Ұлттық поэзиядағы үлгілі құбылыс
Сөз жоқ, әдебиет бірлескен ұжымдық еңбек емес. Дегенмен, «ұлттық» деген сөз қосылған жерде ол бір бүтін тұлғаға айналады да, бас-аяғы бар, ортақ ерекшеліктер шырмаған бөлінбес дене түрінде жалпылама қаралады. Ұлттық сана қызметінің ерекше жемісі ретінде елдік сипатының айқындығымен қоса, белгілі бір деңгейде берік тұтастыққа да ие. Қанша жерден шартты ұғым дегенімізбен, ұлттық сөз өнеріне келіп қосылып жатқан жаңа буын, жас толқындар да, уақыт әсерінен болар, өзара ықпалдастық аясында күн кешеді. Өздеріне тән стиль даралығы болғанымен, ортақтастырып отыратын ордалы қасиеттері де аз болмайды.
Әдебиет – тірі организм. Ол үнемі әрекетте, қозғалыста болады. Сәтіне қарай дамиды, уақытына қарай іркіледі, заманы туса, қарыштап қайта өрлейді. Бұл үрдіс көбінде оған оқтын-оқтын келіп қосылып тұратын жаңа толқындардың тегеурініне, жеке және ұжымдық талпыныстарына тікелей байланысты. Шығармашылық иелері жеке-жеке тұлға, еңбектері дара-дара туынды дегенмен, ұлттық әдебиет жөнінен алғанда, олардың барлығы да ұлы көлге тұс-тұстан кеп қосылып жатқан бір-бір бұлақ есепті. Мөлдір айдынның арнасынан асуы да, жиегінен аса тасуы да көбінеки солардың шанақтарының шамасына қатысты.
Сөз жоқ, әдебиет бірлескен ұжымдық еңбек емес. Дегенмен, «ұлттық» деген сөз қосылған жерде ол бір бүтін тұлғаға айналады да, бас-аяғы бар, ортақ ерекшеліктер шырмаған бөлінбес дене түрінде жалпылама қаралады. Ұлттық сана қызметінің ерекше жемісі ретінде елдік сипатының айқындығымен қоса, белгілі бір деңгейде берік тұтастыққа да ие. Қанша жерден шартты ұғым дегенімізбен, ұлттық сөз өнеріне келіп қосылып жатқан жаңа буын, жас толқындар да, уақыт әсерінен болар, өзара ықпалдастық аясында күн кешеді. Өздеріне тән стиль даралығы болғанымен, ортақтастырып отыратын ордалы қасиеттері де аз болмайды.
Бұл арада әр жолы келіп қосылған жаңа буынның барлығы өнерге соны серпін, пәрменді екпін әкеледі деген жаңсақ түсініктен аулақ болуымыз керек. Маңдайына сондай бармақ басындай бақ жазылған, дарынымен қабат дайындығына қоса, ізденгіш рухы да күшті, үлгілі ұрпақ қана сондай жақсы атқа лайық деп қараған мақұл.
Тәлейімізге қарай, біздің ұлттық сөзөнеріміз де, оның ішінде өлеңсөз өнеріміз де, әр жолы демегенмен, түйе боталағандай болса да, тыңға түрен салуға талпынған толағай толқындардан кенде болмапты. Оқтын-оқтын кезек алып, ентелеп келіп, кең жайылған ақжарылқап айдынға құт болып қосылып жатыпты. Алда қарастырғалы отырған ұлттық поэзиямызда өткен ғасырдың 80-90 жылдарында төбе көрсеткен жаңа құбылыс, міне, сондай, төбелі қырларымен ерекшеленетін тосын бұлқыныстардың бірі. Ұзақ тарихқа ие ұлттық өлеңіміздегі өздеріне дейінгі барлық жетістектерді бойына сіңіріп, енді жаңа кеңістіктер ашуға ұмтылған бұл буынның талпынысы қуатты, екпіні әжептәуір қатты болды. Одан да маңыздысы, үлгілі өнегелерімен өздерінен кейін жаңа жетіліп келе жатқан жеткіншек буынға оңды әсер етіп, ықпал жасаған зор жетістіктерін де осы арада айшықтап айта кеткеніміз жөн. Өкілдерінің есімін атасақ, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Мейірхан Ақдәулетұлы, Гүлнар Салықбай, Құл-Керім Елемес, Дағжан Белдеубай, Сұраған Рахмет болып жалғаса беретін бұл сайдың тасындай лекті соныға соқпақ салып, тыңға түрен тартты деп есептеуге толық негіз бар. Өз заманының сұранысынан туып, өз дәуірінің сөзін айтып, өз уақытының үнін шығара алды деп нық сеніммен айта аламыз бұл күнде.
Кейбір зерттеушілеріміз «интелектуал поэзия» деп атап жүрген ұлттық өлеңсөз өнеріміздегі бұл өзгеше құбылыс жөнінде ілгеріде анда-санда болса да сөз болып қап жүретін. Мұндай әңгімелерден оның қаперден мүлде қағыс қалған нәрсе емес, қайта көзі қарақты жұрт әлдеқашан назар аударған, тіпті, өз алдарына ой қорытып, тілдеріне тиек еткен жай екенін анық аңғаруға болар еді. Бірақ, неге екені белгісіз, кейінгі кезде сол өзі әлжуаз, кең өріске шығып, еркін көсіліп кете алмаған шолақ талқы пышақпен кескендей қиылып, сап тиылды да, ешқашан ештеңе болмағандай үнсіздікке батып, ақыры су аяғы құрдымға кетіп тынды.
Енді еске алсақ, кезінде өрбіген сол сөздердің көбі оның тарихының тереңде екені, алпысыншы жылдардағы ұлттық поэзияның ерен серпілісі тұсындағы қуатты өрлеумен тұспа-тұс келетіні жайына қарай ойыса беріпті. Жаңалықтың басында тұрған ақындардың атына келгенде әуелгіде О. Сүлейменов, Ж. Нәжімеденовтердің есімдері құрметпен аталса, артынша Ж. Жақыпбаевтың сойы да ауызға жиі ілініпті. Негізі, қисыны бар сөз. Данышпан Абайдың тұсында, сол ұлы дарын иесінің ой қуаты, парасат пәрменінің арқасында соншама биікке әуелеген, ал содан кейінгі кезде барынша құлдырап, тіпті, бертін келе, кеңес үкіметінің тұсында түрлі саяси науқандардың қолшоқпарына айналып, өндіріс пен ауылшаруашылығының дамуын жырлайтын насихат құралы шегіне дейін төмендеген қазақ өлеңін қайта көтеріп, өнер кейпіне енгізу жолында кімдер не істеп, қандай әрекет жасамады десеңізші... солардың ішінде, тағы біраз басқа шайырлармен қатар, тыңға түрен салып, өздерінің айшықты әлемін ашуға бел шеше кіріскен жаңағы ақындардың (Олжас, Жұмекен, Жұматай) да болғаны жалған емес. Жалаң ниет қана емес, еселі еңбектер де жасалды. Олар, бәлкім, өздері діттеген биік межеге жетіп, көздеген мақсаттарын толық жүзеге асыра алмаған шығар, дегенмен, қалыптасқан қасаң қалыптарды бұзып, шеңбер сыртындағы шексіз кеңістікке қарай ширыға ұмтылудың озық үлгісін көрсеткені анық. Сол негізде өз бастарының айтулы талант екенін қапысыз дәлелдеп, айғақтап та берді. Білген адамға осының өзі-ақ кез келгеннің қолы жете беретін жеңіл-желпі жетістік емес еді. Дайындықтарының кемшіл болуына, және басқа да себептерге байланысты мәреге жетпей жығылып, жолда қалғандары қаншама!.. Жалпы, бұл тақырыпқа кіріп кетсек, сөзімізді тым ұзартып аламыз, сондықтан бұл тараптағы әңгімемізді осы арада доғарып, о баста өзіміз өте маңызды деп қозғаған өзекті мәселемізге қайта ораламыз. Қалай болғанда да, басталған әлгі әңгіме – «интелектуал поэзия» жайындағы бастапқы талқы жалғасын табуы керек-ақ еді. Жаңа дүние туралы пікір көтерілген жерде ұқсамайтын көзқарастардың да төбе көрсететіні заңдылық, қаншама талас, нешеме тартыс болған күннің өзінде, түбі бір қорытындыға келіп, түйінді байламның жасалары хақ, сол үшін де ол мезгілсіз тұста үзілудің орнына тереңге тартуға тиіс еді. Соңы айтылмай қалған қызықты ертегідей енді бүгін оң нәтиже түгіл, тілге мүлде тиек болмайтыны жанға батады кәдімгідей.
