Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ҚАЛАМГЕРДІҢ БІР КҮНІ
Толымбек Әбдірайым. «Жидебайға тиген сәтте табаным...

03.08.2022 4940

Толымбек Әбдірайым. «Жидебайға тиген сәтте табаным, дүр сілкінді сірі жер...»

Толымбек Әбдірайым. «Жидебайға тиген сәтте табаным, дүр сілкінді сірі жер...» - adebiportal.kz

Маусым айының жиырмасы күні Аякөзден қайтар жолда Ақшатау, Жаңаарна, Құндызды, Көкбай ауылдары тұсынан өтіп, Абай ауданының орталығы – Қарауылға бет түзедік. Бес-алты жыл бұрын Аякөз – Қарауыл тас жолы ойқы-шойқы, шұрық-тесік, бұралаң болғандықтан, автокөлік атаулы кібіртіктеп, қатты жүре алмайтын.

Аллаға шүкір, кейінгі кезде 150 шақырым жолдың үштен екісі жөндеуден өтіпті. Астымыздағы темір көлігіміз қамшы салдырмай зулап келеді. Көңіл-күйіміз де көтеріліп сала берді... Енді ше?!. Қазақтың маңдайына біткен Үш арыстың, Үш алыптың кіндік қаны тамған өлкеге келе жатырмыз ғой!..

Армысың, қарт Шыңғыс, киелі мекен! Армысың хәкім Абай атам ауылы! Армысың, Шәкәрімді өсірген қасиетті жер! Айналайын сенен, Мұхтар Әуезовтің ата-мекені!..

Ой теңізіне шомып, қиялдап, армандап отырғанда алдан қараңдап Қарауыл селосы да көрінді. Орталықтағы сәулетті, жаңа мешітте бесін намазын оқып, Жидебайға тарттық.

Осы тұста менің ойыма семейлік талантты жас ақын Мерей Қарттың «Жидебайға рухани сапар» деген өлеңінің соңғы жолдары оралды:

«...Ой, пой, міне, Ордаға да тірелдім,

Жидебайға аз қалды.

О, қара бұлт, неге қатты түнердің?!

Жүрек қоса қозғалды.

Жидебайға тиген сәтте табаным,

Дүр сілкінді сірі жер.

Шыңғыстаудың жұтып жұпар самалын,

Мұражай хәкім бабамыздың 175 жылдығы қарсаңында жөндеуден өткен көрінеді. Бөлмелері жинақы, тап-таза. Мұражай қызметкерлері келушілерді ілтипатпен қарсылады.

Бұрын қанша келсек те, ондағы жәдігерлерді қайыра көру, тарихын білу – адам жадын жаңғыртады ғой.

Жидебайды Құнанбай Өскенбайұлы 1840 жылдан бастап иеленген. Кейіннен осы жерге қыстау үй салдырады. Қажылыққа барып келген соң, бұл қара шаңырақты кенже ұлы Оспанға береді де, өзі Ақшоқыға көшеді.

Баршаға мәлім Оспанның Зейнеп, Торымбала, Еркежан деген үш әйелі болады. Оспан 39 жасында дүниеден озғанда, жесір әйелдерін қазақтың әмеңгерлік жолымен үш ағасы - Зейнепті Ысқақ, Торымбаланы Тәкежан, Еркежанды Абай атамыз алады.

«Еркежан туралы халық аузында сақталған әңгіме көп, - деп жазады белгілі жазушы Кәмен Оразалин «Абай ауылына саяхат» кітәбінда. (Алматы, «Жалын» баспасы, 1994 жыл, 282-284 бет). - «Ерке Оспан, тентек Оспан атанған Абайдың кенже інісі Оспан бейнесін Мұқаң «Абай жолы» романында жасады. Оспанға: «Қатын аласың ба?» - десе, «Әкеп бер, аламын», - дейді екен. Сол Оспанға келіншекті Құнанбайдың өзі іздейді. Жидебайдай жердегі қара шаңырағын ұстайтын адамды іздеген Құнанбай бұл жолы аталы жермен құда болуды ойламайды. Тек үлкен үйіне ие болуға жарайтын, анасы Зере мен Ұлжандай көпке ана бола алатын адамды іздейді. Аға сұлтан болып жүрген кезінде осы бір оймен елді көп аралаған Құнанбайға ешбір қыз жақпайды. «Пәлен адамның қызы қалай болар екен» деген жерлерді де байқайды. Ол ақыры түңіліп, Қарқаралыдан елге қайтып келе жатады. Осы жолы бір орайы болар деп, үйдегілерді де үміттендіріп кеткен ол айтар жауабын таба алмай, осыншама халықтан қара шаңырақты ұстауға лайық келін таппағанына бір жағы ренжіп, бір жағы дұрыстап қарастыра алмадым-ау» - деген ойда да болады. Осы бетте Шыңғыс бөктерін жайлайтын Қарамырзаның бір ауылына кеп қонады. Сол күні Жидебайдағы үйіне жетпек. Әр түрлі ойлармен мазасызданып жөнді ұйықтай алмай шыққан Құнанбай ерте тұрып, сыртқы есіктен далаға беттей бергенде, екінші жақтан өзіне қарсы келе жатқан 12-13 жас шамасындағы қыз балаға көзі түседі.

Алғашқыда үлкен адамның сыртқы қақпадан шығып келе жатқанын аңдамаған бала есікке тақаған кезде, өзінен көз алмай тұрған суық жүзді адамнан тіксініп қап, тоқтала береді. Сәл кідіріп, ұялған күйінде төмен қараған бойы ішке кіріп кетеді. Ал Құнанбай бір орында тұра алмай жанындағылардың біріне:

- Әлгі бір есіктен кірген қыз бала кімнің баласы екен, біліп кеп беріңдерші? - дейді. Осылайша есік алдында тосып қалған Құнанбай өз-өзінен сөйлепті:

- Бұларды аяқ асты көрген болам ба? Жаттан іздеп таппағаным жанымнан шықты-ау. Алысқа ұмтылам деп... иек астын елеусіз неге қалдырдым екен? Мыңнан іздегенім қолымда жүр екен ғой. Апырмай, аяқ астын байқамағанның орға да құлайтыны осынддайдан бола ма? Таптым депті, - дейді.

Білуге жіберген адамы қыз баланың осы үйдікі екенін айтып келгенде:

- Ендеше, үйден барып сүйінші сұра, жер-көктен таппағанымыз өзіміздің Қарамырзадан табылды деңдер, - дейді. Бектас немересі, Ибақ қызы, Еркежан осы.

Сол күні құда түсіп, Еркежанды Оспанға айттырып қайтыпты. Еркежан – Зере мен Ұлжандардай аналардың барлық жақсы қасиеттерін бойына сақтауға тырысқан жан. Абай өмірінің ақырғы кездерінде оның серігі болған Еркежан данышпан адамды өз қолымен дүниеден аттандырды. Еркежаннан қалған көптеген сөздер әлі күнге тат баспаған саф алтын күйінде жарқырап, Абай өмірінің сан қырларымен ұштасып жатады...»

***

1895 жылы көктем шыға Абай атамыз отыз жігіт жалдап, қаладан құрылыс материалдарын алдырып, өз жобасымен осы үйді салдыртқан. Кейіннен бұл шаңыраққа Абай немересі Ақылбайұлы Әубәкір ие болып қалады. Әубәкірден бұл үйді Кеңес үкіметі конфискация жасап, тартып алады да, жан-жағынан есіктер шығарып, әуелде дүкен, одан кейін кітапхана, соңында түйе қора қылады.

1945 жылдың 23 тамызы күні Қарауыл өзенінің Ақжарында, Шыңғыс бөктерінің даңқты Түйеөркешінің бауырында, Абайдың жүз жылдық тойының өткенін, оған Қажымұқан Мұңайтпасов бастаған елу шамалы атақты палуандардың қатысқанын білеміз. Бұл кезде Жидебайдағы Абай мұражайы туралы деректі кездестіре алмадық...

Абайдың әулетін байдың тұқымы деп біреулерін соғысқа жіберіп, енді біреулерін жер аударып, қудалағаны мәлім. Абайдың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында, 1971 жылы толық жөндеу жұмыстарын жүргізіп, Бас ақынымыздың үйі осы қалыпқа келтірілген. Ең бастысы Абайдың әуелгі жобасы сақталған, ірге тасы, биіктігі, көлемі, есік-терезелері сол қалпында.

