Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Табыл Құлияс: «МЕНІ ДЕ ҰМЫТПАҢДАР...»...

07.07.2016 4878

Табыл Құлияс: «МЕНІ ДЕ ҰМЫТПАҢДАР...»

Табыл Құлияс: «МЕНІ ДЕ ҰМЫТПАҢДАР...» - adebiportal.kz

(ақын Еркеш Ибраһим туралы сыр-толғау)



еркеш ебекенов.jpg

Есімі республикамызға кеңінен танымал ақын Еркеш Ибраһим Ебекенов табиғаттың арсы-гүрсі мінезіне тартқан өлеңдерін дауылға балаушы еді. Қызыға жазатын, қызба мінезбен сөзді нөсерлете төгетін. Ақын жүрегі әлденеге алаң, қынадай қырып салған кезді біледі, қырсыққан саясат апатын өлеңдетіп меңзеу арқылы болса да, шығармасына арқау етсе, айызы қанар еді. Бірақ сол кезеңнің саясат қылышы ойын жарқыратып ашық айтса, қиып түсетінінен сескенеді. Өйткені, аштық апатын поэма етіп жазған дарынды ақын Жақан Сыздықовтың аяқ басқаны аңдуда екенінен хабардар. «Ақын айтпағанда шындықты мөлдіретіп кім айтады. Найзағайдай жер бетіне бомба жарылды. Тіршілік бір түйір тарының қауызына тығылып тарылды. Аштық, індет, соғыс талайды жалмады. Талай тектінің тамыры үзілді, шаңырағы ортасына құлады. Оның себеп, салдарын біз айтпасақ, тарих шындығы шаң-тозаңға көміліп, жатып қалмақ па? Мен бәрін де көзіммен көрдім, қан кешудің ортасында жастығымды қалдырдым»,-деп ақынның кең жүрегінде ойлар қылаңдаса да, екінің біріне сырын ашып айтпайтын еді. Өз басым оның әуелгіде дем ала алмағандай тұншығып барып, сөзін төгетініне қанықпын. Еркештің жұдырықтай жүрегінің жайлы, жайсаңдық қалыпты кезде бүкіл әлем сиятындай кеңдігі де бар еді. Бірақ, көзін тырнап ашқаннан түйдек-түйдек соққы, туыс-туғанының орынсыз ажал тапқан қайғысы, індет, не түрлі азап дариядай толқитын көңілін көбіне түйткілге тірейтін-ді. Ағынан жарылып, жан дүниесін түйнеген ой-пікірі ашылатын өлең жолдарына біреу мін тақса, өтері өткенді, кетері кеткенді айтпа деп қылмыстыдай сөзге жорыса, қабағы түйіліп:


-Менің кімге жазығым бар, халықтың кешегі көргені бүгінгіге сабақ, сақтанудың сара жолы, - деп бетің бар, жүзің бар демей айтып, ашуын тарқатушы еді.


Еркеш ақынмен ет жақын, інісіндей бауыр басып жүрген кезде осындай бірен-саран көрністердің куәсі болғанмын. Еркештей шығармашылық биікке көтерілсек, деп Маман Ементаев армандамады деймісің. Еркештей ақын болсам, ізбасары атансам, деп Төлеген Қажыбаев арман етпеді деймісің. Біз алдымыздағы биік шыңдарға өлеңнің ақ отауын тігіп самғаған ағаларымыздың қадамына сүйсініп, еліктеп өстік. Бізге олардың әрбір сөзі, ақыл-кеңесі кейде еркелеткені, көтермелеп айтқаны аса қымбат, талмас қанат еді. Шығармашылықтың алтын балдағын ұстағанда ұлы тұлға деп сезінетін едік.


Еркеш кейде біреуге ренжісе «інім босың ба шаруашылықтарға кеттік» деуші еді. Сондай жолсапарлардың бірінде: « Балалығым ауыр өтті...Ақыл жеңгең екеуіміз қатар өстік. Жоқшылық, ас ішіп асқа, киім киіп киімге жарымадық. Оқулық тапшы....Шүберек сөмкі. Ашқұрсаққа сол сөмкеде ауыр. Бірақ, халықтың татулығы, бір-біріне сүйеніштікпен сүйенісіп күн көруі ерекше. Барлығының тілегі соғысты жеңіспен аяқтап, тірліктің жақсаратын мезгілін көруге ынталылығы мықты, Жоқтық көрген жетелі деген сол шығар. Сенімінің түп-тамырын шірітпеген әкелеріміз бен аналарымыз о дүниелік болса да бізді ұмытпаңыздар дегендей, үн шалынады құлаққа,-деген ойлары жетім жүректің сеңін қозғайтын. Үйленгеніне бір ай толмай майданға кеткен ағамыздың зайыбы біреу түннің бей уағында есік қақса жары келіп қалғандай есікке жүгіріп, бейтаныс біреу болса көз жасын төгіп жылайтын оқиғасын айтқанымда Еркеш осы шындық дерекке байланысты айналасы екі-үш күнде «Бір келіншек»деген поэма жазып, республикалық басылымдарда жарияланғанда соғыста адамын жоғалтқандардың, жесірлердің қайғы мұңын қозғап дүр сілкіндіріп еді. Сұрапыл соғыс жылдарында халық шаруашылығында миллионнан астам қыз, келіншектер күн, түн қатып еңбек етті. Солардың қаншасы өмірге қыз болып келіп, жар сүйіп жар бақытын, бала сүйіп бала бақытын көре алмай, қыз қалпында өмірден өтті. Еркештің поэмасының маңыздылығы сонда еді. Еркеш шығармашылығында жұрт сүйсініп оқыған, өлең-жырлары көлгөсір болатын-ды.


Бірде, Еркеш: « Мұзды мұхитты жарған атом кемесіндей прозаның қатып қалған қағидасын бұзып, өзгеше қырымен, ерекше екпінмен келе жатқан талантты жазаушы Әкім Таразидың «Құйрықты жұлдыз» деген кітабын оқы, көн нәрсе үйренесің, шығармада батылдық, алғырлық бар» деп Әкімнің жаңа кітабын сыйлады. Редакцияда Жомарт, Маман, Төлеген, екі Сәкен сылды жастар қызмет істедік. Бәрімізді Еркеш туған інісіндей жақсы көретін. Сәл қиындық көрсек, Еркеш пен Естайдың және Өміржан мен Тұрсынбайдың жүрегінің жылуына марқайып қалатын едік. Ұстаздың жылылығы, оның мөлдір шуағы ата-ананың жұмсақ жүрегінен кем болмайтын еді. Еркештің:


-Менің замандастарым Қадыр, Тұманбай, Сағи, Жұмекен және басқалары ұмытылар ма, бәрінің де қалаң оқырманы бар. Біздің қазақтың жазушылық, ақындық шеберлігі әлемдік деңгейде. Оны дүние жүзі таниды әлі» дегені жадымызда.


Кейін уақыт жылжып әркім өзінің басын күйттеп кеткен тұста Еркеш Қарағандыға жұмыс орынын ауыстырды. Арада біраз жылдар өтті. Бірде Қарағандыға ағайым Муса Жуасовтың ауырып, емделіп жатқан кезінде жол түсті. Ағадан ден саулығын сұрап отырғанда:


-Еркеш екеуіміз бір палатада жан сақтауда жатып едік, марқұм жаны қиналып жатқанда «Ақыл, Ақыл, Ақыл» деумен көз жұмды,-деп еске алды. Ақыл қаршадайынан сүйіп қосылған жары, дедім. Адам дүниеден өтерде ең сүйіктісін көз алдына елестетеді екен ғой.


«Мені де ұмытпаңдар!?» дегендей әсерде қалғанымды ақын Қайрат Жұмағалиевке айтқанымда:


-Еркеш ұмыталытын ақын емес қой, қазақ әдебиетімен бірге жасайды. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында «Гүлдер» ансамблінің шығармашылық бағдарламасының жобасын жазуды тапсырды. Өнер ұлттық тарихымызды қамтысын деген оймен өткен нәубет жылдардан ащы шындықты іздеп Еркештің «Нан» деген поэмасынан аштық туралы үзінді алдым. Бұл «тапқырлығым» талқылау кезінде «үлкен үйдегілерге» ұнамады. Егер сол кезде Мәдениет министрінің парасатты сөзі болмағанда коммунистік тегеуірін телпегімді теріс қарататын түрі бар еді. Сонда осынау сұрапыл кезді елемей, Еркештің аштық туралы батыл жазғаны маған үлкен ерлік болып көрінді» деген-ді.


Рас, толарсақтан қан кешкен кезеңді толғау ердің ерінің, егеудің сынығының қолынан келгенін бүгінгі қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғалары, Еркештің замандастары ілтипатпен айтары анық.


Бүгінде атақ-даңқ, бақталастықтың сыпсыңын естігенде өз басым Еркеш сынды ақынның екі дүниеде де даңқына кір шалмайтынын түсініп ақын-жазушыларымыздың аруағы « Мені де ұмытпаңдар» деп асқақ үн қатқандай сезінемін. Бұл ой-Қазақстан Жазушылар одағына аманат. Ең болмаса , күнпарақ арқылы ақын-жазушылардың өмірдерегін ұрпаққа жеткізіп жарияласа ғой. Мысалға, бауырлас Башқұртстанда әрбір жылдың күнпарағында ақын, жазушыларының өмірдерегін беріп, мектептеріндегі мұрағат мүйістерінде кітаптарын қойып, оны оқушыларға талдатып жастардың санасына сіңіреді екен. Біз неге өйтпейміз, өлгендер даңқты болып кетеді деп қызғанамыз ба?


...Сырттай қарағанда қайғы-мұңсыз, қағанақ қарқ, сағанақ сарқ көрінуіміз мүмкін-ау. Сөйтсек те іштегі өткен қоғамнан қалған шемен шердің қалыңдығын сезіне білуіміз керек. Ондайда шындықты іздеп өмірден өткен ақын-жазушыларымыздың шығармаларын оқыса ұрпақ түсініп, тірлігіне қорытынды жасар еді. Бірде маған Еркін қос қарашығын бір нүктеге қадап отырып, ата-анасының басына төнген қатыгез тағдырды төмендегіше баяндады.


...Тірліктің жақсылығы мен жамандығының талайын көрген Рыскүл ана жанталасқан сәттерде Еркештің «Нан» поэмасын оқып, көзіне жас үйіріп күрсіне дем алды да: «бір хабары болмай ма? деп жатты. Сосын төсектен басын көтеріп: «мына кітап ұлым, өзіңе аманат, дейді. Ана қалың қайғысының шет пұшпағын білетініме меңзеп, Еркештің кітабын ардақтап ұста,-деп тапсырды. Осындай ата-анасының топалаң тұстағы оқиғаларын Еркін Томпиев есіне алды. Жазушының кейіпкерлері тірі адамнан маза кеткен сол бір сұрапыл жылдарда күллі жақсылық атаулының есік-терезесі жабық тәрізді көрінетін тұста Қаракесек руының Кәрсен атасынан Сәрсенбай Қозыбақұлы ауылдастарына: «Адам екенсің, адал бол, имандылыққа ештеңе жетпейді, деуі мүмкін. Ал, имандылық деген сөз молдалықтың маңызды шарты деп өшті-қастылықты қоздатуға әбден жарап жатқан кез емес пе, ол. Қолына ерік тиген елірмелер кінә мен күнәні айырып қайтеді, оған олардың қабілеті де жетпейді. Күнделікті өзі аман, ішер асы болса, басқа қайғысы жоқ-тын. Саясат тоқпағы солай. Бағынбағанның басы кетеді. Саясаттан ығып жүріп, бұғып жүріп Томпиев атақты кенші атанды, Одаққа есімі белгілі болды, жазушы шығармасының кейіпкеріне айналды. «Елге іріткі салатын, үкіметтің жаңалығын көре алмайтын қаскөйлерді көп ұстасаңдар, солғұрлым бақытты боласыңдар, деп үгіттеген саясатшыларды маңайына жинаған қатерлі мезгілді Сәрсенбай сезді, түсінді. Әлденеше жауап та берді. Сол шырғалаңға аштық қабаттасты. Содан әкеміз Ташкентке балаларын шұбыртып қашып кетеді. Бес баласын қайткенде де аман сақтап қалуды армандағаны анық-тын.


Сөйтіп, Сәрсенбай балаларын аман сақтау үшін ешбір қиындықтан тайынбап еді. Дүние дүрбелеңге түсіп, адамдықтан гөрі жауыздық күшейіп, халқын итке тастаған сүйектей өлі, тірісіне қарамай лақтырып жатты. Кінәні қоғамның есерсоқ адамынан емес, саясаттан көрді. Әйтеуір, бір қайырымды өзбектің көлеңкесін паналап балаларын жан сақтатқан әке қуғын-сүргінді қарғап, ауруханаға түскен үш баласын жоғалтып, қайғының қара тереңіне батты. Бұл баланың баласының есінен шығар ма?


Бұл бүгінде бауыры бүтін пендеге жәй, әншиін нәрсе, жеңіл-желпі қиындықтар болып көрінуі мүмкін. Мен анам Рыскүлдің өле-өлгенше өкінішпен мыңсан қайталап айтқан қайғысын, көз жасын төгіп селдеткенін Еркеш шығармалырын оқыған сайын егілгенін ұмытармын ба, деп Еркін Томиев сөзін сабақтар еді».


«Әкем соңғы демі бітер тұста орыны толмас қайғымды бірге әкетемін, анаң мен әкеңнің тар жолын, жиырмаға тарта туыс, туғанынан айырылып, көрген не түрлі қияметін ұрпағыңа айтып жүр. Мен ерлікке толы еңбек етсем, әр минөтім үрейге толы еді. Біз қалың қазақтың қырылғанының ортасынан аман шықтық. Қарағанды, Жезқазған ата-баба жерінің әр бұтасы өлікке толы. Олардың соңғы сөз бір үзім нан еді. Арманы жарық күн, атар таң...


Осынау Жезқпазғанда халықтан тартып алған малдың еті жөнелтілмей, бір жыл бойы далада өртеніп жатты. Ал халық аштан қырылғанына саясатшылардың басы ауырған жоқ. Қаршадайынан ажал тапқандардың шыңғырған үні құлағымда күңгірлеп жүрді, бұл халықтың шемен шері, Еркештің «Нан» поэмасының зары. Сол сұрапылды ұрпаққа енді кездестірмесін.


«Басқа түскен небір ауыр қиындықты еңсесі түсіп, есі шығып, ой-санасы сынбай көтерген ата-аналармыз дара тұлғаларын дәріптеп аңыз еткен, өнеге тұтқан ғой,-деп Еркін Томпиев Балқашта әкесінің есіміне көше атауын беруге бұрынғы Одаққа танымал металлург Алтынбек Дәрібаев ерекше ықпал етті. Біз сол Алтынбек туралы Еркеш Ебікеновтың «Аңыз аға» туындысын да қайта-қайта оқыдық. Әкелеріміз бен аналаррымыздың адамға жақсылық жасауға ерекше болуы, олардың жетімдік, жоқтық азабын көп көргендігінен шығар. Жоқтық көрген жетелі деген сөз қалған ғой, деп Еркіннің айтуының жаны бар. Сосын да: -Біз аруақтар алдында адалмыз,- десе жамандықтан жиреніп түрлі арам пиғыл, түйткілдерден арылар едік. Еркеш шығармалырының мәні, маңызы жойылмайтыны да өмір шындығын жазып қалдыра білуінде және еңбек адамдырының тағдырын өлеңмен өріп шебер жазуында, қанша жылдар өтседе тірілердің жүрегінде өшпестей сәуле тастауында еді. Еркештің ұрпаққа мирас етіп қалдырғаны шығармаларындағы Адамдық, Ерлік, Татулық, ұлттық ұлылық еді. Оны қалай ұмыта аламыз...

  


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар