“Бұланды ауданының “Капитоновский” кеңшарына қарасты Вознесеновка селосында Балуан Шолақтың туған келіні тұрады. Аты – Ғазиза. Осыдан 9 жыл бұрын Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет істеп жүріп, батырдың зиратының басына соққаным бар. Сонда əжей баласы Хайролланың қолында еді. Ал, енді... Иə, олардың одан кейінгі тағдырынан қазір хабарсызбын, қарағым”.
Астана қаласының байырғы тұрғыны, дербес зейнеткер Қасым Аппасұлы Тəукенов ағамыздың айтқан осы сөзінен кейін: “Тəуекел!” – деп жолға шыққан едік. Мəшинеде екі адамбыз. Журналист əріптесім Асқар Ахметов жəне мен. Ақмола өңіріне осыдан 15 жыл бұрын ҚазМУ-дың жолдамасымен келіп, облыстық телерадиода, одан соң “Арқа ажары” газетінде жұмыс істеген ол біздің редакцияға ауысқалы бері бəрімізге жолбасшы. Қазірде де көзі трассадан, қолы рульден босамаған əріптесім бұл аймақты бес саусақтай білетінін аңғартып, Астрахан тас жолының төңірегіндегі елді мекендерді жадуалдай жатқа соғып келеді.
Өстіп отырып Қажекең, Қажымұқан атамыздың кіндік қаны тамған Буденый бөлімшесін артқа тастадық. Одан кейін бір кездері осы облыс атқару комитетінің төрағасы болып зейнеткерлікке шыққан, қазір жүдеп кеткен Өндіріс атты қазақ ауылына келіп, оны арақ ішпейтін, темекі тартпайтын дəулетті де сəулетті селоға айналдырған Қайредден Кəрібаев ақсақалдың иелігіндегі елді мекеннен өттік. Содан соң алдымыздан Жалтыр элеваторының сұлбасы сорайып көрінді. Міне, осы жерге келгенде сəл аялдап, демалайық деген оймен “Нивамыздың” тізгінін тежедік.
Радиатордағы қайнаған суды ағызған Асқар қолына шелегін ұстап құдыққа қарай кетті. Мен келе жатқан бағытымыздың дұрыс-бұрысын анықтамақшы боп жол жиегіндегі буфетке беттедім. Іште қызыңқырап алған үш жігіт пен олардан бөлек үстелде шай ішіп отырған бір шалдан басқа ешкім көрінбеді. Қартқа барып сəлем беріп, жөн сұрадым. Бұл кісі осы жердің тумасы, сүйегі атығай Қапез есімді ақсақал болып шықты.
– Келе жатқан бағыттарың дұрыс, – деді қария. – Енді бірер сағатта Вознесеновканың да төбесі көрініп қалар. Бірақ Ғазиза əжең мен оның ұлы Хайролла онда тұрмайды. Олар содан 8 шақырым əріректегі кордонда. Бұрын Үйсін ауылы делінетін. Кейін Тастыөзек боп жүрді. Ал қазіргі атауы жаңағы... Кордон. Жə... Вознесеновканың өз басында кемпірдің кенже баласы Шайдолла тұратын болса керек. Ол сонда мектеп директоры деп естігем.
– Рахмет ақсақал! Сау болыңыз.
Балуан Шолақтың ұлы Құдайберген, келіні Ғазиза
...Содан көп ұзамай Вознесеновкаға да келіп жетіп, Шайдолланы оп-оңай тауып алдық. Балуан Шолақтың бел баласы Құдайбергеннің отбасында 1958 жылы дүниеге келген, орта мектепті бітіріп, əскеритеңіз флотында жауынгерлік міндетін өтеген, одан соң Алматыдағы денешынықтыру институтын тəмамдаған ол ашық-жарқын жан екен. Амандық-саулық сұрасып, танысқаннан кейін: “Анам Астанадағы Есенбай деген інімнің үйіне кетіп еді. Мен сіздерді қара шаңырағымызды ұстап отырған үлкен ағам Хайролланікіне апарайын. Себебі, əкемнің қасында ең көп жүрген де, сөйтіп одан Балуан атамыз туралы ең көп əңгіме тыңдаған да сол кісі”, – деді аңқылдап.
Жазған құлда шаршау бар ма? Жүре-жүре кордонға да иек арттық. Жұмыр қарағайдан қиып салынған шатырлы үйдің қақпасын төртбақ денелі, мығым мойын, балуан білекті жігіт ашты. Ішке кірген соң: “Хайролла!” – деп таныстырды өзін. Жүзіне барлай көз жүгірттім. Қараторы келген ауыр мінезді адам екен. Іле Шайдоллаға қарадым. Ол көккөз, ақсары жігіт боп көрінді маған. “Демек, атасының өңінің жұқанасы мектеп директоры боп жүрген мына ұрпағына, ал денесінің бітімінен қалған белгі үй иесіне келіңкірей ме, қалай?” – дедім Сəбең, Сəбит Мұқановтың “Балуан Шолақ” повесіндегі суреттеулерді көз алдыма ойша келтіріп. Сөйттім де: “Ағам – қыңыр кісі. Тіл табыспасаңыз, қайта қайрылмайды. Ана жылы бір жазушыға жақ ашпай қойған. Жаратпаса, жатып алады”, – деген Шайдолланың жолдағы сөзін еске алып, сақтықпен сөз бастадым. Жоқ, Хайролла қыңыр мінез танытпады. Бірден шешіліп, сұрақтарыма ынты-шынтымен жауап бере бастады.
Балуанның немересі
Хайролла Құдайбергенұлы Нұрмағанбетов
– Атамыздың кіндігінен тараған бел балалары дейсіз бе? – деді ол жанарын маған тіктей қадап. – Менің білуімше олар үшеу. Үлкен ұлы Исажар, қызы Бəтен, содан кейінгі менің əкем Құдайберген.
– Ол кісі, яғни сіздің əкеңіз сонда батырдың ең кенжесі болды ғой...
– Иə. Құдайберген Балуан Шолақұлы 1901 жылы осы Тастыөзекте туыпты. Атамыз қайтыс болғанда 17 жаста екен. 1937-1941 жылдары репрессияға ұшыраған. Қудалаудан ақталып, елге оралғанда Ұлы Отан соғысы басталады. Міне, сол кезде оны осы Макинкадағы Гомель қаласынан көшіріліп əкелінген əскери зауыттағы қара жұмысқа салған. Мұнда ұста, токарь боп еңбек еткен əкей елуінші жылдары атақонысы Тастыөзекті қайта тауып, орман, мал шаруашылығы саласында жұмыс істеді. Алпысыншы жылдардың басында зейнеткерлікке шықты да 1975 жылы наурызда қайтыс болды.
– Əңгімеңізге қарағанда əкеңіз аты аңызға айналған Балуан Шолақ қайтыс болғанда ержетіп, ес тоқтатқан азамат екен. Демек, ол кісі атаңыз туралы біраз жайларды біледі деген сөз. Олай болса...
– Түсіндім... Əкемнің əр кезгі сөздерінен менің есімде қалғаны төмендегідей жəйт. Қай қиырға бармасын, кімдермен күреске түспесін... Міне, солардың бəрінде батырмен бірге оның аққошқар киесі қоса жүріп отырыпты. Жасыратыны жоқ: рух, аруақ, құдырет деген ұғымдарға күні кешеге дейін мен де онша мəн бермей келген адаммын. Бірақ бертін келе Батыс, Шығыс əдебиеттеріндегі пайымдауларға қарап, жоғарыдағыдай мифтік жебеу күшке сенбеске əддім қалмады. Мысалы, орыс қолбасшысы Суворовтың жеңістеріне жігер беруші ежелгі славяндардың “рост” деп атаған аңы – аю екен. Ал, жыр алыбы Жамбылдың көзге көрінбейтін киесі қызыл жолбарыс дейді. Осыларды ой елегінен өткізе келе соңғы кездері: “Балуан атамның аққошқары туралы əкем Құдайбергеннің де, жазушы Естай Мырзахметовтің де айтқандары рас-ау”, – деген пікірге табан тіреп жүрмін.
– Сонда ол белгісіз күш, яғни аруақ батырға қалай жəрдемдесіп отырған? Түсінде аян беретін болғаны ғой шамасы...
– Жоқ. Аққошқар қиын кезде атамызға емес, қарсыласының көзіне көрінеді екен. Сөйтіп оған айбат шегіп, ықтырып отырған. Тұңғыш рет бұл кие Балуанның Тоқсанбай деген кісінің асындағы күресінде бой көрсетеді. Сонда жеңіліс тапқан түйе балуанға оның шашбауын көтерушілер: “Аты да, заты да белгісіз жас баладан аяғың аспаннан келіп, қирай жеңілетіндей не көрінді сонша?” – дегенде ол: “Мені жыққан Нұрмағамбет Шолақ емес, оның сүзеген аққошқары. Екеулеп жүріп діңкемді құртты”, – деп жауап беріпті. Соған қарағанда атамыздың киесі оның қарсыластарына аққошқар болып елестеп, мысын басып отырған болса керек.
– Жұрт аузында Балуанның ақбоз аты туралы да əңгімелер өте көп. Бұл жөнінде əкеңізден естіген ештеңеңіз жоқ па?
– Əкей ақбоз жөнінде естіп қана қоймаған, оны кезінде көрген де жан. Ол кісінің айтуына қарағанда, бұл жануар өте белді жəне ақылды ат болыпты. Белді дейтінім, атамыз осы Тастыөзектің Аққұдық жайлауында қызы Бəтенді ұзату үшін той жасайды. Сонда жігіттер көкпар тартамыз деп оның үлкен ұлы Исажардан серке сұрайды. Мұны естіген Балуан оларға: “Жапырақтай жалғыз лаққа қайсыңның тақымың толады. Одан да тана тартыңдар”, – деп мүйізі шығып қалған өгізшені бауыздап береді. Намысқа тырысқан небір атпал азаматтар əлгіні қозғалта алмай, əуре-сарсаңға түседі. Жігіттердің ақ тер-көк тер болғанын көрген атамыз түс қайта ақбозбен “көкпарды” жерден үзеңгі бойы көтерген күйі ауыл шетіндегі Айша деген жесір əйелдің есігінің алдына апарып, солқ еткізіп тастай салады. Сонда батырдың астындағы аты əлгі екі аралыққа дейін сымдай созылған күйі аяғын санай басып, сыр бермей жетті дейді көргендер. Ал, оның ақылдылығын мынаған байланыстырып айтады. Өрістен қайтқан малды байқастаған үлкен кісілер төбе басына жиналып, əңгіме-дүкен құрмай ма? Немесе ауылдағы шал-шауқан жатарда дəрет алуға далаға шықпай ма? Міне, сондай кездерде егер олардың арасынан Балуанның қарасы көрінсе немесе оның дыбысын естісе жарықтық ақбоз өрісте жүрген жерінен желіп отырып келіп атамызға бір соғып кетеді екен. Ол кісі иығын тұмсығымен түрткілеп: “Мен келдім!” – деп тұрған оның мойнын алқанымен қағып еркелеткеннен кейін ғана аты үйірдегі жылқыларға қайта барып қосылатын болған.
Балуан Шолақ көтеріп, әудем жерге апарып қойған
1 тонна 70 келі (67 пұт) тартатын тас
– Көп ретте біз: “Əке – балаға сыншы”, – дейміз. Бірақ өмірде баланың да əкеге сын көзбен қарайтын кездері болады. Сіз дұрыс түсініңіз. Мен мұны жақсы мағынада айтып отырмын. Ол мəселен...
– Біліп отырмын. Бұл сауалыңыз арқылы менен: “Балуан Шолақ қандай адам болған? Əкеңіз одан қандай ерекшеліктерді байқаған?” – деген жəйттерді сұрағалы отырсыз ғой. Естуімше, атамыз құстамақ, кірпияз кісі екен. Соншама алып күш иесі бола тұра тəбеті қатардағы адамның ас ішуінен аспаған. Дəл осындай ұқсастықты мен Қажымұқан туралы бұдан көп жыл бұрын шыққан бір жинақтан оқып едім. Сонда Қажекеңнің өмірінің соңғы кезеңінде отасқан зайыбы Мінəй əжеміз тура жоғарыдағыдай жəйтті, яғни ол кісінің барға қанағат ететін жан екенін, асқа деген асып кеткен аусарлығы болмағанын айтады. Міне, біздің атамыз да осындай кісі екен.
Сосын... Иə, сосын Балуан Шолақ атты алып күш иесі денесі таудай дейтіндей соншалықты жойыт адам болмапты. Рас, сұсты еді, денесі ортадан биік сидам боп көрінгенімен, мойны мығым, жауырынында алапат күш жатқан жан еді дейтін əкем. ажабы сол, жай кездері атамыздың денесіндегі еттері тым бос, терілері салбырап тұрғандай олпы-солпы боп көрінеді екен. “Балуанмын дейсіз. Қолыңыздың терісін ұстап көрсем ылбырап созыла береді. Күшіңіздің қай жерде жатқанын көре алмай тұрмын батырекесі”, – дейді Үйсін ауылына күйеусініп ойнаған бір қыдырмашы. Сонда атамыз: “Ал, онда білегімді тістей ғой. Қырши алсаң – бəсіңе қырық серкеш. Оны үйіңдегі жиеніме бүгін-ақ айдатып жіберейін”,– депті. Мұны естіген күйеу білекке ауызды салып кеп жібереді. Байқайды, Балуанның еті манадағыдай бос емес, қатып қалған бір қаратас (Сөйтсе қандай да бір рефлекс туа қалғанда жай кездегі бос терілердің арасы буылтық-буылтық бұлшық етке толып шыға келуі ол кісінің денесінің туа бітті əдеті екен). Ақыры батырдың білегін қыршымақ түгілі, оның терісіне тісінің табын да түсіре алмаған қонақ ағат айтқан сөзі үшін атамыздан кешірім сұрапты. Жоғарыдағы тақырыпқа байланысты менің білетінім міне, осындай əңгімелер.
– Ал, енді Балуан Шолақтың кенже ұлы – өзіңіздің əкеңіз ше? Біздің ойымызша Құдайберген ақсақалда да атаңыздың бойындағы əн, күрес өнері сияқты қасиеттерінің болмауы мүмкін емес сияқты.
– Əкемнің əн айтып, домбыра шерткенін шешем Ғазиза білмесе, мен өз басым көргенім жоқ. Əңгімешіл еді. Сізге айтып отырғанымның бəрі менің жас кезімдегі сол кісіден естігендерім. Ал, күш жағына келгенде əжептəуір қайраты бар екенін сеніммен айтуыма болады. Денесі төртбақ, кең иықты ол кісінің салмағы 130 килограмм еді. Аудан орталығы Макинкадағы “Сельпоның” қоймасынан тауар тасып жүргенде 100 литрлік сумай құйылған темір бөшкені машинаға бір өзі көтеріп қойғанын көрген жандар ауылда күні бүгінге дейін бар. 1963 жылғы Қайрақтыдағы бір көрініс есімнен кетпейді. Əкей сонда қолдан тоқылған алашадан жасалған 2 центнерлік бидай толы қанарды қиналмай көтеріп, диірмен шанағына құйған еді. Соған қарағанда ол кісіде біраз қара күш болған-ау деп шамалаймын. Бірақ шаршы топтың алдына шығып күреске түсіпті дегенді көргенім де, естігенім де жоқ.
– Жазушы Сəбит Мұқановтың “Балуан Шолақ” повесінде батырдың Қайрақты селосының старостасы Егор Пропадконың қастандығынан қаза тапқаны айтылады. Осы дерек дұрыс па?
– Жоқ. Əкемнің, көнекөз қарттардың айтуынша атамыз өз ажалынан қайтыс болған. Революциядан кейін бір жылдан соң, ел күздеуде отырғанда Балуанның түсіне кірген əулие-əнбиелердің бірі оның ақбозын жетектеп ала жөнеледі. Атамыз: “Таста, тастап кет атымды!” – деп жалынады. Бірақ олар қайрылмайды. Жалбарынғанынан ештеңенің өнбесіне көзі жеткен соң: “Ендеше ақбозбен бірге мені де ал.., Ала кет жаратқан!..” – деп жатып оянып кетеді. Таң атысымен ұлы Исажарды шақырып алып, қораға жұмсаса, ол үсті-басын тер басқан ақбоздың қалшылдап тұрғанын айтады. Содан бірер күн өтісімен əлгі жануар да, іле көп ұзамай Балуан да бақилыққа аттанады.
– Сонда Сəбең жоғарыдағы жəйтті неге сүйеніп айтқан деп ойлауға болады?
– Менің пікірімше, ол мынадай жағдайға байланысты ғой деймін. Казак орыстардың қолынан Балуан емес, оның үлкен ұлы Исажар опат болған. Қалай дейсіз ғой... Атамыз көз жұмған соң Қайрақтының қарашекпен мұжықтары Тастыөзектегі туыстарымызға қайтадан тізе батыруға көшеді. Сонда басынан бағы ұшқан Балуан ауылының намысын жыртатын жалғыз Исажар ағамыздан басқа ешкім болмайды. Міне, сол кісіні келімсектер 1932 жылы орманда аңдып жүріп атып кетеді. Басқасын білмеймін, маған кейде Сəбең “Балуан Шолақ” повесін жазғанда бас кейіпкерге қатысты оқиғаны қоюлату үшін осы детальды əдейі финалға шығарды ма екен деген де ой келетіні бар, Бұған аталмыш шығарманың “ұлы орыс халқының” басынан құс ұшырмай тұрған кез – 1940-1941 жылдары жазылғанын қосыңыз. Міне, заманның сондай уақытында жазушыға мүмкін Балуан Шолақты 1916 жылғы ұлтазаттық көтерілісіне араластырып, ақтар офицерінің қолынан қаза таптыру, сөйтіп шығарманы міндетті түрде таптық тұрғыдағы көзқарас талабымен алып шығу қажет те болған шығар. Бірақ қалай дегенде да Сəбеңе рахмет! Өйткені, ол кісі жоғарыдағы повесті Балуанның өмір жолының ізі əлі өшпей тұрғанда, көзкөргендерінің мол кезінде жазды ғой. Демек, ондағы көптеген оқиға, эпи-зодтарда шындық бар деген сөз.
– Ендігі білейік дегеніміз мынау еді. Айтыңызшы, үйіңізде Балуаннан қалған бір зат, белгі, жəдігер бар ма?
– Оны Астанадағы апам біледі. Сол кісіден сұраңыз. Жасы сексенге жақындап қалған шешеміз:“Ескіден қалған көз”, – деп бірдеңелерді сандығына сақтап жүретін. Бар болса айтады. Көрерсіздер.
...Əңгіме осымен бітті. Шай ішіп, кəделі тамақтан ауыз тиген соң Балуан атамыздың басына баруға жиналдық. Зират кордоннан 5 шақырым жердегі алаңқайда екен. Жан-жағын қарағай мен қайың көмкерген, ені 2 шақырым, ұзындығы 3 шақырым селеулі далада үлкен төбе тұр. Оның төңірегіне үйдей-үйдей 7 қойтас қойылыпты да 8-ші əйдік тас бейіттің басына шығарылыпты, Оған: “Балуан Шолақ. 1864-1919 ж.ж.” – деп жазылған. Басқа ештеңе жоқ. Зираттағы 8 қойтастың сырын Хайролла мен Шайдолла: “Өз заманының сегіз қырлы, бір сырлы перзенті еді. Табиғат өзі берді, өзі алды. Енді, міне, жер қойнында жатыр деген ұғымды білдіреді”,– деп түсіндірді.
Хайролланың айтуына қарағанда, 1925-1927 жыл-дары батырдың артында қалған ел-жұрты оған күмбез орнатқан екен. Бірақ Балуанға қаны қарайған орыстар отызыншы жылдары осы белгіні екі рет қиратыпты. Үш рет далаға өрт жіберіп, төңірегін тып-типыл қылған. Қазіргі біз көріп тұрған үлкен төбе сол күмбезден қалған үйінді топырақ болып шықты. Неткен қатыгездік десеңізші.
Зират басында біраз тұрған соң біз қайтуға жиналдық. Хайролла мен Шайдолла жол айырығына келгенде түсіп қалып, сəт сапар тіледі. Сөйтіп, қайтадан Астанаға қарай бет алдық. Ендігі мақсат – Балуан атамыздың келіні, сексеннің сеңгіріне шыққан Ғазиза əжеге жолығу.
...Астанаға келген соң ертесінде біз Ғазиза əжейді іздеуге кірістік. Таптық та. Ол кісі елордадағы Пушкин көшесінің 167-ші үйінде, кенже баласы Есенбайдың қолында ғұмыр кешіп жатқан болып шықты.
Балуан Шолақтың келіні
Ғазиза Мәтенқызы
Біз келгенде апамыз үкінің ұясындай бір бөлмелі пəтерде жіп иіріп отыр екен. Байқаймыз, əжей əлі тың сияқты. Келген шаруамыздан хабардар болған соң ынты-шынтымен əңгімеге кірісіп кетті.
– Мен осы өңірге белгілі Мəтен деген ескіше оқыған діндар адамның қызы едім қарағым, – деді үй иесі алғашқы сұрағымызға. – Ол кісі атақты Науан хазіреттің алдын көріп, одан дəріс алған көзі ашық жан болатын. Мен міне, сол отбасында тəрбиеленіп, өстім.
– Отағасыңыз, Балуан Шолақтың баласымен қалай таныстыңыз?
– Ұмытпасам Ұлы Отан соғысының бел ортадан ауған кезі. Бұл уақытта менің жиырмадан жаңа асып, бойжеткен шағым. Ақмоланың базарына келдім. Сол жерде Құдайберген атты жігітпен кездестім. Аңқылдаған ақкөңіл жан екен. Артымнан қалмай іздеп келіп жүрді. Əкеммен танысып, келе-келе екеуі ұзақ əңгімелесетінді шығарды. Бір күні əкей шешеме: “Қызым менің айтқан тілімді алсын. Мына жігіттің етегінен ұстаса қор болмайды. Бұл əйгілі Балуан Шолақтың ұлы Құдайберген. Аруақты аттағандай болмайық. Тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы екенін ұмытпайық”, – депті. Ойлана келе келісімімді бердім. Əке-шешемнің ақылына тоқтағаныма кейін өкінгенім жоқ. Өйткені отағасым тұрмыста өте жайлы, өмірде қас-қабағыма қараған қайырымды адам болды.
– Ол кісіден қанша ұл-қыз бар?
– Құдайбергеннен 12 құрсақ көтердім. Солардың 5-уі аман-есен, тіршілік кешіп келеді. Үлкен ұлым Хайролланы көрдіңіздер. Тастыөзекте тұрады. Шайдолламен де əңгімелесіпсіздер. Хамидолла – кəсіпкер. Есенбайым болса осы Астанадағы жөндеу зауытының шебері. Ал Асыл атты қызыма келсем, оның мамандығы есепші. Ол Ақмоладан 40 шақырым жердегі Мəтен стансасында бухгалтер болып қызмет етеді. Балуан Шолақ аталарыңның немерелері, ұрпағы міне, осылар қарағым.
– Сіз қазақтың ардақты адамының келінісіз. Сол үйдің түтінін түтетіп, қазан-ошағын ұстаған жансыз. Көненің көзі ретінде айтыңызшы... Қара шаңырағыңызда Балуан Шолақ атамыздан қалған бір зат, белгі, жəдігер бар ма?
– Мен келін боп түскенде бұл үйде батыр атамыздың өзі ет жеп, қымыз ішкен ағаш табағы мен қайыңның безінен жасаған тостағы бар екен. Бертінде, яғни алпысыншы-жетпісінші жылдары оларға сызат түсіп, жарылып, пайдалануға жарамай қалды. Қазір сол ыдыс-аяқтың бір-екі сынығы бар. Ол шүберекке түйіліп, сандығымда жатыр. Содан кейін... иə, содан кейін Қаныке енемізден қалған асыл тасты жүзік бар. Оны мен ғұмыр бойы сақтап келіп, таяуда қызым Асылға бердім. Қазір бұл жəдігер соның үйінде тұр. Одан басқа атап айтар ештеңе жоқ.
– Сексенге келген осы жасыңыздың ішінде Балуан Шолақтың ұрпақтарын іздеп келген, оның қара шаңырағына ат басын бұрған атақты адамдар болды ма? Болса олар кімдер еді деп айтар едіңіз?
– Иə, ондай жандар болды. Бірақ аз. Солардың ішінде төртеуі мықтап есімде сақталып қалды. Олар: Алматыдан арнайы іздеп келген этнограф Əшімбек Бектасов, қарағандылық жазушы Жайық Бектұров, Көкшетауда тұратын қаламгер Естай Мырзахметов жəне Целиноград облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған Қасым Тəукенов. Бұлардың бəрі де біздің отбасының шын жанашырына айналған адамдар болды. Оларды ылғи да ыстық ықыласпен еске алып отырамыз.
– Ақмола өңірін Балуан Шолақтың туған жері деп айтамыз. Бүгінгі облыс, аудан басшылары аты аңызға айналған сол тұлғаны есте қалдыру үшін қандай шаралар өткізгенінен хабарыңыз бар ма? Олар сізді, Балуан Шолақтың ұрпақтарын біле ме?
– Жоқ. Олай дейтінім, бұл өңірде бірде-бір елді мекенге, мектепке, олардағы көшелерге Балуан атамыздың аты берілген жоқ. Білсе, осылай істер ме еді? Осыдан алты жыл бұрын Алматыдағы Спорт сарайы атамыздың есімімен аталғанын естіп қатты қуанғанбыз. Ал мұнда ондай игілікті істің қарасы əлі көрінбейді. Бұл бұл ма, Арқаның ардақтысы осы бір аяулы жанның басы əлі күнге қарайтылған жоқ. Биыл Балуанның қайтыс болғанына 80 жыл толған соң өз күшімізбен ас беріп, зиратын шама-шарқымызша жөндеген болдық. Елге, қарапайым халыққа рахмет! Асқа келді. Бірақ облыс пен аудан басшылары қара көрсеткен жоқ.
...Ғазиза əжеймен бұдан кейін де біз көп əңгімелестік, көптеген жəйттерге қанықтық. Кейін редакцияға ертіп келіп, сұхбатымызды одан əрі жалғастырумен болдық. Сондағы айтылған естелік, сырлар бөлек жазатын мəселе. Қазірше біз сіздерді құрметті оқырман өмірде осындай адамның бар екендігін, ол кісінің Астанада сау-сəлемет жүріп жатқандығын хабардар ету. Иə, Балуан Шолақтың келіні азиза апай Астанада тұрады. Осы қаланың байырғы тұрғыны, сексен жастағы əжеміздің мекен-жайы ұзындығы төрт метр, ені үш метр келетін барактағы жалғыз-ақ бөлме. Сеніңіз, сенбеңіз бұл шындық. Атақты азаматтарымыздың бірі Абдолла Асылбековтің ұлы Алматыда көше сыпырып жүр. Есімі елге мəлім Балуан Шолақтың келіні, зейнеткер Ғазиза əжей кенже ұлы Есенбайдың отбасымен бірге Астанадағы үкінің ұясындай сыз барак бөлмесінде ғұмыр кешіп жатыр. Парадокс!..
1999 жыл.
Белгілі журналист Жанболат Аупбаев
Авторлық анықтама. Осы мақала жарыққа шыққан соң Балуан Шолақ бабамыздың атажұрты – Жамбыл өңірінде жанды қозғалыс байқалып, сондағы облыстық əкімдіктен редакцияға телефон соғылды. Ойлары – батырдың басын қарайту екен. Бұл бастамаға Астанадан сол кездегі Мəжіліс депутаты Арғынбай Бекбосын ағамыз қосылып, «Егемен Қазақстанға» оның жолы мен жөн-жобасын көрсеткен жақсы мақала жазды. Ақмолалық кəсіпкер-бизнесмен Марат Нəбиев болса, қаржылай көмек көрсетуге дайын екенін айтты. Сөйтіп сең қозғалды. Нəтижесінде 2004 жылы жазда, Балуан Шолақтың туғанына 140 жыл толу қарсаңында зират басы қарайтылып, қызыл граниттен ескерткіш орнатылды. Оны сол кездегі Жамбыл облысының əкімі Бөрібай Жексембин өзі бас болып келіп ашып берген жайы бар.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.