Абайдың бәйбішесі Ділда осыдан алпыс шақырым – Аралтөбеде, екінші әйелі тағы да алпыс шақырым Ақшоқы деген жерде жеке отау үй болып тұрған. Негізі, Құнанбайдың Абайға енші бөліп берген жері – Ақшоқы ғой. Абай Жидебайда Еркежанмен бірге өмірінің соңғы он жылын өткізген.

Мұражай сегіз бөлмелі. Үш қабырғасы тастан қаланған, қалған қабырғалары кірпіш. Сол жақтағы бірінші бөлме – ас бөлме. Абай бала-шағасымен тамақты осы бөлмеде ішкен, меймандарды қонақ бөлмеде қабылдаған. Пешті қаладан пеш шеберлерін арнайы алдырып салдырған. Қос қазандығы бар, екі тесік бу тартпалы, яғни тамақтың буы мен иісі мұржа арқылы далаға шығып кетеді. Абай үйіне келген қонақтардың көптігі сондай, бір қазанға ет асылып жатса, екінші қазанға қуырдақ қуырып берген. Кейде екі қазанға да бір мезгілде ет асылатын болған. Бұл пеш қазір мұражайдың экспонат-жәдігері есебінде тұр.

Ресейдің Тула қаласында жасалған күміс самаурынды Абай үйі күнделікті тұрмыста пайдаланған. Ортадағы сыйымдылығы 40 литр ақ самаурынды, Абай Құнанбайұлының 125 жылдығы тойында шәй құйып қонақтарды күту үшін қолданған соң, аудан еңбекшілері мұражайға сыйлық ретінде қалдырған.

Қымыз тегене, қымыз сапыратын ожау арқардың құлжасының мүйізінен жасалған. 19-шы ғасырдағы қазақтың қол өнері ағаш пен сүйек болған ғой. Кебеже, кебеже аяқ, асадал ағаштан жасалып, бет жақтары сүйекпен оюланған. Бұлар ірі қараның, соның ішінде жылқының жақ жауырын, жұқа сүйектерінен жасалған.

Кебеже аяқ - ыдыс-аяқ қоюға арналған. Біреуге арналған сыбаға, қарындағы май мен ет, ал шетте тұрған асадалға қант-кәмпит, тәтті-дәмділер сақталған. Тәтті-дәмділерді биіктеу жерге қойған. Қымыз тегене, қымыз ожау – бүйрек ожау деп аталған. Ожаудың формасы бүйрекке ұқсас. Ағаш астау - құрт езуге арналған. Еттен соң ішілетін сорпа дәмдірек болсын деп құрт езіп қосады ғой. Мынау ет салуға арналған ағаш табақ, ағаш астау.

Келесі бөлме – Абай Құнанбайұлының қонақ қабылдайтын бөлмесі.

Ол кезде ел жаз жайлауда, қыс қыстауда болған соң артық-ауыс дүние жимаған. Мынау қазақ қыз-келіншектерінің қол өнері – оюлы сырмақ. Сырмақтың үстінен құрақ көрпені жаяды да, келген адамдар малдас құрып отырады, болмаса шынтақтап жастыққа жатады. Абай үйінің келімді-кетімді қонағы көп болған.

Орыс пеші – контрамарканы үй жылы болу үшін әр бөлмеге жеке-жеке салдырған. Оның артықшылығы – бірнеше күн жылу сақтаған. Қабырғадағы – парсының түкті кілемі, Абайдың екінші әйелі Айгерімнің төркінінен жасаумен бірге келген. Мұндай кілемге ол кезде екінің бірінің қолы жетпейтін.

Қыл қобыз - Құнанбай бабамыздың замандасы Шаһар деген кісінің пайдаланған аспабы.

Абай атамыздың көзі тірісінде, 1885 жылы Семейде өлкетану музейі ашылады. Сонда өз қолдарымен Құнанбай үйінің 60-тан астам бұйымдарын апарып тапсырады. Бұлардың бәрі қолды болмай, бүгінге жеткен дүниелер.

Айгерімнің төсегі – қазақы төсек, ағаштан жасалып, бет жақтары жылқының жақ, жауырын сияқты сүйегімен оюланған. Әрбір шегесіне дейін күміс. Бұл төсектің екі пайдасы бар. Бірінші пайдасы, ол кезде қазақ түйемен көшкен. Сонда сыртынан киізбен қаптайды да, түйенің үстіне тиеп, жүк қосып жақсылап байлап тастайды. Екінші пайдасы - төсектің екі басы да көтеріліп тұр, ортасы шұңқыр, яғни түнде адам бойындағы қан айналымы жақсы жүретін болған. Қазақ осыны сонау ерте кезден білген.

Тоғыз құмалақ. Қойдың аяғындағы топайшақ деген сүйектен жасалған дойбы. Абай бұл ойынды жақсы ойнаған. Талапкер жастарға үйретіп, жарыс ұйымдастырып, жүлде тағайындап отырған.

«...Қазақ ойнайтын ойындар: дойбы, қарта сықылды ойындардың бәріне де ілгергі қазақтың ойыншылары ретті ойнаушы еді, сөйтсе де мен білген кезде салынып, қызықтап ойнайтын ойыны тоғызқұмалақ еді, - деп жазады Тұрағұл Абайұлы «Әкем Абай туралы» естелігінде («Жүрегімнің түбіне терең бойла...», Алматы, «Жазушы», 1995 жыл). Қай-қайдағы тобықты ішіндегі ойыншы шалдар келіп, ай жатып ойнап қайтатұғын. Сондай ойыншы шалдарының дәулеті нашарлары кейде соғымдық қой, тай, тайынша алып, я атқа мініп қайтқаны да болды. Көбінесе ол шалдары қысты күні келіп жатқышы: Көрпебай, Құттықожа, Қуаттың Қойбердісі, Мақыштың Ысмағұлы.

Таңертеңгі шайды ішкен соң, құмалақ басталып, менің әкем көйлекшең күйінде, басында тақиясы, бауырына ақ жастығын басып, құмалағын ойнап жатады. Күндіз келген ел арасының ретті адамдары да ойынға кірісіп кетеді, құмалақтан кезек тимегендер, я ойнай білмейтіні, балалар өз алдына дойбы, я картаның дүкенін ашады. Құмалақтан әкемді жеңген адам көргенім жоқ...»

Мынау - есепшот. Абай 1886 жылдан бастап, қайтыс болғанға дейін Семей статистика бөлімінің мүшесі болған. Ай сайын, жыл сайын тобықты елінің жан санын, мал санын есептегенде осы есеп шотты пайдаланған.

Күміс ертоқым. Айгерім ұзатылып келе жатқанда жорға ат үстіне салып, мініп келген. Бұны Абай атамыз үйленер алдында бірнеше аттың құнын беріп жасатып, Айгерімге сыйлаған. Салмағы әжептәуір, қазіргі аттар көтермейді деген болжам бар...

Абай Құнанбайұлының дүниеде екі–ақ суреті болған. Мына суретте, Абай атамыз ортада, 51 жастағы кезі. Екі жағында ұлдары: Ақылбай мен Тұрағұл тұр.

Мынау Құнанбай атамыздың Меккеде арнайы тапсырыспен тіккізген тақиясы, беліне таққан күміс белбеуі. Бұл – кісе белбеу.

Абайдың бәйбішесі Ділданың төркінінен, жасаумен келген төсек.

Баршаға мәлім, Ділда Қарқаралы өңірінің атақты биі Алшынбайдың немересі. Ділда әкелген кебеженің, асадалдың, төсектің бетінде алтын асыл тастар болған. Кешегі қиын-қыстау, аласапыран кезде қолды болып, ұрланып, қазір жәй, жасыл тастармен әшекейленген. Бұл төсектің әрбір шегесіне дейін күміс.

Үш ауызды мылтық. Батыс Сібірдің генерал-майоры барон Таубе 1890 жылы Абайға берген сыйлық. Ал мылтық беру – үлкен құрметке жатады.

Қасқырдың терісі. Абай атамыз аңшылықпен де айналысқан.

Жез елеген мен жез құман. Ұлжан анамыз, Абайды қырқынан шыққанға дейін осы жез құманда шомылдырған. Мұнда Оспанды да, Тәкежанды да, барлық балаларды шомылдырған.

Ағылшынның Голланд пеші. Бұл да мұражайдың бір жәдігері.

Мына суретте: Абайдың ұлдары - Ақылбай, Әбдірахман, Мағауия бейнеленген.

Әбдірахман қайтыс болған соң жеті жылдан кейін Мағауия, Мағауияның қырқы өткен соң Абай атамыз, Абайдың қырқын өткізген соң түнгі 12 кезінде Ақылбай дүниеден өтті. Сонда аралары 40 күн...

Абайдың жазу бөлмесі. Мұнда хәкім бабамыз оңашада ой қорытып, шығармашылықпен айналысқан. Өлең, аударма, қара сөздерін жазған.

Абайдың беліне таққан күмістелген кісе белбеу. Ішік, домбыра. Бұл Абайдың шәкірті – Аймағамбеттің домбырасы.

Төрдегі – Абай отырған орындық. Жазу столы, кітап сөрелері, жұмсақ диван, сағат, айна, яғни күнделікті пайдаланған дүниелері.

Абай атамыз бес тіл білген. Сөредегі – түрік, парсы, араб, өзбек, орыс тіліндегі кітаптар.

Кезіндегі ең жарық білтелі отыздық шам, маймен жанған. Абайдың 2020 жылғы 175 жылдық мерейтойына байланысты мұражай заманауи үлгіде қайтадан жаңартылды. Соған орай бұл шамның сырты боялды. Ал кіре берістегі және бөлмелердегі аспалы ондық шамдар. Отыздық шам әлдеқайда жарық жанады.

Абайдың сия сауыты, қаламы. Мағауияға жазған араб тіліндегі хаты.

Бұл – хәкім оқыған қасиетті Құран-Кәрім.

Еркежан анамыздың бөлмесі. Ол кісі пысық, ісмер кісі болған. Мынау өзі тіккен бет сүртуге арналған орамал, қыздарға арналған жеңіл камзол, бас киім – құндыз бөрік, күміс, құйма, сом білезіктер. Апалардың кимешек кигенде жақтауына тағатын жақ өңір – № 996 пробадағы алтын. Мынау қапсырма, түйме, моншақ, сырға салатын сандықшасы. Үтік – кір шомбал деп аталады. Киімді оқтау секілді жұмыр ағашқа орайды да, домалатқанда киімнің қырыс-тырысы жазылады. Ағаштан жасалып, сүйекпен оюланған.

Төсек, кебеже, шомбал бәрін Абай Құнанбайұлының тапсырысымен жергілікті қолөнер шеберлері жасаған. Мынау Еркежан шешейдің жасауымен келген айнасы. Сандықтар Абайдың 150 жылдық тойында сыйлыққа келген.

Абайдың дүниеде қалған 2-ші суреті, 58 жастағы кезі, қайтыс боларынан бір жыл бұрын – 1903 жылы түскен. Еркежанның Оспаннан да, Абай атамыздан да перзенті болмауы себепті Ақылбайдың балалары Әубәкір мен Пәкизат Еркежан бауырында өскен. Абайдан соң бұл шаңыраққа ие болған – Әубәкір. (Абай үйін Әубәкірден Кеңес үкіметі конфискация жасап тартып алғанын жоғарыда айттық. Т.Ә.)

Еркежан шешейдің төркінінен жасаумен келген төсек орны, ағаштан жасалып, бет жақтары сүйекпен оюланған, әрбір шегесіне дейін күміс.

Шымылдық. Ертеректе қазақ баласын үйлендіргенде шымылдық құрған. Пердесін жауып қойса, жеке бөлме есебінде жас жұбайларға арналған.

Үй іші Абайдың 175 жылдық мерейтойына байланысты қайта жаңартылды. Қабырғадағы Еркежан шешейдің тұс кестесі ешқандай өңдеуден өткен жоқ, үкісіне, тұмарына дейін қаз-қалпында.

Абайдың Жидебайдағы соңғы он жылы шығармашылыққа толы болған. 76 өлең, 27 қара сөз, 2 ән жазылған. Лермонтовтан, Пушкиннен, Крылов өлеңдерінен 27 аударма жасаған.

Мынау – 1909 жылы Санкт-Петербургте басылып шыққан Абайдың алғашқы жинағы. Мына жерде інісі Оспан, ұлы Әбдірахман, Абайдың айналасындағы ақын шәкірттері туралы деректер, Абайдың 45 қара сөзі. Осылардан келтірілген үзінділер.

Абайдың қайтыс болған жері - Балашақпақ. Бәрімізге мәлім, хәкім атамызды Ақшоқыға, Құнанбай атамыздың қасына жерлемекші болған ғой. Екі аралық 120 шақырым, шілде айы, ат арбамен жеткізгеннің өзінде күн ыстық. Ол кісі толық денелі, ірі адам болған. Ақсақалдар ақылдаса келіп, мәйітті қинамайық деп Жидебайға, Оспанның қасына жерлеген.

Шошала. Төрт бақан – адалбақан аталады. Көріп тұрмыз, бұтақтары бірнешеу. Бұлай болу себебі, Абай үйіне келушілер көп болған. Бес-алты ірі қараны бір күнде сояды да, еттерін мүшелеп, бөліп-бөліп іліп тастаған. Содан соң тобылғы деген қызыл ағашты жағып, есігін жауып түтінмен ыстаған. Сонда ет ұзақ сақталған. Шошаланың қабырғасы тастан қаланған. Бөлме температурасы қысы-жазы бір қалыпта тұрған. Мына жер – ет сақтайтын орын. Төбесі киіз үйдің шаңырағы сияқты. Керек уақытта ашылып-жабылып отырған. Ал ортадағы темір қазанға күнде ет асылып, бауырсақ пісірілген сайын түтін иісі сіңеді де, ет дәмі одан сайын мейіз сияқты өте дәмді болған.

Жез леген, жез құман. Үйде қанша қонақ болса да, оларды орнынан тұрғызбайды. Леген мен құман ұстап қонақтардың қолдарына су құйған.

Үш аяғы бар мосы, таяқ сияқты жиналады, көшкенге ыңғайлы. Қымыздың күбісі; келі, келсап. Біреуге сыбаға сақтайтын кебеже, қарындағы сары май. Бүркітті қондыруға арналған тұғыр. Аңшылар аң аулаудан келген соң бүркіттің басына томағасын кигізеді де, тұғырды бұрышқа қойып, бүркітті үстіне отырғызған. Мынау аңшылыққа алып шыққан бытырамен атылатын мылтықтар. Бидайды тартып, талқан жасауға арналған қол диірмен. Насыбай үгуге арналған саптыаяқ.

Сол кездің қаруы – шоқпар. Ол кезде барымта болған. Бір ауылдың жігіттері келесі бір ауылдың жылқыларын барымталап әкелгенде пайдаланған шоқпар.

Қасқыр қақпан. Бұны сүйретпе қақпан деп те атайды. Себебі, қақпанға түскен аң сүйретіп кетсе де, артынан барып ұстап алып отырған.

Ағаш шелек, ит аяқ. Бұлар да Абай үйінің күнделікті тұрмыста пайдаланған дүниелелері.

Қорған сыртында кіндік тас тұр. Дүние жүзінің ғалымдары Спутниктен анықтағанда, Еуропа мен Азияның кіндігі – осы жер болып белгіленген, яғни Еуразия кеңістігінің кіндігі! Бұл дерек қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған.

Лапас – ат арбалар тұратын жер. Бұл - келген қонақтардың мініп келген аттарын көлеңкеге байлап қоюға арналған орын.

Шыны ішінде тұрған – Абайдың қалаға жүріп тұруға арналған тарантас, пәуеске арбасы. Екі, үш ат жегуге арналған ресорлы арбалар да бар. Жанында шөп, қи жинауға арналған Дәркембайдың ат арбасы. Қасында жер жыртатын темір соқа тұр.

Абай әулеті егін егуді Құнанбай заманынан бастаған ғой. Жидебайға жақын жерде орыс қорасы болған. Сол мекенге орыстарды арнайы көшіріп әкелген. Темір соқамен жер жыртып, бидай сеуіп, астық өндірген.

Қарауыл – Жидебай,

Абай ауданы,

Абай облысы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар