Мәрлен Асқар. Әдебиетке өз жолыммен келдім
Кітап оқитын зерделі ұлт қалыптастыруда әдебиеттің атқарар рөлі орасан. Осы мақсатта жас жазушыларды оқырманға таныстырып, олардың шығармашылығы мен әдебиетке әкелген жаңашылдығын насихаттауға мән беріп келеміз. Себебі бүгінгі жас қаламгердің ізденісі – ертеңгі әдеби үдерістің бағытын айқындайтыны белгілі. Олардың шығармалары арқылы қазіргі қоғамның тынысын, уақыттың өзгерісін, жаңа буынның ой-толғанысын көруге болады.
«Әдебиет порталында» жас ақын-жазушылармен сұхбат құрып, төл әдебиетіміздегі жаңа есімдерді көпшілік оқырманмен таныстырып жүргенімізді білесіздер. Кітап оқитын зерделі ұлт қалыптастыруда әдебиеттің атқарар рөлі орасан. Осы мақсатта жас жазушыларды оқырманға таныстырып, олардың шығармашылығы мен әдебиетке әкелген жаңашылдығын насихаттауға мән беріп келеміз. Себебі бүгінгі жас қаламгердің ізденісі – ертеңгі әдеби үдерістің бағытын айқындайтыны белгілі. Олардың шығармалары арқылы қазіргі қоғамның тынысын, уақыттың өзгерісін, жаңа буынның ой-толғанысын көруге болады. Осы орайда, роман жазып жүрген жас жазушының бірі Мәрлен Асқармен әдебиет, шығармашылық ізденіс және бүгінгі оқырман жайында әңгімелескен едік.

- Қазақ әдебиеті дегенде есімізге бірден заңғар классиктеріміз оралатыны анық қой. Десек те, ғасырлар көшіп, заман ауысуда. Төл әбедиетімізде аға буынның орнын басар, енді-енді танылып келе жатқан, жас ақын- жазушылардың шығармашылығын көпшілікке таныту да – игі іс. Осы тұста, жазушылық жолға келуіңізге не түрткі болды? Мәрлен Асқар деген кім? Жалпы өзіңізді оқырман қауымға таныстырып өтсеңіз.
- Иә, дұрыс айтасыз, қазақ әдебиеті дегенде, алдымен ұлы тұлғаларымыздың есімі ойға оралады. Хакім Абайдан бастап бүгінге дейінгі әдеби әлем алыптарының шығармашылығы – бізге үлкен мектеп. Ал сол мектептен тәлім алып, қазіргі әдеби үдеріске өз үнін қосып, ізін қалдыру – кейінгі буынның еншісіндегі міндет деп білем.
Есімім – Мәрлен, тегім Асқар. Қазақша болсын деп бір жылдары «-ов» дегенін алып тастағам. Өзімді әдебиетке бір күнде келген жанмын деп айта алмаймын. Кітап оқып, сөздің қадірін түсіне бастаған кезден-ақ, әдебиетке деген қызығушылығым қалыптаса бастады. Әуелде өлеңге, жыр жазуға, артынан көркем мәтінге деген әуестік пайда болды. Уақыт өте келе сол қызығушылық бүгінгі шығармашылығыма ұласып отыр. Жазуға деген қажеттілік ішкі ойыңды, өзің көрген өмірді, адам мінезін, қоғамдағы құбылыстарды сөз арқылы жеткізуге деген талпыныстан туындайды деп ойлаймын. Жазушылық жолға келуіме ең басты түрткі болған дүние – әдебиеттің адамды өзімен-өзі сөйлестіре алатын ерекше қасиеті. Кейде күнделікті өмірде айта алмай жүргеніңді шығарма арқылы жеткізесің. Кейіпкеріңнің тағдыры арқылы өзіңді, айналаңдағы адамдарды тани түсесің. Мен үшін әдебиет – тек сөз өнері емес, адамды түсінудің, уақытты танудың бір жолы дер едім. Қазір көпшілікке өзімді ізденіс үстіндегі жас жазушы ретінде таныстырып жүрмін. Әлі үйренерім, оқырманға ұсынар дүнием көп, шығармашылық тұрғыда ізденістен құралған өз жолым бар. Мәрлен Асқар деген кім деген сұрағыңызға, ол – әдебиетте өз сөзін, өз үнін табуға талпынып жүрген қаламгер деп жауап қайырғым кеп тұр. Ал ол үннің қаншалықты оқырман жүрегіне жететіні уақыт еншісінде. Мен үшін ең маңыздысы – жазған дүниемнің оқырманға ой салуы, сезім сыйлауы және бүгінгі уақыттың қандай да бір шындығын жеткізе алуы.
Мектеп қабырғасында оқып жүрген кездері менің ең үлкен бір ішкі қалауым болатын. Ол – қандай да бір шығармашылық туынды жазу еді. Нақты мынаны жазу деген қағида болған жоқ. Мүмкін музыкалық композиция, мүмкін сценарий немесе толықметрлі бір фильм бе, әлде жыр жинағы ма, не екенін ол уақытта нақты білмедім. Баламын ғой. Бірақ бір туынды қалдырсам деген балалық кіршіксіз қалау болғаны рас.
- Байқағаным, сіз жайлы ғаламтор беттерінде көп ақпарат жоқ екен. Жеке парақшаңыздағы мәліметтерге сүйенсек, бір емес екі кітабыңыз жарыққа шығып үлгеріпті. Құтты болсын! Сол кітаптарыңыз жайлы айтсақ. Шығарма жазу барысында алдымен ойыңызда сюжет туа ма, әлде кейіпкерлер пайда бола ма?
- Рақмет, жылы лебізіңізге. Расында, әзірге шығармашылығым туралы ақпарат көп емес. Бірақ қос кітабымның жарық көруі – мен үшін үлкен жауапкершілік. Себебі кітаптың жарыққа шығуы қаламгер үшін межеге жету емес, керісінше, оқырманмен жаңа диалогтың басталуы деп ойлаймын. Шығарма жазу барысында менде көбіне алдымен кейіпкер пайда болады. Кейде оның мінезі, болмысы, айтқан бір сөзі немесе басынан өткерген бір оқиғасы ойыма келіп, сол кейіпкердің айналасына біртіндеп сюжет құрыла бастайды. Кейіпкерді ойлап табу бір бөлек те, оның тағдырын сенімді түрде өрбіту бір бөлек дүние. Сондықтан кейіпкер дүниеге келгеннен кейін оның ішкі әлемін, қоршаған ортасын, адамдармен қарым-қатынасын зерттей отырып, оқиғаның әрі қарайғы арнасын өзім де іздеймін. Дегенмен кейде керісінше, өмірде көрген немесе естіген бір оқиға түрткі болып, содан сюжет туындайтын кездер де болады. Әсіресе шынайы өмірдегі қарапайым көрінетін жағдайлардың астарында үлкен адамдық мәселелер жатуы мүмкін. Мен үшін сол астарды аңғару маңызды. Екі кітабымның да жазылу тарихы әртүрлі. Бірақ екеуіне ортақ нәрсе – өзіме қызық болған дүниені оқырманға да қызықты етіп жеткізуге деген талпынысым. Мен шығарманы алдын ала белгілі бір қалыпқа салып жазғаннан гөрі, кейіпкерлерімнің мінезі мен оқиғаның табиғатына қарай дамығанын жөн көремін. Кейде шығарма барысында бастапқы ойым да өзгеріп кетуі мүмкін. Бұл – шығармашылық үдерістің алдын ала болжап біле алмайтын қызықты тұстарының бірі деп санаймын. Ал кітаптарыма келсек, «Тоғысқан тағдыр» сонау 90-шы жылдардағы қиын кезең мен махаббат жайлы болса, «Жол» кітабым өмірден алынған шынайы оқиғаға негізделіп жазылды. Жалпы шығармаларыма баға беруді оқырманның еншісіне қалдырғым келеді. Себебі қаламгер үшін ең үлкен сыншы да, ең әділ таразы да – оқырман.

- Кітаптарыңыз өз оқырманын тапты деп ойлайсыз ба? Оқырманнан кері байланыс аласыз ба? Сіз үшін бір кітапты жазуға шамамен қанша уақыт кетеді?
- Иә, кітаптарымның өз оқырманын тауып келе жатқанына қуанамын. Әрине, кез келген автор үшін шығармасының оқырманға жетуі, артынан пікірін есту – үлкен қуаныш. Кітап шыққаннан кейін оқырмандардан түрлі пікірлер, ұсыныстар келіп жатады. Сол арқылы шығарманың оқырманға қалай әсер еткенін, қай тұсы ой салғанын түсінуге мүмкіндік болады. Осы тұста айта кету керек, «Тоғысқан тағдыр» кітабым шыққан соң, оқырманнан көп кері байланыс алдым. Шынайы алғыс естіген кітабым болғандықтан, оқырман жүрегіне жол тапқан туындым деп те айтуға болар. Ал бір кітапты жазуға кететін уақытты нақты бір өлшеммен айту қиын. Себебі әр шығарманың өз мінезі, өз жолы бар. Кейде белгілі бір ой ұзақ уақыт бойы іште пісіп-жетіліп жүріп, мәтін болып түскеннен кейін тез жазылып шығуы мүмкін. Ал кейбір шығармаларға бірнеше жыл бойы қайта оралып, өңдеп, толықтырып отырасың. Сондықтан мен үшін кітаптың қанша уақытта жазылғанынан гөрі, оның қаншалықты ойластырылып, өз деңгейінде аяқталғаны маңыздырақ.
- Кейіпкерлеріңізді өмірде кездестірген адамдардан аласыз ба? Әлде көбіне қиялыңыздан туа ма? «Жол» кітабыңыздың өмірде болған оқиғаға негізделіп жазылғанын айтып қалдыңыз. Осы шығарманың жазылуына себеп болған оқиға қандай еді?
- Кейіпкерлерімнің өмірден алынатыны да, қиялдан туатыны да бар. Бірақ нақты бір адамды сол қалпында шығармаға көшіріп қоюға тырыспаймын. Өмірде көрген, сөйлескен, мінезін байқаған адамдардың бойындағы қандай да бір қасиет, сөзі, әрекеті ойымдағы кейіпкердің пайда болуына әсер етуі мүмкін. Кейде бір адамның мінезі екінші адамның тағдырымен, үшінші біреудің сөзімен араласып, санада мүлде жаңа кейіпкерлер туып жатады. Ал кейде кейіпкердің өзі оқиға барысында қалыптасып, авторды да жетелеп кететін кездер болады. Сондықтан кейіпкердің дүниеге келуіне нақты бір ғана себеп бар деп айту қиын. Оның негізінде өмірлік бақылау да, қиял да, автордың ішкі түйсігі мен фантазиясы да қатар жүреді. Ал «Жол» кітабына келсек, иә оның негізінде өмірде болған оқиға жатыр. Бұл жерде нақты оқиғаның өзін айтып беруден гөрі, сол жағдайдың менің ойыма қалай әсер еткенін айтқан дұрыс шығар. Өмірде болған бір оқиға мені көп ойландырды. Адамның таңдауы, жүріп өткен жолы, кездейсоқ кездесулердің тағдырға ықпалы туралы ойлар сол кезде пайда болды. Кейін сол әсер біртіндеп шығармаға айналды. Әрине, кітаптағы оқиға өмірдегі жағдайдың дәлме-дәл көшірмесі болмауы мүмкін. Көркем шығармаға айналған кезде оқиға өзгереді, кейіпкерлердің мінезі, тағдыры, уақыт пен кеңістік те автордың қиялы арқылы қайта құрылатыны белгілі. Өмірдегі бір сәт шығармада тұтас бір әлемге айналуы мүмкін. Сондықтан «Жолды» нақты болған оқиғаның баяны емес, сол оқиғадан туған ой деп қабылдаған дұрыс-ау.

- Мәрлен, сіз үшін жазушы болу – мамандық па?
- Мен үшін жазушы болу – ең алдымен мамандықтан гөрі өмір сүру тәсілі сияқты. Жазушы деген атақты иелену үшін ғана жазу мүмкін емес шығар. Адамның ішінде айта алмай жүрген ойы, толғандыратын мәселесі, өзгелермен бөліскісі келетін дүниесі болса, сол оны ақыры жазуға жетелейді. Жоғарыда айтқанымдай, ондай ой маған мектеп қабырғасында келген. Мен мына әлемге бір дүние жазып қалдыруым керек деген. Әрине, жазушылықтың өз кәсіби тәртібі, еңбегі, міндеті бар. Оны да басқа мамандықтар сияқты жауапкершілікпен, ізденіспен меңгеру керек. Бірақ мен үшін жазу – күнделікті жұмыстан бөлек қарастыратын нәрсе емес. Өмірді бақылау, адамдарды тану, өзіңе сұрақ қою – бәрі жазу процесінің бір бөлігі іспеттес. Сондықтан жазушы болуды мамандық деп қана қабылдамаймын. Бұл – өзіңді де, айналаңдағы әлемді де танудың бір жолы. Кейде адам жазу арқылы өзгеге емес, ең алдымен өзіне жауап іздейтін сияқты. Бұл – кез келгенге бұйыра бермейтін Алладан берілетін қасиет. Тек еңбекпен оны шыңдай білу керек.
- Қалай ойлайсыз, жазушы үшін ең қиыны не? Шығарманы бастап кету ме, әлде оны аяқтау ма?
- Меніңше, жазушы үшін шығарманы бастау да, аяқтау да оңай емес. Бірақ екеуінің ішінде, әрине тәмамдау қиынырақ шығар. Себебі шығарманы бастағанда ойыңда бір дүние болады, кейіпкерлеріңнің жолын, оқиғаның бағытын шамамен елестетесің. Ал жаза келе шығарма өзің ойлағаннан бөлек арнаға бұрылып кетуі де әбден мүмкін. Кейде бастап қойған дүниеңе қайта-қайта оралып, «осы жерін қалай жеткізсем екен?» деп көп ойланатын да сәттер болады. Ең қиыны – шығарманы аяқтау ғана емес, оны дер кезінде тоқтата білу дер едім. Түйін көп дүниені шешеді ғой. Қалай аяқтайсың, солай оқырманға әсер етеді, ой түйгізеді. Бірақ, мәселен бастапқыда ойыңда «өлгелі тұрған» кейіпкерді өлтірмесең, соңында ол оқиғаның мәні қалмайтын сияқты. Ол кейіпкер жаман болғандықтан емес, өзің әуелден басыңда пісіріп, ойлаған ойың болған соң, дәл солай аяқтау керек шығар, бәлкім. Артық сөз қосып, бастапқы ойыңды жоғалтып алмау да маңызды. Сондықтан мен үшін шығарманың соңғы нүктесін қою – үлкен жауапкершілік. Сол нүктені қойған кезде автордың өзі де «осы шығарма енді менен бөлек өмір сүре алады» деген сезімге келуі керек деп ойлаймын.

- Шетел әдебиетін оқу жазушының ізденісіне қаншалықты әсер етеді деп ойлайсыз?
- Шетел әдебиетін оқу жазушының ізденісіне өте жақсы әсер етеді. Әсіресе қазіргі әдебиетпен бірге әр кезеңдегі классикалық шығармаларды оқу маңызды. Өйткені әр әдебиет әлемді, адамды, қоғамды әртүрлі таниды ғой. Соларды оқи отырып, өзіңнің де көңіл көкжиегің мен көзқарасың кеңейеді. Бірақ шетел әдебиетін оқу дегенде біреуге еліктеу немесе дайын үлгіні қайталау емес. Керісінше, басқа авторлардың қалай жазатынын көріп, өзіңе «ал мен бұны қалай басқаша айта аламын?» деген сұрақ қою дер едім. Кейде бір шетелдік шығармадан алған әсерің өзің өмір сүріп отырған ортаға, өзің білетін адамдарға жаңаша қарауға мүмкіндік береді. Бұл мысалмен өзімді айтқандай болам. Негізінен, білесіз бе, маған да кітап жазуға ой салған шетел әдебиетін оқығаннан кейінгі әдемі әсерім еді. Кітап жазуға ой салған демейінші, ойымда жүрген процесті тездетуге дегенім дұрыс болар. Танымал әзірбайжандық жазушы әрі журналист Эльчин Сафарлидің «Когда я вернусь, будь дома» атты кітабы өзіме әсер еткені соншалық, кітапты аяқтамай жатып, әңгіме жазып бастап кеткенмін. Сол әңгімемнің соңы тұтас бір кітап болар романға ұласатынын кім білген. Сафарли сол кітабы арқылы маған шабыт сыйлай алды. Ол автордың жаңа туындыларын әлі де іздеп жүріп оқимын. Жазу стилі, қозғаған әңгімелері жаныма жақын.
Негізінен кез келген жазушы үшін оқу мен жазу бір-бірінен бөлек алып қарайтын дүние емес. Көп оқыған сайын сөзге, құрылымға, кейіпкерге, тіпті өзіңнің жазған мәтініңе деген талғамың да өзгере беретінін байқадым. Сондықтан шетел әдебиеті менің ізденісіме, шабытыма, ең алдымен дүниені кеңірек көруге, әдебиеттің мүмкіндігін тереңірек түсінуге оң әсер ете алды деп санаймын.
- Қай тақырып сізді қайта-қайта өзіне тартады? Жалпы қазір қандай тақырыпта қалам тербеп жүрсіз?
- Адам болған соң, қызықтыратын тақырыптар көп. Солардың бірі адам және оның ішкі әлемі, жүректегі сезімі. Махаббат. Адам таңдауы, жалғыздығы, қорқынышы, үміті, өзгелермен қарым-қатынасы сияқты дүниелер қанша жазсаң да таусылмайтын тақырыптар ғой. Өйткені әр адамның тағдыры бөлек, әр кезеңде сол мәселелерге көзқарас та өзгереді. Қазір де осы бағыттағы ойлар мені көбірек толғандырады. Нақты бір тақырыпқа байланып қалмай, адамның бүгінгі қоғамдағы орнын, уақыттың адамға әсерін, өзгеріп жатқан құндылықтарды бақылап жүрмін. Кейде үлкен тақырыптың өзі күнделікті өмірдегі қарапайым бір оқиғадан басталып кететіні бар. Кейбір ойлар пісіп-жетілген соң ғана шығармаға айналады дегендей. Нақты қазір студенттік өмірімнің куәсі болған сүйікті қалам Алматы жайлы «Құбылмалы Алматы» атты кітап жазу үстіндемін. Бұйырса, жақында жарыққа шығады.

- Қуанышты жаңалық екен. Оқырман сүйіп оқитын бестселлерге айналсын! Жалпы кысқа мәтіндер мен әлеуметтік желідегі контенттің дәуірінде ұзақ роман жазудың мәні өзгерді ме?
- Көп рақмет! Иә, ең бастысы оқырманға ұнаса қуанамыз. Ал сұрағыңызға келсем, меніңше, роман жазудың мәні өзгермейді, өзгерген де жоқ. Бірақ оған қойылатын талаптар өзгеруі мүмкін. Қазір адамдар ақпаратты өте жылдам қабылдайды. Әлеуметтік желідегі қысқа мәтіндер, бейнелер, түрлі контент оқырманның назарын бірнеше секундта ұстап қалуға бейімделе түскен. Сондықтан бүгінгі оқырманды көлемді шығармаға жетелеп, соңына дейін жалықтырып алмай, ұстап отыру бұрынғыдан да қиын болуы мүмкін. Бірақ романның табиғаты басқа. Қысқа мәтін бір ойды дәл әрі жылдам жеткізсе, ал романда адамның ішкі әлеміне тереңірек үңіліп, кейіпкерлердің өзгерісін, уақыт пен қоғамның әсерін кеңінен көрсетуге мүмкіндік болады. Кеңінен көсіле аласың. Кейде кейбір дүниені бірнеше абзацпен айтып шығу мүмкін емес. Сондықтан мен романның дәуірі өтті деп ойламаймын. Керісінше, қазір роман жазу – автор үшін белгілі бір мағынада үлкен сынақ. Өйткені жылдам ақпаратқа үйренген оқырманға асықпай оқылатын, ойлануды талап ететін шығарма ұсына білуіміз керек. Егер шығарма оқырманын өз әлеміне кіргізе алса, ол әлеуметтік желідегі кез келген қысқа контенттен әлдеқайда ұзақ әсер қалдырары сөзсіз.
- Шығарма оқырманын өз әлеміне кіргізе алса, әлеуметтік желідегі кез келген қысқа контенттен әлдеқайда ұзақ әсер қалдырады деп отырсыз ғой. Сіздің ойыңызша, осы әлеуметтік желі жазушыға еркіндік бере ме, әлде белгілі бір қысым қалыптастыра ма?
- Меніңше, әлеуметтік желі жазушыға әрі еркіндік береді, әрі белгілі бір қысымды да қалыптастыра алады. Еркіндік беретіні – бұрынғыдай оқырманға жету үшін міндетті түрде үлкен баспаны немесе белгілі бір ортаны күтудің қажеті жоқ. Қазір жазушы өз ойын, шағын мәтінін, әңгімесін бірден оқырманға әлеуметтік желі арқылы ұсына алады. Оқырманның реакциясын да тез біледі. Кітап шығарса, оқырманға әлеуметтік желі арқылы таныстырып, сатылымға шығару жағы тағы бар. Бұл жағынан әлеуметтік желінің мүмкіндігі көп. Бірақ осы жылдамдықтың екінші жағы да бар. Лайк, қаралым, пікір сияқты көрсеткіштер кейде шығармашылыққа байқамай әсер етеді. Автор оқырманға ұнайтын дүниені жазуға, тез қабылданатын ойды таңдауға ұмтылуы мүмкін. Ал әдебиетте кейде оқырманға бірден ұнайтын емес, керісінше, ойландыратын, тіпті бастапқыда түсініксіздеу көрінетін дүниелер қажет. Сондықтан әлеуметтік желідегі қаралымды шығарманың негізгі өлшеміне айналдырмау керек деп ойлаймын. Жазушының ең үлкен еркіндігі – оқырманның талабына толық тәуелді болып қалмай, өзіне маңызды нәрсені жаза білу. Әлеуметтік желі – оқырманға апаратын құрал, бірақ шығарманың бағытын анықтайтын басты күш емес. Осыны ұмытпасақ деймін.

- Өзіңізге ықпал еткен жазушылар кімдер?
- Маған әсер еткен жазушылар көп. Әр кезеңде әртүрлі автордың шығармасынан өзіме керек нәрсені табамын. Қазақ әдебиетінен ең алдымен Абайдың қара сөздері мен Мұхтар Әуезовтің шығармашылығын ерекше атап өтер едім. Адам болмысына үңілуі, ойды терең жеткізуі маған жақын.Әлем әдебиетінен де ықпал еткен авторларым бар. Соның ішінде Эльчин Сафарли – фаворитім.Бірақ оны өзі білмейді әрине. Жалпы, жазушыға бір ғана автордың ықпалы болады деп ойламаймын. Оқыған әр кітабың санаңда қандай да бір із қалдырады. Кейде өзіңе қатты әсер еткен шығарма емес, бір ауыз сөйлем немесе кейіпкердің әрекеті кейін өзіңнің жазуыңда ой ретінде көрініп қалуы мүмкін.
- Егер әдебиет болмаса, өзіңізді қай салада елестетер едіңіз?
- Егер әдебиет болмаса... деп өзімді нақты бір саламен байланыстырып айта алмайды екем. Себебі қазір әдебиет менің өмірімнің бір бөлігіне ғана емес, дүниені қабылдау тәсіліме де айналып кеткендей. Дегенмен, негізгі мамандығым – журналист. Әдебиетпен айналыспасам, адамдармен, олардың тағдырымен, ойымен байланысты журналистикаға толықтай кетер ме едім?! Бірақ қай салада жүрсем де, әңгіме айтуға деген қызығушылығым бәрібір өз жолын табар еді деп ойлаймын. Сондықтан әдебиет болмаса да, бәлкім, бір дүние жазып немесе бір нәрсе айтып жүрер едім. Жалпы кітап жазудан бөлек, кәсіппен айналысатыным бар. Мүмкін толықтай кәсіпкерлікті таңдаған болар едім.
- Сұхбатыңызға көп рақмет! Соңына дейін бір деммен оқылатын, оқырман іздеп жүріп алатын кітаптарыңыз көп болсын!
- Рақмет! Жазушы үшін бұл бақыт деп білем.
Фотосуреттер автордың жеке архивінен алынды
