Ташкентте Өзбекстан мен Қазақстан жазушыларының халықаралық форумы өтті

Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстанның әдеби қауымдастығы бас қосқан халықаралық форум өз жұмысын қорытындылады. 2–3 қыркүйек аралығында өткен жиын «Түркі әлемінің рухани мұрасы: әдебиет – дәуірлер мен ұрпақтар диалогы» тақырыбына арналды.

Ташкентте Өзбекстан мен Қазақстан жазушыларының халықаралық форумы өтті - adebiportal.kz

Екі күнге созылған әдеби басқосу бірқатар айтулы даталармен сабақтасты. Атап айтқанда, биыл Өзбекстан тәуелсіздігінің 35 жылдығы аталып өтсе, Бакуде ұйымдастырылған алғашқы түркология конгресінің өткеніне бір ғасыр толып отыр. Сонымен қатар форум бағдарламасында өзбек әдебиетінің ұлы тұлғасы Әлішер Науаидың 585 жылдығына да ерекше мән берілді.

Жиын барысында екі ел әдебиетінің қазіргі ахуалы, шығармашылық байланыстарды дамыту және ортақ түркілік рухани құндылықтарды насихаттау мәселелері сөз болды. Форумның қорытындысында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әдеби ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруға бағытталған маңызды құжат – Ташкент декларациясы қабылданды.

Құжатқа Қазақстан және Өзбекстан Жазушылар одақтарының жетекшілерімен бірге Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті қол қойды.

Декларацияда әдеби байланыстың бірнеше бағыты айқындалған. Соның ішінде екі ел қаламгерлерінің шығармаларын өзара аудару ісін жандандыру, ортақ кітап шығару жобаларын қолға алу, әдебиет саласындағы ғылыми және шығармашылық байланысты күшейту мәселелері бар. Бұдан бөлек, жас ақын-жазушыларды қолдау, мәдени мекемелердің бірлескен бастамаларын көбейту және ұлттық әдеби мұраны цифрлық кеңістікке шығару міндеттері де назарға алынған.

Қазақстан мен Өзбекстанның әдеби ортасы арасындағы қарым-қатынас соңғы жылдары жаңа сипатқа ие болып келеді. Бұған екі ел қаламгерлерінің шығармаларын өзара аударып, оқырманға ұсыну тәжірибесінің кеңеюі дәлел.

Мәселен, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Кемел Тоқаевтың бірқатар шығармалары өзбек тіліне аударылып, жарық көрді. Ал «Tañ-Sholpan» журналы 2023 жылды «Өзбек әдебиеті жылы» ретінде атап өтті. 2025 жылдан бастап «Мереке баспалары» өзбек ақын-жазушыларының туындыларын қазақ тілінде жариялауға кірісті.

Бұл үрдіс 2026 жылы да жалғасты. Қазақ қаламгерлері Қасымхан Бегмановтың «Ұлы дала сабағы» және Мереке Құлкеновтің «Шаттық» атты кітаптары өзбек оқырманына өз тілінде ұсынылды.

Мұндай жобалар көрші мемлекеттердің әдебиетін бір-біріне жақындатып қана қоймай, екі халықтың тарихи әрі рухани сабақтастығын жаңа буынға танытудың тиімді жолына айналып отыр. Өйткені көркем шығарма аударма арқылы бір тілден екінші тілге ғана көшпейді, ол өзімен бірге халықтың дүниетанымын, салт-санасын және тарихи жадын да жеткізеді.

Ташкентте өткен халықаралық форум осы үдерістің жалғасы болды. Ал қабылданған декларация алдағы уақытта бірлескен әдеби жобаларды көбейтіп, аударма, баспа, ғылыми зерттеу және жас қаламгерлерді қолдау бағыттарындағы жұмысты жүйелі түрде жүргізуге мүмкіндік бермек.

Екі елдің қаламгерлері үшін мұндай кездесулер шығармашылық тәжірибе алмасатын алаң ғана емес, ғасырлар бойы қалыптасқан ортақ рухани құндылықтарды қазіргі заман әдебиеті арқылы жалғастырудың маңызды тетігіне айналып отыр.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan