Кеше Қалибек Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театрында «AMANAT» партиясы жыл сайын ұйымдастыратын дәстүрлі «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы қорытындыланды.
Арнайы дайындалған роликтерден байқағанымыз, биылғы байқау Абайдың 180 жылдығына арналғандықтан, шығармалардың негізгі мазмұны да Абай тақырыбын қамтыған екен.

Жиынды ашқан Мәжіліс Спикері, «AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошанов өз сөзінде: «Бүгінде «AMANAT» партиясының «Ұлы дала» шығармашылық байқауы көпшілік асыға күтетін дәстүрлі, игі шараға айналды. Өздеріңіз білесіздер, бұл байқау осы күнге дейін қолына қалам ұстаған талай жастың тұсауын кесті, талай таланттың бағын ашты. Олардың көбі қазір елге танылып, шығармашылық жетістіктерімен қуантып жүр. Жыл өткен сайын біздің байқауымыздың ауқымы да, аудиториясы да кеңейіп келеді. Міне, бүгін өнер ордасында – Қалибек Қуанышбаев театрында бас қосып отырмыз. Бұл қазақ руханиятына, қазақ әдебиетіне көрсетілген лайықты құрмет деп білемін.

Енді, биыл ұлт руханияты үшін оңай жыл болған жоқ. Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков, Әкім Тарази, бастаған талай тұлғаларымыздан айырылып қалдық. Тұтас дәуір көшкендей күйде болдық.
Жақында Күләш Ахметова апамызбен қоштастық. Мәңгілік ештеңе жоқ деп жатамыз. Бірақ, алдымыздағы алыптар тобының жауһар шығармалары халқымызбен бірге мәңгі жасай беретіні сөзсіз. Әрине, дәуір алмасады, буын алмасады. Мағжан ақын айтқандай:
«Толқыннан толқын туады,
Толқынды толқын қуады», әдебиетте де буын алмасу кезеңі болады. Қазір біз осындай кезеңде тұрмыз деп ойлаймын. Ендігі жас толқынның міндеті – кешегі қазақ әдебиеті жеткен биіктен аласармау жаңа көкжиекке ұмтылу. Ал біздің міндетіміз – осы жастарға қолдау көрсету, жолын ашу. Бүгінгі «Ұлы дала» байқауы – соның жарқын көрінісі, «AMANAT» партиясының қазақ руханиятына қосып жатқан бір үлесі!», – деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс Спикері, «AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошановтың айтуынша, осымен алтыншы мәрте өткізіліп отырған «Ұлы дала» байқауының биылғы ерекшелігі – биыл барлық облыста тұңғыш рет өңірлік байқаулар өткізілген екен. Бұл, әсіресе, Астанадан алыста, әдеби ортадан жырақ жатқан әдебиетшілер үшін қолдау болғаны анық. Өйткені өңірлік сайыста 120-дан астам қаламгер топ жарыпты.

Сонымен жүлдегерлер есіміне кезек берсек:
«Поэзия» аталымы бойынша бірінші орынды Азамат Серікұлы, екінші орынды – Асантемір Қаршығаұлы, үшінші орынды – Абзал Мақаш иеленді.

«Проза» аталымы бойынша жүлделі бірінші орынды – Жақсылық Қазымұрат, екінші орынды – Думан Терлікбаев, үшінші орынды – Ретбек Мағаз қанжығалады.



«Балаларға арналған шығарма» аталымында Нұрбек Нұржанұлы жеңімпаз атанса, екінші орынды – Айдана Сегізбай, үшінші орынды – Құралай Омар иеленді.

«Драматургия» аталымы бойынша бірінші орын – Эльдар Тоқтасынға, екінші орын – Мия Алғожаеваға, үшінші орын – Гүлжанат Исатайқызына бұйырды.

«Әдеби сын» аталымы бойынша бірінші орын – Дария Келгенге, екінші орын – Айгүл Сәкенқызына, үшінші орын – Қарлығаш Қабайға табысталды.

Сондай-ақ «Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы» арнайы сыйлығын – Ұларбек Дәлейұлы, «Алаш аманаты» арнайы сыйлығын – Әділет Жағыпар, «Міржақып Дулатұлының 140 жылдығы» арнайы сыйлығын – Анар Абдуллина иеленді.
«Әдебиет порталы» жүлдегерлерден бір ауыз пікірін сұраған еді.

Талай ғажап туындылар жазылары сөзсіз
Ұларбек Дәлейұлы, ақын, жазушы:
– «Amanat» партиясы алты жыл бойы үзбей ұйымдастырып келе жатқан дәстүрлі «Ұлы дала» байқауына биыл бірінші рет қатысып отырмын. Проза жанры бойынша «Тастанды таудың қонағы» деген әңгімемді жіберіп едім, қазылар алқасы «Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы» арнайы жүлдесіне лайық көріпті.
Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Жақанұлының арнайы келіп қатысуы, сыйлықты өз қолымен табыстауы – әдебиетке деген құрметінің белгісі.
Елдің түкпір-түкпірінен іріктеліп, жүлдеге ілінген жас жазушылар, ақындар, драматург, сыншылар қанаттанып, шабыт алғаны көрініп тұрды. Бұл дегеніңіз – қазақ әдебиеті мен руханияты үшін үлкен қолдау, демеу. Ұлы өнерді, әдебиетті жеке тұлғалар жасайды, ал оған мемлекет, билік тарапынан үздіксіз қолдау көрсетіліп отырса құба-құп болмай ма?
Жақсының жақсылығын айту керек. Бұл партия тек «Ұлы дала» байқауы ғана емес, өзге де көп рухани іске мұрындық болып жүргенін жалпы жұрт біледі. Қазақ баласы ғаламторға телміріп, смартфон шұқылап кеткен заманда «Кітап-AMANAT» жобасын қолға алып, жас оқырманды кітапқа тарту үшін Республика көлемінде қаншама жұмыстар атқарып жатыр.
«Бұлақ көрсең көзін аш» дейтін қазақ атамның мақалы осы кеште анық көрінді. Партия басшылығы мен ұйымдастырушылардың күні-түні еңбектеніп, аталған кешті шып-шырғасын шығармай қалың оқырман алдында дүркіретіп өткізуінің өзі бір игі іс дер едім. Осындай байқаулардың сеп болуымен талай ғажап туындылар жазылары сөзсіз.

Ішімдегі кішкентай Құралайдың қиялынан
Құралай Омар, ақын, балалар жазушысы:
– «Поэзия махаббаттан басталып, парасатпен аяқталады», – дейді Мұқағали. Менің поэзиям балалар әдебиетіне қарай ауысып барады. Балалы болғаннан бері мен балаларға арнап жазып жүрмін. Балаларға арнап жазған ұнайды. Ішімдегі кішкентай Құралайдың қиялынан туады бәрі. «Ұлы дала» байқауының дәл осы балалар әдебиеті номинациясы бойынша 2022 жылы 2-орын алған едім. Биыл 3-орын бұйырыпты.

«Қисық ағаш теориясы немесе толық адам түсінігі»
Қарлығаш Қабай, ақын, сыншы:
– Сын жанрына неге кеттіңіз болғанда… бұрыннан сыни жазбалар, мақалалар да жазып жүр едім, өздеріңіз білесіздер. Жалпы бұл конкурсқа сын жанрынан мақала ұсынуымның бірнеше себебі бар. Поэзиядан да конкурсқа қатысып жүрміз. Бірақ ол жаққа «пысық» адамдар көп қатысқандықтан көбіне «звонокпен» немесе «жершілдік, рушылдықпен» шешіліп кетіп жатады. Мен үшін әдеби байқау - авторға емес, тікелей туындыға, яғни мәтінге берілуі тиіс. Әйтпесе бір байқауды жыл сайын өткізудің не қажеті болады? Жылдың үздік, ең актуалды туындысын анықтайтын болса керек байқау дегеніміз. Ауруын жасырған өледі. Жасырудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Немесе жюриде отырған бірнеше адамның талғамына қарай шешіліп кетіп жатады. Сол үшін біз конкурс ешқашан қаламгердің бағасын бермейді дейміз. Дұрыс пікір. Өйткені жюриде отырған адам көбіне тұтас әлемдік поэзиядан хабары бар адам болмай шығады. Яғни мәселені өз ракурсынан ғана көретіндіктен «ұйқассыз» өлең яки «верлибр, «еркін өлең» яки «минимализм» деген стильдік ерекшеліктерді поэзия ретінде қабылдай алмайтын адам болып шығады. Ал бұл бағыттарда жазып жүрген жастар құмырсқадай құжынап, көбейіп келеді. Менің ұйқассыз жазатындарға бір әзілдеп айтқаным бар еді «Тым құрыса біреуің өлмей қойдыңдар, аттарыңа ұйқассыз өлеңнен мүшәйра жариялап жіберер едік» деген (күліп). Ешкім өлмей-ақ қойсын енді, құдай сақтасын. Ащы әзіл ғой ащы шындық секілді). Ешкім ұйқасына қарамайды ғой деп сын жанрына мақала ұсындым сол үшін. Және бұл мақала «Қисық ағаш теориясы немесе толық адам түсінігі» деп аталады.
Мұхтар Мағауиннің «қисық ағаш» деп аталатын хикаяты бар. Сол жерде автор 70 жылда қисайып қалған үкіметтің жаңа Қазақстан болып құрылған кезінде де әлі сол 70 жылдық қисық ағаштың көлеңкесін өз ішінде алып жүргенін әдемі қылып баяндап береді. Бұл шығармада астыртын айтылған ойлар өте көп. Сол себепті талдау керек, сын жазу керек деп шештім. Одан кейін біздің классикалық, дәстүршіл емес, классикалық, тәрбиедегі «қисық ағаштың» үнемі өз жолын табатын ағаш ретінде көрсетілуі, баланы тәрбиелеудегі мораль мен этиканың рөлі сынды дүниелерді қайтадан сыннан өткізу осы мақаланы жазуға итермеледі. Өзім сүйетін Асқар Сүлейменовтің «Тәрбиенің еркіндігі – еркіндікпен тәрбиелеу» дейтіні бар, білесіздер. Сонсоң қытай философиясында «Қисық ағаш – өз өмірін сүреді, түзу ағаш - тақтайға айналдырылады» деген сөз бар. Яғни Алтынсариннің классикалық тәрбие үшін жазылған «Бақша ағаштары» әңгімесінде баланың түзі өсуі, қоғамның көрсеткен жолымен ғана жүруі – басты құндылық ретінде көрсетілсе, Асқар Сүлейменовтің немесе қытай даналығының ойында бұл дүние адамды көнбістікке бастайтын нәрсе. Біздің қоғамдағы «синдром отличницы» секілді факторлар, тіпті «жағымпаздықтың» арамшөп сынды жайлап кетуінің өзі – осы классикалық тәрбиенің нәтижесі іспетті көрінеді маған. Себебі Кеңес қоғамында, одан бұрын да жүйелі түрде біздің санамызға енгізілді. Қазір біз өз пікіріміз мен түйсігімізден көрі сырттың пікіріні тәуелді болып отырамыз. Бір философиялық ойды мен айтсам, қазақ аса елей бермейді, бірақ Конфуций немесе Платон деп өз пікірімді ұрып жіберсем, «оооо» деп қарайды. Кеңес кезінде «сыртқа тәуелділік» осылайша ең бірінші «санада» қалыптастырылған болатын. Ал оның жарақатының емделуі үшін әлі біраз уақыт қажет. Мақаланың толық нұсқасы бүгін «Жерасты әдебиеті» сайтында жарияланады.

Бұл – қалам ұстаған қыз-жігіттерге қолдау
Асантемір Қаршығаұлы, ақын:
– «Аманат» партиясы ұйымдастырған «Ұлы дала» байқауына бірінші рет қатысып отырмын. Биылғы әдеби конкурс ұлы ақын, ағартушы, философ, ұлттың рухани темірқазығы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналғандықтан поэзия номинациясы бойынша өлеңдер табыс еткенмін. Нәтижесі жаман болмады. Өздеріңіз көргендей жүлделі екінші орын бұйырды. Әңгіме жүлде жөнінде емес, өз басымды қуантқаны – «Аманаттың» қолына қалам ұстаған қыз-жігіттерге қолдау танытқаны. Осы үрдіс жыл сайын үзілмей, таланттарға мүмкіндік беріп отырса, ғұмыры да ұзақ болады-ау деп ойлаймын. Партияның әр жобасына сәттілік тілеймін.


«Ұлы даланың» жүлдегерлерін марапаттаудан соң барлық қатысушы режиссер Әлімбек Оразбековтің әйгілі «Абай» қойылымын көруге мүмкіндік алды.

