22 сәуір күні ІХ Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі аясында Президенттік орталықта жазушы Әлібек Асқаровпен оқырмандар кездесуі өтті.
Кездесу «Фолиант» баспасының жәрмеңкелік аумағында ұйымдастырылып, қаламгер мен оқырмандар арасында «Өр Алтай, мен қайтейін, биігіңді» кітабының мазмұны, идеясы, жазушының жалпы шығармашылық әлемі туралы өзара пікір алмасу өрбіді. Жазушы өз сөзінде: «Менің негізгі мамандығым суретшілік еді. Алматы көркемсурет Шығармашылық әлеміне алғаш басылымдарға арналған суреттер сала жүріп араластым. Сөйте-сөйте ағалардың бағыт беруімен біртіндеп жазуға машықтандым. Алғаш рет «Маралдар маңып барады» атты көлемді очерк жаздым. Біздің елде марал өсіреді ғой. Шығармалар жазуға идея қайдан туады деген сұраққа жауап берсем, бұл идеяны көбінесе әріптес қаламгерлерден аламын. Ақселеу Сейдімбек бастаған ағаларымыз: «Осындай бір тақырып, оқиға бар еді, соны сен жазшы», - деген бағыт беріп, ойларын бөлісетін еді. Содан кейін осы жолда ізденісті бастаймын. Мұндағы басты ұстанымым – не жазсам да, шынайы, шындықты жазу болды.

Орыс жазушысы Виктор Астафьевтің бір сөзі бар: «Егер сен үй салғың келсе, әуелі оның төрт жағына төрт діңгек орнатасың. Көркем проза жазу да солай, яғни жазушының салған үйі сияқты. Төрт діңгектің екеуі тіреу болса, екеуі соған көмекші болады. Төрт діңгектің екеуін ойдан шығарсаң, екеуі шынайы болуы керек. Егер үшеуін, төртеуі бірдей тірексіз болса, үй сапасыз болады. Сол сияқты бәрін ойдан шығарсаң – ол жазғаның ешкім сенбейтін, ешкімді иландырмайтын, өмір шындығынан мүлде алшақ, құр фантастика болып шығады. Сондықтан прозада шынайылық – ең басты нәрсе.» Мен осы ойды ұнаттым. «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» туындым – өзіміздің ауылдың өмірінен алынып жазылды. Ол кезде ауылымызда жүздің үстінде үй бар, ақар-шақарлы елді мекен еді. Қазір жеті-ақ үй қалды. Кітапты жазарда: «Түбі ел көшіп кетеді-ау, осындай жағдай болады-ау» деген қауіпті іштей сезген де сияқтымын. Роман бірнеше рет басылып шықты. Ондағы кейіпкерлер – сол ауылдың өз адамдары. Барған сайын әркім одан өзін көргенін айтып жататын. Бірде ауылға барғанымда кітаптың кейіпкерлерінің бірі, бұрынғы ауылдық кеңес төрағасы болған ағамыз: «Менің аты-жөнімді неге өзгертіп жаздың? Ертең бәріміз де мына өмірден өтеміз. Сонда кітапта атым қалар еді ғой?» - дегені бар. Сол сөзді естігенде, қатты ойланып қалғаным бар. «Көркем әдебиет пен ғылыми әдебиеттің қайсысын қолдар едіңіз?» деген сұраққа жазушы: «Ғылыми әдебиет сана арқылы, көркем әдебиет жүрек арқылы қабылданады. Көркем әдебиет – ғашық етеді, ғылыми әдебиет – жұмысқа орналастырады» деп әзілмен жауап берді.

- Қазіргі қазақ әдебиетінің дамуына көңілім толады. Жастардың аяқ алысы жақсы. Батыс пен шығыстың көркем классикасын оқып өсіп келеді. Оларды шамамша оқып тұрамын. Біз кезінде шетел әдебиетін біршама оқыдық. Бірақ ол заманда батыстың кейбір туындыларын социалистік идеяның қолайына келетін шетелдік туындыларды ғана аударып, тарататын.

Ал қазір ондай шектеу жоқ. Кімді оқимын десең де жол бос. Бұл үлкен мүмкіндік. Әрі біз орысша оқыдық. Қазіргі жастар ағылшын, өзге тілдерді де біледі. Аударманың деңгейін көтеру керек. Министрлік мұны қатты қолға алып жатыр. Жақсы дүниелер шығады ғой деп ойлаймын. Шетелдік туындыларды оқимыз ғой, олардың бәрі де соншалықты керемет деп айтуға келмейді. Біздің жазушылардың олардан әлдеқайда тамаша дүниелері бар. Тек аудару, насихаттау жетпейді, - деп өз ойын бөлісті жазушы.

Ақын, жазушы, драматург, манасшы Баянғали Әлімжанов бастаған қаламдас аға-інілері мен оқырмандары қаламгердің шығармашылығына, адами тұлғасына тоқталып, алда да тың туындылар жаза беруіне тілектестік білдірді.