Жарайды, «Сұрамшының сүйген асын кім берген?». Енді аяңдап өз тарапымыздан «соны құбылыс» деп ат қойып, аржақ-бержағын ақтарып көруге тәуекел етіп отырған тосын бұлқыныстың алыстан көзге ұрған көрнеу ерекшеліктеріне келейік. Мойындауымыз керек, әлгінде ғана тілге тиек еткен өткен ғасырдың алпысыншы жылдары басталған өлеңсөз өнеріміздегі тосын өрлеу өте екпінді болды. Көптен күтіп жатқан орайлы сәті оқыс туған сыңайлы, аса қарқынды болғаны сонша, өршелене өрге шапшыған ұлттық поэзия сол бетте әлемдік поэзияның асқар асуына иек артып, әлдеқалай жол ашыла қалса, күллі адамзаттың рухани игілікке айналар асқақ межеге қол жалғап, алқына барып тоқтады. Түпкілікті міндетін толық орындай алмаған шығар, дегенмен, алдағы жерде қайталануы еш мүмкін емес дерлік ерен олжаны қанжығасына байлап алып, ентіге іркілді. Әрине, кеудесі өр болғанмен, саны бір-ақ уыс аз қазақ үшін осының өзі оңай-оспаққа кеп алақанға қона қалар жетістік емес еді. Сол, шамалы уақытта жылдам игерілген қомақты табыстың желпіме желігі буды, әлде қанағатшылдық дейтін кем дүниенің өзін байқамай көп көріп, місе тұтып қалатын көңілдегі тоғаю күшейді, бір жаман жері, соған ілесе келіп көп өтпей, дағдарыс деп атауға болмайтын шығар, бірақ, кібіртік «кідіріс» деп айдарлауға толық сиятын бір мимырт кезең басталды. Шамалы ауырлау қылып айтсақ, кейінгілердің тұтас шығармашылығы көш бастаған әлгі бағы жанған бақытты буынның саясында, көлеңкесінде қалып, ылғал жердің сызы сорып, сүйегін майысқақ еткен мешел баланың тағдырына тап болып, әлі күнге соның ғаріп күйін кешіп жатқандай әсер береді адамға. Тіпті, сол арыны қатты дарынды ақындардың, яғни, Т.Молдағалиев, Қ.Мырзалиев, М.Мақатаев, М.Шаханов қатарлы үлкен таланттардың ықпалынан, бірлесе қалыптасырған көркемдік тәжірибесінің шеңберінен әлі де шыға алмай, тұйыққа тіреліп, тұсалып жүргендей күдік қашады көңілге. Келіспейтіндер болса, пікірлерін айта жатар, шамасы, кейінгі, 80 жылдардың соңы, 90 жылдардың басында төбе көрсеткен, сөз басында айтқан, өзгеше жазуға жан сала ұмтылған салымы зор соңғы толқын осы тығырықты ертерек сезді және одан кұнібұртын құтылудың қамын жасады, «қарекет түбі – берекет» демекші, әйтеуір, көздеген жерлеріне таяп келіп жығылыпты – алақанға қондырған табыстары аз емес, кісі қызығардай қомақты. Жылдар бойы батпандай шөгіп, байырқалай орныққан қалың тоңды бұзып, біржолата құйрық үзіп кетпегенмен, артындағыларға үлгі болып, әспеттеп үкі тағуға тұратын өнеге көрсете алыпты. Ағалық, жаңаға құмар жағалық міндеттерін қолдарынан келгенше өтеген. Ал енді аздың алдындағы буырқанған бұлқыныстың жалғасы ретінде ізденіп, көзге қашықтан ұрылар құбылыс жасаған ізденгіш інілер шығармаларының басты қасиетін атар болсақ, міне, осы, айтақалсын айқын өзгешеліктен өріс алады. Мұнда алғашқы адымда айғайлатып айтар бір байламымыз: бұл ақындардың өлеңдеріне тән тұлғалы ерекшелік – тереңдік. Тереңдік болғанда, біреулер ойлағандай, қолдан жасаған жасанды күңгірттік емес, қайта өзіне айнымас нысан еткен таяздамас тақырыптардың тұңғиықтығы тудырған түбі көрінбес шұңқырлық. Басқаша айтқанда, адам жанының ақыл бойламас қатпарларында жасырынып жатқан күрделі құбылыстар мен айнымалы ыңғылдар, кейде соларың түсініксіз қылық болып сыртқа тебетін «қызық» көріністері өзегіне арқау болған өрелі туындылар. Жалпы, біз тілге тиек етіп отырған ағым аясына кіретін ақындардың барлығы – шетінен психолог. Әркімнің қолына оңайлыққа түсе қоймас осы бір «асылзатқа» ие болған (қалай ие болғаны басқа әңгіме) тәлейлі адамдар ретінде олар ынсан жайын, оның рухи халін, тәни сұранысын, жан қалауын, ішкі қайшылықтарын жақсы біледі. Соның арқасында адам жанының қалтарыс қатпарларына дейін сүңгіп, үңіле алады. Үңіле алған екен, ол арада қандай «пәлелердің» бұғынып жатқанын көре алуға тиіс. Ал оны айнытпай бейнелеудің, сыртқа шығарудың формасына келсек, сөз жоқ, «асыл тасты» одан сайын әрлей түсудің, әсемдеп көрсетудің айнымас қалыбын қапысыз тапқан.
Соның арқасында қазақ өлеңі бұрынғысынан тереңдеп, тақырыбы ғана емес, мазмұны да толығып, тұрпаты бөлек тұғырлы жырлар шоғыры болып рухани кеңістіктің аясын кеңейтіп, келешекке қарай кемелдене шеру тартқан.
Олардың шығамаларындағы екінші бір айқын ерекшелік, ол – формадағы өзгешелік. Бәрімізге белгілі, күрделі ойлар ешқашан қарапайым тұрпатта, жайдақ, жалаң тілмен жарыққа шыққан емес. Мазмұнның тереңдігі қашанда форма жаңалығын, айтар сөздің сонылығын тудырады. Өлеңде де – сол: ой өзгешелігі – түр оқшаулығы. Салмақты ой тысқа шығарда өзіне шақ сөз-жамылғы іздейді. Егер, кигені құйып қойғандай дәл келмесе – «көңілдегі көрікті ойдың сыртқа шыққанда сиқының кеткені». Демек, сөз күрделілігі – ең әуелі, ой күрделілігі. Талғамы таяз кісіге сауырын сипатпас саңлақ. Сондықтан да, ой тапқырлығын ойлағанда, оның бейнелену формасын да естен шығармаған ақыл. Болмаса, мағыналы мазмұнның көркі кетіп, еңбек еш болады. Ал, ылғи да абстракт, көмескі, шүңет ұғымдарға құрылып, зердемен жазылатын күрделі, яғни, интеллектуал поэзия үшін тіпті де солай.

Төбемдегі аппақ Аспан (кебіндей!)
дертті отыңды өршітті!..
Тірлігіңнің бәрі – бекер, тегінде,
Түгің де жоқ меншікті.
Нанбайсың ба? ындын әлі-ақ сенделтер.
Неменеңе күлесің?..
Қағынулы қара тәнің, ол да ертең –
Қара Жердің үлесі.
Шеру әлі өтіп жатыр қаралы,
жоқтап елдің теңдігін.
Шындық барда сұмдықтың да боларын
ұғар болдың ендігі.
Ұмытылып қаныңдағы тектілік,
ұялмасың білінді.
Салт-санаңның ертеңі үшін,
кептіріп,
сақтау керек Тіліңді.
Өр тағдырдың әрбір күні – көгенде:
кім тоғышар, кім дарын?..
көне алмайды азаттық бар дегенге,
қорқыныштың ұлдары.
Жад киесі кешегі әннен мақұрым!..
Іздеп көрші амалды!..
Ақыл-Естен тана-тана,
ақыры,
Мен дауасыз боп алдым.
Күйінішке күлкі қосып ішемін,
күйін ойнап мазақтың...
Менің қобыз-Көңілімнің ішегі –
Қыл-көпірі Тозақтың. Т.Әбдікәкімов «ЖЫР МАРЖАНЫ» 47-48 беттер.
Әрине, бұндай тереңге тартқан күрделі өлеңдердің сұлулығы көрікті тілінде, сыңғыраған лирикасында, болмаса, дәл беретін айтқыштық-тапқыштығында емес, қайта өзінің тастай қатты жүйе, мықты логика, берік қисынында жасырынып жататынын тәптіштеп айтып жату – артық. Сезгір түйсікке бұндай өлеңдерде өткір зейін мен терең ойдан жасалған астарлы ағын, үндескен үйлесім мен жымдасқан жарасымнан көңіл ғана сезінер келісті көркемдік туындайтынын аңғарып алу онша қиын емес. Іші мен сырты бірдей жаңғырған жаңа пошымды жырдың еншілі эстетикасы, оқырманға берер ләззәті да сонда. Ал, оның оқушысынан біраз дайындықты, сауаттылықты талап ететіні – айтпасада белгілі жай.

Мен бе?
Мен...
Мен шынымен арманда өлем,
Арманымды мұра тұт қалған менен...
Өмір не деп сұрайсың... –
Өлмес арман.
Бітпейтінін білген соң
«... жалған!» дегем.
Бүгінімді жүр менің жалғап елес,
Жаным тірі,
артымда – із,
алда – белес...
... Оның несін сұрайсың? –
Бітпес арман.
...Бітпейтіні-ай!
... болмаса, жалған емес! «Шын-жалған», «Бейуақтағы мінәжат» кітабы, 89-бет. Мейірхан Ақдәулетұлы.
Рас, бұл жердегі жаңа форманы ұйқас, ырғақ сияқты қазақ өлеңінің жаралғанда жабысқан тұрақты қалыбымен шатастырып алуға әсте болмайды. Қазақ өлеңі болады екен, ол ұйқас пен ырғақтан ешқашан қашып құтыла алмайды. Онсыз өлең де өлең боп жарытпақ емес. Бұл арада біздің ежіктеп отырғанымыз – өлеңнің ырғақ, ұйқас тәрізді құрыш құрсауында тұрып та еркін, азат болған ішкі бостандығы. Яғни, ой формасының жаңалануы, ой құрылысының өзгеше құрылуы және оның сөздегі сәтімен ыңғайлы бейнеленуі... Бір сөзбен айтқанда, жоғарыда аталған ұлттық поэзиядағы құбылыс деп аталған топқа жататын ақындар туындыларындағы өрелі қасиет, үздік үлгі. Айшықтап айтарларын ғана емес, өз өрнектерін де алып өмірге келіпті. Енді соны тану мәселесі сарыла күтіп алдымызда тұр.

Харам жолмен жете жаздап көмбеге,
Опат болдың,
Күнің жоқ-ты өлмеген.
Кеудем менің кең сақара,
Мен сені,
Аяқ жетпес шалғайына көмген ем.
Теңей алман өкшеге енген шөңгеге,
Жартас міскін,
Жаңбыр жалап, жел жеген.
Миым қалың қатпар-қатпар,
Мен сені,
Ақыл жетпес арнасына көмген ем.
Бұралқыдай тентіредің, телмеңдеп,
Қаңбақтайсың желмен кеткен, желмен кеп.
Атып тұрып сол көріңнен кей-кейде,
Айғайлайсың «мен өлмеймін, өлмен» – деп.
Ауық-ауық айғай салар дуана,
Ойы – мешел,
Сөзі – кесел туадан.
Итжандылар именбейтін фәниде,
Маған тыным бермесіңе қуанам. «Тірі өлік», «Жасыл сөздер» кітабы, 95-бет. Дағжан Белдеубайұлы.
Баршаға мәлім, поэзия, белгілі бір деңгейде, ақынның дүниетанымы. Өмір не табиғат туралы ішке түйген толғамды көзқарасының сыртқа шыққан жарқылы. Қоғам не жаратылыс жайындағы жеке пайымының өнер тілінде өрнектеліп, өлең болып өркен жаюы. Бір сөзбен айтқанда, шығармашылыққа айналған асыл сананың алтын сәулелері.
Адамзаттың алғабасар тіршілігі қашанда айналасын білуге деген құмарпаз құлшыныстан тұрады десек, бұл арадағы «айналасы» деген ұғымының ауқымы өте кең. Ол табиғаттың тылсым сырларын ғана емес, адамзат қоғамының тоқсан тарау қырларын да құшағына алады. Табиғат тегі жұмбақ, еріктен тыс жаратылыс болса, қоғам – толастамас тіршіліктің жалаң сапырылысы, тоқтаусыз уақыттың толқымалы ағыны ғана емес, түрлі таным-түсініктер мен көзқарастар тоғысы. Пікірлер қақтығысы. Парасат-пайым жарысы. Бір сөзбен қорытқанда, сана қозғалысы. Алдынғысы құпиялығымен өзгешеленсе, соңғысы күрделілігімен ерекшеленеді. Кім көрінгеннің оң жамбасына оп-оңай келіп, қанжығасына қиындықсыз бөктеріле салатын далада жатқан «батпан құйрық» емес. Сырын ұқпаққа ұмтылып, құпиясын ашпаққа талпынған әрбір ізденіс иесі жеткен жерінен танып, білген тұсынан пайымдай алатын мәнге толы мәңгілік кеңістік. Ал, үңілген кісінің «көзайым» болып, көкейіне түйе алғаны – мың бір машақатта қол жеткізген қомақты «олжасы». Соңынан әсершіл шабыттың шамын жағып, қоламтасын көсей алса, сезім нәрімен суғарылып, өмірге жолдама алар өрнекті өлең – өнер өркені. Жұрт арасына жол тартар жалынды жыр. Танымы терең ақынның туындысы терең, танымы таяз ақынның табысы таяз деңгейде дегендей.

Көзімді жұмсам, кәдімгі Түнмін – түнек Түн,
Бірі екем мен де жұлдыздап тұрған түнектің...
Жұлдызым сөніп,
Жұлдызым жанып жарқырап,
Ағып келатып Ай астында бір түнептім.
Түнеген жерім – дүние екен – дүр жалған,
Егеске арман ентіге ұмтылды бір жалдан...
Қашқанды қуып,
Қуғаннан қашып қанжілік...
Қалжыған түрі қасқаның мынау ырғалған.
Солқиды ішім соқадан қайтқан өгіздей,
(Бұл емес еді немеурін келген негізгі ой).
Көрсетпей шегін көсіліп кеткен ғаламмен,
Кеудемде жанған көзді жүрегім егіздей.
Жүрек – көзімнің кірпік – шыңында тоқтаған,
Тамшыдай таза мәңгіліктерге оқталам...
Көзді ашсам фәни,
Көз жұмсам бақи – екі әлем,
Екі арасында алқынып тұрды от ғалам!.. «Мен», «Жарық» кітабы, 220 бет. Құл-Керім Елемес.
Рас, ақынның ақын болуына ықпал ететін нәрселер көп. Бірақ, құй мойындаңыз, құй мойындамаңыз, солардың ішінде таным тереңдігі бүгінгі таңда басқалардан оза шауып, алға шығып тұр. Жылжыған жылдарға ілесіп таяздан тереңдеп, қарапайымдылықтан күрделілікке өтеді дейтін шығармашылық әлемінде әлдеқашан басты құндылыққа айналған. Елден асқан данышпан болып туылу шарт емес шығар, алайда пәлсапашы деңгейінде білікті болу – бас тарта алмас міндет. Онсыз ойлы өлең, толымды туынды жоқ. Қазіргі заманның зымыранмен жарысқан жүйрік жыры сауырын сипата қоймайды.
«Поэзия – пәлсапа емес қой» деп дау айтатындардың табылатыны даусыз осы арада. Негізі, дұрыс сөз. Біз де бұл жерде ешкімді философ бол деп қиналғалы отырған жоқпыз. Тек, өлең – ақын мен айналаның (сыртқы әлімнің) танымдық, түйсіктік қатынасы болғандықтан, жазар нысаныңды жеріне жете танып, таңдап ал, тек содан соң ғана бетін қалқымай, астарына үңіліп, түкпірлеп барып тамырын қаз дегенді меңзегіміз келген. Жалпы, сөз мәнісін осы мағынада түсіну – біздің ниетімізге сәйкес келеді.

Мал басыңды сақтаған,
Жалғасыңды,
Миға соққан бәкене балға
Сынды.
Сол соққының табында сарын қақсап,
Тас бетіне тамаша таңба
Сіңді.
Асықтырды сол таңба тағат
Тартып,
Түн кеміді, есесі таң атты
Артық.
Маң уақыт арбасы батады
Аунап,
Күн астында біреу тұр
Садақ тартып.
Оқ – уақыт өткен шақ,
Тастан шұбап,
Сана затыңа демеу бер
Бас қамшылап.
Ұлып барып ұшқындай сөніп
Жатыр,
Суылынан жебенің
Жас тамшылап. «Жебе – уақыт». «Көгілдір шабыт» кітабы, 73-бет. Сұраған Рақмет.
Шынымен де, таным-түсінік тереңдемей ендігі жерде өнерде өсу, өлеңде өрлеу жоқ. Өткен ғасырда түрлі-түрлі қызыл ұрандардың жаршысына айналып, өнер, өлең туралы түсінігіміздің іргесі шайқалып, бірыңғай жеңіл құып, желігіп кеткеніміз болмаса, бұл – ежелден-ақ бар ескірмес ереже, тозбас талап болатын. Ғылым-біліміміз өсті, өзіміз әлемдік деңгейге көтерілдік деп есептейтін кеңес дәуіріндегі поэзиямыздың «қараңғы» заманның ақыны Абаймен салыстырғанда, әлдеқайда пәс, бәкене боп көрінетіні сондықтан.
Ой тереңдігі қай заманда да өнерге өң кіргізген. Жыр өзегін мәңгілік мұраттармен жалғап, өмірін өлмес еткен. Ал, тереңдіктің, өз кезегінде, автор аңғарының кеңдігі мен кемелділігінен бастау алатыны – таласыз нәрсе.

Оятпа сен мені, қалғысам,
Өзгеге еліктеп, өзгерме.
Іздеме бекерге, қаңғысам,
Жоғалғым келетін кездерде.
Таң болып күтіп ал кешкірсем,
Ән болып, жанымды желбірет.
Жаңа айдай жарқырат ескірсем,
Қиналма «қайтемін енді?» деп.
Ешқандай ағынға қосылмай,
Таңданба бәрінен сырт қалсам.
Ешқашан жоғалмас досымдай
Жер болып күтіп ал бұлттансам.
Аяма адасып, қағынсам,
Сен мені сөкпейтін шығарсың?
Мың жылдар өткен соң табылсам,
Қағаздан барлығын ұғарсың...
Түсінбе тойларда болмасам,
Және де жолымды жүрілген.
Бір күні кеудеңе орнамсам,
Жаңбырдан кейінгі жырыммен... «ЖЫР МАРЖАН» 78-бет. Г.Салықбай
Бүгінгі уақыт тынысы басқа, мезгіл ауаны бөлек. Адамдар сауатты, оқырман талапшыл. Анау-мынауға алдана қоймайды. Естімегені кем, білмейтіні одан да аз. Сол себепті, олардың жан-дүниесі де өте күрделі. Оны бейнелеп беру үшін үйреншікті соқпақтан бұра тартып, соныға сорап салуға тура келеді. Дәуір сұранысы – жаңа көкжиектер ашу. Жаңаға жаңаның көзімен қарап, өнер үлгісін өзгеше пішкен – әлдеқайда ұнамды, әлдеқайда ұтымды.
Ендігі кезде мейлі не жазбайық, өмір туралы ойланғанда пәлсапаға, адам турасында толғанғанда психологияға соқпай іс ілгері баспайды. Өйтетіні, тіршілік жәй көзге көрінгендей жаймашуақ ағып жатқан ақжайқын ағын емес, иірімдері иірлі, бұғыс сырларын шүңет астарына бүккен жасырын қозғалыс. Қатпарларын ашу үшін қолайлы «құралдарды» пайдаланып, түкпіріне үңілуге тура келеді. Қоғам құпиясының бастау көзі болып табылатын ынсан баласы да, сондай, аласын ішіне жасырған, алдырмас «жұмбақтардың» бірі. Оны тануда да жазылған дайын мінездеме, көпке көрнеу өмірбаянына емес, рухи әлемінде болып жатқан жарылыс сипатты өзгерістерге, не болмаса шетін құлық құбылыстарына назар аударуға тиіспіз. Сонда ғана тереңдегіні танып, иірімдегіні іле аламыз. Уақыттың аздығына байланысты біз үстірт қана шолып, атүсті сөз еткен жаңа толқын ақындар жырлары, міне, осы талаптан шыққан немесе шығуға тырысқан үлгілі өлеңдер шоғыры болатын. Өзіміз таныған басты қасиеттерін оқырмандар назарына нобайлап болса да жеткізе алған болсақ, онда осы жолы алға қойған мақсатымыздың толық орындалғаны.
Серік НҰҒЫМАН
