Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЗЕРТТЕУ
/
Оқырманды ойландыруымен құнды......

Оқырманды ойландыруымен құнды...

30.03.2026

239

Оқырманды ойландыруымен құнды... - adebiportal.kz

 (Жазушы Арман Әлменбеттің «Тергеуші» романы хақында)

Детектив жанры қазақ әдебиетінде XX ғасырдың екінші жартысынан бастап қалыптасқанмен, қазіргі кезеңде бұл бағытта жазылған шығармалар  көбеюде. Дж. Палмердің дерегінше, детектив жанрының әдебиетте пайда болып, дамуына түрткі себептердің бірі – ХІХ ғасырдағы құқықбұзушылықтарға, әсіресе ұрлық пен тонауға деген көзқарастың өзгеруі. Бұған дейін қылмыстар екі санатқа бөлінетін: біріншісі – әлемдегі ішкі тәртіпке қарсы, екіншісі – азаматтық игілікке қарсы жасалатын қылмыстар. Алайда орта таптың дамуы оның әл-ауқатын қорғау қажеттілігін туындатты және экономикалық заңдарды табиғи құқықтармен тең дәрежеде қорғау керек деген идеяның таралуына ықпал етті [1, 24].  

Детектив –  оқырмандарды өзінің интригасымен, логикасымен және жұмбақтарымен қуантатын, сонымен қатар оқырмандардың жадында қалатын ұмытылмас кейіпкерлерді жасайтын жанр [2, 194]. Қазақ жазушыларының арасында алуан түрлі пікірлер бар. Бірі детектив жанры болашағы жоқ жанр десе, бірі потенциалы толық ашылмаған жанр ретінде есептейді. Батыс зерттеушілеріне сүйенсек, батыс зерттеушілері детектив жанрын өзіндік сипатына байланысты топтастырған. Мысалға, Т. Кестхейн «Анатомия детектива» еңбегінде детективті мынандай топтарға саралайды: жұмбақ детектив және құпия – Конан Дойл; тарихи детектив – Д. Карр; әлеуметтік детектив – Д. Сейерс; полиция туралы хикая –  Эдгар Уоллес; реалистік детектив – Э.С. Гарднер; натуралистік детектив – С. Дениил Хэммет; әдеби детектив –  Жорж Сименон [3, 264]. 

Осы бағытта жазылған шығармалардың бірі – жазушы Арман Әлменбеттің «Тергеуші» романы. Бұл роман Эдгар Уоллес, Э.С. Гарднер топтастыруына келеді. Неге десеңіз, шығарма болмысы қылмысты ашу үдерісі арқылы қоғамдағы әділдік, адамгершілік және жауапкершілік мәселелері көтеріледі. Романда оқырман тергеушінің тек қана кәсіби жұмысын көрмейді, біз өмір сүріп отырған ортаның күйіне үңіледі.

Романның басты кейіпкері – Бағылан. Ол түрлі қиын істерді тергей отырып, қылмыстың себептерін анықтауға тырысады. Автор кейіпкердің тек кәсіби әрекетін ғана емес, оның ішкі жан дүниесін, ой-толғанысын да көрсетеді. Осы арқылы тергеушінің адалдығы, әділдікке деген ұмтылысы байқалады. Кейіпкердің мінезі батылдық, табандылық және шындықты іздеу қасиеттерімен ерекшеленеді. Бірақ, шығарма барысында тергеушіні кіршіксіз адам ретінде көрсеткенімен, автор тергеушінің де мүлт еткен істерін көрсетіп отырады. Мысалға, Бағыланның  Гүлмираның тергеу ісінде бөтен әйелден жауап алып, көңілі аууы, жұмысқа кірерден бұрын дипломды сатып алуы осының көрінісі. «Сырттай оқу бітірді деген дипломды оқуға бір де бір рет бармай, ақшасын төлеп қана алғанын жан баласына айтқан емес. Дознователь кезінде сырттай оқуға түсемін деп барғанда марқұм әкесінің таныстары жұмысыңды істей бер әрі-бері шапқылап қайтесің, дипломды алуға бір-ақ кел деген » [4, 323]. Яғни, «адам – пенде» ұғымын ала аламыз. Автор кейіпкерлерді ақ, қара деп бөлмейді. Әр кейіпкердің өз шындығы бар. Автор оқырманға кейіпкердің ақ қарасын ажыратуды өздеріне қалдырады. Гүлнұр Қуанышбекқызының осы романды талдаған «Түркістан» газетінде жарияланған мақаласында Бағыланға қатысты былай пікір білдіреді: «Басты кейіпкер, капитан Бағылан Сейіткен – біз үйренген «суперқаһарман» емес. Ол – зейнет жасына жақындаған, басында несиесі, мойнында отбасылық тауқыметі бар, жұмыс пен үй арасында сабылған кәдімгі тірі жан. Автор оны идеалдандырудан саналы түрде бас тартып, шаршайтын, күмәнданатын кейіпкерді ұсынады. Алайда Бағыланның құрғақ «функция» болудан бас тартып, «адам» болуға талпынуы оны экзистенциалды деңгейге көтереді. Оның образы – грек мифологиясындағы Сизифтің заманауи көрінісі: ол өз тасы – ар-ұжданын, тіпті оның қайта құлайтынын сезсе де, биікке домалатуды бір сәтте тоқтатпайды» [ 5].

Детективті  прозаны талдауда  ғалымдар түрлі  схемалар ұсынады.                    О.А. Мельничук пен  Т.А.Мельничуктың  «Стратегии детективного  дискурса»  мақаласында детективті жанрға тән мәтін мен сюжеттің талдану схемалары көрсетіледі. Олар:

«I типті интригалық стратегия:

1. Лингвистикалық құралдар;

2. «Көзқарастың полископиялық перспективасы» композициялық әдісі;

II типті интригалық стратегия:

1. Архитектура техникасы-мәтінді бөлшектерге бөлу;

2. Лингвистикалық құралдар;

3. «Көзқарас» композициялық әдісі;

II. Интрига соңы стратегиясы:

1. Күдікті кейіпкерлер шеңберін тарылту тактикасы;

2. Күдікті кейіпкерден алыстату тактикасы;

2.1. Жақсы кейіпкер сипаттамасы;

2.2. «Алдау» тактикасы;

3. Лингвистикалық құралдар;

4. Әдепкі тактика;

5. «Мінсіз алиби»тактикасы (принципі)» [6, 5].

Ендеше ғалымдар ұсынған талдау схемасымен романды талдап көрсек. 

Шығармада Бағылан әр тергеуге және өзінің қара басына қатысты іске өзіндік баға береді. Кейіпкер өзінің ойы арқылы оқырманды шытырманға жетелейді. Оқырман бастапқыда кейіпкер көзқарасына бойұсынса, соңында таңдау еркі өзінде.

Мысалға: «Альфия бойжеткен қызын түнде іздемеген. Бұрын да солай шығып кетіп жүрген бе? Салық қауіпті адам. Әйелі де біртүрлі. Ана бір көршісі бұларды ұнатпайтын секілді... Данабек жақсы жігіт. Ол да осы қызметке ілінгелі біраз мал жинап, әкесінің үйін жөндеп алды» [4, 34]. 

Роман желісі басынан аяқ тергеу жүйесіне құрылған. Қылмысты ашу, жаза қолдану шараларын автор реалистік тұрғыда берген. Тергеуші Бағылан бұл жолда қағазбен немесе цифрлық құралдар тілімен сөйлейтін тергеуші ғана емес, прагматик, әр нәрседен логикалық байланыс іздейтін, түйсікке көбірек жүгінетін ерекше кейіпкер. «Сонымен, «Биллингтен» келген жауаптың негізінде Данабек не істеуі мүмкін? Әкім қалаға қызды апарған соң қайда жасырды екен? «Биллинг» оның қалада тұрып қоңырау шалғанын көрсеткенімен, нақты қай жерлерге жасырғанын көрсете алмайды ғой»                   [4, 73]. Менің ойымша, автор Бағылан арқылы адам санасы мен цифрлық құралдардың айырмашылығын бергісі келіп отыр. Цифрлық әлеует қаншама дамығанымен, адам түйсігі мен ақылы әрқашан алда болады.

Романда мемлекеттік қызметтің, былайша айтқанда «ішкі кухнясын» көре аламыз. Билік арасындағы қызметкерлердің кландарға бөлініп, әр басшы өз құрамымен жүретінін көреміз. «Бұрынғы прокурорлар әкім қаралармен бірге қонақта жүруші еді, қалаға барып, бірге тойлап кеп жататын. Мына прокурор ешкімді маңына жолатпайды. Тіпті аудан әкімімімен де жұмыс тәртібімен ғана араласады екен-мыс» [4, 57]. Әр тараптың көздеген  мүддесі бар, пайдасы бар. Жазушы  қызметтегі адамдардың көбі, адал қызмет атқармайтындығын алға тартады. Бұл жайтты Бағыланның тұрмысынан аңғара аламыз. «Алыстағы ауылдар, негізіне, тыныш. Сондай ауылдарға учаскелік полицейлер, негізінен, өзі мал бағу үшін, тыныш қана айлық алып жату үшін, кейін зейнетке шығып алу үшін барады. Жұмысқа ақша беріп кіреді де, ол аз болғандай, жыл сайын аудандағы үлкен бастықтарға соғымын беріп тұрады. Аудандағы бастықтар бірнеше ауылдан солай соғым жинайды да, едәуірін өзінен жоғары бастықтарға, өзге де керекті адамдарға жөнелтіп түгендейді»   [4, 80]. Роман қазіргі заманның шындығын бейнелейді. Талауға түскен қыз тағдыры, панасыз әйел күні. Әлеуметтік таптардың бір-бірін дискриминациялауы. Бай мен кедей образы ашық сипатталған. Полиция қызметкерлерінің пара алуы, қызметтегі ауыз жаласу сынды мәселелерді көркем ашып берген.

Романда тек қылмыс тақырыбы ғана емес, қоғамдағы моральдық мәселелер де қозғалады. Кейбір кейіпкерлердің қылмысқа бару себептері олардың өмірдегі қиындықтарымен, әлеуметтік жағдайымен байланысты көрсетіледі. Автор осылайша қылмыстың артында белгілі бір себептер болатынын меңзейді. Біреулер ашықтан-ашық машық қылса, енді бірі амалының жоқтығынан барады. Шығармадағы оқиғалар біртіндеп шиеленісіп, оқырманды қызықтыра түседі. Автор әрбір детальды орынды сөйлетіп, қылмыстың қалай жасалғанын және оның қалай ашылғанын логикалық түрде баяндайды. Бұл романды оқығанда оқырман да тергеушімен бірге ойланып, күдіктілерді талдап отырады. Осы жағынан шығарма оқырманды ойландыруымен құнды.

Романның стильдік ерекшелігіне тоқталсақ. Жазушы Арман Әлменбет классикалық шығармалардағыдай ұзын сонар суреттеу мен баяндауларға бармайды. Шығарма дені диалогтер арасында өрбіп, оқырманға салатын негізгі ойлар диалогтер арқылы айқын жеткізіліп отырады. Жазушы ортаны суреттегенде ұсақ детальдерге көп мән берген. Борандағы қардың жолға ұйытқуы, пештегі оттың дыбысы, темекі түтінің шығуы, үскірік аяздың дыбысы, тері иісінің мүңкуі, шығарманың реңкін безендіре түседі. Бұл стильдік бояулар Қызылшының жолын, Бағыланның жұмыс орнын, айғақты, Жәния мен Альфияның үйін суреттегенде айқын көрініс табады.

Романда оқиғалар жүйесі әрқилы. Бастапқыда сюжет Гүлмираның оқиғасымен басталса, одан кейін Таңат, Құдияр оқиғаларымен жалғасып, Гүлмира оқиғасына кері оралады. Бұл авторлық тәсіл оқырманды жалықтырмас үшін қолданылады. Арман Әлменбет шығармада «жол» деталіне аса мән береді. Әр сюжеттің бастамасы жол үстінде өрбиді. Жол арқылы автор адам өмірі әртүрлі, өмір жолында адам неше түрлі күй кешеді. Осы жолда адам қиындыққа да, қуанышқа да төзе білсе, адам болып қала алады. Шығармада Бағыланның қиындығы да, шаттығы да жолмен байланысты.

«Тергеуші» романы оқырманды жалықтырмайтын шытырман оқиғаларымен, терең ойымен және шынайы кейіпкерлерімен ерекшеленеді. Роман оқырманды әділдікке, шындықты қорғауға және жауапкершілікке үндейді. Сонымен қатар детектив жанры арқылы қоғамдағы мәселелерді айқын көрсетуі шығарманың маңызын арттыра түседі. Бұл туындыны қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының дамуына үлес қосқан туындылардың бірі деп айта аламыз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Shamamedova Z. Development of the detective genre in American literature /
Z. Shamamedova // International Journal of Literature and Languages. – 2023. – Vol. 3, № 3. – P. 24–33. DOI: 10.37547/ijll.
2. Сұлтанғалиева Р.Б., Сагмалиева Н.Ж. Детектив жанры және                                        
Ж. Шамұратованың әңгімелеріндегі детективтік дискурс. Ш. Уәлиханов атындағы КУ хабаршысы. Филология сериясы. № 3. 2024 жыл. https://vestnik.kgu.kz/index.php/kufil/article/view/60/258
3. Kesthein T. Anatomy of the Detective. – Budapest: Korvima, 1989. – 268 p
4. Арман Әлменбет Тергеуші – Роман – Алматы: «Muqaba», 2026. – 400 б.
5. Қуанышбекқызы Г. Көрінбейтін шындық: боран бүркеген тағдырлар. 6
ақпан. 2026 жыл. https://turkystan.kz/article/275782-korinbeitin-syndyq-boran-burkegen-tagdyrlarhttps://turkystan.kz/article/275782-korinbeitin-syndyq-boran-burkegen-tagdyrlar.
6. Мельничук О.А., Мельничук Т.А. Стратегии детективного дискурса (на
примере романов А. Кристи). Вопросы психолингвистики. – Москва, 2012. No 15. С. 156-167.

 

 

  1.  

 

 Рита  Сұлтанғалиева,

М. Өтемісов атындағы БҚУ қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к.

Жантөре  Серік, М. Өтемісов атындағы БҚУ магистранты

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan