«Astana Eurasian Book Fair» ІХ Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі Астана қаласындағы Президенттік орталықта өз жалауын көтерді.
22-26 сәуір аралығында өтетін бұл жәрмеңкеге отандық және көптеген шетелдік баспагерлер өз өнімдерін әкелген екен. Кітап дүкендеріндегіден әлдеқайда арзан бағада баспа өнімдері сатылумен қатар, мұнда тұсаукесер рәсімі, оқырмандармен кездесу, автограф сәті, түрлі зияткерлік ойындар, түрік асханасынан дәм тату сәттері сияқты іс-шаралар өз кезегімен өтуде.

22 сәуір күні қазіргі заман монғол әдебиетінің көрнекті өкілі, посмодернист жазушы, ақын Гүн Аюурзананың «Тәңіри шежіре» атты кітабының тұсаукесері өтті. Ұлы Шыңғыс қаған өмірінің қилы сәттеріне құрылған бұл туындыны қазақ тіліне аударған – белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Сұраған Рахметұлы. Кітап «Фолиант» баспасының рухани өнімі.

Өз сөзінде Гүн Аюурзана бұл кітабының ағылшын тілінде бес рет, орыс тілінде екі рет аударылып, жарық көргенін, түбі бір киіз туырлықты қазақ-монғол халықтарының өзара ұқсастығы, ортақ тарихы көп екенін айта келе, бұл туындының қазақ оқырмандарына да ұнайтындығына сенім білдірді.

Астанаға шығармашылық, рухани әріптестік жолымен жиі келетінін, ХІ Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі алыс-жақын мемлекеттер арасындағы жылы қарым-қатынастарды нығайтудың өте тиімді жолы екенін айта келе, аудармашыға, «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан Исабеков мырзаларға, жалпы қазақстандық қауымға зор алғысын білдірді.

Гүн Аюурзанамен М.Горький атындағы әдебиет институтында бірге оқыған курстасы, қазақтың белгілі сыншы ғалымы, жазушы Айгүл Кемелбаева әріптесіне шығармашылық жетістіктер тілей келе, алдағы кезеңде кітапты оқып, сыни туынды жазатынын айтып өтті. Алыстан келген қонаққа «Фолиант» баспасының басшысы қазақы дәстүрмен шапан жапты.
