Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Жаздыгүні жауған қар...

24.11.2016 5896

Жаздыгүні жауған қар

Жаздыгүні жауған қар - adebiportal.kz



(Повесть)



unnamed.jpg

Жолданбаған хат:

Әке, білесіз бе, мен сізді жақсы көреді екем. Бірақ, осы уақытқа дейін бұл жайлы сізге тіс жармаппын. Неткен қатігезбін. Кейде «сізді ай мен күннен артық көремін» деп айтқым-ақ келеді. Бірақ, жеме-жемге келгенде тартыншақтаймын. Жасанды естілетін секілді. Әке, мен сізге деген махаббатымды ешқашан айтпаймын. Себебі, анам секілді ұялшақпын. Анам жұртпен сөйлесе алмайтын. Солай деуші едіңіз. Мен есімді біле бастаған шақта ол бақилық болып кетті. Сонда сіз бізге екінші рет үйленген жоқсыз. Мен сіздің осы ерлігіңізге өмір бақи разымын. Иә, осыныңызға ерлік деген баға бердім...

Әке... Мен сізді жақсы көрем...


* * *


Үйіне таңға жақын келді. Түні бойы қайда болды, білмейді. Меңіреу далада жүргені, өзен жағасында отырғаны еміс-еміс есінде. Қақпаны ашып кіргенде есік алдына бос жүрген иті арсалаңдап келіп мойнына асылды. Онсыз да ашуы тамағында тұрған Пақыр:

- Жоғал! - деп баж ете қалды.

Өзі намысқой ит еді. Қараптан-қарап иесінен айқай естігеніне күйінді ме, оған тәкәппар көзбен бір қарады да, маңғаз қимылмен кері бұрылды.

Сыртта жарық болғанымен, үй іші әлі де болса қараңғы екен. Сол қолымен ауаны қармай қонақ бөлмеге өтті. Мұнда тып-тыныш. "Түні бойы қайда болдың?" деп қату қабақпен қарсы алатын әйелі жоқ. Тек, төрт қабырға ғана қуанбаса...


Үстіндегі қорғасын тарта бастаған қара костюмді алтын түстес орындыққа ілді. Шаршап тұр, бірақ, ұйқысы жоқ. Елегізи бастады. Үйі үй емес, көр секілді. Бұрыштағы шыны үстелде тұрған шамды жақты. Осыдан соң ғана көңілі орнына түскендей. Сырт-сырт жүріспен асханаға өтті. Бірдеңе жеген болды. Бірақ, тамағынан өтпеді. Тас жеп отырған секілді. Үстелде жатқан газетті алып оқи бастады. Әйтсе де, не оқығанын түсінбеген. Ойы мүлдем басқа жақта. Тоңа бастағанын сезді. Таң қалды. Қазір жаз айы емес пе? Тоңғаны несі?


Пақыр үшін бүгінгі күн - өміріндегі ең бақытты, әрі ең бақытсыз күн. Ол бүгін кенже қызы Диананы ұзатты. Жиырма жыл қанаттыға мүлдем қақтырмай, шамасы келгенше қанаттыға да, қанатсызға да жолатпай адам қылған Диананы қайдағы біреуге бере салды. Сол тойда ол өте бақытсыз жүрді. Көңіл-күйі еденде жатты. "Құдеке, Құдеке" деп жанына келгендерге жымиған болды. Бірақ, онысы шынайы шыға қоймады. Тұңғыш қызы Бақытты ұзатқанда дәл бұлай жабырқамап еді.


Той бітпей шопырымен қайтып кетті. Соңына дейін отыруға дәті жетпеген.


Қала артта қалды. Алда - Нұршуақ ауылы. Бүгінгі шілде түні сүттей жарық. Көлік ішіндегі қапырықтан ыстықтап кеткесін, терезені түсірген еді, салқын леп бетінен ұрды. Сонда ғана жаны жай тапты. «Шіркін, ауыл неткен тамаша еді». Қаладағы көлік кептелісінен жүрегі қысылған болатын. Көкорай далаға шыққанда ғой, құшырлана дем алды. Оң жағында ұйқыдағы батырдай шалқасынан жатқан тау көзіне қарауытпай анық көрінді. Тас-пас, асуларына дейін. Дәл етегінде пойыз ирелеңдеп барады. Шұбалшын секілді. Жыланға ұқсатқысы келіп еді, бірақ, көзіне шұбалшыннан басқа ештеңе келмей қойды. Сондай баяу. Маңғышлақтан келе жатқан «есек» пойыз ғой, шамасы. Жұмыс бабымен талай отырған пойызы. Сонда бар ғой, барар жеріне жеткенше өліп кете жаздайтын.


...Көлікті айдап келе жатқан шопырына:

- Осы жерден тоқта... Ары қарай өзім барамын, - деді.

Шопыр Пақырға жалт қарады. Жұқа жүзіндегі бадырақ көзі алақандай болып кеткен: «Ары қарай өзім дегені несі? Ауыл іші болса мейлі, айдала».

- ?

- Мені осы жерден тастап кет.

Шопыр енді шын таң қалды. «Есі дұрыс па?»

- Әкеңнің... Тоқта деймін, - деп Пақыр шопырды жеті атасынан сыбады кеп. - Мені осы жерден түсір, сөз түсінбейтін ит неме...

Шопыр жарықтық жүдә момын. Пақырға осынысы ұнайтын. Еш себепсіз ұрыссаң, жет-жебіріне жетсең де, үн-түнсіз отыра береді. "Таз ашуын тырнадан алады" демей ме, Пақыр аудандық, облыстық нән жиналыстардан су тер болып шыққанда ішіндегі бар зәрді шопырына төгетін. Шіркін, мыңқ етпейді ғой, мыңқ етпейді. Шопырларды қолғаптай ауыстырған Пақыр осыған келгенде тоқтаған. Шиеттей үш ұлы бар екен. Әйелі мектепте ән сабағынан сабақ береді дейді білетіндер. Бірде Пақыр көңілі көтерілгенде:

- Жағдайың қалай? Қысылма, әкеңнің... Айта бер. Бірдеңе керек пе? Жалақың аз емес пе? - деп шопырды қыспаққа алған. Ол ештеңе сұрамады:

- Менде бәрі дұрыс, көке. Жағдай жақсы. Біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей ғой. Шүкір, Құдайға да, сізге де ешқандай реніш жоқ, - деп жылы жымиған-тұғын. Пақыр елжіреп кеткен сонда. Неткен қанағатшыл еді. «Шіркін, жоғарыдағы шенеуіктер осындай қанағатшыл болса... (қанағатшыл шенеуік көз алдына елестемей қойды, шамасы, табиғатта жоқ болуы керек) Әлгі Жапонияң секілді баяғыда көркейіп кетер ме едік».


...Жүрісі өнбей келеді. Аяғына жармасқан жылбысқы шөпке сүріне берді. Қайта тұрады, тағы сүрінеді. Аздап мас. Әлгінде тойда қызына тілек айтқасын ащы судан тартып-тартып жіберген. Ішіне шоқ түскендей қайнап кетті. "Қызым, бақытты бол!.. Жылағаның не? Қой... Мені ойлама... Сен бақытты болсаң, мен де бақыттымын... Барған жеріңе..."


...Үп еткен жел жоқ. Құп-құрғақ қапырықтан ауа жетпей қылқына бастағасын мойнындағы шоқпар галстукты ағытты. Сонда ғана басына салқын қан жүгірген. Ән айтқысы келді:


- Армандастар қ-а-а-й-да, замандастар қ-а-а-й-да...


Ары қарай білмейді. Бірақ, осы екі қатар өлеңді айтқанда, көңіл-күйі күрт көтерілді. Ішіндігі шері сыртқа әнмен бірге төгілген секілді. Шынында да замандастары қайда екен? Көбісі мектеп бітіргесін, оқуға түскендері оқып, бітіргесін, көбісі қалада тұрақтап қалды. Пақыр ғана ауылына қайтты. Құрдастары сонда: «не бар ауылда? Қалмайсың ба қалада?» деп ақыл айтқан. Бірақ, Пақыр оларды тыңдамады. Ішкі түйсігі «ауылыңа қайт, туған жерге туыңды тік» деп тұрды. Несі бар? Мұнда келіп, жаман болған жоқ. Ауылды қойып, бүкіл ауданда өзіне жетер абыройы бар. Талай иігілікті істерді істеді. Туған жерді көркейтуге ат салысты. Ауыл халқы жайдары ғой, шіркін. Әйтеуір, осындай дархан пейілді адамдар арасында өмірі көңілді өтті. Өткенге өкпесі жоқ. Ал, қалада тұрақтап қалған армандастары ше? Олар әйтеуір қалың халық арасында көзге көрінбей, елеусіз ғана жүр. Өзі ешкімді керек етпейді, басқалар да оны іздеген емес. Миллион арасындағы кісікиіктер. Әрине, бәрі емес. Бірақ, көбісі сондай. Қаладағы көлік түтіндері аппақ көңілдерін қарайтып жіберіпті.


Ара секілді "і-і-і, і-і-і..." деп ыңылдап келеді. Құдды оқыстан тамағына бірдеңе кептеле қалғандай. Бір кезде құлағына сарылдай аққан су дауысы естілді. "Пақыр, кел мұнда" деп шақыратындай ма, қалай?.. Солай болып шықты! Тапты. Өзен екен. Жағасына келіп гүрс құлады.


"Ех, Пақыр... Кеше ғана ортаншы қызың Лаура кигізген костюмді лай қылдың ғой. Оңбайсың сен, Пақыр!"


Іші удай ашыды. Егер бұл костюмді өзі алса, дәл бұлай өкінбес еді. Бұл костюмді жан қызы кигізді ғой, жан қызы... Лаурасы... "Әке, сіз үшін тіктірдім. Тойдағы ең әдемі кісі - сөзсіз сіз боласыз. Қане, киіңізші... Мә-ә, әкетай, м-ә-ә... Мүлдем танымай қалдым ғ-о-о-й. Дүниедегі е-е-е-ң әдемі әке сізсіз.. Енді, мына галстукты тағыңызшы..."


"Кешір, қызым... Кешірші..."


Костюмді жумақ болып қолын өзенге малғаны сол, дір ете қалды. Су сондай мұздай. Мастығы лезде тарап кетті. Осы кезде ғана жан-жағына анықтап қараған. Шопыры тастап кеткен жолдан жүз қадамдай алыстапты. Бір аттасаң арғы жағасына өтетін өзен маңында үш түп алма ағашынан өзге ештеңе көрінбеді. "Өзен емес, бұлақ болды ғой. Бәсе..." Алма ағаштары тұл емес, жеміс салыпты. Жұдырықтай-жұдырықай болып пісе бастаған. Қаршылдата шайнағысы келді. Жалпы, той-томалақтарда Пақырың дастарқанда қып-қызыл болып самсап тұрған алмаларға қарамайтын да. Қараса да, жегісі келмейтін. Ал, енді мына талдағы алмалардан көз алар емес. Әрине, жегісі келді, бірақ, алманы сабағынан үзбеді. Үзуге қимады. Алмаларды қыздарына ұқсатты. Алмалары - қыздары болса, бұл - алма ағашы...


Ол тойда күйіне ішкен. Кенжесі өз теңін тапты ғой? "Қыз мұраты - кету" дейді. Ендеше қызы үшін қуануы керек емес пе? Өзі де солай ойлаған-ды. Бірақ, төңірегіне қуанған түр танытқанымен, шын қуанбады, қуана алмады. Керісінше, өмір бойы тірнектеп жиған бар дүние-мүлкінен бір-ақ күнде айрылып қалғандай күй кешкен. Оңбаған шолақ белсенді құдалары мен шұбар жылан большевик күйеубаласы бұны кәмпескелеп кетті емес пе! Ұшар басындағы соңғы алманы...


Жаздыгүні бйында үш алмасы барда қандай текті, қандай биік еді. Енді қарашы, қыс жақындап келеді. Қара құзғындар бойындағы үш алманы кезек-кезек іліп-іліп әкеткен. Кәрі ағашты - қу ағаш дейді. Бұл қу ағаш. Себебі, жасы алпысты алқымдаған-ды. Енді бес жылда зейнетке шығады. Солай ойлайтын. Бірақ, бір күнде бес жылға бірден қартайып кетуге болады екен. Бүгін өміріне мән сыйлап тұрған кенже қызы бұны тастап өзгемен кетпек. Шын жұртына кетпек. Ех, жалған-ай. Бұл өмірде бәрі жалған...


Пақыр аудан орталығында қызмет істейді. Шағын да емес, үлкен де емес бір мекемені басқарады. Сол себепті шығар, бір басына жетерлік абыройы бар. Көрген адам:


- Пақыр көке, Пақыр көке, - деп жалп-жалп етіп тұрғаны. Егер бұл әлгілерге бірдеңе деп "өтініш" айтса, жорғалап кетуге бар. Әрине, Пақыр бұған дән риза. Қызметтегі өміріне өкпесі жоқ. Бірақ, адам биікке көтерілген сайын құлаудан қорқады емес пе. Өмір адамды бәріне үйретеді екен. Бір отырыста өзі секілді ұсақ бастықтармен бірге үстерінен қарайтын нән бастықтарына қайта-қайта тамсана берген:


- Сәке, осы сіз ерекше жаратылған жансыз. Басқалар секілді ұсақ емессіз.


- Осы уақытқа дейін дәл сіздей алтын адамды көрмедік.


Біреуі алдындағы стақанға арақ құйды, біреуі тәрелкеге қазы-қарта салып берді. Қырлы стақанына шарап құйғысы келгендер кезекке тұрды. Ол анекдот айтса, бұлар қыран-топан болып күледі. Сәкең сезімтал ғой: "әй, күлмей тұра тұрсаңдаршы, әлі анекдотымды айтып біткен жоқпын. Осы сендер қызықсыңдар, бар ғой" дейді. Неткен әзілқой еді. Өңшең төбешіктер арасында асқар таудай болып отырған бастықтарына қайта-қайта зор денсаулық, мол бақыт тілеумен болды.


...Ертесіне таңертең Пақыр ұйқысынан мең-зең болып оянды. Сонда да болса кешегі отырыстағы іс-әрекеттері, сөздері санасынан кетпепті. Сол мезет ол өзінен қатты жиіркенді. "Неткен жағымпаз едім" деді ішінен. "Бұрын менде мұндай қылық жоқ еді ғой?" Ия, расында бұрын Пақыр өте адал-тұғын. Мекемеде қатардағы қызметкер кезінде ешкімнен һәм ештеңеден де сескенбейтін. Бетке тіке айтатын батылдығы да бар еді, тіпті. Бірақ, әлдеқандай басекеңдердің құдіретімен қызметі өскен сайын тіп-тік денесі бүкірейе берді. Бұрынғыдай емес, сескеншек болып барады. Негізі, адам жас кезінде асқақ болады екен. Бойы да, ойы да, бәрі де асқақ. Арманына дейін. Пақыр кішкентай кезінде генсек болуды армандайтын. Мектеп қабырғасында жүргенде бірінші хатшы да жаман емес екенін түсінді. Университетке түскенде әлдеқандай мекемеге бастық болғысы келді, ал, университет бітіргенде жұмысқа орналасуды ойлады.


Адам жасы ұлғайған сайын қоғамға керексіз бола түседі. Алда-жалда асау өзенге салынған көпірден оңбай құласа, бітті дей бер. Тастақ жағада қармайтын талда болмайды. Қақала-шашала тұңғиыққа батады да кетеді. Сол себепті ғой, елпілдек болатыны. "Жалған қылықтар жасамаймын, шынайы Пақыр боламын" деп нән бастыққа ұнамай қалса... Қош, қызмет! Қызметтен айрылсаң, бұл өмірде сенен асқан сорлы адам жоқ... Әрине, Сәкеңнің арқасында ғой, Пақаң болып талтаңдап жүргені. Әйтпесе, бұны жүні жұлынған тауықтай еткісі келетіндер қаншама. Астындағы орынтағы болмаса бұл кім? Ешкім де емес.


Қырықтан асқанда әйелі дүние салды. Мезгілсіз. Сенсеңіздер, сонда Пақыр шын қайғырған. Кеш үйленген еді. Әйелімен бар болғаны он жылдай ғана бірге өмір сүріпті. Қолына әзер қондырған құсы еді, ұшты да кетті. Қазір ақшаңқан аспанда қалықтап жүрген болар.


Күйбең тірліктермен жыбырлап жүре бергенде, жасы отыздан асып кеткенін байқамапты да. Таныс-паныстары сыпсыңдаса бастаған:


- Әй, бір себебі бар-ау осы.

- Дені сау адам дәл осылай жүре ме?

- Еркек болса баяғыда қатын алатын еді ғой.


Түн баласы ұйықтай алмай құлағы шуылдай бергесін үйленуге бел буды. Таңдауы, осы Гүлайна. Өзінен сегіз жас кіші. "Бұл менің әйелім" деп жанында ертіп жүру үшін жаратылғандай. Әйтпесе, құрдастары көпшілік ортада әйелдерімен бірге көрінуді қойғалы қашан. Саяқ жүруге тырысады.


- Алғаш үйленген кезде жап-жас, көрікті сияқты еді. Қазір не болғанын білмеймін. Өз-өзіне қарауды қойды. Өзіне қарамаған әйелге кім қарасын? Шынымды айтайыншы, онымен бірге жүруге қорсынатын болыппын, - деп әйелдері жайлы мұң шағатындар бар.


- Студент кезіңдегі махаббатың емес пе? Дүниеде одан өткен хас сұлу жоқ, ешкімді мінгізбейтін асау-тұғын дейтін едің. Сол асауды жуасытқан мен болдым деп мақтанатының бар-тұғын.


- Мәселе сода болып тұр ғой. Әсіреқызыл тез оңады екен. Екі бала туған соң өзін тастап жіберді. Бұрынғы бекзаттығынан түк те қалмаған. Кір-кір халат киіп жүреді. Моншаны бұрынғыдай аптасына екі рет емес, айына бір жағатын болды. Онда да тау болып үйілген кірлерді жууға.


...Той-томалақтарда "жас жұбайларды" көрген өсекке құмар жұрт ауыздары ашыла таң қалған.

- Қасындағы әйелі ме?

- Білмеймін. Мүмкін, қарындасы шығар.

- Қой, қарындасына ұқсамайды. Әне, қарашы, белінен құшақтап алыпты. Әйелі сияқты.

- М-м... Әдемі екен.


Ал, дүниеге тұңғыштары келгенде ашық қалып кеткен ауыздарына құм құйылды. "Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады" дейді ғой. Бұл қырсық жұртты аямай-ақ азаптады. Қызметтегі қарапайым Пақыр көп өтпей қарапайым емес Пақаң болды. Бақыттан соң тағы екі қызды дүниеге әкелдірді. Еркек екенін дәлелдеді. Пақырың бұл дүниедегі ең бастысы құндылық - отбасы екенін сонда ғана ұқты ғой. Бірақ...


...Құдай ұл бермесе, не амал. Көнген де қойған. Дегенмен, үміт соңында өледі емес пе, Пақыр әлі де болса ұлдан дәмелі еді. Құдай да бұларға деген алтындай ұл баланы әдейі сары майдай сақтап отырған шығар. Осылай ойлаған, жасы отыздан енді асқан Гүлайна тағы бала тууға кетәрі емес-тұғын. Ол Пақырды шын қуантқысы келген. Бірақ, адам деген тағдырға қарсы шыға алмайды екен, дертке шалдықты, төсекке таңылды. Сондағы Гүлайнаны көрсең ғой. Тірі әруақ болған да қалған. Бәрінен бұрын жанына бататыны - орнынан тұра алмай қалғаны. Дүниеде бұдан артық қорлық бар ма екен? Түні бойы үнсіз егілетін болды: «Е-е, Құдай, мені бұлай қинағанша, жанымды тезірек ал».


Түзде бастығына, үйде қыздары мен әйеліне қараймын деп Пақыр әбден титықтап бітті. Әрі жүнжігенін ешкімге сездіргісі келмейтін.

- Су... су әкелші.

- Дәретханаға шығаршы.

- Қыздарға қарадың ба? Әлгінде қарындары аш еді.


- Өйтші, бүйтші, - десе айтқанын істеп қас-қабағына қарап отырған күйеуіне Гүлайна дән риза еді. Бірақ, бір жағы оған жаны қатты ашитын. Бұрынғы Пақыр емес, әбден таптала-таптала төбешік болып қалды. «Еркекті еркек ететін - әйел екен ғой» деп ойлады. Қиындыққа кезіксе болды, аяздағы стақандай быт-шыт болып қирап қалады. Әйел секілді қара нардай қайыспай соңына дейін бару жоқ. Әрине, бәрі емес, көбісі сондай. Алмағайып заманда базарда қап арқалап сауда жасаған кім? Әйелдер. Түн баласы көз ілмей қамыр илеп, асқабақ турап, манты жасаған кім? Оны базарға апарып өткізген, шиеттей бала-шағаны асыраған кім? Тағы да әйелдер! Ал, еркектер қызметтерінен айрылып қалғанда, арақ ішіп теледидар алдында өткенді аңсап жатты емес пе? Бұған Пақырың куә. Ол кезде орда бұзар жаста. Өте білікті маман. Дүние қазандай төңкеріліп кетсе де, алдағы жарқын күндерге деген сенімінен айрылған емес. Бағына орай, (енді біреуге бақ, біреуге сор) бұл қызмет істейтін мекемеде қысқарту жүрді. Кәрі-құртаң, тәжірибесі аздар көшеде домалап қалды. Міне, сол кезден бастап Пақаңның айы оңынан туды. Бірден бастық болып кеттім дей алмас, бірақ, өте-мөте тез көтерілді. "Сұлулық құрбандықты талап етеді" дейді ғой, Пақыр бұл сөзді өзінше өзгертіп алды:


"Мансап құрбандықты талап етеді".


Гүлайна Пақыр байғұсты көп қинамаған секілді. Бар болғаны үш жыл жатты ма, әлде он жыл жатты ма, нақты білмейді, әйтеуір, алты айға жетпей көз жұмған. Тірі кезінде кепкен матадай қуарып кеткен қан-сөлсіз жүзі өлгенде қауыз ашқан раушан гүлдей жайнап жатты. Сонда Пақыр бұған таң қалған. Екеуі алғаш танысқан кездегі періште Гүлайнаны көргендей болып жүрегі бір аунап түскен еді.


Қыздары ол кезде жас. Гүлайна о дүниелік болғанда тұңғышы Бақыт мектепке енді барған еді. Диана болса тәй-тәй басып келе жатты. Содан кейін Пақыр үйленбеді. Негізі үйленгісі келді, бірақ, үйленбеді. Өзі де талай көрген, өгей шеше өзгеге ана болып жарытпайды екен. Кішкентай кезінде көрші үйде тұратын досы өгей шешенің қолында өсті. "Өсті" деп Пақыр мырс етті: "айтуға неткен оңай еді, әкеңнің...". Енді, бар ғой, досының өмірі өмір емес, асылық болса Құдай өзі кешірсін, тозақ еді.


Пақырлар бала кездерінде таңнан-кешке дейін көшені бермей асыр салып ойнайтын. Сондайда жандарына көршілері Елеусіз келеді. Кейде ғана. Көп жағдайда үйінен шыға алмайды. Елеусіз бұлармен бірге ойнағысы келеді.


- Балалар, қақпаға тұрайыншы, тым құрыса, - дейді. Дауысы сондай жалынышты шығады. Еңсесі әбден езілгендей бейнебір.

- Жарайды, - дейді Пақырлар. - Бар, қақпаңа. Ойын біткенше тұрасың. Түсіндің бе?

- Иә.

Бірақ, арада жарты сағат өтер-өтпесте Елеусіз келген үй жақтан:

- Елеусіз! Әй, Елеусіз! Қайдасың? - деген зәрдей ащы дауыс естіледі. Сонда Елеусіз дір ете қалатын. Бұл - өгей шешесі. Әйеуір, Елеусізге тыным бермейді.

- Әй, қараң қалғыр Елеусіз! Қораны неге тазаламағансың? Мен тазалауым керек пе? Көктей солғыр, - деп көшеге өгей шешесі шығады. Қолында оқтай. "Ақыры, көшеге шықты. Ендеше, қасыма келсін" деп Елеусіз де безірейе шешесіне қарайды.

- Көзің аққыр, сүмелек. Неменеге безірейесің? Сорлы неме, - деп Елеусізді оқтаймен аямай сабайды кеп. Ойын-күлкілері сап тыйылған Пақырлар шеше мен балаға абыржи қарады.

- Жүр үйге, көктей солғыр. Қораны тазала. Бақшада арам шөптерді жұл. Қарашы бұны. Қамысты бос ұстасаң қолыңды қияды.

Онда Елеусіз бірінші сынып оқушысы. Өзін ұрған әйелге қарсы тұра алмай, тістенген күйі үйіне қайтады. Пақырларды қимай. Құмардан шыға ойнай алмай. Ішіндегі аңсармен. "Ертең қайтып келемін". Бірақ, ертесіне келе алмады. Одан кейін де. Бір апта бойына. Ешек секілді қара жұмыс істеуден қолы бір сәт босамайды. Өгей шеше босаттырмайды. Болмаған, қара қатын болдыртпаған балалық шақ. Сол Елеусіз он жасар кезінде басынан қатты соққы алып, есалаң болып қалды.


Сол себепті Пақыр қайта үйленбеді. Қыздарының өгей шешеге қарап жаутаңдап өскенін қаламады...


Жұмыстан шыққасын тіке үйіне қайтады. Бұрынғыдай дос-жарандарымен тау шатқалдарында, асхана-масханаларда думандатуды қойғалы қашан. Себебі, бұл келгенше қыздары үйде аштан-аш отырады. Шешелері қайтқанда олар әбден азды, бордай тозды. Тым көңілсіз күй кешетіндер қатарына қосылған-ды. Сонда Пақыр байғұс жаны жай таппай алас ұратын. Қыздарды шер деген тажал құрт жалмап бара жатты. Тамақ батпайды. Аза берген, аза берген. Аштықтан емес. Құсалықтан. Бұл дертке қарсы ешқандай дауа жоқ. 1-ші сынып оқушысы болса да, Бақыт өте сезімтал. Пақыр оларға:


- Аналарың алыс жаққа кетті. Жақында келеді, - деген. Бірақ, аналарының енді қайтып оралмайтынын Бақыт іштей сезеді. Содан болар, үндемейді. Ал, әлі естері кіресілі-шығасылы Лаура мен Дианадан обал-ақ. Шешелері бір ай өтсе де оралмағасын, әкелерінің құлақ етін жейтін болды.

- Мамам қашан келеді? - дейді Лаура сондайда.

- Ма-ма..., - дейді әлі тілі былдырақ Дилялра да әпкесінен қалысқысы келмей.


Екеуі де әкелеріне үміттене қарайды. Көздерінде мұң жатыр. Ана сүті әлі ауыздарынан кеппеген баланың көзінен мұң көрген қандай ауыр. Сонда өзі кешкен күйді Пақыр жауына да тілемес еді. Тек, кейбір жауларына ғана болмаса. Тілім-тілім болған жүрегінен қан сорғалады. Қыздары ең болмаса, жаңа туған баладай шын жыласа екен дейді. Жер тоқпақтап аунаса екен, "біздің мама қайда?" деп үйді бастарына көтерсе екен. Бірақ, қыздары өйтпеді. Шешесіз жетімдікке мойынсұнғандай іштен тынды. Іштен тынған баланы көргеннен артық қасірет бар ма? Екі жасар Диана кейде-кейде жылайды. Бірақ, Бақыт оны дереу жұбата қояды: "Мама ертең келеді". Сонда бұрышта отырған Лаура әпкесіне "рас па?" деп сеніңкіремей сынай қарайды.


- Иә, рас.

- Өтірік айтсам, арқама мың пышақ түссінші деші.

- Сен шаршадың, Лаура. Ұйықта.


Бұрын үй шаруасына мүлдем жоқ Пақыр бұл күнде тамақ істеуді керемет меңгерген. Қазір анау-мынау аспазыңнан кем түспейді. Өзбек палауы, кавказ кәуәбі, қазақ еті дейсің бе, Пақыр істеген тамақ тіліңді үйірмей қоймайды. Тоқ болсаң да, шошқадай жей бергің келеді. Қыздары шағым айтқан емес. Егер еркектер шын қаласа, тамақты әйелдерден он есе дәмді етіп істейді деген рас екен. Әйтпесе, неге бес жұлдызды мейрамханаларда бас аспаздар - ер адамдар? Бұрын осыған Пақыр таң қалатын. "Сабадай болып асханада жүргендеріне ұялмай ма, намыссыздар?" деп өзінше ашуланатын еді.


Иә, өмір адамды бәріне үйретеді екен. Жыл өткен сайын қыздары үй шаруасына жарай түскен, жарай түскен. Гүлайнасы тірі кезде үйде отыратын әйелдерді еріккендер деп ойлаушы еді. Сөйтсе, қателесіпті. Қателескенде де, оңбай қателесіпті. Еден, ыдыс-аяқ, кір жуу, есік алдын сыпыру, тамақ істеу... Айта берсе көп енді... Мұның бәріне шамасы келмейді екен. Сосын, жұмысындағы екі шаруа әйелге ақыға істететін болды. Бұл да мәз, даңғарадай үйіндегі жайрап жатқан бар шаруасы біткеніне. Олар да мәз, қосымша нәпақа тапқанына. Тіпті, қыздары да мәз екен. Себебі, әлгі әйелдер басекеңнің қыздары болғасын, бұларға елжіреген, еркелеткен болып кетеді:


- Ой, айналайындар сол!

- Мәссаған, мынау не деген әдемі қыз? Шашыңды кім алып берді? Ертегідегі ханшайымнан аумай қапсың ғой!

- Мә-ә, көйлегің неткен әдемі еді. Өзің тіктің бе?

Сонда қыздары мәз боп, әлгі әйелдерге басқа да көйлектерін киіп көрсетеді. Олар жұмыс істеп жүрсе, қастарынан шықпай өздерінше көмектескісі келеді. Ең бастысы, аналары секілді мейірімді әйелдер өздеріне назар аударғанын қалайды. Олар бар шаруаны жайғап үйлеріне қайтса, көңілдері ортайып қалады. Осыны аңғарған Пақыр кейін терілері қара, бірақ, жүректері ақ әйелдерді үйіне жиі шақыратын болды.


Жасы келген сайын біртүрлі түсініксіз күй кешетін болған. Әйтеуір, бойындағы сезімдері бұрынғыдай емес. Күйреу, өкпелеу дегенді білмейтін секілді еді. Қазір, біледі. Қыздары сәл қатты сөйлесе болды, жүрегіне дық етіп қадалатындай ма, қалай? Пақыр, айтсаңшы, қадала ма? Әрине. Жасыра алмайды. Қадалады да. Қадалғанда қандай! Ұзақ уақыт бойы "түу, сен де бір..." деп ауырлау сөз айтқан қызына өкпелеп қалады. Оған біржолата сөйлемей қойғысы келеді. Бірақ, қызы "әке" деп келсе, "ау" деп жатқан орнынан аунап түсетін.


Соңғы кездері ішетінді шығарды. Шығарды дегенде, жалғастырды. Он жылдай қойып кеткен еді. Бұрын дос-жарандармен көп ұрттайтын. Кеңес Одағында өскен ағын ғой, бұлар. Сонда заман талабы солай болды ма, бәрі жаппай ішетін. Ішпейтін адам қоғамнан өз-өзінен шеттеп қалады. Мерекелердегі ең танымал тілек:


- Жолдастар, қане бақыт үшін алып қоялық! – еді.


Олар арақ көрсе сабыр сақтап отыра алмайтын әдеттерінен арыла алмаған. Онда тұрған не бар? Деп ойлайды Пақыр. Күнә екенін білсе де. Құдай өзі кешірсін. Өлесі болып ішпейді. Шамасына қарайды. Ең бастысы, көшеде аунап жатқан жоқ.


Үйіне мас болып келгенде қыздары "әкелеп" орнына жатқызатын. Бұл сондайда қыздарына бойындағы бар мейірімді аямай төгеді:

"Жандарым менің... Сендерге бірдеңе керек пе?"

"Ештеңе керек емес, әке".

"Алдайсыңдар мені, ә?.. Күшіктер... Менің аудандағы абыройымды білесіңдер ғой?"

"Білгенде қандай!"

"Сендер мені сыйлайсыңдар ма?"

"Айтасыз-ау сізде, әке".

"Бүгін айлық алдым, айналайындар... Костюмімді әкеліңдерші, айна-л-а-а-а-йын-дар.... Қалтасында жатыр. Сендер өйтіп мені алдамаңдар... Жұрт Пақаңның қызы дейтіндей жарқырап жүрсеңдерші, айналайындар... Қалаған киімдеріңді алыңдар, айна-л-а-а-а-йын-дар..."


Алғашқыда қыздары өсе бастағанда Пақыр қуанатын. Бірақ, кейін уайымдайтын болды. Қыз деген тез бойжетеді екен. Кеше ғана "әке, бүгін кешке үйге келесіз бе? Кеше келмей қойдыңыз ғой. Әбден күттік" деп көжектердей жәудіреп отырушы еді. Енді қарашы, бұл күнде шаштары тірсегіне түсетін болған. Қыздары қандай сұлу. Шешелері секілді. Тек, тұңғышы Бақыты өзіне тартқан. Аздап тәмпіш мұрындығы болмаса, ол да өзінше сұлу.


- Пақа, құда болайық, - деген әзіл-шыны аралас небір ұсыныстарды ести-ести құлақ еті өлді. Сондайда:

- Балалар өздері біледі, - деп құтылады. - Қазір заман басқа. Ондайға көне қоймайды.


Бала кездерінде қыздары тым тату болатын. Бақыт пен Лаура сіңлілері Диананы қорғау жолында талай ұл балалармен жаға жыртысты. Бір-бірлері үшін өліп қала жаздайтын. Өздерінше бақытты еді. Әрине, ең жанды жерлері - аналары. Дегенмен, "үш күннен соң адам көрге де үйренеді", олар уақыт өте келе аналарынсыз-ақ бақытты болуды үйренді. Үйренуге мәжбүр болды. Енді мәңгі келмейтін адамды қашанғы күте бермек?


Қыздары кішкентай кезде қандай қызық еді...


Жиырма жыл бұрын жыл бұрын Бақыт екінші сыныпта оқитын. Оларға 28 желтоқсанда мектепте Жаңа Жыл кеші болған. Сол кеште бұларға Аяз ата сыйлықтар таратты. Қараса, ішінде бықыған тәттілер. Бақыт ол кезде бауырмал. Мектептен үйіне келгенде, қораптағы тәттілерді сіңлілерінемен бөліскен...


- Әке, Аяз ата бізге не үшін сыйлық берген жоқ? – деді тәттіге тоймай қалған Лаура.

- Келесі жылы сендер мектепке барғанда береді, - деген сонда Пақыр.

Бірақ, келесі жылы мектепке Лаура барғанымен, Диана бармады. Төрт жасар қызға қайдағы мектеп? Жаңа Жылды сыйлық алу деп түсінетін Диана: «Мен биыл тағы да сыйлық алмайтын болдым» деп көз жасы көл болды.

Жүрегі ауырған Пақыр сол күні базардан сыйлықтар алып, есік алдындағы қасат қарға көмген. Сөйтіп, қыздарына:

- Аяз ата кеше сендерге сыйлық әкеліпті. Сыйлық даладағы қар астында жатыр екен, - деген.

Осы сөзді естуі мұң екен, олар есік алдына құлдыраңдай жүгірді. Күректі көтеруге шамалары жетпегесін, қарды қолмен қаза бастады. Әбден аударыстырды. Ақыры, бір кезде жылтыраған қағазға оралған сыйлықты тапқанда Диана қуанғанынан есінен танып қалған.


Пақыр қалаға барғанда бейнемагнитафон алып келген. Жанында мультфильм таспалары бар. Онысы қыздарына керемет ермек болды. Нұршуақ таулы аудан болғасын ба, мұнда күздігүні дауыл жиі тұратын. Дауыл болғанда долы дауыл. Жұрт бұны «Шақпақ желі» деп айтады. Сондайда көшедегі шірік электр бағаналары қирап қалады. Екі-үш күн жарық болмайды. Үйді қою қараңғылық басқанда Пақыр май шам жарығымен іштері пысқан қыздарына ертегі оқып береді. Қыздары айтқызбасына қоймайтын.


- Ерте, ерте, ертеде, бір шал мен кемпір болыпты.

- Әке, бұл "Ұр тоқпақ" па? - дейді қыздары жан-жақтан жамырай.

- Иә.

- Басқа ертегі айтып беріңізші. Кеше айттыңыз ғой, Ұр тоқпақты.

- Басқа ертегі дейсіңдер ме?

- Иә. Ұр тоқпақты жаттап алдық. Он рет айтқан шығарсыз.

Сөйтсе, "Ұр тоқпақтан" басқа ешқандай ертегі білмейді екен. Дереу қаладағы жолдастары арқылы ертегі кітап алдыртқан. Ауданда кітап дүкені құрығалы қай заман.

Жаздыгүні бақшада шөжектер секілді шүпірлеп алқоры, шабдалы жеп жүрген қыздарына алыстан қарап отырғанды жаны сүйетін.

- Әке, қараңызшы, мына алма қып-қызыл боп пісіпті. Жеп көріңізші.

- Не деген тәтті, -дейді Пақыр алмадан бір тістеп.

- Таспен атып түсірдім, - деп қызы мәз болды. - Сіз жесін деп. Биікте өсіп тұр екен. Қолым жетпей қойды.

- Абайла, - дейді Пақыр алаң болып. - Тас басыңа тиіп кетпесін.


Көктемде жаңбыр жауса, қыздары үйде отыра алмай, есік алдында ойнайтын. Сонсоң, бір уақытта үйге түшкіре-жөтеле кіреді. Бұған әрине, Пақыр уайымдайды. Ауырады ғой. Не істейді енді? Ойлана келе айла тапты: «Кеше аналарың түсіме кірді. Ол сендерге өкпелеп қалыпты». Сонда қыздары әкелеріне таң-тамаша кейіппен қарады: "Ол бізді қалай көрген? Не үшін өкпелеген? Біз не істедік?" Саса қоятын Пақыр ма: "Аспаннан көріпті. Егер үстеріңе жаңбыр тамшысы тиіп кетсе, ол сендерге ренжиді. Егер тигізбесеңдер, қуанады. Ол қуанғанға аспанға кемпірқосақ шығады" дейді. Сол күннен бері қыздары аналарын ренжітпеу үшін жаңбыр жауса болды, қолшатыр астына үймелей қалып аспанға қарайды. Кемпірқосақты күтеді. Бірақ, құрығыр кемпірқосақ кейде ғана шығады. Сонда қыздары:


- Алақай, кемпірқосақ, - деп айқайлар еді.

- Мәссаған, Бақыт! - дейді Лаура жүрегі жарылардай қуана. - Ананы қара, біздің мама отыр кемпірқосақта.

- Қане?

- Әне, анау отыр ғой. Дұрыстап қарашы. Көрдің бе?

- Иә, иә. Көрдім! Ол да мені көрген сияқты. Қол бұлғады.

- Шынымен қол бұлғады ма?

- Иә, шынымен.

...Айлық алған кезде үйіне ет, ұн, картоп секілді азық-түліктен бөлек, қыздарына қорап-қорап кәмпиттер, қызылды-жасылды көйлек-көншектер әкеледі. Сонда кенже қызы:

- Алақай, біз бай болдық! – деп шын қуанатын.

Ортаншы қызы базарда жүрсе, мүлдем үндемейді. Мылқау сияқты.

- Қай ойыншықты алғың келеді? -дейді Пақыр.


Лаура көңілі қалаған ойыншықты қолымен нұсқайды. Пақыр одан: «Неге үндемейсің?» деп сұрап еді: «Базар ұрсады, деп сыбырлай жауап берген. «Базар деген кім?» дейді бұл. Қызы айтады, "Базар бізді аңдып жүреді. Көзге көрінбейді. Егер қатты сөйлеп қойсам мені өзімен бірге алып кетеді". Кафеде де сондай. Құдайдай сенетіні: "Тамақты түгел тауысып ішпесе, кафе ұрсады". Қарны жарылғанша ішеді. Бұны аш екен деп ойлаған әкесі тағы тамақ алдыртады. Бұл тағы ішіп қояды. Қорыққанынан.


Жасөспірім шақта Лаура мен Диана махаббат жайлы көп әңгімелесетін болды. Әңгімелері түннен-түнге, таңнан-таңға дейін созылады.

- Лаура, рулары бір қыз бен жігітке жүре беруге бола ма?

- Сенің есің дұрыс па? Әрине, болмайды. Рулары бірлер - туысқандар.

- Түсінікті.

- Не? Жігітің рулас болып шықты ма?

- Қайдағы жігіт? - деп Диана қысыла күлді. Ашыла күлді. Қуана күлді. Мұңая күлді. - Сыныптас құрбым кеше айтады, жігіті Сиқым руынан екен. Өзі де Сиқым қой. Енді не істеуге болады, айтшы дейді. Мен білмеймін дедім. Сол себепті ғой, сенен сұрап жатқаным.

- Ә-ә... Құрбыңа айт. Әлгі жігітпен кездесуді, тіпті, сөйлесуді қойсын. Түбі жақсылыққа апармайды.

Махаббатқа қатысты ырың-жырыңды жек көретін Бақыт:


- Қызықсыңдар сендер, - деп сіңлілеріне қабақ шыта қарады. - Одан да сабақ оқысаңдаршы. Жігіт деген қашпайды. Махаббат-сахаббат деп топас болып қалатын болдыңдар ғой, - деп әпкелік ақылдан да жіберетін кейде. Оқымысты еді өзі. Сүйікті пәні - биология болатын. Осы пәннен мектебіндегі ең үздік оқушы болды. Мұғалімі Бақытты жылда аудандық пәндік олимпиадаға жіберетін. Бірде бағы шабады, бірде шаппайды. Бақыт 10 сыныпта аудандық пән олимпиадасында 3 орын алған. Ең үлкен жетістігі сол еді. Пақыр сонда кәдімгідей қуанған. Орын алғанына емес, көбіне тұнжырап жүретін қызының қуанғанына.


Есінде, бір тойда өзі секілді бір бастық мақтана берген:

- Мақтанды демеңіздер, менің ұлым вундеркинд. Мектебінде одан асқан білімді оқушы жоқ екен. Директор мені көрсе құрақ ұшады: "Балаңыз осындай да осындай" деп. Биыл ұлым география пәнінен облыстық олимпиадаға барғалы жатыр. Біздің ауданда оған тең келетін оқушы жоқ. Дұрыс түсініңіздер. Мен өзім мақтанғанды жек көремін.


Әлгі бастық биге кеткенде қасындағы қатындар пыш-пыш сыбырласқан: «Вундеркинд бәлесі де жоқ. Баласына ауданнан орынды сатып әперген. Облыстыққа шамасы жете қояр ма екен?»


Сол тойда Пақыр қатты ойланды. "Мен де қызыма көмектесе аламын ғой. Неге осы уақытқа дейін ойыма келмеген? Бірінші орын аламын деп жылда тыраштанады да жүреді. Бірақ, сағы сынады да жатады".


Қызынан тәмтіштеп сұрады. Жоғары сынып оқушыларына аудандық олимпиада келесі аптада өтеді екен. Сөйтіп, аудандық білім бөлімінде істейтін сыйлас інісіне хабарласты. Мән-жайды түсіндірді. "Болды, көке, болды" деп ол қалды.


Бір аптадан соң кешқұрым биология пәнінің мұғалімі үйге телефон шалған: «Пақыр Жолдасұлы, қызыңыз аудандық пән олимпиадасынан бірінші орын алды. Құттықтаймын. Енді 1 айдан соң облыстық олимпиадаға қатысатын болды».


- Не дейді? Рас па?

- Сізбен біздің мектеп директоры сөйлескісі келеді екен. Ертең келе аласыз ба?

- Тырысамын.


...Директор айтты: Білім саласына "пара" деген жегі құрт түсіпті. Қызы қанша жерден Әл-Фарабиден кейінгі үшінші ғалым болса да, облыстық білім жарысында мүлдем орын ала алмайды екен. Тек, бір-ақ жағдайда тұғырға көтерілуге болады. Ақша! Бұл көк қағаз кез-келген жолды аша біледі дейді. Қысқасы, облыстық білім басқармасында таныстары бар екен. Егер 500 доллар берсе, Бақытқа 3-ші орынды алып береді екен олар. Пақыр "жарайды" деп, ертесіне айтылған соманы тауып берді. Бірақ, арада жарты ай өткенде, мектеп директоры ақшаны қайтарып берген: "Пақа, 3-ші орынды бізге дейін басқа біреу алып қойыпты. Біз үлгермей қалдық" деді мұңая. Пақыр да мұңайды, директормен бірге.


Олимпиадаға бір күн қалғанда аудандық білім бөлімінде істейтін сыйлас інісі таңертең бұны жұмысына арнайы іздеп келді:


- Көке, - деді алып-ұша. - Пәндік олимпиаданы өткізетін комиссия мүшелерінде ауыс-түйіс болыпты. Мен сондағы бір кісіні танимын. Біздің жерлес. Түсі игіден түңілме дейді ғой. Егер қаласаңыз, сол кісіге жолығайық. Бүгін бармасақ болмайды.


Пақыр бар жұмысты тастады да, інісімен қалаға аттанып кетті. Қаңтар айы. Жол көк тайғақ мұз. Жаз күндері 1 сағатта қиналмай жететін қалаға 3 сағатта әзер барды. Бұлар мінген көлік тайғақ мұз салдарынан Қарақшы асуында аударылып кете жаздаған. Мерт болып кетулері ғажап емес еді. Шопыры мықты екен.


Әлгі кісі Пақырды танитын болып шықты. Пақыр кабинетке қобалжи кіргенде: "Ассалаумағалейкум, аға" деп құрақ ұша амандасты. Басында шіренген біреу шығар деп ойлаған бұл таң қалған. Әлгі домалақ кісі "Мен сізді танимын. Ораз деген ініңізбін. Машаттан боламын. Кезінде сіз бізге көмектескенсіз. Соны әлі ұмытпадым" дейді. Бұл Пақыр кімге көмектеспеді. Қолы ашық жан қой. Әйелі: "мұншалықты ашық болмасаңшы, ақшаны желге шашпасаңшы" деп майдай шыжғырылатын. Бірақ, Пақыр сонда да қоймайды. Көңілі түскен адамды сыйлап жібермесе басы ауыратын.


Ораз айтты:


- Қызыңызға орын алып беремін деп айта алмаймын. Мен тек комиссия мүшесімін. Онда мен секілді тағы 5 адам бар. Мен жарысты әділ өткізуге тырысамын. Яғни, шу болмас үшін алдын-ала ақша берген оқушыларды және қызыңызды бір кабинетке жинап, тағы да қосымша тур ұйымдастырамын. Бұл тур комиссия мүшелерінің алдында өтеді. Егер қызыңыз білімді болса, орын ала алады.


- Енді, өздерің білесіңдер ғой. Әйтеуір, әділ өтсе болды.

- Күмәнданбаңыз, аға.

Бақыт ақшаға сенгендерді шаң қаптырды. Бәйгеге бірінші жетті. Бірінші орын! Қуанышында шек болмады. Сол олимпиададан кейін өзіне деген сенімі мен құрметі керемет артты. Сыныптастары төбелеріне көтерді:

"Бақыт енді көктемде Республикалық олимпиадаға барады!"

Көре алғандар, көре алмай "Кім ол?" деп көзілдірік таққандар көп болды. "Қызыңызға тіпті 3-орын да жоқ" деп мұңайған директор таң қалған:

- Қалай? Қалай? - дей берді бір кездескендерінде.

- Білмеймін, - деген Пақыр марайма дидармен. - Биыл олимпиада әділ өтті дейді. Мүмкін себебі сол шығар.

- Мүмкін, - деді директор. Сонсоң, Пақырға дән риза кейіппен қарады. "Қолы ұзын екен" деп қойды ішінен.

Директор 25 мамыр күні өтетін соңғы қоңырау салтанатына Пақырды құрметті қонақ ретінде шақырды. "Шақырған жерден қалма" дейтін Пақыр барды бәлсінбей. Төрде отырды. Құда секілді. Директор сөз сөйледі. Асаба секілді. Алтын белгілерді атап өтті. Сонсоң:


- Биыл біз жоғары жетістіктерге жеттік, - деді жүзінен нұр шашырай. - 11 "Г" сыныбының оқушысы Пақырқызы Бақыт облыстық пән олимпиадасында биология пәнінен 1-ші орын алды! Республикалық олимпиадаға қатысты, - дегенде жұрт жапырыла қол шапалақтаған. Сонда Пақыр көз алды тұмандана бастағанына куә болды. "Көз алды тұмандану" деген биологиялық үрдіс екен ғой! Бұрын әдеби теңеу деп ойлайтын. Ары қарай не болғаны есінде жоқ. Әйтеуір, бір қараса, көк аспанда қарға секілді, жоқ, қыран секілді қалықтап жүр екен.


Бақыт бұл туралы білген жоқ. Ол бірінші орынды өзім алдым деп жүрді. Әрине, өзі алды. Тек, сонда әкесі жүгірмегенде. Орын алмағанда өмірі басқаша өрбір ме, еді, кім біледі...


Иә, айтпақшы, бұлар өтпелі кезеңде әкелерімен жиі сөзге келіп қала беретін болды. Бұны қоя берші, үш қыз бір-бірімен ұрысатынды шығарды. Ұрысқанда енді қатты кетеді. Сонда Пақыр жанын қоярға жер таппай қиналатын. Жалпы, қыз деген қиын халық екен.


Бір күні жұмыстан кештетіп келсе, үйде шаң-шұң ұрыс болып жатыр екен. Дауыстарынан таныды. Бақыты пен Лаурасы. Арасында Диляара жүр: "Қойыңдаршы, болды". Екі түйе арасындағы шыбын секілді.


- Бармайсың дедім ғой. Отыр үйде!

- Барамын.

- Е, Лаура, болды! Қой деймін. Жақсылықпен айтып тұрмын.

- Кетші бар. Шешем бе едің сонша? - деп Лаура сыртқа атып шықты. Есік аузында "кірейін бе?", "кірмейін бе?" деп өз-өзімен арпалысып тұрған әкесімен соқтығыса жаздаған. Ол ұзатылатын қыздай әдемі киініп алыпты. Үстінен гүл иісі ме, әлде бал иісі ме, анық білмеді, әйтеуір, жұпар иіс бұрқ ете қалған. Әкесіне қарады. Көзінде ыза оты алаулап тұр.


- Не болды, Лауратай? - деді Пақыр қызына ақырын ғана. Ол жауап бермеді. Негізі, әлдене деп жауап бергісі келді. Бірақ, ұялды ма, көшеге жүгіре жөнелді. Артынша, үйден Бақыт шықты. Дұшпанға есесі кеткендей тістеніп алған:


- Отырысқа барамын дейді, - деп бұған өзімсіне қарады. -Күн сайын таңертең есеп беретін орынбасары секілді. - Рұқсат бермей қойған едім, "сен кімсің?" деп өзіме атылды. Осыдан келсін, көрсетемін оған. Оңбаған десе.


- Бақыт, ол өзі біледі ғой. Бара ма, бармай ма. Онда сенің не жұмысың бар? - деп Диана шықты бір кезде.

- Өлә, енді сен шықтың ба? Қазір көзіңе көк шыбын үймелетемін, Диана. Тыныш отыр.

- Қойыңдар болды!..

...Пақыр бұрыннан-ақ бір күні жалғыз қалатынын сезетін, бірақ, ол күн әлі алыс секілді көрінетін де тұратын. Қателесіпті. Бар болғаны, бірер асу қалған екен. Бірде облыстан келген қонақтарды қыдыртпақ болып орталық саябақ маңында жүр еді, көзіне қызы Лаурасы оттай басылды. Жүрегі дір ете қалған сонда. Қасында бір балаң жігіт жүр. "О, әкеңнің... Бақыт рас айтыпты ғой". Лаура мәз. Жігіт әзіл айтып жатқан секілді. Қызы күле береді. Үйде салмақты сияқты еді. Қылығы түзде екен ғой.


Үйіне көңілсіз қайтқан. Ортаншы қызы жігітпен жүре бастапты. Сонда тұңғышы ше? Қазір Қарағандыда оқуда жүр. Өзіне өзі би, өзі қожа. Мүмкін, жігіттермен жүретін де шығар? Жарайды. Жас кезінде ойнасын, күлсін. Ал, мына Лаураға не жоқ? Әлі ана сүті аузынан кеппеген бала емес пе?


Қақпаны ашып жатқанда үйден Лаура шықты:

- Ой, әкетай, келіп қалдыңыз ба?

"Иә" деп мырс етті Пақыр ішінен. Әшейінде бүйтіп қарсы алмаушы еді. Бүгін өзгеріпті.

- Әке, қарныңыз ашқан шығар? Жүріңіз, сізге тамақ дайындап қойдым.


Әйтеуір, жеген болды. Сонсоң далаға шықты. Көз байлана бастапты. Бірақ, жүректі байлау мүмкін емес мұндайда. Пақыр есік алдында ұзақ жүрді. Бақшадағы жеміс ағаштарына су құйды. Қорадағы тауықтарға жем шашты. Қызы есік алдына қайта-қайта шығады:


- Әке, шаршаған жоқсыз ба?

- Жоқ.


- Әке, біз кеше суғардық қой, бақшаны. Несіне әуре болдыңыз? - деп қызы қасынан шықпай қойды. "Қу қыз-ай!" Лаурасы бұны ұйықтаса екен деп жүр. Ал, бұл ерегіскенде ұйықтамай қойды. Бар жұмысты тындырған соң, есік алдындағы тапшанда отырып кітап оқи бастады. Бұрын кітап көрсе, лоқситын-ды. Кітап оқитындарға таң қалатын. "Сөредегі том-том кітаптарды оқығаннан шыққан мүйізің қане, көрсетші?" деп бір жолдасын әжуа қылғаны бар. "Жүрісің мынау, сүзектен тұрған науқас секілді". Жолдасы айтады: "Кітап бұл эстетика". Пақыр айтады: "Эстетикаңның әкесінің аузы... Кітап бұл уақыт өлтіру".


Жүрегі сезгендей бар екен, аспанды жұлдыздар қаптай бастаған кезде біреу көше жақтан құйқылжыта ысқырды. Біздің Пақыр да жігіт болған. Маубастар қатарынан емес. Бұл не қылған ысқырыс екенін түсіне қойды да, кітапты тастай сап, аюдай денесіне қарамай әбжыланша атып шықты көшеге. Сирен ағашының түбінде бір бозбала жайбарақат тұр. Үйден күлімдеген қыз емес, түттіккен еркек шыққанда сасқалақтап қалды.


- Бері кел.

- ?

- Бері кел деймін, - деп Пақыр айқайлап жіберді. Бозбала безгек ауруына шалдыққан теңізшідей қалшылдай жөнелді. Аяқтары бір-біріне шалыныса Пақаңның жанына келді.

- Кімсің сен?

Ол жауап бере алмай төмен қарады. Тілі мүлдем икемге келмей тұр.

- Енді тағы көзіме көрінсең, басыңды жұламын. Ұқтың ба?

Бозбала "иә, ұқтым" дегендей Пақырға жаутаңдай қарады. Маңдайынан қара тер саулап кетіпті. Ай жарығынан байқады.

- Бар енді, кет.

Бозбала безе жөнелді. Артынан қарап тұрған Пақыр жерге былш етіп түкірді. Ұялмай қақпа артынан ысқырады-ей. Басынғаны ма? Әке үшін бұдан артық қандай қорлық бар? Қазіргі жастар, жастары несі, жалпы адамдар қорыққанды ғана сыйлайды. Егер ұл баласы болғанда ғой, ешкім дәл бұлай жақын келіп ысқырмас еді. " Ех... Ағасы түгілі, шешелері жоқ. Қыздарына тәрбиені кім береді? Әке тәрбиесі бір бөлек, шеше тәрбиесі бір бөлек қой. Қызға қашанда шеше жақын. Әкесіне айта алмайтын сырларын анасымен бөлісер еді. "Мүмкін, мен оларды түсіне алмай жүрген шығармын?" Осы оймен келе жатқанда, алдынан Лаура шықты.

- Әке, кешірші, - деді. Үнінде өксік бар. Әкесі дәл бұлай ашуланады деп ойламап еді.

- Қызым, - деген сонда Пақыр. Қалжыраңқы үнмен. - Жарайды, егер жақсы көрсең, жүре бер әлгі бадырақ көзбен. Нашар бала емес сияқты... Тек, мені ешқашан ұятқа қалдырма. Басқан қадамыңды аңдып жүрер шамам жоқ... Түсіндің бе? Егер ұятқа қалдырсаң бар ғой, айтпады деме, мен өз-өзімді асып өлтіремін. Өйтіп тірі жүргенімше, өлгенім артық".

Лаура әкесіне жыламсырай жақындап кеп құшақтай алды.

- Әке, олай демеңізші. Мен сізді ешқашан ұятқа қалдырмаймын. Уәде беремін. Көрдегі басыңызды төрге сүйрейтін боламын.

Пақаңның көңілі қатты босады.

- Әзірге көрде емеспін, - деді ол. - Жарайды, енді бара ғой.


Көз алдына альтернативті өмірді ойша елестетті. Егер үш қыз емес, үш ұлы болғанда, басқаша жүрер ме еді? Айбарлы қолбасшыдай. Бірақ, бұда үш қыз. Жүрісі мынау енді, гүл өсіретін бағбан секілді. Тіпті, Пақыр кейде өзін ит секілді сезінеді. Мал қоритын. Ал, жігіттер шибөрілер. Мүмкін қасқырлар. Малды іліп әкеткісі келеді. Ал, Пақыр оларды ілдірмей күзетеді. Түзде жүрсе "қызыңды берсей" деп кейбір терезесі теңдер тиіседі. Әрине, алғысы келіп өліп бара жатқан олар жоқ. Ұлың жоқ, яғни мысың жоқ деп басынған түрлері ғой. Жаздыгүні басқалар ыстықтап жүрсе, бұл жаурап, тісі-тісіне тимей, қалшылдай секіреді. Пақыр үшін жаздыгүні де қар жауатын. Бірақ, ақ қар емес. Ұлың болмағаны осыншалықты ауыр екенін ол бұрын біліп пе?..


Қап-қара қар қапалақтай жауды...


* * *


..."Өзен жағасында өгіздей болып жатқан кім?" деп шегірткелер бір-бірімен өзара шырылдаса бастады. Шақырылмаған қонақты жақтырмай жатқан сияқты. Ал, Пақырға бәрібір. Жұрт пікіріне түкіргені бар. Көре алмай айта береді дә. Әлгінде ғана лай болған костюмі енді мыж-тыж болды. "Ұлым... Тоист, қызым алып берген еді ғой... Кешірші мені, Лауратай, кешірші..." деді дауысы қарлыға. Қызынан он, жиырма, бәлкім жүз мәрте кешірім сұраған шығар. Артынша, өлең айта бастады.


"Өзіңді іздедім, шарқ ұрдым, таппадым..."


Сонда алма ағашында қонақтап отырған құстар пыр етіп ұша жөнелгендей болды. Нақты не болғанын аңғармай қалды. Шөп арасындағы шегірткелер тағы шырылдаса бастады. "Түу, жай жатса мейлі екен, енді маза бермейтін болды ғой". Бірақ, Пақыр оларды елемеді. Өзінен кішкентайларды әбден елемей үйренген басы оларды тыңдай қойсын ба? "Осында осылай жата беремін. Ешкімді тыңдам-а-а-а-й. Өзім білемін". Сонсоң қасқыр секілді ұлыды ма, қой секілді маңырады ма, тауық секілді қыт-қыттады ма, білмейді. Дәл қазір сырттан біреу келіп, алма түбінде аунап жатқан Пақырды көре қалса, өмірден баз кешкен алқаш не жынды деп ойлар еді. "Сол алқашың менен әлдеқайда бақытты" деп Пақыр сол жағына аунап түсті. "Арағы болса болды, одан асқан бақытты жоқ. Ал, жынды адам өзінше, өз алдына бақытты. Өз бақыты өзінде. Бақытсыз адамдар соны көре алмай жынды дейді. Осы адамдар қызық". Дәл осы кезде алақандай бір шегіртке бетіне шыр етіп қонса бола ма? Көздері ежірейе:


- Әлі жатырсың ба, жылауық Мәжнүн? - деп үн қатқандай болды. Сонда ешімді тыңдамайтын Пақаң орнынан атып тұрған. Үстінегі костюмді шеше салып сілки бастады:


- Астапыралла, астапыралла. Құдай сақтады, - деп күбірлей берді. - Шайтан ба десем, шегіртке екен ғой.


Әлгінде ғана ауа қапырық сияқты еді, енді салқындапты. Аспанға қарады. Қап-қара аспан көгере бастағандай. Құланиек бозалаң деген осы шығар? Бағана өзін батыр етіп тұрған ішімдік әсері тарқап кетті ме, енді шындап қорқа бастады. Елсіз жерде жалғыз-жарым жүрген адамды жын иектеп, Шәкең арбайды деп талай естіген. Шәкеңдер адам көзіне сақалды ешкі, жас бала, ақ көйлекті қыз болып көрінеді дегенді де ұмытпаған. "Жаңағы шегіртке сөйледі ғой? Мүмкін, сайтан шығар? Көзіме шегіртке болып көрінді ғой деймін" деп ойлағаны сол, денесі суып кетті. "Мұнда қалай келгенмін? Өзі де бір қорқынышты жер екен. Бұл бір тылсым түн болды. Қой, есім бар елімді табайын". Қиядағы жолға қарай жылжи бастады. Иә, жылжи бастады, жүрген жоқ. Арақ уыты бойынан әлі толық тарқай қоймапты. Жілік-жілігіне қорғасын құйылған ба, әйтеуір, әзер келеді. Қадам басқан сайын шекесінен тер пора-пора болып ақты. Осы кезде желке тұсынан:


- Басеке, - деген күмілжіңкі дауыс шықты. Өмірде небір сәттер болады ғой. Бақытты һәм бақытсыз дегендей, қуанышты яки мұңды. Ондай сәттерді біздің Пақаңа таңсық емес. Ал, бірақ, талай рет тізеден су кешсе де, дәл мынандай сәтті ешқашан бастан кешпепті, бар ғой. Кешпей-ақ қойса да өкініші жоқ еді. Жүрегі соқпай қалды. Түн ортасында, елсіз далада бұны біреу "Басеке" деп тұр. Басеке екені рас. Бірақ, дәл мынандай жағдайда...


- Пақыр көке!


Енді шынымен де жүрегі соқпай қалды. Тіпті, бір уақта ауа жетпей тұншыға бастады. Өліп бара жатқанын сезді. "Қош, жалған дүние..." Өмірмен қоштасу осыншалықты оңай болғаны ма? Адам өлер алдында өкінеді дейді, Бірақ, Пақыр онша өкіне қоймады. Өкініші жоқ сияқты. Өлсе болды, Гүлайнаны көретіндей құдды. О дүниеде екеуі сағыныса қауышатындай. Кеңес Одағы тұсында дінсіз болып өссе де, бұл күнде Жаратушы Иенің бар екеніне ішіндегі әлдебір түйсікпен сенетін болған. Жора-жолдастарына адал болды. Ал, Гүлайнасына бір-екі жерде адал бола алмады. Бір-екі жерде дегені несі, одан да көп қой. Қанша еді, он жерде ме, әлде жүз бе? Жә... Қойшы... Ұят екен, бар ғой... Жаман басшы болмаған сияқты. Үш қызы да құтты ұясына қонды. Бірақ, бұл жалғыз қалды. Қолында қалатын ұлы жоқ. "Тұяқсыз қалдым... Шежіре кітапқа менің есімім кірмейді енді". Қанша дегенмен де, немере бір бөлек, жиен деген бір бөлек. Басқа қан. Басқа тек. Жай ғана ата болғысы келген, нағашы ата емес. Жиен немере... Суық естіледі екен. "Бөтен немере" деген сияқты. "Қартайғанда қалай жалғыз тұрамын? Қыздарым қашанғы қасымда болады? Қашанғы келе береді? Өз ошақтары бар енді. Түтін түтету керек. Тамыр жаю керек". Енді өле берсе болады. Арманы жоқ адамдай. Бірақ, сонда да мына өмірді қимайтын сияқты. Мына айды, жұлдыздары. Мына жылбысқы шөпті, тасты. Әлгі шегірткені де қимайды екен.


...Оянса, көлік ішінде отыр. Рөлде шопыры.


- Есіңізді жидыңыз ба? - деді шопыры қуанышты дауыспен. - Тойдан келе жатырсыз, көке. Қызыңызды ұзаттыңыз ғой. Бағана көлік ішінде ыстықтап кеткесін жан шақырмақ болып жол бойында көліктен түстіңіз. Біраз тұрдыңыз да, қайтадан міндіңіз... Көз ілдіңіз.


Шопыр басекеңнің "Ары қарай өзім қайтамын. Сен кете бер, әкеңнің..." деп өзін қуып жібергенін айтқан жоқ. Қуып жіберсе де кетпей, Пақырды артынан білдірмей аңдығанын, өзен жағасына гүрс етіп құлағанда жаны қалмағанын, Пақаңның қызынан кешірім сұрағанын, костюм жуғанын, өлең айтқанын, әлдекімдермен ұрысқанын айтпады. Ештеңе айтпады. Бәрі ішінде қалды. Білді. Елсіз даладағы мас Пақырды жын иектеп кетсе, көлік астына түссе, мүмкін жұмбақ жағдайда ажал құшса, обалы кімге? Жауап беретін кім? Әрине, бұл. Сен өлтірдің деп соттап жіберер, тіпті. Сонда шиеттей балаларды кім асырайды?


...Тамағынан ас өтпегесін, Пақыр жатын бөлмесіне қарай теңселе қозғалды. Жұбанышты сол жерден табатын секілді. Жатын бөлмесіне кірсе, Гүлайна төсегінде кітап оқып жататындай көрінетін де тұратын. Шифоньерде әлі күнге дейін әйелінің киімдері ілулі тұр. Қызыл плащы, қоңыр етігі, сүт түстес жемпірі жанына сондай ыстық. Тастауға қимаған. Әйелінің көзі ғой. Бұларды көрсе, тоқсаныншы жылдардағы жұпыны өмірі көз алдына елестейді.


Сандықты ашып, ішінен ескі фотоальбомды алып шықты. Парақтай бастады. Қолдары дір-дір етеді. Міне, мына ақ-қара түсті суретте Гүлайна екеуі алғаш бас қосқан кезі. Екеуі де жап-жас. Көздерінен нұр себезгілейтіндей. Өмірге махаббатпен қарайтын шақтары.


Ал, енді мына суретте Күншуақ қаласындағы зообаққа барған кездері. Мұнда енді тек Гүлайна екеуі ғана емес, Бақыт, Лаура, Диана да бар. Ортаншысы түйеде, тұңғышы иығында отыр. Әлі 1-ге де толмаған сүт кенжені әйелі құшақтап алған. Гүлайна фотоаппаратқа емес, Пақырға ыржия қарап тұр. Шамасы, сонда Пақыр әйеліне күлкілі бірдеңе айтқан болу керек...


Гүлайнамен бірге бар болғаны екі-ақ фотоға түсіпті.


Танысқандары да бір қызық. Қырыққа тақаған әйелдей бойындағы ыстығы һәм қызығы қайта бастаған жаз айы болатын. Пақыр мекеме жұмыстарымен қалаға бара жатқан. Ол кезде қазіргідей бастық емес, орынбасар. Жұмысы өте көп. Ауылдан шыға берістегі жолда өткен-кеткен көліктерге "мені ала кетіңдерші" дегендей қол сермеп бір келіншек типтес қыз тұр. Ол кезде көлік аз. Бар болса, кілең Сәбеттік мәшинелер.


Пақыр дереу тоқтай қойды. Бұл тоқтамаса, басқа біреу тоқтап қоятындай.

- Қарындас, қайда барасыз?

- Қалаға.

- Отырыңыз.

Бұлар мінген көлік қос есікті "Нива" еді. Пақыр көліктен түсті. Келіншек типтес қыз қысыла-қымтырыла тоңқаңдап Ниваның артқа орындығына әзер жетті. Сол қыз Гүлайна еді. Тұйықтау секілді көрінген. Жол бойы Пақыр қойған сұрақтарға жауап берумен шектелді. Әрі тым қысқа.

- Осында тұрасыз ба? - деді Пақыр көлікке отыра сала.

- Иә.

- Кімсіз? Яғни, қайда істейсіз дегенім ғой, - деді Пақыр арада шай қайнатым уақыт өткенде.

- Шаштаразбын.

- Қай маңдағы шаштаразда істейсіз? - Бұл кезде шырпы тұтанатын сәт ұлудай жылжыған.

- "Мастар" кафесінің маңындағы шаштаразда.

...Әлгі қыз санасынан шықпай қойды. Жатса-тұрса ойлайтыны сол. Соншалықты сұлу болмаса да, тартымды, әйтеуір. Жазғы ыстыққа тотыға бастаған аққұба жұқа жүзі, қанша тамақ жесе де салмақ қоспайтындай арықтығы, өзіне жарасымды күңгірт үні, ең бастысы кекселікке ұрынбай, бойындағы балауса шақтағы нәзіктікті сақтап қалғаны. Осы еді, Пақыр іздеген жоқ... Іздегені алдынан, іздемей-ақ табылды. Ең сүйікті өлең жолы. Осыны іштей сан қайталайтын.


Жұмыста мең-зең күйде отырды. Ішпей-ақ. Біреуді шын ойласа, адам тентек болып кетеді екен. Пақыр не істерін білмей дал болды. Қызға барғысы келді. Ол өзі қыз ба, келіншек пе? Егер тұрмыстағы әйел болса ше? Өткенде, өткенде дегенде кеше, сұрамапты да. Бірақ, не деп сұрайды? «Күйеуің бар ма» дей ме? Ұят қой. Жас жігіт болса мейлі. «Әй, осы тұрмысқа шықпаған-ау. Нәп-нәзік еді өзі». Дәрігерлік түйсігі осылай деп шырқырады. «Бар, бар, кешікпей бар. Жас болса мынау, қызмет-қызмет деп біразға келіп қалды».


...Сыр білдіргісі келмеген Пақыр бір күннен соң емес, үш күн өткен соң Гүлайна істейтін шаштаразға «кездейсоқ» бас сұқты... Аядай бөлме екен. Бірақ, тап-тұйнақтай. Екі шаштараз келіншек клиент жоқ болғасын, шай ішіп отыр. Өткендегі Гүлайна көзіне оттай басылды. Сол! Нақ өзі. Кесені аузына апара берген Гүлайна есік аузында тұрған Пақырды көргенде, шайына шашалып қала жаздады. Пақырды өзін іздеп келеді деп ойламаса керек. Жігіт оған ыржия қарады. Бірақ, қыз ол секілді ыржимады.


- Сәлеметсіз бе? - деп ресмилік танытты. Жігіт абдырап қалды. Қыздан мұндай салқынқандылықты күтпеген еді. Енді келгеніне өкіне бастады. «Мені көргенде қуанатын шығар» деп ойлаған. Тым құрыса, «О, бұл сіз бе?» деп жылы қабақ таныта ма деп еді. Сөйтсе, мұнысы есек дәме екен ғой. «Мен оны 3 күн, 3 түн ойлап шықтым ғой. Ал, ол мені 1 секунд та болсын, ойламағыны ма? Іһім-м, мен де қызықпын. Ол мені не үшін ойлауы керек? Әулие ме едім сонша?»


- Келіңіз, мұнда отырыңыз, - деп Гүлайна Пақырға сыры өшіп кеткен шиқылдақ орындықты нұсқады. Жігіт иесінен сүйек дәметкен иттей қыз бұйрығына көне берді.


- Қалай алу керек? - деп басынан ұстады.

- Қалай қалайсыз, солай алыңыз.

Бұл жауапқа еріксіз жымиған қыз:

- Шашыңыз қайратты екен, - деп те қойды. Дауысы қатқыл болғанымен, алақаны жұп-жұмсақ, жұп-жұмыр екен. "Иә, қайратты" деп Пақыр бас шұлғыған. Бірақ, бұны ішінен айтты. Қанша бұлқынса да, дауысы сыртқа шықпады.


...Сол бір жұмыр алақан үшін шаштараздан шықпайтын болды.


- Жұрт айына бір рет келетін еді. Сіз апта сайын келетін болдыңыз ғой? Қызықсыз сіз, - деп күлген Гүлайна бірде. Сол бір күлкіден соң, екеуінің араларындағы бөгет быт-шыт болып қирады...


...Жұмыс уақыты аяқталар кез-тұғын. Жоқ, жұмыс аяқталуына әлі үш сағаттай уақыт бар еді. Пақыр шаштараз алдында Гүлайнаны күткен. Күтпес те еді, тек, әлгінде ол сыңғырлай күлгені болмаса. Өзінше жақсылыққа жорыды. «Ол мені ұната бастағандай ма?»


Жел гуілдеді. «Иә, ұнатады» деп белгі білдіретіндей. Бұлттар қарайып келеді. Шамасы, жаңбыр жауатын секілді.


Кешкұрым қызыл плащты Гүлайна құрбысы екеуі шаштараздан шыға берген. Ал, Пақыр тек Гүлайнаны шығады деп күткен. Ал, құрбысы жөнінде неге ойланбаған? Неткен ақымақ. Екеуі жұбы айрылмай бірге жүреді. Қырсық десе... Осы уақытқа дейін әлі оңаша сөйлесе де алмады. Ол соншалықты бейшара емес қой. Егер оңаша қалғанда бірдеңе дер ме еді? Әйтеуір, үнсіз жүре бермей. Енді амал жоқ, көлігінен сүйретіле түсті. Пақырды байқаған қыздар оған аңтарыла қарады.


- Сіз мұнда не істеп жүрсіз? – деді Гүлайна салған жерден. Қанша дегенмен, Пақыр еркек қой. Ол да қыз шабуылына шабуылмен жауап берді.

- Сіздерді үйлеріңізге дейін жеткізіп салсам қарсы емессіздер ме? – деп Гүлайнаға қарады. Құрбысына емес, Гүлайнаға. Тура көзіне.

Пақырмен көз арбасуға дәті жетпеген Гүлайна құрбысына қарады. Құрбысы көпті көрген біреу екен:

- Жоқ, мені апарып әуре болмаңыз. Қазір күйеуім келеді. Дұрыс түсінбей қалуы мүмкін. Ал, сіз Гүлайнамен кете беріңіз - деді. Пақырға қулана қарй. Бұны жақтырған түрі ғой. Егер құрбысына ұнаса, онда Гүлайнаға да ұнағаны. Өзі де сымбатты жігіт емес пе? Екі қолға, яки он саусаққа бір күрек жұмысы, астында көлігі бар. «Копейка». Жарқын болашаққа деген үміті де жоқ емес. Одан артық не керек тағы? Иә, үй керек. Біраз ақша жисын, сосын үйіңді де алады.

Пақыр көлігіне қарай бүлкектей бергені сол еді, Гүлайна:

- Жаяу қайтайықшы, - деді. Дауысы сондай нәзік. Бойындағы мұздай тәкәппарлығы еріп кетіпті. Әлгіндегі суықтығынан жұрнақ та жоқ. Шамасы, жүрек деген оттай ыстық болса, әрі ешқашан сөнбей лаулап тұрса, алдынан шыққан кез-келген мәселенің күлін қалдырмай өртеп кете беретін секілді.

...Бұл кезде, жаз емес, мезгіл жуыла-жуыла оңып кеткен шүберектей болған сұп-сұр күз болатын. Үстіндегі қызыл плащы қара желмен желбіреп келеді. Жалаңаш талдар бүрісе шайқалады. "Жаурамайсың ба?" деген Пақыр сонда. Қыз оған күлімсірей қарады. "Қалай ойлайсыз?" Пақыр бозбала емес. "Ә, жаурамасаңыз бопты да" деген де қойған.

Қыз тауық қора секілді үйде тұрады екен. Қызды қайдам, сонда Пақыр қатты қысылды.

- Шәй ішіп кетесіз бе? - деген сонда Гүлайна.

- Ішіп кетемін.

- Ішкіш екенсіз, - деп күлді қыз. "Енді" деп Пақыр да өтірік күле салған сонда.

...Ауылдан келіпті. Оқуға құжат тапсырған, бірақ, түсе алмай қалған. Әрі қайта құру заманында оқуға ықыласы да болмапты. Сосын, ауылда қарап жатқысы келмей, жұмыс істей бастаған. Таныс құрбылары арқылы осындағы шаштаразға жұмысқа тұрды. Сол күннен бері 5 жыл өтіп кетіпті. Жасы қазір жиырма төртте екен. "Ұзақ жылдан бері Зинайда деген орыс әжеймен осы үйде бірге тұрамын" деді. "Кемпір үйде жоқ па?" деді Пақыр. Сөйтсе, ол жылда дәл осы мезгілде, күзгі қара суықта үйіне апталап қонбай ауданды аралап кетеді екен. Қанына сіңген әдеті. Әлдекімді іздейді дейді. Асылып өлген қызымен, соның күйігіне шыдай алмай бақилық болып кеткен шалымен сөйлеседі дей ме, кім біледі.

- Кәрі қыз болып қалам деп қорықпайсыз ба?

- Несіне қорқамын?

- Енді... Өміріңізді жалғыз өткізбей, ел қатарлы аяулы жар, ардақты ана болғыңыз келетін шығар?

- Еркек бар, азамат жоқ. Бәрінің ойы тау етегінде. Ұшар биігіне шыққысы келмейді. Енжар бәрі.

- Мүмкін, сіз өзіңіз шығарғыңыз келмейтін шығар? Дәл қазір айналаңызға қараңызшы. Есі дұрыс азамат бар. Сіз өзіңіз көрмей отырсыз, - деп Пақыр сөзін жұмбақтап аяқтады. Сонда қыз бұған жымия ма, әлде мұңая ма, әйтеуір ұзақ қараған.

- Қызықсыз сіз, - деді ол бір кезде. Пақыр іштей: сенсіз өмір қызықсыз" деді келіншек типтес қызға өзімсіне қарай. Осы уақытқа дейін қалайша бойдақ болып жүре берген? Енді өмірін Гүлайнасыз елестете алмайтын сияқты.

...Пақыр таңға жақын бір-ақ қайтты. Түні бойы шай ішкен. Екеуі. Шай үстінде бір-бірі үшін жаратылғандарын түсінді. Өмірге деген көзқарастары бір секілді...

Қыз-жігіт болып желкілдемеді. Ешқандай ырың-жырың болмады. Ондайға жоқ екен. Көп өтпей отау құрды...


Тойлары сонау Мәскеу қаласынан үш мың шақырым қашықтағы Нұршуақта өтті. Дүркіремесе де, алыс-жақынға күркірі естілді. Ұмтылмастай өткен. Жұрт ұзақ айтып жүрді. Бір ғажабы, бұл той қыстыгүні өтті. Анау-мынау қыс емес, аяз қақап, қар борап тұрды. Сол күні. Той өткен орталық әмбебап дүкен іші суық еді. Гүлайна жаураса да, жаурағанын ешкімге сездірмей, жұп-жұқа той көйлегімен жарқырап жүрді. Көйлегі аппақ еді. Қалыңдығына қарағанда, Пақыр көзі қарыққанын аңғарды. Мұндай да болады екен-ау. Арзан болса да, осыншалықты жарқырағаны несі? Жаңа жауған қарда бұндай аппақ болмас. Кей тойларда қалыңдық киген көйлек қанша қымбат болса да, сұп-сұр болып тұрады ғой. Соны Пақыр тез аңғарушы еді.


Есінде, Гүлайна Бақытқа жүкті кез. Екеуі көшеде бірге келе жатқан. Гүлайна жаяу жүргенді керемет жақсы көретін. "Мен өзім жаяу жүргішпін" деп әзілдейтіні бар. Үстінде сол баяғы қызыл плащ. Пақыр оған жаңа плащ әпергісі келген. Бірақ, Гүлайна ескіні кигенді жаным сүйеді деп қарсы болды. "Өзің білесің" деп бұл қоя салған.


- Пақыр, тұңғышымызды Бақыт деп атайықшы, - деп бір кезде күйеуіне еркелей қарады.

- Егер қыз болса ше?

- Қыз болса да. Бақыт деген бейтарап ат. Қызға да, ұлға да қоя беруге болады.

- Жарайды.


Бақыттан кейінгі екі қызына Лаура, Диана деп заманауи аттар қойды. Кішісіне "Ұл" жұрнағынан басталатын ат қойғысы келіп еді, бірақ, ол ойынан тез айныды. Сол заманда жұрт қыздарына жаппай Адель, Анель, Карина сияқты еуропалық аттарды қойып жатқанда бұл олардан қалсын ба? Егер қызынан біреу "есімің кім болады?" деп сұрасса, "Ұлту" немесе "Ұлжалғас" деп тұра ма? Ұят қой. Құлдық сана ма, әлде заман талабы солай болды ма, Пақыр Бақыт пен Лаураны орыс сыныбына берді. Заман түзелгеннен кейін, 1980-ші жылдары "болды, күні бітті, қайтыс болды" деп ойлаған қазақ тілі өлмей аман қалған соң, Диананы ойлана келе қазақ сыныбына берді. "Не дегенмен де тәуелсіз ел болдық қой. Мүмкін, келешекте Қазақстанда қазақ тілі патшалық құратын шығар".


"Жас жұбайлар" бес жыл бойына пәтерден-пәтер, бөлмеден-бөлме қоймады. Небір адамдарды көрді: Кең пейіл, тар пиғыл, ақ көңіл, күлгін көңіл. Тиынға тісі сынған кетік, жүрегі керең, көңілі соқырлар да болды, тіпті. Өкінішке орай, ондай адамдар бұл өмірде көп екен.

- Тұратын болсаңыздар, үш айға алдын-ала төлеңіздер.

- Үш айға алдын-ала? Оған ақша жоқ қой. Ай сайын төлейікші одан да.

- Онда үйде жоқ. Сау болыңыздар!;

- Сендер 1500 теңге төледіңіздер. Қалған 250 теңгені кім төлейді?

- Түсініңізші, дәл қазір ақша болмай тұр. Кішкене шыдай тұрыңызшы. Төлеймін. Ақыңызды жемеспін".

- Үш күн уақыт беремін. Егер төлемесеңдер, жүктеріңді алып қайқайыңдар. Менің пәтерімдей пәтер жоқ бүкіл ауданда. Жарығы бар, газы бар. Менің пәтерімде тұрғысы келетіндер өте көп. Сендер сияқты 1750 теңге емес, 1850 теңге төлеуге бар. Ал, сендер шіренесіңдер кеп. О несі-ей.


Нұршуақта бұлар тұрмаған үй жоқ шығар. Бақыт пен Лаура сондай қоныстарда дүниеге келген. Онда жағдайлары болмай әбден әбіржіді. Гүлайна: "Шіркін, дүниедегі ең бақытты адам - баспанасы бар адам шығар" деп ойлайтын. Бірде түс көрді. Түсінде лай илеп, терезе ойып жүр екен. Сол түсті бекерге көрмепті. Көп өтпей күйеуі бастық болған. Зейнетке шыққан кәріс әйел орнына Пақырды қоюға ұсыныпты. Сосын Пақыр үй алды. Онда да әлдеқандай құдіретпен. Ата жұртына кемпірімен бірге ауып бара жатқан неміс шал бұларға бір жарым қабатты үйді өте арзанға берді. Бір Құдайға қараған жандар екен. Әйтпесе, дәл сондай үй үшін қазақтар аспандағы айды сұрайтын. Пәтер азабынан зәрезап болған Пақыр мен Гүлайна үйлі болғанына сене алмады.


- Шынымен үйге қол жеткіздік пе?!. Бұл енді біздің үй ме?.. Өңім бе, түсім бе?

- Иә, біздің үй. Бұл бір ғажап болды.


Дегенмен, үй әлі бітпеген. Мүлдем. Тек, қаңқасы ғана қалқаяды. Қабырғалары құмдалмаған. Едендері жоқ. Есік-терезе жөнінде айтқан артық шығар. Бірақ, осыған да Құдайға шүкір. Шал мен кемпір аядай бір бөлмеде тұрыпты. Бұлар да сонда өмір сүрді. Ең бастысы, пеші бар. Қыстан қорықпай-ақ қоюға болады. Жерге екі қабат киіз төсеп жата береді. Қой жүнінен иленген киіз суықты өткізбейді екен. Қазіргі адамдарға өтірік, сол бір бөлмеге Пақыр, Гүлайна, үш қызы, бәрі еркін сиятын. Сонда ұйықтайды, сонда тамақ ішеді, сонда теледидар көреді, сонда қонақ күтеді. Нағыз әмбебап бөлме. Кейін Пақыр ондай құдіретті бөлмені қайта кездестірмеген.


Тағы бір бес жылда үйді толық бітірді. Пақыр істейтін мекемеде Александр дейтін күзетші шал болды. Тамаша адам. Жұрт оны "Дядя Саша" дейтін. Пақыр сол Саша атайды үйіне жиі жіберетін. Дұрысы, Гүлайна шақыртатын. Себебі, Пақыр қара жұмысқа жоқ. Ал, Гүлайна сұмдық еңбекқор. Бір сәт қимылсыз отыра алмайды. Дядя Саша екеуі есік алдына төккен құмды қапшықтап, кірпішті зембілмен қораға тасиды. Ұлы Отан соғысы тұсында салынған ескі сарайларды бұзады. Дядя Саша әңгімешіл. Гүлайна одан:


- Пақыр жұмыста не істейді?

- Кіммен сөйлеседі?

- Мекемеде қандай әйелдер бар?

- Күйеулері бар ма?

- Өткенде комиссия келді деп таңға жақын бір-ақ келді. Комиссияны күткені рас па?

Осы жайлы тәмтіштеп сұрайтын. Дядя Саша әңгімешіл болғанымен, Пақыр жайлы тіс жара бермейтін. Бастығы ғой. Бұл үшін бастығы мен әйелі арасында ұрыс болғанын қаламайды.


- Мен ештеңе білмеймін. Мен тек күзетшімін. Көбіне түнде болмамын жұмыста. Басекеңнің жұмысы қиын. Тексеріс деген жиі болады. Рас. Қонақтарды күтемін деп қатты шаршайды. Қалыңдығы кірпіштей қағаздар жазады. Дәл Пақаң секілді ешқандай жазушы жазбаған шығар. Кабинетіне кіргенде ылғи байқаймын. Жұмысбасты, - дейді Дядя Саша Гүлайна құйған ыстық шайды үрлей ішіп. - Негізі Пақыр нағыз азамат. Мүлдем пара алмайды. Өкініштісі, қазір мына нарық заманында Пақырдай кісілер аз ғой. Оның алдындағы бастықтар ұятсыз еді. Онсыз да мардымсыз жалақыны тістеп-тістеп, жұлым-жұлым қып әзер беретін, - дейді қуырдақтан қарбыта асап.


Бірде Пақыр жұмыста отырғанда Гүлайна телефон шалды.

- Алло!

- Алло, Пақыр! - деді әйелі. Өкси. Пақыр селк ете қалды.

- Не болды?

-...

- Не болды деймін? Сөйлесейші, - дейді Пақыр шыдамыздана.

- Ол... Ол... Қайтыс болып кетті, - дейді әйелі солқ-солқ етіп. Дауысы үзіле-үзіле әзер естілді. Пақырда жан қалмады. Орнынан атып тұрған. Ештеңеге қарамады. Үйіне құстай ұшты.

Келсе ебіл-дебілі шыққан әйелі есік алдындағы тапшанда отыр. Аспандағы күнді сұрт бұлт жапты сонда.

- Не болды?

"Кім қайтыс болды?" деп сұрай жаздаған. Бірақ, тілін тістеп қалды. Жүрегі атқақтап тұр.

- Ол бұ дүниеден өтіп кетті.

- Кім?!.

- Зинаида апай.

- Тіфу, бағаналы бері солай демейсің бе? Мен қыздарыма бірдеңе болып қалды ма деп десем. Жүректі ұшырдың ғой.

- Зинаида апай... Анамдай болып кеткен еді. (Гүлайна тұрмысқа шыққанда, Зинайда апай бұны қимай "қызымдай болып кеткен едің" деп бауырына қысқан. "Енді қалай жалғыз тұрамын?" деп жылағанда Гүлайна жанын қоярға жер таппады.)

- Қойшы соны әлдеқандай етпей. Өлмесе, одан әрі.

- Сен... Сен қатігез адам екенсің, Пақыр. Жоқ, адам емес, итсің. Жоқ, ит сенен гөрі дұрыстау. Адамгершілігі бар, - деп Гүлайна бұған ызбарлана қарады. – Сендей... Сендей сайтанға қосылған мен де ақымақпын.

Бірақ, арада бірер күн өткенде күйеуіне деген ашуы толықтай тарқап кетеді. Көңілденсе:

- Қазір ойласам таң қаламын, - деп ауыз жаппай әңгіме айтатыны бар. - Үш жыл бұрын өрік басына өрмелеп кетіптпін.

- Онда тұрған не бар? - дейді Пақыр немқұрайлы шәйді сораптап.

- Сонда мен Лаураға екіқабатпын ғой, түсінесің бе? Онда Лаура жеті айлық, - дейді Гүлайна.

- Ойбай, - деп Пақыр баж ете қалған. - Есің дұрыс па?

- Соны айтамын ғой. Егер өрік басынан құлағанда ішім жарылатын еді.

- Енді бұлай істеуші болма.

- Жарайды, істемеймін, - деді Гүлайна жас баладай ұяла. Істемеді сосын расында.


...Бәлкім, сіздер де сезген шығарсыздар, Келіншегі қайтқалы бері Пақыр тым балажан болып кетті. Тірісінде жұбайының қадіріне жетпепті. Жетпепті дегенде, Пақыр отбасына құдайы қонақтай жайлы еді. Қатын-баласына ұрысқан, қол көтерген емес. Бірақ, жарына, қыздарына көп көңіл бөле бермейтін. Көбіне түзде жүрді.


Бірде Пақыр таңертең үйіне шашы ұйпа-тұйпа, көйлегі мыж-тыж болып келген. Бұндай жайт алғаш рет болып тұр. Үйіне таңертең бір-ақ келді!!! Бұрын құрығанда түн ортасында келуші еді. "Әйелім ұрсатын болды-ау" деп есік алдында ұзақ іркіліңкіреп, үйге аяқ ұшымен кірді. Дәл осыны күткендей алдынан әйелі шыға келді. Жалмауыздай. Таңертең үйінен "жаным" деп шығарып салған Гүлайна:


- Қайда жүрсің, нақұрыс? - деп қарсы алды.

- Комиссия... Соны күтемін деп...

- Не қылған бітпейтін комиссия ол?

- Енді қазір тоқсан соңы дегендей. Есеп-қисапты өткізу керек...

- Түнде өткізесің бе не?

- Комиссия ертең басқа мекемені тексеру керек. Жұмыстары көп. Уақыт жетпей жатыр. Сол себепті...


Ол тақтада тұрған оқушыдай жөні түзу сылтау таба алмай, бірдеңені шатып-бұтты. "Нақұрыс-ай" деп Гүлайна оған атып жіберердей қарады. Бұл көзқарастан ауыр жараланған Пақыр жер шұқылады. Ал, үшінші қыздары дүниеге келгелі бері Пақыр да, Гүлайна да қатты өзгерді. Бұрынғыдай емес. Түнде үйіне қонбай, таңертең оралатын Пақырды:


- Келдің бе? - деп кінәлі адамдай сүмірейе қарсы алады. - Әйтеуір, аман-есен келсең болды, - дейді сонсоң естілер-естілмес күбірмен. Пақырға ашулануды қойғалы қашан. Керісінше, өзін кінәләйтін. "Ұл туып бере алмағаныма күйінеді ғой".


Еркекке бұдан артық не керек?

Қазір ойласа, ол ештеңеге айырбастамайтын алтын сәт екен...


* * *


Неге екені белгісіз, Гүлайнадан туған үш қыз өскен сайын бір-бірінен алыстай бастады. Үшеуі үш қалада жүргесін бе, бастары қосылмай кеткен-тұғын. "Аралары алыстап кетпесе игі еді" деп Пақыр сары уайымға бататын. "Бір-бірлеріңе жиі телефон шалсаңдаршы" деп айтудан жалықпайтын. "Е, Бақытқа ма? Ә, кімге, Лаураға ма? І-і, Дианаға ма? Жарайды. Хабарласамын ғой" деп қоя салады. Қыздары бір-бірі несі, тіпті, әкелеріне хабарласпайтын болды. Сонда жалғыздықтан торыққан Пақыр студент қыздарына өзі телефон соғады:


- Қызым, тамақтан ақшаны аяма, - деп сөз бастайды. - Студент кезімде қара нан жедім деп айтпа ешқашан. Өйтсең, кешірмеймін. Мен қара нан жеп өстім. Себебі, ол кезде заман қиын еді. Ал, қазір заман басқа. Барлық жағдай жасалған. Ұялы телефон бар, карточка бар. Интернет бар. Бәрі бар ғой. Бірдеңеден қысыла қалсаң, дереу хабарласа ғой... Ақша бар. Әрқашан тоқ жүр. Түсіндің бе? Біздің кезде заман қиын еді. Қазіргідей телефон жоқ. Телеграмма деген...


- Ой, әке, мың рет айттыңыз ғой. Шаршамайды екенсіз.


Бақыты мен Лаурасы оқуда жүргенде, жалғыз жұбанышы - қолындағы Диана-тұғын. Үйде екеуден-екеу қалған. Бірақ, сонда да болса, көңілді еді. Торықпайтын, елегізімейтін. Әрқашан көктем күніндей жарқырап жүретін көңілді қызы жабықтырмайтын:


- Әке, бүгін бізің мектепте не қызық болғанын білесіз бе?

- Әке, мен бар ғой, бүгін, - деп Пақырға шегі жоқ әңгіме айтудан жалықпайтын.

Бірақ, ең соңы Дианасы да оқуға түскенде, дұрысы түсіргенде Пақыр бір қуанды, бір мұңайды. Бір қуанды, бір мұңайды...

Қызы өте аз балл алды. Ұлттық бірыңғай тестілеуден. Сонда ол үш күн бөлмесінен шықпай ағыл-тегіл жылаған еді.

- Бәрі дұрыс, - деп жүрегі езілген Пақыр жігері құм болған қызының арқасынан қақты. - Бекерге торыға берме. Аз балл алдым деп жылағаның не сонша? Сол да жылайтын нәрсе ме? Алматыда оқығың келе ме? Оқытамын. Англияда оқытамын керек болса...


Ақыры, ол алмалы қалаға оқуға кеткелі бері даңғарадай үйде жалғыз қалған. Пақыр өзінше ойлаған, "Диана оқуға кетсе, Бақыт жаныма келеді. Жалғыз қалмаймын". Бірақ, Бақыты Қарағандыда қызмет деп уақытша, сосын отбасы деп тұрақтап қалып кеткен.


Дегенмен, Дианасы үйіне жиі келеді. Жүрегі нәзік. Әкесінің жалғыздықтан қиналатынын сезеді, шіркін. Қызы келетін күн Пақыр үшін мереке. Сол күні ол ерекше дайындалады. Таң азанымен өзбек еркектері секілді базар аралап, анау-мынау алып, палау басады. Палау басқанды жаны сүйеді. Сосын үйді жинаған болады. Әйтеуір, сонда сұрқай үйіне сән кіретін. Сән емес, жып-жылы жан кіреді. Өлі үй тіріледі. Қызы үйіне бір қап қуаныш арқалап келе жатқандай көрінетін. Бірақ, бұл жолы қызы бір қап қайғы арқалап келген секілді...


* * *


Бәрі неден басталып еді? Иә, Диана алғаш Алматыға оқуға аттанды. Осы уақытқа дейін үй маңынан ұзап көрмеп еді. Сол күні пойыз әдеттегіден ерте келді. Дианаға солай көрінді. Бейнебір ауылынан айыруға асыққандай...

Еріксіз, жаны жылап пойызға мінгенде:

- Сен енді сақ болғын. Қала - ауыл емес, - деген еді әкесі Пақыр. Даусы дірілдеп шыққан.

- Әке, қойыңызшы, ештеңе де болмайды.

Осылай дегенімен, Диана да өз сөзіне өзі сенбей біртүрлі іштей жасыды. Өмірінде бірінші рет алыс жаққа шыққалы тұр. Қалай болар екен? Қала деген қандай өзі?.. Тасжүрек пе? Әлде осы Нұршуақтай қонақжай ма екен?

- Аман бол, жаным. – Пақыр Диананы бейнебір оқуға емес, жыландар ордасына жібергендей көңілі әлем-жәлем болды. Кішкентайынан қасында өскен сүттей аппақ, тым тәтті қызын алысқа қиғысы келмеді...


Пойыз орнынан қозғалды. Ілгері қарай. Артта – анасы. Артта – Нұршуақ. Артта – бәрі қалды. Мына станцияға жарбия төнген кедір-бұдыр тауларды, ақшаңқан бұлтты көк күмбезді қия алмады. Пойыз туған жерінен алыстаған сайын жаны жаралана берді. Жарты жүрегі ауылында қалғандай аласұрды. Пойыз ішіндегі жұрт – Нұршуақтағыдай емес, мүлдем басқаша. Өз-өздерімен. Шүйіркелеспейді, бір-бірімен жау сияқты. Мына бір тәкәппар қатынастан көңіліне қаяу түсті. Қайта ауылына қайтқысы келді. Жылы шырайлы адамдар, мейірбан жүздер сол өскен жерінде қалған сынды. Тек, сол жерде, басқа еш жерде емес.


...Алматыға келгеніне 1 айдан астам уақыт өтсе де, Диана ешкіммен етене араласа алмады. Жалғыз жүрді, өз-өзімен дос болды. Ол бос уақытында осы университет бағында серуен құрғанды жаны сүйетін. Осында жүргенде бейнебір Нұршуақта жүргендей әсерленеді.


...Қос тал түбіндегі орындыққа отырды. Арада ай өтсе де әлі өткен күндер елесімен өмір сүруді доғара алар емес. Қайта келмес 18-ді аңсаған қара кемпір секілді. Тәні Алматыда болғанымен, жаны сонау қияндағы ауылда...


«Мына оқу қашан бітеді өзі? Шыдау керек, 1 ай уақыт өтті ғой. Енді тағы 3 ай шыдасам, Нұршуаққа қайтамын. Мына жақта күн бұлттанады да тұрады. Адамдары да. Жә, енді бар болғаны 90 күн қалды ғой».


...Қашанғы мұңаяды. Бірде топтас достарымен Алматыны армансыз аралаған. Қалада түн шымылдығы түссе де, жарық өшпейді екен. Бұл қала ешқашан ұйықтамайтын сияқты. Түн ортасынан ауса да көшеде ағылған көліктер, адамдар қарасы бір сиреген емес. Қызық, олар осындай жеті қат қараңғы түнде қайда асығады екен? Түн ортасында нендей тірліктер атқармақ? Нұршуақта мұндай емес-тін, мүлдем өзгеше. Ол жақта қалай ымырт түседі, көше тұрғындары солай үйді-үйлеріне тарайды. Түнде сырттан тырс еткен дыбыс шықпайды. Жым-жырт. Шықса, тек, зауза қоңыздар ғана шырылдар, мазасыз иттер ғана арпылдай үрер. Ел-жұрт қалың ұйқы құшағында жатар еді...


Диана бөлмесіндегі Саямен тым жақын құрбы болып алды. Бірде екеуі армансыз сырласқан. Сонда әңгімеден әңгіме туып, Сая Дианадан:

- Ауылыңды сағындың ба? – деп сұрады.


Диана бір сәт үнсіз қалды. Ауылды көрмегеніне бір күз болыпты. Сағыныштан өлердей хәлге жетті ғой. Енді, Құдай қаласа, 1 айдан кейін ауылына қайтады. Әкесімен қауышады. Өз үйі, өлең төсегінде аунайды, қунайды. Есік алдында бірге қуыршақ ойнап өскен құрбылары - Әсел, Диана, Хорландармен кездеседі. Ол тек сол құрбыларымен бірге болғанда ғана – шынайы Диана. Алматыдағы бетперде киген Диана емес. Мұнда ол ішқұса болып жүр еді. Жанын түсінгісі келетіндер бар-мыс, бірақ, түсінетіндер жоқ.


Диана жиі ауыратын. Сондайда оған ешқандай дәрі-дәрмектер көмектесе алмайды. Тек, бір ғана ем оны ауруынан құлан-таза айықтыратын. Ол - құрбылары еді. Құрбылары үйіне көңілін сұрай келгенде, сырқат Диана аттай шауып кететін...


Диана ауылға барғанда, құрбыларымен бірге күні бойы ауылды аралайды. Олармен бірге өз ауылыңды аралаған қандай ғанибет. Жол бойы небір тамашаларға тап болады. Таныс жігіттерді көреді, қабаған иттері бар көшелерді айналып өтеді дегендей. Кешке барлығы бір үйге жиналады. Сосын түні бойы ауыздары-ауыздарына жұқпай әңгімелеседі. Әй, сонда іштеріне толып қалған шерлерін сыртқа армансыз шығарады. Сол бір сезімге бұл дүниеде ештеңе жетпейді. Ал, бір үйде туған бауырлардай бірге өскен сыныптастарымен екінші үйлеріне айналған мектептеріне бас сұғады. Ұстаздарына сәлем беруге. Дұрысы, кеуделерін дендеген сағынышты басуға. Себебі, олар осы мектеп қабырғасында өсті ғой. Адам баласына тән бүкіл сезім атаулыны осында алғаш өткерді. Күлді, жылады, қуанды, мұңайды. Студент болғалы бері Диана "мектеп" деген сөзді естісе мұңаятын болды. Мектепті бітіргеніне шындап өкінетін болды. Шіркін, мектепте оқушы болып мәңгі жүре берсе ғой. Ойлап қараса, небір бақытты сәттерді мектепте бастан кешіпті. Мұнда олар «тақтаға мені шығармаса екен» деп Құдайдан жалбарына тілек тіледі. Журналда аты-жөні бірінші жазылғандарға обал-ақ! Үй жұмысы дегенді - сынып жұмысына айналдырды. Бақылауларда есепті бір-ақ адам шығарады, ал, басқалары қате болса да үтір-нүктесіне дейін қалдырмай көшіруші еді. Әйтеуір қос парақты толтырса болғаны. Әшейінде анау-мынау әзілге жымимайтындар, сабақ үстінде күлкіден жарылатын. Мұғалімдер де ұрсатын:


- Тыныш, немене, базардағы шемішке шаққыш әйелдердей самбырлайсыңдар? Сендер сабақта отырсыңдар, көшеде емес. Асхат, неменеге күлесің? Бізге де айтсай, бізде күлейік. Мен осы мектепте 20 жыл мұғалім болыппын. Бірақ, осы уақытқа дейін дәл сендердей тәртіпсіз сыныпты көрмеппін.


Сабаққа келмей, ертесіне сынып жетекшілеріне: "Апай, кеше қатты ауырдым. Содан сабаққа келе алмай қалдым" деп айтатын. Әрине, сынып жетекшілері де ақымақ емес қой. Мектепте талай жыл ұстаздық еткен педагог емес пе? Талай оқушы алдынан өткен. Ол шындыққа жанасатын да, жанаспайтын небір сылтауларды естіді. Сол себепті, ол тек мұғалім емес, сонымен қатар тәжірибелі психилог. Алданбайды. Ең ақырында, кешіре салады.


- Әй балалар, әртіссіңдер, иә.


Бірде, Дианалар 10 сыныпта оқитын кездерінде бірдеңені былықтырмақ болды. Былықты бастаған – сынып атаманы Құрманғазы. Ол: «ертең ешкім сабаққа келмесін. Бірдеңе болса өзім жауап беремін» деген-тұғын. Не керек, шынымен де ертесіне 10 "б" сыныбынан ешкім сабаққа келмеді. Ұл балалар мейлі, ал, қыздарға не жоқ? Нағыз масқара сонда болды. Бұл хабар ауылды қоймай,аудандық білім бөліміне дейін жетті. Сол күні олар директор кабинетіне арнайы шақыртылды:


- Мұндай жайт өмірде болмаған шығар. Сендер бізді масқара еттіңдер. Оңбағандар. Кеше неге келмедіңдер? - деп директор арыстандай ақырған болатын. Сонда Құрманғазы:


- Кешіріңіз. Бүгін бізге таңертең мектепке бомба қойылды деген хабар келген еді, - деп мұрын астынан міңгірлеген еді...

- Иә, - деді Диана. - Ауылымды сағындым.

- Қызық, - деді Сая. – Ауылға жетер ештеңе жоқ қой. Жастар қалаға асығады. Сонда қалып кетіп жатады. Мен университет бітірген соң, ауылға барып қызмет істегім келеді. Ауылымды көркейткім келеді.

- Ауылда романтика жоқ дейді ғой, көп адамдар.

- Кім айтты романтика жоқ деп? Біле білсең, нағыз романтика ауылда. Мен алғашқы махаббатым жайлы айтсам деп жүр едім...

...10-шы сыныпта оқитын кезімде жоғары сыныптағы бір жігіт мені ұнатты. Ол мені сыртымнан иемденді. Маңыма ешкімді жуытпады. Шыны керек, бұнысына қапа болдым. Мен адаммын ғой, робот емес. Менде де намыс бар. Есімде, көктем кезі болатын. Біздің ауданға «Жігіттер» квартеті гастрольдік сапармен келе жатыр екен. Ех, «Жігіттер»! Ескендір сол күні үзілісте қасыма келді. Келді де айтты:

- Сая, бүгін кешке концертке барасың, дайын отыр.

«Барасың ба?» демеді, «барасың» деді. Сұрамады, бұйырды. Әрине, мен де мінез бар, мен де көкірекпін. «Бармаймын» дедім. Ол «ойлан» деді. «Ойланатын түк те жоқ, бармаймын». Бірақ, бардым. Не құдіреті бар екендігін білмеймін, ол мені басқара білетін.

Күн көкжиектегі ұясына енді бата бастаған кезде біз мәдениет сарайының алдына келдік. Келсек, айнала кілең біз секілді жастар. Сол кезде сахнаға жігіттер де шықты:

- Құрметті жиналған қауым! Келгендеріңізге мың да бір рақмет! Жастар, сіздер бізді «Бақытты бол» әні арқылы таныдыңыздар ғой. Солай ма?

- Иә! Солай!

- Рас!

Ендеше біз концертті сол «Бақытты бол» әнімен ашсақ, - деп жігіттер концертті бастады... – Тек, бақытты болыңыздар, жастар! Барша Қазақстандықтар!..


- Бақытты бол, берілмей қайғы мұңға,

Бақытты бол, махаббат айдынында.

Бақытты бол, аққулы көлімдей ме ең

Көз алдымнан кетпейді-ау сенің бейнең...


...Концерт біткен соң түнге қарай ол мені үйіме дейін... Бірге келдік. Сонда бір-бірімізді қия алмай, көшедегі жапырақтары жайқалған тұт ағашының түбінде ол менің, мен оның бетіне жымия қарап ұзақ тұрдық. Көктем түні суық болады ғой. Өңмеңнен өтер қара желден жаурай бастағанымда, Ескендір үстіме жұқа күртеше жапты. Өзі киіп келген былғары күртешені. Жылынбадым. Әлде жылынбаған кейіп таныттым ба, білмеймін. Тісім-тісіме тимей дірдектей бастадым бір кезде. Өзімді тоқтата алар емеспін. Әйтеуір, бұл діріл жаурағаннан емес. Түсініксіз бір сезім. Ол осыны сезді ғой деймін, мені жаймен құшақтады. Сонда денем тоқ ұрғандай дір ете қалған. Қарсылық білдірмегеніме батылданды ма, мені бетімнен өпті... Сондағы қорғасындай балқығаным-ай. Қараңғы түнде, жапырақтары сыбдырлаған ағаш түбінде ғашығыңмен болғаннан артық бақыт жоқ шығар бұл өмірде. Сол түні біздің алғашқы сүйісімізге аспандағы жалғыз ай ғана куә болды.


Қазір ол Шуақты қаласында. Бір өкініштісі, көптен бері араласпайтын болдық. Не үшін екенін айтпай-ақ қояйын... Әрине, қазір Ескендірді сағынамын. Күнде кешқұрым мезгілде Ескендір үй алдына келіп ысқыратын. Ескендір шақырғанда дегбір табатын мен бе, үйден қашып шығам. Себебі, сұранатын болсам, ата-анам жібермейтінін білем. Ымырт түскенде біз аудан орталығында тәуелсіздік алған жылдары сұрықсыз күйге түскен ескі әмбебап дүкенге баратынбыз. Әгі өшкен, сыры түскен сұрғылт дүкен қабырғаларына «А+З=love», «Nurshyak forever» деген небір жазулар жазылған. Жан-жағында жаңғақ ағаштары қалың өскен дүкен артында кең алаңқай бар. Біз сол жердегі ағаш орындықтарда отыратын едік. Ұзын-саны 20-шақты адам. Мен Ескендірмен бірге отырамын. Арамызда бір-екі әнші жігіттер бар-тұғын. Олар гитарамен ән айтады:


- Махаббат жалыны маздайды,

Басыңа әкелмес аз қайғы.

Дидарың көрінсе көзіме,

Жүрегім жарыла жаздайды.

Келбетің әрі ай, әрі күн,

Жанымда жүрсеңші жарығым

Ай қабақ, ақ маңдай аруым, Уоу, оу...


Бір қызығы, әнді магнитафоннан тыңдағанда селк етпейтін мен, әлгі ән осы гитарамен айтылғанда елжірей кетемін. Неге екенін білмеймін. Біреу былай айтыпты: «гитара сыңғыры – жүрек соғысы». Шамасы, осы гитарамен айтылған ән жүрекке тез жететін болғаны ғой. Біз осылай түн ортасына дейін отыратынбыз. Бізбен бірге аспанда жұлдыздар жымыңдайды. Қақ төбемізде тұрған ай нұры да тек бізге ғана төгілетіндей. Түнгі 12-ден асқанда жігіттер бізді, қыздарды үйлеріне жеткізетін. Ұят-ай... Әрине, мен келгенше ұйықтай алмай отырған әке-шешем жет-жебіріме жеткенше ұрсады. Сол мезет «ендігәрі шықпаймын, ант етемін» деп уәде бергеніммен, ертесіне үйден қалай қаша жөнелетінімді білмей де қаламын.


Ескендір күндіз көзге көрінбейді. Ол түз тағысы секілді күн батқанда «жорыққа» шығатын. Аудан орталығында сенбі күндері би кештері, яғни дискотека ұйымдастырылады. Мен Ескендірмен осы би кешіне барамын. Бұл жақта өңшең біз секілді 16-18 жас аралығындағы жастар. Өзімізше соңғы сәнмен киінгенбіз. Сол жылдары сәнде – кең балақ джинсы шалбарлар, ақ кросовкилер еді. Би кештерінде «Седая ночь» көп қойылады. Әрине, ескі өлең. Ал, біз болсақ сол әндерге сең соққан балықтардай билейтінбіз. Кей күндері аудандағы түнгі клубқа баратын едік. Түнгі клуб деген жай біз қойған ат. Анау айтқандай керемет түгі жоқ. 12-де жабылады.


Бірде біз әлгі клубтан шықтық. Бір қора адам. Сөйтіп әмбебап дүкен жаққа ойын-күлкімен бара жатқанымызда алдымыздан полицейлер шыға келсе бола ма? Қорыққаным сонша, жүрегім аузыма тығылды.


- Ей, тоқтаңдар, бұл рейд, – деп машинадағы дауыс күшейткішпен бізге айқайлады.


Осы кезде жан-жағымдағылар тым-тырақай қаша жөнелді. Мен қашуға ұялдым. Қыз басыммен біртүрлі ғой. Бірақ, жігіттер түк те саспады. Оларға қашу деген үйреншікті жайт секілді. Ескендір қолымнан жетектей жөнелді. «Сая, қорықпа, менімен бірге жүре бер» дейді. Полицейлер бізді көлікпен қуды. Әрине, олар көлікпен қуған соң, жолмен қашатын біз емес. Көлік түгілі мотоцикл өте алмайтын қалтарыс-бұлтарыстарға қарай қаштық. Біз, қашқындар, қашар кезде топ-топқа бөліндік. Біз Ескендірлермен бірге ағаштары қалың өскен бір бауға тығылдық. Бағымызға орай үй егесі үйінен шықпады. Шынжырдағы байлаулы иті қанша үрсе де... Түнгі 2-лерге таман барлық қашқындар орталық стадионға жиналдық. Мұнда ешкім жоқ. Өлі тыныштық. Осы өлі тыныштықты біз тірілттік.


- Ух, әйтеуір құтылдық қой әлгі бәлелерден. Қайтпайды екен өздері де.

- Әйтеуір, ешқайсысың ұсталмадыңдар ма?

- Жоқ, ұсталмадық. Сендер қайда тығылдыңдар өзі? Таппай қалдық қой.

- Біз арыққа жата қалдық... Ех-хе...

- Жарайды, бізді қоя берші, үйренгенбіз ғой мұндайға. Бәрінен де қыздардан ұят болды.

- Жоқ, қайдағы ұят, ештеңе етпейді, - деп біз шу ете қалдық.


...Бірде біз шатырға шықтық. 5 қабатты подъезд шатырына. Себебі, сол күні Бақыт дүниеге келген еді. Содан Ескендірлер арнайы Бақыт бауырлары үшін шатырға шығатын болды. Сағат таңғы 5-ке қарай қараңғылық сейіле бастаған шақта жер-дүниеге тау артынан күн шапағы шашылды. Сонда мен әлгі көріністен көзімді ала алмай, жыланға арбалған торғайдай тұрдым. Ескендір мені артымнан келіп құшақтады.


- Көрдің бе, Сая...

- Иә...

Сонда мен бақытты едім. Ол кезде мен тек Ескендірге тұрмысқа шығамын деп ойлайтынмын. Ескендір үшін ата-анамнан талай ұрыс естідім. Мектептегі ұстаздарыма жексұрын болдым. Ескендір мені достарымен таныстырған. Достары: «Осы біздің Ескендір бірінші «кететін» сияқты. Сая келін, біз Ескендірге қонаққа барғанда, сен қабағыңды шытпайтын шығарсың? Әйтпесе қазақта «қыз кезінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады» деген сөз бар еді» деп қалжыңдаушы еді. Қалжыңдары да біртүрлі. Ал, мен жынды адамдар секілді күле беремін, күле беремін. Өзіме осы орта ұнайтын. Мен солармен бірге болғанда, бар әлемді ұмытатын едім. Мен бір күн сабақтан қалмайтын тәртіпті қыздан бірден басқа қызға айналдым. Бәрі де Ескендір үшін ғой. Себебі, мен өмірімді онсыз елестете алмайтын едім, - деп Сая Дианаға қарады. Қараса, көзіне жас кілкіпті. Бірақ, ол мықты қыз ғой. Жыламады.


* * *


Университет әкімшілігі қыс басталғанына екі апта уақыт өткенде студенттерді қысқа мерзімді демалысқа шығарды. Аяқасты бере қойған бұл кезектен тыс демалысқа ешкім қарсылық таныта қоймады, қуана-қуана қабыл алды. Енді, олар (1 курстықтар) бұл жерде қала алмас. Іштегі бір дүлей күш туған жерлеріне еріксіз шақырды...


Демалысқа шығар алдында университет әкімшілгі жиналыс жасаған болатын. Концерттік залға бүкіл студенттерді жинаған университет хатшысы:


- Көтеріліс-пөтеріліс, анау-мынау демей, ондайға жоламай үйлеріңе қайтыңдар. Осыдан бірдеңе бүлдіретін болсаңдар, университетке келмей-ақ қойыңдар, - деп қатаң ескерткен-ді.


...Диана ауылына автобуспен барғанды жөн көрді. Жол жүру машақаты ауыр болса да, шыдар. Өлмес. Қаншама мың-сан адам діттеген жерлеріне автобуспен-ақ қатынайды емес пе? Әрі өзіне автобуспен қатынаған ұнайтын. Баяғыда кішкентай кезінде Шаһарға барғанша терезеден бас алмайтын. Сарғыш-сарғыш беткей-белдер, жоталар, сол жоталарда жайылған малдар, тас жол шетінде өскен қарағаш, жаңғақ, теректер, жанар-жағармай бекеттері, елсіз жерге салынған кафелер, бәрі-бәрі көз алдынан өтетін.


...Үйі көзіне даңғарадай сарай секілді көрінді. Себебі, балалық шағы осында өтті емес пе? Баяғыда 7 сыныпта оқитын кезінде Диана туған күн жасаған. Сонда сыныптастарынан бірі қалмай бәрі келді. Дианасына туған күнімді жасайыншы деп еді, келісе кеткен. Бірақ, мектептегі ұстаздары рұқсат бермейді. Амал жоқ, олар отырысты жасырын ұйымдастырды. Бірі – азық-түлікпен, бірі – дастарқанмен, бірі – сусынмен, әйтеуір ешқайсысы құрқол келмеді. Арақ-шарап, шылым-шырпы түтінсіз, ең бастысы ысырапсыз өткен, кінә-күнәдан пәк балауса кеш-тұғын.


Терезе ашық тұрған. Бір кезде көлік дауысы гүр ете қалды. Сонда терезеге көзі түскен Нұрсұлтан:

- Мәссаған, мына көлікте Ғани ағай отыр ғой, - деді қобалжи. Ол мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

«Ғани ағай» деуі мұң екен, бәрі терезеге үймеледі. Шынымен де, көлікте Ғани ағай отыр. Осы кезде арқаларына мұз сірескен олар тұрған орындарынан қозғала алмай қалды.

- Ғани ағай біздің отырыс жасағанымызды қайдан біліп қойған? - деді Жасұлан.

- Енді не істесек екен? – деп Альмира сыныптастарына жаутаңдай қарады. «Ені не істесек екен? Бір әрекет жасасаңдаршы».

- Е, қараңдар, Ғани ағай көліктен түсті.

Осы кезде:

- Қаштық, - деп Құрманғазы айқай салды. Бәрі ардың-гүрдің есікке қарай жүгірді. Аяқ киімдерін киюге мұршалары болмай, үй артындағы бақшаға қарай қашты. Сым темірлі шарбақтан көрші бақшаға секірді. Содан кейін тағы да көрші үйге секірді. Бақша егелері айқай салады:

- Ей, что вы делаете? Я сейчас вам покажу, паразиты!

Онсыз да жүректерінен жүрек қалмай келе жатқан бұл бейшараларда жан қалмады. Ақырында, олар келесі көшеден бір-ақ шықты. Шырмауыққа беттері сырылған, аяқтарына тікен кірген. Әшейінде болмашыға жылайтын қыздар қазіргі аласапыранда қыңқ етер емес.

...Ертесіне сабаққа барлығы келді. Себебі, олар кеше:

- Ертең, апайдан кешірім сұрайық. Әйтпесе, арты жаман болады-ау осы, - деп келіскен.

Сыныпқа мұғалім кірді. Бәрі орнынан тұрды. Түрлерінен түр жоқ.

- Отырыңдар, - деді мұғалім. Бірақ, ешқайсысы отырмады.

- Әй, бәріңе не болған? Бірдеңе бүлдіргеннен саумысыңдар ма? – деп мұғалімдері таң қалды. Әрине, жүзінде үрей табы бар.

- Апай, кешіріңіз, - деді араларындағы батылдары Құрманғазы.

- Әй, не болды? Кешіріңізі несі? Әйгерім, түсіндірші.

- Апай кешіріңіз, ендігәрі қайталанбайды, - деді сынып старостасы Әйгерім Сматуллаева да басы салбырай.

- Не қайталанбайды?

- Кешіріңіз, апай.

- Сендердің естерің дұрыс па? Не бүлдірдіңдер? Адамды шошытпай айтсаңдаршы.

- Кеше Ғани ағайдан қаштық.

- Алла-ай, не дейді? Адамды инфаркт қылатын шығарсыңдар сендер.


Қырсық шалғанда, осы кезде сыныпқа Ғани ағай бас сұқса бола ма? Сасқалақтаған оқушылар жаппай кешірім сұрай бастады. Тоқтамай қашқандары үшін. Алғашында «мен кеше кімді қудым? Кім менен қашты? Түсінсем бұйырмаспын» деп таңданған Ғани ағай барлық мән-жайды білген соң, ішек-сілесі қата күлді. Сөйтсе, кеше бұларды ешкім іздемепті де, тіпті отырыс жасағандарынан да бейхабар. Кеше ол жай ғана бір үйге кіріп шығыпты. Ал бұлар өз-өздерінен, өз қорқыныштарынан қашқан болып шықты...


...Қақпа құлыптаулы екен. Диана қақпа үстінде елеусіз тұрған тартпа жіпті тарта салғаны сол, сарт еткен дыбыс шықты. Үй ауласы қалың омбы қарға көміліпті. Қыс түскелі бірде-бір мәрте күрелмегендігі анық байқалады. Әкесі қартайып барады. Ұлы жоқ қой. Ұл бала болғанда күрп тастар ма еді...


Үй ішіне кірді. Әй, бейғам ауыл тұрғындары-ай! Еш сақтанбайды ғой. Ұры-қары дегендерден дым қорықпайды. Алмалыда ғой, адамдар ұры десе, жүректерінен-жүрек қалмайды. Бір бөлмелі пәтерлеріне екі қабат есік, он қабат құлып қояды. Сонда да жүректері суылдайды. Тарс еткен дыбыс шықса болды, жанұшыра жастық астындағы өткір пышаққа жармасады. Неткен өмір бұл...


Үй ішіне кішігірім терезелерден жарық түспегендіктен, майда-майда бөлмелер – алакеуім көлеңке құшағында жатыр. Диана ең бірінші ас үйге өтті. Ол баяғыда мектептен келгенде, әкесі ас үйде хош иісі аңқыған, ыстық буы бұрқыраған палауымен қарсы алатын.Кейде. Әкесі керемет аспаз еді ғой. Екеуі дастарқан басында жалықпай, жабықпай әңгіме айтушы еді. Дұрысы, бұл айтатын, әкесі тыңдап отыратын... Ас үйге кірді. Дегенмен, мұнда ешкім жоқ. Дәмді тамақ та, мейірбан әкесі да. Біртүрлі көңіліне кірбің түсті. Қабағына мұң ілінді. Есінде, 1 сыныпта оқитын кезі. Бір күні ол мектептен үйіне қарай келе жатқанда, алдынан өгіздей ит шыға қалса бола ма? Қараса, мойнында шынжыры жоқ. Бос жүр. Ол Дианаға қарай аузынан сілекейі шұбыра жүгірді. Сонда Диананың қорыққаны сонша, жүрегі тоқтауға сәл-ақ қалды. Шыңғырғанынан беталды қаша жөнелген. Бір кезде аяқ астындағы арықты байқамай тоңқалаң аса құлағанда, басы тасқа соғылды. Соғылғанда басынан қою қара қан бұрқ етті.


- Тәйт, кет әрі, Құтжол, кет деймін, - деп үйінен шыққан егесі итіне жекірді. Сосын Диананы арықтан шығарды. Қыз ес-түсінен танып қалыпты. Әлгі кісі қызды ауруханаға жеткізді. Ол жақтағылар да қызды бірден қабылдамай:


- Емханадан жолдама әкеліңіз, әйтпесе қарай алмаймыз, - деп күйдірген. Түске таман әкесі келді. Түтігіп кеткен. Бүкіл емхананы қырып салды. Бас дәрігер «Пәке, Пәке» деп жүріп, әзер ашуын басқан. Әкесінің ашуы қатты екен. Бұл жайлы Дианаға құрбысы айтып берді. Майын тамызып. Әкесі қыздары үшін ол ештеңеден аянып қалмайды екен. Алла жар болғанда, Диана кешке қарай өз-өзіне келді.


Бағана автобустан түскенде, арқасынан жүк түскендей болған еді. Ал,өзіне талай жыл пана болған үй алдына келгенінде, көзіне жас үйірілді...


Әлдебір зат сыңғыр ете қалғанда селк етті. Сөйтсе, үстел үстіндегі шыныаяқ жерге құлапты, дұрысы, Диана байқамай құлатты...

- Бұл кім-ей?

Неткен жағымды, неткен ыстық дауыс еді... Үй иесі ас үйге кірді... Пақыр... Ол Диананы көргенде әлгіндегі қату қабақ жүзінен жұрнақ та қалмады.

- Қызым-ау...

- Әке!


* * *


Күз-тұғын. Сол күні Пақыр монша жағу үшін бақшадағы қураған ағаштарды бұталап жүрді. Жалпы, күздігүні дүние сұрықсыз күйге түседі ғой. Әсіресе, ауыл-аудандар. Сонда көңіл шіркін қатты құлазиды. Әлдеқандай бір балғындықты, шуақты бірдеңені аңсайды. Бұл көңіл деген түсініксіз жаратылыс қой. Пақыр осындай күндері ой көліне жиі шомылатын болған. Бұрын көл суы мөлдір сияқты еді, қазір қоқыс аралас бірдеңе.


Бір кезде біреу қақпаны біреу тарсылдата соқты. "Бұл кім болды?" деп ойлады. Сөйтсе, қызы Диана екен. Пақыр абдырап қалды. Әшейінде Диананы станциядан өзі қарсы алушы еді. "Әке, мен ертең Нұршуаққа сағат таңғы 6-да "Отырар" пойызымен жетемін" деп ескертетін. Сондайда жаны жадырап сала беруші еді. Ал. бұл жолы ол әкесіне айтпай ұрын келіпті. Жанында өзімен жасты бір жігіт тұр. Бұл не қылған келіс екенін сезе қойды...


...Түскі ас үстінде қызы:


- Әке, сіздің алдыңыздан өткелі келдім, - деді. Қипақтап әзер деді. Пақыр үндемеді. Жігіт жерден бірдеңе іздеп, болашақ қайын атасына тіктеп қарай алмай, жан-жағына қарай берген. Талай жыл бастық болған Пақырыңның сұсты көрінетіні рас. Диана тағы бірдеңе дегендей болды:


- Осы жазда тұрмысқа шықсам қалай қарайсыз?

Қалай қарайды? Түзу қарайды. "Шықпайсың" демейтін шығар. Табиғат заңы. Қызы ғашық болыпты. Жігіт те. Екеуі де бір-бірін жақсы көретін сияқты. Не десін енді?

- Қарсы емеспін.

Әйтеуір, сол күні болашақ күйеубаласы онша сөйлмеді. Бірақ, ниеті таза екенін сезді. Талай жыл қызметте жүргесін адам тани біледі.

Кешқұрым бақшадағы отындарды қораға тасымақ болып еді, ұялшақ жігіт:

- Көке, әуре болмаңыз. Мен өзім, - деп қолындағы бұталарға жармаса кетті. Күні бойы қарап отыра беруге қысылған ғой. Іші жылып қалды. "Ұяты бар бала сияқты".

- Жарайды. Мына қораға қаттап жина онда, - деп Пақыр асықпай келіп тапшанға отырды. Осы кезде:

- Әке, не жаңалық? - деп Диана отырды жанына. Әкесіне бажайлап қарап еді, жүрегі ауырды. Өзіне мәңгі 40 жасар болып көрінетін әкесі қартая бастапты. Шашындағы ақтар шамадан тыс көбейген. Беті жыра-жыра болып барады екен. Бұрын байқамаушы еді. Уақыт деген қатігез. Ешкімді де аямайды екен.

- Ешқандай. Бәрі тыныш менде, - деп Пақыр сергек сөйлеуге тырысқан. - Өзіңде ше? Жатақханаң суық емес пе? Түскі асқа не ішіп жүрсің? Айтпақшы, Алматыда ауа райы қалай қазір? Бізде күн суық. Айналайын, қалпақ киіп жүрші. 9 сыныпта оқитын кезіңде менингит бола жаздағаның есіңде ме? Бақыт айтпағанда мен білмейтін де едім. Айтпақшы, Бақытпен хабарластың ба? Не дейді? Телефон шалмай кетті ол... Іздемейді...

...Ертесіне күйеу баласы мен қызы пойызбен Алматыға оқуларына кетті.

Сонда Пақыр... Станциядан үйіне құр сүлдері қайтқан. Өзін тастанды баладай сезінді. Түсінді, ешқайда жібергісі келмейді екен. Қыздары қасында мәңгі жүре берсе. Жиырма жылдан астам уақыт шашың ағара өсірген алтындай құралайыңды қайдағы біреу түк болмағандай жетектеп алып кетсе... Қандай қиын! Төзуге болмайтын әділетсіздік! Бірақ, өмір заңы солай. Расында қыз - қонақ екен...

...Кетті. Алматыға. Бұрынғыдай оқуға емес. Күйеуге. Жылға татыған күндер күнтізбеден жыртыла берді. Бірінен соң бірі. Мағынасыз секундтар, сағаттар, күндер...

...Қайда жүрсе де, Пақыр мұң құшағында. Жұмысындағы бас бухгалтер Қатира өзімен құрдас әйел. Ол бұны бес саусағындай біледі. Пақыр күннен-күнге майы кеткен сүйектей мүжіле берген. Бұны сырттай бақылап тұру қиын еді. Қатираға. Ширек ғасырдан бері бірге жұмыс істеп келе жатқан құрдасына жаны ашитын:

- Үш қызды құтты мекеніне қондырған әке жұмаққа барады. Білесің бе? - деді бірде ол Пақырға.

- Иә, - деді бұл жолы өмірден шындап баз кешкен Пақыр немқұрайлы.

- Ендеше қуанбайсың ба?

Пақыр Қатираға қарады. Өлімсіреген көзбен. "Қалай қуанамын? Енді мені сен түсінбесең білмеймін онда".

- Ұлым жоқ деп мұңайма. Есікті ашатын үш қызың барда сенен асқан бақытты жан жоқ.

- Есікті ашатын?

- Иә, ашатын. Білмейсің бе? Баяғыда жаңадан отау құрған жас жұбайлар өзара келісіпті. "Егер үйге әке-шешеміз келсе, есікті мүлдем ашпай қояйық". Не керек, бір күні ұл баланың әкесі келеді. Келісім бойынша, ұл ашпай қояды. Ертесіне қыз баланың әкесі келеді. Қыз да ашпай қояды. Сөйтіп, байғұс әкесі шүйкедей болып қайтып бара жатқанда қыз шыдай алмай есікті ашып жіберіпті де, көзінен жас поралап әкесіне қарай жүгіріпті. Керемет ия? Сенің қыздарыңа қатты қызығамын. Шеттерінен с-о-о-нд-а-а-й тәрбиелі, инабатты. Сені қатты жақсы көреді.


...Пақыр сол күні үйіне көңілді қайтқан. Шынында да несіне мұңаяды? Қыздары тірі. Дендері сау. Бақытынан екі жиен немересі бар. Ал, Лаурасынан әзірге біреу. Дианаға әлі ерте. Бұған қызығатындар көп емес пе? Қыздары Пақырды жерге қаратқан емес. Әйтпесе, оң жақта отырып жүкті болып қалғандар қаншама? Күйеуден қайтқандар ше? Шүкір. Ондай бақытсыздықтардан дін аман. Қыздары шеттерінен білімді.


Бақыты бұзықтау қыз болғасын момын күйеуге тиді. Мүмкін, күйеуді өзіне тигізді. Күйеубаласы тым момын. Құдасы Тақыр жұмыс істемейді. Әйелі Бішкектен киімдер әкеліп сауда жасайды. Одақ тұсында Құрыш жолдас салдырған көпқабатты үйде, екі бөлмелі пәтерде тұрады екен. "Құдаға жарымадым" деп ойлады Пақыр. Тойдан соң, жұрт пыш-пыш етіп өсектескен. "Құдасы кедей біреу екен", "Терезесі тең біреу табылмай қалған ба?", "Екеуі дастарқан басында қалай отырады?", "Бай мен бай құда болса, араларында жылқы жүреді, кедей мен кедей құда болса, араларында есек жүреді. Ал, Пақыр мен Тақыр құда болса, араларында не жүреді?" деп күлгендер де көп болды. "Құдада тұрған не бар?" деп ойлады Пақыр. "Ең бастысы, Бақыты мен күйеубаласы екеуі тату-тәтті тұрса болды да".


Қызы дәл осылай тұрмысқа шыға қояды, ана болады деп кім ойлаған. Басқалар ойласа ойлаған шығар, бірақ, Пақыр мүлдем ойламаған. Ол үшін қызы мәңгілік сәби. Ешқашан өспейді...


Есінде, Бақыты төрт жасар құйтақандай қыз еді. Ауылға көшпелі цирк келіпті. Кішкентай кезінде цирк дегенді тек кітаптап оқып өскен соң ба, оған бұл қашанда таңсық. Өзін қанша ересекпін дегенімен, ішінде балалық көңіл әлі бар. Ешқайда жоғалмаған. Жүрек түкпірінде жасырулы жатыр. Электр бағанасына ілулі тұрған хабарландыруды көргенде көңілі өрекпіген Пақыр отбасымен барғысы келді сонда. Бірақ, әйелі перзентханада екіншісін бүгін-ертең босанғалы жатқан. Сол күні Пақыр үйде іші пысқан қызын жетектеп циркке барды.


...Цирк жаздық алаңқайға тігіліпті. Іші ат шаптырым. Маймылдары бар екен. Қызына бұл қызық көрінді. Әкесіне қарап, маймылды нұсқай берді. «Анаң қара, анаң қара...» Кейбір қойылымдарға қызы сықылықтап күлгенде, Пақыр шат-шадыман болды. Аудан басшысы ауысып, соңғы уақыттары өзі де жұмыстан шаршап жүр еді. Әлгінде қызы күлгенде бар шаршағаны ұмыт болды. Түнге қарай цирк те аяқталды. Бір қараса, қызы отырған орнында ұйықтап қалыпты. Ұйқысы сондай тәтті еді. Пақыр оны оятуға қимай, бауырына қысқан күйі үйіне қайтқан.


Ай жап-жарық. Жып-жылы жазғы жел әке құшағында томпиып жатқан Бақытты өбектей берді. Сонда Пақыр қызын жел екеш желден де қызғанған. Сол күні аспандағы бүкіл жұлдыздар Бақытқа қызыға, Пақырға қызғана қарап тұр еді: «Неткен әдемі, неткен сүйкімді қыз».


Иә...


Уақыт қатігез...


Ортаншысы бір қылықты қыз еді ғой. Ақыры, Астана оқуда жүргенде күйеуге тиіп тынды. Бақуат жерге. Құдасы мен құдағиы да заң саласында қызмет істейді. Пақыр үшін үш қызы да сұлу, бірақ, жұрт үшін ең көріктісі Лаура еді. Әкесіне қымбат костюм әпергені сол ғой. Бірақ, күйеубаласы қызынан алты жас үлкен екен. Осы ғана жанына аздап батқан. Бірақ, өзі де Гүлайнадан сегіз жас үлкен еді ғой? Онда тұрған не бар? Гүлайнаны алақанында аялап ұстады. Күйеубаласы да Лаураны қадірлейтін шығар.


Әйтсе де, күйеубаласына мүлдем мейірімі түспей қойды. Жасына жетпей қозы қарын байлап алыпты. Байлыққа мастанған кекірейме біреу. Алғаш танысқанда бір қолын ғана берген сап-сары бәлені әбден былшылдата ұрғысы келген. Қызына ашуланды. "Таңдауың осы болғаны ма?" деп айтпақ та болды. Бірақ, ойлана келе ол ойынан айныды. Айтқаннан не шығады? Кеш енді. Баяғыда Лаурасына кешқұрым үй алдына келіп ысқырған жігітті ойлады.


Бірде әлдебір жұмыстармен орталық емханада жүр еді, дәлізде қарсы келе жатқан бір жігіт "көке, ассалаумағалейкум" деп қос қолдап амандасқан. "Кім боласың, айналайын?" деп Пақыр имантаразы жігітке таң қала қарады. Түрі тілінің ұшында тұр. Бір жерден көрген сияқты. Бірақ, есіне түсіре алмай қойды.


- Көке, кешіріңіз, - деген әлгі балаң жігіт.

- Кешіріңіз дегені несі? - деді Пақыр. Жүрегі суылдайтын секілді.

- Көке, өткенде... Есіңізде ме... Қызыңыз бар ғой... Лаура... Кешқұрым... Мен... Сөйлеспек болып... Сабақ жөнінде... Келген едім, - деп сасқалақтап әзер сөйледі.

- Ә, сен бе едің сол бала? – деп Пақыр жігітке сынай қарады. Былайша, жақсы жігіт сияқты. Одыраңдап қалған біреу емес. Отбасында тәрбие көргені білінеді. Жігітті бірден ұнатты. Іні ме, әлде күйеубала ретінде ме, түсіне алмады.

- Сен де мені кешір. Қатты кеттім сонда, - деп Пақыр жігітті ұялта бермей, өзі кішірейе салды.

- О, не дегеніңіз, көке.

"Әке көрген оқ жонар" демей ме:

- Әкең кім? - деп сұраған Пақыр.

- Жарылқасын.

- Сейдалиев Жарылқасын ба?

- Иә.

- Әй, мен әкеңді танимын ғой, - деген Пақыр сонда жас баладай қуана. Өзі секілді марайма дидарлы Жарылқасын екеуі той-томалақтарда талай дастарқандас болған. Ортақ жолдастары өте көп. Өте дархан кісі. Көңілі түссе - көл. Ал, түспесе - Арал теңізі. Мүлдем түспей қойса - Қарақұм. Алма - алма ағашынан алысқа түспейді. Әділ тура әкесіне тартыпты. Түрі де, мінезі де. Өткенде қалай танымай қалғанмын деп таң қалды. Бұны білгенде қуып жібермес еді. Жәкең екеуі құда болса, арманы жоқ. Өмірлері ұқсас. Ол да бұл сияқты бастық. Тері-венерологиялық дей ме, әйтеуір, сондайларды емдейтін бір орташа аурухананы басқарады. Бұда үш қыз болса, ода үш ұл. Гүлайнасы өзінен сегіз жас кіші болса, Жәкеңнің әйелі өзінен он екі жас кіші екен. Замандары бір. Екеуі де Совет Одағының (Кеңес деген сөзді қабылдай алмай қойды) құрт түсуге құмбыл жемістері. Адами моральді бірінші орынға қояды. Жылтырақ дүниеге қызыққан емес. Жарылқасынға қараса Пақыр өзін көргендей болады. Қазіргі құдалары өзіне онша ұнамайды. Үш қайнаса да сорпалары қосылмайтын біреулер. Ортақ әңгімелері жоқ. Ал, Жәкеңмен сағаттап әңгіме айта беруге бар.


Қыздары қолында қалмайтынын біледі. Сол себепті, Пақыр оларды жақын жерге тұрмысқа шықса екен деп тілейтін. Құдайдан жалбарына тілейтін...


Кейін не болғанын білмейді, әйтеуір, Лаура мен Әділ араласпай кеткен. Сонда Пақыр қызына білдірмесе де, іштей мұңайған. Егер қызы Әділмен отау болғанда, бұл Жәкеңнің үйіне, Жәкең бұның үйіне қыдырыстап, қонақтап құж-құж болып жатар еді. Жиендерімен тау етегіндегі саяжайына барар еді. Онда өзі еккен жеміс ағаштары жайқала жапырақ жайған. Шүпірлеген жиендеріне қызара піскен алма, өрік, шабдалыдан үзіп, орамалымен сүртіп береді. Олар "рахмет, ата" деп қыршылдата шайнар еді. Сонда Пақыр оларға мәз болып қарап тұрудан еш жалықпас. Қартайғанда бұдан артық не бақыт бар? Егер қызы мен күйеубаласы "Мұнда жұмыс жоқ" деп ауылда тұрғысы келмесе ше? Ештеңе етпейді. Шүкір, мықты-мықсыз таныстары көп. Талай жыл басшылық қызметте болған Пақырлар оларға Нұршуақ ауданына көрші Күншуақ қаласынан лайықты жұмыс тауып береді. Жәкеңнің де арманы тура Пақаңдікіндей екен. Бір ұлы осы Нұршуақта қолында қалса, немерелері жанында жүрсе екен дейді. Өмірінің соңы күн шуағында, жасыл желек аясында өтсе дейді. Бірақ, құдағиы Салтанат қалада тұрғысы келеді екен. Ауылдан неге қашады? Түсінбейді. Біле білген адам үшін шынайы өмір ауылда ғой. Қандай қиын жағдай болмасын халықты ауыл асырайды. Оған кешегі 1990 жылдардағы алмағайып куә. Қаладағылар жерге нан таппай, ала дорба арқалап, тентіреп кетпеді ме. Ал, ауылдағылар егін салып, мал бақса, гектар-гектар жері жоқтар, 8 соттық бақшасына қызанақ, картоп егіп, тауық асырап, әйтеуір, аш қалмады. Құдайға тоба айтып, наны мен жұмыртқасын жеп, сүтін ішіп отыра берді. Қилы тағдырлармен қалаға ауып кеткендер түбінде ауылға қайта оралады екен. Оған Пақыр көз жеткізген. Кезінде «қызмет, қызмет» деп шаһарға ұмтылғандар, зейнет жасына жақындағанда ауылдарын аңсап келуде. Өткенде пойыздан түскесін жерге жата қалып, ары да, бері де аунап, топырақты бетіне шашқан бір құрдасына күлген.


- Күлесің, ә? - деп ол бұған тым-тым салмақты көзбен қараған. - Ауылда жүргесін, ауыл қадірін жете түсінбейсің, әй, әй, әй. Қалада жүргенде туып-өскен ауылымды ойлай-ойлай ішқұса болдым. Соңғы кездері түсіме тау кіретін болыпты. Тас кіреді. Топырақ кіреді. Баяғы біздің Тұрсын шал есіңде ме? Сол таңертең шаңды бұрқыратып, салдыр-гүлдір мотоциклімен жұмысына кетуші еді. Сондағы шаң иісі мұрныма келетін болды. Сол иісті сағыныппын, - деп еді, Пақыр:


- Әй, тым қатты әсірелеме, - деп тағы күлген. Бекер күліпті сонда.


Жәкең бір отырыста ағынан жарылған, әйелі екеуі бір-біріне керағар жандар. Плюс және минус. Дұрыс қой. Плюс пен минус қана бір-біріне тартылады. Плюс пен плюс мүлдем тартылмайды. Гүлайна екеуі де бір-біріне керағар жандар еді. Үйленгенге дейін көзқарастары бір сияқты-тұғын. Бүкіл ерлі-зайыптылар сондай ғой.


Шіркін... Бәрі жай ғана арман болып қана қалды ғой. Күйеубаласы осы қозықарын сары болды. Әрі жолы түспес сонау қиянда тұрады. Астанада. Мүмкін, керісінше. Нұршуақ қиянда.


* * *


Жан досы – көршісінен биыл тірідей айрылды. Айтып айтпай не керек. Ауыр жай...

Күз бұқадай құтырынған. Қара жел жапырақтарды саудырата жиі соғатын болған. Бұрынғыдай емес, күн де суытып кетті. Суықтығы сонша, сүйегіңді қариды.

Қалың киініп алған Пақыр күндегі әдетімен таңертең көшеге шыққан. Бір уақта «Үй сатылады» деген жазуға көзі түскенде, жүрек тұсы шым ете қалды... Көршісі Аманкелді үйін сатпақшы екен. Пақырды біреу қақ шекеден қойып қалғандай болды. «Мұнысы несі?.. Мүмкін емес! Ол көшпекші ме?..» Пақыр көршісін біртүрлі қимай қалды. Аманкелдіні көз алдына елестетіп еді, жүрек қылы үзіліп түскендей болды...

Есінде, тоқсаныншы жылдары Пақыр Аманкелді екеуі Нұршуақ ауылына бір күнде көшіп келген болатын. Екеуі екі мекемеге қызметке орналасты. Обалы не керек, екеуі де өз істеріне адал болды. Адалдық деген сол алмағайып замандағы қоғамнан жоғалып кеткен құндылық еді.

Олар айт, наурыз дей ме, түрлі мейрамдарды бір-бірлерінсіз өткізген емес. Мереке былай тұрсын, жай күндері бір-бірлерінің үйлеріне бас сұқпаса, көңілдері көншімейтін.

- Оу, көрші неге басым ауырып тұр десем,бүгіндікке сені көрмеген екенмін ғой!

- Шайды үсті-үстіне ішсем де, бойымдағы құрыс-тұрысым жазылмай қойып еді. Енді сені көріп едім, аттай шауып кеткім келгенін айтсайшы, - деп Аманкелді мен Пақыр құшақ жая қауышушы еді.

Ұл-қыздары да екі үй арасында шапқылап жүретін. Тіпті, кеш батса бір-бірінің үйінде қона салушы еді. Бұлар да «мынау сенің қызың, мынау менің қызым» деп бөліп-жарған емес. Аманкелді тұңғышын үйлендіргенде, оған Пақыр елден бұрын шауып жүріп қызмет көрсеткен. Сонда көңілі босап кеткен Аманкелді:

- Алыстағы ағайынның аты озғанша, жақындағы көршіңнің тайы озсын деген рас екен ғой, - деді.

- Оу, оның не, көрші? Сен дегенде менің көңілімнің ерекше екенін білесің ғой. Хазреті Мұхаммед (салиаллаху әлейһи уә сәлләм) Пайғамбар «көршісі аш отырғанда, өзінің қарнын тойдырған адам мұсылман емес» демеп пе еді? Ендеше, көршіме көмектесу – Құдай алдындағы парызым емес пе?

- Діндарлығыңнан айналып кетейін, Бәке, - деп Аманкелді көршісін құшақтай алды. Шынында да Пақыр да сол кездері өзінше діндәр болып жүрген.

Қайда енді сол күндер? Қайда сол ақ пейіл, ізгі көңілдер? Бір-бірлеріне деген жүрекжарды ілтипаттары жоғалғаны ма? Араларынан қыл өтпейтін көршілер, көршілер емес-ау, бір туған бауырлардай еді ғой?

...Үсті-басын қан жуып кеткен жарадар күн ұясына қашты. Бұл уақытта Пақыр үйінде теледидар қарап отырған болатын. Бір кезде есіктен көрші бала келіп:

-Пақыр аға, бүгін Аманкелді көкелер үйлерін сатыпты. Ертең көшпекші. Соған сізді шайға шақырып жатыр.

«Ертең көшеді» дегенде Пақыр бір сәтте есеңгіреп қалды. Есін жинай алмай біраз отырды.

- Қалайша?! Олар үйді сатуға кеше ғана шығармап па еді?!.

...Әсия дастарқанға буын бұрқырата ет-май, қазы-қартасы мол тураған қамыр ауқат әкелді.

- Ал, Пақыр.тАсап-асап жібер.

«Бисмиллаһи рахманир раһим» деп Пақыр ет ауқатқа қолын созды... Сүт пісірім уақыттан соң, Әсия дастарқанға самауыр қойды.

-Пақыр, біз Қазақстан тәуелсіз мемлекет болғалы бері көрші болып келе жатыр екенбіз.

- Айтпа, ширек ғасырдан асыпты.

- Есіңде ме, біз осында келе сала, «құлайын ба, құламайын ба?» деп екі ойлы болып тұрған ескі құжыраның орнына жаңа үй тұрғызбақшы болдық. Ауданда құрылысы материалдары аз. Тіпті, емге жоқ. Ақыры, үй соғуға мықтап бекінген біз екеулеп жүріп «Камаз» жалдадық. Ішке сыймаған соң, тіркемесіне отырып алып, қалаға қарай ызғытып едік.

- Мәссаған, - деді Пақыр жүзіне күлкі үйіріле. – Есімде, есімде. Барғаны ештеңе емес, қайтқанда ше?

- Ойбай, айта көрме!

- Сол кез әлі есімнен кетпейді. Тіркемеге кірпіш артқан соң, белден-бел қалмай, екеуміз екі бұрышқа жата-жата кеткенбіз. Сол күні кешқұрым қоңырсалқын жел соқты. Біз қаладан үйге дейін тікемізден-тік тұрып келдік. Үсті-басымыздан сау-тамтық қалмаған. Киім шаң-шаң. Шаш май. Көрген жұрт «бейшаралар-ай» деп бізге аяй қарап еді.

- Айтпақшы, қала демекші, «Мәскеуіш» оқиғасы есіңде ме? – деді Аманкелді қуақылана.

- Оны ұмыту мүмкін емес қой, - деп Пақыр қарқылдай күлді.

- Балаларымыз мектеп табалдырығын алғаш аттағалы жатқанда біз улап-шулап жүріп сенің көлігіңмен қалаға бардық. Сөйтіп, киім-кешектен бастап дәптер-қаламға дейін қарыштап едік. Еһе, әлгі «Мәскеуіш» оқиғасы да қайтар кезде болыпты ғой.

- Біз қаладан әжептеуір ұзай бергенде, сенің «Мәскеуішің» өшіп қалған. «Не болып қалды?» деп көлікті ары-бері шұқылап едік, сөйтсек, жанармайы бітіпті. Ол заманда жанармай бекеттері аз. Көлік те сирек. Жол бойында ешкім тоқтамады. Күн болса батып барады. Біз түнге қап кетпеу үшін сенің сақырлауық көлігіңді жақын жердегі жанармай бекетіне дейін итеріп бардық. Жақын жер дегені – оншақты шақырым. Зілдей көлікті итере-итере, маңдайымыздан ащы тер бұрқырады. Не керек, жанармай бекетінде бензин жоқ. Сөйтіп, сол түнді көлік ішінде өткіздік қой. Балалар болса мәз. Оларға қызық керек. Ал, біз таң қылаң бере пластмасса құтыларды ұстап ап, қайыршылар секілді жол бойында тұрдық. Әйтеуір, екеуміз де көңілді едік.

- Иә, шынында да, ашулануды білмейтін едік қой. Кез-келген қиындыққа қабақ шытпай қарайтынбыз. Шіркін-ай, десеңші.

- Пақыр, - деп Аманкелді көршісіне бірдеңе айтқысы келгендей салмақты жүзбен қарады.

- Иә, Аманкелді.

-Пақыр, өзің білесің, ертең көшемін. Ұлас балам жұмысты Астанадан тапты. Өзі де бір адам түсінбейтін оқуға түсіп еді. Бағдарламашы дей ме. Бірақ, аудан түгілі, облыс бойынша бағдарламашыға жұмыс жоқ дейді. Өзің білесің, Ұлас екі қолға бір күрек таппай ауылда бір жыл жүрді ғой. Тіпті, үйге сыймай кетті. Бір күні үйге мәз болып келді. «Әке, мен Астанадан жұмыс таптым. Енді сол жаққа кету керек» дейді. Мен оны қарашаңырақта тұра ма десем. Бірақ, бағын байлағым келмеді. Қысқасы, біз Астанаға көшетін болдық.

Пақыр үнсіз қалды. Не дерін білмеді. Аманкелді көшкелі жатыр. Ертең. Не бір аптадан кейін емес, не бір айдан соң емес. Жау қуып келе жатқандай ертең кетпекші. Осыны ойлағанда Пақыр тамағына өксік тығылғанын сезді.

- Солай, мен өзіңді әрқашан құрмет тұтып келдім, Бәке. Және құрмет тұтып өтемін. Хазреті Пайғамбар: «Көрші туралы Жәбірейіл періштенің кеңесті үйіп-төккені сонша – мен апыр-ай, көршіні көршіге мұрагер етпес пе екен деген ойға қалдым» депті. Пақыр, мен мына үйдегі бүкіл құрал-саймандарымды өзіңе тастап кеткелі жатырмын. Кемпірім де: «Әй, отағасы, енді мыналарды не істейсің? Пақырға бер» деп еді. Мен де солай істесем бе екен деп ойлап жүргенмін. Бәке, қалдырған дүниемді қабыл алуыңды өтінемін, - деп Аманкелді Пақырға жымия қарады.

Пақыр көзіне кілкіген жасты қолымен сүртті. «Өткенде сарайда ілулі тұрған шалғымды ұрлады» деп көршісіне өкпелеп еді. Сөйтсе, шалғысы сарайда емес, өзінің есік алдындағы жаңғақ ағашында ілулі тұр. Сонда Пақыр ұяттан жерге кіріп кете жаздаған еді. Жазықсыздан-жазықсыз Аманкелдіні ұры тұтқаны үшін өзін өлтіре салғысы келді. Көрші қадірін білмепті ғой, әттең. Уақытты кері жылжыту мүмкін емес. Егер бұлай көшіп кететінін білгенде, қасынан шықпас еді. Жанынан бір елі қалмай жүрер еді... Бірақ, бәрі кеш...

«...Қош, Аманкелді!»

...Аманкелділер отырған көлік көз ұшынан жоғалып бара жатты. Бейнебір Аманкелді емес, бүкіл ауыл көшіп бара жатырғандай. Өзін жапан далала қалып қойған бейбақтай сезінді. Денесі боп-бос. Кеудесі кеуек. Жүрегі соқпайтын тәрізді.

«Қош, Аманкелді!»

Пақыр көзінен тарам-тарам жас ағып жатқанын сезбеді...


* * *


Үйіне келгенде өзін нашар сезінді. Әлгінде Қатирамен сөйлескендегі көтеріңкі көңіл-күйінен жұрнақ та қалмаған. Қақпаны ашып, көлікті есік алдына кіргізді. Сосын рөлде біраз отырды. Далада ешкім жоқ. Тым-тырыс. Бұрын қыздары есік алдында асыр салып ойнап жүруші еді. Көлік дырылын естіген қыздары: "Әкем келді, әкем келді" деп көшеге атып-атып шығатын. "Әкемді мен жақсы көремін", "Жоқ, мен жақсы көремін", "Бәрінен де мен жақсы көремін" деп те таласатындары бар. Ұл балалар тымпиып-тымпиып өз-өздерімен жүре береді ғой. Ал, қыздар әкелеріне деген сезімдеріне тұсау салмайды, жасырмайды. Қылықты болады. Олар еркелеп мойнына асылғанда Пақыр өзін он жасқа, жоқ, жиырма жасқа бірден жасарып кеткендей сезінетін.


Үйіне, жоқ, көрге кіргендей болды. Балалы үй базар дейді. Ал, баласыз үй шынында да мазар екен. Қалай дәл тауып айтқан. Қазіргі қазақтарды білмейді, бұрынғы қазақтар қандай ақылды болған десейші.


Күндегі әдетінше қонақ бөлмедегі теледидарды қосты. Жыбыр-жыбыр қозғалыстар, жарқын-жарқын дауыстар. Қуыршақтар. Жасанды бірдеңе. Көңілі көтерілмеді. Керісінше, езіле берді.


Бір кезде бұны қап-қара елестер қоршап алғандай болды. Жан-жағына алақ-жұлақ қараған. Ешкім жоқ. Жалғыз өзі. Денесі өзінен-өзі суи бастады. Бүрісе түскен. Соңғы кездері қоян жүрек болып барады. Не екені белгісіз, көрінбейтін бірдеңе бұны аңдып жүретіндей. Сол себепті, даңғарадай үйіне қайтқысы келмейтін болған. Жұмыстан кейін жора-жолдастарымен бөгелгісі келеді. Бірақ, олар «Пақа, ренжіме» деп, от басы, ошақ қасына асығатынды шығарған. Онда кемпірі, ұлы мен келіні, немерелері күтеді. Ал, Пақыр ше? Қайда асығады?


Түні бойы ұйықтай алмады. Есіне өткені түсе береді. Бірде мәз болып қуанса, енді бірде өкініш өзегіне от салады. Қалың ойдан құтыла алмай төсегінде ары-бері аунап шығады. «Қазір, мейлі, жұмыс істеймін. Ал, зейнетке шыққанда не істеймін? Жалғыз өзім осы үйде тұрамын ба? Мүмкін, Алматыға барармын? Сол жерден үй алып, қызыма жиі қонақтап барармын. Әй әкеңнің, үшеуі үш қалада. Әлде Астанада тұрармын? Қой, ол жақ суық. Қарағанда не, Астана не... Іһі... Суық? Сол да сөз болып па? Қыздарым үшін тіпті Айға да баруға әзірмін... Жарайды, әлгі Астанаңа бардым делік. Бірақ, онда ешқандай жора-жолдастарым жоқ қой? Бәрі осында, Нұршуақта. Қалай сиямын онда? Менің жан-дүнием тыныштықты қаламайды. Мен адамдармен араласқым келеді. Сөйлескім келеді. Көпшілік ортада жүргенді қалайды. Кезінде әйелім де: «той десе, жаның қалмайды, ия? Бар айлығыңды тойға шашып ада қылдың. Бармашы енді сол бір пәлекетке. Үйлену тойы болса мейлі, түсінер едім. Ал, басқа тойларға не жорық? Қырыққа келсе той, елуге келсе той. Баласы сөйлесе той. Мұсылман болса той. Мектепке барса той. Мектеп бітірсе той. Университетке түссе той. Қызылы несі, көк диплом алса той. Құдай-ау, бұған тосқауыл бар ма? Қалтамызды қағып бітті ғой» деп жыланушы еді. Мен сонда тойға жұртпен тілдесу үшін, дос-жарандарыммен арқа-жарқа болып отыру үшін барады екенмін ғой. Қой, не де болса, ер туған жерінде... Өлмеспін... Қыздарыма жылтыңдап бара берсем, сонда тұрсам, қадірім қашар құдалар алдында. Алыстан сыйласқан жөн секілді. Қыздарым қонақтап өздері келеді. Ауыл – алтын бесік. Ел іші – өнер кеніші дейді. Мен осында шалқып жүрмеймін бе?».


Тек, таңға жақын ғана көзі жай-жай іліне бастайтын.

Осы жылы Жаңа Жылды жалғыз қарсы алды. Бос дастарханда бір өзі отырды. Тұнжыраңқы. Себебі, бір күн бұрын қыздары бірінен соң бірі телефон соқты:

- Әке, біз келе алмайтын болдық, - деген Бақыт.

- Әке, бізге қонақтар келетін болды. Биыл болмады. Енді келесі міндетті түрде жиендеріңізді ертіп барамын, - деген Лаура.

- Әке, - деп Диана да бірдеңелерді айтқан.

Қыздары жылда Жаңа Жылды өз шаңырақтарында қарсы алады. Осы жылды әкелеріне арнаса қайтеді? Қыздары, жоқ, құдалары неге өзімшіл? Бір жылда 365 күн бар. Ал, Пақыр олардан тек 1-ақ күн сұраған. Жаңа Жылда қыздары жанымда болса деген. Жоқ, жібермейді ғой, құйрық-бауыр жескен құдалары. Жібермейді. Іштері тар. Бір сәт бұны да ойламай ма?..

«Мүмкін, қыздары өздері келгісі келмейтін шығар?»

"Жоқ" деп Пақыр шоршып кетті. "Олар күйбең тірліктен босай алмай жүр. Әйтпесе, келер еді". Бірақ, үш қызы бір дастархан басына әлі жиналмады. Олар төркіндеріне анда-санда келеді. Бірақ, әрқайсысы әр уақытта. Біреуі жазда ат арылтса, біреуі қыста.

Сонда бар ғой, қыздары "келе алмайтын болдық" деп телефон шалғанда, Пақыр еңкілдеп кеп жыласын. Еркек басымен. Талай жылдан бері дәл бұлай жыламап еді. Бұл жолы өз-өзін ұстай алмаған. Бірақ, жылағаны кинодағыдай әдемі шықпады. Ентіге ме, әлде қыстыға жылады ма, өкіре жылады ма, білмейді. Бір білетіні, теңселе далаға шыққан. Сонсоң қора маңында тау болып үйілген қар үстіне құлай кетті. Бет-аузы тоңданып, көзіндегі ыстық жас мұзға айналды.

...Бұл күнде Пақыр алпыстан асқан.

...Телефоны шылдыр ете қалды. Соңғы кездері тек тәтті елеспен ғана өмір сүретін құс ұйқы Пақыр төсегінен атып тұрды. Сағат таңғы тоғыз. Қатира екен телефон соққан. "Комиссия келеді. Кешікпе" деген түрі ғой.

Үй іші ала көлеңке. Пердесі ашық терезеге қарады. Ақ жаңбыр қаңылтыр шатырды сытырлата ұрғылайды. Көптен бері күн райы тұнжыраңқы.

«Қой, бұл не жатыс?» деп орнынан тұрды. Қимылы ауырлапты. Беті-қолына су шашыратып, (бәрібір жан дүниесіндегі кірді жуу мүмкін емес екен) дастархандағы шұжықты апыл-ғұпыл жеп, (жалғыз қалғалы бері ас батпайтын болған) есік алдына шыққанда...

Қаққан қазықтай қатты да қалды. Өзі еккен алма ағашының түбіндегі тапшанда үш қызы отыр.

Сенесіздер ме, үш қызы отыр!

Пақыр өз көзіне өзі сене алмай, таң-тамаша болды. Шын ба, жын ба? Өң бе, әлде түс пе? Адам ба, елес пе? Сонау ит арқасы қияннан қыздары Пақырды іздеп келгені ме? Бұны керек еткені ме? Тәтті әпермесе қиғылық салатын ерке қызды ұзатқалы бері, (сол күннен бері үш жыл өте шығыпты) Бақыт, Лаура, Диана үшеуі бірінші рет бірге. Жайдары отыр. Бір-бірінен мәңгі ажырамайтын үшем секілді.

- Әке, бізге ертегі оқып беріңізші.

Осылай деп тапшаннан ба, әлде көктен бе, үлбіреме ақ қанатты бүлдіршін қыздар үн қатқандай болды...


Абылайхан Сматуллаұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар