Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Ыстанбұлдағы «Абайды тану...»...

23.06.2025 1071

Ыстанбұлдағы «Абайды тану...» 14+

Ыстанбұлдағы «Абайды тану...» - adebiportal.kz

Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығы ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180-жылдық мерейтойы қарсаңында кешенді жұмыстар атқаруда. Атап айтқанда, 1 маусымда Ыстанбұл қаласында ауқымды мәдени, мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. 

Мерекелік бағдарлама аясында Абай шығармашылығына арналған арт-көрме, мәнерлеп оқу челленджі және эссе байқаулары өткізілді. Шараға Ыстанбұлда білім алып жатқан Қазақстандық жастармен қатар, түрлі ұлт өкілдері де белсенді қатысып, ұлы ойшылдың шығармаларын заманауи көзқараспен зерделеп, өз туындыларын ұсынды. Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылғандар мен белсенді қатысушыларға алғыс хаттар табысталды.

Кештің сахналық бағдарламасы екі бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде Абайдың балалық шағы, ауыл өмірі, ертегі арқылы берілген рухани тәлім, жас Абайдың ішкі ізденістері мен шығармашылыққа бет бұрысы сахналық көріністер арқылы бейнеленді.  Ал екінші бөлімде Абайдың танымал өлеңдері мен әндері музыка, би және поэзияның үйлесімімен көркем сахнада ұсынылды. Іс-шараға Ыстанбұл қаласының билік өкілдері, Қазақстанның Түркиядағы Елшісі, Түркияның беделді жоғары оқу орындарының басшылары, қазақ диаспорасының мүшелері, жергілікті БАҚ өкілдері, сондай-ақ түрік университеттерінде білім алып жатқан Қазақстандық студенттер қатысты.

Аталған мәдени бастама Абай мұрасын халықаралық деңгейде кеңінен насихаттап, Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге бағытталды.

Сонымен қатар Сұлтан Гази ауданында орналасқан Абай Құнанбайұлы атындағы лицейде Ұлы ақынды Түркияда кеңінен таныту мен дәріптеу мақсатында жыл сайын өтетін «Абайды тану» атты шығармашылық конкурс екінші мәрте ұйымдастырылды. Аталған жоба – Бас консулдықтың жүйелі жобаларының бірі екенін атап өткен жөн.

Шығарма жазу байқауына 400-ден астам аталған оқу ордасында білім алатын түрік оқушылары қатысып, мектеп мұғалімдері, ата-аналар және белсенді қандастардан құралған арнайы комиссия ең үздік 16 шығарманы таңдады.

Конкурс нәтижесі бойынша аталған ең үздік 16 оқушының және 4 мұғалімнің Шымкент және Түркістан қалаларына 25-29 маусым аралығында таныстыру сапарын ұйымдастыру жоспарлануда.

Шымкент және Түркістан қалаларына сапар барысындағы барлық ұйымдастырушылық мәселелерді Түркияның Шымкент қаласындағы құрметті консулы Латифша Асанов пысықтауға дайын екендігін жеткізді.

Жобаның мақсаты – екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, ақын Абай Құнанбайұлын кеңінен таныту, сондай-ақ түрік оқушыларының Абай шығармалары арқылы Қазақстанға деген сүйіспеншілігін ояту.

Қазақстан Республикасының Бас консулдығы мен Абай Құнанбай атындағы Анадолы лицейі бірлесіп ұйымдастырған «Абайды тану» байқауының қорытынды бағалау кезеңі 2025 жылғы 5 мамырда өтті. Қазылар алқасының бағалауы нәтижесінде байқауда үздік атанған 16 негізгі және 4 қосалқы оқушы анықталды. Байқаудың қорытындысы ресми хаттамаға тіркеліп, комиссия мүшелерінің қол қоюымен бекітілген. Байқау нәтижелерін сараптаған комиссияға танымал ғалымдар мен білім саласының өкілдері Д-р Решиде ЮкселПроф. Д-р Абдулвахап КараЕржан УайсАйше Гючйетер және Өктем Кескин қатысқан. 

Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған шығармалардың бірі – Абай Құнанбай атындағы Анадолы лицейінің 10 сынып оқушысы Ирем Полаттың «Өмірдің негізгі мақсаты не?» атты эссесі. Жасөспірім қаламгер өз эссесінде  Абаймен үндес ойларын бөлісіп, «Болашақта қандай мамандық иесі болатынымыз маңызды емесбастысы – өмірдің мәнін табу», - деген тұжырымын білдіреді:

«Адамды басқа жан-жануарлардан ерекшелейтін ең басты қасиет — ойлай алатын тіршілік иесі болуы. Сондықтан әр адам өмірінің белгілі бір кезеңдерінде өмірге мағына беруге, өмір мақсатын іздеуге ұмтылады. Ендеше, өмірдің мәні не, біз не үшін өмір сүреміз?

Әр адам өз өміріне әртүрлі мағына береді, бірақ бәрінің соңы — өмірдің аяқталуы. Назым Хикмет айтқандай: «Сен бұл дүниеге қайта келмейсің, сондықтан құштарлықпен өмір сүр!» Шын мәнінде, өмір — бұл біздің шындығымыз, біз оны түсінгенімізше ғана ұғына аламыз, ал ол өте тез өтеді. Сондықтан біз бұл өмірді көркем әрі мәнді сүруіміз керек. Болашақта қандай мамандық иесі болатынымыз маңызды емесбастысы – өмірдің мәнін табу.

Бұл өмірдің мәні — махаббат болуы мүмкін. Махаббат — ең шынайы, ең таза сезім. Бірақ кімді және қалай сүю керек екенін білу маңызды. Ең алдымен өзімізді сүюіміз керек. Өзін сүймеген адам басқаларды шын жүректен сүйе алмайды. Абай Құнанбайұлы махаббат барлық нәрсенің түп негізі екенін айтқан. Бұл ой — оның бізге қалдырған мұрасы.

Өміріміз мәнді болуы үшін біз сүюіміз, адал болуымыз және білім алуымыз қажет. Абай жек көрген қасиеттердің бірі — жалқаулық пен өшпенділік. Адамның өзіне істейтін ең жаман нәрсесі — білім мен ақылды сүймеу. Біз білім арқылы жаңа дүниелерді танимыз, ой өрбітеміз және өзімізді жан-жақты дамытамыз. Бірақ ұмытпауымыз керек: біліммен қатар тәрбие болмаса, оқу да мағынасыз болады. Сондықтан біліммен қатар тәрбие мен махаббат та маңызды. Бірақ ең бастысы — бәрін сүйіспеншілікпен жасау.

Қорытындылай келе, өміріміздің негізгі мақсаты — сүйіспеншілік, білім мен тәрбие. Жасап жатқан әр ісімізді сүйіп істеуіміз қажет. Өмір бойы өзімізді жан-жақты дамытуымыз керек. Және ұмытпайық: бұл дүниеде адам — адам атын сақтай білсе ғана «бар» болады...».

Хүсна Үнү атты оқушының «Абайша ойлансақ» атты мына шығармасы байқаудың үздік жұмыстарының қатарына еніп, Абайдың даналық ойлары мен адамзатқа қалдырған өсиеттерінің құндылығын айқын көрсетті

«Абайша ойланғанда, Абайды түсіну жеңілдей түсетін сияқты. Абай «Ей, жүрегімнің қуаты, ұлдарым!» деген сөзінде-ақ өз махаббатын көрсетеді. Абайдың поэзиясына және сөздеріне құлақ асқанда, адам болуды тікелей түсіндіретінін көреміз. Абайдың идеялық ойлау жүйесінде жалғандық жоқ; тек шынайылық, әділдік және терең көзқарас бар.

Абайдың ойлары мен идеялары оның сөздерінде де айқын байқалады. Махаббат, құрмет, білім мен ғылым Абайдың танымында бірінші орында тұрады. Абай әрқашан қоғамға білім мен ғылым жолында болу керектігін айтқан. Ол мұны тек сөздерімен емес, поэзиясымен де жеткізген. Абай қоғамға ғана емес, барша адамзатқа мұра қалдырды.

Мысалы, «Ғылымды оқып, жүрекке толтыр, махаббатқа бөлен» деген сөзінде біз бір істі сүйіп, махаббатпен істесек, жетістікке жететінімізді айтады. Абай, шын мәнінде, махаббат арқылы көп нәрсе істеуді көздеген. Ол махаббаттың маңыздылығын көрсетіп, бұл туралы: «Сүйіспеншілік — адамның ең ұлы қасиеті» деген. Абайдың айтуынша, махаббат — бүкіл қоғамның негізі.

Мысалы, бір нәрсені сүю — өмірдің мәнін арттырады. Дінді сүю, достықты сүю, білімді сүю — бәрі де қоғамның негізі. Сүю — бұл тек эмоция емес, ол — этика. Сүю — оқу, білім, ғылым. Абайдың айтуынша, барлық маңызды нәрселердің негізі — махаббат. Бір нәрсені сүю — оны тыңдау, түсіну, үйрену, білу, ғылымды қалау.

Абайдың бізге қалдырған мұрасы — бізге жеткен өсиет. Абайды түсініп, оны болашаққа жеткізу — біздің міндетіміз.

Бір сөзбен айтқанда, егер біз Абайдың өсиеттеріне құлақ ассақ, оның ғылымға, білімге, әділетке, адамгершілікке, махаббатқа толы сөздеріне мән берсек, біз Абайды әрдайым есте ұстап, оны сүйіспеншілігіміз арқылы ұлылыққа жеткізе аламыз».

«Абайды тану» байқауында Бусе Яшардың «Абайдың ой әлемі» атты шығармасы жоғары бағаланды. Бұл эссе ұлы ақынның философиялық және ағартушылық мұраларын терең түсінудің ерекше үлгісі болды:

«1845 жылы дүниеге келген Абай Құнанбайұлы — тек ақын ғана емес, сонымен бірге ағартушы, философ және композитор. Ол қазақ халқына көрсеткен ағартушылық қызметімен және ұлттық мәдениетке қосқан үлесімен әдебиетке, тарихқа және болашақ ұрпаққа айрықша әсер еткен.

Абай Құнанбайұлы өз шығармаларында ар мен ақылдың иесі болуды, жамандықтан, жалқаулықтан және бұзақылықтан алшақ жүруді, ұлттық құндылықтарды құрметтеуді үйреткен. Ол адалдық пен ұятты адамдық қасиеті ретінде жоғары бағалап, қоғамға лайықты моральдық құндылықтарды насихаттаған.

Абайдың ағартушылық қызметі оның оқып, аударған еңбектерінен де көрініс табады. Ол орыстың озық ойлы идеяларын қабылдай отырып, өз дүниетанымын кеңейтіп, қазақ халқы үшін жаңа білім мен мәдениет көздерін ашқан. Жақсылық пен жамандықтың Алладан келмейтінін, керісінше, таңдау адамның өз еркінде екенін түсіндірген.

Абай тағдыр ұғымын да тереңірек түсіндіріп, әр істі Аллаға сеніп тапсырумен қатар, өз өмірімізді саналы әрі мәнді ету керектігін атап өткен. Ол өмірдің мәні мен сұлулығын еңбекқорлық пен ізгілік арқылы арттыруды үндеген».

Ертуғру Беранның «Дала ақыны – Абай» атты эссесі – үздік шығармалардың бірі ретінде танылды

«Адамзаттың ортақ мұрасы болып табылатын ойшылдар өздері өмір сүрген кезеңнен асып, ғасырларға жарық түсіре алады. Қазақстанның жетекші ойшылдарының бірі Абай Құнанбайұлы — осындай тұлғалардың бірі. Абай: «Мен адамдардың әдеттері туралы бірнеше сөз жазып, оларды мұра етіп қалдырамын. Егер сіз мұқият оқып, түсінсеңіз, махаббат сізді толтырады. Біріншіден, махаббат — бұл адамзат, ақыл, ғылым деп аталатын нәрсе», — деп өзінің ойын қоғамға қысқа да нұсқа түрде жеткізуге тырысты. Алайда Абайдың сөздерінің нағыз мәнін түсіну үшін оның өмір сүрген ортасын және сол кезеңдегі тарихты білуіміз қажет.

Абай қиын-қыстау кезеңде дүниеге келіп, сол уақытта өмір сүрді. Қазақстанның саяси және мәдени өмірін отарлық биліктің қысымы қыспаққа алған кезде қоғам жемқорлыққа ұшырап, өз қазығын жоғалта бастады. Осындай қиын жағдайға қарамастан, Абайдың ой әлемі қалыптасып, қазақ қоғамының жаңғыруына септігін тигізді. Оның қажырлы еңбегі, отбасы мен ұрпақтарының қолдауы Абайдың көзқарастары мен идеяларын сақтауға және дамытуға мүмкіндік берді.

Абай бала кезінен бастап өзінің білгенін жерлестерімен бөлісіп, қоғамды дұрыс жолға бағыттайтын тұлғаға айналды. Абай отбасынан мұра болған басқарушылық қабілеті арқылы адамдарды тани білді, қоғамның жақсы және жаман жақтарын зерттеді. Оның «махаббат» ұғымын метафора ретінде қолдануы ғылым мен ақылға негізделген. Абайдың айтуынша, махаббат — дінге, адамгершілікке, білімге, достыққа және ғылымға негізделген қасиет.

Абай өмір бойы мақалалар мен өлеңдер жазумен айналысып, өзін жетілдіруді ешқашан тоқтатпаған жазушы болды. Ол шығармалары арқылы қоғамға жол көрсетуді мақсат етіп, кедергілерге қарамастан, берілмеді. Абайдың ойынша, өмірдің басты мақсаты — ғылым мен білімге әуес болу. Өмірдің мәні туралы еңбектерінде де ғылымды алдыңғы орынға қойған ол халқына жалқаулықтың зиянын түсіндіретін мақалалар жазып, оларды жігерлендіруге тырысты.

Абайдың пікірінше, ғылым аса маңызды, бірақ дұрыс пайдаланылмаса, ол да қауіпті болуы мүмкін. Сол сияқты діни сенімдер де шындықтан алыс болса, қоғамға зиян тигізуі ықтимал. Абай ғылымды, білімді үйренуді насихаттай отырып, діннің жүректен шығуы керек екенін айтты. Ол діни сенімнен бұрын қоғамның ұрлықты, бір-біріне дұшпандықты және еңбекке деген немқұрайлылықты тоқтату қажеттігін ерекше атап өтті».

«Абайды тану» байқауында Дерья Чифтчиоғлуның «Махаббат болмаса, не болады?» атты эссесі үздік шығармалардың бірі ретінде танылды. Бұл эссе ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасына негізделе отырып, махаббаттың қоғам мен адам өміріндегі орнын талдайды

«Әрбір әке өз баласына мұра қалдырады, ал Абайдың әлем халқына және өз ұрпағына қалдырған ең үлкен мұрасы – оның шығармалары. Бұл мұраның әр адам үшін маңызы зор, оны бағалап, құрметтеу қажет. Абай әлемнің жақсырақ болуын, халықтың саналы және адамгершілігі жоғары болуын армандаған. Бұл ізгі ниетін ол өз шығармаларында айқын көрсеткен.

Абайдың сөздеріне сүйенсек, махаббат – адам өміріндегі негізгі қажеттіліктің бірі. Дін мен адамгершілік тұрғысынан алғанда, жүрегінде махаббат жоқ адам мейірім, шапағат пен жанашырлық сияқты қасиеттерден алшақ қалады. Махаббат жоқ жерде адамгершілік те, ақыл да, ғылым мен сенім де жетіспейді. Бұл қасиеттердің барлығы бір-бірімен тығыз байланысты: ақылсыз махаббат болмайды, ал сенім мен адамгершілік ең алдымен ақылға, содан кейін махаббатқа негізделеді. Ғылым да махаббаттан туындайды.

Білім де адам өмірінде айрықша орын алады. Алайда білім дегеніміз тек мектептегі сабақпен шектелмейді. Үйде – ата-ана, саябақта – дос, көшеде – бейтаныс адам бізге білімнің әртүрлі қырларын үйрете алады.

Махаббат – тәрбиенің іргетасы, ол адам болуды үйретеді. Махаббатсыз қоғам болмайды; онсыз тек азғындаған, ақылын пайдалануға құлшынысы жоқ қоғам ғана пайда болады.

Абай өз шығармаларында осындай азған қоғам мен ондағы адамдардың бейнесін сипаттайды. Мұндай адамдардан аулақ болу керектігін меңзейді».

9 «С» сыныбының оқушысы Доға Рухен Мете, өзінің эссесінде Абайды «адамзаттың ұстазы» ретінде сипаттап, оның шығармашылығын терең түсіне алғанын көрсетеді. Оқушының пайымдауынша, Абайдың ойлары мен шығармалары қазіргі заманның маңызды құндылықтарын терең түсінуге мүмкіндік береді

«Абай Құнанбайұлы 1845 жылдың 10 тамызында Шығыс Қазақстан облысының Семей өңіріндегі Шыңғыстау баурайында орналасқан Қасқабұлақ ауылында дүниеге келген. Ақын Абай балалық шағынан бастап, бүкіл өмір бойы өнерге, әдебиетке, білім мен ғылымға терең қызығушылық танытып, әрдайым үйренуге ұмтылған тұлға. Ол үйренгендерін тек өзі үшін сақтамай, білімге құштар, жанында жарық сәулесі бар адамдармен бөлісіп, ақын, философ, ойшыл және жазушы ретінде танылды.

Абай тек өз халқы үшін ғана емес, бүкіл адамзатқа пайдалы болатын шығармалар жазған. Ол адамның надандықта өмір сүргеннен гөрі, білім алып, ғылым үйреніп, өзіне де, қоғамға да пайда тигізгенін дұрыс деп санады. Оның пікірінше, адам ойлануды, түсінуді және үйренуді меңгеруі қажет. Абай адамдарға көп кеңес беріп, баға жетпес құнды мұра қалдырды. Бұл өсиет пен терең ойларын бізге «Қара сөздер» атты кітабында жеткізді.

Шындығында бұл Абайдың бізді, яғни адамзатты, қоғамды қаншалықты қадірлеп, бағалағанының айқын дәлелі».

9 «Б» сыныбының оқушысы Джейлан Кала өзінің «Дұрыс жол және өмірдің мәні» атты эссесінде адамгершілік пен рухани дамудың негіздерін түсіндіріп, Абай Құнанбайұлының идеяларын өмірдің негізгі бағыттары ретінде ұсынады. Оның пікірінше, дұрыс жолда жүру дегеніміз – жүрек, ақыл, білім, және махаббат арқылы адамгершілікке жету процесі

«Дұрыс бағытта болу – адамның өзін-өзі және білімін жетілдіру арқылы кемелдену жолына түсуі. Бұл – нағыз адамгершілікке қол жеткізудің маңызды процесі. Адам өмірін жүрегімен, ақылымен және біліммен толықтырып, дұрыс жолға бағыттағанда ғана шынайы өмір мәнін түсіне алады. Бұл тұрғыда адам өз-өзін жетілдіруді жалғастыра отырып, рухани және моральдық құндылықтарын арттырып, өзгелерге үлгі болуға тиіс. Абай Құнанбайұлы – осындай кемел тұлғаның айқын үлгісі.

Абай Құнанбайұлы адамзатқа деген сүйіспеншілігімен, адамгершілік қасиеттерімен, парасатымен, білімі мен тәрбиесімен танылды. Ол осы құндылықтарды келер ұрпаққа мұра етіп қалдырды. Оның «Қара сөздері» адамзатқа ақыл мен білімнің, адалдық пен махаббаттың маңыздылығын ұғындыратын баға жетпес еңбектер. Абай адамзаттың тек материалдық емес, рухани тұрғыда да өсуін көздеді. Бұл тұрғыда махаббат пен сүйіспеншілік, білім мен ақыл – негізгі орын алады.

Өмірдің мәні – адам болу және дұрыс жолмен жүру. Мысалы, өз еліңді, отбасыңды шын жүректен сүйіп, жақсылық жасау – өмірдің шынайы мағынасы. Шынайы сүйіспеншілік арқылы ғана адам ақиқат пен игілікке жете алады. Абай «Қара сөздерінде» надандықтың зияны мен білім мен тәрбиенің маңыздылығын үнемі атап өткен. Егер адам өзінің білімін қоғамға игі мақсатта қолданбаса, ол өз білімін де, болмысын да ысырап етеді. Бұл Абай үшін аса маңызды мәселелердің бірі болды.

Жүректе махаббат болса, әділдік пен ақыл да бірге болады. Міне, адам бойындағы ең құнды қасиеттер осылайша қалыптасады. Абайдың айтуынша, жақсы адам болу үшін адам өз өмірін осы бағытта дамытуы тиіс. Бұл – жеке тұлғаның өзі үшін ғана емес, қоғам үшін де үлгі боларлық жол. Қазақ әдебиеті мен түрік әдебиетінің ұлы тұлғалары да осы идеяны дәріптеген. Олар адамның рухани дамуын басты мақсат деп санаған.

Надандық тек біліммен жойылады. Адам өзін жетілдіру арқылы ғана қоғамға пайдалы бола алады. Абайдың пікірінше, өзін-өзі дамыту – нағыз адам болудың басты шарты. Әр адам өз білімін игілікке пайдаланып, кездескен қиындықтарға қарамастан, өз адамгершілігін сақтай білуі қажет. Егер адам осы қасиеттерді бойында ұстанса, ол шынайы адам болғаны.

Қорыта айтқанда, махаббат пен адамгершілік болмаса, ішкі рух та, қоғам да құлдырайды. Ал махаббат пен адамгершілікке негізделген өмір – адамзатты жарқын болашаққа бастайды. Адам өзін-өзі және өз болмысын танып, тек сонда ғана шындыққа қол жеткізе алады. Егер біз осыны жүзеге асыра алсақ, дұрыс жолмен жүріп, өмірдің шынайы мәнін табамыз».

10 сынып оқушысы Нешенур Джейхан «Абай және оның көзқарастары» атты эссесінде Абайдың көзқарастарын терең талдап, оның қазақ халқының рухани дамуына қосқан үлесін жан-жақты көрсетеді:

«Ақын Абай Құнанбайұлы 1845 жылдың 10 тамызында дүниеге келген. Ол қазақ әдебиетінің алдыңғы қатарлы тұлғаларының бірі ғана емес, сонымен қатар әділ билігімен танылған мемлекет қайраткері ретінде де белгілі.

Абай өз шығармаларында, әсіресе «Қара сөздерінде», қазақ халқының надандығын сынға алады. Бұл шығармасы – оның аса маңызды мұрасы болып табылады және оны жазуға халқының қараңғылығы, білімсіздігі, ғылым мен білімге деген қызығушылықтың жоқтығы себеп болған.

Осы себептен Абай өз халқын білім алуға, ғылымды игеруге шақырды. Ол тәрбие мен білімнің маңыздылығын ерекше атап өтіп, балалардың оқуын жақтады. Сол кезеңдегі орыс үстемдігі мен оларға деген теріс көзқарастарға қарамастан, орыс тілін үйренудің қажеттігін баса айтты.

Абай өмірде қуаныш пен қайғыны тең ұстау керек деп санады. Оның пікірінше, шамадан тыс қуаныш масайратады, бұл кейін өкінішке әкелуі мүмкін. Сол сияқты қайғыны да терең сезініп, оған берілудің қажеті жоқ екенін ескерткен.

Адамдардың бос істермен айналысудан гөрі, ғылым мен өнерге көңіл бөлуі қажеттігін алға тартқан. Абайдың пікірінше, адам өзін тек ғылым мен өнер арқылы жетілдіре алады».

9-сынып оқушысы Султан Ипек Дежберде «Даналықпен қалыптасқан ақыл: Абай Құнанбайұлы» атты эссесінде Абай Құнанбайұлының даналығы мен халық үшін жасаған еңбектерін терең талдаған. Бұл эсседе Абайдың білімге, ғылымға, адамгершілікке деген көзқарасы мен оның халқын жетілдіруге ұмтылысы кеңінен сипатталады. 

«Даналықтың жарқын үлгісі болған Абай Құнанбайұлы – ақын ғана емес, ойшыл, ұстаз және халқына дұрыс жол көрсеткен жетекші. Оның пікірінше, адам болу – тек дүниеге келу емес, өзін жетілдіру мен дамыту арқылы жүзеге асатын қасиет. Абай адамдарға ақыл мен жүректі қатар қолдану керек екенін үнемі насихаттап, еңбекқор, ойшыл және мейірімді болуды үндеді. Ол өзі де өмір бойы тынымсыз еңбектеніп, жалқаулықты адам бойындағы бес дұшпанның бірі деп санады.

Абай өткенге байланып қалмай, әрқашан болашаққа көз тігіп, халқының өркендеуі үшін еңбек етті. Соңғы деміне дейін білім мен ғылымды таратып, ұрпақтарға білім беру жолында күрес жүргізді.

Ол «халықтардың жаман қасиеттері бар» деген пікірге қарсы шығып, әр ұлттың жақсы жақтарын да елемеуге болмайтынын айтты. Мысалы, қазақ халқын орыс отаршылығы қысымға алса да, Абай орыстардың өнері мен ғылымын жоғары бағалап, олардың білімге деген ұмтылысы мен мәдениетін үлгі етті. Осы себептен ол қазақ отбасыларына балаларын орысша оқытуға кеңес берген.

Абай өз халқын тек мақтап қана қоймай, олардың қателіктері мен кемшіліктерін ашық түрде көрсете білді. Оның жазбаларында халқының өткенмен мақтанып, күн ұзақ аттың соңынан жүгіретіні немесе кейбір мақал-мәтелдерінің мағынасыз екенін сынға алған тұстары бар. Ол халқының әділетсіздігі, парақорлығы және адалдықты аяқасты етуі дін мен адамгершілікке мүлдем сәйкес келмейтінін қатты сынға алған.

Абайдың сыни көзқарастары оның кейбір замандастарының теріс реакциясына ұшырағанымен, ол үмітін үзбеді. «Менен кейінгілер менің сөздерімнің ұнаған бөліктерін алады» деп үміт артқан. Ол әрдайым дамуға ұмтылып, әртүрлі пікірлерді құрметтеген, басқа елден келген адамдармен сөйлесіп, олардың ойларын сүзгіден өткізіп, өз көзқарасын қалыптастырған.

Абай жастайынан еңбекке араласқан және өмір бойы халқына, оның болашағына адал қызмет еткен. Оның қажырлы еңбегі мен терең даналығы – қазақ әдебиеті мен мәдениетінің сарқылмас мұрасы болып табылады».

9-сынып оқушысы Өйкү Пелит «Ерліктің ақыны» атты эссесінде «Абай – ерлік пен даналықтың айқын көрінісі» деген байламға келеді:

«Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының мәдениеті мен руханиятында өшпес із қалдырған тұлға. Ол тек ақын ғана емес, ойшыл, ұстаз және реформатор ретінде халқына жол көрсетіп, даналықтың, білімнің, және адамгершіліктің мәңгілік үлгісін қалдырды.

Абайдың «Қара сөздері» – адамзатқа арналған үндеу. Онда ақын халқының кемшіліктерін ашық айтып, оларды еңсерудің жолдарын ұсынған. Бұл еңбектерінде ол тек қазақ қоғамының емес, жалпы адамзаттың мәселелеріне назар аударған. Абай үшін ең басты құндылықтар – ойлану, өзін дамыту, әділдік және рухани байлық.

Дін мен адамгершілік тақырыбында Абай адамды ойсыз сенімнің құрбаны болмауға шақырған. Ол дінді шынайы түсініп, санамен қабылдауға үндеген. Адам бойындағы ең асыл қасиет – адалдық пен мейірімділік, ал бұларсыз қоғамның дамуы мүмкін емес екенін айтып, өз халқына үлгі болуға тырысты. Абайдың пікірінше, әділдік – адамгершілік пен ақылдың түйіні, ал парақорлық, әділетсіздік, және надандық – ұлттың басты жаулары.

Абай үшін білім – өмірдің мәні мен мағынасы. Ол «Білімсіз қоғам – надан қоғам» деген қағиданы ұстанды. Оның бұл көзқарасы қазақ халқын өркениетке жетелейтін жолды көрсетті. Медреселердегі дәстүрлі біліммен қатар орысша білім алуға шақыруы сол заман үшін батыл қадам болды. Абай білім мен ғылымды үйрену арқылы адамның өзін жетілдіріп, қоғамға пайдасын тигізе алатынын терең түсінді.

Абайдың шығармашылығы тек ойды өрбітіп қана қоймай, адамды жақсы жаққа өзгертуді көздейді. Ол әрдайым еңбекқорлық пен ізгілікке шақырды. Оның өмірлік ұстанымы – адалдықты сақтап, білім мен ғылым арқылы даму. Абай өз халқын сынап қана қоймай, оны жоғары деңгейге көтеруге бар күшін салды.

Оның өмірге, адамгершілікке, білімге деген көзқарасы бізге өзімізді жетілдірудің, адал әрі әділетті болудың маңызын көрсетеді. Абай – ерлік пен даналықтың айқын көрінісі. Бүгінгі күні біз оның ойларын тек түсініп қоймай, өмірімізде жүзеге асыруымыз қажет.

Абайдың сөзімен айтқанда, «Ақыл, жүрек, қайраттың бірлігі – нағыз адамды қалыптастырады». Ол бізге үлгі болып, өмірдің мағынасын іздеудің дұрыс жолын нұсқайды. Абай Құнанбайұлының мұрасы – мәңгілік ерліктің шуағы».

Диджле Йылдыз «Абай Құнанбайұлының сөздеріндегі түпкі мағына» атты өз шығармасында Абай Құнанбайұлының ой-пікірлеріне және сөздеріндегі терең мағыналарға тоқталған

«Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының рухани көшбасшысы, ойшыл, ақын және қоғамның адамгершілік құндылықтарын насихаттаушысы. Оның әрбір сөзі терең мағынаны қамтиды және адам болмысының мәнін ашады. Абайдың шығармаларында білім, ақыл, сүйіспеншілік, және адамгершілік қасиеттері басты орын алады.

Абайдың пікірінше, адам өмірінің негізгі мақсаты – өзін-өзі дамыту, білімге ұмтылу және қоғамға пайдалы болу. Ол адамның білімсіз және санасыз болуын надандықтың белгісі деп түсіндірген. Ақыл мен ғылым адамды өсіріп, оның ішкі әлемін байытады, ал сүйіспеншілік – осы қасиеттерді толықтыратын басты құндылық.

Абай өз шығармаларында адамның ойлау қабілеті мен талпынысының маңыздылығын ерекше атап өтті. Ол білім алудың, оқыған нәрсені ой елегінен өткізудің және пайдалы әрекеттерге ұмтылудың қажеттілігін баса айтты. Оның айтуынша, білімді адам ғана өмірдің мәнін түсініп, өзін және қоғамды жетілдіре алады.

Сонымен қатар Абай адамгершілікке, адалдыққа және жүрек тазалығына үлкен мән берген. Ол адамдарды өсек-аяңнан, жамандықтан аулақ болып, тек жақсы істерге ұмтылуға шақырды. Оның ойынша, қоғамның дамуы әрбір адамның өзіне адал болуы мен рухани байлығы арқылы жүзеге асады.

Абайдың арманы – қазақ халқының ең жақсы қырларымен танылуы. Ол өз халқын басқа ұлттарға мақтанарлық деңгейге жеткізуді, олардың білімді, мәдениетті және ізгілікті болуын қалады. Бұл арманын жүзеге асыру үшін ол өз шығармашылығы арқылы үлгі көрсетті.

Қорытындылай келе, Абайдың сөздеріндегі түпкі мағынасы – өзін жетілдіру, қоғамға үлес қосу, адамгершілікті сақтау және сүйіспеншілікке негізделген өмір сүру. Абайдың мұрасы әрқашан адам болмысының терең мәнін түсініп, ізгілікті өмірге жол бастайды».

Доға Көше өз шығармасында Абай Құнанбайұлының әдеби және рухани мұрасы тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың да рухани және интеллектуалдық байлығы екенін айтады: 

«Тарихта ізін қалдырған ерекше тұлғалар бар, олардың даналығы, терең ойлары мен асқақ мұраттары ғасырлар бойы халықтың рухани байлығы ретінде сақталып келеді. Абай Құнанбайұлы – осындай ұлы тұлғалардың бірі. Оның шығармашылығы, әсіресе, «Қара сөздері» – қазақ халқын надандықтан арылтуға, саналы әрі ізгі қоғам құруға арналған мәңгілік мұра.

Абай «Қара сөздері» арқылы адамдарды ғылым мен білімнің жарығында шешім қабылдауға шақырды. Ол білімсіздікті сынға алып, оны ең үлкен қауіп деп санады. Абайдың ойынша, білім мен ғылымды елемеу – адамзаттың рухани күйреуіне апаратын жол. Осы көзқарасын жеткізу үшін Абай Батыс пен Шығыс әдебиетінің озық шығармаларын қазақ қоғамына таныстырды. Байрон, Пушкин, Гёте секілді әлем әдебиетінің алыптарының еңбектерін аударып, ұлттық әдебиет пен әлемдік мәдениеттің арасында алтын көпір салды.

Абайдың шығармаларында адамгершілік пен діннің маңызы ерекше орын алады. Ол адамдарды Ислам дінінің негіздеріне сәйкес өмір сүруге, жүрек тазалығын сақтап, адал болуға шақырды. Дегенмен, дінді соқыр сеніммен емес, ақылмен, оймен қабылдау қажеттігін баса айтты. Бұл оның заманынан озық ойшыл екенін айғақтайды.

Білімге ерекше мән беру – Абайдың ілімінің басты қағидасы. Ол адамдарды білім арқылы ғана дамып, қоғамға пайдасын тигізе алатын кемел тұлға ретінде көрді. Оның өмірден мысал келтірер болсақ, Абайдың жетім балаларды оқытып, тәрбиелегені оның білімге деген терең сенімін дәлелдейді. Ол әр адамның өзін дамытуға мүмкіндігі бар екенін көрсетіп, болашақ ұрпаққа үлгі болды.

Абайдың тағы бір асыл қасиеті – махаббат пен достыққа берген ерекше мәні. Ол адамдарды тек ақылмен ғана емес, жүрекпен және ар-ожданмен әрекет етуге шақырды. Абай үшін махаббат – тек романтикалық сезім емес, ол адамдарды біріктіретін, қиындықтарды жеңуге көмектесетін үлкен күш.

Абай Құнанбайұлының мұрасы – қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани байлығы. Оның даналығы бізді өзімізді тануға, жетілдіруге, айналамызға жақсылық жасауға шабыттандырады. Абайдың ілімі – мәңгілік бағыт-бағдар, жол көрсетуші шамшырақ».

Мелике Өзинал «Адамзаттың үні» атты шығармасында символикалық тұрғыдан Абай Құнанбайұлының арманы – адамзат арманы екенін білдіреді: 

«Абай Құнанбайұлы – адамзат тарихындағы даналықтың биік шыңына жеткен ұлы тұлға. Оның шығармашылығы, әсіресе, «Қара сөздері» – адамдардың өмірлік мәнін іздеп, өзін және айналасын жетілдіруге шабыттандыратын асыл мұра.

Абайдың негізгі идеясы – адам білімге құштар болуы, сұрақ қоюы және үздіксіз ізденуі тиіс. Оның ойынша, даналықтың негізі – сұрау, түсіну және үйрену қабілетінде. Бұл тек ақылды емес, жүректі де оятатын құндылық. Сондықтан Абай білім мен ғылымды адам өмірінің басты тіректерінің бірі деп санады.

Абайдың даналығы тек теорияда қалған жоқ. Ол өзі де білімге құштарлық танытып, көптеген кітаптарды оқып, бірнеше тілді меңгерді. Бұл оған түрлі мәдениеттер мен идеяларды түсініп, өз халқының болашағы үшін мол тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берді. Оның шығармаларында бұл даналық пен тереңдік айқын көрініс тапқан.

Білім мен ғылымның маңызын түсіндіруде Абайдың ойлары уақытынан озып тұрғанын аңғаруға болады. Ол кітап оқуды тек жеке даму үшін емес, қоғамды жетілдірудің де маңызды құралы ретінде қарастырды. Абайдың пікірінше, адам білімді бола отырып, адамгершілік, махаббат, достық және өнер сияқты өмірдің маңызды салаларын түсініп, оларды жоғары бағалауы керек.

Абайдың еңбектерінен бір терең сабақ алуға болады: өмірдің мәнін іздеу және түсіну білімнен, ал білім – жүрек пен ақылдың үйлесімінен басталады. Бұл үйлесім адамды өз өмірінің ғана емес, бүкіл адамзаттың құндылықтарын түсінуге жетелейді. Абайдың мұрасы осы жолда бізге мәңгілік бағдаршам.

Бүгінгі таңда да оның идеялары өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың адамзаттың үнін жеткізген ойлары бізге әлемді тану, өзін-өзі жетілдіру және баршаны ортақ құндылықтар негізінде біріктіру жолында бағыт-бағдар береді».

Байқау жеңімпазы Дефне Өзердің де өз шығармасындағы негізгі идеясы – Абай Құнанбайұлының білім мен ғылымның маңыздылығын ерекше атап өткенін жеткізу болды: 

«Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының рухани көшбасшысы, надандық пен қараңғылықтан арылудың бірден-бір жолы білім мен еңбек екенін айқындаған тұлға. Ол қоғамның ойсыз еліктеушіліктен, рухани және ғылыми тұрғыда тоқыраудан арылуын талап етті. Абайдың ойынша, надандықтан құтылу үшін адам тек дін мен руханиятқа емес, сонымен қатар математика, философия, жаратылыстану ғылымдары секілді әртүрлі салаларда білім алуы қажет. Бұл ғылымдардың терең игерілуі адамды және оның қоғамын алға жетелейтін бірден-бір жол.

Абайдың ғылым мен білімге деген ерекше құрметі оның бүкіл шығармашылығының алтын арқауы. Ол: «Ғылым – бұлтты түндегі күн тәрізді» деген сөзімен білімнің қараңғылықтағы жарық сәуле екенін бейнелеп жеткізген. Бұл даналықтан біз кез келген қиындықта, тіпті рухани тоқырауда болса да, білім адамды биікке жетелейтінін ұғамыз.

Абайдың пайымдауынша, өмірдің шынайы мәні – оқу, еңбек ету және қоғамға пайдалы болу. Адам тек жеке басының ғана емес, жалпы жұрттың мүддесі үшін де өмір сүруі тиіс. Оның ойынша, шындықты қорғап, білімге сүйенген адам өмірдің ең биік қадір-қасиетіне қол жеткізеді.

Сонымен қатар Абай адам тек ақылын ғана емес, жүрегін де тәрбиелеу қажеттігін айтқан. Ол үшін өмірді – үздіксіз ізденіс пен рухани жетілу жолы деп қарастырады. Оның: «Егер кітапты мұқият оқып, терең түсінсең – жүрегің махаббатқа толады» деген сөзі адамды мейірім мен жан сұлулығына жетелейді. Осы даналық ойлары арқылы Абай рухани кемелдік пен өмірдің шынайы қуанышын табуға шақырады.

Абай Құнанбайұлының ойлары – тек қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл адамзатқа жол көрсететін өшпес шамшырақ. Оның даналығы бізді өзімізді, қоғамды және өмірдің мәнін түсінуге, білім мен ізгілікке ұмтылуға шақырады».

Байқаудың келесі жеңімпазы Ерен Өзиналдың негізгі идеясы – Абай Құнанбайұлының ізгілікке, махаббатқа және білімге негізделген рухани көшбасшылығының мәнін түсіндіру. Ол «Абай және ізгілік» атты эссесінде Абайды өз халқының ғана емес, бүкіл Түркі дүниесінің рухани шамшырағы ретінде сипаттайды

«Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының рухани көшбасшысы, ақын, ойшыл және ағартушы. Ол халқына адамгершілік, білім және мәдениет бағытында терең ой салып, үнемі үміт сыйлай білді. Түрік әлемі үшін Мұстафа Кемал Ататүрік қандай маңызды болса, XIX ғасырда Абай да өз халқының әлеуметтік және мәдени мәселелерін жүрегіне жақын қабылдаған тұлға болды. Оның шығармаларында ізгілік пен махаббат, білім мен адамгершілік тақырыптары үйлесім тапқан. Бұл қасиеттер Абайды тек қазақ елі үшін емес, бүкіл түркі әлемі үшін үлгі етті.

Абайдың пайымдауынша, адам өміріне мән беретін ең басты қасиет – махаббат. Ол махаббатсыз өмірдің тыныштықсыз, рухани гүлденуден жұрдай болатынын айтқан. Абайдың жеке өміріне көз жүгіртсек, махаббат оның өмірінде әрдайым ерекше орын алғанын аңғарамыз. Бұл тек жеке сезім ғана емес, халқы мен отанына деген шексіз сүйіспеншіліктің көрінісі. Абайдың халқына деген махаббаты оны ел алдында биіктетіп, ізгіліктің шынайы үлгісіне айналдырды.

Абайдың ойынша, нағыз кемел адам – өз болмысын таныған және саналы түрде қоғамға қызмет еткен жан. Ол өзінің бүкіл өмірін халқына білім мен ғылымның маңыздылығын түсіндіруге арнады. Ғылымға деген сүйіспеншілігі мен ұмтылысы оның өмірлік ұстанымы мен дүниетанымынан айқын көрінеді.

Абай Құнанбайұлы тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі әлемінің шамшырағы болды. Оның өлеңдері мен даналық сөздері біздің жолымызды бүгінгі күні де нұрландырып келеді. Абайдың ізгілік пен даналыққа толы мұрасынан үлгі алып, әрқайсымыз оның ізгі істерін жалғастыруға тырысайық».

Қазылар алқасы тарапынан үздік деп танылған соңғы туынды Дуйгу Кахраманның «Қазақ халқының дана ақыны — Абай Құнанбайұлы» деп аталатын эссесі болды. Негізгі идеясы – Абай Құнанбайұлының халыққа білім беру мен адамгершілікті насихаттау арқылы нағыз тұлға болудың үлгісін көрсеткені жайлы: 

«Абай Құнанбайұлы – қазақ әдебиетінің ұлы ақыны ғана емес, сонымен бірге қазақ халқының рухани жетекшісі және терең ойшылы. Ол өз өмірін түгелдей халқына арнап, білім мен мәдениеттің шамшырағына айналды. Абай шығармалары қазақ қоғамындағы ең өзекті мәселелерді көтеріп, адамгершілік пен ізгіліктің маңыздылығын насихаттады.

Абайдың пікірінше, нағыз адамгершілікті тұлға болу тек білімге ғана емес, жоғары моральдық құндылықтарға ие болуға да байланысты. Ол: «Білімі бар, бірақ ар-ожданы жоқ адам – қоғам үшін қауіпті», – деп ескертеді. Бұл сөздер білімнің тек құрал екенін, ал оны дұрыс пайдалану үшін адамгершілік қажет екенін меңзейді.

Өмір сүрген дәуірінде Абай надандық пен кедейшілікке қарсы күрес жүргізді, өз халқының әділдікке қол жеткізуін армандады. «Кедей адам тек тән жағынан ғана емес, рухани жағынан да аш» деген Абай адамның материалдық мұқтаждығы ғана емес, рухани зәрулігін де көрсеткен. Ол адам өмірінің мәнін ізгілік, білім және әділеттіліктен іздеді.

Абай үшін адамгершіліктің негізі – махаббат. Махаббатсыз қоғамда достық, түсіністік, тіпті бейбітшілік те болмайды. Оның ойынша, махаббат – адамды жетілдіретін ең маңызды күш.

Абайдың ұстанымдары мен ой-толғамдары бүгінгі күннің өзінде өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ол бізге тек білім арқылы ғана емес, жүректегі махаббат пен адамгершілік арқылы да биіктерге жетуге болатынын үйретеді».

Жеңімпаз деп танылған жоғарыдағы 16 эсседен бөлек, Нарин Сөкменджи (10 «А» сыныбы), Берфин Дере (10 «А» сыныбы), Адасу Полат (10 «Д» сыныбы) және Азра Караджаның (9 «Е» сыныбы) эсселері үздік қосалқы 4 шығарма ретінде таңдалды. 

Конкурс нәтижесі бойынша аталған ең үздік 16 оқушы және 4 мұғалімнің Шымкент және Түркістан қалаларына 25-29 маусым аралығында сапарға шығып, тарихи ата-топырағына тағзым қылып қайтуы жоспарлануда.


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар