт подъезд, алайда қызы он сегіз жасқа толғанша бір рет те хабарласып, жылылық танытпаған. Ақыры қоңырау шалғанда да әкелік мейірім танытып, қызы жылдар бойы күткен еркелеткен жылы сөз айтпайды, керісінше, қызының тәрбиесін кінәлайды. Бұл көріністе қаламгер әңгімде тұрмыстық детальді орынды пайдаланған. Қыз телефонды иығымен қысып, қазандағы кәртөшкені араластырып тұрады, ал естіген сөзінен кейін көз жасына ерік беріп, бойы дірілдеп, көлдеткен көз жасы дайындап жатқан асына тамады. Күнделікті ұсақ қимыл мен жан күйзелісінің қатар тұруы оқырманға ерекше әсер етіп, нанымды шыққан.

«Қамқоршысы – Құдай, қорғанышы – дұға, қолдаушысы – анасы болған қыздың тағдырдан таяқ жеген сәті де аз емес. Содан да болар қазір қит еткен қисыққа түссе де сына қоймайды». Жадыра осы арқылы қыздың эволюциялық өсу жолдарын көрсетеді, қиындыққа мойымаған қаршадай қыздың дауыл соқса да, майырылмайтын берік ағашқа айналуы кейіпкердің рухының мықтылығын көрсетеді. Ол әлдекімдер сияқты көз жасына ерік беріп, көшеде егіліп отырмайды. Өзін қолына алып, найзағайдай намыспен, жалын жігермен тек алға қарай ұмтылады. Бұл эпизод оқырманға хакім Абайдың «Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме, қызық келсе қызықпа, оңғаққа ерме» деген даналық сөздерін еске салып, оқырманды жарқын болашаққа жігерлендіреді. Жұлдыз ауылына демалысқа келгенде танысынан әкесінің басқа бір кішкентай қызды мойнына мінгізіп ойнатқанын естиді. Көптен бері көңілінде жүрген өкініштің оты сол сәтте қайта тұтанады. Өзге балаға бұйырған әкелік мейірімді өзі көре алмағанын ойлап, іштен тынады, жүрегі тыныштық таппайды. «Қызына арман болған сол биік орын тым болмаса басқа балақайдың арманы болмасын» деген тілегі Жұлдыздың жан жарасымен қатар кеңпейілдігін, өткенді босатып, жаңа өмір бастауға бейім кешірімділігін танытады.

Жұлдыз есімінің өзі шығармадағы көңіл күймен жарасымды кестеленген. Жас қыз оқып, еңбек етіп, өз жолын табуға ұмтылады. Әйтсе де қол жеткізген жетістіктері әкесінен күткен бір ауыз жылы сөздің орнын толтыра алмайды. Осы тұста кез келген материалдық дүние рухани дүниенің, жылы адами қарым-қатынастың орнын баспайтынын, қарапайым жан жадыратар жан жылуын бере алмайтындығын баяндайды. Жадыра осы екі қайшылықты кейіпкердің күнделікті тіршілігі мен ішкі толғанысы арқылы жеткізген.

Қаламгердің әңгімелеріне тән ортақ көрініс түс көру мен естеліктің көркемдік тұрғыдан қызмет атқаратынында. Рақым түсінде өзіне жауап іздесе, Жарас өткен өміріне көз жібереді. Ал Жұлдыздың мақпал түннің құшағында жалғыздықта ойға батуы оның ішкі арпалысын айқындай түседі.

Шығармадағы қала көрінісі де кейіпкерлердің көңіл күйімен, мінезімен, ішкі жан толқынысымен астасып жатады. Рақым терезеден үй ішіне көз салып, жарыққа ұмтылады, Жарас қызметтің қарбаласында жүріп ата-анасынан алыстайды, Жұлдыз үлкен қалада өз күнін өзі көріп, асқар таудай тірегім болса деп әкесінің мейірімін аңсайды. Қала олардың өмір жолына сан тараптан ықпал еткенмен, әрқайсысының таңдауы мен мінезі өз тағдырына сай шешіледі.

«Жетім» мен «Жұлдыз» әңгімелерінің шарықтау шегі телефонның безек қаққан қоңырауымен байланыстырылады. Біріншісінде жауап бермеген қоңырау өзекті өртер өкінішке, екіншісінде жауап берілген қоңырау жазылмас жараға айналады. Заманауи байланыс құралы арқылы автор бүгінгі қоғамның дертін яғни дауыс жақыннан естілсе де, жүректен мейірімнің алыстағанын, сол жылылықтың жырақта болуынан салқындықтың пайда  болатынын көрсетеді. Төртінші мәселе тіл мен ұлттық таным сабақтастығы. Автор көпшілікке түсінікті, жатық тілмен жазады, мақал-мәтелмен өрілген ойларды, мінажат пен батаны, «аузы дуалы адамдар», «қомқоршысы – Құдай, қорғанышы – дұға, қолдаушысы – анасы» сияқты тіркестерді ұтымды қолданады. Бесіншісі, шешуші сәт ретінде, автордың философиялық түйін жасайтын шешім қабылдайтынын атап өтуге болады. «Жарық», «Жұлдыз» шығармалары оқырманға ой салумен аяқталса, «Жетім» туындысы трагедиялық түйінмен тәмамдалады. Бұдан байқайтынымыз оқырманға ақыл айтпай, ой салу, жамандықтан жирендіріп, жақсылықты үлгі етіп, оқырманның өзіне шешім қабылдату.

Қаламгердің әңгімелердегі негізгі тақырып тәрбие мәселесі, ұлттық және отбасылық құндылықтар мәселесі. Рақым әжесінің өнегесін өмірлік ұстанымына айналдырса, Жарас ата-анасының алдындағы парызын кеш ұғынып, «қолын мезгілінен кеш сермейді». Жұлдыз болса, әкесінің қатқыл сөзіне қарамастан, шуақ шашқан анасының мейірімі мен ақ батасынан, ізгі тілегінен жігерленеді. Қаламгер жақын адамдардың өзара әрекетінің салмағын сезіндіреді. Шығармадағы назар аударатын тағы бір деталь уақыт кеңістігі. Уақыт біреулердің жарасын жазса, базбіреудің қайғысын ұлғайтып жіберуі ықтимал. Сол себепті уақыттың өтуі кейіпкерлердің өкініші мен үмітін айқындай түседі. Рақым әжесінің өлім алдындағы сәттегі соңғы құшағын сағынышпен жиі еске алады. Жарас анасының соңғы қоңырауына жауап бермегеніне өкінеді, Жұлдыз әкесінің жылы сөзін күтіп есейеді. Оқырман әңгіме барысында жақын жандарға көңіл бөлуді кейінге қалдырмау керектігін ұғынып, ізгілікті ертеңге қалдырмай жасаудың маңыздылығын түсінеді.

Жұлдыздың әңгімелеріндегі («Жарық», «Жетім», «Жұлдыз») Рақым, Жарас, Жұлдыз үш түрлі тағдыр иелері, әртүрлі жастағы кейіпкерлер,  үшеуі де қала жарығына қарап, өзінің жан әлемінің жарығын іздейді. Біреуі әжесінің сөзінен, екіншісі кеш келген өкініштен, үшіншісі әкесінің мейірімділік танытпаған үнінен өмірлік сабағын алады. Қаламгер Ж.Есімованың әңгімелері оқырманға ақыл айту үшін емес, жүректі селт еткізіп оятып, жүректердің жарығын жағу үшін жазылған туындылар деп білеміз. Ол ата-ана мен баланың қарым-қатынасында айтылмай қалған сөздер, «адам болып қалу» деген ең қарапайым әрі  жауапкершілікке толы күрделі міндет жайында толғанады. Аталмыш әңгімелер оқырманға тек эстетикалық ләззат сыйлап қана қоймайды, әркімді өз жан дүниесіне, өміріне терең үңіліп, кемшін тұстарын толықтыруға шақырады. Автор Ж.Есімова әңгімелерінің қоғамдық мәні де осында жатыр. Олар жоғалған жақындықты қайтаруға, салқындықты жылытуға, көмескілене бастаған сәулесі әлсіз қоғамды жарықтандыруға әлі кеш емес екендігін есімізге салады. Яғни жүректердің мейірімін оятып, әлемге жарқын көзқараспен қарап, ойымыз бен бойымыздан әлемге жағымды нұрлы шуақ таратып, ғаламзатты жарыққа бөлеу әркімнен басталады деген ойды ұялатады. Жадыраның өзі де: «Жазғым келетін, қозғағым келетін тақырып көп», – дейді. Алдағы уақытта шығармашылыққа көбірек уақыт бөліп, қоғамдағы өзекті мәселені туындысына арқау етіп жазуды қалайды. Жалпы Жадыра шығармашылығындағы жарық шартты ұғым. Жарық – қазақ дүниетанымында бақытты  болашақтың, тыныштық пен жарқын өмірдің, мейірім мен ізгіліктің, жылулық пен рухани құндылықтардың тоғысқан алтын көпірі.

Шағын мақаламызда жас қаламгер Ж.Есімованың шығармашылық ізденістеріне назар аударып, көркемдік танымы мен қалам қарымын бағамдауға тырыстық. Алдағы уақытта әр шығармасына жеке-жеке тоқталып, тереңірек зерделеу ойымызда бар. Әдебиет әлеміне қадам басқан Жадыраның алар асуы әлі алда екеніне сенеміз. Жадыраның қаламына қуат, шығармашылық ізденісіне береке тілейміз. Әдебиет әлеміндегі қадамы сәтті болсын демекпіз!

 

Дәрен Бақдәулетұлы,

әдебиет зерттеуші,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan