Түркістанда Манаш Қозыбаевтың кітап көрмесі ашылды
«Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында көрнекті тарихшы, академик Манаш Қозыбаевтың туғанына 95 жыл толуына арналған дөңгелек үстел өтті.
Жиын Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы аясында ұйымдастырылды. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, ғылыми қауымның, музейлер мен кітапханалардың өкілдері қатысты.

Қатысушылар Манаш Қозыбаевтың ғылыми мұрасын кеңінен талқылап, Қазақстан тарихын зерттеуге және отандық тарих ғылымын дамытуға қосқан үлесін атап өтті. Ғалым еңбектерінің ұлттық тарихи сананы қалыптастырудағы маңызы да сөз болды.
«Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы аясында академиктің өмір жолы мен ғылыми қызметі туралы «Ұлт тарихын ұлықтаған ғалым» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге «Ақтаңдақтар ақиқаты», «Тұлғалар тұғыры», «Киелі тәуелсіздік», «Өркениет және ұлт» еңбектері, ғалымның көптомдық шығармалар жинақтары мен энциклопедиялық басылымдар қойылды.
Жиында академиктің еңбектері бүгінгі тарихи зерттеулер үшін құнды екені және ел тарихын кейінгі ұрпаққа танытуда маңызды орын алатыны айтылды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
