Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Жасыл түнмен тысталған кітап...

06.03.2023 8610

Жасыл түнмен тысталған кітап 14+

Жасыл түнмен тысталған кітап - adebiportal.kz

(Құсни сөз)

Жақсы көріп оқитын жазушыларымның бірі Орхан Памуктің «Бір күні өмірімді өзгерткен кітап оқыдым» деп ақтарылғаны бар. Ауыр ма, жеңіл ме? Жақсы ма, жаман ба? Таразысын тап баса алмасаң да тағдырыңа айналған мұндай сиқырлы кітаптар кім-кімнің де көңіл көкжиегінде күлтеленіп тұратыны анық. Ол кітаптар – жан дүниеңмен біте қайнасып, бірге туып, бір өргендей; не тосын төбеңнен түсіп, санаңды сілкілегендей бір ауық ықылым күй кештіреді. Өміріңді тұтастай басқа арнаға бұратын қанатты кітаптар жазымыштың сиы ма, сынағы ма? Оның ара жігін ашып, салмақтай алмасаң да, солар туралы айтқың келеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Көкіректерінде ұлыған жетім бөрі

Ол кітап – жасыл түнмен тысталған-тұғын. Көгілдір Айдың сәулесі астында мың жылдық мықан ағашының селдір бұтағы қалтырап тұратын. Ай нұрымен таранған түн қызының болмашы бейнесі де болды ғой деймін. Анығы кітаптың мұқабасы (жаны деп білсеңіз де болады) тым мұңлы еді. Езілген, жаншылған мұң емес. Өжет, қайсар, өз-өзінен жетілген, кемелденген мұң болатын. Мұқабаның келесі бетінде көгілдір Ай сәулесіне малынған бір шумақ өлең тұратын. Ай нұрымен қашап жазғандай еді.

...Мен мезгілге суретімді көп сыздым

қара бояу жақты бірақ, тексіз күн.

Қасыретім орасан –

және сондай орасанмын

шексізбін…

Тура осы өлең. Үлбіреп тұрған кестелі күй. Ынтызар зауық.

Мен осы өлеңнен туғанмын.

Мен осы кітаптан шыққанмын.

Ол кітаптың алғашқы әуені «Тырналардың» сағынышты сазымен басталатын. Күн өткен сайын көкірегімде жаңғырған ол дауыстан мен еш жаңылған емеспін. Қазір де айтып бере аламын.

Жеткенін күздің естіртіп,

тырналар қайтса тыраулап.

Кеудемде жатқан ескі үміт,

түсетін еді бір аунап.

Осылай әуелеген үміт оты барған сайын тұтанатын, қоздайтын, шоқтанатын. Кітаптың әр парағы құс қауырсынындай қалықтай жөнелетін де, соңғы беттері жабылғанда екі иығыңда екі қанат қомданып тұратын. Тырналардың нәзік тырауы «Қобыз дауысының» қуатты ағысын бойлап, қыл ішектің соңғы дірілі кеуде тұсыңда ұзақ ыңылдап тұрғанда; Батыс та сенікі, Шығыс та сенікі, қалауыңша жұмсайсың, қалауыңша жусайсың, ғафыл дүние алақаныңды күйдіріп, мәңгілік жалғыздығыңмен бетпе-бет келгендей бір ұдай күй кештіретін. Содан соң қасыретті жеңіспен аяқталатын фильмнің соңғы кадрларындай, нарау тартқан кешкі шапақтың аясымен ұштасқан «Қобыз дауысының» әлі айықпаған өксігі мен ауыр күрсінісі түп тамырыңнан қақ жүрегіңе дейін тартылып, ұзақ шымырлайтын.

Осының бәрі қайыра жыл санағандағы оралмас шаққа деген өкінішімнің қайта соққан аңсары ма, шын мәнінде боз бала Ұмтыл осы күйдің бұлауында болды ма? Болса қайсы түйсіктің төңірегінде тіл табысты? Осы сұрақтардың бәсі мен мәнін безбендей алдым ба, білмеймін. Бір анығы көгілдір түнмен тысталған осы бір жұмақ кітаптың ішінде мен «Сұлулықта ояндым». Балапан қанаттарым бүр жарды. Қанат қақты. Таяздық пен жадағайлықтан қаштым. Мен үшін басқа өлшем де, басқа әлем де болмады. Өлең тек осылай болу керек деп шештім. «...Таулар, таулар, мен сендерден сұранам, Қарамай-ақ маған кете беріңдер». Осындай ізгілік жолын мен өлең деп ұқтым, өмір деп сүйдім. Иран бағынан Шираздың жеті бұлбұлын тыңдадым. Байрон мен Омарғазының бұйра шашындай шытырман қиялдың тұңғиығына шомдым. Чайковскийдің «Аққулар көлінде» жүздім. «Батыстағы баба таулар өз жұлдызын арулап көмген «Диуананың өліміне» куә болдым. Қорқыттың қобызынан Бетховеннің сонатасын ауладым. «Еркін Аспан өлеңін» еншіледім. Есенинше ұлыдым. Мұқағалиша мүжілдім. Тоналдым. Таптым. Тудым. Түледім. «Сен мені шақырма биіңе, Бәрі бір бас тартам» деп ақырғы қазығымды қақтым!

...Адамзат қарыздар болса кітапқа ғана қарыздар шығар.

Қанатты кітаптарға

Жаралы кітаптарға

Қаралы кітаптарға

Мертіккен

Шалдыққан

Туған

Өлмеген

Кітаптарға қарыздар шығар…

Сол кітаптардың бәрінің мұқабасы маған бөрінің көзіндей жасыл, бейістің лебіндей өткір түнмен тысталғандай, орасан қасыреттің шылауынан шексіздікке қол ұмсынғандай өміршең көрінеді.

Кітаптың деміне уланғаным сонша, авторының бұл өмірде бар екенін ұмытқам. Ол маған ешқашан жер басып жүрмегендей сезілетін. Ол маған бірде «мәйхана төрінде кемсеңдесе», бірде «тас моланың» түбінен қылаң беретін. «Тылсымат оқулар мен тым күшті пайымдарға» толы күмбезді көк айдарлардан тұнжырай қарайтын. «Бозамық Айдың бозарған сәулесі астында», «Жалаң аяғымен қар кешіп» міскіндерге «Қайыршының қиялымен» паңданатын. Мен әр рет ескі лашығын аттаған сайын арындай таза, қанындай ыстық шарабымен сыйлайтын. Сонда да екеумізге бір нәрсе жетпей тұратын. Мендегі уақыт пен кеңістік тұтас жап-жасыл түнге малынатын. «Кір ғаламның кінәсіз бір бөлшегіндей» сол болмыстың бояуы мені әлі де шарпып келеді.

Мен ол кітаптың жасын білмеймін.

Өткені мен кеткенін пайымдамаймын. Болашағын болжамаймын.

Екеуміз де есейдік. Көп сүрініп, көп жеңілсек те аз нәрсені түйдік. Биік парасатқа құрылған адал, аңқау өлеңнің ғана өміршең болатынын ұқтық. «Бейістің жасыл сирақ әсем құсындай» ол кітап – жасыл бояуын әлі төгіп тұр. Ол еш жүйеге бағынышты емес. Ол ұлы уақыттың ғұмырлық рухымен тыныстап, уақыттың өзіне айналып барады.

Жап-жасыл түн жұпары арасынан қанат қаққан ол кітаптың аты – «Түнгі сарын» болатын. Авторы жазылатын тұстан Мұрат Шаймаран деген жылы есімді көретінмін. Суреті де қызық. Байрон мен Пушкиндікіндей емес Омарғазыға тән қоңыр бұйра шаш. Ойлы, аясы кең мейірлі көз. Қою мұрт. Шығыстық бейнедегі осы сурет кітапқа қапиада келіп қонғандай тылсым әсерден, мен көп жылдар өткеннен кейін де арыла алмағанымды білдім. Әйтпесе, маңғаз ақынды ҚазҰУ-дың қалашығынан алғаш көргенде, қиялымдағы ақын мен алдымда тұрған ағаны тоғыстыра алмай неге сонша әуреге түстім екен?

«Алматының ескі көшелерінен» жұлдыздай аққан жасыл түн сол сәт тағы бір қанат қаққан. Дүр сілкінген.

Тіршіліктің терең иріміне тоғытылып, бір шығып, бір батып, өзіңнің әуелгі бейнеңді қапыда қармап қап, адасып, қайта тауып, үзіліп, бұлдырап, алыстап кеткен Меніңе қайрыла ұзақ қарап, шырамытып, шырғалаңнан шыға алмай жүрген сәтіңде, санаңның тым алыс түкпірінен жасындай жарқ етіп, әлди күйіңе әкелетін осындай қуатты кітаптың аз өміріңе алданыш болғаны жер басып жүргеніңнің куәсі емес пе?..

Жасыл түннің дұғасы әлдилей бергей.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар