Жамау
«Жамау» — Николай Носовтың қазіргі заманғы әрбір балаға оқытып таныстыруға лайық туындысы. Бобка есімді бала өзінің қорғаныш түсті жаңа шалбарын қатты мақтан тұтатын. Айналадағы балалардың бәрі Бобканың шалбарына қызығатын. Бірақ бір күні ол қоршаудан асып түспек болғанда, басынан қандай оқиға өтті? Одан кейін кейіпкердің басынан қандай жағдайлар өткенін осы әңгімеден оқып біліңдер, жас достар!
Бұл шығарма баланы ұқыптылыққа, үнемшілдікке, өз бетінше әрекет етуге, өз қателігін өзі түзете білуге және өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын жетілдіруге үйретеді.
Бобканың әдемі жасыл шалбары бар еді. Анығырақ айтқанда, бұл шалбар әскери киімге ұқсас жасыл түсті болатын. Бобка бұл шалбарын өте жақсы көретін және әрдайым достарының алдында онымен былай деп мақтанатын:
– Балалар, қараңдаршы, менің шалбарым қандай әдемі! Дәл сарбаздардыкі сияқты емес пе!
Әрине балалардың бәрі оның шалбарына қызыға көз салатын. Мұндай жасыл шалбар расымен де өзге ешкімде жоқ еді.

Бірде Бобка шарбақтың арғы жағына асып түспек болып өрмелеген кезде абайсызда шегеге ілдіріп, өзінің әдемі шалбарын жыртып алды. Бұған ызаланған ол жылап жібере жаздады. Үйіне асығыс-үсігіс жүгіре жетіп, анасынан шалбарының жыртылған жерін жамап беруін өтінді. Анасы болса ұлына ашуланып:
– Ылғи да шарбаққа өрмелеп, шалбарыңды жыртасың да жүресің! Мен неге сенің шалбарыңды жамап отыруым керек? - деді.
– Бұдан былай шалбарымды жыртпайтын боламын! Жамап берші, анашым!
– Өзің жамап ал.

– Мен шалбар жамауды білмеймін ғой!
– Жыртуды білдің бе, жамап тігуді де біл! - деді анасы.
– Ендеше, осылай жыртық қалпында жүре беремін, - деп Бобка күңкілдеген бойы аулаға шығып кетті. Балалар оның шалбарындағы жыртықты көрген бойда, мазақтап күлісе бастады.
– Шалбарың жыртық-жыртық, өзің қандай сарбазсың? - десті олар. Бобка болса балалардың алдында былай деп ақтала бастады:
– Шалбарымның жыртығын жамап берші! - деп анама өтініп едім. Бірақ ол бұл жолы жамап бергісі келмеді.
– Сарбаздың шалбары жыртылса, аналары бірге жүріп жамап беруші ме еді? - десті балалар. – Сарбаз деген жыртылған киімін жамауды, тігуді, түймесін қадауды - бәрін өзі атқара білуі керек емес пе?!
Мұны естіген Бобка қатты ұялып, жер шұқып қалды.

Үйге бара сала, ол анасынан ине-жіп және жасыл матаның қиындысын сұрап алды. Әлгі матадан қиярдың көлеміндей бөлігін кесіп алып, оны шабарына жамап көктей бастады. Бірақ бұл оның өзі ойлағандай оңай шаруа болмай шықты. Оның үстіне Бобка асығып-аптығып отырып, саусағының басын инемен шаншып, қанатып алды.
– Неге саусағымды шаншисың? Өй, оңбаған ине-ай! - деді Бобка инеге бір ұрсып алды. Бұдан соң саусағының ұшын тағы шаншып қанатып алмау үшін инені еппен ұстауға тырысты. Ақыры ол жамауды жапсырып тігіп бітірді. Салған жамауы шалбардың үстіндегі мыж-мыж болып қураған саңырауқұлақ сияқты бырысып тұрды. Ал жамаудың айналасындағы мата ірку-ірку болып жиырылып қалғаны соншалық – екі балақтың біреуі екіншісінен қысқа болып қалыпты.

– Түу, бұл не болып кетті өзі? - деп күңкілдеді Бобка шалбарының бұл көрінісіне қарап. – Бұрынғыдан бетер жаман болды ғой! Бәрін басынан қайта жасауға тура келеді, ендеше!
Бобка қолына пышақ алып, жамауды қайтадан сөгіп тастады. Сосын оның қыжымдалған жерлерін тегістеп, шалбарға бастып тұрып, сыртын сия қарындашпен жақсылап айналдыра сызды. Сөйтіп қиындыны қайтадан жамап тіге бастады. Бұл жолы ол асықпай, ұқыппен, жамаудың сызықтан шығып кетпеуін мұқият қадағалап отырып тікті. Ол бұл істі ұзақ әуреленіп, пысылдап, күңкілдеп жүріп жасап шықты. Еңбегі еш кетпей, нәтижесіне сүйсіне қарайтындай сәтті жұмыс болып шықты. Жамау тегіс те әдемі, тіпті тіспен тартқыласа да жұлынып сетінемейтіндей, өте берік болып тігілді. Осыдан кейін Бобка шалбарын киіп, аулаға шықты. Балалар оны қоршап алды.

– Жарайсың! - десті олар.
– Жамауды қараңдаршы, қарындашпен сызылған. Өзі тіккені бірден көрініп тұр.
Бобка болса жамау бәріне көрінсін деп әдейі жан-жағына қарап, айналып жүрді де:
– Енді түйме қадауды да үйреніп алуым керек еді. Бірақ өкінішке қарай бірде-бір түймем үзілмеген екен! Ештеңе етпесі, күндердің бір күні түймем түсіп қалса – міндетті түрде өзім қадап аламын, - деді.
Николай Носов
