Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Ықылас Ожайұлы: Sleep paralysis...

05.11.2017 8050

Ықылас Ожайұлы: Sleep paralysis

Ықылас Ожайұлы: Sleep paralysis - adebiportal.kz

(Ұлттың ұйқы салы)

Жеке адамның ахуалын тұтас қоғаммен байланыстыра қарай алмау – бізде жетілмей қалған тетіктің (механизмнің) бірі. Қазақтың рухани Гиппократы Абайдың «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват» сөзінің астарында да осы ұғым тұр (Хакімнің бұл жердегі «замандас» сөзінің құрдас ұғымына ешқандай да қатысы жоқ). «Адамның жақсысы кетіп жаманы, жүйрігі кетіп шабаны қалған» кешегі кер заманда тобырлық түсінік пен плебейлік пәлсапа қайыра тарих сахнасына шықты. Жақсы неліктен дегдар болды десеңіз, ол ең әуелі киелі болғандығы үшін де елдің игі жақсысы атанды. Оның басы қарайып жүргенде қотанға тышар қортықтармен жаман-жәутікке еш орын болмайтын.

Ендеше елдің зиялысы кетті деген сөз ол елден ұят пен зият, кие мен дуа қатар кетті деген сөз екен.

Смахан төре өз етелігінде Әлихан Бөкейханды көргенде бақсы-балгерлердің қарадай қалтырап, жыным қашып кетті деп жылайтынын айтады. Міне, жақсының шын киесі деген осы болса керек.

Кейде маған кешегі жайсаңдармен бірге осы кие атаулы үдере көшіп кеткендей сезіледі. Рас, жақсы мен жайсаң қынадай қырылған шақта ел иесіз қалды. Ендеше қазақтың «Иен үйді жын иектейді» дейтін сүйекті сөзі де дәл осындай кезді бейнелесе керек.

Ежелгі грек аңызында қоғамды қос бүйірінен қысып тұншықтырып тұратын екі «кесір» бар (Бұлар Гомер поэмасында қанқұйлы құбыжық бейнесінде. Алты басты Сцилла есімді құбыжық үңгірді мекен етсе, Харибда теңіз түбіндегі су иірімінде өмір сүреді).

Мұны мысалға алып отырғанымыздың мынадай пәлсапалық себебі бар.

Медицинада «Sleep paralysis» («Ұйқы салы») деген ұғым бар (Бұл қазақ танымында «бастырылу» деген атпен мәлім). Осы «Sleep paralysis» (немесе «Сонный паралич») симптомын білікті дәрігерлер депрессиядан туындайтынын айтса, дін ислам бұл ұғымның тылсымдық күштермен қатыстылығын алға тартады. Біз жоғарыда адамды қоғаммен байланыстыра қараудың аппараты мен тетіктері (бізде) еш жетілмеген дедік.

Себебі қоғам дегеніміз – адам. Демек, адам мен қоғамды бірінен-бірін бөліп қарауға әсте болмайды (Мемлекеттің адамнан құралатынын ескерсек, әр адамның көңіл күйі мен психологиясы сол қоғамның айнасы ғой). Ендеше бүгінгі мерез жүйеден жүйкесі жүнжімеген, «күрмеуге келмес» келте тірлігіне зығырданы қайнамаған алаш баласы аз ба?

Медицина көрсеткендей «бастырылудың» басты себебі депрессияда жатса, бұл енді әр қазақтың бойынан табылатын жағдайлар ғой.

Грек мифологиясындағы қоғамды (дұрысы адамды) ұдайы қос бүйірінен қысып тұратын «кесір» қазақ танымында «марту» немесе «қара басу» деп аталады. Дін ислам адам «бастырылуын» тікелей осы жағдайлармен де байланыстырып оның себебін адам рухының әлсіреуімен түсіндіреді. Расында жаман мен жәутікті төбемізде тайрандатып, кім көрінгеннің мазағына ұшыраған қазіргі халіміз рухымыздың кірлеп, киеміздің үріккендігінің шын көрінісі ғой. Дәл қазір біз мойындайтын бір ғана шындық қалды. Ол – «бастырылудың» осы бір қос себебінің қазақ социумының бойынан толығымен табылып тұрғандығы ғана. Қайыра айтайық, дәл қазір қазақ қоғамы «бастырылып» бейне бір сол сәттің талаурап азабын тартып жатқандай...

Айқайлайсың, бірақ үніңді ешкім де естімейді. Қозғалғың келеді, қыбырлай алмайсың. Шіркін, біреу оятып жіберсе деп тілейсің, ол ойың орындалмайды. Осы бір арпалысың бейне бір ғасырға созылып кеткендей қалжырайсың. Ең бастысы, бәрін де білесің, бірақ оныңнан ештеңе де шықпай бекерге қара тер боласың...

БҰЛ – ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫСЫНЫҢ ҚАЗІРГІ ХАЛІ. Бұлайша байлам айтып отырғанымыздың себебі медицина мамандары «бастырылуда» болатын осы бір процесті адам миының бірер мезетке кенеттен оянып кетуімен де байланыстырады. Ендеше бұл «оянғандардың» ғана «білетіні» мен «сезетіні». Ал мұны еш сезінбейтіндер мен оны бейне бір тағдырына балап мойынсұнғандар жайында не десек екен.

Қысқасы, бұл феномен қазақтың жан күйзелісі ме жоқ әлде «қара басқандығының» кесірі ме? Депрессияның диагнозы бақуатты тірлікте десек, ұлт рухын осы бір «жын-жыпырдан» ұшықтамай кие атаулы қайыра қонбайтын сынды. Осы екеуі оралар күнді алаш баласы жан-тәнімен зарығып аңсады тегі...

«Түу, тезірек оянсам жарар еді!..»

Альбер Камю «Мықты жазатындардың түсіндірушілері, ал қарапайым жазатындардың оқырманы ғана болады» дейді. Расында ғажайып сөз. Біз кейіпкеріміздің мықтылығы үшін де осы бір түсіндірмені жазбаққа талаптанып отырмыз. Басқаны қайдам, маған Есенғали Раушанов десе болғаны ең алдымен маңдайы жарқыраған философ елестейді (Әрине, ақын философ болмайды деген қағида тағы да жоқ). Біз осы жерде Камюге «мықты ойлар әманда қарапайым болады» деп керісінше де пікір айтқымыз келеді.

Мәселен...

Жоқтық деген немене – барлық делік,

Бақыт деген дүние ме – алдық бөліп

Дүниедегі ең ұлы көрініс не?

Ол шідерін үзген ат қарғып келіп.

...Әгәрәки, «бақыт» деген шынымен-ақ «дүние» болса мемлекет мүлкін онсызда талан-таражыға салып қыл-қыбырына дейін бөлісіп алдық қой. Ақын «шын бақыт деген дүние емес, ол еркіндік» дейді. Өлеңнің сөз өріміне қарасақ қарапайым, ал сүйегіне (ойына) зер салар болсақ, атан түйенің белін үзердей салмақты.

Мен қайырылдым, сен дағы бұрылшы, інім,

Қалай не деп ұғамыз мұның сырын.

Аяғыма қараймын – шідерім жоқ

Неге қақсай береді жіліншігім?

«Қарғып шідер үздірген ұлы көрініс» ақынның Қағбадай шындығы. «Мен қайырылдым...» деп тәу етіп отырғаны да сол. Бұл жердегі «жылқы» еркіндік болса, «жіліншік» ұлттың құлдық дерті ғой.

Діңі мығым, ділі раушанға айналған жыр тек осылай болады. Ақын нөсер ойдың жаңбыр ұшығындай ғана исін сездіреді. Сөйтіп бар болмысыңмен емексітіп қояды. Мұндай туындының авторын мақтасаң да, я даттасаң да оның шығармашылығына келер титтей де зиян жоқ. Майдан торта айырғандай небары екі-ақ шумақ ойдан мұндай пәлсапа тұндыру тек данышпандардың ғана тәләйіне жазылған (Біздің Есенғалиды философ деп отырғанымыз да сол).

Бұл ақынның «Біздің егемендік хақында екі ауыз сөз» дейтін өлеңі. Құдай біледі дейікші, осыны біз жазғанда бұтып-шатып, я байбаламға басып, «құрыдық, ойбай біттік» деп ай даланы астаң-кестең шығарған болар едік. Шіркін, шеберлік дерсің іштей жүрегің еріп...

Жұрт жылқы жайында жазған деп ойлайтын автордың тағы бір туындысы «Түс» өлеңі. Неге екенін қайдам, маған осы бір өлеңмен жоғарыдағы қос шумақтың арасында бейне бір байланыс бардай сезіледі. Теңіздің дәмі тамшысынан. Тоғыз шумақтан тұратын бұл өлеңнің әр жолына түсіндірме берсек, тым алысқа бағдар тартып кетерміз. Сондықтан да шығарманың ақырласар сәтіндегі қос шумағына ғана тоқталуды құп көріп отырмыз.

...Тайғақ кешіп, тау кездім,

Тас та бардым,

Не де болса, бір жолды

бастап алдым.

Бірдеңе айтқан боламын,

бірақ дауысым,

Дауысы боп шығады

басқа адамның.

«Тар жол тайғақ кешу» қазақтың жүріп өткен соқпағы мен басынан кешірген тағдыры ғой. Небір қан қасап ғасырлар халқымыздың обалынан ойыншық, сорынан сорпа жасады. Кілең қаракөк пен бекзадаларды пышаққа жыққан осы бір оқиғалар тек майдаларды ғана сұрыптап аман-сау қалдырып отырды. Содан шығар «айтқанға көнгіш, айдағанға жүргіш» стандартты сана өкілдері көптеп пайда болды. Мұндай «әлеуметтің» қоршаған орта мен саяси жүйеге сын пікірмен қарап өзгеше ой қорытуы дегеніңіз өліммен пар үрей болатын. Ақынның «Бірдеңе айтқан боламын, бірақ дауысым, дауысы боп шығады басқа адамның» деп отырғаны да осы.

Қара қошқыл қабарған далам өңі,

Қайда кеткен бұл маңның тамам елі?

...Бұл неғылған ұзақ түс,

Бітпей қойды-ау,

Түу, тезірек оянсам жарар еді!

«Қара қошқыл қабарған...» өң ұлт рухының қазіргі халі. Адамның өңінде көрген дүниесі, түсінде де қайыра көтеріледі ғой. Бір қызығы «рухани» ұйқыдағы ұлт ояу жүріп те түс көре береді.

Міне, ақынның айтқысы келгені де осы.

Рас, ащы ішектей шұбатылған бұл сүреңсіз түстен бәріміз де шаршадық.

Айтпақшы, аталған «түстің» мағынасын кімге, қалай деп жорытсақ екен? Ол үшін ең әуелі кеңес кереуетінің құлдық наркозынан оянып алу керек тәрізді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар