Замандаспен сырласқанда…

Қаламгер Сайын Мұратбеков бұл мақаласында өзінің замандастары, сыныптастары Белтай Құрманғалиев пен Жангелді Дәуешов туралы толғанады. Олардың адамдық болмысын, азаматтық тұлғасын, елге деген адалдығын мөлдір көңілмен суреттейді.

41

Замандаспен сырласқанда… - adebiportal.kz

Суреткердің «Қазақ әдебиеті» газетінің 1983 жылғы 25 қарашадағы санында жарық көрген бұл мақаласының өзі де – Сайын Мұратбеков шығармашылығына тән табиғи тазалық пен шынайылықтың айқын көрінісі. Автор кейіпкерлерін биіктетіп көрсету үшін әсіре бояуға жүгінбейді. Қарапайым өмірдің өзінен олардың азаматтық тұлғасын танытып, адамдық қасиетін дәл әрі әсерлі жеткізеді.

Сондықтан бұл жазбаны Белтай Құрманғалиев пен Жангелді Дәуешов туралы естелік қана емес, Сайын Мұратбековтің өз болмысын да аңғартатын мөп-мөлдір дүние деуге болады.

***

Мен Білетін Белтай Құрманғалиев көп сөйлемейтін, мінезі ауыр, тұйық жігіт болатын. Ал анау, міне, бүгін көз алдымда мүлдем басқа Белтай отыр: әңгімешіл, мінезі де ашылған ба дерсің, өткен-кеткенді де, алдағы атқарылар істерді де егжей-тегжейіне дейін жетік білетін шаруақор басшы. Бұрын көп үндемегеніне қарап біреудің қана астында, не қалай деп күтіп алып қалатын кезіміз де болушы еді, сөйтсек көп нәрсе ішінде бұғып жатады екен ғой. Енді міне, соның біразын алдыға жайып салған кезде еріксіз құлай тыңдап, тәнті боп отырған жайымыз бар. Туған ауыл туралы колхоз басшысының көкейіндегі көмбесін ашып, іштегі сырын сөйлеуі қалай сүйсіндірмесін. Осыдан жиырма бес-отыз жыл бұрын жасөспірім шағымызда: «Шіркін-ай, ауылымызда ананы жасасаң, мынаны істесең» деген арман-қиялымыздың бүгінде іс жүзіне аса бастағанын көруден асқан қуаныш бар ма?! Сол жастық шағымызда ауылдың ортасындағы биік дөңнің үстінде тұрып қиялдайтынбыз. Май топырағы тобықтан бұрқылдап, сәл жауын жауса батпағы сабынша езіліп жататын көшеге қарап Жангелді Дәуешов: 

— Қолдан келсе ең әуелі осы көшені асфальттау керек, — дейтін еді. 

— Тамаша болар еді-ау, — дейтін екінші балаң жігіт. 

— Сонан кейін көшені бойлай ағаш отырғызсаң — дейтінбіз үшінші біреуіміз. — Әттең, ағаш өсіретін су жоқ қой, ауыз судың өзін сонау сайдың түбіндегі кішкентай бұлақтан тасып ішеміз, — дейтін тағы бірі. 

— Жер асты суын пайдалану керек... 

— Бәріңдікі бос сөз, оның бәрі істелгенше қашан...

Сонан бері қаншама қыс өтті, қаншама жаз өтті. Әрқайсымыз өз жолымызбен кеттік. Біріміз — ойға, біріміз — қырға дегендей: біріміз оқуға, біріміз қызметке ауысып тағдырдың талайымен жан-жаққа қанат қаққан жайымыз бар. Тек онда-санда жолымыз түсіп ауылға келіп, бас қоса қалғанымызда сонау бір жастық шақтағы арман-қиял әңгімелерімізді күле тұрып еске алатынбыз. — Билік қолға тимей жүр ғой. Билік қолға тисе бәрін де істеуге болар еді, — деп қоятын Жангелді.

Осыдан біраз жыл бұрын Алматыда өткен үлкен бір жиынның кезінде Жангелді екеуіміз кездесе кеттік. Амандық-саулықтан кейін ол: 

— Ауылға бармай кеттің ғой! — деді. 

— Қол тимейді... Ал өзің барып тұрасың ба? 

— Барып тұрғаның не?! Осы жуырда ғана мен ауылға біржола келдім. 

— Председатель болып па? 

— Иә. 

Менің қуанышымда шек жоқ еді. 

— Баяғы айтқандарымызды іске асырасың ғой енді, — деймін бірден. 

— Әрине. Тек, ол барлығымыздың ортақ арманымыз еді ғой. Сондықтан сендер де келіңдер ауылға. Маған көмектесіңдер...

Осылайша екеуміз біржағы әзілдесе тұрып, біржағы жас шақтағы арманымыздың қайткенде де тезірек іске асатын жолдарын сөз етіп, қызық әңгімеге кірісіп кеттік. Арада өткен ондаған жылдар Жангелді көңілін еш тотықтырмағанына сүйсіндім. Соңғы жылдарда ауылдың тозыңқырап, шаруашылықтың төмендеп кеткеніне қынжыла тұрып: 

— Біздің соларды қалпына келтіріп алу үшін біраз тер төгуімізге тура келеді. Сонан күш алып алған соң баяғы айтқандарымызды іске асыруға кірісеміз ғой, — деген ол нық сеніммен. — Ал енді өзің біржола келмесең де жиі-жиі қатысып тұрсаңшы.

Екеуміз уәделесіп қоштастық.

Ендігі жерде ауылдан жақсы жаңалықтарға мен бұрынғыдан да гөрі елегізе құлақ түріп отыратын болдым. Алматыға келіп-кеткен жерлестерімнен колхоздың көтеріле бастағанын «Жангелді анадай құрылыс салып жатыр», «Жангелді мынадай істегелі жатыр» деген тәріздес хабарларын естіп қуанып жүрдік. Жақсы еңбегі бағаланып «Халықтар достығы» орденін алғанын да сол кездері естідім. Тағы бірде Алматыға келгенінде Жангелді: 

— Енді екі-үш айдан кейін ауылға келсең десең Алматыдан шыққаннан тура колхоздың кеңсесіне дейін асфальт жолмен жүресің, — деді күле сөйлеп. — Ауылдың орталық көшесіне асфальт төсеп тастадым. Қазір үлкен трассаға дейінгі айда жолға тас төселіп асфальттағалы жатырмыз.

Бұл — балалық шақтан бірге өскен замандасым Жангелді Дәуешовпен соңғы кездесуім болды. Көп уақыт ол қатты сырқатқа ұшырап, ауруханаға түсіп, бірер жылдай төсек тартып жатып қайтыс болды. Көңілімде құлазу, алдынып қалғандай опыну бер еді. Жақсы құрбыдан ғана емес, ауылды, елді көркейтем деп жүрген жақсы азаматтан айрылу жалғыз менің ғана емес, талай жерлестерімнің қабырғасын сөгіп кеткендей болды.

Жангелдінің орнына председатель болып көп жылдан бері колхоз партия ұйымының секретары болып келген Белтай Құрманғалиев сайланды. Заңды жалғасу еді. Шаруашылықтың жай-күйін бірден-бір жақсы білетін және Жангелді ауырып жатқан кездері оның орнын жоқтатпай бәріне өзі бас-көз боп қалған партия ұйымының жетекшісі колхозшылардың сеніміне мықтап ие болған. Өзінің орнықты мінезімен, қандай істі де сабырлылықпен байыбына жетіп барып шешетін байсалдылығымен халыққа ұнаған жігіт еді. Міне, сол аса сабырлы, оңайшылықпен елпілдей қоймайтын Бекең қазір мүлде басқаша қырынан көрініп отыр. Шалқып тасыған көңілі, аңқылдай айтқан әңгімесі қанша сабырлы болам дегенімен кенерінен асып төгілердей аузын ашса аржағынан алып ұшқан үлкен қуаныш білініп тұр. 

— Биыл астық та жақсы, шөп те жақсы, — деп қояды. — Астықтан үш жылдық жоспарды орындадық, мал-азығы да мол. Белгіленген қоры жиналды. Сондықтан біз қазір қалай шалқысақ та орынды. Астықтың түсімі колхоз бойынша орта есеппен отыз центнерден айналды. Суарылмайтын таулы жер үшін әзірге облыс көлемінде мұнан жоғары көрсеткіш жоқ-ау деймін. 

— Менің білуімде республикада сендерден оза қойған ешкім болмас, — дедім мен де оны қостай түсіп. 

— Бәсе десеңші. Тек өйтіп асыра мақтануға бата алмай отыр едім, — деп күлді Белтай.

— Шын табысқа неге мақтанбасқа.

— Иә. Жалғыз адамның емес, бүкіл колхозшылардың табысы. Ұйытқы бола білсе біздің ауылдың адамдары еңбекке өте ұйымшыл ғой. Біз қай науқанды болмасын сырттан келер көмексіз өз күшімізбен атқарамыз. Және дәл кезінде орындап отырамыз. Мысалы, қой қырқудың қандай жауапты кезен екенін жұрттың бәрі біледі. Ал сол науқан кезінде бүкіл ауыл болып жұмылып, қырық бес мың қойды он бес күн ішінде қырқамыз. Пішен кезінде де ауылдың кәрі-жасы демей шабындықта болады. Әне, қараңызшы, тау-тау маяларды.

Сондай-ақ міне, егін орағын да ешкімнің көмегінсіз өз күшімізбен бас-аяғы жиырма күнде аяқтадық. Осыдан бірер жылдар бұрын сырттан комбайнерлер шақыртатынбыз. Биыл орақ алдында колхозшылар бірауыздан: «өзіміз еккен, өзіміз өсірген егін, ендеше ешкімді көмекке шақырмай-ақ, өз күшімізбен жинап алуымыз керек», - десті. 

Сол айтқандарында тұрды. Ешбір көмексіз көл-көсір астығымызды өз күшімізбен жинап алдық. Мемлекетке міндеттемедегі 3900 тоннаның орнына 7 мың тонна астық тапсырдық. Байқасаңыз ба, екі еседей ғой. Соның бәрін өз күшімізбен бастырып, өз күшімізбен тасыдық. Тек бірғана кемістігіміз болды. Мынау қырманымызға астығымыз сыймай, көршіміз — Қапал астық совхозының қырманын біраз күн пайдалануға тура келді. Ендігі бір ойластырып отырғанымыз, алдағы жылы қырманымызды екі есе үлкейтіп, жанадан тағы бір астық тазалағыш орнатпақпыз. Несін айтасыз, биылғы астығымыз мол болды ғой. Көктем де ауыр болды, бірақ біз де тұрып бақтық.

Мұнан әрі Белтай көктемгі егіс науқанының қалай өткенін, жаздағы ауа райының қандай болғанын, өздерінің агро-техникалық шараларды дұрыс пайдалануда не істеп, не қойғандарын рет-ретімен әңгімелеп шықты.

— Біраз жылдан бері қалыптасқан тәжірибеміз бойынша біздің мына таулы жерге күздіктің ерекше бітік өсетініне көзіміз жетті. Айталық, алдыңғы жылы құрғақшылық жазда төңірегіміздегі басқа шаруашылықтардың егістігі бой көтере алмай қалған кезінде, біздер әр гектардан жиырма центнерден өнім жинағанбыз. Сондықтан күздік себуге күшті молынан саламыз...

Өз шаруашылығының жай-күйін, атқарылған, алдағы уақытта жүзеге асар істердің Жағдай-жапсарын жақсы білетін басшының өз ауылы туралы қашан да тайпалған жорғадай майын тамыза сөйлейтін қасиеттерін мен талай рет байқадым. Ол шаруашылықтың қай саласын сөз етпесін дәл сол саланың маманынша көсіледі. Егістік жайлы сөз десе агроном ба деп ойлайсың, мал шаруашылығын сөз етсе мал маманы деп қабылдайсың, ал шаруашылықтың экономикасына, есеп-қисабына ауысқан кезде, тіпті, экономист — бухгалтер-ау деп қалатын кездері көп. Мен өз басым да сондай бесаспап талай колхоз председателін, талай совхоз директорларын көрдім. Және ондай адам басқарған шаруашылық қай салада болса да ылғи табысты, озат боп келеді.

Міне, қазір мен Белтайдан да сол қасиеттерді аңғарып отырмын. Егістіктен біртіндеп мал шаруашылығына қарай ойысқан. Өткен жазда қой қырқудан колхоздың айтарлықтай табысқа жеткенін, жыл аяғында, амандық болса, колхоз кассасына одан да біраз кіріс кіретінін есептеп қойыпты. 

— Әттең, сүт ешкіуден ақсаймыз, — деп бір сәт осал тұстарын да өкінішпен есіне алды. Онан соң өзінің осы орайда көкейінде жүрген кейбір ойларын да айтып өтті. 

— Сиырларымыздың тұқымын асылдандыруымыз керек. Және ферманы толық механикаландыру қажет. Өйтпесе, іс өнбейді. Ал бұл да біздің қолымыздан келетін іс... Тек уақыт керек, — деп түйді.

Әңгімеміз біртіндеп әуелгі тұрмысына, ауыл мәдениетіне қарай ауысқан. Мен өзімнің бұрынғы өткен құрбыларымның, ауылымызды қайтсек көркейтеміз деп арман еткен қияли әңгімелерімізді еске алдым. 

— Естігем, Жангелді марқұм маған бірде айтып еді: «Бәріміздің осындай ортақ арманымыз болатын дейтін, соны іске асырсақ деуші едім» деді Белтай, сал ойланып қалды. Онан соң басын көтеріп маған оқыс бұрылды да: — Ал енді мен биылдан бастап сіздер армандаған істеріміздің бәразын іске асыруды мақсат етіп отырмын, — деді.

Председательдің жуырда көп ойлану-толғанудан кейін айтар сөзіне, істер ісіне жан-жақты дайындықпен кесіп-пішіп келген нық сенімі бар еді. Оның экономиканы да, есеп-шотты да бір маманнан кем білмейтініне осы тұста көзім жетті. Биылғы жылы астықтан, мал шаруашылығынан колхозға түсер таза кіріс алдын ала-ақ мөлшерлеп есептеп оны іштей қалай жұмсайтынын да белгілеп қойған тәрізді. 

— Ең әуелі ауыл орталығына мол су әкелуіміз керек. Өйткені сусыз ештеңе істелмейді, — деді ол әңгімесін жалғастыра түсіп. — Ал су биыл қысқа дейін қайткенде де болады. Тіпті, декабрь айында тартылып болуы мүмкін. Қайдан дейсіз ғой? Ақтастыдан! Кәдімгі Ақтастының ақжарды тесіп шығып жатқан мол сулы бұлағы бар емес пе? Соны ауыл орталығына құбырмен тартқызып жатырмыз. Есебімізше сол су бүкіл ауылға ішуге де, көгалдандыруға да мол жетеді.

Шынында да біздің ауылдың су тапшылығын талай ойластырғанда сол Ақтастының суы осы уақытқа дейін ешкімнің есіне бір келмепті ғой. Осыдан он жыл бұрын геслогтар ауылдың жоғары жағынан бұрғылап жүз метр тереңдіктен артезиан суын шығарған еді. Сөйтіп су мәселесі шешілді деп қуанғанбыз. Алайда үш-төрт жылдан кейін әлгі тереңдегі су мүлде азайып, бірде шықса, бірде шықпай қалатын болды. Ақыр-соңы су тапшылығы қайтадан біліне бастаған еді. Енді міне, Белтай сол су тапшылығын жоюдың ең сенімді де, дәл жолын тапқандығын айтып тұр. Ақтасты — ауылдан жеті-сегіз шақырым жердегі колхоздың таулы участогі. Бір кездері Ақтасты деген шағын колхоздың орталығы болған. Кейін колхоздар іріленген кезде тұрғындары тегіс бері, осы күнгі колхоздың орталығына көшіп келді. Ақтастының бұлағының суы өте мол. Қадімгі Қапал ауданындағы Ақешкі өзені бастауын осы Ақтастыдан алады. Белтайтың колхоз орталығы — Қоңырға құбырмен тартқызғалы отырғаны осы су.

— Мұның бір жақсы іс болғалы тұр екен, — дедім қуанышымды жасыра алмай.

— Ал көктемге қарай, — деді Белтай сөзін онан әрі сабақтап, — бүкіл ауылды көгалдандыруға кірісеміз. Кемі бір бес мыңдай ағаш отырғызсақ деген ойымыз бар.

Онан соң председатель өз көңіліне ұнамайтын тағы бір жайды сөз қылды.

— Осы ауыл баста мынау жайсыздау жерден орын тепкен. Түзу көше жасау қиынға соғып тұр. Дегенмен де бульдозермен мынау ауыл орталығындағы дөңдерді біраз қырнап, тегістеп жатқан жайымыз бар.

Иә, біздің ауылдың орын тепкен жері ойлы-қырлы ұзына созылған Қоғалы бұлақ деген сайдың бойында. Бала кезімізде астық тартқан ат арбалардың ауыл орталығындағы ордан шыға алмай мықшыңдап жататынын талай көргенбіз. Кейінде жауын жауып қара батпағы езілген кезде машина түгілі тракторлар ары-бері өте алмай шоңқайып қалатын. Міне, сол төбе-дөңдерді бүгінде техниканың күшімен ойға қарай аударып, ауыл орталығының едәуір тегістеліп қалғанын байқадым.

— О, бұл көшелерді әлі де тегістейміз, — деді Белтай. — Генпланымыз бойынша көптеген жаңа үйлер саламыз. Осы уақытқа дейін колхозшыларға арнап колхоз атынан жылына он-он бес үйден ғана салып кеп едік. Енді алдағы жылдан бастап жиырма бес-отыз үйден салсақ дейміз. Ержетіп жатқан, үйленіп жатқан жастарымыз көп.

Мұнан әрі Белтай колхоз орталығын көркейту үшін қандай мүмкіндіктері барын еске алды. Қаржы жағы болатынын, мақсат тек жұртты игі іске жұмылдыра білуде екенін баса айтты. Ауылды көгалдандыру үшін әрбір семья өз үйінің төңірегіне кемі он бес — жиырма түптен ағаш отырғызып, олардың өніп-өсуіне мықтап ден қоюлары керек. Әсіресе, бұл өсіретін қазақ ауылдары үшін бұл оңай шаруа емес. Сондықтан кәрі демей, жас демей бүкіл ауыл тұрғындары болып көгеріп өскен көк шыбықты баптап күтіп қамқор болуы тиіс. Сонымен қатар ауыл үйлерінің төңірегінде тек мал қамайтын қора-қопсылар ғана емес, сырты қоршалған бау-бақшасы да болса қандай ғанибет. Әр семья дастарқанына қояр көкөністі үйінің қасында өсірер болса, шаруаның күнделікті тұрмысының ол да бір берекесі, сәні емес пе. Көше жиектерін бойлап неше түрлі жауқазын гүлдер өсіп тұрса, ол ішкі тұрмыстың көркі емес пе?!

Председательдің қиялы шарықтай берді... Бірінен-бірі туындаған, кәдімгі күнделікті тұрмыстың дәстүрлі салтына қалыптасқан жарасымына айналуы тиіс мақсаттар еді, бұлар. Мен болсам іштей республикамыздың әр тарапындағы өзім білетін озат шаруашылықтарды есіме түсіре бастадым. Олардың қала типтес, орталықтары осы Бекең айтып отырғандай сәнді көріктерімен көңілімде ұмытылмастай боп қалған еді. Мен солардың біразын атай бастап едім, Белтай олардың кейбіріне арнайы барғанын, кейбірін телевизордан көргенін, кейбірі туралы газет-журналдардан оқығанын айтты. Енді екеуміз де баяғы жастық шағымыздағыдай ауылымыздың болашақта қандай болуы керек екенін қызына әңгіме етіп, арман мен қиялға жол ашқан едік. Тек жастық шақтағымыз қол жеткізбес алыс елес сияқты боп көрінсе, қазіргі әңгімемізде іргесі қаланған негіз бар. Өйткені Бекең жай ғана арманшыл емес, ойлаған ісін орындап шығу үшін шаруашылығының күш-қуаты мен мүмкіндігін жан-жақты саралап, өлшеп-пішіп жүрген басшы адам. Колхоз председателі. Демек, маған айтып отырғандары көп толғанудан, басқарма мүшелерімен, колхозшылармен сан рет ақылдасып, пікірлескеннен, кеңескеннен туған ойлар ғой.

— Осы ойлағандарымызды іс жүзіне асыра бастасақ, ауылдан бірде-бір жас кетпек емес, — деп түйді ол сөзін.

Ауылдан ешкімді кетірмеу жағын ойластыру! Бұл — бүгінде шаруашылықтың болашағын кеңірек ойлайтын, ертеңгі күннің қамын жейтін әрбір басшының жатса-тұрса көңілінің түкпірінде жататын толғақты мәселелердің бірі. Біздің ауылдан да бір кездері қоныс аударушылар көп болған. Бірі қалаға кетсе, енді бірі табысы молырақ, ауқаттырақ тұратын көршілес совхоздар мен колхоздарға көшетін. Бірі судың тапшылығын сылтау етсе, бірі мәдени тұрмыстың кемдігін көлденең тартатын. Аудан, облыс орталықтарымен жол қатынасының нашарлығы де талай рет бетке шіркеу болған.

Ал бүгінде соның бәрі біртіндеп ретке түсіп су да, жол да, мәдени тұрмыс та жөнделіп жатқан кезде, сол біркездері көшіп кеткендердің қайтадан оралып жатқандарына председатель де шексіз қуанып жүргенін жасыра алмады. Бұл да шаруашылық ісінің алға батқанының бір белгісі ғой. Жұмыс қолының көбеюі атқарылар қыруар жұмыстардың тезірек іс жүзіне асырылуының кепілі ғой.

Алдағы жылдарда Қоғалы бұлақтағы бұзылған тоспаны қайта қалпына келтірсе, сол жерден құс өсіретін ферма салуға болар еді. Төменгі құмдауыт топырақты Қашқынбай участогіне фрегат орнатып сол арадағы нен-тегін жатқан екі жүз гектардай жерге мына көршілесі Абай атындағы колхоз сияқты жүгері жоңышқа егіп, құнарлы мал азығын өсіруге болар еді. Ал, жүгері мен жоңышқа мол болса, сауын сиырларды қысы-жазы байлауда ұстап, сүт өндіруді арттыруға болар еді... Осылайша «болар еділер» бір-біріне сабақтасып жалғасып кете береді. Өмірдің заңды диалектикасы: өсе беру, өркендей беру, жалғаса беру. Тек оларды рет-ретімен іске асыратын адам қолы, күш керек болса, сол адамдарды, күштерді ұйымдастырып отыратын басшы керек. Және бұйрық соғып отыратын ұр да жық басшы емес, шаруаның күйін жақсы білетін, жұртпен тіл табыса алатын, қандай іске болса да өзі де білек сыбанып кірісіп кете алатын білгір басшы керек.

МЕНІҢ ТҮЙГЕНІМ: Қапал ауданы Ильич атындағы колхоздың председателі Белтай Құрманғалиев осындай басшы екен.

 

Сайын Мұратбеков, Талдықорған облысы.

Қазақ әдебиеті. 25 қараша, 1983 жыл.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan