Бөбек көзімен...

Биыл белгілі балалар жазушысы Қастек Баянбаевтың туғанына 90 жыл толып отыр. Осы мерейтойға орай қаламгердің шығармаларын және шығармашылығына арналған материалдарды оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Бүгін балалар әдебиетінің көрнекті өкілінің 1974 жылы жарық көрген «Қолшатыр көтерген он батыр» атты жинағына замандасы, қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлидің қаламынан туған мақаланы жариялап отырмыз.

22

Бөбек көзімен... - adebiportal.kz

Қастек Баянбаев талантына тән негізгі бір қасиет – жинақылық, ұқыптылық, сөзге деген сараңдық. Ал сөзге деген сараңдық – ой жомарттығының белгісі. Керісінше, айтарың неғұрлым аз болса, сөзің де соғұрлым көп болмақ. Қастек Баянбаевтың бақыты – қазақ ақындарында сирек кездесетін бақыт – аз сөзділік. Жақын арада мен оның «Қолшатыр көтерген он батыр» атты жаңа жинағын қолыма қалам ала отырып оқып шықтым. Оқып шықтым да, ақын жөніндегі өз пікірімнің әбден дұрыс екеніне көзім жетті. Иә, Қастек Баянбаев не айтатынын да, қалай айтатын да жақсы білетін автор.

«Қолшатыр көтерген он батыр» төрт бөлімнен тұратын татымды туынды. Бұл менің тартына айтқаным. Әйтпесе, «татымды» деген баға бұл жинақ үшін тіптен аздық қылады. Рас, бірінші бөлім, негізінен, күрделі де келелі тақырыптарға арналғаннан болуы керек, менің ойымша, басқа бөлімдерден гөрі бірер мысқал төмен тұрған сияқты. Алайда ақын екінің бірі бара бермейтін өркешті тақырыптарға батыл-батыл қол созып-ақ баққан. Алғашқы он бір өлең әрқайыссы бір жинаққа жүк болатын батпан мәселелерді көтереді.

Қастек Баянбаев, балалар жазушысы

Жинақтың бірінші бөлімінде бүлдіршін бөбектердің қилы-қилы қызықты өмірлерінен алынып жазылған ойнақы өлеңдер де аз емес. Балалардың аңқаулығын, аңғырттығын, не олақтығы мен салақтығын, қысқасы, түрлі-түрлі мінез-құлықтарын бейнелеуге келгенде Қастек Баянбаев үнемі творчестволық биіктен табылып отырады.

                   Кемелдің кең танауы

                   Қысы-жазы кеппейді.

                   Бар деп ескі тұмауы

                   Апасы да сөкпейді.

                   Отырса да сабақта

                   Мұрнын тарта береді.

                   Сірә, өзі салақ та,

                   Бекер «тұмау» дегені.

                   Ал балалар таппайтын

                   Теңеу бар ма бейнелі:

                   «Қысы-жазы қатпайтын

                   Қара теңіз» - дейді оны.

         Әдемі! Кекету де, мұқату да жоқ. Жеңіл ғана әзіл. Оның өзі қатар-құрбы, кластастарының атынан айтылған. Кемелдің оғаш мінезіне емес, балдырғандардың тапқырлығы мен дәлдігіне мәз боласың. Мұнда жалқы образ да, жалпы образ да сәтті шыққан. Осы тұста айта кететін бір пікір: Қастек Баянбаев дүние-тірлікке, сүйікті кейіпкерлеріне, тіпті төңірегінің өзіне бүлдіршін-бөбектердің тұнық көзімен қарай біледі. Жайлау жайында жазылған бір өлеңінде:

                   Жайлау жайын кім білген,

                   Қайран қалып жүрмін мен.

                   Текеметтің астынан

                   Теріп жейсің бүлдірген, -

десе, киіз үй жөніндегі екінші бір өлеңінде:

                   Еркін ойнай аласың,

                   Осындай үй дұрысы.

                   Жазалайтын баланы

                   Жоқ ешқандай бұрышы, - 

деп аяқтайды. Дау жоқ, бұлай тек балалар көре алады. Бұлай тек балалар ғана түйін жасай алады. Рас, соңғы шумақтағы «жазалайтын» деген сөзді дәл айтылған деп есептеу қиын, әрине. Бұрышпен жазаламайды, бұрышқа тұрғызып қояды. «Жазалау» қағазға түспейтін, тек автор мен оқырман ойында ғана тұратын сөз ғой... Бірақ бұл оп-оңай-ақ сылып тастауға болатын жеңіл-желпі редакторлық операцияның шаруасы.

         Өлең мәдениетінің басты бір белгісі – композиция. Бірақ, өкінішке орай, біздің кейбір қаламгерлер, оның ішінде әдебиетші-сыншылар да бар, роман, повесть, драма, поэма сияқты күрделі жанрлардың композициясы туралы әр тұста бір жүгірте пікір айтып жүргенмен, шағын дүниелердің, әсіресе, өлеңдердің композициясы хақында келелі мәселе көтеріп көрген емес. Ал бұл ерте ме, кеш пе, арнайы әңгіме етуді қажет ететін жәйт. Егер бұл мәселе төңірегінде сөзсайысы бола қалса, Қастек Баянбаев жырларына соқпай өту мүмкін емес. Өйткені ол сөзден жол, жолдан шумақ, шумақтан өлең жасайтын, яки қашанда тұтастыққа, бірегейлікке ұмтылатын ақын. Біз әңгіме қылып отырған жаңа жинағында Қастек Баянбаев өзінің бұл қымбат қасиетін бұрынғыдан да гөрі айқынырақ көрсете білген. «Қолшатыр көтерген он батырдың» кітаптық тұтастығын былай қойғанда, екінші, үшінші, бөлімдерге кірген шағын хикаялар мен ертегілер композициялық әдемілігімен ерекше көзге түседі. Бұл тұрғыдан қарағанда, «Талас», «Көз әйнек киген көжек», «Жалмауыз жайын», «Акула мен аққайраң» арнайы атап айтқанды қалайтын ғибратлы дүниелер, үлгілі туындылар.

                   Жыбыр етсе қарыс мұрт,

                   «Ас беріңдер!» дегені.

                   Ақ шабақтар майысып,

                   Барын алып келеді.

                   Қыбыр етсе құйрығы,

                   «Жиналыңдар!» дегені.

                   Орындауға бұйрығын

                   Бекірелер келеді.

                   Сөйтіп,

                   Сөзден,

                   Күлкіден,

                   Жұртын және айырды.

                   Айдап салып мұртымен,

                   Құйрығымен қайырды.

         Бұл үзіндіні «Жалмауыз жайын» атты ертегіден алып отырмыз. Бірінші шумақтың «жыбыр етсе», екінші шумақтың «қыбыр етсе» деп басталуы тегін емес. Оның үстінде, «дегені», «келеді» деген ұйқастарды көршілес шумақтарда әдейі қайталайды. Ұтымдылық үшін, ұғымдылық үшін о да қажет. Үшінші шумақ алғашқы екі ауыз өлеңнің қорытынды-түйіні тәрізді. «Жыбыр етсе қарыс мұрт», «Қыбыр етсе құйрығы» деп басталған ілкі шумақтар.

                   Айдап салып мұртымен,

                   Құйрығымен қайырды, - 

деп жинақталады. Бұлтарыс-қалтарыссыз сәби санасына тура жететін ұтқыр өлең жолдарының бүкіл қуат-құдіреті, негізінен, міне осындай композициялық шебер өрімде жатыр.

         «Қолшатыр көтерген он батырда» Қастек Баянбаевтың ең қиын деген жұмбақ-жаңылтпаш жанрларын да еркін игеріп қалғандығы байқалады. Жұмбақ – тапқырлық, дәлдік, шеберлік мектебі.

                   Ұшында бір тамшы

                   Уы бар сұр қамшы.

                                                         (Жылан)

                   Бес балаға бір бешпет

                   Бірге киіп,

                   Бір шешпек.

                                                         (Қолғап)

                   Күндіз төбеңе шығады,

                   Түнде шегеге шығады.

                                                         (Бөрік)

                   Ақ сарайын талқандап

                   Шықты біреу талтаңдап.

                                                         (Балапан)

Нағыз талант қиындыққа, қиындықты жеңуге құштар ғой қашанда. Қастек Баянбаев осынау бір азабы көп ауыр жанрға өз еркімен, сеніп барған. Көріп отырсыздар, ақын бұл салада да табыссыз емес. Ауыз әдебиетінің ақ сүтін ақтаған алғыр автор жұмбақ жанрының барлық жұмбағын жақсы түсіне білген. Жинақы десең жинақы жұмыр, шашау шыққан ештеңе таппайсың. Бәрі өз орнында, бәрі өз міндеттерін қалтқысыз орындап тұрған жұмыскер сөздер. Оп-оңай ойланып, жеп-жеңіл жазыла салған сияқты. Бірақ сол алдамшы оңайлық пен алдамшы жеңілдіктің арғы түкпірінде қаншама қиындық, қаншама қара тер, тынымсыз толғаныс, ұзақ сарсылыс барын творчество адамы айттырмай-ақ сезеді. Сезеді де автордың ой әлеміндегі олжасы мен жыр дүниесіндегі жеңісіне іштей қол соғады.

Қадыр МЫРЗАЛИЕВ

ақын, Қазақстан Республикасы 

Мемлекеттік сыйлығының иегері

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan